Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 16 сағат бұрын)
Ақ әже

— Әй, балалар! Байшуақтың биігінен төменге қарай көз салыңдаршы! Анау Қаракөз бойындағы қалың ағаш жақтан бері қарай өрілген қасқа жол көріне ме? Шатырдай кимешегін киіп, орамалын қайта тартып, Шабдар биенің жорғасымен менің ақ әжем келе жатыр ма екен?..

Өзіме де обал жоқ. Әбілғаппардың айтқанына сенгеніме жол болсын.

— Анау ақ басты Алатауды көрдің бе? Соның бауырында Талды деген қала бар. Оны жүзім шаһары дейді. Дүниедегі жоқтың бәрін табасың. Футбол добының неше түрін сатып аласың (Өзің, бұрын сол допты неге ғана алмағансың деп сұрасам ше?). Ертең әкем екеуміз машинамен барамыз, — деді ол. Мұндайда мен шіркіңде ес қала ма?

— Ала кетесіңдер ме? — деппін.

— Тәртібің біледі, — деді ол сырбазданып.

— Түсінбедім?..

— Түсінбейтін ештеңе жоқ. Ақ әженің қажекейінің қалтасына бір сүңгіп шық. Қалаға барған адам текке сапар шеге ме? Балмұздак, жүзім, алма жейді. Доп сатып алады. Ал оларды ешкім текке үлестірмейді, — деді Әбілғаппар.

Қитыға қалдым.

— Жүретін аяғым, сермейтін қолым бар. Көзім қиядағыны көреді. Есім дұрыс. Алтыншы класстың үздік оқушысымын, — дедім қырсығып. Ол көмекейін көрсетіп, қарқылдап күлсін кеп.

— Пах, пах! Мынау қалай-қалай сілтейді, ей! Ал, қойдық. Дайындал, — деді ол сонан соң. — Ертең таң бозынан жүріп кетеміз.

— Түнімен қос бүйіріме кезек-кезек аунап шықтым. Марғау басып, ұйықтап қалып, Әбдіғаппар шу деп кетіп отырса, шараң қайсы? Мен сияқты, бұл бөлмеде кірпігі айқаспаған тағы бір адам жатыр. Ол менің биыл сексенге толған ақ әжем.

— Әй, құлыным-ай! Желіктіріп жүрген әлгі көршінің қара шотпағы-ау. Пау, Азанбек, Сазанбек, Қазанбек. Беу, Алла-ай! Құдай жөні. Бара ғой, жаным, — деген ол бар жайды түсіндіріп, құшағына құлай кеткенімде. Осы үйдегі бар адамның атын атауы әжемнің әдеті. Азанбегі — менің әкем. Сазанбегі оның інісі, Қазанбегі жоғары класта оқитын менің ағайым. Бұл жолы әйтеуір Күлзипа, Ұлзипа, Жарқынай дегенді ұмыт қалдырды. Олар менен үлкен әпкелерім. Шешемнің аты — келін. Әжем оның есімін ұмытқалы қашан. Мүмкін, есіне түсіре алмайтын да шығар.

— Е, қалаға барған соң баяғы көпестердей сауда жасайсың ғой, келістіріп, — дейді әжем енді басымнан сипап.

— Айдайтын малың, сататын тайың қайда?

Мен түсінбей, әжемнің, бетіне қарадым. Ол мейірлене күлді. Әжімдері Қаракөздің жағаға қайтқан толқындарындай жиіленіп, ондайда көзінен жас ағады.

— Қалаға барған адам сауда-саттық жасайды. Пұлың мол шығар. Ақшаң дегенім ғой, — дейді әжем.

Оның менімен әзілдескені.

— Әжесі бар адамның, ақшасы да мол болмай ма? — деймін оған еркелей.

— Құдай құлағыңа сыбырлаған-ау сенің. Кіп–кішкентай жүрегім менің! — деді әжем мені қапсыра құшақтап.

— Ақша жетеді. Моншағым менің....

Әжем «үйбай, белім» деп бір ышқынып қап, қиралаңдай орнынан тұрып, абдыра сандыққа беттеді. Шешемнің әншейінде «үйдегі үлкен адам қазына ғой» дегені шын екен. Әжем сарықұлақтармен қалтамды толтырды да салды.

— Құлыным-ау, қаладағы жиендерің қырық серкешін сұрап жүрмесін. Қалтаңды түйреуішпен түйреп ал, — дейді.

Әжемді тағы да түсінбей қалдым. Бетіне қарай беремін.

— Пәлі, соны да түсінбейсің бе? Адам дегеннің бәрі бірдей бола бермейді. Аласы, құласы кездеседі. Жиен дегенім — қалтаға түсетін ұры-қары ғой, жаным, — дейді ол. Ал енді күлмей көр.

— Қарғам — қара қозым. Кешкісін қайтасыңдар ғой? — дейді дәміл-дәміл сұрап.

— Әттең-ай, мына кәрілік атты қонақтың түстене қалғанын көрмейсің бе? Әйтпесе, сенімен бірге еріп кетпеймін бе? Әлгілерден адасып жүрме? Машинадан байқа. Сенсіз, менің күнім не болмақ...

Әжемнен қашқақтап, сыртқа шығып, қайта кіремін. Бірақ әжемнің сөзі таусылар емес.

Міне, қазір де төсегін шықырлатып ары-бері аунайды кеп.

Әбдіғаппардың ерте кетеміз дегені жалған боп шықты. Машинамен Талдыға баратын адам саны онға жетер-жетпес екен. Дені мұғалімдер. Әбдіғаппардың әкесі мектептің машинасын айдайды ғой. Гүж қара Тәсібек мұғалім Әбдіғаппарды машинаның үстіне шығарып, кабинаға өзі отырды. Әлгінде, әжем машина кеп есік алдына тоқтағанда:

— Құлыным-ау, сені де адам санатына қосты-ау, мына жұрт. Әйтпесе, осында іздеп келе ме? Ал, жолың болсын. Әй, шопыршы бала. Машинанды көзіңе қарап айда. Әлгі харам су ішпе, — деп таптап-таптап, ант су ішкізгендей жасағанда, ұялғаннан жерге кіріп кете жаздадым. Жанымда қорап ішіндегі орындыққа отырғандар:

— Қайтсін-ай! Немере деген оттан ыстық қой, — деседі. Әбдіғаппардың әкесі де тілге пысық адам болса керек:

— Ақ әже-ау. Әміріңізге құлдық. Балаңды басына шаң қондырмай, үйге кешкісін алып келемін. Бірақ немереңіздің тұңғыш сапары атаусыз қалмас, — деді әзілдеп. Әжем құрақ ұшты.

— Болсын, балам, болсын. Атаған соң, одан аяр ештеңем жоқ. Осы тобыңмен тура біздікіне келіңдер. Қазан аузы жоғары, — деп жік-жапар болды да қалды.

Қарауылдан асып түскен қасқа жолмен зымырап келеміз. Жан-жағыма көз тастаймын. Біздің ауыл еңісте жатыр екен. Әншейінде, байқамаппын. Ағашы мұнша көп пе еді. Көкпеңбек бауға оранып жатыр. Анау біздің мектеп. Одан беріде мәдениет үйі. Машина қорасы. Былайғы бет сары балақ егін танабы. Құртша жыбырлаған сағым кілкіп тұр. Ауылға қарай тартылған электр бағаналары. Машина үстінде отырғандарға көз астымен ұрлана қарап қоямын. Оң жағымдағы ши қалпақты Тілеубек ағай, жағрапияның мұғалімі. Қолында торға салған түйіншегі бар. Шамасы ауруханада жатқан біздің сыныптың жетекшісі Ләтай апайға бара жатқан шығар. Одан  кейінгі Ләтипа мен Күнсағила. Азық-түлік дүкенінің сатушылары. Яғни, бүгін күн сенбі. Олардың демалысы... Анау сақалы беліне түскен шұбар шал, Батырбайдың әкесі. Мен білсем, баласы тағы бір бұзықтық жасап, істі боп жүр-ау. Кеше шешем сөз қып отырған. Өйткені, қарттың қабағы қатыңқы. Әлде не десең, дүңк етері сөзсіз. Мына Махмұттың жүрісін не деп ұғу қажет. Е, баласы әскерден келеді деп жүрген. Қуаныш қып той жасамақ қой. Соған азық-түлік алады. Іркесіп-тіркескен дүние ғой, әжем айтпақшы. Әбдіғаппарда тыным жоқ. Кабинаның желке терезесінен қарап, машинаның жылдамдығын тексеріп келеді. Маған алты саусағын көрсетіп мәз-мейрам. Сағатына алпыс шақырым жылдамдықпен зулады дегені шығар. Қаперінде ешнәрсе жоқ. Сонысына мәз. Гуілдеген жел. Ышқынған мотор үні.

Асфальт жолға шыққаннан кейін машина екпінін жылдамдата түсті. Әбдіғаппар саусағының сегізін көрсеткен.

— Машинаның моторы жаңа. Жүзіңді қиналмай алады, — деді Әбдіғаппар құлағыма сыбырлап. Сөйткенше сол жақ беттен үлкен ЗИЛ қабаттаса қуып жетіп, сырнайлатып белгі берді.

— Мынаны қарашы, ей. Еп-ескі машинаның тыраштана қалуын, — деді енді қорланған Әбдіғаппар. ЗИЛ бұл кезде озып алға түскен.

— Әке! Бас! Мына жаманнан қаласың ба? — деді Әбдіғаппар дауыстап. Осы бір сөз әкесіне намыс болып тиді ме, кім білсін, машина ыңырана түсті. Енді тек желдің ысылдаған дыбысы естілді.

— Әке! Таяп қалды. Көрейін батырды. Көкесін танымай жүр екен.

Біздің машина құйындай ұшып, қуып жетті де, оза бастады. Ескі машинаның шофері де бір әулекі екен. Бізді алға жібермеске тырысып, ол да ышқынсын кеп. Құдды бәйгеге түскендей қос машина бір жолға қатар тұрып жарысып келеді. Жүрегіме қорқыныш ене бастады.

— Мыналар жыңданған шығар, — деді Батырбайдың әкесі әбігерленіп.

— Әй, қойындар, түге.

Бірақ екі шофер қояр емес. Сөйткенше белеңге көтеріле берген біздің машинаның қарсы алдынан он бес-жиырма метрден «Жигули» шыға келді. Машина оқыс тежелгендей болды. Артта отырған Батырбайдың әкесі мені құшақтай жығылған. Одан кейінгісі көрген түстей. Кәдімгі жардан суға сүңгігендей, аспанда қалықтай жөнелдім де, қалың жусанды жерге гүрс еттім. Қолдарыммен жер тіреген сияқты ем. Қалай екені белгісіз, екі-үш аунап тұрдым. Жан далбасамен артыма қарап, алдыма қарай жүгіре беріппін. Не көрдім десеңші. Біз мінген машина есік пен төрдей жерде қаңбақша домалап, екі-үш аунап барып, гүрс етіп төрт аяғынан тік тұрды. Бар дүниені ұмытып, енді машинаға қарай жүгірдім. Әлгіндегі қорапта отырған адамдарды іздеймін. Сөйткенше ырсылдап-гүрсілдеп машинаның алдыңғы қос дөңгелегінің астынан Тәсібек сүйретіліп шығып келеді. Шекесінен қан ағып тұр.

— Амансың ба, қарағым, — дейді.

— Көріп тұрсыз ғой. Аға, қалғандар қайда? — деймін. Тәсібекте үн жоқ. Машинаның кабинасының есігін тепкілеп жүріп, Әбдіғаппардың әкесі көрінді де, есі шыққаны соншама:

— Құрыдым, — деп жерге отыра кетті.

О, сұмдық! Ләтипа, Күнсағила, Әбдіғаппар үшеуі бізден оншақты қадам жерде, астарына жайған көрпемен бірге ұшып кетсе керек, естері ауып, отырған орындарынан жылжыр емес.

— Тілеубек аға қайда? — деймін.

— Іздесеңші, — дейді Тәсібек шекесінің қанын сүртіп. Жолдың ернеуінде қолымен жерге сүйенген Тілеубек көрінді. Жанында кеспелтек бөренедей боп, басы қан-қан Батырбайдың әкесі жатыр. Жүгіріп жеткен бойда қарттың басын сүйей бердім.

— Әй, балам-ай, мұның не? — деді ышқынған қария. Сөйтті де, көзі алайып сала берді. Қос қолым иелік бермей селкілдеп жөнелді.

— Батырбайдың әкесі, — дей беріппін.

Жолдың ары-берісіне машина толып кетгі де, көмекке ұмтылғандар бәрімізді қолтықтай автобусқа отырғызды. Ыңқылдап-гүрсілдеп, шырқыраған адамдар. Байқауымша, ортамызда Батырбайдың әкесі жоқ. Одан кейінгісі елес сияқты.

Ауруханаға әкеп дәкемен жаралыларды байлағаны еміс-еміс есімде.

Менің бұғанам сынып, бет-жүзімді қурай сыдырыпты. Ет қызуымен ештеңе білмеппін. Тілеубектің жамбасы шытынаған. Тәсібектің шекесін әлдене жарыпты. Әбдіғаппар, Ләтипа, Күнсағиланы, әжем айтпақшы, құдайым бек сақтаған. Шопыр дін аман. Махмұт басын байлап алыпты. Батырбайдың әкесі көз жұмыпты. Егер машина қорабының артқы есігі ашылып кетпесе, тірі қалуымыз екі талай екен. Бір-ақ сол есік Батырбайдың әкесінің ажалына көрініп, қарақұсын талқандап кетіпті. Жан тәсілім қылғанын өз көзіммен көрдім. Мұншама сұмдықты бастан кешіп болар ма?

Кешкісін иін тірескен Қаракөз жұрты Талды ауруханасының ауласына толып кетгі. Дәрігерлердің шешімі бойынша, палаталарға кіруге рұқсат жоқ. Терезе көзіне таласқан жұрт өз ағайындарын тірі көруге тырысуда. Соның бірі көзінен жасы домалап еңіреп жүрген шешем мен әкем.

— Қалайсың? — дейді.

— Бас бармағымды шошайтамын. Екеуі мәз боп күледі, біресе жылайды.

— Әжем қайда? — деймін.

— Ауылда қалды. Сен сауыққан соң, өзім арбамен алып кетемін, — дейді әкем.

— Сәлем айт. Мені ойламасын.

Олар бас изейді. Естуімше, ел сол күні  Батырбайдың әкесінің сүйегін ауылға алып қайтыпты. Бірақ баласы көрінбепті.

* * *

Адам ауырмасын деңіз. Иығымды гипстеп тастаған. Зілдей. Бәрінен де жан таптырмай қышығанын айтсаңшы. Бетімнің жарасы қара қотырлана бастаған. Біз мұңда келгелі көзді ашып жұмғанша төрт күн өте шығыпты. Кереуетте демалып жатқанбыз. Ұйқы қайдан келсін. Бұл кезде ауруханада адамның басқан ізі білінбейтін тыныштық. Ешкімді қабылдамайды. Ойда-жоқта дәлізден әлденеге керілдескен дауыс шықты, үдірейе қалыстық. Шаң-шүң. Сөйткенше қолында қамшысы бар, ақ жаулықты, менің ақ әжем біздің есіктен кіріп келді.

— Әже! — дедім бар даусыммен.

— Құлыным! Тірі екенсің ғой. Көзімнің қарашығы... Әжем кемсенңдеп жылап, бет-жүзіме қарамай сүйіп жатыр.

— Тілегім ақ еді ғой. Ойбай-ау, сені жерге тапсырып, мен қайтын тірі жүрмекпін. Құдайыма мың алғыс, — дейді әжем басымды сипап, ауық-ауық бетімнен сүйіп.

— Сен менің құлынымсың ба? Көзім анық көріп тұр ма?

Бұл екі ортада есік ашылып, бізді емдейтін, түрі сұсты дәрігер жігіт кіріп келген. Соңында қос медбике. Әжем орнынан атып тұрып кері бұрылды.

— Әй, балам көрдің бе? Мынау менің құлыным. Абарияға түсіп, өздеріңе келіпті, — деді ол.

— Тәртіп бұзуға болмайды, әжей, — деді қатулы дәрігер. — Мұнда аурулар жатыр.

— Әй, балам. Жанторсығымды тірі көргенімді көп көріп тұрсың ба? Сенің де осындай қарғаң бар шығар. Әуелі, мына бір-екі әйелің түп етектен ұстап жібермейді, — деді аузын қомпайтқан әжем.

— Әжей, аурухананы босатыңыз. Қазір демалыс уақыты. Турасын айтқанда, бұл атқора емес қой, — деді дәрігер жігіт ашу шақырып.

Әжем дәрігерге көзін сығырайта қарады.

— Әй, бала, сенің мендей шешең жоқ па? — деді сонан соң.

— Қария, сөзді қойыңыз. Шығыңыз, — деді дәрігер қырсығып.

— Неге шығамын? — деді әжем менің кереуетімнің үстіне отыра кетіп. — Милициянды, сотыңды, прокурорыңды әкел! Қара мұны-ей! Әуелі маған кіжіңдейді. Мен кемпірмін. Түсіңдің бе? Ал енді зорлап шығаршы, кәні. Мына қамшыны төбеңде ойнатайын. Сексендегі кемпірдің де сенімді қаруы бар шығар.

Әжем құдды сахнадағы артист сияқты қамшысын бекем ұстап, екі қолын бүйіріне тіреп, жан-жағына паңдана қарады. Дәрігердің дәті осы бір сәтке ғана жетті білем:

— Бұлар өстиді, — деді де кілт бұрылып есіктен шығып кетті. Артынан қос медбикесі жөнелген. Әжем қызық, әлгілерге қамшысын шошаңдатын қояды.

Менің аппақ  жем, мен үшін елдің бәрін жеңіп шықты. Әжемнің осы бір қуанышты сәтін көз алдыңа елестету де қиын шығар. Қоржындағы құрт, ірімшік, сықпа, жарманы тоқылған кішігірім дорбаларға салып қаз-қатар қойып жатыр.

— Сеңдер де жеңдер. Ауылдың тамағы ғой, — дейді қасымдағыларға ұсынып.

— Әлгі Азанбек пен келін менен жасырғысы келеді. Сол күні-ақ шабдармен желдіртіп жетер ем, Байсақбайдың жылқысы алыста, Бекшойында жатыр екен. Сенің тірі екенінді естіп, көңілім орнына түскендей болды. Бірақ жүрегі құрғыр, сені көргенше шыдатпады. Әй, дегенмен сексен жас та оңай емес екен, құлыным. Аруханада қалған Тілеубек аға екеуміз ғана. Өңгесі екі-үш күн араға сап, ауылға қайтып кеткен.

— Мынау құқайың не қарғам-ау, — деді әжем менің гипс салынған иығыма құбыжық көргендей үңіле қарап. Бұған дейін жең ішінен байқамаса керек.

— Бұғанам сыныпты, — деймін әжеме жөнін айтып.

— Солай де. Әлгі Азанбектің дін аман дегені қайда?

— Әжемнің қабағы түйіліп сала берді.

— Әже-ау жазылып қалды. Міне, бетім де қара қотырланды, — деймін.

— Түу, құдайға жазған басым-ай. Оңбай түсіпсің ғой. Бәсе, менің де жүрегім бір нәрсені сезген екен ғой. Солай, бейнетің ғой... Әлгі қарасатпақ дүние бүлдіреді. «Соған ерме» деп ем. Не қып сол күні келісіп ем.... Мен кінәлімін бәріне, — дейді әжем күңіреніп.

— Әже, енді күн кешкіріп кетеді ғой. Қайтқаның жөн. Мен де бес-алты күнде сауығып шығамын, — дедім.

— Әй, сен осы жалған айтып отырған жоқсың ба? Әлгі Таңқарбайдың үйі қай тұста еді? Сонда жатып, күнделікті саған тамақ пісіріп әкеліп тұрайын, — деді әжем. — Осында жатқызатын жер жоқ па өзі?

Бұған дейін әжемнің сөзін бөлмеген Тілеубек мұғалім күліп жіберді де:

— Ақ әже-ay. Ондайға рұқсат жоқ қой.

— Ә, солай ма? Өңшең шоқынды түге. Әу, сен қай баласың? Мені ақ әже дейтіндей сен кімсің? — деді әжем мұғалім ағайға шүйіліп. Тілеубек күлімсірей төсектен кеудесін көтеріп, жөнін айтты. Әжем қуанып сала берді.

— Құдай жарылқады! — деді ол Тілеубекке жақындап. Өзің бар екенсің ғой. Баламның мұғалімі, ойбай-ау!

Әжем ебедейсіз бұрылып, қоржынға жетті де, екі-үш дорбаны сығымдап ұстап Тілеубекке жетті.

— Сен де арандап қалып па ең? Е, дұрыс болды. Екеуің енді елбесіп-селбесіп ауруханадан тез шығыңдар. Құлыныма бас-көз бол.

Әжем тағамын ұсынып, Тілеубектен ант алып жатқан сияқты. Қысылып барамын.

— Онда мен қайтайын. Ал, қарағым, ертерек сауығып шығыңдар, — деді көңілі орныққан әжем.

— Әй, қайтарда хабарлаңдаршы. Машинасы құрысын. Өзім шабдарды арбаға жегіп кеп алып кетемін.

Әжем есікке екі барып, екі қайтты. Мені қимайтын сияқты. Қамшысын ұмытыпты.

— Ал, құлыным, сау бол, — деді сонан соң. Есікті жаба беріп, саңылаудан тағы қарады.

* * *

Қарауылдан асып түскенде, біздің ауылдың үйлері жамырап шыға келді. Әжем уәдесінде тұра алмаған екен. Ептеп сырқаттанып, мені алып келуге шабдар биеге арба жектіріп Азанбек әкемді жіберіпті.

— Әжемнің сырқаты ауыр ма? — деп сұрағанмын.

— Әй, балам-ай. Ауру деген ескі көз адамның еншісі емес пе. Қыңқылы таусылмайды ғой.

— Әбдіғаппардың әкесінің жайы не болды? — деймін.

— Оны түрмеге жауып тастады ғой. Өзі сорлап жүргенде Болатпайдың ажалына көрінді ғой, — дейді ол.

— Болатбайы, кім? — деймін.

— Әлгі Батырбайдың әкесі ғой. Жақсы адам еді. Біреудің ала жібін аттамаған момын жан. Әлгі есерсоғын айтамын да. Он бес сөткеден көз ашпайды. Ақылы білегінде. Жақсыдан жаман туады деген сол ғой. Әкесінің жерлеуіне де келе алмады, — деп күрсінді әкем. — Бәрі құрысын. Өзі иығың қаңдай?

Жауап орнына әдеттегідей бас бармағымды шошайттым. Кенет әкем мырс етіп күліп жіберді.

— Әлгі сенің әжеңді айтамын. О, жарықтық-ай. Бізге сенбей, екі аяғымызды бір етікке тығып, есімізді шығарды емес пе. Бекшойыннан жылқысынан шабдар биені әкеп, арба шегіп берейін дегенге көнбей, салт кетті ғой.

Көз алдыма мені әжем қалай қарсы алатыны елестегендей.

— Әке, әжем далаға кіріп-шыға ала ма? — деймін күдігімді жасырмай.

Әкем қақырынып қалды. Қабағым түсіп кетті.

— Әжем төсек тартып жатыр екен ғой, — дедім шыдамсыздана. Ол басын изеді.

— Өзіңе барып қайтқан күні әжең ауырып келді... Ертеңгісін ерте тұрып, сенің жолынды күткені болар, Қарауылдаудан көз жазбады. Түнде де сені аузынан тастамайды. Сені көріп, сауығып кетер, — деді әкем.

Әжем мені төсекте қарсы алды. Құшағына алып, ақырын ғана сыбырлады.

— Құлыным, келдің бе? Енді арманым жоқ, — деді ол. Сол түні менің ақ әжем көз жұмды.

— Әй, балалар! Байшуақтың биігінен төменге қарай көз салыңдаршы! Анау Қаракөз бойындағы қалың ағаш жақтан бері қарай, шатырдай ақ кимешегін киініп, орамалын қоқайта тартып, шабдар биенің жорғасымен менің аппақ әжем келе жатыр ма екен?..


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама