Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ашаның махаббаты

Суыр ана — Аша өз туыстарынан бұрын оянып, абайлап іннен сыртқа шықты. Жарықтан ұялған көздері жасаурап барып, сәлден соң қалпына келді. Қарайған-құрайған нәрсенің барлығын зердесіне тіркеп, төңірегін жіті шолып шықты. Күнгей беттердің қары кетіп, жер ала-құла бола бастапты. «Тірі құлға көктем де шықты» деп Аша іштей күрсініп, осы күнге жеткеніне риза болды. Енді оянған даланың салқын да таза жұпарын кеудесіне сүйсіне тартып, рахаттанды. Сосын іннің аузы орналасқан төбешіктен төмен құлдап, етектегі ескі шөптердің басын шалып көрді. Олардың ұйпаланған түптерінде енді-енді құрттай бастаған қияқ ұштары да қылтияды. Аша жаңа өскіннің тамырын қазуды жөн көрмеді. Бір жағы, тоңы толық жібімеген қара жерді қопсытарлықтай, оның бойынан қайрат та табылмас еді. Тұяқтарының ұшы мұқалып, кезінде күн сәулесі еркелейтін қасқа тістерінен өткірлік кетіп, сорая сарғайған...

Ол, осы көктемнің өзі үшін соңғы екенін іштей сезеді. Төбеден төңкерілген көгілдір аспанның түсі сондай мөлдір еді. Күн табағы енді ғана жылушырап, мейірі алда екенін аңғартқан ырымды шақ. Ашаның үрім-бұтақтары әлі ұйқы құшағында. Олардың бойына жинаған қоректік майлары түгесіле қойған жоқ-тын. Қалай дегенмен де оянатын уақыт таяп қалды. Бүгін-ертең олар да жыбырлап сыртқа шығады. Таралмаған тондарының жабағы жүндері бұрқырап, ұзақ ұйқыдан арыла алмай есінеген сүдіндері күлкілі көрінуші еді.       

Бірақ, бір ай өткен соң оларды тану мүмкін емес-тін. Жабағыдан арылып, қылшық жүндері жылтырап, қутың-қутың жүгіре бастайды. Ержетіп, еркектік сезімі оянғандары көршілес суырлардың қонысына көз тігіп, қалыңдық іздейді.

Соның арасында қыстап шыққан үйшіктерін тазалап, жаңадан шөп орып, төсек-орындарын жаңалайды. Бұлардың негізгі жұмысы – келесі қысты аман-есен, ұйқы құшағында алаңсыз өткізу үшін қарындарына қажетті май жинап алу. Шалғынға жайылып, дәмдісі мен тәттісін таңдап жеп, түбіндегі тамырын да кеміреді. Құрт-құмырсқа, қоңыздарды да тәбеті тартса, торсылдатып жей салады. Тынымсыз тамақтану арасында таранып, сылану сияқты тазалық қамын да ұмытпайды.

Ашаның бауыры жыбырлап, тыр-тыр қасынды. Бүргелердің де қарны ашқан тәрізді, әр-әр тұстан шаға бастады. Киізденіп кеткен жүнді қасу да оңай емес еді. Соны білгендей: аш бүргелер жалаңдап талауға кірісті. Арса-арса болып, құр сүйегі салдыраған кәрі денесінен талғажаулық сөл таппаған бүргелерге Ашаның жаны ашыды. «Сендерден де бір жола құтылатын күн келер» деп өзін-өзі сабасына түсірген болды. Сөйтті де інге таяу тұстағы күнге қыздырынып жатқан алып суырға ұқсас көкала тасқа қарай жорғалады. Тырмысып тастың жоғарылау тізесіне көтерілді. Оның бауырындағы түбі қарайған жарыққа кіріп, тереңіне үңілді. Су қараңғы соқырша ештеңе көре алмады. Жорғалап қайта сыртқа шықты. Күн жарқырап-ақ тұр. Көздерін бір ашып, бір жұмып, сосын алақан сыртымен уқалап, жанарын тұтқан мұнарды таратпақ амал жасады. Тағы да қуысқа енді. Осы жолы ары таман барды.

Оның сол баяғы жатқан қалпын өзгертпеген пішіні Ашаның көзіне оттай басылды. Алдыңғы екі аяғына басын салып, тапжылмастан бері қарап жатыр екен. Бұл — Ашаның бір кездегі нақсүйері емес, оның қаңқасы ғана екенін ол іштей мойындайды. Бәрібір де көктем келіп оянған кездегі Ашаның алғашқы қастерлі міндеті — осы қуысқа келіп, сүйіктісін бір көріп кету еді...

Сол бір қайғылы күн Ашаның есінен ешқашан да кеткен емес. Осы жолғы сияқты қысқы ұйқыдан сәтті оянып, өрен-жарандары көк шалғында алаңсыз жайылып жүрген-ді. Сондағы күннің тамылжуы да ерекше болатын. Аша мен Архо да өз отбасыларын құрып, өмірге келетін балапандарын тосқан сәт еді. Ары кетсе бір айдың жүзінде кішкентайлары дүниеге келіп, бауырларын жазған соң, осы көкорайда еркелердің асыр салған ойындарын тамашалайтын күн де алыс емес сияқтанатын. Осындай тәтті қиялдың жетегінде жүріп, Аша көктің нәрлі сабақтарын шайнап, бойына құнар жинау үстінде еді. Кенет, Архоның «Жаным, қаш!» деген ащы айғайы тұлабойын дір еткізді. Аша ту сыртынан өзіне қарай баспалап келе жатқан адамзат баласын байқады. Оның қолында, ұшында темір ілгегі жылтыраған ұзын құрық бар еді. Аша жанұшыра таяу тұстағы іннің біріне қаша жөнелді. Адамзат баласына ұстатпай, тік қазылған інге топ ете түсті. Сәлден соң қайта өрмелеп шығып, басын қылтита сыртқа көз салды. Есіл дерті Архо еді...

Ол іннің аузындағы биік үйінді үстінде келсең кел дегендей жауына қасқая қарап тұр екен. Әлгі адамзат баласы соған қарай беттеді. Архо жауын іннің аузынан алыстау алып кеткісі келген тәрізді, сұлап жатқан суырға ұқсас көкала тасқа қарай ілестіре қашты. Тасты айналып үлгерсе болды, сол жерде тағы бір сақтық үшін қазылған ін бар болатын. Амал нешік, адамзат баласы оның алдын орап, кес-кестеп тастың жарығына апарып қамады. Сонымен ол амалсыдан түбі бітеу тар қуысқа кіріп, бас сауғалауына тура келді.

Адамзат баласы қолындағы ұзын сырықтың ұшын Архоның бүйіріне дәлдеп, ары-бері ырғай бастады. Алғашқыда жай сипалаған сияқты болған еді, кенет, өткір тіс Архоның сауырын осып өтті. Сонан соң кірш етіп қалың етіне қадалды. Архоның жаны көз ұшына келді. Оны әлдебір сұмдық дүлей күш сыртқа қарай тартты. Егер ауырсынып, жарақаттан жасқанатын болса, дедектей жөнелетінін білді. Бірақ, Архо терісі түгілі етінің ыстық қаны шапшып жыртылғанына да қарамай, төрт тағандап жатып алды. Ұштығы әбден қайралған темір ілмек оның денесін аяусыз турай берді. Тырыс-тырыс етіп, қабырғаларының сынғаны да естілді. Адамзат баласы Архоны бір сүйем де жылжыта алмады. Оның өзі әбден әбігерге түсті. «Бұл не деген қырсық суыр еді?» дегендей ара-тұра қуысқа үңіліп қарап қояды. Сосын сырығын суырып алып, қан мен жүнге былғанған ілмегін тазалады да жерге бір түкіріп, келген жағына қайқайды. Архо енді адамзат баласына қажет емес еді. Себебі, оның терісі дал-дұлы шығып, іске татымайтын күйге жеткен-ді...

Архоның есі кіресілі-шығасылы халде болатын. Манағы жан төзбес азап басылып, денесін дуылдаған уыт меңдеп, бірте-бірте ол да тарай бастады. Қысқы ұйқыға кетер шақтағы маужыраған күйді аңғарған Архо — оның тым ерте келгеніне таң қалды. Таң да осы әзірде атқан секілді еді, төңірегі тұтасып, қара түнекке құлдырап бара жатты. Санасының бір саңлауында алаңсыз жайылып жүрген Ашаның кейпі жылт етті. Архо бар күшін жинап, төніп келе жатқан хабарды жеткізу үшін «Жаным, қаш!» деп айқай салды. Шын мәнінде Арходан ешқандай дыбыс шыққан жоқты. Көкірегінен бұрқ еткен қанға тұншықты да басы: алдына, тірене созған екі аяғына сұлқ құлады.   

Аша Архоның бір уыс жүнге оранған қаңқасына қарап, өзі мен өзі сөйлесті.

— Осындай ояна сала, кейде қапаланған кездерімде сенің басыңа әрдайым келуші едім. Көбінесе, отбасымыздағы қуанышты бөліскім келетін. Сенен тараған ұрпақтарыңның ер жетіп, есейгендерін, енді олардың балаларының еркетотай қылықтарын өзіңе жыр қылып айтушы едім ғой... Өзің көсем болып, ие болғың келген аймақты сенің үрім-бұтағың мекен етіп, әмірін жүргізеді. Көптеген індері, жайлы үйшіктері бар, қанатын кең жайған бір дүйім жұртқа айналдық.     

Қымбатты, Архом менің! Бұл жолы, қыстап шыққан орнымды тазалап, жаңа төсеніш салуға шамам жетпейтін тәрізді. Қу бүргелер менсіз қыстайтын сыңайлы.     Ойымда саған айтайын деген бір маңызды нәрсе бардай еді, кәріліктің келгені осы болар... аяқ-асты ұмытып қалдым. Айтпақшы, сенен айырылған соң, мен көтермейтін болдым. Көрші ұялардың ұрғашы іздеген еркектері қанша тыраштанғанымен жүкті болмай, қысыр қала бердім. Олар да кейін мазаламайтын болды. Сөйтіп, ешкімге керексіз болып, жалғыз бастыға айналдым. Бала-шағаның өз тіршіліктері өздерінде. Күннен күнге халімде кетіп бара жатқан сияқты. Ендігі іздегенім өзің болдың. Егер қарсы болмасаң, сенің қасыңнан тыныштық тапсам, арманым болмас...

Сыбдырлаған дыбыс шықты. Аша артына бұрылып қарағанда, тура өзіне беттеп келе жатқан адамзатты көрді. Иығына асынған шолақ таяғы күнмен ойнап, жылт-жылт етеді. Осы өлкеге бұлардың талайы келіп, талайына Ашаның туыстары мен көрші ұяластар да олжа болды ғой. Олар аздай, төбеден қанаттары сусылдаған қара тажалдар да күшіктерін іліп әкетіп жатты. Кілең тіміскіленген қандықол жауыздар. Ешқайсысынан жақсылық пен мейірім күтуге болмайды. Есін жимаған табиғаттың есеңгіреген шағында сенделген бұл еселаң, не олжа іздеп жүр екен?

Кәрілік жетіп, қадыры кетсе де қу жан тәтті ғой. Аша тастың жарығына жып берді. Сосын әлгі қараның қайда екенін білуге артына қарады. Аяғын күрсілдете басып, ол да жеткен еді. Қап-қара көлеңке болып, дүниенің жарығын біраз бүркеп тұрды. Алысқа кете қоймаған Ашаны қолындағы таяқпен түрткіледі. Тұла-бойын бүрге талап, қасына алмай қор болған Ашаның әр түрткен сайын айызы қанып, киізденген жабағысы дыр-дыр сөгілді. Бірақ, бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Келесі жолы таяқ Ашаның бүйірін түсіре жаздады. Бататын жан қалмаған сияқты көрінген қауқарсыз денесін сүйрей қашты. Қуысты көлегейлеп тұрған қара көлеңке сейіліп, нақ алдынан Архоның қасқа тістері ақсия көрінді. Осы сәтте сырттан шық еткен дыбыс шықты. Ал, одан бұрын Ашаның тұла-бойын ыстық от көктеп өткен-ді. Оның екі көзін Архоның жұлдызша жанған маржан тістері ұялтты. Кенет, бұны көріп қуанғандай, Архоның басы селтең ете түсті. Ашаның жүрегі жылып қоя берді. Иә, Архосы тірі және бұны зарыға тосып жатыр екен ғой... 


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама