Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Бір ғасырлық тарихы бар «Ара» сатиралық журналы

Ұшқалы тұрған «Арамын»,

Алдарыңа барамын.

Қисық,

Қыңыр,

Қырсауды

Талқыңа сүйреп саламын.

Жексұрын,

Жылпос,

Тоңмойын,

Төрешілді табамын,

Табамын да, шағамын!

Ұлы Отан соғысынан кейін ес жиып, еңсесін көтере бастаған ел-жұртымыздың езуіне күлкі үйіру керек болды ма, әлде етек ала бастаған қоғам дертіне сатираның «уын» сеуіп айықтыруды мақсат етті ме, әйтеуір екі есеп – бір есеппен «Ара» журналы қанат кақты. Түрлі-түсті бояумен безендірілген саяси-сатиралық журналдың негізгі діттеген бағыттамасы да алғашқы бетте айғайлап тұрды."Ара" — сатиралық журнал. 1956 жылы наурыздан айына бір рет, 0,75 баспа табақ көлемімен шыға бастады. Алғашқы шығарушылары — Ғ. Мүсірепов, А. Тоқмағанбетов, Қ. Жармағанбетов. “Ара” қоғам өміріндегі кемшіліктерді, шаруашылық салаларындағы қырсыздықтар мен жауапсыздықтарды, адам бойындағы жағымсыз қылықтарды батыл әшкереледі. 1995 жылдан бастап журнал А3 қалыптағы 4 беттік газет болып шығып тұрды. «Адам деген миллиондаған ғасырлардың туындысы» болса, ХХ ғасырдан екі-ақ жас кіші Ғабең, Ғабит Мүсірепов 1956 жылы ашылған саяси-сатиралық «Ара-Шмель» журналының алғашқы Бас редакторы болды. Қазақ баспасөзінің тарихына көз жүгіртсек, бұған дейін де «Садақ», «Шаншар», «Балға» атты әзіл-сықақ журналдары жарық көріп, бесіктен белі шықпай жатып шетінеген сәбидей қысқа ғұмыр кешкенін профессор Темірбек Қожакеев пен Тұрсынбек Кәкішұлы ағаларымыз ғылыми еңбектерінде дәлелдеген. Тумай туа шөккен осы бір әзіл-сықақ үш журналдың тізгінін Бейімбет Майлин, Жүсіпбек Аймауытұлы, Ілияс Жансүгіров ұстағанын біреу білсе, біреу білмейді. Қазірде «Ара» сатиралық журналы қайтадан тіріліп, Айқын газетінің ішінен айына екі рет сегіз беттен шығады.

Көпен Әмірбек: «Аспандағы құсты жердегі жем ұятқа қалдырады» - деген қазақтың сөзі бар. Қазаққа қамқор болады деп жүрген небір азаматтарымыз қамқор емес, жемқор болып жатқан жоқ па қазір? Сол жемқорлыққа қарсы күрестен бұрын, сол жемқорлықпен күресіп жүргендермен күрестін кезеңі келді. Ал жастарға келетін болсақ, көбісінің діттегені ішу, жеу, қыдыру, жеңіл-желпі өмір сүру. Осындай сезімдер оларға саз балшықтай жабысып алған ба деп уайымдаймын. Енді сол жастарды тәрбиелейтін, санасына ой салатын, ақылға келтіретін, өзінің әзілдерімен, карикатураларымен дұрыс бағытқа жетелейтін, жемқорлыққа қарсы мылтықсыз майдан ашатын, оған тоқтау болатын, сын садағын тартатын осы «Ара» болар деймін. Сондықтан «Ара» журналы қазаққа керек!


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама