Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 апта бұрын)
«Бала көңілдің гүлі, көздің нұры...» эссе
«Бала көңілдің гүлі, көздің нұры...» эссе
Бала деген - балдай тәтті балапан
Сенде оған жылы көзбен қарасаң
Өмірдің ол күн шуағы тараған
«Бала көңілдің гүлі, көздің нұры» - деген жақсы сөз бар қазақта. Қазақ атамыз бала десе ішкен асын жерге қойып, барын алдына тосып, ешкімнен кем қалмай өсуіне барлық жақсы әрекеттерді жасаған. Тіпті «баламның табанына кірген шөңге менің маңдайыма кірсін» - деп баласына еш жамандықты жуытпай, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Баланын көкке көтеріп, төрге шығарып, ерекше құрметтеген сол бабаларымыз, бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген. Жастайынан жақсы әдеттерге баулып, өсе келе маңызды шаруаларға араластырып, өнегелі тәрбие беруге тырысқан. Баланың титтейінен тәтті қылықтарын қызықтап, жақсылықтарына қуанып, мерейлерін асырған.
Бала қуанышы қашан да жүректі де жанды да жылытады. Жүзге ерексіз күлкі мен шатық сыйлайды. Ал өз қуанышымен басқаларды қуантатын бала бақыты әр адамды толғандыруы керек емес пе? Балалық шақ ең таза, кіршіксіз, қисынсыз кезең. «Бақыт деген – менің бала күндерім» деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, балалық әркімнің жадында қызықтармен, шат - шадыман ойын, риясыз күлкімен есте қалады. Ойын баласы үшін ойынынан артық қызық жоқ.
Бала деген өмір сәні қаласаң! - өз мамандығым туралы сөз қозғасам, осы бір өлең шумағы келіп тіл ұшыма күрмеледі. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын, өйткені бұлай айтуым - маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Балабақшада бала тәрбиелеп, тәрбиеші болу жай ғана мамандық емес. Ол - адам бағдаршысы. Мен балаларды ата - аналардың көңілінен шығып, дұрыс бағыт бағдар берсем - бұл менің өмірімнің ең шынайы, әрі ғажайып мәні. Мен келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің тәрбиеленушілерім егемен елдің, тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде арман болмас еді. Осындайда, «Ұстаз - ұлық емес, ұлы қызмет»- деген Б. Момышұлының керемет дана сөздерін есіме аламын. Басты кәсіби ұстанымым ретінде мақсатымды алтын қазыққа байлап келемін. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы»- деген Әбу - Насыр Әл Фараби. Біздер балаларды мектепке дейінгі жаста іргетасын қалай мықты етіп қаласақ, келешекте олардың болашағының барлығы осы іргетастан тәуелді болар. Сондықтан, әр - бір тәрбиешінің мойнында қанша сәбидің болашақ өмірі жауапты. Сол себепті тәрбиешілер баланы тәрбиелеуде ең алдымен олардың ата - аналарымен тығыз қарым қатынаста болуы керек. Баланы тәрбиелеу мен дамыту мақсатында отбасы мен балабақша ынтымақтастығын жүзеге асырған жөн болар. Сонымен қатар, осы мекемеде әр бір баланың жеке басының бейімділігін, қызығушылықтары мен қажеттіліктерін дамыту негіз болып табылады.
Алдымыздағы әр - бір бала қайталанбас бір әлем десек сол әлемге терең үңіліп, баланың басқаға ұқсамайтын ерекше қасиеттерін тану, оның жүрегіне жан дүниесіне жол таба білу біздердің борышымыз. Баланы жақсы көру, оның өмір сүру ортасын көңілді, қызықты етіп ұйымдастыру, баланың бойынан балалық шағын зерделі көзбен көру - бұл да біздің міндетіміз. «Балалық шағы - патшаның тағы» - деген ата - бабамыз айтқандай балалардың балалық шағын өз жастарына сай ұйымдастырып, жүзеге асыру біздің негізгі міндеттеріміз.
Мектепке дейінгі жастағы балалар ересектермен қарым - қатынас жасауға өте ықыласты болады, әр түрлі сұрақтар қойып, сол сұрақтарына жауаптар талап етіп белсенділік танытады. Олар «осында және қазір» ұстанымы бойынша әрекет етеді, сол себепті оларға төзімділікпен және шыдамдылықпен ал, бастысы оларға деген өз жылы сезімдерімізді аямай, көңілдерін аулау да, біздердің міндетіміз. Ал, осының барлығын міндетсінбей, шын көңілмен жасаған күнде, жетекші іс - әрекет болып табылады. Баланы шын көңіліңізбен жақсы көріңіз, оларға көп көңіл бөліп, әңгімелесуге, ертегілер айтуға асығыңыз, жалықпаңыздар.
Балалардың бойынан кемшілік емес, жетістік іздеңіз, жақсы істерін дер кезінде бағалап, қолпаштап, ынталандыруды да ұмытпаңыз. Бала жүрегі нәзік, көңілі пәк екенін естен шығармаңыз. Бала - өзіндік әлемі бар ғажайып жеке тұлға. Оған сіздің көз қарасыңыз, жылы жүрегіңіз, ыстық ықыласыңыз өте қажет, - «Бала көңілдің гүлі, көздің нұры». Тәрбие сапасы - тәрбиеші қызметінің жемісі. Осы бір «Балалар әлемінің теңізіне» бір бойласам, ешқашан мамандығымды өзгерткім келмейді. Өйткені, бала - пәк, бала - тап - таза мөлдір бұлақтың бастауы сияқты. Көзін ашып, тұнығына қану үшін тәрбиеші де жылы жүрек, аялы алақан және тәрбиешіге тән ең бірінші қасиет - баланы құрметтеу сезімі болу керектігін түсіндім. Француз ағартушысы Жан - Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай тап таза болады, оның үстіне шимайда қалай салсаң, қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де солай сияқты, өзің қалай тәрбиелесең ол солай тәрбиеленеді» - деген нақыл сөз осы балабақша жасындағы балаларға арналып айтылғандай.
Қорытындылай келе балабақша тәрбиешісі ең озық педагог, психолог және асқан дарын иесі болу керектігіне көз жеткіздім. Кішкентай бала зейінін дамытып, жеке тұлғаға айналдыру әр тәрбиешінің басты міндеті. Сондықтан бала жүрегіне жылулық ұялатып, қабілетімен дарынын ашу әр тәрбиешінің алдына қойылған ең басты міндеті деп түсінемін.
«Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» деп дана халқымыз айтқандай, бала тәрбиесінде ата - ананың рөлі маңызды. Ал, баланың отбасын, елін сүйіп өсуіне және жақсы азамат болып қалыптасуына қоғам болып ықпал етсек – бұл болашағымызға жасалған ізгі іс.

Қарағанды облысы, Сәтбаев қаласы
 «№7 «Алпамыс» бөбекжай балабақшасы» КМҚК
Тәрбиеші Асанова Сауле Турсуновна

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама