Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Әлеуметтік және мемлекеттік басқару ұғымы

Әлеуметтік басқару — жалпы басқару типтерінің бір түрі, оны зерттеумен кибернетика айналысады. Басқару — біріншіден, күрделі жүйеге мақсатты бағытталған әсерлі әрекет ету, екіншіден, әр түрлі табиғи жүйелердің (биологиялық, технологиялық, әлеуметтік) бүтіндігін қамтамасыз ететін ұйымдастырылған функциясы, яғни алдарында тұрған мақсаттарға қол жеткізу, олардың құрылымын сақтау, олардың қызметінің қолайлы режимін ұстап тұру.

Қоғам өз алдына күрделі құрылымды және түрлі жеке өзгерістерді қамтитын бүтін организм. Әлеуметтік процестердің жалпы байланысы мен бірлігінің қажеттілігі осында. Ол қоғамның бір қалыпты қызмет етуі мен жетілуінің бірден-бір бастапқы жағдайы болып саналады.

Әлеуметтік басқару қоғамдың өмірдің белгісі ретінде жалпы белгілермен, басқару ғылымының категориясы ретінде, сонымен бірге қоғамдық өмірдің ұйымдастыру ерекшеліктерімен де кескінделінеді. Айрықша мағынасы жағынан мыналар саналады:

Біріншіден — әлеуметтік басқару тек адамдардың бірлескен қызметі бар жерде ғана болады, өзімен-өзі мұндай қызмет (өндірістік басқа да) әлі де олардың қатысушыларының алдарында тұрған жалпы міндеттерін үзіліссіз және тиімді орындауда жалпы мақсатқа жетуін қамтамасыз ете алмайды. Басқару адамдардың бір ұйымда бірлесіп қызмет істеулерін ұйымдастырады және оларды ұйымдастырылған ретте бекітеді.

Екіншіден — әлеуметтік тәртіпке әсер етеді. Онымен бірлескен қызметке қатынасушылардың жеке әрекеттерінің келісімділігі қамтамасыз етіледі. Осы қызметті реттеуіне қажетті жалпы функциялар орындалады (мысалы, жоспарлау, үйлесімдік, бақылау).

Үшіншіден — әлеуметтік басқарудың әсер етуінің басты нысаны болып, бірлескен қызметке қатысушылардың мінез-құлқы және олардың қарым-қатынасы саналады. Бұл саналы еріктік сипаттағы категория, онда адамдардың мінез-құлқын басқару жүзеге асырылады.

Төртіншіден — әлеуметтік басқару адамдардың мінез-құлқын реттеуші рөлінде алдыменен субъект және нысанның арасында әлеуметтік басқару функцияларын тәжірибелік түрде жүзеге асырумен байланысты болады.

Бесіншіден — әлеуметтік басқару басқарушылық қатынасына қатысушы адамдардың бір-біріне бағынушылық еркінде болуына байланысты, өйткені олардың бір-бірімен қатынасы ерікті. Басқарушының құқығы басқарылатындардың құқығына қарағанда басым болып келеді.

Осыдан әлеуметтік басқарудың биліктілігін анық көруге болады, өйткені басқару субъектісі «басқарушылық ерікті» қалыптастырады және оны жүзеге асырады, ал нысан оған бағынышты болады. Осы арқылы әлеуметтік басқарудың биліктік-еріктік жағы анықталады. Сонымен, билік басқару еркін басқарылатындардың еркіне бағыттайтын ерекше құрал. Осы арқылы адамдардың мінез-құлқын ерікті реттеу жүргізіледі, ол қоғамдық өмірді, мемлекеттік ұйымдастыру жағдайында әлеуметтік қатынастарға мемлекеттік билік арқылы араласуды қамтамасыз ету қажет.

Алтыншыдан — әлеуметтік басқаруды, оның басқару субъектісі жүзеге асырудың ерекше механизмін қажет етеді. Олардың рөлінде адамдар тобы болады, олар ұйымдасқан түрде тағайындалған басқару органдары (мемлекеттік және қоғамдық) немесе осыған өкілеттелген лауазымды тұлғалар ретінде болады.

Сөйтіп, әлеуметтік басқарудың негізгі мазмұны адамдардың ұжымдың қызметіне мақсатты бағытталған, ұйымдастырушылық әсер ету және жалпы міндеттерді шешу процесінде бірлескен шешімнің әрекеттерін келістіру болып саналады.

«Мемлекеттік басқару» ұғымының анықтамасын, әр түрлі көзқарастармен белгілеуге болады. Кейде басқару сот төрелігі не заң шығарушылың болып саналмайтын мемлекеттік қызмет ретінде анықталады. Өйткені, басқару мемлекеттік немесе басқа да мемлекеттік билік субъектілерінің сот төрелігі мен заңшығарушылық шегінен тысқары жүзеге асырылатын қызмет түрі ретінде анықталынады.

Міне, жоғарыда аталған негізде мемлекеттік аппарат құруды мемлекеттік биліктің еркін білдіретін органдар жиынтығының осыған байланысты, осы аппарат шеңберінде мемлекеттік міндет пен функцияларын жүзеге асыруға байланысты, мемлекеттік билікті басқару органдарын және сот органдарын бөлудің конституциялың түрде шеңберін көрсетіп отыр.

Сонымен, мемлекеттік билік органдары мемлекеттік және қоғамдық өмірдің айрықша маңызды сұрақтарын заңдар (заңдар жасау) түрінде шешеді. Мемлекеттік басқару органдары негізінде заңының жүзеге асырылуын (оларды орындалуын) атқарады.

Мемлекеттік басқарудың атқарушы — әкімдік сипаттағы қызметінің негізгі бағыты болып орындау саналады, яғни, заңдар және басқа да нормативтік құқықтық актілерді жүзеге асыру. Бұл мақсатқа олар қажетті заңды — биліктік өклеттіктерді қолдану арқылы жетеді.

Мемлекеттік басқарудың күнделікті және нақты шаруашылық, әлеуметтік-мәдени және әкімшілік-саяси аумақтарға басшылық жасау процесінде жүзеге асырылатын қызметі атқарушы болып саналады.

Саяси, әлеуметтік-мәдени, мемлекеттік және экономикалық қызметі биліктік басқарудың арнаулы нақты оперативтік-басқарушы субъектілері болуын қажет етеді. Мемлекеттік басқару субъектілері ретінде мынандай мемлекет органдар: заң шығарушы, атқарушы, сот органдары саналады.

Мемлекеттік билікті (басқаруды), сонымен бірге біркелкі жүйенің табиғи құрамдас бөлігін құра отырып, жергілікті мемлекеттік басқару органдары мәслихаттар мен әкімдіктер де жүзеге асырады.

Мемлекеттік аппарат осындай негіздегі мағынада құрылады, осыған сәйкес аппарат шеңберінде мемлекеттік міндеттер мен функцияларда жүзеге асырумен байланысты, еңбекті бөлу қажеттілігіне байланысты ҚР 1995 жылғы Конституциясында «мемлекеттік басқару» термин қолданылмайды. Оның орнына жаңа термин «атқарушы билік» енгізілді. Оның енгізілу себебі биліктің конституциялық түрде бөлінуінде. Сонымен, ҚР Конституциясының 3-бабына байланысты Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот билігі болып бөлінеді.

Осы тұрғыдан әлеуметтік басқарудың мемлекеттік және қоғамдық басқару тетіктеріне бөлінуін көруге болады. Әкімшілік құқық теориясы жоғарыда аталған ережелерді ескеріп, мемлекеттік басқарудың екі анықтамасын өңдеп шығарды.

1. Мемлекеттік басқару кең мағынада — бұл мемлекеттің (өкілді билік органдарының, мемлекеттік биліктің атқарушы органдарының, прокуратураның, соттың және т.б) реттеушілік қызметі. Мемлекеттік басқару кең мағынада, қоғамдық қатынастарға құқықтың арнаулы субъектілері жағынан ұйымдастырылған әсер етудегі мемлекеттің барлық қызметін сипаттайды. Мемлекеттік басқарудың функцияларын (кадрларды іріктеу, орналастыру, аттестациялау, есепке алу және бақылау, мәжбүрлеу және мадақтау, тәртіптік әсер ету шараларын қолдану, болжамдау, қаржыландыру және т.б.), мемлекеттің көптеген органдары: сот, прокуратура, биліктің өкілді органдары іске асырады.

2. Мемлекеттік басқару тар мағынада — бұл әкімшілік қызмет, яғни ҚР мемлекеттік билігінің атқарушы органдарының қызметі. Әкімшілік құқықта мемлекеттік басқару ұғымы тар мағынада қаралады.

Мемлекеттік басқару тар мағынада — бұл ҚР Үкіметінің, министрліктерінің, комитеттерінің, агенттіктерінің және әр түрлі деңгейдегі жергілікті мемлекеттік басқару (әкімдік) органдарының тәжірибелік қызметі. Осы органдар басқарушылық қызметті жүзеге асыруға арнайы құрылған және мемлекеттік басқарудың негізгі субъектілері болып саналады.

Мемлекеттік басқару мемлекет қызметінің ұйымдастырушысы болып саналады және ондағы барлық саяси, экономикалық, әлеуметтік процестерді қамтиды. Оның құрамында мемлекеттік басқарушылық қызмет, мемлекеттік басқару облысы, мемлекеттік басқару саласы және мемлекеттік басқару (атқарушы билік) органы бар.

1. Мемлекеттік басқарушылық қызмет — бұл атқарушы билік субъектілерінің және де мемлекеттік басқарудың басқа да звеноларымен (мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалардың) мемлекеттік басқарудың функцияларын жүзеге асыру.

2. Мемлекеттік басқару облысы — бұл негізгі тағайындалу бірлігі негізінде топтастырылған мемлекеттік басқару саласы (мысалы, шаруашылықты басқару, әлеуметтік-мәдени, әкімшілік-саяси қызметті басқару).

3. Мемлекеттік басқару саласы — бұл мемлекеттік басқару нысандарының және олардың нақты тағайындалуына байланысты әр түрлі звенолар мен қатынастардың жүйесі (мысалы, өнеркәсіпті басқару, денсаулықты, ішкі істерді басқару және т.б.).

4. Мемлекеттік басқару аясы — бұл арнайы сипаттағы салааралық функцияларды жүзеге асырумен байланысты ұйымдастырушылық қатынастар кешені (мысалы, бюджеттік жоспарлау, салық және т.б.). Бұл аяларда мемлекеттік басқару органдары заң масштабы мен шеңберінде белгіленген бақылау — қадағалау құзыретін жүзеге асырады.

5. Мемлекеттік басқару (атқарушы билік) органы — бұл заңдар мен нормативтік актілердің негізінде мемлекеттік басқару функцияларын нақты іске асыратын атқарушы билік субъектісі, ол белгіленген құзыретке, белгіленген құрылымына және басқарушы қызметшілеріне ие.

Мемлекеттік басқару — бұл қоғамдағы қоғамдық үдерістерді нақты ұйымдастыруға бағытталған атқарушы қызмет. Басқарудың атқарушы қызметі деп аталатын себебі, олар заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің орындалуына және жүзеге асырылуына бағытталған. Басқаруды жүзеге асыру процесінде, оның субъектілері орындауға міндетті және мемлекеттік мәжбүрлеу шараларымен қорғалған бір жақты биліктік актілерді қабылдау арқылы құқығын жүзеге асырады. Осыған байланысты аталған қызмет атқарушы-әкімдік деп аталады.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама