- 12 қар. 2020 00:00
- 258
Айқас
Жуан қарын торы биенің тізесіне түскен қара жалы бар, жер сызған мол құйрығы бар. Көзінің біреуі сонаның көзіндей аппақ, екіншісі мөлдіреген қоңыр. Жұрт оны шағыр бие деп атайтын. Қазір пүлістей жылтыраған жұмыр сауырына қонған шыбын-шіркейлерді құйрығымен қағып, оттауға кірісті. Жанында жас құлыны жүр. Құлыншақтың жібек жалын жел желпиді. Кішкене құйрығын тез-тез оңға-солға сермейді. Енесін айнала шауып ойнақтайды. Осынау әдемі дүниеге келгеніне қуанады. Ойынға қызығып ұзап кетсе, енесі оқыранып соңынан барады.
— Алыстап кетпе, адасарсың, жазым боларсың,- — дегендей болады. Құлыншағын өзінен басқаның бәрінен қызғанады. Жандарында көсіліп ақ күшік жатыр. Қалың шалғыннан күшіктің жотасы ағарып көрінеді. Аты Майлыаяқ, жұрт кү- шік дегенмен ол үлкен ит. Ұрты салбыраған, сымпыс құйрық, оң жақ құлақшекесі бояп қойғандай қап-қара, жасқа толған қарулы ақ төбет. Ит өткір сарыала көздерін құлынды биеден аудармайды. Күннің ыстығынан жұқа тілін шығарып жіберіп, солқ-солқ етеді. Аспандағы жұлма-жұлма ақ бұлттарға зеріге қарайды. Құлынды жақсы көреді, онымен ойнағысы келеді. Бірақ енесі жолатпайды. Тақымының түлеген жүнін тістелеп қасынады да күшік амалсыздан қайта жата кетеді. Күннің аптап ыстығынан шөлдейді, тілін тартып алып жұтынады. Ызыңдаған шіркейлерді қағып алмақшы болып азуларын сақ-сақ еткізеді. Жылтыр қара тұмсығын қөтеріп, сонау мұнартып тұрған ауылға қарайды.
Күшік аласа бойлы сары бала Нұржанды сағынады. Көрмегелі бірнеше күндер болып барады. Кеудесіне секіріп еркелегісі келеді. Нұржанның пионер лагеріне ұзақ уақытқа кеткенін қайдан білсін?!
Күшіктің қарны ашып әбден сусаған кезі еді. Ол ауылға қарай жорта жөнелді.
Торы бие күн бата тоғай арасына кірді. Жиегін жалбыр талдар көмкерген Есіл өзені сылдырап ағып жатты. Бетіне айдың дірілдек сәулесі түсіп тұрды. Көлемі киіз үйдей болып бұтақ жайған кәрі үйеңкінің түбіне келіп, бие ұзақ үйкеленді де, құламадан түсіп, суға бас қойды. Одан өрге көтеріліп, шалғында жайылды. Уызға тойған торы құлын көсіліп ұйықтауға жатты. Үстінде ұсақ сүр шіркейлер шалқи ұшып, ызың-ызың етеді. Енесі жұмсақ ақ тілімен бірер жалап, жусауға кірісті.
Шағыр бие басын көтеріп алғанда, алдында тайшадай көк ит тұр еді. Осқырына қарады, құлағын қайшылап, кетік-кетік жалпақ тұяғымен жер тарпыды. Көк ит бір жатып, бір тұрады, еркелейді. Құйрығын бұлаңдатып, мүсәпірсіп жақындай түсті. Бие тынышталайын деді, жерге бас қойды. Құлыншақ керіліп алып, итке жақындаң- қырап барып, иіскелеп көрді. Бейтаныс ит құлынның танауынан жалап, еркелеп алдап тұрып, алқымына жармаса түсті. Құлыншақ шыңғырып аспанға секірді. Енесі бас салып, көк итті тарпып жіберді.
Бұл жауыз қасқыр еді. Бие құлынын қорғап, айнала қуды, қара тер болды. Қасқыр қыбын тауып, жас құлынды жеп кеткісі келді. Құлыншақ енесінің бауырына тығылып шыр-шыр етеді.
Ай бұлт астына тығылып қара түнек басты. Қасқыр жалақтап құлынды биенің алды-артын орады, жанталасты. Қалайда дегеніне жетуге қалды. Осы кезде ауыл жақтан шауып келген Майлыаяқ қасқырға жармаса кетті де, алып ұрды. Қасқыр жан ұшыра атып тұрып тоғайға қарай бас сауғалап қаша жөнелді. Қуып кеткен Майлыаяқ аздан соң тал арасынан сылаң етіп шыға келді, үсті-басы қан-қан, құлағы жырылып қалыпты. Келе шағыр биенін тұмсығына секіріп, еркелей бастады, қыңсылады. Өзінің ауылға кетіп кешігіп қалғанына кешірім сұрағандай болды. Майлыаяқтың өжеттігіне риза болған бие оқыранып қоя берді.
Майлыаяқ айнала шапты, секірді. Ол шексіз қуанышты еді. Енді Майлыаяқ жүрген жерге жауыз қасқыр қарасын көрсете алмайтын болды.