Банктің иттері
Біздің мекеменің бастығы өзін аса бір адал адаммын деп санайтындар санатында. Қарамағындағы қызметкерлерін де адал болмаққа баулитындай. Сайып келгенде, сабантаспа секілді сағыздана сақсынған басшысы бар, саздақшөптей сұйқылтым кеңсемізде күнәһарлыққа ұшырай қоятындай дәнеме жоқ. Тіпті мемқызметкерлерге үй салатын телім тегін беріледі деген ереженің өзіне һәм еріп кете алмадық. Аңқиып, айдалада қала бергенбіз.
«Маған жердің керегі шамалы, жарытып үй салатын жағдай қайда? Қайда-а-а?! Әйда, өздерің әрекет жасаңдар», — деген мекеме бастығы.
Кезекке жазылдық.
Кезең-кезеңдер көбейді.
Асу-асулар азаймады.
Жылдар өтіп барады. Жылжымақтың жылдамдығына қарағанда, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық той-томалағына тұспа-тұс қол жеткізуіміз кәдік. Оған дейін кім бар, кім жоқ. Ол кезге дейін Ұлпакент шаһарында ұлтарақтай бос жер қалар ма?!
Осындай-осындайдан ғой, қияли күйде, салқам-салғырт аяңмен саябақ жанындағы жиекжолмен жалдап тұрар пәтеріңе беттейсің. Патерналистік психологиядан арылмаққа талпынып, алға қарай алқынып-ақ адымдағың бар-ау. Алайда Ұлпакентіңнің кейбір кейпінен кежегең кейін тартар. Тиемел теліміңді телміртпей-ақ, тентіретпей-ақ, бірден кесіп бере салса қайтер еді дейтін қыжыл қаныңды қарайтып, жүдеу жүзің күреңітіп келе жатқаныңда, саябақтың сұлу бүйіріндегі бұйығыңқы үйшіктен күшік шығады.
Құйрығын бұлғаңдатар. Күзетші шал қалқиған құлағына қонған шыбын-шіркейді ұшыруға ерінер. Аш күшіктің жанарлары жалынышты дымқыл жарқылмен жасаурайды. Қыңсылын қосымшалап, алдыңды кес-кестер. Жалынышты дымқыл жарқыл жаныңды жабырқатардай тарғыл-тарғыл тамшыларға айналар. Ала күшіктің мөлт-мөлт етіп мүсәпірлене жылағанына шыдамай, амалсыздан сүткенжеңе сатып алған ағарғаннан аздап қана құясың.
Жиекжолдың шетіндегі жапырақтарға шашыраған жұғынға дейін жалап-жұқтайды. Құйрық шіркін бұрынғыдан бетер бұратыла бұлғаңдар. Жылбысқылана жабысқан ішегіне ақ жүгіргені қабысқан қабырғаларының бүлкілдеуінен білінер. Омыртқасының шодырайған тұсы арқа терісін тесіп жіберердей көрініп, дорбаңдағы наныңнан бұрап үзіп тастайсың тағы да.
Ала күшігің қарақошқылдау тұмсығымен түртіп-түртіп, рахаттана масаттанып, қоңыр бөлкенің ширек бөлігін қарбыта асап-асап кеп-кеп жібергенде бар ғой, шұбыра аққан сілекейінен саябағың түгел суарылардай сезінесің.
Артыңнан қалмай, қалбаң қағар.
Аяғыңа оратыла алғыс түйсігін түсіндіріп бағар.
Саябақтың шетіндегі көшемен темір көліктің түр-түрлері ерсілі-қарсылы ағылар. Көбінесе кептелекке кезігесің. Ара-арасымен жаяу өтпектің өзі — мұң. Сол көшеге жете бере ала күшік ақырғы мәрте аяғыңның арасымен билей басып барып, жұқалтаң қызыл тілін қайыр-қош айтқандай қос ұртынан кезек-кезек көрсетіп, кері бұрылар.
Ұлпакентте саябақ дегенің аз емес-ті.
Кейінгі кездері оларды да олигархиялық топтардың озғындары бөлісіп ала бастаған. Озғындар мен тозғындардың арасы аспан мен жердей алшақтап кеткенімен ешкімнің де ісі жоқ.
Көп ұзамай-ақ, біз жанынан жалықпай аяңдайтын саябақтың да сұлу бүйіріндегі бірыңғай балқарағай мен байсамырсыннан басқа ағаштың бәрі бақайқұртқа шалдыққандай-ақ шетінен қырыла қырқылды. Бұйығыңқы үйшік бір күнде, бәлкім бір сағатта жоқ болды. Күзетші шал өліп қапты десті жұрт. Бақ-талайсыз байқұсты біреулер жер тегістейтін техникамен таптап кеткен деседі.
Ала күшік ұшты-күйлі жоғалған.
Алты ай бойы айраным мен наным жалдап тұрар пәтеріме бүтін барып жүрген.
Жетінші айда саябақтың белгілі тұсынан банк үйі бой көтеріп бітіп, айналасына айбарлана қарап, жарқыл-жұрқыл жарық шашты. Төңірегі түгелдей қара шойын тектес, тым-тым биік, бағанөрнегі мысыңды басатындай металл шарбақпен қоршалды.
Банктің жанынан жүрмекке һәм сән-салтанат керек сияқтытұғын. Оларың бізде қайдан болсын. Амал нешік, айналып кетер жолдардың бәрі алыс қиырларға жетелер. Банкке жақындай бере бойыңды тіктеңкірейсің. Жалт-жұлты басым нешеме насат көліктер, әсіресе, делебе делдитер «Джиптер» қаз-қатар тізілген маңайдан малмакүбінің қысқа піспегіндей домалаңдап, пысық қозғалмасқа лажың қалмас. Аяғыңның астына дейін айнатас па, тайматас па, анықтап қарамаққа әддің жетпес.
Бірде кеңсемізден кешірек шыққан ек. Мекемеміздің шау тартқан шағыр басшысы өзін онша бастықсынбас, биліктемін деп те, биіктемін деп те сезінбес күйде көрсетпекке тырысар. Бірақ жұмыс істетпекте әлгіндейін жайлы-жұмсақтығының қарымтасын қырық еселеп қайтарар. Қағаз-құжат жасап-жазбақ міндеттен қансорпаң шығып, қалжырай қалтырарсың.
Ұлпакенттің ымырты қоюланар мезгілде жаңа банктің ғимараты байсамырсын мен балқарағай арасынан ғарышқа ұшатын ғажайып зымыран зәліттес зораяр. Қараған мезет, қалжырай қалтылдағаныңды ұмытарсың. Қадамыңды нықтауың, еңсе шіркініңді жықпауың жөн ғой мұндайда. Қарауытқан қоршаудың арғы жағында да, бергі бетінде де қарауылдар.
Кенет банктің бұрышын айналып өтіп, бері қарай бір шоғыр ит шәуілдей үріп, салып ұрып келеді екен. Ою-өрнекті шарбақтан сыртқары шыға қоймас деген үмітім ақталмады. Бағандардың жан-жағынан оп-оңай, сумаңдай секірісіп, қаумалай қамалады. Құж қара қарауылдардың қой дейтін түрі байқалмайды. Қолды сермеп, дорбамен жасқап, қарсылық білдірсең, бірді-екілі бетпағы балтырыңды тістеп алудан тайынбас. Бір тәуірі, бәйтөбетсіз, өңшең бөртік тарыдай біркелкілеу бәлекеттер екен. Бірақ бәрінің де жағдайлары жаман емес тәрізді. Жүн-жұрқаларына дейін жылт-жылт етеді.
Басқа жақтың емес, банктің иттері дә.
Не істемекті біліңкіремей, дағдарып қарағанымда, құж қараның бірі: «Қаппайды. Кете бер!» — деп күжілдеді. Шәуілдектер шоғырының шуылы бірден бәсең тартты. Қарауылдың дауысы қатты әсер еткендей. Кет дегенді өздеріне емес, сен секілді сілейме-секем сөмпимеге айтқанына ит-күшіктер айрықша ризаланып, сымпың қағады.
Ал мен алға қарата бірер аттап, аңтарыла қаттым да қалдым.
Банктің иттері арасынан баяғы ала күшікті анық танығандай едім.
Сол ғой, сол.
Әлде ол емес шығар деп, сәл қозғалып барып, күдіктене кідіргенімде ше, ала күшік серіктерінен сытылып, бермен қарата бұрылды.
Сол екен ғой, сол. Көңілің босаңсып, кеңсірігің жібігендей.
Бірақ баяғыдағыдай емес. Емес-емес-емес. Деп қатая бастайсың.
Құйрығын бұлғаңдатпайды.
Жалынышты, жасаураған жанарлар жоқ. Басқаланған бәрі де.
Жалпақтау жоқ. Ол жағынан да өзгерген. Бірақ бойы өспейтұғын бәкенелер тұқымы ғой, сәл-пәл ғана қалқыңқы.
Жарбаңдау жоқ. Жылмаңдық бар.
Құдды «жаңа қазақтарша» арақашықтық сақтайды. Жақындамайды-ей.
Жұмырлана майланып алыпты.
Айранымды дорбамнан алып, айнатасқа азырақ құйғым келген. Жоламас та жаламас деп айныдым.
Қоңырқай нанымнан бұрап үзіп, ықыласпен ұсынғым бар-ды. Банктің банкеттерінен, қымбат тағамдар қалдықтарынан тамақтанатын шығар, құрғақ бөлкені менсінбес. Дегендей күбір көмейден түбір тартып, райымнан қайтарды.
Иттер шоғыры шуылдай шәуілдеп, биік банктің арғы бетіне қарай шұбырды.
Құж қараның бірі банкирлер тілінде бірдеңе деді ме қайдам, ала күшік табан астынан шала бүлініп, ал кеп шабалансын. Шынымен-ақ мына маған шыжбалана шаптығып, баяғы досын қас дұшпан тұта, жауыға үріп тұрыпты-ай...
Тұғырсыз, тексіз екен дә. Атаңа ғана нәлет-ай...
Итжемеде қалғандайын қорланбасқа не шара... Аш ішегің ашиды-ай. Тайматасқа жығылмақтан қорқарсың.
Кептелекте иінтірес көліктермен иықтаса ит бүлкекке саласың.
Кеңсеңнен де иттепкі боп шығып ең.
Жалдап тұрар пәтеріңде итырқылжың күтулі.