Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ар қарызы

Қызметтен қайтқан Жетісудың 719 жігіті Ғалихан атына медресе я стипендия ашылсын деп 2 мың сом «Қазақ» басқармасына тапсырғаны «Қазақ» газетінің 232-нөмірінде басылды.

Міне, адамның көзіне жас, көңіліне махаббат келтіретін зор жұмыс. Абай марқұм «Тоқ татуды сыйламай, аштарға берген ас артық; үйінде босқа бұлдамай, қатерге түскен бас артық» деуші еді. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі кетпес» деген – қазақтың ескі мақалы. «Кеңшілікте дос та дос, таршылықта табылған дос өзгеше...» деген – ескі өлең.

Мына аштықты, жалаңаштықты көріп, майданнан қайтқан жігіттердің бұрын қазақ қылмаған қылықты бастап отырғаны жоғары мақал мен өлеңді айтушыларды әулие екен дегізгендей.

Әйтпесе Ғалиханның қазақ бауырына алғашқы қылған қызметі бұл ғана емес. Ғалихан адам боп ат жалын тартып мінгелі «Қайтсем қазақтың ұшы ұзап, жаны жайылып жатқа жем болмай, ел қатарына ерер екен» деп, күндіз күлкі, түнде үйқы көрмей шыбын жанын фида қылғаны жұртқа мәлім. Выгоргский возванияға қол қойғанын қате деушілерге айтқанын құлағым естіп еді: «Мына хүкімет хүкімет боп тұрғанда қазақтың не қылса да жолы болмайды; осы возванияға қол қоюшы халықтың жолы болғанда, сонда көзі ашылады. Мен Выборгтан қашсам, бір ғана мен қашқан болмай, қазақ халқы қашқан боп, ел бетіне қара таңба болатын еді. Ертең жолы болған күнде ұялмай қазақтың есе сұрауына жақсы. Қол қойғандықтан абақтыға бір ғана мен жатамын», – деп.

Адам баласы әкесі мен шешесінің кім екенін де үйреніп, біледі ғой. Сол сықылды қай халық болмаса да бірінен-бірі өнеге алып, ілгері басып келе жатқаны да халыққа мәлім. Бізден ілгері, үлгілі елдің Ғалихан сықылды адамының атына неше түрлі игілік іс шығарып, игілігін ел көріп, атағы ана жақсының атына қойылып келе жатқаны бір талай жандарға тағы мәлім.

«Қазақ» газетінде айтып отыр: «Жігіттер айтқан медресе я стипендия бұл екі мың сомға ашылмайды. Бұл бір ғана басшылық», – деп. Енді кеткені келіп, кемтігі толған алаштың сәулелі азаматтары! «Достыққа достық – қарыз іс, дұспаныңа әділ бол» деп марқұм Абай айтқандай, бізге достық қарыз емес пе?

Бүл істен екі түрлі игілік күтуге болады: бірі – жоғарыдағы екі жұмыстың қайсысы істелсе де, игілігін ел көру; екінші – еңбек қылған ердің қарызын білетін ел боп көрінген соң, халыққа қызмет етейін деген жастардың талабы ашылады.
Қане, жұрт! Мына жігіттердің тұңғыш бастаған жолына аз-көп демей, һәркім шамасына қарай түселік.

«Сарыарқа», 1917, 4 шілде, 4-нөмір


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама