Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 6 сағат бұрын)
Әдебиет тарихының очеркі жөнінде

Қазақ әдебиеті Октябрь революциясына дейін немен келді? Біздің байқауымызша негізінде фольклормен, эпоспен келді ғой. Әдебиет тарихының очеркі осы жайды, советтік, коммунистік идея қозғаушы, бастауыш зор күш болған жайды баса айту керек еді. Үстірт, шашыраңқы айтқан. Аз айтса да жинап, теріп, толықтырып айтпаған. Сондықтан, бұл жерін толықтыру керек.

Екінші. Біздің әдебиетіміз көбіне тартыспен, айтыспен, сынмен өсіп келеді. Бұл жағы да очеркте жалпылама айтылған. Айтыс, тартыстың түрлі кезеңі, тәсіл өзгерістері бар. Соларды жалпы бір сарынмен айтпай, сырын аша, әр кезеңдегі идеологиялық тартыстарға ғылыми қорытынды жасай, мінездеме бере айту керек. Өйткені, кертартпа пікірлердің өзі 1917-1929 жылдардың аралығында бір қалыпта тұрған жоқ. Екі кезеңі болды. Қазақ совет әдебиетінің, жаңа қоғамның мәдени, шаруашылық негіздері толық жасалмай тұрған кезде кертартпа пікірлер тұтасымен, ашықтан ашық қарсы шықты. Бұны мен 1917-1929 жылдардың алғашқы жылдарында болды дедім.

Екінші кезеңде, советтік идея, коммунистік идея еркін жеңген уақытта сол кертартпалар тобы екі жарылып, бір бөлегі бізге қосылды, екінші бөлегі тартыстың тек тәсілін өзгертті де, идеясын өзгертпей кетті Ғ. Тоғжановтың «теориялары» нені айтушы еді? Қазақ елінде пролетариат табы жоқ, үлкен өзгерістер жоқ, сондықтан да пролетариат әдебиетін жасауға болмайды дейтін. Маркстың ғылымына сүйене айтып отырмыз деген болатын. Маркс — Энгельс экономика түптеп келгенде шешуші күш десе де, әр кезде экономиканың, әдебиет, мәдениеттің өзіне ықпал жасайтын факторлар болатынын ескертеді. Кертартпалар мұны мүлде ұмытады. Міне очеркте жаудың бұл сырын аша кету керек.

Орыс әдебиетінің ықпалы жайында. Орыс әдебиеті Абайдан бастап осы күнге дейін қазақ әдебиетіне ықпалын тигізіп келе жатыр. Ендеше, «орыс ықпалы» деген сөздің өзіне таптық, прогрестік көзбен қарамай болмайды. Біз қай бағыттың, кертартпалар қай бағыттың ықпалында болғанын очеркте ашып айту қажет.

Төртінші. Әр кезде әдебиетіміздің сипатында, сырында өзгешеліктер болып отырды. 1917-1929 жылдардың өзін екіге бөліп айту керек. Алғашқы кезде әдебиетіміздің революциялық рухы үстем болды да, көркемдік жағынан көп кемшіліктер болды. Содан кейін мазмұн мен түрдің тең түсуін көздедік. 1929 жылдарда бұл тілекке де жауап берерлік шығармалар өлең, поэмада болсын, прозада болсын туып қалған. 1917-1929 жылдарды сөз қылғанда бұл жайды жіктеп, мінездеме беру жағы жетпей жатыр очеркте. Жалпы айтылған. Анықтап айту керек.

1929-41 жылдардың аралығында әдебиетіміз тақырып, түр, образ жасау жағынан көп алға кетті. Бесжылдықтар әдебиетімізде мықты орын алды. Мылқау табиғатты, ескен техниканы, ғылымды меңгерген адамдардың, жауына рақымсыз, отанына мүлде берілген адамдардың бейнесі көрінді әдебиетімізде. Очерк осыны дәлелдермен жеткізе айтып бере алмаған. Оны айтпай болмайды.

Мұхтар, Сәбит жайында бір-екі ауыз сөз.

Очеркте Мұхтар жайында айтылған сөздер біраз өзгертуді тілейді. Менімше, Мұхтарды үшке бөліп айтқан жөн. Мұхтардың басқа идеяда, басқа лагерьде болған кезін жасыруға болмайды, тарихи шындықты белгілі дәрежеде айту керек. 1932 жылдан бастап Мұхтар совет әдебиетшілерінің тобына қосылды. Содан кейін жазған «Түнгі сарын» пьесасы Мұхтардың одан арғы шығармаларынан бөлек тұр. Революцияны жырлаған және көркемдік жағынан жоғары өрлеген драматургиямыздың бір кезеңі осы «Түнгі сарын». Ал, прозада бірнеше әңгімелері бар: «Шатқалаң», «Жәмила», «Аңшы» тағы басқалар. Бұлары жаман әңгімелер ме? Кемшіліктері бар шығар, ондай кемшіліктер қайсымызда жоқ, Сәбитте де, Қажымда да, бәрімізде де болды. Сондықтан, 1932 жыл мен 1941 жылдың аралығындағы Мұхтарға бұрынғы көзбен қарамай, орынсыз іле бермей, әділ баға беру керек. Жаманын жасырма, жақсылығын асырма.

