Ақын анасы туралы бір үзік сыр
(сыр-сұхбат)
Келген босағасының тілеуін алаңсыз тілеген келін осындай болар...
Апай сырға толы көкірегінен суыртпақтай әңгіме бастаса, менің міндетім бір сөзіне де қиянат келтірмей жаза беру ғана...
Бұл жолы келін ене туралы сыр шертті. «Жұмекенді құдайдан тілеп жүріп көтергем...» дейтін анасы
Жұмекеннің өз анасы — Мүслима Айдынқызы, руы Беріш, Гурьев облысының Теңіз ауданындағы 13-ші объезд деген жерде 1915 жылы туған. Туған анасынан үш жасында жетім қалып, өгей шешенің тәрбиесінде өскен. Жұмекеннің әкесіне тұрмысқа шыққанда 15 жаста екен. Нәжімеден атамыз жалғыз ұлы Сабыреденін ерте үйлендірген ғой. Мүслима апай Жұмекенді — тұңғышын келін боп босаға аттаған соң 4 жылдан кейін босаныпты. Жұмекен өз анасын Мүсеке деп өтті өмірден Мүсекең «Жұмекенді кимешегімнің ішінен мойныма қара ала тұсау салып жүріп құдайдан тілеп алдым ғой» деп келініне сыр шертетін.
Жұмекен ақын қалам тартпаған тақырыпты табу қиын. Солардың ішіндегі ең ауқымды да жүгін қайыспай көтерген тақырыптарының бірі ана тақырыбы еді. Әсіресе, Ұлы Отан соғысы кезеңі. Тылдағы өмір. Жұмекен жырларында айшықты өрнектелген тақырыптардың бірі — келін бейнесі, ана тұлғасы дараланып сомдалған тұлға. Ақынды тебіреніске бөлеген сол құдыретті сезім қазіргі өлшем шамасының күшімен айтсақ, микро-жиіліктер толқынымен тербеткенін аңғару қиын болмас. «Келін» дастанындағы, т.т. өлеңдеріндегі ана тақырыбына ақынның есейген ортасындағы аналар бейнесі тұтқа болған.
Жұмекеннің анасы өте байсалды, көрікті, үлкеннің жолын кесіп өтпейтін, шыдамды адам болатын. Мінезі жәйлі, көп сөйлемейтін. Сол кездің адамдарына тән ескіше сауат ашқан, өз бойына біткен парасаттылығымен, пайымдылығымен аналық қамқорлығын перзентінің қай-қайсысынан да аяған жоқ. Алматыда болған жылдары да, сонау бір жылдары Нәсіп апай үлкенді-кішілі екі енесінің қолында аз уақыт болған шағында да сырласып, бірге жүрген. Сол күндері басынан кешкен қиыншылықтарын айтқанда оны аяп, егіліп жылап отыратын едім, дейді есіне алып, — Апам өзі жыламай, жәйлап отырып, ұзақ әңгімесін айтатын...
Соған қарағанда жылай-жылай көз жасы кеуіп қалған адамдай, бетіңе қарап отырғанда, жан-дүниесі егіліп отырғанын көру қиын емес болатын. Он бес жасында менің қайын атама тұрмысқа шығып, он-ақ жыл бірге өмір сүрген. Төрт жыл бала көтермей жүргенде көрген қиыншылығын айтатын. Ол кезде қандай текті босағаға тап болсаң да, бала таппаған келінге деген қазақи көзқарас белгілі ғой. Оны жұрттың бәрі түсінеді. Жалғыздан ұрпақ қалдыру қай қазақтың көкейін теспеген арман дейсіз, барша мұраттың асылы — ұрпақ өсіру болса, қазақ үшін оның несі айып? Енем марқұм екеуміз өте жақын сырласатынбыз.
Ене мен келіннің арасындағы қарым-қатынаста тұрмыс-тіршілік қамымен болмашы нәрсеге келіспеушіліктер болмайды дегеннің өзінде кездесіп қалатыны белгілі. Ондайда бар айтатын сөзім «апа, қойыңызшы» дейтінмін. Онымда зіл болмайтын, бала мен ана арасындағы өкпе-араздығы жоқ наз іспеттес қарсылық болатын. Кейде апам осы сөздің өзін көңіліне алып қалушы еді. Жаны нәзік жан болатын. Көңілінен әлдене шықпай қалған кезде бөлмесіне кіріп, сандығынан бүрме етекті бір көйлегін шығарып алып, соның етегі мен кеуделік тігісін сөгіп, қайтадан тігіп отыратын. Осы сәтте ғана апамның көңіліне келіп қалғанын білетінмін. Дереу, көңілін табуға тырысамын. «Апа, дүкен аралап қайтайық, жүріңіз» немесе «не тамаққа тәбетіңіз шауып отыр» деген сияқты дәнекер сөздерімді айта бастаймын. Апам да түк болмағандай екеуміз әлдебір шаруа қамымен айналысып кетеміз. Енемнің қамқорлығы туған анамнан кем болмап еді, парасатты ене шаңырақтың берекесі екендігін осыдан көрдім.
Апамның өмірі қиындыққа толы. Қазақ ауылындағы қазақ келінінің өмірі. Ата-енесі елге сыйлы адамдар болған. Қалай болғанда да келін үлкеннің алдынан қия өтпейді. Оның үстіне үш қайын сіңлісі болған. Өз бауырынан туған үш баланы емізгені болмаса, оларды еміреніп сүюге де бата алмаған. Ол кездің тәрбиесі солай еді. Немерелерін ата-ене өз бауырына салып өсіретін. Кім білсін, бұл тұста мынадай ой келеді. Кіндіктен жалғыз ұлдың ұрпағы шаңырақтың әдет-ғұрпын бойына сіңіріп өсіру үшін ата-мен әже бауырынан ұзамасын деген қызғаныш па екен. Анасы емізген сәттен басқа уақытта немерелерін қарттар қанатының астынан ұзатпай өсіретін. Оның тағы бір себебі — соғыс уақыты, үй ішінің ішкі-сыртқы тауқыметі келіннің мойнында. Сәбиіне алаңдамай шаруасын атқарсын дегеннен шыққан әрекет пе екен?
— Жұмекен ағаның әкеден жастай қалып, ата-әже тәрбиесінде өскені белгілі. Бұл жерде болашақ ақынды тәрбиелеп, өсіруде нағашыларының еңбегі қандай?
— Жұмекеннің 70 жылдығына арнап Атырау облысы әкімшілігінің көмегімен үш тілде жарық көрген «Менің Қазақстаным» атты әдеби-көркем альбом кітаптың орысша нұсқасында алғысөз орнында берілген мәтінде «Отец его — Сабыр погиб в Великой Отечественной войне и будущий поэт воспитывался у дедушки с бабушкой по материнской линии» деп қате жазылған (қате жіберілген мәтіннің астын сызып көрсеттік-Қ.К.). Қазақша нұсқасында мұндай қате жоқ. Ал орысша кітаптағы осы қатені көре тұра атап айтпасқа шарам жоқ. Бұл арқылы баспагерлердің зәуімде бір жарық көрген басылымға Жұмекендей дара тұлғаның алақандай өмірбаянын жазған кезде қырағылау болыңдар деп өтініш айтқым келеді. Жұмекеннің балалық шағында болсын, есейген шағында болса да нағашы жағының тәрбиесінде болған кезі жоқ.
Ал «Жұмекеннің жүрегі» естеліктер жинағына енген М.Сапарқызының естелігіндегі «...1942 жылдың жазы болатын. Соғыстың қызу жүріп жатқан кезі. Бір топ ауыл қыр жолының бойындағы «Ақтікен» деген жерде жайлауда болатынбыз. Кіші бесін кезінде қыр жолынан бұрылып, біздің үйге қасында 6-7 жасар шамасында баласы бар түйелі ақ сақалды қария келді.» деген жолдардағы 6-7 жасар немересі Жұмекенді ерткен қария — Жұмекеннің атасы Нәжімеден ақсақал болатын.
Сапар құдасының төрінде сый-сияпатын көре отырып Нәжімеден ақсақал әңгіме үстінде «Мына жиендеріңді таныстырайын деп, әрі нағашысынан аз ғана алажақ бұйымтайын сұрайын деп әдейі ертіп әкеліп отырмын, — дейді. — Жігіттің үш жұрты болады: өз жұрты — күншіл, қайын жұрты — міншіл, нағашы жұрты — сыншыл деген. Осы немеремді әрі сынатқалы, әрі бата сұрағалы келдім,» — деген екен.
Сонда Сапар құдасы (Сапар — Жұмекеннің анасы Мүслиманың әкесі Айдынның кенже інісі):
— Құда, бата берудің жолы Айкөкенікі ғой, менің шаңырағым ол кісіден кіші емес пе? — деп күледі.
— Сапаржан, екі торының өзгешелігі жоқ деген. Көзі ашық, көкірегі ояу деп сізге келдік. Сіздердің үлкен аталарыңыз Бекей еді. «Бекей айтпас, Бекей айтса бекер айтпас» деген мәтел сөз текке айтылмаған. Сен Бекейдің кенже немересісің, олай болса бата беру сіздің жолыңыз. Құда сөзді мақал-мәтелмен сөйлейтін әзілқой, ақжарқын адам екен. «Өнерлі өрге жүзер» деген, жігітті ақылы мен өнері көтереді. Шүкір, немерем өнерден құралақан емес, — деп керегеде ілулі тұлған домбыраға қарайды.
Сонда нағашысы «Балаңыз адал сүт емген болсын. Атаның баласы болмай, елдің баласы болсын. Алашаға тартса ақын болар, берішке тартса батыр болар. Елге елеулі, халқына қалаулы болсын, басқа не айтайын, жас қой, бақыты алдынан жарылқасын» деп батасын беріп, дастархан басында отырған көршілер мен бұйымтай айта келген Құдасы да «әумин!» деп беттерін сипаған екен.
Осы жолы Жұмекен нағашыларына Құрманғазының «Кішкентайын» тартып береді. Жас Жұмекеннің бойындағы дарыны мен талабы, өнерге икемділігі отырғандарды еріксіз сүйсіндірген екен. Жұмекен отырғандардың қолқалауымен «Ақсақ киікті» тартады. Сапар нағашысы көзіне жас алады. Соғыстағы жалғызы Марданды есіне алып, қамықты ма, кім білсін...» деген жолдарда Жұмекеннің нағашысымен танысуы да соңғы кездесуі де осылайша анық жазылыпты.
Көреген ата немересінің болашағына ақ жол тілеумен өткен еді. Нағашысымен таныстырып, бата-тілегін әперуі жігіттің үш жұртынан алшақтамауын, тұғыр-тағанның түгел болуын көздеуі — көрегендік емей немене?!
— Ақын ағаның өз анасына арнаған өлеңдері, тақырыбы бар ма? Аға кенеттен жүрек сырқатынан көз жұмғаны белгілі. Ол кісі анасының сырқатына аса қатты қайғырып, жүрегіне салмақ түсірді дегенді естіген едік.
— Апамның бүкіл өмірі кеңес дәуірінде Қазақстан жерінде сынақ алаңына айналған өлкелерінің бірі Капустин яр, Азғыр полигондары маңында өтті. Соғыс кезіндегі ел тұрмысының ауыртпалығы, жастайынан жесір қалып, тылдағы қиындықты ер-азаматтармен қатар көтерген жылдардың тауқыметінен шаршап-шалдыққан өзімен тағдырлас аналардан бөліп айтарлықтай ерекшелігі жоқ. Жастайынан жесір қалып, тұрмыс тауқыметін тартқан апам кейін қан ауруына шалдықты. Жылына екі рет қалалық аурухананың қан ауруы бөлімінде жатып ем алатын.
Жұмекеннің шығармасында анасына қатысты өлеңдері баршылық, соның ішінде «Қан» деген өлеңі анасына арнап жазған туындысы.
«Жылдан жылға сөніп барад, түрі, үні —
Шешем сорлы сауықпайды-ау ғұмыры?
Кеңсе жақтан кеміп келсең кешқұрым,
Қанайды да отырады мұрыны.
Келін баптап ақ көрпесін жапқанға
«Мені ерекше күтеді» деп мақтанба:
Жерде — маған,
Аспанда анау Айға анық —
Байғұс қартым, бара жатыр айналып,
Қызыл қаның — ақ қанға...» деп, ақын өзі осы өлеңінде:
«... Қаны тыйыл-майтын неткен кесел бұл,
қан төккені аз болып па ед осы елдің?!
Ұялсам да жарығынан Күн, Айдың
мен де кейде солқылдап кеп жылаймын.
Жас ақпайды, сонда көзден,
бұ да аса,
арзандықтан болмайтыны рас, ә?
Жаспен емес, қанмен ғана жылайды
көзің емес,
көкірегің жыласа...» дейді.
Иә, анасының дауа табылмайтын дертіне қатты қайғырғанын көзіммен көріп, шарасыздық күйін басымнан кешірдім ғой. Амал қанша! Анасының дертіне де, Жұмекеннің осы өлеңінде өзі:
«Адал жұмсап ғұмырымды бүтін бір
ақтайтұғын кезім, ана сүтіңді —
амалым не, амалым не, амалым:
қаның теуіп қызбайды енді — жоқ әлің,
жиі-жиі мұздайды енді табаның.
Менің ыстық алақаным, қолдарым
сен тоқыған байпақ құрлы болмады:
қаның қақсып, қажыған бір тұсыңда
жылытпады башпайыңның ұшын да...»
деп суреттеген жан қайғысына да ортақтаса жүріп, ара түсе алмадым. Қайран да, қайран дүние-ай!.. Алланың жазған тағдырына адам қолынан не келеді?
Прозада анасының өмірін «Ақ шағыл» романындағы Мұғзима образы арқылы жазған. «Елмен көрген ұлы той» деп, пейілге жарытып жаратқан қазақтың шаңырағына алтын діңгек бола білген қажырлы аналар өз басын ойлауға мұршалары келмеген. Келін боп түскен босағасының тілеуін тілеуден бөтен ой түспейтін ойларына.
Аурып қалған кезінде апама, әсіресе, күтім көп керек болатын. Қалай да қанның құрамын толықтырып отыру міндетіміз. Дәрігердің нұсқауын қатаң қадағалайтынбыз. Тұңғыш немересі Әйкен апамның — әжесінің күтіміне көбірек уақытын бөлді. Осындай науқас адамның диетасы жайында дәрігерлерден кеңес алып, көп ізденетін. Алма мен сәбізді үккіштен өткізіп, күнделікті көңіл бөліп, балаша тамақтандыратын.
Төсек тартып жатқан адамның күтімі оңай емес, оның үстіне мұрнынан қан кетіп жатқан апамның төсек-орнын, киімін әлсін-әлсін жуып-үтіктеп әкеліп ауыстырамыз. Өмірінде іш киімін кісіге жудырып көрмеген апам қатты қысылатын. Бізге риза болып, Әйкен екеумізді отырғызып қойып, алақанын жайып, ұзақ батасын беретін. Апамдай адам сирек туады.
Жұмекен бойындағы төзімділігі де, адалдығы, жүрегінің жұмсақтығы, кешірімділігі анасының ақ сүтінен дарығаны сөзсіз. Шаңырақтың құты еді апам. Келін боп түскелі ақ батасын талай рет алдым. Үлгісін бойыма дарыттым. Мені өсірген мамамды — Балсекерді қатты құрметтеп, аузынан тастамай отыратын. Келін мен ене, құда-құдағи арасындағы сыйластықтың керемет үйлесімді үлгісін көріп өскенімді мақтанышпен айта аламын.
...Сексен екінің күзі біздің отбасына ауыртпалық ала келді. Енем қатты ауырды. Жастық шағы Капустин яр — Азғыр сынақ аймақтарына шекаралас маңда өткен ол кісі қатерлі қан ауруына шалдыққан. Жылда аурухананың гемотология бөлімінде емделетін. Кезекті осындай емделу кезінде Жұмекеннің жұмысына дәрігерлер хабар беріпті. Ауырлап жатыр деген. Содан жолдастарымыз Рая, Айтбай үшеуміз ауруханаға жеттік. Апамның екі құрбысы Айсәуле апай (Әбіштің анасы) мен Жаңыл апай (Қайраттың анасы) қоштасып қалғалы ауруханаға келіпті. Клара да (Әбіштің жары) сонда екен. Апамды бар киімін шешіп, үстіне ақжайма жауып, «адам болар-болмасы белгісіз» деп жан сақтау бөліміне алып бара жатқан жерінен дәрігерге қолхат беріп, «өз төсегінен аттансын» деп, Жұмекен үйге алып кетуді ұйғарды. Содан үйге әкелдік.
Мұндайда адам қатты сасқалақтайды. «Иманын үйірсін, дем салсын, әрі басы-қасында отырсын» деп құран оқи білетін кісі іздедік. Әбу ағаның үйінен кісі үзілмеуші еді, деп сол үйге хабарласып едік, Өзбекстаннан Әбекеңнің құдағиы — Шолпанның енесі келіп жатыр екен. Үстінде жасыл қамзолы бар кемпір кісі апам жатқан бөлмеге кірген бойда «мынау ма, өлейін деп жатыр» деген кемпір, бұл өлмейді!» деді. Содан бір-екі күн қасында отырды.
Апамды ауруханадан әкеліп, жантәсілім жатқан кезінде үйде дос-жаран, жанашыр адамдар болатұғын. Бұл 1982 жылдың 22 қарашасы еді. Құдайдан сабыр тілеп қана шүкір етумен артының қайырын күтіп отырмыз. Жұмекен болса, апам жатқан бөлмеге қарама-қарсы бөлмедегі өзінің кабинетінде жерге етпетінен жата қалып жылады. Сондағы айтқаны әлі күнге құлағымда: «Жиырма бес жасыңда жесір қалып едің, өмірден ешбір жақсылық көрмеп едің. Енді қызығымды көрсетем бе дегенде, көре алмай кететін болдың-ау!!!» деп өкіріп жылады... Сол кезде үйдегілер — хабарды естіп келгендердің жыламағы қалмаыд.
Айсәуле апай Жұмекеннің жанына барып: «Тұр, орныңнан! Жылама! Төтелеп келген ажалдың алдын орау пенденің қолындағы іс емес! Тұр, балам, өзіңе ауыртпалық аударып жүрерсің!» деп қолынан ұстап, орнынан тұрғызды. Апай бұл сөздерді айтқанда бұйырып сөйлегендей болды.
Келесі жылы дәл осы күні 1983-тің 22-ші қарашасы күні Жұмекен қайтыс болды. Апам аурудан айыққандай болды, Жұмекеннен кейін үш жылдан соң қайтты. Айсәуле апамыз әулие екен...» — әңгіме желісі үзіліп қалғандай. Бар сырын ақтара әңгімелеп отырған Нәсіп апаның алдында өзімді әлденеге кінәлі адамдай сезіндім... Әлгі әсерлі әңгімені ой елегінен ғана емес, жүрегінің әр тінінен өткізіп, суыртпақтап айтқаны онсыз да жүгі ауыр жүрегіне салмақ салып кетпеді ме деген алаңдаушылық туғызды маған...
— Әңгімеңізге рахмет, апай. Сізді қатты толқытып, жан-жүрегіңізбен тебіреніп айтқан әңгімеңізді оқырманға айна-қатесіз ұсынуға уәде берейін, — деп, ризашылық білдірдім.
Жұмекеннің анасы Мүслима Айдынқызы жетпіс бір жасында қайтыс болды, ұлдан 5 немересін, 2 шөбересін, екі қызынан 17 жиен немересін көріп кетті. Бидай өңді, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын көгершіндей сүйкімді ана еді.
Жазушылар одағынан Жұмекен ағаны ақырғы сапарға шығарып салғанда, одақтың еңселі үйінен қаралы шерудің алдында, екі қолтығынан құр сүлдерін демеп екі азамат екі жағынан алып бара жатқан Мүслима апамның бейнесі көз алдыма келді. Дүниеге әкелерінде «мойнына қара ала тұсау салып тілек тілеп көтерген» тұла бойы тұңғышынан, жалғыз ұлы — алпамсадай арысынан айырылған ананың қайғысынан қара жердің де көкірегі қарс айрылғалы жатқанын сезінген зарлы міскіндердің ішінде мен де ілбіп ілесіп ақынды ақырғы сапарға шығарып салып едім сол сексен үштің қарашасында...