Абай өлеңдері
Абай әкесінің жананда болған жылдары өз ауылында болып жатқан қайшылықтарды, әлеуметтік теңсіздіктің зардаптарын, болыс-сұлтандардың халыққа жасап жатқан әділетсіз әрекеттері мен кертартпа әдет-ғұрып заңдарының залалдарын үнемі байқап жүреді. Қолында күші бар топтардың әділетсіздігі, істеген қылықтарындағы мағынасыздықтың, бітпейтін талас-тартыстың, пайдасыз әуре-сараңмен күнөткізушіліктің халық басына түскен үлкен ауыртпалық екенін айқын түсінеді. Осылай Абай халық тағдыры, қоғам өмірі жайында көп толғанып, халық мүддесі, әділдік үшін күресуге бел байлайды. Бұл жолда ол халықты адал еңбек етуге, өнер уйренуге, білім, ғылым жолына түсуге шақыруды мақсат етеді. Ол осының бәрін халықтың жүрегіне ұялатуға жарарлық бірден-бір күшті құрал өлең, сөз, ақындық өнер деп санайды. Өзінің бар ақындық қуатын осы жолда жұмсайды.
Абай өз өлеңдерін шәкірттері арқылы халыққа таратып отырған. Халық оны жаттап алып, таныс-туыстарын айтып халық арасына таратқан.
Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады.Ақынның шығармашылық өнерінің негізгі тірегі, сарқалмас қайнар көзі – халық поэзиясы. Өзінің шығармаларында Абай халық тіршілігінің ең көкейкесті мәселелерін, маңызды әлеуметтік-қоғамдық, моральдық проблемаларын, халықтың тағдырына, әдет-ғұрпына қатысты мәселелерді көтереді.
Абайдың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген өлеңінде қазақ халқын бөлмей-жармай түгел қамтып, тұтас шолып, баршасына бағыштап айтылған сөздердің әлеуметтік салмағы орасан зор.Бұл өлеңде ол өзі өмір сүрген ортаны,тағдырдың талқысына түсіп шырқы бұзылған ел-жұрттың бейнесін аса көркем шеберлікпен суреттейді.
«Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.
Жақсы меннен жаманды айырмадың,
Бірі қан, бірі май боп енді екі мұртың.
Бет бергенде шырайың сондай жақсы,
Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузымен орақ орған өңкей қыртың.» -
деген өлең жолдарынан сол замандағы бай-болыстардың шынайы сиқын көруге болады. Елдің шырқын бұзып, қолындағы күші азайған, шенеуніктергеге бағынышты болыс тікелей қатысты жазылған.
«Мәз болады болысың» өлеңінде де осы мәселе қарастырылады. Өлеңде болыс болған қазақтың мінез-құлқы үшінші жақтан суреттеледі.
«Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға,
Шелтірейіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға.
Одан үміт кім қылар,
Жол табар деп сасқанда?
Үйтіп асқан жолығар,
Кешікпей-ақ тосқанға.» -
деген шумақ қазақ болыстарының орыс шенеуніктері бір мақтау сөз айтқанға мәз болып, сонымен мақтан болуын және осындай болыс сымақтардан үміт жоқ екенін айтады.
Ақын бұл өлеңде болыстың жаман қылықтарын оқырмандарының көз алдына көлденең тартады да, ақын ойлы жанға болыстан да, оның ықпалынан да алыс болуға кеңес береді.
«Миың болса, жолама,
Бос желіғіп шапқанға» -
дей келіп, жамандықтан қашқанның жаман болмайтынына меңзейді.
Сонымен қатар Абай өз өлеңдерінде халықты ақылға, еңбекке, мейірбандыққа, кішіпейілділік пен қанағатшылдыққа,сабырлық пен рахымды болуға шақырады. Мысалы, «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңіндегі:
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, әрқалан.
Сен де – бір кірпіш, дүниеге
Кетігін тап тап, бар қалан!
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға.» -
деген өлең шумақтары әділдік, мейірбандық болмаған жерде ақыл мен қайрат та адамды жақсылыққа жеткізе алмайтынын айтады.
Абайдың тағы бір шығармашылығының айқындалатын жанры – табиғат лирикасы.Ол өзінің шығармаларында жыл маусымдарын өзіне тән ерекше, қайталанбас бояулармен бейнелеп берді. Осы саладағы Абайдың тағы бір ерекшелігі ол – пейзажды адамның тұрмыс-тіршілігімен, әлеуметтік өмірімен, қазақ халқының көшпелі тынысымен тығыз байланыстыра білуі.
Абайдың ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда бүркітші шығады аңға».Осы өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда, Абай өзінің жаңаша қалыптасқан ақындық қырын көрсетеді.Бұндағы көретініміз – қазақ халқы мекен еткен жердің қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға атқа мініп шыққан қазақтың аңшылар тобы,қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Осы өлеңдегі өзгешелікті ең алдымен пейзаждан табуға болады. Көз алдымызға қар басқан елсіз таудың тұрғысы, сағасы, қансонар күнгі анық болмыс күйін елестетеді.
Ақын Абайдың табиғат көріністерін, махаббат сырларын кестелі тілмен айшықтаған әлем поэзиясындағы шоқтығы биік туындысы - «Желсіз түнде жарық ай» өлеңі.Ондағы пәк, таза махаббаттың белгісіндей жарық айдың сәулесі суда дірілдеп тұрған бейнесі, қазақтың даласы, түні, тауы, суы, көшпелі елдің қонған қоныс жайлауы, қазақтың осындай айлы түнде ауыл сыртында шағын армандауы көңілге нәзік лирикалық сезім ұялатқандай болады.
Абай өзінің теңдесіз ақындығымен қатар аса дарынды композитор болды. «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», «Амал жоқ, қайттім білдірмей» сияқты өлеңдеріне шығарған әндері, халық арасында кеңінен таралып, үнемі айтылып келеді.
Аружан Нағашбай