Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ирек өткел хикаясы немесе қыркүйектің қарсаңы еді...

(сыр-сұхбат)

Шіркін, өмір-ай! Ащың да бал, тәттің де бал! Неге десеңіз, өткен күннен белгі бар. Белгі болғанда қандай, сыры да өңін бермеген, бір сәті де көмескіленіп көрмеген тәтті шақ. Балалық махаббат! Шынайы достық. Ғұмырлық сағыныш сазын көкейге өшпестей жазып кеткен жан азығы, нәр беретін ләззатты сезім. Өртеніп кетпей, өлеусіреп бықсымай, күл-қоқысқа айналмай, жүректе маздап қана түнде шырақ, қысылғанда пырақ, тар жерде соқпақ, қараңғыда шақпақ; ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, жан алауын мәңгілік алаулатып келе жатқан уыздай нәрлі, қасиетті, сағынышының табы өшпейтін, Аллатағалам өзі тұтандырған шоғымен қарып түсерлік емес, шоғынан ұшқын таратқан, мәңгі алаудың көзі болған өшпес сезім!

Нәсіп апаймен бүгінгі сырласудың сәті түсіп, ғажап естеліктің жаңа бір парағын оқушыларға ұсынып отырмыз.

...Ол жылдары колхозда жұмыс қолы жетіспейді, жазғы каникулда мектеп оқушыларын пішен жинауға көмекке шақырады. Бақыт екеуміздің істейтін жұмысымыз пішен тиеу. Колхозда төрт тегершікті үлкен ағаш арба болады. Ол ағаш арбаға екі өгізді жегіп, пішен үйіп тиеледі. Бұл менің 9-класқа, Жұмекеннің 10 класқа көшкен жылы еді. Жазғы үш ай каникулда Бақыт екеуміз Жұмекенді еске алмай айтатын әңгімеміз сирек, өйткені сағынатынбыз. Дәлірек айтсам, әркім Жұмекенді өзінше сағынады. Оны сағынбау мүмкін емес еді. Ол дегенде жүрек алып-ұшатын. Сол себепті де қолымыз қалт етсе болды, күнделікті әңгімеміз Жұмекен жайында болатын. Досы Идаят екеуінің білімділігі, көп оқитыны, жүріс-тұрысы... т.б. осындай ерекшелік қасиеттерін бір біз емес, мектептес үлкен-кіші бәрі үлгі тұтады, ауыздарынан тастамайтыны шындық еді... Жұмекен жүрген жер жырдай еді-ау....

Достарымызға келетін болсақ, Жұмекен Әжіғалиев Идаят дейтін досы екеуі ылғи да бірге жүретін. Мектеп пен жатақхананың арасы жүз метрдей жер. Бір мезгілде оқитын болғандықтан бір-бірімізді күнде көреміз. Өздері жұбын жазбай жүретін. Сабақты жақсы оқыды. Жұмекен мен Идаятты мектеп оқушылары түгел сыйлайтынбыз. Идаят мектепте комсорг. Жұмекен учком болды. Асханаға барғанда ылғи да екеуі ең соңынан келетін. Ұзақ отырып, тамақ ішеді, ауыздары әңгімеден босамайды. Асханада екі адамнан кезекшілік міндетін атқарамыз. Аспазшы Кашипа апай да, кезекші болған оқушылар да оларды асықтырмайды. Кейде кезекшілер оларға асхананың кілтін беріп кете беретін еді.

Кейін білдік, екеуі оңаша отырып, оқыған кітаптары, әдебиет, тарих жайлы сыр шертеді екен ғой. Ең соңынан келген адам тамақтанып болғанша кезекшілер күтеді, олардың ыдысын жинастырып біржола шығады асханадан. Біз кезекші болған осындай кездері Жұмекен мен Идаяттың әңгімесіне құлақ түреміз. Кейде олар бізді байқамайды, біз әңгімелерін тыңдаймыз.

Бақыт деп отырғаным — менімен бір бөлмеде жататын Құмарова Бақыт деген досым әрі немере ағамның қызы. Белгілі тарихшы Жолжанов Мақсоттың туған қарындасы. Айналайын Бақыт, сенің рухыңа бас иемін, сені ешуақытта естен шығарған емеспін. Екеуміз туғаннан бастап мен Алматыға кеткенше бірге құлын-тайдай тебісіп өстік, мінез-құлқымыз, тәрбиеміз ұқсас еді. Ол көбінесе ұлдардың арасында өскен, өжет. Бірбеткей, досқа адал еді. Жұмекен оны өте жақсы көруші еді. «Дәу қыз» деуші еді оны.

Нәбидолла Бекжанов сылқымсоқтау, қыздармен алысып ойнап жүретін, сондай бір кезде Бақытпен алысып жүріп, Жұмекеннің маған беріп жіберген хаттарын Бақыттың қолына қыстырып кететін. Кейде қыздардың бөлмесіне кітап сұрағансып келетіні де бар...

Сол каникулда, деп бастадым ғой әңгімені, бір күні бригадирден сабаққа 3-4 күн қалғанда Қанышкенге оқулық алуға барамыз деп сұрандық. Ол кезде оқушыларды ертең сабақ деген күні босатады. Ал, қырдың балалары оқулық алуға 3-4 күн бұрын келеді. Бақыт екеуміз оқулықтарымызды бұрын алып қойғанбыз. Оқулық алуға барамыз деуіміз жәй сылтау еді.

Сөйтіп, тамыз айының 27-сі күні Бақыт екеуміз екі атпен Қанышкенге келдік. Қанышкеннің құбыла жақ бетінде бір-біріне қарама-қарсы салынған ұзынша ескі киоскілер болатын. Онда ет, шұбат, нан, т.б. азық-түлік сатылады. Атымызды сол киоскілер тұрған алаңдағы соқаларға байлап, киоскілерге қарай келе жатып: «Дәл қазір алдымыздан Жұмекен мен Нәбидолла шыға келсе ғой» дедік.

Дәл бір ертегідегідей, киоскіні айнала бергенімізде, үстінде жеңін түріп алған ақ жейдесі бар, өзі де әппақ Жұмекен, қасында Нәбидолла бар, екеуі қарсы алдымыздан шыға келгені... Осы құдыретке әлі күнге таң қаламын. Ол заман ұялы байланыс түгілі, жай телефонның өзі елде болса біреу ғана, аудан басшыларында болу керек деп ойлаймын осы күні. Біз Бақыт екеуміз кітап дүкенін сылтауратып келгенімізде көкейімізді тескен кездесу сұрағанға тілегендей болды. Жұмекен де осы кездесуді аңсап келгеніне күмәнім жоқ. Мұндай кездейсоқтық болмайды деп ойлаймын. Бұл періштедей пәк таза жүректердің ізгі әрі шынайы тілектерінің тоғысуы.

Ол кезде қыз бен жігіт көшеде ұзақ әңгімелесіп қатарласып жүру деген жоқ. Ол ерсі қылық болып саналады. Ондай қылықпен көзге түстің дегенше сөзге іліктің дей бер.

Базардағы шұбат сатушылардан шұбат алып іштік те, шаруамен жүрген үлкен адамдарға ұқсап, Қанышкеннің сырт жағындағы Ирек өткелде жолығатын болып тарастық. Ондағы ойымыз Жұмекеннің шақыруымен егін қарауылы болып, Сазтөбеде егістік басында тұратын Жұмекеннің Мүлік апасының үйіне қонаққа бару. Мүлік апай мені де, Бақытты да таниды. Әрі менің көкемнің жақсы көретін балдызы. Елге ісмерлік өнерімен сыйлы адам. Ол кісінің бөтен ой ойламайтынын, бізді сөкпейтінін жақсы білемін. Сол себепті қонақ болуға келісім бердім.

Ирек өткел деп аталуының сыры Қанышкен мен Сазтөбенің аралығында ағып жатқан өзеннен төтелеп өтуге болмайды. Шүңейт-шұңқырын білмейтін адам көлік-мөлігімен суға кетеді. Сол су астындағы ой-шұңқырды айналып өтетіндіктен Ирек өткел аталған.

Бақыт Ирек өткелдің сырын жақсы білетінін, жылқышы Уәлиолла ағасымен бұл өткелді талай рет өткенін айтты. Сондықтан өткелді есіне жақсы сақтап қалған. Жастық шақтың бір ерекшелігі — қауіп-қатердің аса қорқыныш тудырмайтыны болса керек. Жақсы білем дегеннің өзінде күнде өтіп жүрген адам емес, Бақыт қателесіп кетсе, суға кету деген сол емес пе. Ондай қорқыныш бізде болған жоқ. Өткелден өтіп келе жатқанның өзінде Жұмекен Жұмекендігін көрсетіп, әзіл-қалжыңнан аузы босамай келеді, бізді күлдірумен болды. «Бақыт-ау, мына өзенді өзің арнасын қазып, өзің ағызып қойғандай, қай жерде қандай шұңқыр барын қайдан білесің. Әдейілеп жол салып қойғансың ба?» деген сияқты әзілдерінен күле-күле шегіміз ауырды.

Ирек өткелден өтіп, Сазтөбені бетке алып төрт аттылы келе жатырмыз. Ол кезде шұбырып жатқан машина, қазіргідей айқырып жатқан айдау жол жоқ. Асып кетсе арбажол. Бір кезде алдымызда жол бойымен ағараңдап кетіп бара жатқан ақ қалпақты көзім шалды. Қасымдағыларға «анау қалпақ па, ана қараңдар, дөңестен төмен қарай қалпақ кетіп барады» дедім. «Қайдағы қалпақ айдаладағы, көзіңе не көрініп келеді» деп, өзімді мазақ етті олар. Ат үстінде келе жатқан бізге жиегі көлемді әппақ күнқалпақты киген адамның бар-жоқтығы көрінбейді. Жақындап келгенде қалпақ иесі жас жарымдағы кішкентай сәби екенін көрдік. «Жұмагелді ғой мынау» деп, Жұмекен таң қалды. Үйге келген соң Мүлік апайға Жұмекен «баланы неғып жалғыз жібересіңдер, жылан шағып алса, сиыр сүзсе қайтесің» деп, сөйледі. «Бала шығып кеткен екен ғой, байқамай қалыппыз» деп ақталғандай болды апасы.

Ол уақытта шешелеріміз күнқалпақты қолдан тігіп, жас балалардың жаз бойы басынан тастатпайтын. Құстаңдай деп аталатын қалыңдау матадан бірнеше қабаттап іс машинамен сырып тігеді. Сол «ақ қалпақ» киген бала бүгінгі қазақтың қасиетті қара домбырасының тарихын зерттеумен айналысып жүрген атақты Жұмегелді Нәжімеденов еді. Бір жарым жасында ақ қалпағын басынан тастамай, туған жердің қасиетті құмында зыр жүгіріп, «болар бала бесігінен» дегізіп жүрген кезі екен...

Соғыс уақытында да, одан кейін де Жұмекеннің атасы мен әжесі колхоз шаруасына араласқан жоқ, бала-шаға мен үй шаруасына қарады. Себебі келіндері колхозға еңбек етті. Атасы мен әжесі жеке шаруашылық ұстап отырды. Төрт түлік малды түгел ұстады. Сол кезде ешкімде жоқ 12 қанатты аппақ киіз үйі болды. Қошалаққа әйгілі алаша Нәжімеден қарияның үйі деп айтушы еді елдегілер. 1956 жылы Гурьевте өткізілген көрмеге Мүлкима апамыз апарып тіккен сол аппақ киіз үйі болатын. Бұл ата-бабасынан келе жатқан киіз үйдің шаңырағын Жұмекеннің атасы бақанмен өзі ғана көтереді екен. Уығын ат үстінде жүріп байлайтын. Атасы қайтыс болғаннан кейін шаңырақты көтеру үшін бақанды үш жігітке көтертеді екен. Атамыздың қайратты адам болғанын содан-ақ білуге болады. Сол ел аузында аңыз болып, облыс бойынша бас бәйгеге ие болған әппақ киіз үйдің ішкі-сыртқы жасау-жабдығын, бау-басқұрынан бастап, сыртқы үзік, дөдегесіне дейін Мүлкима апай — Мүлік апамыз өз қолымен жаңартқан. Апайдың өз қолымен оюлаған ақ текеметін «Жұмекенжанның төріне жаясың ба, мұражайына бересің бе өзің біл, сенен басқа кім қадірін біледі» деп маған беріп еді апамыз. Жұмагелдінің анасы Мүлік апай ру жағынан алғанда, мені өсірген Балсекер мамамның алашаның қызы екенін ескерсек, көкемнің сүйікті балдыздарының бірі болатын.

Ісмерлікке байланысты әңгіме айтсақ, Жұмекеннің әжесі Бақытжамал — «Ақ шағыл романындағы» Қызыл кемпір қайраттылығымен, ісмерлігімен ел аузында аңыз болып қалған адам. Осы өнері қызы Мүлік апайға, оның қызы Маржанға қанмен дарыған, тәрбие арқылы берілген. Әлгі айтылған оюлы ақ текемет соның куәсі.

Осы қол өнеріне қатысты өз көзіммен көріп, бала кезде қолқабыс тигізіп, анамыздың қасында жүріп үйренген қойдың жабағы жүніне жылқының жалының қылын қосып он екі құлаш қыл арқан есудің технологиясын айта кетейін. Мұндай арқан көшкенде түйеге жүк арту үшін керек болатын. Жәй арқаннан айырмашылығы бұл арқан тиеген жүктің бір жағына ауып кетпейтіндей созылмайтын мықты, әрі ұзақ уақыт қолдануға жарайтындығы. Мұндай арқан тегіс шығуы үшін ескен адамның тәжірибесімен қатар қолының қайраттылығы керек. Жұмекеннің әжесі мұндайда ер адамның қажырымен барабар болатын. Арқанды үш тіннен есетінін ескерсек, Үш тіннің біріккен басын керегенің көзінен өткізіп бір адам тартып есіп тұрады. Сол арқанның басын Бақытжамал әжеміз ұстайтын. Үш тінді үш адам ширатып есіп тұрады. Бұлардың қимылы да, ара қашықтығы да біркелкі болуы керек. Біреуі селкеу кетсе, арқан тегіс шықпайды. Осы өнерді игерген қайрат пен қажыр иелері әрі аналарымыз, ел басына қиын-қыстау туғанда арқа сүйер панамыз болып еді-ау. Өз басым осындай ортада қайнап өскен жастық шағымнан ұрпаққа ұлағат боларлық бір үлгі көрсете алдым ба деп те ойлаймын арасында...

Мен бұған дейінгі естелік әңгімелерімде айтып жүргенімдей, менің өмірге әкелген ата-анам да, мәпелеп өсірген нағашы атам мен әжем де, келген босағам да өнердің кеніші деп айтпасқа хақым жоқ. Атап айтып отырған Мүлік апамның қызы Маржан Зейнелқызының шешесінен алған қол өнерін былай қойғанда, шебер күй орындаушы ретінде елге танымалдығы өз алдына бір төбе. Атырау қаласында тұрады. Маржан бала кезінен домбырашы, консерватория бітірген.

Суыртпақтап айтқан сайын таусылмайтын шежіре жалғасын тауып, өріліп отырады. Жұмекенге жұптастырған тәңірім мың тәубе. Бір де бір сәттің көкейден кетпейді, жыл өткен сайын жаңғыра түсуде.

Соның бірі — Ирек өткел хикаясы еді. Қыркүйектің қарсаңы еді онда да.

...Міне, кәзір сол сәтті көз алдыма елестетсем, «Жұмекен дәл қазір алдымыздан жарқ етіп шыға қалса ғой» деген періште тілектің орындала кетуі де ертегіден алынған сияқты...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама