Азиядағы араб елдері
Азиядағы араб елі Азия құрлығында өмір сүруде. Олардың қатарына Араб түбегіндегі Сауд Арабиясы, Йемен, Оман, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Қатар, Бахрейн, Кувейт, Таяу Шығыс аймағындағы Ирақ, Сирия, Ливан, Иордания, Палестина жатады. XX ғасырдың бас кезінде аталған елдер тәуелді жағдайда дамыған. XVI ғасырдың басынан бері Осман Түркиясы үстемдік жүргізген. Араб Шығысына XIX ғасырдан бері қарай батыс еуропалық елдері тиісіп, біртіндеп өз биліктерін орната түскен еді. XX ғасырдың басында Аден, Парсы шығанағындағы елдер, сондай-ақ Мысыр Англия бақылауында болған. Қалған жерлер ресми түрде Түркия империясының құрамында саналды. Бірақ ол өзі жартылай отарға айналғандықтан Сұлтан үкімі сарқыла түскен.
Араб елінің жағдайы әр қалай дамыған. Сирия, Ливан жағалауларында, Бағдад, Басра қалаларында қолөнер дамыған, шағын кәсіпорындар шыққан, сауда қызған. Көптеген аумақтарда ежелгі дәстүрлі егіншілік пен мал шаруашылығы басымды еді. Діни-феодалдық негізде өмір сүрген араб қоғамы дағдарысқа тап болып, сансыз қайшылықтармен тежелтіп келген. Солардың ішінде шет елдер капиталының қанауы қатты сезіле түскен. Сирия меы Ливанда ағылшын мен француз фирмалары, компаниялары темекі, мақта өсіру, кілем току, жүн-тері өңдеу салаларында нығайып, шикізаттарды өз елдеріне алып, араб жерлеріне өнделген тауар әкеліп, байи түскен. Әкімшілік жағынын араб жерлері уәлаяттарға (Басра, Бағдад, Мосул, Халеб, Дамаск, Бейрут) және санжақтарға (Ливан, Палестина) бөлінген.
Аденнен тыс Арабия түбегінің жағалауындағы жерлерде түрік әскери бөлімшелері орналасты. Бірақ Парсы шығанағындағы Бахрейнді, Кувейтті билеген жергілікті шейхтер ағылшындармен келісімге келіп, солардың қолына өте бастаған. Қазіргі Ирақ, Басра, Бағдад, Мосул уәлаяттарына қарасты еді. Сирия, Ливан, Палестина жерлері Халеб, Дамаск, Бейрут уәлаяттары мен Ливан және Иерусалим санжақтарына бөлінді. Оларды Осман империясының сұлтаны тағайындайтын пашалар (губернаторлар) және санжақ бейлер басқарды. Қолдарына саяси, әскери, сот, қаржы саласындағы билікті шоғырландырған олар араб халқымен санасуды, олардың хал-ахуалын жөндеуді тіпті ойластырмады десе де болады. Қатаң тәртіп, салықты асыра жинау, көнбегендерді жазалау, сұлтан сарайына табыстың бір бөлігін жіберіп тұру, міне, негізгі жүктелген міндет осымен шектелді. Сонымен бірге өздері қол астындағы шенеуніктері жемқорлыққа түсіп, баюға әбден құнықты. Жергілікті көсемдер, бай жер иеленушілер, ислам, христиан діндарларының жоғары топ феллахтары қолөнершілерді, жартылай көшпенді болмаса көшпенді бәдуиндерді қанап-төстеп келді. Қазіргі Сауд Арабиясы жерінде бірнеше жергілікті ақсүйек шейхтер ұстаған тайпалар кездесетін. Солтүстік-Шығыс аймағында XVIII ғасырдан бері Ислам өмірін қарапайымдандыруды, пайғамбар заманындағы ескі тәртіпті қайта жандандыруды уағыздаған уахабшылар ықпалы арта түскен. Сол ағымды қолдаған Сауд отбасылары XX ғасырдан бас кезінде үшінші рет бас көтеріп, өз үстемдігін орнатуға тырысты.
Жоғарыда аталған Сирия, Ливан, Палестина, Ирақ, Йемен, т.б. жерлерде халық ауыл шаруашылығымен шұғылданды. Қалалардағы ауыл шаруашылығы тоқтап қалды. Сирия мен Ливанда француздардың капиталы мақта, темекі, жүн, сауда, қаржы салаларына еніп, күшейе берді. Француздардың «Режи» темекі монополиясы темекіні өсіру, жинау, сату істерін толық бақылауға алды. Осында өндірілген мақта, темекі ең алдымен Англияға жіберіліп тұрды. Ішкі өндіріске мақтаның 1/4-ін ғана қалдырды. Ливан өте көп жібек құрттарын өсіретін, ал жібек жіптерді Франция мен Италия сатып алатын. Сауда негізінен Еуропа елдерімен дамып келді. Шетке шикізаттар мен азық-түлік жіберілетін Түркияның негізгі аймақтарымен сауда байланыстары барған сайын қысқартыла түскен. Бұл жағдай Еуропа елдерінің экономикалық үстемдігінің орныға бастағанын анық көрсеткен еді. Саяси өмірде де түріктердің мәні төмендеген. Жас түріктер қозғалысына артқан үміттер орындалмай қалды. Сол кезде құрылған мәдени-қоғамдық ұйымдар: Жас Арабия, Әдебиет клубы, т.б. қызметіне кейін шек қойылды. Араб либералдық помещиктері мен жаңадан шыға бастаған буржуазия арасында батыс елдері іріткі істер және үгіт жүргізіп, өз ықпалдарын күшейтуге тырысты. Арабтарды түрік үстемдігінен құтқарамыз, арабтардың басын қосып біркелкі орталықтанған мемлекет құрамыз деген үгітіне сенгендер болды. Англия, Франция, Ресей елдерінің дипломатиясы Түркияны ыдыратып, ол ұстаған араб жерлерін өз қолдарына түсіруді ойластырған еді. Бірақ, олардың зұлымдык жоспарларын араб жұрты кеш ұқты.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы араб елдері
1914 жылы тамызда басталған дүниежүзілік соғысқа Түрік империясы қатыспайтынын мәлімдеді. Соған қарамастан ағылшындар Мысырды оған қатыстырған. Елдегі Германияның, Австро-Венгрияның мүліктерін, кемелерін жау елдердікі деп есептетті. Суэц каналына ағылшын әскерлері енгізілді. 1914 жылы желтоқсанда Мысырға Англия протектораты жарияланды. Түріктерге бой бұрып жүрген хедив Аббас Хильмиді тақтан тайдырып, оның орнына отаршылдардың ықпалында болған Хусейн Кемалды отырғызды. Англия оған «сұлтан» деген атақ тақты. Ағылшындардың бас консулы енді жоғары комиссар лауазымын алып, елдің өмірін шешетін құқыққа жетті. Ол бірден әскери жағдай енгізіп, баспасөзді бақылауға алды, ереуілдерге, шерулерге тыйым салдырды.
Бұл әрекеттерді ескере отырып, Түркия сұлтаны 1914 жылы қарашада Антанта елдеріне қарсы «жихад» соғысын жариялады. Суэц каналын қайтаруға әскер жіберілген еді, бірақ ағылшындар оны талқандап жіберді. Германияның айтқанына көнген Түркия Ресейге де қарсы шыкты. Теңіздегі және Кавказ аймағындағы шайқастарда түрік армиясы орыстардан жеңіліп, 1914-1915 жылдары шекарадан 250 шақырымға дейін шегінуге барды. Армян жерлерін қолға түсірген Ресей патшалығы жергілікті халықты түріктерге қарсы айдап салды. Сол арада басталған армян-түрік қырқысы басқа аймаққа тарады. Бұрыннан бері армян саудагерлері, кәсіпшілері, қолөнершілері Стамбұлда, бүкіл империяның басқа қалаларында өмір сүріп келген еді. Олардың шіркеулері қызмет атқарып отырған, діни бостандығы сақталды. XIX ғасырдың басынан бері қарай Кавказ аймағындағы, Балқан түбегіндегі христиандарды түріктерге қарсы тұрғызу Еуропа елдерінің саясатында үлкен орын алған болатын. Енді ол барынша жанданды. 1915 жылы қырқыста түріктер де, армяндар да қатты қансырады. Екі жақтан миллионнан астам адам қырғынға ұшырады, босқын болып азап шекті. Сол қайғы-қасірет армяндар тарихында өшпестей із қалдырды.
Батыс елдері арабтарды түріктерге қарсы бас көтеруге бағыттады. Түркия сұлтаны бекіткен әр аймақтағы жергілікті араб билеушілерін, тайпа көсемдеріне уәде етіп, Англия, Франция, Ресей жағына шығуға үгіттеді. Сол кезде қасиетті қалалар Мекке мен Медина орналасқан Хиджаз шерифі Хусейнге қараған еді. Англия 1915 жылдың соңында құпия шарт жасасып, оған келешекте барлық арабтарды біріктірген мемлекет құрып беруге ант етті. Ол бәдуиндерді, қала тұрғындарынан, феллахтардан жасақ құрастырып, ағылшын қаруымен қаруландырып, түріктерге қарсы соғыс бастады. Хусейннің екі ұлы Абдолла және Фейсал басқарған атты және түйелі әскерлер Палестина, Сирия, қазіргі Ирақ аймақтарында шайқастарға қатысты. Египеттегі ағылшын әскери күштері де Палестина мен Сирия жеріне енген. Француз әскерлерімен бірігіп олар түріктерді ығыстыра түсті. Ағылшындар Парсы шығанағындағы түрік бекіністерін қиратып, Басраға қарай жылжыды. Иран жағынан да орыс-ағылшын армиялары қысым жасаған. Сөйтіп, жаулар түріктерге соққы бере отырып, бүкіл Араб түбегіндегі, Ирақтағы, Палестинадағы, Сириядағы, Ливандағы сұлтан әкімшілігін жойды. 1916-1917 жылдары Басра, Бағдад, Дамаск, Иерусалим, т.б. қалалар Антанта елдері мен арабтар қолына өтті. Хусейн және басқа араб шонжарлары мақсаттарына жеткендей болды.
Бірақ, Еуропа елдерінің өз мақсаттары болған. Соғыс қызып жатқанда ағылшын және француз үкіметтері арабтардың тағдырын қарастыруға барды. Керек болса, олар Ресейді қатыстырмай, 1916 жылы мамырда Таяу Шығыстағы араб жерлерін бөлісіп алу туралы Сайкс-Пико келісіміне қол қойды. Біраз уақыт өткенде бұл жоспар Ресей билеушілерінің құлағына шалынып, орыс дипломатиясы шетте қалғанына қарай наразылық білдірген. Германиямен Еуропа аймағындағы болып жатқан шайқастардың негізгі ауыртпалығын көтеріп отырғанын алға тартқан Ресейдің тілектерін ескермеу мүмкін емес еді. Бұл жолы орыс патшалары ғасырлар бойы армандаған ойларын іске асырмақ болып, Қара теңіздің оңтүстік жағалауына, Стамбұлға, Босфор мен Дарданелл бұғаздарына жармасты. Келешекте бүкіл Қара теңізді, оның Жерорта теңізге шығатын жолдары мен дарбазасын Ресей өз қолына алатын болды. Франция және Англия ішінен оған көнгісі келмесе де, тағы да бір құпия шарт жасасуға барды. Сөйтіп, үш отарлы империялар Түркия империясын толық бөлшектеуге даярланды. 1918 жылы қазанда түріктер Сирия мен Ливан жерінен кетуге мәжбүр болды. Олардың орнына араб, ағылшын әскерлері келе бастады. Кейбір жағалаудағы аудандарда Франция күштері де орналасты. 1917 жылы оқиғаларға байланысты Ресей Таяу Шығыс мәселелеріне араласуға шамасыз болды. Ендігіде Франция мен Англия үстемдіктерін орнатуға кірісті. Париж-Версаль конференциясына арабтарды қатыстырмай, олардың тағдырын шешу қолға алынды. Палестина, Сирия жерлерін азат етуге қатысқан әмір Фейсал ағылшындардың сенімді адамы болғандықтан, Англия дипломатиясы конференцияға оны шақырған болатын. Бірақ, оның пікірімен санасуға батыс елдері бармады. Араб елдерін бөлісу 1920 жылы 25 сәуірде Сан-Ремо келісімі бойынша реттеліп, Франция протектораты Сирия мен Ливанда, ал Англия протектораты Ирак пен Палестинада орнады.