Әлихан Бөкейхан
«Алаш» партиясының басшылары, 1917, солдан оңға қарай: Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы
Жұрт пайдасына таза жолмен тура бастайтын ер табылса - қазақ халқы соңынан ерер еді.
Әлихан Бөкейханов
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 5 наурыз 1866 жылы Қарқаралы уезді, Семей облысы, Дала Өлкесінде дүниеге келді. 27 қыркүйек 1937 жылы Мәскеуде атып өлтірілді.
XIX ғ. соңы мен XX ғ. басындағы қазақ зиялыларының, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатарындағы аса ерекше тұлға. Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы.
1879-1886 ж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 ж. Омбыдағы техникалық училищеде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша бітіріп шықты.
1890-1894 ж. Санкт Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқыды. 1896 – 1903 ж. Щербина экспедициясы жұмысына қатысты. Әлихан Бөкейхан экспедиция жұмысына қатысу барысында қазақ даласына байланысты Ресей империясының көздеген мақсатын бұрын өзі байқай бермеген жаңа қырынан көрді және орталық биліктің таяу жылдары ірі шараларды іске асыруға даярлық жасап жатқанын байқайды. Ол қазақ даласын отарлау саясатына білек сыбана кіріскен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін әуелі бүкіл қазақ жұртының басын біріктіруді, сонымен бірге орыс қоғамының ішінде ресми билікке қарсы тұрған саяси күрестерге сүйенуді алға тартты.
Әлихан 1905 жылы қарашада Мәскеуде өткен Земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сөзінде ол қазақ халқының тіл, сайлау, дін, т.б. бостандықтары мәселесін көтерді. XX-ғ. басындағы қазақ қоғамының саяси және рухани өмірін де «Қазақ» газетін ұйымдастыруда және оның жалпы ұлттық деңгейге көтерілуіне Бөкейханов зор еңбек сіңірді.
1914 жылы маусымда мемлекеттік думадағы мұсылман Фракциясының ұйымдастырылуымен шақырылған бүкіл Ресейлік мұсылман съезіне қатысты, мұсылман фракциясы бюросының тұрақты мүшесі болды.
Бірінші дүние жүзілік соғыс жылдары майданның қара жұмысына алынған қазақ, қырғыз, өзбек, т.б ел азаматтарына қажетті түрлі көмек көрсету ісіне басшылық жасады.
Ә. Бөкейхан мен А. Байтұрсынұлы бастаған бір топ қайраткерлердің ұсынысымен ұйымдастыру бойынша 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында қазақ мемлекеттігі туралы мәселе қараған жалпықазақ съезі болып өтті. Съездің күн тәртібінде тұрған ең негізгі мәселе - кеңестік билікке қатынас жөнінде баяндаманы Бөкейханов жасады. Съезд қазақ болыстарын бүліншіліктен сақтау мақсатында уақытша «Ұлт Кеңесін» құрып, оның аты «Алаш орда» болсын деген шешім қабылдады. 25 орыннан тұрған бұл үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Бөкейханов сайланды.
Ә. Бөкейханның қуғын-сүргін кезеңінен 2 жыл алдындағы мен ату жазасының күніндегісі.
Азамат соғысы басталып кеткеннен кейінгі кезеңде Бөкейханов бастаған Алашорда өкіметі кеңес билігіне қарсы күресіп, ақ казактары мен патша генералдарының жағында болды. Большевиктер партиясы ұсынған бағдарламаны қазақ қоғамын үлкен апатқа ұрындыруы мүмкін эксперимент есебінде бағалап, ал қазақ коммунистерінің роталық биліктің қол шоқпары ретінде айыптады.
Ә. Бөкейханның Жаза кесімі
Кеңес өкіметі 1919-1920 жылдарындағы Алаш қозғалысына қатысқандарға жариялаған кешіріммен кейінгі уақытта да Бөкейханов өз принципіне сенімді күйде қалды. Бұдан кейінгі жылдарда қажырлы еңбектеріне шектеулер, тосқауылдар толастамай, абақтыға алыну, ОГПУ орындары тарапынан қатаң бақылауға алыну жағдайлары сирей түсті. 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО жоғарғы соты әскери коллегиясының негізгі үкімі бойынша ату жазасына кесілді.
Ғылыми еңбектері
XIX ғасырдың соңында Омбы орман шаруашылығы училищесінде оқытушылық қызмет атқарып, ғылыми жұмыстармен айналысады.
- Ол 1896 ж. көрнекті ғалымдардың кепілдемесімен Орыс географиялық қоғамы Батыс-Сібір бөлімшесінің толық мүшесі болып сайланды.
- Әлихан «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты көп томдық еңбектің қазақ даласына арналған 18 томына автор ретінде қатынасқан. Ол ғылыми жұмыспен қатар қоғамдық-әлеуметтік саяси қызметтерге де белсене араласа бастайды.
- 1904 жылы қазақ даласына қоныс аудару қозғалысын даярлап берген Ф.А. Шербина экспедициясының құрамында болды.
- 1911-14 жж. Әлихан Бөкейхан «Жаңа энциклопедиялық сөздіктің» 4-21 томдарына автор ретінде қатысты.
Әлихан Бөкейхан — ғұлама ғалым ормантанушы, экономист, мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қоюшы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға. Ә.Бөкейханұлының әдебиеттану тұрғысынан жазылған еңбектері ғалым Д.Қамзабекұлы тарапынан жан-жақты қарастырылады. Бұл зерттеуде Ә.Бөкейханұлының алғашқы еңбектерінің бірі ретінде «Женщина в киргизкой былине Кобланды» атты мақаласы сарапталған. «Туркестанские ведомости» газетінің бірнеше санында жарияланған. Ә.Бөкейхановтың әйгілі «Қобыланды» жырындағы әйел бейнесі» деп аталған мақаласы белгілі ғалым С.Қасқабасов тарапынан жан-жақты талданып, сол кездегі қазақ фольклористикасы үшін аса маңызды бірнеше мәселе көтерілгенін жеріне жеткізе айтылып: «Бұлар эпостың тарихилығы, «Қобыланды» жырының шығу мезгілі, қазақ фольклорының түрлері, жыршы және оның шеберлігі, қоғамдық ой-санасының жырда көрініс табуы, «Қобыланды» жырындағы әйелдер бейнесі, олардың атқарып отырған идеялық қызметі. Осындай ғылыми мәнді проблемаларды автор сол кездегі әлеуметтік, моральдық мәселелермен ұштастыра қарастырған»,- делінген.