- 15 қар. 2016 00:00
- 244
Маңғыстау облысында 8-сынып оқушысы үш баланы өрттен құтқарып қалды
Маңғыстау облысында отпен ойнаған балалар өлім аузынан қалды. Үш балақайды көрші тұратын жасөспірім өрттен алып шығып, құтқарып қалған. Бұл туралы Tumba.kz сайты хабарлайды.
14 жастағы Ғалымжан Күзембаев болашақта өрт сөндіруші болғысы келетінін жасырмайды. Жасөспірім Бейнеу ауданы Бейнеу ауылында үш баланың өмірін құтқарып, ерлік жасады.
Ата-ана қарауынсыз қалған алты, бес және төрт жасар балақайлар шырпымен ойнап отырып, үйлерінде өрт тұтандырған.
"Өрт кезінде үш кішкентай бала үйде болды. Өрт жалынын байқап қалған көрші тұратын жасөспірім оттың арасына кіріп, балалардың сыртқа шығуына көмектесті. Ол кішкентайларды терезе арқылы үйден алып шыққан", - дейді Маңғыстау облысы ТЖД баспасөз хатшысы Гүлнар Қожабекова.
Ғалымжан балалардың өміріне алаңдағандықтан, өрт сөндірушілерді күтпей, құтқаруға кіріскенін алға тартты.