Сүрткіш
Мұхиттың арғы жағындағы алып қаланың орталық алаңында серуендеп жүрген едім. Елден келгелі үш айдан астам уақыт өткен. Қанша жерден өркениетті елдің әлемге әйгілі шаһарында жүрсем де, туып өскен ел-жеріме тез жетуді армандап, көңілім алып ұшып, асығумен көп күндерім өтті. Міне, ертең таң сәріде елге қайтамын. Уақыт жақындаған сайын тағатсызданып, бұрынғыдай күнді емес, енді, сағат, минутты да санап кетеді екенсің. Бала-шағамды сағындым ба, осында өткізген үш айды ой елегінен өткіздім бе, алаңда қанен-қаперсіз баяу ғана адымдап жүр едім. Қасымнан өте берген біреудің:
— Excuse me, are you Kazakh? (Кешіріңіз, сіз қазақсыз ба?) — деген тосын даусы еріксіз жалт қаратты.
— Иә, қазақпын!
— Ассалам әлейкум, бауырым! — деп, күректей үлкен алақанымен қолымды қысқан жігіт ағасы, танысудың ишарасын білдіріп, өз есімін: — Ақмырза! — деді. Мен де аты-жөнімді айтып, қолын қыстым.
Астанадан осында келіп орналасқанына бес жыл болыпты. Әлде бір ірі компанияда қызмет ететінін айтты да әрбір қазаққа тән мінезбен “үйге жүр, қонақ бол”-дың астына алды. Рақметімді айтып, бас тарттым. Екеуіміз алаңда бірге серуендей жүріп біраз уақыт әңгімелестік. Ел-жұртты сағынғаны, көптен бері ашылып әңгіме айтпағаны аңғарылады. Менің азанда елге қайтатынымды естігенде, қызыға қарап көзі жасауырап кеткендей көрінді де:
— Бауырым, азғана уақытыңды бөлші, маған! Ана тұрған дәмханаға жүр! Алаңсыз отырып бір сырласайықшы! — деп, қиылып тұрып, жалынғандай сыңай танытты.
Әрине, келістім. Екеуіміз кең залдың түкпіріндегі у-шудан аулақтау бір орынға жайғастық. Жеңіл-желпі тағамдармен бірге ағылшын шәйіне тапсырыс бердік. Менің аздап жазушылықпен айналысатынымды естігенде, Ақмырзаның қос жанары жайнап шыға келді де:
— О, бәрекелді! Нағыз “іздегенге сұраған” дегеннің осы болды ғой. Айналайын, бауырым! Көптен бері ішіме сыймай жүрген бір сырымды саған ақтарайыншы! Міндетті түрде жазасың ғой, ия? — деп, “бұл шынымен жазар ма екен, қалай болады” деген сыңаймен бір сәт жүзіме тесіле қарады.
— Ағасы, егер әңгімеңіз қызықты болса, неге жазбасқа? — дедім.
— Бәлкім, біреуге қызық та болар. Бірақ, мен үшін оның қызығынан гөрі шыжығы басымдау болар-ау! Дегенмен, менің аты-жөнімді нақты көрсетпеуге уәде бересің ғой?
— Уәде, Ақмырза аға, еш алаңдамаңыз! Жалпы, мұнда келгеніңізге біраз жыл болыпты. Елге қайту ойыңызда жоқ па? — деп сұрадым.
— Е, ел жеріне қайтуды кім ойлаймайды дейсің. Жасым елуді еңсеріп қалды. Адам баласы егделенген сайын туып өскен жерін сағынып, кері қайтқысы келіп тұрады екен... — деді де, терең бір күрсініп, алдындағы шәйін қолына алып, сораптай бастады.
Елден кетіп шет жайлағандардың арасында неше түрлісі бар. Біреулер қазынадан немесе қорлардан ақша жымқырып, ізін жасыру үшін де осылай шет елдерге келіп орнығыды. Ондайлар қашып-пысып жүреді. Енді, бір тобы ресми билікке жақпай қалып, бас сауғалап кетуі де мүмкін. Бірақ, Ақмырза мұндайлардың еш біріне ұқсамайды. Егер өйтіп жүрген болса, көшеде сырттай көре салып, өзі шақырып тұрып, тілдеспес еді. Керісінше, көзге түсе сала, алды-артына қарамай қашып бой тасаламай ма. Қазір асықпай отырып, бірдеме айтқысы келеді. Оның бастала қоймаған әңгімесіне қызығушылық оянды да, айнып қалып жүрер деп ойлап, ептеп сөзге тартуға көштім.
— Ағасы, елден неге кеттіңіз? — деген сұрағыма ол:
— Е, бауырым! “Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар” демекші, туыс-туғаннан безіп, ел-жерден шалғайда жетіскеннен жүр дейсің бе? Шарасыздықтан да. Менің де намысым бар ер азаматпын ғой. Сол себептен де “сүрткіш” болып жүргім келмеді. Сөйтіп елден кеттім ғой.
— Ағасы, сүркітшіңіз не? Жұмбақтамай айтсаңызшы! — деп, одан ары қызыға түстім.
— Енді, соның басын ашайын, іштегі бар сырымды ақтарайын дегендіктен алаңда серуендеп жүрген сені әдейілеп мұнда әкелген жоқпын ба? Жазушылығың болғаны тіптен жақсы болды. Бәлкім, бұл оқиғаға сен күлерсің. Бірақ, мен үшін соншалықты көңіл көншітерлік нәрсе де емес — деп, бір жөткірініп алды да, Ақмырза былай деді:
— Егер есіңде болса, сонау жылдары біздің елде оңтайландыру деген бір науқан өтті ғой. Сол тұста қызметтік орным қысқарып, жұмыссыз қалдым. “Екі қолға бір күрек” деп кен қазып, батпақ илеп кететіндей жұмысшы болсаң, кез келген жерден нәпақа тауып жүре бересің ғой. Бастық болмасам да білдей бір маманмын. Екі ай бойы сандалдым. Ашпаған есігім қалмаған шығар. Сөйтіп жүргенде, бір мекемеде бос орын пайда болғанын танысым хабарлай қойды. Салып ұрып жеттім. Қаланың ескі бөлігінде орналасқан шағын ғана басқарма екен.
Мемлекеттен қаржыландырылатын, еңбекақысы аса көп болмаса да сенімді. Олай дейтінім, басқарманың өзі қысқармайтын, жекешеленіп те кетпейтін тұрақтылау. Босануға кеткен екі қабат әйелдің орны бос екен. Бала күтіміне байланысты үш жылсыз жұмысқа шыға қоймайтындықтан штатқа адам іздепті. Менің құжаттарыммен танысқан соң бәрі талапқа сәйкес болып қызметке дереу қабылдандым.
Мекемеде ұзын саны он сегіз адам жұмыс істейді екен. Көбі қыз-келіншектер болғанымен, бастықпен қосқанда алты еркек бармыз. Оған да шүкір деуге болады. Бір кездері мекемеде жалғыз еркек болып та қызмет атқарғанмын. Өзімді тікелей басқаратын адам ер азамат екен. Жалпы, әйелдер басқаратын ұжым жайсыздау келеді. Не дегенмен, бөріктінің намысы бір дегендей. Бірақ, дәл біздің бөлімде мен жалғыз еркекпін. Бір кабинетте төрт маман қатар отырамыз. Ал, көрші кабинеттегі бөлімде өзім қатарлы төрт жігіт бірге істейді екен. Олармен жақын танысып, достасып та кеттім. Арасында қолым қалт еткенде, көрші бөлімнің жігіттерімен қауқылдасып, кіріп-шығып жүремін. Төртеуі де жақсы азаматтар. Әзіліміз жарасады, оның үстіне бәріміз құрдас болып шықтық. Ал, бастығымыз бойы да еңселі, етек-жеңі де кең өте толық адам. Алғаш көргенде, мына алып денені қалай көтеріп жүреді екен деп іштей таңғалып едім. Өзінің жасы да біраз жерге барып қалған. Жетпістен асып, сексенге таяп қалған көрінеді. Бірақ, ешкімге жәбірі жоқ жақсы кісі секілді.
Хош, сонымен қызметіміз әдеттегідей жүріп жатты. Біздің бөлімнің жұмысы қым қарбалас. Қасымдағы екі келіншек, бір жас қыз бар, төртеуіміз кейде бас көтермей қаламыз. Ара-тұра жұмыстан кейін екі-үш сағат қалып та жұмыс істейміз. Түскі үзілісті тас ұмытып кететін кездеріміз де болып тұрады. Ал, бізбен салыстырғанда, көрші бөлімдегі жігіттер бос отыратын секілді көрінеді. Бастық таңертең жұмысқа сағат оннан кейін келеді де, кешке беске таяу кетіп қалады. Оны қойшы, өзі би, өзі қожа, қашан келіп, қашан қоярын менен сұрамайды ғой. Бастық кеткенде көрші бөлімнің төртеуі де бірге жоқ болады. Мұнысын аз десең, бастық жұмысқа келмей қалса, кабинеттері құлыптаулы тұрады. Бөлімнің атауы да қызық. “Жедел атқару бөлімі”. Несін жедел атқарады? Мен бас сұққан сайын төртеуі анекдот айтып отыра ма, білмеймін, езулері күлкіден бір тиылмайды.
Бірде қолым босай қалған соң көрші кабинетке кіріп, біраз әңгіме-дүкен құрып отыр едім. Хатшы қыз келді де:
— Қазір кімнің кезегі еді? — деп сұрады.
— Омар, сен барып келші! — деді, бірі қарсы алдындағы жігітке.
— Мен емес, Дәулеттің кезегі ғой — деп, ол қасындағыны нұсқады.
— Қане, тездетсеңіздерші! Бастық күтіп қалды, білесіңдер ғой! — деп хатшы қыз асықтырып еді, Дәулет орнынан тұрып шығып кетті.
— Бастық сендерді кезекпен шақырып тұра ма? — десем, үш әріптесім жатып кеп сықылықтап күледі. Бөлім бастығы көзілдірікті жігіт:
— Біз жедел атқарушылармыз ғой. Бастықтың жедел жұмысын кезекпен реттеп тұрамыз да! — деп қояды, қулана жымиып. Мұнда бір гәп барын сезген мен:
— А, білдім. Сендер кезектесіп бастықпен шахмат ойнайтын болдыңдар ғой. Баяғыдан бері неге айтпайсыңдар? Мен шахматтан спорт шеберімін ғой — деп едім, әлгі үшеуі одан бетер қарқылдасып кеп күлсін. Сол сәтте біздің бөлімнің бастығы мені шақырып, шұғыл тапсырма бере қойды да әңгімеміз сол тұстан үзіліп қалды.
Бір күні көрші бөлімдегі жігіттердің бірі Сәкен басқармадағы барлық қызметкерлерді дастархан басына шақырды. Ол министрлікке жаңа қызметке тағайындалыпты. Әріптестеріне қоштасу дәмін татқызуды жөн көріпті. Мекеменің бірінші қабатындағы асханаға жиналғанбыз. Көңілді отырыс болды. Есімде қалғаны үлкен бастығымыздың:
— Министрге турасын айттым. “Бұл баланың маған еңбегі сіңді. Өсетіндей жөні бар. Маған мінсіз қызмет көрсетті” дегенді құлағына әбден құйдым ғой — деп әлсін-әлсін қайталай бергені.
Алғашында “маған” дегені біртүрлілеу естілсе де оған аса мән бермедім. Бірақ, әңгіме айтып, екі қолын сермегенде байқағаным, денесімен салыстырғанда қолдары тым қысқа секілді көрінді. Адам қатты семіргенде екі қолы қысқарып қалады екен-ау деп ойладым да қойдым.
— Ағасы, сонымен әлгі “сүрткіш” болмайтыныңызды айтсаңызшы! — деп едім. Ақмырза көзін алайта маған бір сәт тесіле қарады да:
— Сәл сабыр сақтай тұрсаңшы, бауырым! Соған келе жатырмын ғой. Сөздің соңын күтпей соншама дегбірсізденуге бола ма екен? ... Сонымен не деп тоқтадым? — деп, өзіме сауал тастады.
— Адам қатты семіргенде екі қолы қысқарып қалады екен деп ойладыңыз...
— Иә, дәл солай ойладым. Сонымен, Сәкеннің босаған орнына жігіттер мені шақырды. Әрине, неге қуана-қуана келіспеске. Мен істеп жүрген бөлімге қарағанда, жұмыстары анағұрлым жеңіл. Сөйте тұра еңбекақысы да қомақтылау. Оның сыртында ай сайын жалақыға қосымша сыйақы және кәдімгі улы газ шығаратын жерлерде немесе шахтада істейтін жұмысшыларға берілетін үстемақы да бұл бөлімде бар екен. Мұның бәрін көре тұра қалай бармайсың, ондай май шелпекке.
Бөлім бастығыма келіп, ұсынысымды айтып, өтінішіме қол қойдыруға бердім. Ол келіншек сөзіме зейін қойып тыңдап, өтінішімді мұқият оқып шықты да:
— Жақсылап ойландыңыз ба? Кейін өкініп жүрмейсіз бе? — деп, қадалып тұрып сұрады.
— Несіне өкінемін құдай-ау! Көрші бөлім дегенің батпан құйрық екен ғой. Жігіттер өздері шақырып отырғанда қалай бармаймын?
— Жұмыстың жайын олар сізге жіті түсіндірген шығар. Сізге қатаң ескертіп қояйын! Біздің бөлімге қайта ораламын десеңіз, мен қабылдамаймын. Бұл бір. Екіншіден, сізге ауысу туралы бұйрық шыға салысымен орныңызға жаңа маманды жұмысқа аламын. Түсінікті ғой?
— Ой, ала бер, айналайын! “Ер жігіт екі сөйлемейді”. Мен өйтіп, кетіп қалып, қайта оралып жүретін мыжбалардың қатарынан емеспін. Кеттім бе, қайтпаймын. Уәде бере аламын.
— Жарайды, онда өз обалыңыз өзіңізге! “Өзі жығылған бала жыламайды” деген сөз бар. Қалауыңыз көрші бөлім болса, мен сізге айтарым жоқ. Әжептәуір азамат деп сізді қатты сыйлап келген едім. Көңілім қалды, сізден де! Соңғы кезде біздің қазақ жігіттері намыстан жұрдай болыпты. Тіпті, сүрткіш болудан да арланбайды екен-ау. Жан тыныш отырып, мол ақша тапса болды, бұларға! — деді де, бөлім бастығы келіншек өтініштің аяқ жақ бұрышына “келісемін” деп өте анық жазды да қолын сүйкеп қоя салды.
Алғысымды айтып шығып бара жатқанда оның аузынан шыққан “өз обалыңыз өзіңізге”, “намыстан жұрдай” деген сөзге таң-тамаша болдым. Не үшін “сүрткіш” деген сөзді қолданды? Оның да байыбына бара алмадым.
Өтінішімді кадр бөліміне апардым. Сол сәтте басқарма бастығының бұйрығы бұрқ ете қалды да, мен Жедал атқару бөлімінің үстеліне барып қонжидым.
Сағат төрттен кейін бастық үйіне кетті де бөлімдегі төртеуімізге еркіндік тиді. Тысқа шығып, көше бойындағы сырханаға келіп жайғастық. Менің жаңа қызметімді жуып біраз гулеттік. Жаңа бөлімдегі жұмысымның жеңіл де жайлы әрі көңілді болатындығына бек сенімді болдым.
Ертеңінде ұйқыны қандырып, сағат он жарымда кабинетке келсем, әлгі үшеуі әлі жоқ екен. Қабылдау бөлмесіндегі хатшы қызға телефон шалсам, бастық онбірде келеді дейді. Бүгін басқарма бастығы шақырып, шахматпен сайысатын шығармын деп ойлап, интернетке кіріп, өзімше азын-аулақ дайындық жасаған болдым. Кешікпей әріптестерім де келді.
— Бүгін кезекшілікке шығамын ғой. Бастық қашан шақырар екен? — деп, сұрап едім.
— Сен жаңа адамсың. Бүгін бөлімде бол! Кезекшілікті әзірше біз үшеуіміз атқара береміз ғой. Ертеңнен бастайсың! Өзіңді өзің психологиялық жағынан жақсылап дайында! — деді, бөлім бастығы.
Мен шахматтан білдей спорт шеберімін. Несіне дайындала беремін. Бастық неше жерден мықты шахматшы болса да, маған тісі бата қоймас. Алғашында әдейі ұтылған түр көрсетіп, біраз алдаусыратып, кейіннен тас-талқан етемін. Осылай ойлап, алақанымды ысқылап ертеңгі күнді асыға күттім.
Түске дейінгі кезекшілікті бөлім бастығы өзі бастап, Омар қостап атқарып келді. Маған түстен кейін барасың деді. Екеуі де аса көп айналмады, ізінше қайта оралды. Соған қарағанда, шахматты қатырмайтын болса керек.
Түскі үзілісте басқармадағы біреу туған күнін атап өтті. Асханада үстел қайыстырып мол дастархан жасаған екен. Тайлы-тұяғымыз қалмай түгел жиналдық. Мен төрдегі үстелдің аяқ жағында басқарма бастығына қарсы қойылған орындыққа жайғасып ішіп-жеуге кірістім. Өз басым майлы ет асаудан алдыма жан салмайтындардың қатарындамын. Бірақ, үлкен бастықтың қасында жіп есе алмайтыныма анық көз жеткіздім. Егделеген жасына қарамастан, тамақты ұрады-ақ екен. Ол ол ма, сапар кесемен үш мәрте майлы сорпаны қылғытып алып, артынан қымыз бен шұбатты бірінен кейін бірін айдап жатыр. Еңсерзедей дене мен бес биенің сабасындай қарынды толтыру қайдан оңай болсын. Жұта береді екен.
Осылайша екі сағатқа созылған түстенуден кейін әдеттегідей жұмысқа кірістік. Бөлімдегі үшеу:
— Ал, Ақмырза! Кезекшілігің сәтті өтсін! Бастық кешке дейін сені біраз әбігерге салатын шығар — десіп, жымың-жымың етеді.
— Көрсін, спорт шеберінің шахматты қалай шашатынын! — деп, мен өзімше мәз болып отырмын.
Өстіп айтып ауыз жиғанша хатшы қыз келіп “кезекшілікке” шақырды. Ат шаптырым кең кабинетке кіргенімде, бастық та орнынан баяу көтеріліп, пиджагін шешіп орындығының арқалығына жауып қойып жатыр екен. Маған да пиджак шешуді бұйырып, екі жеңді түруді тапсырды. Жан-жаққа көз жүгіртсем, тігулі тұрған шахмат көрінбейді. Бастық шалбарының белдігін босатты да маған:
— Жүр! — деп бұйырды.
Соңынан ердім. Шахмат ойнайтын жеке бөлмесі бар, сонда асықпай кең отырып, шайқаспақ екен ғой деп топшыладым. Бұрыштағы бір бөлменің есігін ашып кірді. Мен мен де кірдім. Әжептәуір кеңдеу болғанымен... Мәссаған... бөлмесі түскір бар болсын... кәдімгі әжетхана!
— Қой-ей, онысы несі?! — деп менің даусым қаттырақ шығып кеткені соншалық, дәмхананың анандай жерінде тамақтанып отырған бір топ адам жалт қарады. Бас иіп, олардан кешірім сұрауыма тура келді. Ақмырза сөзін жалғастырып:
— Сөйтсем... Қазақтың “бақсам бақа екен” дейтініндей, менің шахмат ойнауға шақырады деп ойлап жүргенім, мүлде кереғар нәрсе болып шықты. Бастық унитазға отыра сала гүрілдетіп, ішіндегісін түгел ақтарып жібергендей болды. Адам баласы төзгісіз сасық иіс қолқаны қауып барады. Дереу шығуға бет алдым.
— Әй, қайда барасың? Мен әлі болған жоқпын. Қолыңа бір бума қағаз алып дайын тұр! Сосын, ана бұрышта тұрған құманды алып артымды жақсылап жуасың, мына тұрған сұйық сабынмен жақсылап сабында! — деп, бастық бұйыра зіркілдеді.
— Қойыңыз, басеке! Мен ондай мазағыңызға көне алмаймын! — дедім де шығып жүре бердім.
Семіздік дегеннің соншалықты лас дүние екендігіне сол жолы көзім жетті. Әлгі бейшара бастық ауыр дәретке отырғаннан кейін арт жағын сүрте алмайды екен ғой. Екі қолы ол жеріне жетпейді екен. Сол үшін басқармада бір бөлім ұстап отыр. Хатшы қыз соңымнан ере келіп, Омарды ертіп алып кетті. Мен сол сәтте қызметтен өз еркіммен кететінімді мәлімдеп, бөлім бастығының қолына арызымды қалдырып кетіп қалдым...
Басқарма бастығының екі қолы қысқа болғанымен, құрығы ұзын екен. Мені ешбір жерге қызметке қабылдатпай қойды. Сөйтіп, жат жерде күн көріп жатқан жайым бар. Ол семіз тірі тұрғанда мен елге бара алмаймын. Жасы жеткен адам ғой, егер олай-бұлай болып кетті деген бір хабар жетсе, сол сәтте елге қайтамын — деп, Ақмырза сөзін аяқтады.