Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ағыбай шал

Өткен заманда бір мерген болыпты. Ол мергенді «Қарамерген» деп атайды екен. Қарамерген аң аулап, көп жүріп, ақырында жайылып жүрген екі маралға кездесіпті. Қарамерген мылтығын алып, маралдарды атқалы көздепті. Сол кезде маралдар: «Атпа бізді!» – депті. Қарамерген маралдың адамша сөйлеп, «атпа» дегеніне таңырқап тұрып: «Неге?» – деп сұрады. Маралдар: «Неге екенін Ағыбай шалдан сұра», – деп жауап қайырыпты. Қарамерген атуды қойып, Ағыбай шалды іздейді. Неше күн, неше түн жүріп, арып-талып, ақырында Ағыбай шалдың ауылын табады. Ағыбай шалдың үйіне келсе, жағын жібекпен таңған бір кәрі шал отыр екен. Ағыбаймен көрісіп амандасады. Ағыбай шал бұл жігіттің алыс жерден келгенін қалпынан сезіп, бәйбішесіне қымыз құйдырып алып, қонағын қымызбен сыйлады. Артынан шай келеді. Шайдан кейін семіз тоқтының еті пісіп келеді. Ет жерде, бар аяқ-табақта үш адам болады. Оның бірі - Қарамерген, екіншісі - Ағыбай шал, үй иесі, үшіншісі - Ағыбайдың қонақ күтетін жігіті еді.

         Ет жегеннен кейін, ел жататын уақыт болады. Ағыбай шал да қонағын жатқызады. Ертеңіне таң атады. Ағыбай шал бұрынғы қалпымен қонағын күтіп, шайын береді. Шай артынан қымызын беріп, түс мезгілінде қонағын аттандырмақшы болып:

         — Е, балам, алыс жерден келеді екенсің, сөйле! – деді.

         — Мен қашаннан аң аулап, кәсіп еткен мерген едім. Бір күні аң аулауға шықтым. Екі маралды көріп, атпақшы болдым. Оғымды енді кезеп, атпақ болғанымда, маралдар адамша сөйлеп, «атпа мені» деді. «Неге?» дегенімде, «оның мәнісін Ағыбай шалдан сұра» деді. Міне, сол жұмыс арқылы сізге келдім, – деп, Қарамерген сөзін аяқтады.

         Ағыбай шал әрі ойлап, бері ойлап, еш нәрсені таба алмай, «оны мен білмеймін» деп, жауап қайырыпты. Бұл жігіт келген жұмысы орындалмаған соң, Ағыбай шалдан рұқсат алып, өз жөніне жүріп кетеді. Ағыбай шал көп ойлаумен үйде қалып, ақырында, мынандай өз басынан өткен бір ертегі ойына түсіп, артынан бір жігітін шаптырып, Қарамергенді шақыртып алады. Қарамерген келгеннен кейін, Ағыбай шал «жас кезімде мынандай өз басымнан уақиға өтіп еді, маралдың айтып жүргені де сол шығар» деп, өз ертегісін бастады.

         — Мен өзім бай баласы болдым, сол ата дәулетінің арқасында атқа мініп, қыз таңдадым. Бір байдың сегіз жасар сұлу қызын көріп, оған ғашық болдым. Бұл жұмысты елге келгеннен кейін, жеңгелерім арқылы әкеме сездірдім. Әкем маған ол байдың қызын қырық жеті беріп айттырды. Тап сол кезде мен он төрт жаста едім. Арада сегіз жыл өтті. Мен жиырма екі жасқа келдім, қалыңдығым он алты жасқа шықты. Бір күні ауыл абыр-сабыр болды. Бір жаққа жүруге ауыл жігіттері ат жаратты. Ол жігіттерге еріп, мен де Бозойнақ деген атымды жараттым. Жұрт ат тауып, түйеге қос артып, жүйрік аттарын жетелеп, бір жаққа жол тартты. Оларға мен де ердім. Былай шыққасын, бұл жұмыстың мән-жайын бір жігіттен сұрадым. Ол маған жол мәнісін түсіндірді. Бақсам, біздің елден он күндік жерде бір ел бар екен. Ол елдің бір байы әкесіне ас бермек үшін, біздің елге бір ай бұрын хабар берген екен. Мен алаңғасарлық арқасында оны білмеппін, құр дақпыртпен жүре беріппін.

         Бірнеше күн жол жүріп, байдың аулына жеттім. Бізге лайықтап қойған үйіне түсіп, сол күні қонақтың құрмет-сыйын көріп, жатып тынықтық. Ертеңіне ас болды, одан кейін жұрт бәйге шартын шығарды. Мен де Бозойнақты қостым. Бозойнаққа өзім шаптым. Бәйгеден озып келіп, бас бәйгені мен алдым. Бас бәйгеге тіккені бір нар, бір ат, бір шапан екен. Оларды алумен менің жұмысым болмады. Жанымдағы жолдастарым пайдаланды. Мен бәйгеден атымның алдымен келген атағын ғана алдым. Жұрт тарады. Менің көңілім жұрттың қамында емес, бір басқа. Алдында ас берген ауылға келе жатып, жолда баяғы өз қайнымның ауылын көргем. Менің жолдастарым қайтарда, ол елдің үстімен жүрмей, басқа жолмен кетті. Мен жолдастарымнан бір түнде жасырынып бөлініп, қайнымның ауылына қарай тарттым. Үш күн жол жүріп, төртінші күн көп қойға кездестім. Қойшыдан бұл қойлардың кімдікі екенін сұрадым. Қойлар менің қойым, атамның қойы болып шықты. Сол жерде ауыл жағдайын сұрадым. Атамның үйінің түсін сұрап алдым. Қалыңдығымның қайда жататынын сұрадым. Қойшы бөлек отауда бір өзі жататынын айтты. Елдің әлі бір күндік екенін айтты. Таңертең қойшыдан шығып, күн бата, елге азар жеттім. Ауылдың қарасын көріп, аттан түсіп, атамның үйін шамалап және қалыңдығым жататын үйін де шамалап алдым. Менімен ешкімнің хабары да жоқ. Түн ортасы болды. Атты сол жерге қаңтарып тастап, өзім жұрт ұйықтаған кезде, ауылға келдім. Азырақ таңданып тұрдым да ақырын басып, қалындығым жатқан отауға кірдім. Қалыңдығымның сұлулығы сонша, қараңғы үйді жарық қылып жатыр екен. Жанына жақындап барып оята бергенімде, үйдің іші шар-шұр етті. Өзім есімнен танып қалдым. Бір кезде қара қасқа үлкен төбет болып шыға келдім. Үйден шығып жүре бердім. Бұл ауылда айналақтап, үш күн жүрдім. Әбден қарным ашып, ұрлық қылуға кірістім. Байдың ас үйіне кіріп, қазандағы сүтін іше бастадым. Осы кезде сырттан жігіттері сезіп, мені қамап ұрды. Сөйтіп жүргенде, бір жігіттің қолына құйрығым түсіп, ол құйрықты жаным қысылғаннан, үзіп құтылдым. Құйрығым сол ұстаған жігіттің қолында қалды. Далаға босанып шыққаннан кейін, бетім ауған жаққа қарай жүгіре бердім. Бірнеше күннен кейін жапан далада көп керуенге жолықтым. Керуен басы мені шақыртып алып, тамақ бергізді. Әбден тамақ ішіп болғаннан кейін, жатып ұйықтадым. Түнде жұрт жатқаннан кейін, күзетшімен қосылып, керуеннің мүлкін күзеттім. Бұл мінезім керуен басына ұнады. Сондықтан мені жақсы көріп жүрді. Бірнеше күн өткесін керуен ауылына жетті. Мені ауылға келгесін керуен басы тағы тамақтандырып тойдырды. Керуен басының үй ішінің адамдарымен бір күнде танысып шықтым. Кешке таман мен қой шетіне барып, қой күзеттім. Бұл кезде қасқырдың да қатты кезі еді. Сондықтан қойға тиген төрт қасқырды өлтіріп, бір шетке үйіп қойдым. Ерте тұрған керуен басы мұны көріп, менен келген іс екенін анық білді. Менің қадірім бұрынғыдан да артты. Осылайша арада екі жыл өтті. Басқа бір елге ұзатқан керуен басының қызы бар екен. Ол жынданып, дүниеде бақсы, молда қоймай жидырғанмен, оның ауруын жаза алмапты. Ақырында байға бір адам келіп айтыпты: «Құдаңда бір қадірлі ит бар, сол ит бұл ауруды жазар», – депті. Сондықтан маған пар ат келді. Керуен басына болған уақиғаны айтқаннан кейін, менің мойныма жіп байлап, керуен басы өзі ат жегіп, мені жетелеп алып жүрді. Мені барысымен, жынды жатқан үйдің есік босағасына байлады. Біраздан соң жынды әйел аспанға қарап, шыңғыра бастады. Мен де аспанға қарасам, бір қарақұс қалықтап, шаңырақтан түсіп келеді екен. Тұра ұмтылдым. Сол кезде бір жігіт менің жібімді шешіп қоя берді. Қарақұсқа тұра бас салып, оны талай бастадым, ол да маған қарсылық білдіріп, менімен алысты. « Ит жынданды» деген үйдегілерден дауыс естіліп жатты. Көп уақыттан соң қарақұсты алып ұрып, бауырыма басып жаттым. Сол кезде қарақұс маған жалынды. «Менің де саған үлкен керек жерім болар, сондықтан мені босат», – деді. Мен оны босаттым. Ол мында айналмай, өз бетімен ұшып кетті.

         Байдың келіні тәуір болып, тұрып кетті. Енді атымды «бақсы ит» деп атады. Екі күн жатқан соң, ат беріп, шапан жауып бір-ақ қайтарды. Менің ием мені арбаға мінгізіп алды. Ауылға келдік. Күндегі әдетпен қой шетіне жаттым. Көп ойлар түсіп, туған елім көз алдыма елестеді. «Енді бүйтіп жүрмейін, не де болса, қалыңдығыма тағы барып көрейін, ол маған мүмкін жібір. Ит қылған сол еді ғой, мені әлі де адам қатарына түсірер» деген ниетпен мен орнымнан тұрып, қалыңдығым аулына келіп жеттім.

         Қалыңдығым жатқан үйге келсем, қараңғы үйді жарық қылып, ұйықтап жатыр екен. Жанына жетіп барғанымда, қалыңдығым оянып кетті. Үйдің іші шар-шұр етті. Бұрынғы қалпымнан айырылып, бозторғай болып шықтым.

         Бұрынғыдан да күнім қараң болды. Енді мені құстың ең жаманы жапалақ та жеп қоюға әлі келеді деп, жылап келе жаттым.

         Бір мезгілде бір үлкен шаһардың үстінен шықтым. Көшенің ортасында төгіліп жатқан тарыға кездестім. Қарным ашып қалған мен сорлы тарыны теріп жей бастадым. Көп ұзамай аяғымнан қыл тұзаққа ілініп, талпынып біраз тұрдым. Бір мезгілде бір топ бала келіп мені ұстап, аяғыма ұзын жіп байлап, «торғай-торғай» деп, әуеге ұшырып, аяғымдағы жіптен тартып жүр еді. Ол тары сол балалардың құсқа құрған тұзағының тарысы екен. Бұл балаларға бір шеттен бір кемпір кездесті, мені көріп, ол кемпір балалардан:

         — «Торғайыңды маған сат», – деп сұрады.

         Кемпірге балалар мені бес тиынға сатты. Кемпір мені үйіне апарып, алдыма жем, су қойып, аяғымнан арқандап қойды. Күнде мені күндіз бір ұстап: «А, торғайым, жеттің бе?», – дейді. Мен одан жаман қорқып, жемімді жемеуге тырыссам да қарным ашқасын жей бастаймын. Ақырында бір күні кемпір маған келіп: «Е, торғайым, жеткен екенсің», – деді. «Бұл сойып жейді екен» деп, мен жаман қорықтым. Бірақ кемпір олай ойламады, маған ақылын айтты. «Шырағым, сен құс емес, адамсың. Сенің ит болып жүргеніңде, мен қарақұс болып кездестім. Менің жанымды қиып, сен мені ажалдан босаттың, сондықтан мен де саған жақсылық істейін», – деді.

         — Осыдан ұшып қалыңдыққа бар. Жұрт жатқан кезде, ақырын, пырылдамай үйіне кір. Бұрымында алтын сақина бар, ол сақинаны сиқыр қылып мен бергем, оны шешіп ал. Сол кезде баяғы адам қалпыңа түсесің, – деді. «Есіңді жиып, адам қалпыңа түскеннен кейін ел-жұртыңды көрерсің», – деді. «Бірақ мені ұмытпа! Бір жыл өткесін қайтып орал, осы жерден бір күндік жерде менің түпкілікті мекен үйім бар. Сол үйде бойжеткен сұлу қызым бар. Соны саған қалыңсыз берем, маған мал қажет емес. Дүниені тағы берем», – деді. «Баяғыдан мен сені аңдып жүр едім, қызға сиқырмен сақина беру, келіншекті жындандыру – бәрі сені қолға түсірудің амалы еді», – деді.

         Бұл сөзді кемпірден естігеннен кейін, қалыңдығым аулына ұштым. Барсам, ауыл тегіс жатқан екен. Ақырын ғана қалыңдығым жатқан үйге мен де кірдім, ақырын тісіммен балдақты бұрымынан шешіп алдым, үйдің іші тарс-тұрс, шар-шұр етті. Қалыңдығым шошқа болып кетті. Үйден шыға сала, бір жүген тауып алып, жүгіріп жылқыға бардым. Көп айналмадым, бір семіз құр атты ұстап міндім де Темірқазық жұлдызын маңдай алдыма қойып, терістіктің қараңғысына шомбыдым. Жайдақ атпен бірнеше күн жол жүріп, ақырында бір обаның басына шықтым. Алдыңғы жағымда тағы бұдан да биік оба көрінді. Ол обаға тағы бет қойдым. Көп ұзамай маған қаздардың дауысы естілді. Енді елдің жақын екенін білдім. Үлкен обаның да төбесіне шықтым. Ар жағында жайылған көп қойды көрдім. Ақырын аяңдап қойшыға келдім. Қойдың кімдікі екенін сұрадым. Ауылдың алыс-жақындығын сұрадым. Қой менің әкемнің қойы болып шықты. Ауыл да алыс емес екен. Қойшыға мен өзімді таныттым. Қойшы менің әке-шешемнен шүйінші сұрамақ болып, мені қой басында қалғанымды сұрады да өзі елге кетуді талап етті. Мен бұл сөзіне қарсы болғаным жоқ, рұқсат еттім. Қойшы шапқылап, шүйінші сұрап ауылға барыпты. Жұрттың қайсыбір білгірсінгені «үш жыл болған Ағыбай келуші ме еді» деп сөгіпті. Қойшы өршеленіп: «Мен жаңа көріп келдім, Ағыбай менің қойымның қасында қалды», – деп, жұртқа бой бермей шүйіншісін сұрай беріпті. Ақырында «сөзін байқайық, мүмкін рас шығар, бұрын өтірік айтпайтын еді» деп, менің әкем мен шешем көп жұртты соңына ертіп қойдың қасына келді. Қой жанында жүрген мені әкем алыстан танып, тұра ұмтылып келіп құшақтап сүйді. Оның артынан шешем келіп амандасты. Ел-жұртқа тегіс амандасқан соң, мені ауылға алып жүрді.

         Әке-шешем үш жыл сұрау салып таба алмаған соң, менен күдер үзіп, маған ас беріп жатыр екен. Ол асы тойға айналды. Той өтті. Ел-жұрт, туысқандар менен қайда жүргенімнің мән-жайын сұрады. Жасырмай бастан өткен уақиғаның бәрін айттым. Ақырында кемпірдің қызын алам дегенді де айттым. Кемпірмен уәделі уақыт болған кезде, той істеп, маған бірнеше жігіт қосып, мені қайныма жіберді. Біз де кемпірдің өзін көрген шаһарына жеттік. Кемпір де алдымнан тосып жүр екен. Бізді құрметтеп қарсы алып, ол шаһарға түсірмей, өзінің мекеніне апарды. Қалыңдығымды көрдім. Асқан сұлу екен. Үш күн жатқаннан кейін, мені қайным жүргізбекші болды.       Алпыс нарға кілем жауып, алтын-күмістен жиһаз тиеп, қалыңдығымды қоршаулы бір нарға мінгізіп жөнелтті. Міне, жасымда осындай оқиға көріп, мынау бәйбішемді солай алдым. Қазір де жасым тоқсанға келді. Сол сиқыр балдақты былтыр көшкен жұртымда жоғалттым. Мүмкін маралдардың қолына түскен шығар. Саған айтқаны да сол болар, – деп қарт сөзін аяқтады деді.

         Сонымен осындай уақиға есітіп ауылға қайттым деп, Қарамерген де сөзін аяқтады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама