Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Шайтан қуыс

Бұл — бір ғанибет той болды! Осындай қызықтың аяғы әсте болуы тиіс емес-ақ. Бұны, өмір бойы жалғаса беретін, соңы жоқ той дерсің... Жас қосылғандарға мықты денсаулық пен кемел келешек тілеген ұсыныстар — шынылардың сыңғырына ұласып, арақ пен шарап қылқ-қылқ жұтылып жатты. Әдетте, «Төбелес болмаған тойдың қызығы жоқ» деген дәстүр ескірген тәрізді. Таң әбден аппақ болып атқанша: қонақтар ән салып, би биледі. Сонан соң, сол татулықтарын жоғалтпай, «кетераяқтарын» да қылымсымай ішісіп, қимастықпен қоштасты.

Хамит пен Гүлнәр аэропортқа тартты. Билеттері алдын-ала алынған болатын-ды. Ешқандай кедергісіз, тиісті мерзімінде аттанып кетті. Аспан жолына екі сағат уақыт жұмсап, түс ауа, аман-есен еліне де жетті. Үйлеріне келген бетте жатын бөлмеге бет алды. Бір абиыры, балалары жазғы демалыста, ауылдағы ата-әжесіне кеткен-ді. Алаңдайтын ешкім жоқ. Және ертең жұмыс күні. Осы жатқаннан тыпыр етпесе, келесі таң атқанда дендері айығып, атша шауып кетпей ме... Бастың гуілінен, аяқтың дуылы озып тұр.

Хамит әйелін аймалағысы келіп, махаббат ымырасын танытып еді, анау жақтырмай, бірдеме деп міңгірлеп, теріс аунап түсті. Көрпені көтерген төбешікке ынтыға қарап, өкпелей салсам ба екен, әлде тағы бір бақ сынасам қалай деп жатып, Хамиттың өзі де қор ете түскенін аңғармады. Біреу бүйірінен нұқып қалғандай оқыс оянды. Ақшаң етіп әйеліне қарады. Ол алаңсыз, ұйқы құшағында екен. «Жаным-ау, түнімен еліктің лағы секілді секірдің ғой. Әлі, қызға бергісізсің!» деген оймен елжіреп, әйелінің бетінен шөп еткізді.  

Бөлме іші елең-алаң. Шөл қысып тұр екен. Іш киімімен ас бөлмеге барды. Таңдайын жібітпек болды. Көз қиығы қабырға сағатқа түсікенде жүрегі тоқтап қала жаздады. Сағаттың кішкентай сирағы сегізді көрсетіп, үлкені тоғызға қарай қисайыпты. Жалма-жан жатын бөлмеге барып, әйелін оята бастады. Анау, жұмысқа жайырақ баратын айтып, көрпені басына тарс бүркеді.   

Хамит өмір бойы қалыптасқан ғадетінше жуынып-шайынып, киініп сыртқа шықты. Аялдама да алыс емес еді. Бұл жеткенде автобус та келе қалды. Салондағы адам қарасы мардымсыз екен. Неге бұлай дегендей бір алаң қылаң етті де артынша көңілі орнына түсті. Оған себеп, бос орынның көптігі мен күндегі зығырлы иін тірестің жоқтығы алданыш болған сыңайлы. Өзінің қалаған орнына барып жайғасты. Шіркін, әрдайым осылай жолы бола берсе ғой.

Қалалық мәдени-демалыс саябағының тұсына таяғанда — музыка ойнап жатқан секілденді. Жақындай түскен сайын, дүңкілі үдеп, растығын дәлелдеді. Мынадай таңсәріден мерекелетіп жатқан жағдайға — Хамит аузы аңқая таңырқады. Бұның мыйы жетпейтін іс-шараны қала басшылығы тектен-тек ұйымдастырмас, бір ойлағандары бар шығар деп, тағы сабырға келді. Автобус іші бірте-бірте босай бастады. Кідірген аялдамалардан отырған жаңа жолаушылар некен-саяқ.

Ол өзіне қажетті тұстан түскен кезде — Хамитты түннің қалың қараңғылығы қарсы алды. Тіршілікті аңғартқан селеу-селеу көше шамдарының сығырайғаны болмаса, бұл маң — күндіздің өзінде абыр-сабырдан аулақ, тыныш аудан еді. Күллі дүниенің құлағы бітіп қалғандай тым-тырыс тыныштық. Хамит сүйенетін бір нәрсе іздегендей, қос қанатын жайып, мүлгіген түннің құшағына енді. Кешіпей жұмысқа жетіп, «планеркадан» қалмау еді ең басты мақсаты. Мына тұмшалаған қара түнек сейіліп, ақ таңға жол бергеннің орнына тұтасып барады. Ары қарай үңги түскен сайын, алаңы ұлғайып, үрей үйірсектеді.  Елі көшіп кеткендей, бір тірі жан кездесер емес. Кенет, әлдене алдынан қараң ете түскендей болды.

— Әй, туысқан, тоқтай тұршы!..

— Саған қаңғыған ит туысқан! Менде қай әкеңнің басы бар? — деп әлгі қара тез-тез тарпылдатып, ұзай жөнелді.   

Хамиттің кеңселері осы тұстан алыс емес-тін. Былайғы жұрт бұл жерді «Шайтан қуыс» деп атайтын. Күндіз, қалың тоғайдың саясындағы: құстары ән салған, төрт құбыласынан қоңыр салқын ескен ғажайып мекен. Ал түн баласы бұл жаққа ешкім аттап баспайды. Өзімен өзі жеке тұрған кеңсені де ешкім күзетпейді. Ұрлайтын дәнеңесі жоқтығынан емес, ұрыларға да жан керек болғандықтан. Бұл аудан — небір таңғажайып, сұмдық оқиғалардың куәсі. Адасып, кездейсоқ кіріп кеткен адам мен мал үшті-күйлі жоғалып кетеді-мыс. Әрине, оны өз көзімен көрген ешкім жоқ. Ал, әңгімеге сенімсіздік танытып, рас-өтірігін шығаратын ержүрек те осы күнге дейін табыла қоймапты.

Хамиттың онсыз да гуілдеген басын — мына жағдай: мүлдем араның ұясындай шулатты. Аса бір келеңсіз сәтке тап болғанын бүйірімен сезеді. Сөйте тұра, толық тарамаған мастығы: «Шұрқ етпе бауырым, сәлден соң таң да атады. Жұмысыңа дәл уақытында келдің!» деп дем бергендей...

Әлде, осының бәрі «Шайтан қуыстың» алдын ала жобалаған арандатушылығы ма екен? Әйтеуір, Хамитты жылы төсектен тұрғызып, бір әзәзіл осы араға жетектеп әкелгені ақиқат. Мүмкін, түсі шығар?.. Енді бір сәтте Хамит, дүниенің доңғалағы кері айналып бара жатқанын бағамдады. Таң бозындағы даңғырлаған музыка, жайшылықта бір-біріне мінгескен жолаушылардың сиректігі, сәт сайын түнеріп бара жатқан мылқау түн...

Ол кеңсенің сыртқы есігін жұлқа тартты. Темірмен қапталған ауыр есік былқ етпеді. Кіре берістегі қалпақ астынан шашыраған онсыз да мәз емес жарықты, жынды көбелектер мүлдем тұтып тастапты. Мына сұрықсыз суретті көргенде — шын-шайтанның мекеніне тап болғанына зәредей күмәні қалмады. Ағаштан өрілген қос қабатты кеңсе — жердің төсінен қақырай жыртылып, шетсіз-шексіз ғаламға шырқап кеткен қара қойдың терісіндей ғана аралға ұқсады. Өлеусіреген шамдалдың жарығы жеткен тұс — сол аралдың ернеуі еді. Одан ары аттасаң, түпсіз құзға құлдырайсың...

Хамит табалдырыққа құйрық басып, арқасын қабырғаға сүйеді. Зыңылдап басы айналды. Барша әлем өзінің бастапқы пайда болған нүктесіне қарай, кері ызғып бара жатқан секілденеді. Енді біраздан соң ол, он сегіз мың ғаламды жаратқан Жаратушының қақ алдынан шығатынын сезді. Сөйтіп, адамзат алдындағы аса маңызды тарихи міндет жүктелген, адам кейпіне енгенін түйсінді. Солай мәңгіріп отырғанда, көзі ілініп кетті.

... Ол, қолына аса таяқ ұстаған ақ сақалды қарияның алдында тізерлеп отыр екен дейді.

— Ә, келдің бе? — деп үлкен адам таяғымен еденді бір түйді.  

— Келдім, ақсақал, — деп Хамит күмілжіді. Іштей ойланып қалды. «Қайда келдім? Мына шал кім?». Сосын бәрі есіне сап ете түсті. Бұл — Жаратушының өзі екен ғой? Мана, осы кісімен кездесуге құстай ұшып келе жатқан жоқ па еді? Жарықтық үлкен адам екен-ау? Қолындағы асасы — Хамиттың әкесінің қисық таяғынан аумайды. Жыны келгенде өстіп жерді бір түйіп қалушы еді, ол жарықтық та...

— Сендер күннен-күнге лағып, жүрген жерлеріңді ластап болдыңдар! Осынша еңбегімді зая кетірдіңдер! Мекен етуге Жер жетпегендей Айға бардыңдар. Одан ары да тіміскіленіп жүрсіңдер. Іздегендерің не?

— Ғылым ғой... дамып бара жатқан... Сізді тануға ұмтылған түріміз.

— Сендердің түрлерің жаман! Мені танып, тауып алсаңдар, не істейтіндеріңді болжауға дәтім бармайды!

— Сонда біз құбыжық болдық па?

— Құбыжықтан да қорқыныштысыңдар! Жер бетіне жаратқан күллі тіршілікке қамқор болсын деп, өзіме ұқсатып, мыйларыңа сана құйдым. Маған серік болғанның орнына сайтанмен ауыз жаласып, жұмақ пен тозақты осы дүниеден тудырдыңдар. Қылған қиянаттарыңды жазатын қағаз да қалмады. Түңілгенім соншалықты, енді сендерді өздерің салған үйшіктеріңе қамап, өздеріңмен еркі бір аң-құстарды айырылған мекеніне қайтаруды ұйғардым. Көше мен дала енді солардың еншілігінде. Сендер, темір торлы терезелеріңнен сыртқа қарап телміресіңдер. Әне қара, құралайын ертіп, киік кетіп барады. Оған қарсы қонжықтарын жетектеп аю келе жатыр...

Әлдекім Хамитты түрткілеп, бауырына кіргісі келгендей қысылыса жатты. Ол көріп жатқан түсінен шатасып, өң мен жоқтың арасындағы халде күбірледі.

— Жаным, Гүлнәрім менің! Аяулым менің! Қандай жұмсақ едің?!.

Осы кезде бастары ауырып, кімге тиісерін білмей келе жатқан екеу Хамитты көріп, кілт тоқтады. Үстінде тәп-тәуір киім. Демек, қалтасы да бос болмауы тиіс. «Өлмегенге өлі балық» деген осы шығар? Алақандарын ысқылаған қос қағынды тонауға бет алды. Ояна қалса, бастан бір ұрып, есінен тандыра салуға бір-бір тас ұстады. Алдындағысы білегін сыбанып, қолды Хамиттың қойнына зып тықты. Сол-ақ екен:

— Ойбай-ай!!! — деп баж етіп, қолын кері суырып алды.

— Не болды ей?!

— Қолымды қалтасы қауып алды!

— Қалта қабушы ма еді?

— Қойнына тыққан қақпаны бар екен! Міне, қан сауылдап барады!

— Құрысын қашайық! Бұл тегін емес — «Шайтан қуыстың» бір пәлекеті шығар?

Екі қағынды үдете тарпылдатып, ұзап кетті. Хамиттың құшағынан сытылып шыққан қара қанден анадай жердегі терек түбіне барып, сирағын көтеріп сарыды да дүр-дүр сілкініп, орнына қайта келіп жайғасты. Хамиттың ұйқыдағы қолы төңірегін сипалап, оны жоғалтып жатыр екен.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама