Ақ көйлек
Есік алдындағы жатаған құм төбеде Ақсәулені ұзақ күттім. Әдетте біз осында жолығып, күн батқанша ойынның көрігін қыздыратынбыз. Иендегі қыстауда қатар отырған екі үйдің ойын баласы Ақсәуле екеуміз. Бір-бірімізден ажырамайтынымыз да сондықтан. Бүгін Ақсәуле келмеді. Ұзақ күттім… Аяғымды майда құмның бетіне сүйрете басып, бірнеше айналып шеңбер салып шықтым. Қайта өшірдім. Құмның бетін тықырлап тазалап, қалтамдағы асықтарды қатарластырып тіздім. Оларды «Ақсәуленікі», «өзімдікі» деп екіге бөлдім. Кішкене шеңбер сызып соның ортасына әрқайсымыздан бір-бір асық қойып, қалғанын екі қалтама салдым. Артқа қарай жеті адым шегіндім, алдымен Ақсәуленің қызыл сақасын шиырып-шиырып жіберіп қалдым. Мүлт кеткен жоқ, шеңбердегі асықтың біреуі шыр етіп ұшып кетті. Өкшемді шеңбердің жиегіне тіреп өлшедім, үш табанға сәл жетпей қалды, сонда да алып Ақсәуленің асығына қостым. Енді өзімнің ақ сақамды үйірдім. Мүлт кетті. Кезек қызыл сақаға келді. Сақ еткен дауысқа ілесіп шеңбер ішіндегі асық анадай жерге ыршыды да, қызыл сақа құмды қазып шыр айналып жатты. Біраздан соң бұдан да жалыға бастадым. Құмға шалқамнан жаттым, құм әлі де ысый қоймапты, арқамнан салқын сыз өтті. Басымды көтеріп айналама қарадым. Төңірек тып-тыныш, тек үй артындағы қарасуды бойлай өскен қамыс қана қозғалақтайды. Соған қарағанда өзенді қуалай самал есіп тұрған көрінеді.
Көктемгі селдір бұлттың әр-әр жерге алашабыр көлеңкесі түсіп тұр. Кеңістікті тұтастай қымтаған көкжілім ауа жел қозғаған шымылдықтай болымсыз діріл қағады.
Кұм төбенің шығыс жақ бүйіріндегі Ақсәуленің үй жағына жалтақ-жалтақ қарай беремін. «Апыр-ай, кеше бірдеңеге ренжіп қалды ма?» — деймін, өз-өзіме күбірлеп, «жоқ, неге ренжиді?» деймін өзімді ақтап. Шынымен де ренжитін жөні жоқ. Әбден көз байланарда ертең жолығатынымызды айтып қоштастық, тіпті кетерімде әріп танымасам да жанымнан тастамайтын ағамнан қалған «Әліппені» оған беріп: «Мынаны бүгін түнде сен «оқи тұр» дедім, бұған ол қатты қуанып: «Көп рақмет, анам шамды ұзағырақ сөндірмей тұра тұрса, біраз суреттерін қайталап көріп шығатын едім», — деді. Сөйткен Ақсәуле әлі жоқ. Әлде түнімен «Әліппені» ақтарыстырып кеш ұйықтады ма екен? «Әй қайдам, мынау алыс қыстауда «Әліппеге» бола кім түннің бір уағына дейін шам жағады дейсің. Әлде… жүрегім зырқ ете қалды, әлде әкесі тағы арақ ішіп келді ме екен? «Әкем арақ ішкен күні есікті іліп алып, ешкімді шығармай қояды», — дейтін. Сол күні тіпті қойды да өріске айдамайтын. Мысықтабандап қора жаққа бардым. Қораның есігі ашық тұр.
Орныма қайтып келіп тағы біраз отырдым. Кенет өзеннің арғы бетіндегі Қарауылтөбенің иығынан әлде бір адамның қарасы көрінгендей болды. «Мұндай мезгілде бейсауат жүрген кім болды екен?» деп ойланып үлгергенше екінші адамның қарасы қылтиды. Асынған мылтығы бар көрінеді. Жүрегім атқалақтай жөнелді, дәл мені көздеп ататындай сексеуілдің түбіне бұғына қалдым. Екеуі сәл қаздиып тұрды да, ары қарай асып кетті.
Ақыры күте-күте күдерім үзіліп үйге қайттым. Қалтамдағы асықты біртүрлі ауырсынып, сексеуілдің түбіне көміп кеттім.
Үйге келген соң да ештеңеге зауқым соқпады. Біраздан соң жатаған кұмға қайта шықтым. Аяғымды майда құмның бетіне сүйрете басып, бірнеше айналып шеңбер салдым. Қонышымнан ыстық құм құйылды. Шығыс жақтан жол аяңдап қапырық жел тұрды. Өзен бойындағы қамыстың сыбдырлаған үні естілді. Теңгедей жапырақтары тынымсыз қозғалған нән тораңғылар шыбындаған түйеге ұқсайды. Күн батыс жақтағы құмның биік өркешіне барып иек артты. Құмның үстін жалдай өскен сексеуілдердің арасынан Ақсәуленің қызыл сақасындай қызғылт сәуле жылт-жылт етеді.
Үй жақтан анамның шақырған дауысы естілді. Еңістеп жүгірдім де, кілт тоқтадым. Ақсәуленің әр күні ойнаған жеріміздегі шеңбер сызықтарды табанымен жаймалап өшіріп кететіні есіме түсті. Ол: «Із қалдырмай өшіріп тастайық, болмаса түнде сайтан ойнап кетеді», — дейтін. Артыма қайта бұрылдым да, күні бойы сызған шеңберлерімді, жатқан орнымды жаймалап өшірдім.
Ағаштан қиып салған қоржын үйдің іші алакеуім қараңғы. Терезенің алдын болмашы бозғұлт жарық кеулеп тұр. Білте шамның әлсіз сәулесі дастарқанның маңына ғана шашырайды. Тыстан Құтпанның әлденеге еріне үрген дауысы естіледі. Кешкі ас үстіндегі әңгімені атам бастады:
— Кешке мал қайырып келе жатыр едім, алдымнан Қыдырбек шыға келді. Өңі қашыңқы, бірдеңеге абыржып тұрғаны жүзінен білінеді. Мен:
— Әй, тыныштық па, өңің өрт сөндіргендей ғой, — деп едім:
— Ата, тыныш болмай тұр, — деп сөзін сабақтады. Інісі Жұмабек кеше кешке түрмеден қашып келіпті. Түнде үйіне қондырып, таңертең қамыстың арасына апарып жасырыпты. Енді не істерін білмей басы қатып отыр, — деді.
Шай құйып отырған шешем шыр ете қалды:
— Қай күні ғана Нұриламен сөйлескенімде «екі айдан кейін босайды», — деп отыр еді, бекер-ақ қашыпты.
— Оны Қыдырбек те айтып күйіп отыр. «Түрмедегі азап пен қорлауға төзбедім, не де болса көріп аламын» дейтін көрінеді, — деді атам.
Атамның аузына сілейіп қарап қалғанымды байқаған әкем:
— Балам, тамағыңды ішіп болсаң ұйықтай ғой, — деді. Мен суып қалған шайымды жылдам жұттым да, бұрыштағы атамның қалың ішігіне оранып жатып қалдым. Бірақ ұйқым келмеді. Ішіктің қолтығына құлағымды тосып тың тыңдаймын.
— Енді не істемекші, қайда жасырады? — бұл шешемнің дауысы.
— Соны уайымдап Қыдырбектің де шақшадай басы шарадай болып отыр. Жұмабек өзі: «Сіздерге амандасайын деп келдім, ешқандай ауыртпалық салмаймын, бір-екі күн тыныққан соң алыс жерге кетіп із жасырамын, абыр-сабыр басылғанша басқа жақта боламын», — депті. Бұл — атамның жауабы. Шешем жеңіл күрсінді.
Үй ішінде үнсіздік орнады. Сыртта жел күшейген секілді. Өзен бойындағы қамыстың сыбдыры анық естіліп тұр. Құтпанның еріне үрген дауысы барқ етіп шығады да, желге жұтылып тез ғайып болады. Атам сөзін жалғады:
— Қыдырбекке «қуғыншы көбейсе, қамыстың арасы пана болмайды. Онан да суы тартылған ескі құдыққа су толтырып соған жасыр. Жай кезде басын қылтитып отыра тұрсын, бөтен дыбыс естілсе, түбіне шөгіп кетеді, бір-екі күн суда отырғаннан адам өлмейді. Ең дұрысы, көп аялдамай бұл маңнан қарасын батырсын, полицейлер алдымен сені қыспаққа алады», — дедім.
— Обал-ай! Қиналатын болды ғой, — деді шешем күрсініп.
Дастарқан басындағылар оны-мұны айтып аз отырды да, жатуға қамданды. Сәлден соң өз-өзінен қорғаншақтап, жыпылықтап тұрған шам да сөнді, үй ішін қою қараңғылық көмді. Ішіктен басымды шығарып жеңіл тыныс алдым. «Мана күндіз Қарауылтөбенің иығынан көрінген екі адам Жұмабекті іздеп жүрген полиция болды ғой» деген ой бүлк ете қалды. Үйдің төбесіндегі кішкентай тесіктен аспан көкшілденіп көрініп тұр. Бұлтты жел айдап кеткен көрінеді. Бір-бірінің құйрығын тістеген сансыз жұлдыздар қозғалақтап жымыңдайды.
Құтпанның барқ-барқ еткен ауыр дауысы қамыстың шуылын, желдің гуілін басып анық естілді. Өршелене үріп үйден сәл алыстап, қайта қайтып келгені бәсеңдеп барып қатайған дауысынан білініп тұр. Қыдырбек пен Жұмабек құдықтың басына келген секілді. Бөтен бірдеңе сезбесе Құтпан бұлай абаламайды. Үйдегілер де тым-тырыс, әдетте Құтпан түнде үре қалса не атам, не әкем не болғанын біліп, қора жақты айналып келетін еді, бұл жолы өйтпеді.
Көз алдыма ағайынды екі жігіттің сақсына басып, құдық басына келіп, бір-біріне ештеңе айтпай жаңа құдықтан шелекпен су тартып, ескі құдыққа құйып жатқаны елестеді. Желдің гуілін, қамыстың шуылын, иттің дауысын басып шар етіп құйылған судың дыбысы құлағыма естілгендей болды.
Құтпанның дауысы өшті, желдің де тебіні басылды. Үйдің төбесіндегі кішкентай тесіктен көкшіл аспанға тесіле қарап ұзақ жаттым. Кенет жылт етіп бір жұлдыз ағып түсті, соңында қалған ақшыл жолағы анық көрінді. Көзімді жұма қойдым. Атам аққан жұлдыз көрсе, «жердің бір пұшпағында бір адам қайтыс болды» деп бетін сипайтын еді, сол есіме түсіп қараңғы түнде мен де бетімді сипадым. Алақаныма жып-жылы жас құйылды. Өзен бойындағы қамыс сыңсып, таң атқанша жылап шықты.
****
Жұмабек — Ақсәуленің кіші әкесі. Жұрттың айтуынша, баукеспе ұры. Бұрын да бір рет мал ұрлап түрмеге қамалған. Осы жолы екі жылға сотталыпты. Ақсәуле кіші әкесі туралы көп ештеңке айтпайды. Сұрай қалсаң, сарғылт жүзіне лып етіп қызғылт қан жүгіреді де, тостағандай көз шанағына жылт етіп жас үйіріле қалады.
Өткен жылы көрші ауылға тойға бардық. Ақсәуле сол күні аппақ көйлек киіп шықты. Онысы өзіне соншалық құп жарасыпты. Жиектеліп торланған етегі жеңіл жүрісіне ілесіп желп-желп етеді. Сарғыш жүзіне қуаныштың лебі тепшіп, тостағандай көзі күлім қағады.
Қыстаудан ұзап күре жолға қосылғанша, біраз жер жаяу жүрдік. Ақсәуле екеуміз аналарымыздың алдына түсіп жүгіріп келеміз. Құмдауыт жолдан шаң шықпайды, із де қалмайды, табаныңның асты жұп-жұмсақ, сусыған майда құм.
— Ақсәуле көйлегің әдемі екен, — дедім.
Ол кілт тоқтай қалып, басынан аяғына дейін сүзіп қарады да:
— Иә, көйлегім өзіме жарасып-ақ тұр, әттең, аяқ киімім ескілеу, — деп жеңіл күрсінді. Мен не айтарымды білмей:
— Ештеңе етпейді, менің де аяқ киімім ескі, күзде мектепке барарда әкелеріміз жаңасын алып береді, — дедім. Біз шешелеріміздің жақындап қалғанын көріп жүгіре жөнелдік. Күре жолға ілінген соң, біреулердің арбасына жармасып тойға жеттік.
Тойдағы бала біткен Ақсәуленің ақ көйлегіне қызыға қарады. Кейбіреулері жақындап келіп ұстап көріп жатыр. Бірақ Ақсәуле жүзі алабұртып, балалар қаумалаған сайын қысыла түсті. Мен ескі аяқ киімінен соншалық ыңғайсызданып тұр-ау деп ойладым. Бір кезде Қасым дейтін ересектеу бала жетіп келді. Осы ауылдағы Құдайберген деген кісінің ұлы. Бұрын да бірнеше рет той-томалақта көргенмін. Тұрқы бізден биіктеу, көзі сығырайыңқы, бүйрек бетінің ұшы күстеніп жарылып кетіпті. Тып-тықыр басы тершіп тұр. Қасым кимелеп ортамызға кірді де:
— Әй, Қыдырбектің қызы, көйлегіңді көрсетіп мақтанып тұрсың ба? — деді. Содан соң тершіген маңдайын алақанымен сылып алып, кір-кір шалбарына сүйкей салды да, сығырайыңқы көзін барынша бадырайтып, сықылықтап күлді. Оның бұл сұрағына тәмпіш танау, тапалдау қара қыз:
— Ақсәуленің көйлегі шынымен де әдемі, шіркін, шешем маған да алып берсе ғой, — деп жауап берді.
Қасым танауын қорс еткізіп тартып, ол аз дегендей күстенген қолының сыртымен ары-бері уқалап жіберді де:
— Оған қызығатын несі бар, әкесі Қыдырбектің арақ ішкеннен қолы босамайды. Қызына көйлек алып беретін ақшасы қайдан болсын. Әсілі, бұл көйлекті түрмедегі Жұмабек көкесі алып берген-ау, — деп қарқылдап күліп, Ақсәуленің көйлегінің етегін көтеріп-көтеріп қойды.
Балалардың бәрі бір-біріне үдірейе қарасып, үрпиісіп қалды. Қасым сығырайған көзін одан бетер сығырайтып Ақсәулеге сұқтана қадап, «дәл таптым ба?» дегендей кетік тісін көрсетіп қарқылдап күлді.
Ақсәуленің сарғыш жүзі күреңітіп, тостағандай көз шарасына лып етіп жас іркілді. Бетін аппақ саусақтарымен жапты да, шешесі отырған үйге қарай жүгіре жөнелді.
Қасымға ешкімнің батылы жетіп ештеңе айта алмады. Өзі де ыржалақтап сәл тұрды да, балалардың жақтырмағанын біліп жөніне кетті.
Тойдан бәріміз сынық көңілмен қайттық. Осыдан кейін Ақсәуленің ақ көйлек кигенін көрмедім. Кіші әкесі туралы да сұрамайтын болдым.
***
Біздің қыстаудың шығыс оңтүстігінде үлкен түрме бар. Түйе өркешті құм шығысқа созылған сайын жатағандай береді де, бір кезде андыздап қамыс, тораңғы өскен тақыр жазыққа айналады. Түрме құмнан оңашалау, айналасы ашық осы жазыққа ірге тепкен. Оның қай жылдары салынғанын, онда қандай қылмыскерлер жазасын өтейтінін ешкім білмейді. Былтыр әкеме еріп қалашыққа бара жатқанымда осы түрмені алғаш рет сыртынан көрдім. Түйелі кісінің бойы жетпейтін биік-биік қорғандар. Оның үстіне пышақтың жүзі секілді өткір темір қағыпты, кей жерлеріне әйнек бөтелкенің сынығын тізіп тастапты. Қорғанның бұрыш-бұрышына биіктеу тұғыр орнатылып, күзет қойылыпты. Сары ала киім киген әскерлер қаруларын серт ұстап, мүсіндей мелшиіп тұр. Түрлері соншалық сұсты, қарауға батпайсың. Тас жолға шыққан соң ат арбаның жүрісі үдей түсті. Сауыры сәл жіпсіген қоңыр ат аяғын ширақ басып арбаны жұлқа тартып келеді. Ескі арба сықыр-сықыр етеді. Түрменің тұсынан өткенде әкем зар желген қоңыр атқа үсті-үстіне қамшы баса берді.
Түрменің биік қамалы бітіп, жатаған топырақ үйлер басталды. Сәлден кейін алдымыздан егістік алқабы шықты. Жолдың екі жиегі шет-шегіне көз жетпейтін мақта егістігі екен. Әр-әр жерде бізге өте таңсық тракторлар қоңызша қыбырлап жүр. Мына бір тұстан қаптаған қалың адамның қарасы көрінді. Жақындағанда байқадым, егістіктің шетін қарулы әскер қоршап, алқаптың әр тұсына қызыл байрақ шаншып қойыпты. Біркелкі сұрғылт киім киген үлкенді-кішілі ер адамдар жұмыс істеп жүр. Бұлардың еңбекке жегілген түрмедегі жазасын өтеушілер екенін сонда білдім. Әкем атын қамшылай түсіп, тездетіп өтіп кетуге тырысты. Мен көз алмай қарап келемін. Бүкірлеу қарт кісі желбіреп тұрған байраққа жақындап барып еді, бұрышта тұрған әскер саңқ ете қалды, анау шатқайақтап кері шегінді.
Егістіктен ұзаған соң торы ат та жол аяңға түсті, әкем де бастырмалатып қамшы басқанын азайтты.
Әр жылы осы түрмеден бірлі-жарым жазасын өтеушілер ебін тауып қашып шығады. Түрмеден қашқандардың көбісі жақын болғандықтан ба, алдымен біздің қыстауды келіп паналайды. Былтыр көктемде бір қашқын өзенге түсіп, қалың қамыстың арасына жасырыныпты. Күні бойы басын ғана қылтитып қамыстың түбінде отырып, кешке қарай жағаға шығып денесін кептіреді екен. Ұстаған балығын шикідей жеп өзек жалғайтын көрінеді.
Әр жолы біреу түрмеден қашса, алдымен оның дақпырты жетеді. «Ойбай, он адам өлтірген қылмыскер түрмеден қашыпты, жолыққанының бәрін жайпап келеді екен», «бұл жолғы қашқын бұрынғыларға мүлде ұқсамайды дейді, өзінің көз байлайтын сиқыры бар көрінеді, кеше көрші қыстаудағы Қасымбек тоғай арасында жолығыпты, қарсы алдынан шыға келіп күбірлеп бірдеңелер оқыған екен, Қасымбектің басы айналып атынан құлап түсіпті» — осындай сарындағы түрлі-түрлі дақпырт қатпар-қатпар құмды мекендеген қыстаулардың арасында желдей еседі. Жақында ғана бір қылмыскер екі кештің арасында Қасымбектің үйіне кіріп келіпті. Үйінде әйелі мен екі баласы бар екен, олар қорыққанынан бір-бірін құшақтап, ойбайға басып жылай жөнеліпті. Әлгі қашқын не істерін білмей босағада состиып тұрып қалыпты. Өзі мылқау көрінеді. Сәлден соң қолымен аузын көрсетіп бірдеңе айтып ымдапты, бірақ оның тілін түсінбеген үй иелері одан бетер қорқып жиюлы жүктің астына бұға түсіпті. Бұдан ештеңе өнбейтінін білген соң, қазан аяқ жаққа өтіп нан, су, бірдеңе алып шығып кетіпті. Мұны естіген жұрт: «Қасымбектің қатын-баласын Құдай қағыпты. Ана қанішер қалай аман қалдырды екен?» — деп таңдайларының дәмін алып, біраз уақытқа дейін айтып жүрді.
Түрмеден қашқандардың дақпырты басылмай қуғыншы полициялар да жетеді. Өздері мал іздеген қазақтардан да қамсыз, жүрістері сылбыр, жалғыз жарым жүрмейді, қалыңдау ағаштың арасына кірмейді, соған қарағанда қорқатын секілді. Қайбір жолы екі полиция Биікқұм жақтан жығылып-сүрініп етекке түсті, Ақсәуле екеуміз жатаған құмда ойнап жүргенбіз, олар бізді байқамады, екеуінің біреуі шидің түбіне барып дәрет сындырды, екіншісі айналасына алақтап соны күзетіп тұрды. Ақсәуле бетін басып отыра қалды, мен сексеуілдің бұтағын қалқаланып қарап тұрдым.
Полицейлер кейде үйге келеді. Су сұрап ішеді, кейбіреуі нан сұрап жейді. Қылқындырып түймелеген сарғылт жейделерінің жағасы шылқып терлеп тұрады. Үй иелерінен көп ештеңе сұрамайды. Кетерлерінде жанторсықтарына су құйдыртып алады. Кешке қарай жан-жақтан шұбырып бір жерге жиналып, қаз-қатар болып тізіледі. Содан соң бір әнді басшысы бастап, қалғаны қостап дауыстап айтып, жалғызаяқ жолмен тізіліп құмды асып кетеді. Ертесі түске таман қайтып келеді. Осылай екі-үш күн келіп-кетіп жүреді де, жоқ болады. Қашқынды іздеп тапқанын, не ұстап кеткенін ешкім білмейді. Әйтеу полиция келіп кеткен соң қашқынның бұл төңіректе жоқ екеніне елдің көздері жетіп, көңілдері жайланады. Аз күннен соң «түрмеден қылмыскер қашыпты» деген хабар жетеді, екі күннен соң шұбырып полиция келеді.
***
Абалап үрген Құтпанның дауысынан ояндым. Үйдің іші жап-жарық. Төбедегі кішкентай тесіктен түскен күн нұры көлеңкелеу қабырғаға сарғылт сәулесімен кішкентай тесік салып төгіліп тұр. Боран әлі басыла қоймаған секілді. Терезеге шегелеген қойдың қарны ішке қарай керіледі де, қайтадан сыртқа қарай тартылады. Қатқылдау гуіл естіледі. Сыртқа шықтым. Ауа шаңытып тұр. Қарсыдағы төбешіктен ұшқан майда құм табалдырыққа дейін жауып қалыпты. Үйдің іргесін ықтаған құм нығыздалып, бетіндегі майда қиыршықтар желге ілесіп үйіріліп ұшып жүр. Алыстағы түйе өркеш құмдардың жотасынан дәу-дәу толқындар жондана көтеріліп, тынымсыз көшіп жатыр.
Құтпан ұясының алдына шоқиып отырып алып, құдық жаққа қарап бас алмай үреді. Қасына таяп едім, күндегідей аяғыма оралып, бетіме шапшыған жоқ, «қайда жүрсің, ана жақта бірдеңе болып жатыр» дегендей құдыққа қарай жүгіре жөнелді. Мен орнымнан қозғалмаған соң айналып қайтып келіп, шоқиып отырып алып үруін жалғастырды.
Қойды өріске айдап бара жатқан атам қора жақта жүрген әкеме:
— Мынаның жағы бір тынбады ғой, қораға апарып байлап тасташы, — деді. Әкем Құтпанды ұстап, қораға алып кетті.
Түске қарай үйге екі полиция келді. Асынған мылтықтарын иығынан алып ішке кірді. Бәріміз қылп етіп қорқа қалдық. Олар әкемнен оны-мұны сұрап аз бөгелді де, кетіп қалды.
Бұл кезде жел басылып, ауаны бүркеген шаңдауыт айығып, айналаға тыныштық орнаған. Кенет мылтық дауысы шаңқ ете қалды. Манадан бері үні өшкен Құтпанның қора жақтан ащы дауысы қатар естілді. Атам мен әкем орындарынан ырғып тұрып сыртқа жүгірді. Шешемнің етегіне оралып мен де далаға ұмтылдым. Айнала қаптаған полиция. Өзеннің жағасынан, Қыдырбектің үй жағынан мылтықтарын кезеніп анталап келеді. Дауыстары шаңқ-шаңқ етіп бірдеңе деп айғайлайды. Бір-біріне Биікқұм жақты нұсқайды. Атам ат ағашта үркектеп тұрған тортөбел атқа қарғып мініп Биікқұмға қарай шаба жөнелді. Артынан полиция да ере кетті. Мылтық тағы атылды, бұл жолы Құтпанның дауысы тіпті ышқынып шықты.
— Әне, Жұмабек қашып барады, — деді әкем атамдар кеткен жақты нұсқап, не істерін білмей ерсілі-қарсылы жүріп, ширыға сөйлеп. Шешем:
— Құдай-ай, өлетін болды-ау, — деді дауысының соңы жылауға ұласып.
Ақсәулелердің үй жағынан ащы айғай естілді. Құмды жағалап жүгіріп бара жатқан Қыдырбекті көрдім. Жейдесін шешіп қолына ұстап алыпты, онысын бұлғап-бұлғап қояды. Не айтып бара жатқаны анық естілмейді. Әкем Жұмабекті көрді де, соған қарай жүгіре жөнелді. Шешем мені қолымнан ұстап, жүгіре басып Ақсәулелердің үйіне қарай беттедік. Алдымыздан Нұрила тәте еңіреп шықты, шешемді бас салып құшақтап жылай жөнелді. Ақсәуленің сарғыш жүзі қуқыл тартып, үрей ұялаған тостағандай көзі жаутаң-жаутаң етеді. Денесі сәл дірілдеп тұрғандай сезілді.
Шешем мен Нұрила тәте шөке түсіп отыра кетті. Ақсәуле қимылсыз бір орында мелшиіп тұр. Тек тостағандай көзін ғана тынымсыз аударып-төңкереді. Тағы мылтық атылды, мен шешемді бас салдым, жерде отырған екі әйел бір-бірін құшақтап дауыс салып жылады. Ақсәуле әлі мелшиіп тұр, ештеңе естімегендей, сезбегендей.
Жұмабектің тағдыры менен басқаның бәріне аян секілді. Кешкі дастарқан басында ол туралы ешкім сөз қозғамады. Айнала тып-тыныш, көктемнің кезі болса да, төңіректі қапырық ыстық буып тұр. Өркеш-өркеш жал құмдардың арасындағы ескі қыстауды белгісіз ауырлық тұмшалап алғандай. Байлаудан босаған Құтпан да ештеңені сезбей алаңсыз ұйықтап жатыр. Өзен бойынан да сылдыр еткен қамыс дауысы естілмейді. Бәрі меңіреу қараңғылыққа жұтылып, жоғалып кеткендей.
***
— Балам тұра ғой, Ақсәуле құмда сені күтіп жүр, — деген анамның дауысынан селт етіп ояндым. Бір кесе қою айранды жұта салдым да, жүгіре басып жатаған құмға жеттім.
Ақсәуле құмды тықырлап тазалап дөңгелек шеңбер сызыпты да, соның дәл ортасында тізерлеп отыр екен. Үстінде аппақ көйлек. Мені көріп орнынан қозғалды. Жүзі сәл жүдеу, бірақ аппақ көйлегі ажарын ашып-ақ тұр. Етек-жеңіне жіңішке зер жүгіртіліп, тас көздер мен әдемі маржандар тағылыпты. Денесіне құйып қойғандай. Сөзді Ақсәуле бастады:
— Көйлегім әдемі ме екен? — деген дауысы тым алыстан жеткендей ақырын естілді.
— Әрине, өте жарасып тұр.
— Мұны Жұмабек көкем әкеліп берді. Ол кісілерге түрмеде жұмыс істетіп, аздап ақша береді екен. Ол ақшаға түрмедегі дүкеннен керек-жарағын сатып алуға болады. Көкем ақшасын жинап жүріпті де, түрмеден қашқан кезде жолдан дүкенге соғып осы көйлекті сатып алыпты, түрмеге қамаларының алдында дәл осындай ақ көйлек әкеліп берген, оны былтыр тойға киіп бардым, — деп көйлектің етегін қозғап қалып еді, маржандары сылдыр етіп суси жөнелді.
— Көкем үйде екі-ақ күн болды. Әкеме екі шиша арақ, шешеме кәмпит, тас шай, маған осы көйлекті алып келіпті. Алғаш келген күні түнде ұзақ отырды. Шешем ет асты, әкем екеуі бір шиша арақ ішті, — сәл үнсіздіктен соң сөзін сабақтады:
— Жұмабек көкем жазықсыз сотталды. Бір ұйғырларға ақысын алып көмектескені болмаса, өзі мал ұрламаған. Ол малдардың ұрланғанын да білмепті — деді, дыбысы анық, бірақ өте жұмсақ шықты.
— Әрине, сенемін, — дедім танауымнан міңгірлеп.
— Екінші күні ескі құдықта жасырынды. Таңға жақын қайтып келді. Терісі ақжеңденіп су сорып тастапты. Тісі-тісіне тимей дір-дір етеді.
— Жүрегім атқалақтап жата алмадым, егер ұсталып кетсем сендерді көре алмай қаламын ба деп қоштасқалы келдім, тірідей қолға түссем ешкімге кесірімді тигізбеймін. Ал өліп кетсем аман болыңдар, — деді.
Шешем:
— Қайным-ау, қайдағы жоқты айтпасаңшы, — деп жыламсырады.
Әкем:
— Азырақ арақ ішіп аласың ба, тоңбайсың ,— деді.
Көкем:
— Жоқ, жазатайым бола қалсам, сүйегімнің арақ сасып тұрғаны елден ұят қой, — деді.
Босаға жақта үстінің суын сорғытып сәл отырды да:
— Ақсәуле, көйлегіңді киіп көрсетші көкеңе, — деді. Мен бұрышта ілулі тұрған көйлекті киіп, шамның жарығына таядым. Дір-дір еткен ернін әрең икемге келтіріп, қинала сөйледі:
— Сәл кең болып қалар ма екен деп уайымдап едім. Көз мөлшерім қателеспепті. Келе ғой, маңдайыңнан иіскейін, — деп көңілденіп қалды. Маңдайымнан иіскеді, ерні мұздай екен, дір ете қалдым. Көкем орнынан жылдам тұрды да, бұрылып шығып кетті. Әкем бір кесе арақты дем алмай жұтты да, теріс қарап жатып қалды.
Ақсәуленің жанарынан үзілген мөлдір тамшы ақ көйлектің өңіріне тырс-тырс тамып тұр. Көз алдымда Ақсәуле есейіп кетті. Кеше ғана менімен асыр салып бірге ойнап жүрген Ақсәуле емес. Көрмейсің бе, үлкен адамдардың әңгімесін айтып тұр. Енді оның менімен бала болып ойнай алмайтынын түсіндім.
Тостағандай көз шарасынан тамшылаған жасты алақанымен сүртті де:
— Мені көкем ұсталған жерге ертіп баршы, — деді.
Ақсәуле екеуміз Биікқұмды бетке алып жүріп келеміз. Алдымыз сексеуіл, жыңғыл өскен бұйра адыр. Абайлап жүрмесең — аяқ аттатпайтын тышқанның іні. Жұмабек көкенің ізі бадырайып, анық сайрап жатыр. Бірде өкшесі, бірде аяғының ұшы жұмсақ құмды орып түсіпті. Бір адымының өзі есік пен төрдей, мен төрт аттап әрең жеттім. Құмның етегіне таяғанда тышқанның ініне аяғын сұғып алыпты. Жерошақтай етіп ойып кетіпті, тобығын қатты қайырып алған-ау, ары қарай адымы тарыла түсіпті.
Ентігіп құмның үстіне шықтық. Ыстық жел қақтап соғып тұр. Сексеуіл басын еріне қозғайды. Көкжілім ауа майда құмның беті секілденіп жылт-жылт етіп шымырлайлы. Көп ұзамай Жұмабек көке ұсталған жерге жеттік. Үлкен сексеуілдің түбі түйе аунағандай қорыс-қопа. Ақсәуле тізерлеп отыра қалып, бетін басып өксіп жылады. Менің де көңілім босап кетті. Ақ көйлектің кішкене маржандары күнге шағылысып жылт-жылт етеді. Бір сабауқұйрық кесіртке жорғалап келіп, бізге қарап сәл тұрды да қаша жөнелді. Соның ізіне қарап тұрып қабыршықтанып кеуіп қалған қанға көзім түсті, адымдап барып аяғыммен баса қойдым. Едәуір қан ұйыпты, құммен көміп жасырып үлгердім. Ақсәуле басын көтеріп:
— Көкем өлген жоқ, қашып кетті, не осы жерде ұсталды, қиын қылса жазасын ұзартар, түбі қайтып келеді, — деді. Мен ештеңе айта алмадым, ыстық құм ба, қанның табы ма, табанымды қарып барады.
Біраз күннен соң бәрі белгілі болды. Жұмабек көкені сол күні Биікқұмның басында атып өлтіріпті. Сүйегін де қайтарып бермепті. Тек Қыдырбек көкені шақыртып, тілдей қағазға қол қойдыртып алған екен. Ақсәуленің әкесі осыдан соң арағын қойып кетті.
Ақсәулемен онан кейін бірнеше рет ғана жолықтым. Менің көңілімді қимай ойнаған сыңай танытқанымен, ештеңеге зауқы соқпайтыны білініп тұрды. Бір күні тіпті менің «Әліппемді» алып келіп дауыстап оқып берді. әкесінен үйреніпті:
— Сен де үйреніп ал, күзде мектепке барамыз ғой,— деді.
Қозы аяқтанып, күн ысыған кезде қыстаудан көштік. Ақсәулелер басқа жайлауға, біз басқа жайлауға кеттік. Әке-шешелеріміз: «күзге дейін аман болайық», — деп қимай қоштасты.
Ақсәулені күзде, бірінші сыныпқа барғанда көрдім. Ақ көйлегі төгіліп алдымнан жүгіріп шықты. Мен «А», ол «Б» сыныбына бөлініпті. Үп-үлкен адамға ұқсап маңдайымнан сүйіп амандасты.
— Көйлегім әдемі ме екен? — деді.
— Әрине, құп жарасып тұр, — дедім.
— Сенің де аяқ киімің әдемі екен, — деді жымия күліп, сәлден соң жеңіл басып сыныбына кіріп кетті. Аяғында жаңа туфли жарқ-жұрқ етеді.
Мен Биікқұмның басында Жұмабек көкенің төгілген қанын басып тұрғандай табаным ұйып сілейіп қалдым.