Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 20 сағат бұрын)
Біз бір-бірімізді түсінеміз бе? Ата – аналармен тренинг
Ата – аналармен тренинг
Біз бір - бірімізді түсінеміз бе?
Мақсаты: Баланың дамуына, жеке тұлға болып қалыптасуына ата - ана тәрбиесінің әдіс тәсілдерін жетілдіре отырып қарым – қатынас орнату.
Міндеттері: Ата – аналардың балабақшамен, тығыз байланысын арттыру, балаларын, мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеудің жолдарын көрсету.
Қажетті құрал жабдықтар: Үлестірмелі қағаздар, ала жіп, доп және т. б
Әдістері: пікір алмасу, сұрақ жауап, психологиялық жаттығулар.

Тренинг бағдарламасы:
1. «Танысу жаттығуы»
2. Топқа бөлу
3. Ой жинақтау
4. Психогимнастикалық жаттығу
5. Қызықты сұрақтар.
6. Ойын. «Жұбыңды тап»
7. Жіп торы. 8. Қорытынды

Тренинг барысы:
- Сәлеметсіздер ме құрметті ата - аналар! Бүгінгі біздің:«Біз бір - бірімізді түсінеміз бе?» атты тренингке хош келдіңіздер! Ата – ана тілегі баласының жақсы адам болуы, еңбексүйгіштігі, кішіпейіл, мейірімді болуы. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз».
Тәрбие отбасы мен балабақша қатынастарына тікелей байланысты. Отбасы айтқанына көндіріп тәрбиелейді, ал балабақша оңтайлы қылық, дұрыс көзқарас қалыптастыруға ұмтылады. Ал осы ұл - қызымызды тәрбиелеуге үлес қосып отырған тәрбиешілерді түсіне аламыз ба?
Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға тәрбиеші болса, оны жалғастырып демеуші ата - ана. Олай болса, сіздер мен біздер бірлесіп бірауыздан жұмылып жұмыс жасасақ, біз алмайтын қамал жоқ - деп ойлаймын. Ал, Іске сәт!
Жүргізуші: Тренингімізді бастамас бұрын ата - аналар 3 түсті гүл күлтешесінен бір - бірден таңдауларыңыз сұралады. Бірдей түсті ата - аналар бірігіп бір топ боласыздар.
«Есімдер аллитерациясы»
Нұсқау: Алдымен өз есімдеріңіздің алдына адамның бойында бар жақсы қасиеттің біреуін айтып, өзіңіз туралы қысқаша мәлімет беруіңіз керек.
Мысалы: Мен ақкөңіл – Ақмаралмын
Мен гүлдей - Гүлнармын
Мен көңілді – Көркеммін.
«Осы қасиеттеріңіз әрқашан өздеріңе жолдас болып, тек жақсы қасиеттеріңді қабылдап жүрейік»

2. Топқа бөліну түрлі түсті қағаздан жасалған жүректерді түсіне қарай таңдайды. Таңдаған түсіне қарай мінездеме беру.

3. Ой жинақтау
Үш топқа тақырып беріледі
Ата - аналар сол бойынша өз ойларын ортаға салады.
I. Бала – білімді әрі тәрбиелі болып өсуі үшін ата - ана қандай жағдай жасауы керек.
II. Балаларды теріс қылығы үшін жазалау керек пе?
III. Тәрбиеші мен ата – ана байланысының тиімділігі бар ма?

4. Психогимнастикалық жаттығу
Барлығымыз шеңберге тұрайық. Көзімізді жұмамыз.
Жазғы мезгіл. Айнала жап - жасыл жайнап тұр. Құлпырған гүлдер. Сондай тамаша. Біз барлығымыз серуенге шықтық. Аспан шайдай ашық. Күн жарқырап тұр.(Бір - біріміздің жаурынымызды сипаймыз. Арқамызға шеңбер тәрізді жасаймыз). Кенет күн бұлттап дауыл болып кетті. Бір кезде жаңбыр жауа бастады. Жауын үдей түсті. Арты бұршаққа ұласты. Солақ екен бұлт астынан қайта күн шығып аспан ашыла бастады. Біз болсақ қоштасып үйімізге тараса бастадық. (әрқайсысы өз орнына жайғасады)

5. «Қызықты сұрақтар»
1. Балаңыздың сүйікті түсі?
2. Тәрбиешілерінің толық аты жөні
3. Балаңыздың сүйікті мультфильмі қандай?
4. Қандай жануарды жақсы көреді?
5. Балаңызды қалай еркелетесіз?
6. Балаңыздың хоббиі жайлы не білесіз?

6. Ойын. «Жұбыңды тап»
Мақсаты: Сөзсіз қарым - қатынасқа шақыру, ауызбіршілікке бірлесіп жұмыс істеуге шақыру.
Қатысушыларға бүктелген қағаздар таратылады. Ол қағаздың ішінде 2 данадан аңдардың аты жазылған. Кімге қандай аң келсе, сол аңның іс - әрекетін іс - қимылмен салып өзінің жұбын тауып алуы керек.

7. Жіп торы.
Мақсаты: Ынтымақтастыққа, бірлікке жұмыла жұмыс істей білуге шақырады. Ала жіп - ала жіптен аттамайық, осы жіптей мықты, сөзімізде ісімізде бір жерде түйіссін деген мағынаны білдіреді.
Ұйымдастырушы ала жіптің бір ұшынан ұстап, қарсы тұрған қатысушыға өз тілегін айтып оралған жіпті лақтырады. Ол өзіне қарсы адамға тілегін айтады, солай жалғасып кете береді. Мысалы: Ынтымағымыз берік, деніміз сау болсын!

8. Қорытынды
Бала дегеніміз – болашақ. Балаларымызды қалай тәрбиелесек болашағымыз солай болмақ. Келешегіміздің қожасы балаларымызды білімді де мәдениетті, тәрбиелі де әдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тәрбиелеу өз қолымызда.
Ұлт тәрбиесі - ұлт болашағы. Егеменді еліміздің ертеңгі болашағы жас ұрпақ тәрбиесі. Білімді денсаулығы мықты азамат өсіру үшін, мектеп болып ынтымақтасып та ат салысуымыз қажет. Кейін опық жеп бармақ тістемеу үшін баланы қаршадайынан дұрыс тәрбиелеуге, бала бақытының шынайы бағбаны болуға атсалысқан жөн. Бала бақытының кепілі - ата – ананың өнегелі тәрбиесінде. Ал тәрбиеші мен ата - ананың психологиялық үйлесімділігі бақытты өмірге апарар ізгі жол.

Қазалы қаласы,
№1 «Ақерке» бөбекжай - балабақшасы
Тәрбиеші: Қазиева Гулнар Қазыбекқызы

Толық нұсқасын жүктеу

You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама