Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Абылай хан Цин империясына алым төледі ме? Семейде тарихи шындықты ашатын еңбек жарық көрді

Абай облысында Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен маңызды ғылыми жиын өтті. "Абай облысының тарихи археологиялық мұрасы: алғашқы зерттеу нәтижелері" атты конференцияны Ә. Марғұлан атындағы Археология институты мен Шәкәрім университеті бірлесіп ұйымдастырды.

Бұл өңір көне дәуірден сыр шертіп, археологиялық ескерткіштерге бай болғанымен, әлі де кешенді зерттеуді қажет етеді. Соңғы жылдары жүргізілген барлау, қазба жұмыстары мен зертханалық сараптамалар нәтижесінде тың деректер алынып, ғылыми айналымға енгізіле бастады. Конференцияда археологиялық материалдарды цифрландыру, сақтау және интерпретациялау мәселелері де кеңінен талқыланды.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қытай мұрағаттарындағы қазақ тарихы

Жиынға Қытай Халық Республикасының Нанкин университетінің профессоры, шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Бақыт Еженхан арнайы қатысып, қазақ тарихына қатысты Қытай мұрағаттарында сақталған бірегей деректер туралы баяндама жасады.

Ғалымның айтуынша, Қытай архивтерінде қазақ жеріне, әсіресе Абылай хан дәуіріне қатысты мыңдаған құжат бар. Бұл деректер қытай тілінде ғана емес, маньчжур, шағатай, қалмақ тілдерінде де жазылған. Зерттеуші осы материалдарды 2004 жылдан бері жүйелі түрде қарастырып, кешенді ғылыми жұмыс жүргізіп келеді.

"Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынастары"

Мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасы аясында маньчжур деректерін зерттеуге мүмкіндік туғанын атап өткен ғалым, 2004-2008 жылдары он томға жуық ғылыми еңбек жарық көргенін айтты. Ал биыл Семейде басылып шыққан "Абылай хан дәуіріндегі Қазақ-Цин қарым-қатынастары" атты екі томдық зерттеу соңғы он бес жылдық еңбектің қорытындысы болып отыр.

Ғалым ерекше тоқталған құжаттардың бірі "Шың дәуіріндегі қазақтар туралы дәптер" деп аталады. Бұл 207 беттік деректе 1761-1783 жылдар аралығында қазақ елінің Цин сарайына жасаған 16 елшілік миссиясы туралы мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ, көне карталар мен миниатюралық бейнелер де кездеседі.

Тарихи пайымдарды қайта қарауға негіз

Зерттеудің маңызды тұстарының бірі – Абылай хан мен Цин империясы арасындағы дипломатиялық хат алмасуларға қатысты. Бұған дейін қытай тіліндегі нұсқалар негізінде Абылай хан Цин патшалығына бодан болып, алым-салық төлеген деген пікірлер айтылып келген еді. Алайда, қалмақ тіліндегі түпнұсқа құжаттарды салыстыра зерттегенде, мазмұны мүлде өзгеше екені анықталды.

Мәселен, 1761 жылғы хатында Абылай хан қазақ жерінің атақоныс екенін, қазақ халқы өз мекенінен ешқайда көшпейтінін ашық білдірген. Ол Цин билігін қазақ жерінің аумақтық тұтастығын мойындауға шақырған. Бұл деректер қазақ-қытай қатынастарына қатысты тарихи пайымдарды қайта қарауға негіз бола алады.

Қытай мұрағаттарындағы материалдар ұлттық тарихымызды жаңаша тануға мүмкіндік беретін құнды қазына. Археологиялық зерттеулер мен шығыстану бағытындағы мұндай жұмыстар қазақ тарихының жаңа парақтарын ашатыны сөзсіз.

Жаңалықтар

Жарнама