Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Бір тағдыр - бір жіп...

Сыр-сұхбат

Ақын шаңырағына, Жұмекен ағаның дүниеден өтердегі соңғы, көзі тірісінде қолы жетпей кеткен, сағат санап, күн санап әр кірпішінің қалануын, қабырғасы өрілген кірпіштің әр қатарының биіктей түскенін асыға күткен көкейкесті армандарының бірі — Құрманғазы көшесінің бойындағы қасиетті қара шаңырағына менің бұл келуім әдеттегі, арнайы сәлем бере келуімнен бөлек еді.

Ердің жасы елуіне де аяқ баспай, 49 мүшеліне де жетпей, 48 жасқа толуына алты күн қалғанда, күздің тұманды, ызғарлы күндерінің бірінде төңірегін түгел «аһ» ұрғызып, пәниден озған ақын арамызда тірі жүргенінде 75-ке толар еді биыл. «Алланың жазмышы», «өлшеулі ғұмыр» дегенді бар ділімізбен түйсіне тұра, адамзат өлшеміне сәйкестендіріп алғанда «ғұмыры қысқа» ақынның артында өлмейтін жыры, дүниеге әкелген анасы, жан жары және алды енді ғана тұрмыс құрып үлгерген үйелмелі-сүйелмелі бес баласы қалды. Өңкей жетім: жыр-жетім, ана-жетім, жесір жар, бала-жетім.

Сол күндері құдайдың құтты күні көкірегі қарс айрыла «Әмір-ай!» деп Нәсіп апамыздың күрсінгенін ұмыта алар емеспін. Бұл Әмір — Алланың әмірі. Оған қарсы тұру деген жоқ. Болып көрген емес! Осы әмірдің орындалғанына көнсең де көндің, көнбесең де көндің.

Сол жетімдерден тысқары тағы бір жоқтаушысы қалып еді Жұмекеннің. Ол — аға қайтыс боларынан 10-15 күн бұрын сиясы кеппеген «Менің топырағымды» қолыма ұстатып тұрып, «тезірек, қатесіз басып берерсің, шырақ» деген аманатын арқалап қалған мен едім. Ақын аға аманатын орындап үлгерместен, ажал шіркіннің күтіп тұрғанын кім болжапты.

Бәрі содан басталды десем де болады. Бақилық болған ақын рухымен отыз жылға таяу уақыт бойына сырлас болып алдым десем, кім сенеді оған. Сенуді айтасыз, мұндайда «сырқаттанып қалған» деген атқа ие болу бәрінен оңай болары сөзсіз.

«Менің топырағым» баспа өндірісіне даярлану үстінде екі жылға жуық баспагерлердің қолжазба сөресінде жатып қалды. Бір хабарын білу үшін редактордың есігін талай торыған кездеріміз болды.

Бір күні марқұм Дүйсенбек аға (Қанатбаев) кітапты өндіріске жіберуге қол қойылғанын, бірақ жұқа мұқаба берілгенін күйіне айтты. Мен болсам, дереу өзім нан тауып жүрген баспа саласындағы құпияны жария еттім. Құзырлы мекемелердің қоңырауынан кейін ғана ақын өмірінің соңғы сәтіне дейін жазып кеткен жыр жинағы баспадан тиісті деңгейде безендіріліп, жарық көрді. Ал Дүйсенбек аға болса «баспа құпиясын» жария еткені үшін басшылардан сөз естіді. Осындай адамгершілігі, шығармашылыққа жасаған жанашырлығы, ақын рухына еткен құрметі үшін Дүйсенбек ағаны қатты құрметтейтін едім.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл шаңыраққа осы жолы келген мақсатым — Жұмекен жырына ынтық оқырман қауымға ақынның 75 жылдығы қарсаңында ақын өмірінің бұрын айтылмаған беймәлім тұстарынан деректі әңгіме айтылса, сыр шерте алсақ деген ойым болатын.

Әңгіме үстінде әлдебір жайттарды компьютерден қарау үшін апай өз бөлмесіне шақырды. Бөлмеге кіре беріс сол жақ қабырғаға ұсталған түсқағаздағы өңкей сәйгүліктің суретіне еріксіз назар аудардым. Компьютер тұрған үстел үстінде кекілі көзіне түскен текті арғымаққа көңіл бөлмеуге болмайтын еді.

Ендігі сәт дайындап келген сұрақтарым жайына қалып, әңгіме өз арнасын тауып өріле берді. Нәсіп апай әңгімесін былай бастады:

«... Тәңірім менің ғұмырымды текті арғымақтармен сабақтастыра жаратқан ғой. Нағашы атам (көкем) мен әжем (мамам) мені — жиендерінің үлкенін көңілдеріне жұбаныш етіп, немере аңсаған көңіл шөлін басып, еріндерін жібіткен.

Мені он үш жасыма дейін ер балаша киіндіріп өсірді. Көкем мен мамамды қатты сыйлайтын ауылдастар арасында бірде-бір жан бетіме қарап сөйлемейтін ерке болыппын. Соғысқа кеткен нағашы ағамның жары — Сәбила жеңешем де қариялардың көңіліне қарап, маған қыз балаға лайық емес, қайнысы ретінде «Ақ төре» деп ат қойған. Көкем — нағашы атам маған жорға мінгізіп, шаң тигізбей өсірді.

Жұмекен екеуміздің аталарымыз елге құрметті, көпті көрген, беделді адамдар. Бүкіл Қошалақ құмына аты белгілі екі қарияның тұңғыш немерелері едік. Жұмекеннің әкесі соғыстан оралмай қалды. Менің әкем Сталинград шайқасында бір аяғын беріп елге аман оралды. Жұмекен жалғыздан қалған тұяқ болса, мені нағашы атам алты айлығымда бауырына басып, өз атына жаздырып, ұлым да, қызым да осы деп өсірген. Көкемнің бұлай дейтін себебі менің шешемнің жалғыз ағасы да соғыстан оралмай қалған. Жұмекеннің «Мезгіл әуендері» деген кітабындағы «Бір тағдырмыз, бір жіппіз» деген жолдар да өміріміздің ұқсастығы еді.

Көкем маған елде жоқ жорғаны тауып мінгізуші еді. «Культтруд» деген колхозда Темір деген жылқышы болды. Көкем керемет жорғаның тұқымы бар деп естіп, Темірге төрт түлік малдың әрқайсысынан беріп, еркек жылқы болмай, таңдап жүріп, құла байтал сатып алды. Құла жорға құлагер емес, таза мінсіз құла еді. Қамыс құла. Шабысы жоқ, таза жорға. Өзіміз тұратын ауылда, тіпті көрші колхоздарда одан асқан жорға жоқ. Байтал күнінде сатып алған соң құлындатпай екі жыл міндім. Төрт ат шабысқа мініп бардым. Мен мектеп бітіріп, кітапханада жұмыс істеп жүрген кезімде ұл балалары бар ауылдастары көкеме «Қызыңыз бой жетті ғой, енді жорға мініп қайда барады, Әділжаныңыз атқа мінгенше көп уақыт бар ғой, бізге сатыңыз» деп қолқа салған көрінеді. Менің 1950 жылғы туған інім — Әділжанды да көкемдер алты айлығында алып бауырына басқан. Құлажорғаға қатысты көкем ешбір үгітке көнбеді, қайта оларға ренжіп «Қарашы, олардың қыз балаға жорға не керек деуін, ұлдары өскеннің көзіне күйік болдырмаймын» деп, құлабайталды сойып алады. Арынды әрі екпінді құла жорғаның жыры осымен тәмам болды. Шіркін, құлабайталдың бойындағы шабыты екі-ақ жыл шалқыды. Қазір ойлап отырсам, қай заманда да жүйріктердің пешенесіне ұзақ ғұмыр жазылмаған. Сұқтану мен көре алмаушылық шын жүйріктің адымын аштырмайтыны өмірдің заңдылығы екен-ау. Тағдырым шын жүйріктерді маңдайыма жазғанына ризамын. Жүйрік ат пен жорға кімде болмады дейсің. Бұл жерде менің айтпағым — Аллаһ тағаланың әмірімен ерекше қасиетті туған адам да, жануар да ұзақ өмір сүре алмай тіл-көз атып түсіретінін айтып өту еді. Мен құла байталымды кейінгі кездері түсімде жиі көремін.

Жұмекен каникулда үйіне барып келгенінде атасы түйемен, өзі керемет ақбоз ат мініп келді. Ақбоздың бір қарағанда өз тұрқымен салыстырғанда құлағы кішілеу көрінді. Құйрық-жалы төгілген, құйрығы өте келте де емес, жерге жетіп те тұрған жоқ. Ақбоз шымқай ақ емес, өн бойында тарғақтың жұмыртқасындай теңбілдері болатын.

Жұмекен мінген ақбоздың үстіндегі ер-тұрманы да өзіне лайық еді. Жұмекеннің әкесінен қалған күміс қасты қалмақы ер, күміс үзеңгі өзіне арнап соқтырғандай шап-шақ, көрмеге дайындағандай көздің жауын алады. Ақ жылантөс құйысқан. Ақ қайыстан жасалған жүгенге ақ жыланбас қадап қойған. Қара қылдан есілген шылбырының ауыздыққа қосылар жерінде қылдың өзінен жасаған шоқ шашақ. Тебінгісін де жұқалап ақ жүннен басқан, тебінгінің шет жақтарын қызыл жүннен жіңішкелеп ескен қызыл жіппен құстаңдайлап жиектеген. Ақбоз жорғаның үстінде отырған болашақ ақынның қолында әкесінен қалған тобылғы сапты күміспен өрнектелген он екі өрме дойыр қамшы.

Бүгінгі күні сол кездегі Ақбоздың күмсәнді әбзелінен қалғаны — он екі өрме дойыр қамшы мен құйысқан ғана. Олар қазір бір түйір ұлымыз Мағжанның төрінде ілулі тұр.

Бұлардың бәрін тізбектеп айтып отырған себебім, сәнді ер-тұрман, бітімі бөлек жорға мен оның үстіндегі бозбаланың отырысы, әр қимылы керемет әсемдік пен үндестіктің үлгісі іспетті.

Осы көрініс көз алдымнан кетер емес, өмір бойы есімде қалған көрініс. Бұл маған ерекше айбын беріп, қуаттандыратын бақытты шақтарымның керемет бір көрінісі. Көңілім жүдеп жабыққан шақтарымда осыларды көз алдымнан өткізіп, қайраттанған кездерім аз емес. Өмірдің кей сәттері ертегідей болса, ертегінің өзін өмірдегі ізгі ниеттілердің ғажайып асыл армандарынан құрастырмаған деп кім айта алар?

Ол күндері, сонау алыста қалған қимас күндердің бірінде осыншама үндестіктен әсерленген сүйіспеншілік сезімінің арқасында ақынның өзіме арнап жазылған өлеңдерінің біріне мен де жауап ретінде өлең арнағанмын. Өлеңнің аты «Ақбоз жорға». Балауса шақта адам өлең оқуға жаны құмар, ақындыққа еліктегіш болатын әдеті ғой. Жұмекен менің бұдан бұрынғы шатпақ өлеңдеріме «жаман», «жақсы» деп еш пікір айтқан емес. «Ақбоз жорға» атты өлеңді қатты ұнатты.

Осындай күндердің бірінде мынадай түс көрдім. Жұмекен каникулдан қайтқанда мініп келген ақбоз жорғасымен, үстінде күнделікті киіп жүрген киімі бар, ақ бұлттардың үстінде ұшып жүр екен деймін. Ақбоздың төрт аяғы төрт қанат сияқты жайылып кеткен. Мен өзім де сол көріністің ішінде жүрген екенмін деймін. Төмен қараймын... Аяғымыздың астында әппақ мамық тап-таза бұлт. Қалықтап ұшып, адам айтса сенгісіз әсерге бөленіп келеді екенмін. Жұмекен ақбоз жорғамен биіктей береді, биіктей береді...

Осы көрген түсімді Жұмекенге айтып жеткізуге бата алмай, ұялып біраз жүрдім. Мазақтай ма деп те жасқандым. Елде түс жорығыш Мәнер деген біреу болыпты. Оны бүкіл Қошалақ біледі. Түс көргіш, жорығыш әлдекімді жақтырмағанда ел ішінде «Мәнершілеп отырсың» деген сөз бар еді. Өзім осыдан жасқандым. Бірақ жақын досым Бақыт Ғұмарова Жұмекенге айтқанымды жөн көріп, айтпасыма қоймады. Жұмекенге жазған кезекті хаттарымның бірінде осы түсімді жаздым. Оған жауап хатта Жұмекен маған ол түске қатты қуанғанын айтты.

Менің тағдырым шу асау тарпаңдарға емес, текті арғымақтарға серік болуымен мәнді.»

Апам әңгімесін айту үстінде сонау алыс, алыс та болса көкейінде ешқашан көмескіленіп көрмеген аяулы жылдарын аса тебіреніспен есіне алып, әр оқиғаны майын тамыза, бояуын жарқырата көз алдыңа көркем көрініспен ұсынады.

Әңгіме әсерінен айыға алмаған күйімде қолыма қалам алып (компьютерге теруге де тәуекел етпей), бір де бір сөзін қалт жібермей қағаз бетіне түсіре бастадым.

...Көз алдымда соғыстан кейінгі ауыл. Шағын мектеп. Сол кездің білімге сусындаған шәкірттері. Алғашқы пәк сезімін өлеңмен өрнектеген бозбала. Қолына құрбысы табыс еткен хатты оңашада оқып, алма жүзі қызарып алаулаған жасөспірім ақсары сұлу қыз...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама