- 26 қыр. 2016 00:00
- 290
2017 жылы Астанада ИЫҰ Ғылым және технология саммиті өтеді
2017 жылы Астанада ИЫҰ Ғылым және технология саммиті өтеді. Бұл туралы бүгін Инновация, технология және білім мәселелері жөніндегі Астана парламентаралық форумында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин мәлім етті.
«Біздің еліміз жаңа технологиялар мен инновациялық ғылымды дамыту жолында әрқашанда әлем елдерімен бірігіп жұмыс істеуге дайын. Осы орайда Елбасымыздың Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым және технология бойынша саммитін келесі жылы Астана қаласында өткізу туралы ұсынысының маңыздылығы өте зор. Бұл саммит елдер арасындағы байланысты нығайтып, ғылым және инновацияның дамуына жаңа серпін беретіні, әрине, сөзсіз. Осы жолда Ислам әлемімен экономикалық даму, ғылым мен технологияны күшейту, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру салаларында нақты жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аудару қажет деп есептейміз»,- деді Н.Нығматулин.
Сонымен қатар ол қазіргі уақытта елімізде Президентіміздің «5 институттық реформасын жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспары жүзеге асырылып жатқандығын, аталған жоспарда елдің инновация саясаты экономикалық дамудың, бәсекелестікке қабілетті қоғам құрудың негізгі бағыты болып табылатындығын баса айтты.
«Бұл жолда біздің еліміз индустриалды-инновациялық даму бойынша алғашқы 5 жылдықты табысты орындады. Қазіргі уақытта бұл бағдарламаның 2-ші кезеңі тиімді жүргізілуде. Ал оның барлығын Заң жағынан қамтамасыз етуде ҚР Парламентінің қосып жатқан үлесі зор. Мысалы, «Инновацияларды ынталандыру жұмыстары, индустриалды-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы» Заң, оған ілеспе 15 Заң және басқа да көптеген Заңға тәуелді актілер бекітілген болатын. Сонымен бірге ғылым саласындағы маңызды реформаларды іске асыру жолында да біздің депутаттар «Ғылым туралы» және «Ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңдарды қабылдады», - деді ол.
Мәжіліс спикерінің пайымынша, мұның барлығы отандық ғылыми басқару жүйесін жаңа биіктерге көтеретін болады.
«Бұл бағытта Назарбаев Университеті халықаралық оқу орны мен Инновациялық-технологиялық паркінде заманға сай инновациялық кластерді қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге «Болашақ» халықаралық президенттік стипендиясы да осы салада сапалы мамандарды дайындауға ықпал етеді. Осының барлығы бүгінгі күні экономика, мәдениет, білім және ғылым сияқты көптеген салаларда үлкен нәтижелерге қол жеткізуге зор мүмкіндік беріп келеді», - деді Н.Нығматулин.