Мұхтар жайында үшінші рет айтылатын сөз «Абай» романы маңында болу керек. «Абай» Мұхтардың бойын толық көрсетті. Партия, үкімет, бүкіл совет жұртшылығы алдында жоғары баға алып отырған шығарма. Очерк бұл жөнінде жетімсіз айтқан. Жеткізе айту керек.

Сәбит жайында. Қазақ совет әдебиеті тарихын айтқанда, Сәбитті айтпасқа амал жоқ. Бірақ, Сәбит қалай айтылған. Сәбит әрбір жанрда кездеседі. Очерктің өн бойында аталып отырады. Менімше, бұлай атау жетімсіз. Оның үлкен поэма жасауда, үлкен роман жасауда, қазақ совет поэзиясында жаңа түр енгізуде сіңірген еңбегі орасан үлкен. Әдебиетіміздің белгілі дәуірін, белгілі жанрлардың дамуын сөз қылғанда, Сәбиттің бұл қасиетін жинақтап, дәлелдеп айтқан орынды. Очеркте жалпы айтылған.

Сын жайында айтылған сөздер мені қанағаттандырмайды. Сын төмен, рецензия көлемінде дейді. Бұл сөзді ести-ести жалықтық. Төмен, рецензия көлемінде болса да, сындарда сын бар, бағыт бар. Есмағамбет пен Бейсембайдың сындарының сол сырын, бағытын көрсете айту керек қой деймін. Жуырда, Москвада болып өткен Жазушылар одағының пленумында Фадеев жолдастық қайсыбір сыншылар туралы айтқаны біздегі қайсыбір сыншыларға да дәл келеді. Шығарманың мемлекеттік, қоғамдық тілекке сай, басты қасиеттерін көрмей, ұсақ кемшіліктерін көргіш, немесе басты кемшіліктерін көрмей, некен-саяқ жылтырауық сөздерін көріп дәріптегіш сыншылар бізде де болған, әлі де сарқыншағы бар. Олар, тілесін, тілемесін, буржуазиялық эстеттер жолында екенін батыл айтуымыз керек. Очерк сындардың сынын ашып айта алмаған. Сол бейшара сындардың ішін ақтарсаңыз —алдымен патриоттық сезімі, туа қалған әдеби жаңалыққа қуанышы жетпей жатады. Бұндай сындарды көрмеуге, елемеуге болмайды.

Ғали, Сапарғали, Қасым, Әбулер жайында бірер сөз. Очерктің бірінші бөлімінде Ғалидің аты да аталмайды. Екінші бөлімде Ғали ақындардың тізіміне жалпы кіреді де, жеке айтылмайды. Әрбір ақын бар да, оның әр түрлі мәнері бар емес пе? Ғали шашы ағарғанша жекеше айтарлық ештеңе жазбағаны ма? Менімше, айтарлығы бар. Неге айтылмағаны түсініксіз.

Сапарғали жас ақын депті. Қалижан, Қасымдардың қатарында тұр. Сапарғалидің бірінші өлеңі 1913 жылы шыққан деседі. Жасы елуден асты. Енді қай жері жас?

Очерктің үшінші бөлімінде Мәлік, Әбу деп тұрып алады екен. Бұл тым артық айтылған. Қасым жөнінде жөнді айтылмаған. Дұрыс емес. «Введение» деген бүкіл кітаптың жиынтығы тәрізді. Оның ішінде барлық жазушыны бас-басына талдау мүмкін емес. Сонымен қатар, аталған жазушыны аз сөзбен бағасын жеткізе айтпасқа тағы болмайды.

Әдебиетке мінездеме бергенде, әдебиетіміздің, өсуін айқын дәлелдейтін үш факті ұмтылмасын: әдебиетіміз алғашқы кезде ұлт көлемінде, одан кейін бүкіл одақ көлемінде, қазір бүкіл дүние жүзі көлемінде коммунизм идеясын, Ұлы Отанымыздың ұлы істерін жырлап отыр.

Қорыта келгенде, очерктің желісі дұрыс тартылған, негізінде біткен еңбек. Тек, артық жерін мінеп, кем жерін толықтыру керек. Жалпы көлемі осы қалпынан азаймаса, көбеймесін.

1955


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама