- 07 там. 2022 00:00
- 194
Барлық күш оқуға
Россияның өткен оныншы Кеңестер жиылысы оқу ісін жөндеуге, оқу ісін ілгері жүргізуге бір ауыздан қаулы қылып, ол қаулысын анықтап іске асыруға орталық үкіметке тапсырды. Соңғы жылдардан бері жалпы Россияның шаруасы күйзелгендіктен, елдің іргесі шайқалғандықтан оқу ісі төмендеп кеткен еді.
Өткен сыртқы әм ішкі сойқанды соғыстардың әсерінен дәулеті шайқалған елдің аз күші басқа істерге көбірек жұмсалып, оқу ісіне үкімет көңілдегідей қарай алмай кетіп еді.
Оқусыз ешбір істің оңбайтынына ақырында жұрттың көзі жетіп, оныншы Кеңестер жиылысында оқу ісін енді тез орындауға керек екендігін қатты білдірді. Біздің кедей қазаққа ең алдымен оқу керек деп біз 1920 жылдан бері қақсап келдік. Бірақ қызмет басындағылардың көбі оқу ісіне көңілдегідей қарамай жүрді.
1920 жылы жалпы Россияның сегізінші Кеңестер жиылысында Ленин айтты: «Коммунизм дегеніміз Кеңес үкіметі және бүкіл елді электрлендіру» деп.
Ленин бұл пікірді айтқанда, әрине, жиылыстағы жұрттың бәрі қатты қошеметтеп, біртүрлі шаттана қолдарын шапалақтады. Лениннің сөзі біткен соң жиылыс үйінен шығып келе жатып мен қасымдағы бір жолдасқа: «жолдас Лениннің сөзі дұрыс қой, бірақ ауылға әм поселкеге апарып электричество беретін машина, заводтарды қанша орнатса да, халық оқу-білім білмесе, коммунизмнің орнауы қиын-ау», — дедім.
Жолдас Лениннің бұл сөзді айтқанына 2 жыл толды. Оқусыз бір нәрсені орнатудың қиын екеніне көз анығырақ жетті. Биыл енді жолдас Ленин һәм Луначарскийлер бас болып, оқу майданын ашты. «Ендігі күштің көбін оқу ісіне салу керек», — деп жолдас Ленин газет жүзінде де жариялап отыр. Бірақ қанша айтқанмен мемлекет қазынасы қазір өте кедей. Сондықтан «Ленин бастап оқу майданын ашты ғой. Енді болады дағы» деп қарап отыруға тіпті болмайды. Қазақстан ел қатарына кірсін деген кісі оқу ісіне бар ынтасын салып жәрдем, көмек қылуы керек. Губерниялық комитеттер қаражаттың көбін оқуға жұмсауы тиіс. Қазақстанда қай мекемеде қызмет қылып отырса да әр азаматтың бір көзі оқу ісінде болып, соған қолынан келген жәрдемін тигізіп отыруы мойнына артылған зор парыз.
Тезірек оқу оқып, өнер-білім ала алмаса, қырдың қазағы азып-тозып, жер-судан айырылып құрып кетпек. Сол себепті қазақ ел болсын деп шын ойлаған қырдың қазағы оқу ісіне жәрдем, көмек беріп отыруы тиіс. Қазақ кедейінің баласы көбірек оқуға барлық ынтасын салып, жаһат қылуы керек.
Ісіңмен, күшіңмен, тіліңмен болса да оқу ісіне жәрдем қылмасаң — кейінгі жас буынның қолы жағаңда.
30.01.1923 жыл