- 19 сәу. 2017 00:00
- 206
Бекболат Тілеухан ҰБТ сұрақтарындағы кемшіліктерді атады
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан ҰБТ сұрақтарындағы өрескел қателіктерге жол бергендерді жауапкершілікке тарту бойынша Білім және ғылым министріне депутаттық сауалын жолдады, деп ҚазАқпарат хабарлайды.
«Бүгінгі депутаттық сауалым ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке бағытталған. Бұл ретте Ұлттық бірыңғай тестілеу мәселесіне назар аударғым келеді. Осы ҰБТ-ның төңірегіндегі әлемдік тәжірибеге сүйенген реформаның жалпы бағыты қолдарлық. Жалпы форматындағы оң өзгерістер баршылық. Бірақ мұнда басты проблема сұрақтың сапасында болып отыр. Білім саласында әрбір қадамның негізгі көздеген мақсатынан бөлек, иделогиялық бағыты, рухани жүгі ешқашан назардан тыс қалмауы тиіс»,-деп тоқталды Тілеухан Мәжілістің жалпы отырысында.
Осы орайда ол бүгінде білім саласының эксперимент алаңына айналып кетуі өте алаңдарлық құбылыс екенін атап өтті.
«Негізі, білім саласына қатысты бірде-бір мағлұмат жауапкершіліксіз жазылуға тиіс емес. Өйткені онымен сусындаған баланың ертеңгі азаматтық ұстанымына, мемлекетшілдігіне, елжандығына, тарихи санасының қалыптасуына әсер ететінін ерекше ескеру міндет»,-деп нақтылады депутат.
Бұл тұрғыда Бекболат Тілеухан жарияланған ҰБТ сұрақтары қоғамның айрықша наразылығына душар болғанын жеткізді.
«Тест сұрақтарында Ермек Тұрсынов, Баян Есентаева, Нұртас Адамбаев сияқты және басқа да шоу-бизнес, эстрада өкілдері жүр. Бүгінде елдің пікірін әлеуметтік желілерден білуге болады. Бұл пікірлерге қарасаңыздар, шынында да елдің наразылығы жойқын. Онда «не үлгісі мен өнегесі жоқ Есентаева мен Тұрсыновты ұрпаққа үлгі қылудан не ұтамыз» деп жазған бір адам. Ал кейбіреулері «Фредди Роучтің (АҚШ боксшысы) қатысы қанша» деп уәжін жазған. Бұл шынында да біздің рухани кодымызға, болашаққа бағдарымызға, рухани жаңғыруымызға қатысы бар тұлға ма?! Жалпы, анайы пікірлерде бар, сонымен қатар дұрыс ұсыныстар да жетерлік»,-деді депутат.
Оның айтуынша, бүгінде тест сұрақтарына енгізуге лайықты үлгі тұтарлық тұлғалар мен деректер баршылық.
«Осы күні академиялық жазбаларға сүйенбей, интернеттен мағлұмат ала салатын болған. Оны қымсынбастан, кәдеге жаратуды кәсібилік деп айтуға бола ма? Бұқараның соншалықты наразылығына себеп болған, өз ісіне қауқарсыз жауапты тұлғалар бір жауапкершілікке тартыла ма? ҰБТ-дағы осындай өрескел қателіктер жіберген тестологтар қызметінен босатыла ма? Бұндай келеңсіздіктерге негізгі себеп жүйеден деп ойлаймыз. Сондықтан да оқу бағдарламасы, оқулықтар мен ҰБТ-ның жүйесінің сабақтастығын қалыптастыру қажет. Екінші мәселеге тоқталатын болсақ, осындай аса жауапты дүние қоғамдық талқыдан өту керек. Елбасының таяуда жарияланған мақаласында болашаққа бағдар, рухани жаңғыру, ұлттық кодыңды сақтау тұрғысында бағдар беріліп отыр. Ұлттық кодымызға, рухани жаңғыруымызға қатысты тұлғалар тура осы жерден көрінуі (тестіде) керек. Осы орайда қоғамдық талқыдан, жақсы сүзгіден өткізуді қалыптастарып, тиісті жүйені ұсынуды талап етеміз»,-деп түйіндеді сөзін Тілеухан.