Арқалы жырдың тұғыры
1. Сұрақ. Тәуелсіз Қазақстанды болжаған, алып империяның бұғауына сыймаған нәзік те асау Жұмекен туралы оқырмандарға не айтар едіңіз?
Жауап: Жұмекен әдебиет майданына өте ерте келген адам, ол өлеңді жастайынан жазған ақын. Ол мектеп қабырғасында жүрген кезінде Елуінші жылдардың басынан бастап жазды. Қазақтың жерін, республиканың солтүстік облыстардың аумағын бөлшектеуге ниеттенген империялық пиғыл сонау тың игеру науқанын бастаған жылдарда жап-жас Жұмекен басын қатерге тігіп, елін-жерін қаламымен қорғаған батыр ақын. Бұрынғы ата-бабаларымыз жерін мыңдаған әскермен, қарумен қорғаса, Жұмекен қаламымен қорғады.
Жұмекеннің «Менің Қазақстанымы» қазақ ұлтының жүрек тебіренісін сомдаған шынайы туынды екенін уақыт дәлелдеп отыр. Бұл ақынның көкейкесті арманы — болашақ қазақ елінің тәуелсіздігі жайында армандауға ғана, түс көруге ғана болатын кезеңде жазылған өлең. Ол кезде тәуелсіздік жайында жақ ашып, үн шығару мүмкін емес еді.
Алып империяның бұғауына сыймауы — кеңестік идеяның шарықтап тұрған кезінде «Менің — елім, менің — жерім, қазағым» деп сол кездің өзінде ашықтан-ашық жігерлі жыр жазуы, оның егемендік алған еліміздің әнұранына айналуы еді.
2. Сұрақ. Жұмекен ұлы тұлғаға қалай айналды.
Жауап: Жалпы, Жұмекенге ақындық дарын сүйектен дарыған. Ақындық қасиет ұрпақтан-ұрпаққа берілген тума талант. Жұмекеннің бесінші атасы Қартпамбет тарихта аты қалған атақты жырау. Өз атасы Нәжімеденнің соғыстан оралмай қалған жалғыз ұлы Сабыреденге арналған 40 шумақ жоқтауы ел аузында жатқа айтылады. Ал өз әкесі Сабыреденнің майданнан өлеңмен жазған хаттары, соғысқа кеткенде артында қоңыр былғарымен қапталған екі дәптер — араб тілінде жазылған өлеңдері қалған.
1985 жылы Жұмекеннің 50 жылдығына байланысты Өтебай Қанахин, Ақұштап Бақтыгереева т.б. жазушылар менің әкем Шәкуәлиев Хамиттің үйінде қонақтықта болып, сонда әкем Жұмекеннің әкесіне арналған «Сабыржанға» деген толғауды бастан-аяқ орындады. Мақамы ерекше, жанға жәйлі. Өйткені, әкемнің әкесі Шәкуәлі мешіт ұстаған адам болыпты. Кеңес үкіметі 1932 жылы мешітін өртеп, әйелі мен екеуін айдап әкеткен. Өтеақаң тағы айтыңыз деп, біраз толғау айтқызып, тыңдады. Өтебай ағамыз сосын бізге ұрысты: «Мына кісінің даусындай дауыс естіген емеспін, бұл ерекше әуен. Қазақ өнеріне қосылар үлес. Даусын міндетті түрде үнтаспаға жазып алыңдар» деп тапсырды. Әкем Алматыға келе алмады, қолындағы балалары бойкүйездікке салынып, даусы жазылмай қалды. Әкем 1992 жылы 79 жасында қайтыс болды.
Жұмекеннің жастайынан алған тәрбиесі оның өмірде өз орнын алған тұлға болып қалыптасуына негіз болды. Атасы Нәжімеден немересін кішкентайынан қасына алып жатып, жыр-қиссаларды, ертегілерді оқып береді екен. Жұмекен атасынан және өзі алғашқы ұстазым деп отыратын Хамидолла Қабдешов деген ағасынан естіген жыр-қиссалармен сусындап өскен. Сол кезде тыйым салынған Сәкеннің, Ілиястың шығармаларымен де танысады. Орал қаласында оқып жүрген ауылдың бір баласынан «Біржан-Сара», Сүгірдің ұлы Насихаттың жырларын алдырып оқығанын жоғарыда аталған ағасы естеліктерінде айтып жүр.
Жұмекен жырларының терең ойлылығы, тілінің шұрайлылығы, ақындық шеберлігіндегі ешкімге ұқсамайтын даралығы оның ұлағатты атаның жастайынан бойына сіңірген тәрбиесінің де жемісі екені даусыз.
Уақыт — әділ қазы. Жұмекен бойындағы ұлыларға ғана тән қасиеті оның жырларының болмысынан танылады. Әдебиет жанашырлары және «менің оқырмандарым — болашақ ұрпақтар» деп өзі айтып кеткеніндей, жиырма бірінші ғасырдың оқырмандары оны ұлы тұлғаға айналдырды.
3. Сұрақ. Ағаның ақындығы, күйшілігі жайында.
Жауап: Жұмекен бала кезінен кітапты көп оқитын орнықты мінезімен, шебер домбыра орындаушылығымен аты шықты. Жұмекеннің әжесінің әкесі — үлкен нағашысы Қайып атамыз күйшілік өнерімен ел аузына іліккен шебер домбырашы адам болған. Домбыраны өзінің арқа тұсына ұстап отырып тартатын шеберлігін білетіндер таң қала еске алып отырады екен. Қайып ата жайында күй тартып беріп, қалыңмалсыз қыз алған деген дерек бар.
Жұмекеннің домбыраға әуестігіне көңіл аударған Жұмекеннің атасы Қошалаққа белгілі Тесік тамақ Сабыр деген домбырашыны үйіне шақыртып алып, Жұмекенге 4-5 жасынан бастап домбыра үйретіпті.
Жұмекеннің атақты шебер Романенко жасаған күрең домбырасы ақын тебіреніп, шабыты шымырқанып, кемерін кернеген буырқанысқа толы тұстарында қолына алып, шерін тарқататын жан серігі еді. Екі жыл Мәскеуде оқығанда да күрең домбырасы қасынан қалған емес. Домбыраны серік етуі — Жұмекен консерваторияда оқығандығынан емес. Керісінше, оның бойындағы тума таланты Жұмекеннің консерваторияда дәріс алуына себепші болды.
Жұмекеннің орындауындағы тоғыз күйді 1968 жылы атақты шаңқобызшы Гүлсара Піржанованың күйеуі атақты геолог Бәнсәтдин Күздебаев өзінің магнитофонына үнтаспаға жазып алды. Кейін өз қаражатыма нотаға түсіртіп алдым. Ол орындаған күйлер нотасымен бірге ақынның архивінде сақтаулы. Жұмекен төкпе күйлерді де, шертпе күйлерді де өте шебер орындайтын. Қазақ радиосының алтын қорынан оның орындауында «Қайғылы қараны» және «Ақшолпанды» анда-санда әуе толқынынан беріп тұрады.
Ақынның 1967 жылы жарық көрген «Күй кітабында» ақын күйді жыр тіліне көшіреді. Бұдан асқан тапқырлық, шеберлік болады деп ойламаймын.
Жұмекеннің күйеу баласы филология ғылымдарының кандидаты, доцент Самал Дәрібайұлы 2005 жылы Жұмекеннің «Күй кітабының» негізінде «Күй кітабы» атты дискі жаздырып, жарыққа шығарды.
4. Танымал тұлғалармен байланысы туралы айтсаңыз.
Жауап: Жұмекеннің төңірегіндегі жақын араласқан қазақтың біртуар ұл-қыздары, әдебиет пен өнер саласындағы марқасқалар болатын. Олар Жұмекеннің ұстаздары Ахмет Жұбанов, Шамғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілендиев, Құбыш Мұхитов.
Әдебиет, өнер саңлақтары Әбу Сәрсенбаев, Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Әбіш Кекілбаев, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев, Сайын Мұратбеков, Шәмші Қалдаяқов, Әзидолла Есқалиев, Гүлсара Піржанова, Сейфолла Оспанов, Оразбек Сәрсенбаев, т.б. еді.
Бұлардың әрқайсысы әдебиеттегі, өнердегі қайталанбас дара тұлғалар. Біз тұғыры берік достықты, адамгершілікті қастерлеп есейдік. Өмір атты ұлы шерудің сән-салтанатында жарасым тауып, өнерді, әдебиетті кие түтатынбыз.
Жұмекен өзімен бірге туған аға не інісі болмағандықтан Сырбай Мәуленов пен Ғафу Қайырбековті туған ағаларындай, ал Темірхан Медетбеков пен Кеңшілік Мырзабековті туған інісіндей көретін. Әбу Сәрсенбаев — Жұмекеннің рухани әкесі болған адам. Жұмекеннің ұлы ақындығын көзі тірісінде тайсалмай айтқан ағасы да осы Ғафу ағай болатын. Жоғарыда аталған дос-жолдастары екі үйдің біріндей болып араласқан адамдар.
5-сұрақ. Жұмекен ақынның трагедиясы неде деп ойлайсыз?
Жауап: Жұмекеннің трагедиясы — тыңға түрен салғанында. Оның жырларындағы тереңдігінде, өзіне дейінгілердің ешқайсысын қайталамайтындығында. Ешкімге еліктемеуінде. Өзіндік дара пікірі, темірқазығы болуында. Өзіндік қырымен танылуында.
Жұмекен өз заманынан озып туған ақын. Жұмекеннің өлеңінде сылдыр сөз, әсіреқызыл көз алдайтын жылтырақтық жоқ. Жұмекен өлеңінің әрбір жолы заманның жүгін арқалап тұрғандай. Жүрекпен жазған ақын, ол дақпа-дақ ұйқас қуалау, саусақ бүгіп, буын санау деген таптаурынға бағынбаған ақын. Тіпті адам ретінде да ерекше жаратылған тұлға деп айта аламын. Сол даралығымен өзгелерге ұқсамайтын. Әлдекімге лауазымы немесе қолында билігі болғаны үшін жағыну, жарамсақтануды білмейтін.
Көзі тірісінде баспаға өз қолымен ұсынуға үлгере алмай кеткен соңғы жинағы «Менің топырағымның» 186-бетіндегі «Аты жоқ өлеңді» оқыған зерделі адам «Өлгеннен соң көрінер өтімді ісі, Бөтен кісі, сен жалғыз жетім кісі! Сен — уақыттың алдына түсіп кеткен радио-сигнал секілдісің» деген жолдардан өзі түйін жасай алады. Мұндай, құлаққа емес, зердеге арналған жолдар ақынның болмысын танытады.
6-сұрақ. Жұмекен аға екеуңіздің махаббатыңыз жайында айтасыз ба? Сіздер қалай таныстыңыздар?
Жауап: Жұмекен екеуміз де ес білгелі бір-бірімізді сырттай естіп-біліп өстік. Оған себеп менің әжем мен Жұмекеннің атасы бір топырақта туып-өскен (Батыс Қазақстан облысында) рулас екен. Сөйтіп, үлкендердің қарым-қатынасы, олардың әңгімелері арқылы бала кезімізден бір-бірімізді көруді армандап өстік.
Мен Жұмекен деген атты естумен ер жеттім. Екеуміз де ата-әжеміздің бауырында өстік, айырмашылығы — ол өз атасының, мен — нағашы атамның бауырында өстім. Екеуміз де сол өңірге — Қошалақ құмына аты шыққан қос қарияның тұңғыш немерелері болдық. Бір-бірімізді сырттай жақсы білдік. Мені тәрбиелеген Балсекер мамам алаша руынан, ол кісі: «Нәжақама сәлем берем, көрісіп келем» деп көрісу кезінде баратын еді. Мамам ағасына көрісіп келген сайын айтатын сөзі: «Нәжақамның жалғыз немересі Жұмекенжан адам болайын деп тұрған бала екен, жалғыздан қалған тұяқ қой, жасы ұзақ болғай. Қашан барсам да қолында кітап, бала болып ойнағанын көрген емеспін» деп мақтап келеді. Менің мамама ешкім ұнамаушы еді, ол қандай бала екен деп ішімнен ойлап қоямын. Сол мамамның көңіліне қонған Жұмекен деген ат бір бүйірімде жатты.
Жұмекеннің әкесіне тете қарындасы, музыка зерттеушісі, ғылым кандидаты Жұмагелді Нәжімеденовтің анасы Мүлік апай (шын аты — Мүлкима) ер мінезді, сөзге шешен, өте қайратты адам еді. Ол да апам мен жездеме көрісем, сәлем берем деп біздің үйге келіп тұрады. Сондай аралас-құралас сәттерде ол да маған қызығатын көрінеді. «Жездемнің қызы әппақ үлпершектей болып өсіп келе жатыр екен, кестені, шілтерді шебер тігеді, өзі өте ибалы екен» деп айтатын көрінеді, екеуміз қосылғаннан кейін апамның осы сөздерін Жұмекен маған айтып берді. Мені көргенше ол да іштей «қандай қыз болды екен» деп ойлап жүреді екен.
Мен жеті жылдық мектепті бітіріп, Жұмекен оқып жүрген онжылдық мектепке келгенімде Жұмекенді бірінші рет көрдім. Бұл — 1952/53 оқу жылы болатын.
Жұмекен маған жазған алғашқы хатын елу үшінші жылы 27-ші наурыз күні каникул кезінде өз қолымен беріп еді. Төрт жыл бойына жазылған хаттары өзімде сақтаулы.
Жұмекеннің аспан түстес шағын чемоданы болатын. Чемодан түбіне төселген «Лениншіл жас» газетінің арасына менің жазған хаттарымды шетін қара жіппен тігіп, ұқыптап жинап жүреді екен. Сол өлеңдерін және мен сыйлаған кестелі тер орамалды сақтап жүр екен. Мұқияттылығына әлі күнге таң қаламын.
Біз мектепте оқып жүрген кезде қыздар өздерінің жақсы көретін балаларына, сыйлас, сырлас достарына кестелі орамал сыйлаушы едік. Жұмекен кейін бір сөзінде: «Маған талай қыздар орамал сыйлады, солардың қайда қалғанын білмеймін. Сен сыйлаған орамалды жоғалтып аламын ба деп көп ұстамайтын едім» дейтін.
Екеуміз бас қосқан жылдары, жастығым да болар, қазақ қызына тән ұяңдығым ба екен, әлгі өз хаттарымды өзім оқып, ұялып жыртып тастадым.
Жұмекен екеуміздің болашақ жолымыздың тоғысуы, бір-бірімізді сырттай көруді армандап, көргеннен кейін бір-бірімізді ұнатуымыз кездейсоқ емес. Ата-аналарымыздың да арман-тілегі болуы ғажап емес.
Жұмекен екеуміздің махаббатымыздың куәсі — елу жеті жылдан бері сақталып, қағазы сарғайған өз қолымен жазған хаттарының бірінен үзінді келтірейін:
Сенсіз өмір мен үшін — жоқ секілді,
Сенсіз шаттық қадалады оқ секілді.
Сенсіз көрген қуаныш қапамен тең,
Сенсіз өмір өзіме көп секілді.
17/VI 53
7-сұрақ. Жастарға жар таңдауда қандай тілек айтар едіңіз?
Жауап: Жастарға айтарым, мен өзім тектілік дегенді үлкендердің аузынан көп еститінмін. «Тектіліктің киесі ұрады» дегенді анамыз жиі айтатын. Ата салтын ұстаған қазақ ұрпақ тазалығын сақтауға мұқият қараған. Ұрпағына қолдан келгенінше текті жерден қыз әперуге тырысқан. Ұлы балиғатқа толғанда текті жермен құдаласуға, қызын текті жерге ұзатуға ден қойған. Өйткені, шаңырақтың киесін, босағаның қадірін текті жерден алған келін ғана бағалайтыны осы күні де дәлелденіп отыр.
Болашақ келін келген босағасын мәңгілік қонған ұям деп қадірлегенде ғана, қандай қиыншылық болса да төзіп, осы босағадан тек жер қойнына ғана кетем деп, ер азаматын өзінен жоғары қойғанда ғана бақытты өмір сүреді.
Ал ер-азаматтарға айтарым өзінің болашақ үрпағының анасын аялай білуі керек. Дөрекілік көрсетпеуі керек. Сонда ғана шаңырақтан үлгілі ұрпақ өсіп-өнеді. Заманымыз тыныш болып, жастарымыз уайым-қайғысыз бақытты өмір сүрсін!
Әңгімеңізге көп рахмет! Жұмекендей ұлы тұлғаға жар балу бақытын маңдайыңызға жазған жаратқан ием Сізді әрдайым қолдап жүрсін. Сізге мықты денсаулық тілеймін!