Бір мұғалім көп класты оқыту жолдары
Комплекс жүйесімен оқытуда екі-үш класта сабақты қалай береміз? Бір класпен алданып жатқанда өзге класс бос қалмай ма деген сұрақ туады. Бұл мәселе жалаң комплекс жүйесінде емес, пән жүйесінде де мұғалімнің аяғын әнтек-тәнтек бастыратын, арсалаңдататын, дағдартатын мәселе болатын. Әсіресе, шалағай мұғалімдерді. Сондықтан бұл жөнінен азырақ айта кету керек.
Мейлі қай жүйемен оқытсын, бір мұғалім бірнеше класты оқытудың жолдары соңғы болады:
1. Өзге кластарда өздігінен істерлік жұмыс беріп қойып, бір класпен мұғалім бір сағаттай өзі шұғылдану бар.
2. Бір класпен бірнеше минут әңгімелесін, оған мәселе, не бір жұмыс беріп айналдырып қойын, екінші класқа көшіп, олармен біраз алданып, жұмыс тапсырып, үшінші класқа көшетін жүгірме бар.
3. Түске дейін бір класты, түстен кейін екінші класты оқыту жолы бар (әлде түске дейін екі класты, түстен кейін бір класты оқыту реті келіп қалар).
4. Бір күні бір класты оқытып, өзгелерді бос қойып, келесі күні бос қалған класты оқытатын «кезектеме» жол бар.
5. Өзге жоғарғы кластарды оқытын жатқанда төменгі класқа сабағы озық баладан басшы қоятын «қалпелік» жолы бар.
Міне осы айтылғандардан басқа көп класты бір мұғалім оқытудың жолы жоқ.
Бұл жолдардың қайсысы қолайлы? Оны мұғалім өзі таңдау керек. Әйтсе де өз пікірімізді айта кетейік.
Бес түрлі жолдың ең соңғысынан бастайық.
Ең соңғы, бесінші жолдың қолайсыздығы: сабағы озық баланы төменгі балаларға «молда» қылғанмен, ол бала молданы жолдастары елемеуге, басынып кетуге, мазақ етуге мүмкін: бәрі мектепте оқып жүрген балалар бірінен-бірі кеммін деп ойламайды ғой. Және ол қойған «бала молда» оқытудың жөнін де білмейді, шатастырады, қорынады, немесе «молда жігіт» боп қожаңдайды. Тәрбие сөзімен қарағанда бұл жол дұрыс емес.
Төртінші жол тағы жарамайды: әрбір класс күн аралатып оқығанда үш-ақ күн сабақ оқып, жылдың жарымы босқа өтеді екен. Қазақ мектептерінде оқу мықтағанда алты ай болады. Алты айдық жарымын босқа өткізген соң, түк оқымағанға есеп қой. Жақа бос қалған күні балалар тапсырған жұмысты орындамай, оқығаны есінен шығып, ойынмен әуейленіп кетеді.
Үшінші жолды сөз қылсақ, әрі түске дейін, әрі түстен кейін оқытып, күніне 8 сағат жұмыс қылу мұғалімге ауыр тиеді. Оған мұғалімдікке жан-тәнімен шын берілген, немесе денсаулығы темірден жаралған адам болмаса шыдай алмайды. Күніне екі есе артық оқытқанына артық ақы алатын болса да игі болар еді. Артық ақы берілмеген соң, мұғалім о жағынан да есептейтін болу керек. Сөйтіп бұл жол да қолайсыз-ау дейміз.
Енді қалғаны екі-ақ жол. Не әр сағатын әр класқа арнау, немесе бір сағаттың ішінде әр класқа (жүгіріп жүріп) оқыту. Осы екі жолдын бірін қолдану керек. Қайсысын алу керек? Оны кесіп айтуға болмайды. Мұғалім біледі. Жүгірме жолман оқытуға мұғалім біледі, тәжірибелі, шалымды, оңтайлы, ширақ болу керек. Мұғалім шалымды, ымқырулы болмаса, көп қоянды қуған тазыдай арсалаңдап, ақырын қалуға, бір қоян да ұстай алмауға мүмкін. Бастапқы жол одан гөрі ыңғайлырақ: ана кластарға жұмыс сабақ беріп қойып, өз кірген класымен сағат біткенше алдана береді. Екінші сағатта кірмеген класына көшеді. Дегенмен бұған да шалым, назар, тапқыштық керек. Өйткені өзі кірмейтін класқа өз бетімен істегендей қызықты жұмыс тауып беру керек. Ондай қызықты жұмыс тауып бере алмаса, балалар жалығып, ойнап, шулап кетуге мүмкін. Бастауыш мектептерде бұл болмай қоймайды. Ендеше мұғалім өзі кірген класында сағат біткенше, нығарланып отырып алмай, анда-санда бос қалғандарға да көз сала отыру керек екен. Көз салмасқа балалардың өзі де қояр ма екен? Жас бала 45 минуттен неғып тапжылмай қадалып сабақпен алданатын болды? Қобалжымай, қажымай отыра алмас. Олай болса іс жүзінде бірінші жол мен екінші жолды еріксіз аралас қолдануға тура келеді. Мүмкін уақыттың көбірегін не ана класқа, не мына класқа кезек беріп отырар, ал өзгелерді бір жолға иесіз тастауға болмас.
Көп класты оқытуға комплекстің қандай қолайы бар? деген сұрауға келсек, ескі жүйеден комплекс анағүрлым қолайлы деуге болады. Үйткені комплекс жүйесі баланың тұрмыс құбылыстарын көп бақылауын, өз бетімен жұмысты көп істеуін, көп жазып, көп сурет салуын, көп есептеуін, салыстыруын зерттеуін тілейді.
Жұмыстың көбін бала өзі істейтін болған соң мұғалімнің арқасы босап, кластан класқа қыдырып отыруына да мұршасы келеді. Балаларды үнемі мектепте ұстап отырмай, сырттағы жұмыстарға да қосуға болады. Мысалы: ауылдағы адамдардың аурулардың, сауатсыздардың, пішеннің, аспаптың есебін алдыру. Кімнің не жұмыс қылатынын бақылату, мал ауруларының емі, ауылдың тарихы сияқтылардан мағлұмат жинату, өлең, жұмбақ, ертегі жазып әкел деп тапсыру. Хайуандарды күттіру, серуенге жіберу, жұмыс істету сияқты нәрселер – бәрі де мектептен тысқары болмақ. Мұндай жұмыстар араласып отырған соң, мұғалім оқытуға әбден жаттығып, төселіп, жетілу керек. Балалардың өздеріне істете білу керек.