Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Дәуір даусы

Осыдан екі-үш жыл бұрын Нью-Йорк қаласындағы біздің мектеп-интернат секілді бір мектептегі кездесуде, менің балалар журналында істейтін адам екенімді естіген бе — маған қойған сұрақтары есімде қалыпты. Ол мектептің ішінде бала бақшасы бар екен және ондағы сәбилер мектеп оқушыларының перзенттері болып шықты. Әкесі белгісіз немесе белгілі болса да, сәбидің анасымен некелеспеген; 16,17, 18 жастардағы қыздар сол мектепте тұрады, оқиды, өздері сабақта болған кезде, кішкентайларын бағатын тәрбиеші бар. Мұндай мектептер, көп болмаса да, Америка қалаларында кездеседі екен.

— Совет Одағында осы біздікіндей, баласын бағып, аналарын оқытатын мектептер бар ма?

— Біздің естуімізше, Сіздің елде бала да, үлкен де тек нұсқаумен жүретін көрінеді. Егін даласында жұмыс істеңдер дейді — егін егеді; мал бағыңдар дейді — мал бағады. Шынымен осы рас па? — деп таңданады тоғызыншы кластың оқушысы испан текті қараторы бала.

Соңғы жылдары бізде де жетім балалар үйінің босағасында қара көзі жаудыраған сәбилердің көбейіп бара жатқаны есіме түсіп, осы сәтте көңілім қатты бұзылды.

Біреулер жастықпен бала дегеннің не екенін білмей тұрып, сәбилі болады, енді біреулер өмірлік жолдас болар жанның ретін таппай уақыт өткізіп алады да, кейін қалған ғұмырдың қызуы мен қымбатын, тым болмаса, перзент өсіру жолына бағыштасам деп әдейі ұмтылады.

Бұлардың екеуін де айыптауға хақымыз жоқ. Себебі біз бала тәрбиесіндегі ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүріміздің тамырын үзіп алдық та, ар-ұят, инабат пен адамгершілік негіздерін сусаған құмға үй тұрғызғандай тыңнан бастадық.

Біз балалы болып қалған қыздарды айыптауға бейімбіз. Мен бұл қағидаға қосылмаймын. Ұл мен қыздың екеуі бірдей жауапты екенін, адамдық тазалықтың дүниедегінің бәрінен биік екенін олардың жан дүниесіне сіңіре алмадық. Жалпы қазақ семьясында, мектептерде әйел адам мен ер адамның арасындағы сезім жарасымы, адамдық қарым-қатынас жайлы әңгіме түгілі, соның алғашқы әліппесін үйретудің өзі ұмыт қалды. Халықтық дәстүрдің жақсысы тез жоғалады да, желімдей жабысқан жаманы жалғасы береді ғой деймін. Ата-бабамыздың тәрбие тарихында «үйтпе, бүйтпе» деп ашықтан-ашық ақыл айту тәжірибеде жоқ; қазақ мұның бәрін ұрпағының бойына өз үлгісімен сіңіріп келген. Сондықтан ер бала мен қыз балаға бұл туралы ашық әңгіме айту ұят, ерсі деген желеу әлі қалмай келеді. Біздің мектептеріміздің оқу жоспарларында шегені қалай қағып, балтаны қалай ұстауды үйрету бар да, адамгершілікке, сезімге, сезіне, түйсіне білуге тәрбиелеу мүлде жоқ. Бұл жанашыр, сезімтал азамат болмай-ақ қойсын, балға мен балтаны ұстай білсе, жетіп жатыр деген пиғылдан ба екен деп ойлаймын кейде.

Осылайша біздің жас өркендеріміз өз бетінше өмір сүруге ешбір дайындықсыз өседі. Тіршіліктің кітаптағыдан басқалау ағыстарына тап келгенде, шығар жол таппай, бірден не маңдайын жарға соғады, не әлгі алғашқы толқынды ағысқа тұншығады. Шынайы сезім мен көрсеқызарлықтың арасын ажырата алмау да сәбиді кішкентай күнінен ұстамдылық, байсалдылыққа, жақсы мен жаманды ажырата алуға баулымағанымыздан ба деген ой келеді.

Тәрбиедегі, тұрмыстағы кесепатқа жеткізер қырсықтардың көбі арақ-шарап ішуден өрбиді.

Сондықтан халқымыз толыққанды ұрпақ өсірсін, елдігін жоғалтпасын десек, ең алдымен шарап ішуді қылмыс, күнә деп түсінетін жағдай жасауымыз қажет. Ондай жағдайды біреу келіп жасап береді деп күтпей, саяси ұйымдарды немесе өкіметті кінәламай, әр адам, әр семья, әр ауыл өздері қолға алмаса, жүрекке шым-шымдап сіңірмесе, жиналысқа салып, қаулы шығарғаннан ештеңе шықпайды.

Мүмкін, көзін ашқалы көргені ырду-дырду, арақ-шарап ішу, естігені дарылдаған, жарықшақтанған мас дауыс болып келген халық түгелімен бір күнде немесе бес жылда бұл залалды сырқаттан жазыла да қоймас. Бірақ, «ұра берсе құдай да өледі» деп, жалпыхалықтық мақсатқа айналдырса бірте-бірте ата-баба дәстүріне де оралатынымыз кәміл.

Өткен жылы Түркиядан келіп жүрген екі-үш бауырымыз сәлем беруге үйге келді. Барымызды дастарханға қойып, қонақ етіп жатырмыз. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» қастарындағы алматылықтардан ыңғайсызданып, шарап қойып едік, «мына апайымыздың да жәйі белгілі болды», — дегендей, қабақтары түсіп кеткенін байқап қалдым.

Неке бұзу, ішімдік зәріне улану — күнәдан қорқатын мүсылман атаулының қас дұшпаны. Халқымыз ұрпағын осындай дәстүр бойынша тәрбиелеген.

Осы тәрбие заңдылықтарын «діни көзқарас», «өмірде қалыс қалу» деген қағида ұранының соңынан лап беріп ердік те, тамұқтың тар қақпасының түбінен бір-ақ шыққанымызды білмей қалып отырмыз. Неке бұзған бала, сәбиін күлге тастайтын ана қайдан шықты деп бүгін бірімізден-біріміз көріп, дал боламыз. Ынсап пен ұят, ар мен намыс адам баласына о бастан ағыл-тегіл беріле салмайтын болса керек. Сәбидің бойындағы табиғи қасиеттерді тәрбиемен баптамаса, мына жын ұрғандай аласапыран заманда жақсы қасиеттер жел айдаған қаңбақтай жоғалары сөзсіз.

Жоқшылық пен тапшылық та семьядағы, демек жалпы қоғамдағы да, тәрбие жұмысының өркен жаюына кедергі екені түсінікті жәй. Айдың аяғына қарай бір-бірінен қарыз сұрап, тамақ іздеп, ебіл-себіл болып жүрген ата-ананың сәбиіне жан-жақты тәрбие беруге көңілі ауса да, мүмкіндігі бола бермейтіні белгілі.

Жерінің кеңдігі де, байлығы да Қазақстаннан едәуір аз Кувейт елінде өмірге келген сәбиге туу туралы куәлігімен қоса өкімет қорынан белгілі мөлшерде ақша беріледі екен. Себебі, олар ата мұра жерінің асты-үстінің байлығына өздері ғана қожа. Кувейт халқы шет елдерге тікелей шығып, өз байлығының рахатын өздері көріп отыр. Егер біздің республикамыздағы тек Қазақстанның батыс облыстарының жер асты кендерін шетке шығарып сатуға құқымыз болса, бүкіл елді дәл бүгінгідей кедейлік құндағында ұстамаған болар едік.

Бірақ, тәрбие, тағылым, халқымыздың өзіне ғана тән психологиялық ерекшеліктер мен ұғымдар жаңа бір көрініс тауып түлемесе, ұрпақ тәрбиесіндегі жыртықтар бүтінделе қоюы қиын-ау.

— Қайта құрудан кейін «иманы бар адам», «иман жүзді» деген тіркестерді халық алдында өзінің беделсымағын ойлап айта бастаған кейбір қызметкерлер үйіне барып, немересімен, баласымен орысша сөйлеседі. «Молданың істегенін істеме — сөзін тыңданың» кері.

Біз дәл қазіргідей орыс тілі «ақсүйектеріміздің» тілі, қазақ тілі — қара халықтың тілі болып тұрған жағдайда, баланың да, кәрінің де көкірегінде ұлттық намыс, ұлттық қадір қасиет қалғып, ағылшын мен французды көрсек бүгежектеп, өзіміздің төменгі сатыларда жүрген, шашыраңқы халық екендігімізді санамызбен де, көргенділік, білімпаздық топырағымызға тән тәрбие жүйелерін қапелімде қалыпқа сала алмаймыз.

Қазіргі жетім сәбилер үйінде тәрбиеленуші қазақ балдырғандарының көбі — тірі жетімдер. Көбісі әке-шешесі маскүнемдік жолға түсіп кеткендердің балалары.

Олар: «Үкімет не бітіреді — асырап, өсіріп берсін», — деп, нәпсінің құлы болған, қу тәндерінің ләззатына ұрпағын айырбастап, сүйте тұрып өзінің «дұрыс» істегенін дәлелдегісі келетіндер.

Ал, әке-шешесінің біреуі сау-саламат жүрген сәбилерді перзентке зарыққан басқа адамның асырап алуына хұқы жоқ. Жетімдер үйлеріне барып көрсеңіз, ағайынды үш-төрт не одан да көп, жетелесіп жүрген бір үйдің сәбилерін көріп, жағаңызды ұстайсыз. Осындай бірнеше сәбиін бірден жетімдер үйіне өткізіп тастап, өзі жер басып жүрген әке-шешені не шешені тауып, себебін анықтап, халық депутаттарының қалалық Советтері пәтер және басқа көмек берулері керек-ақ. Жалпы, атқа мініп, ел басқарғанның негізгі азаматтық міндеттерінің бірі — жетім сәбилер үйіне барып, ондағы жәй-күйді біліп, көзімен көріп, жүрегімен сезіне білуі болып табылалы. Қоғамымыздағы жетімектер жерге қарап жасын төгіп отырғанда, тек өз баламыздың асқақ та әдемі болғанын ойлау, халық болар ұрпақ тәрбиелеуде тағы да біржақтылыққа соқтырады. Халықтық мұрат, мүдде мәселесіне келгенде, «сенің атың тұра тұрсын, менің атым жүре тұрсын» деген қағидадан бойымызды аулақ ұстап үйренейік.

Президенттен бастап, цехтық ұйымның хатшысына дейін, өз міндетін атқаруды әуелі жетімдер үйінің жұмысымен, жайымен танысудан бастасын. Бұл парыз күнделікті тұрмысымызға, қанымызға сіңбейінше, толыққанды, намысты, елін, жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеу мүмкін емес.

Көп балалы семьяларға арнап, әдейі тұрғын үйлер кварталдарын салдыру да күн тәртібіне енбей келеді.

Сәбилерін жалғыз өсіріп, тәрбиелеп жүрген аналарға да тұрмыстағы жеңілдіктер берілетін қамқорлық қажет-ақ.

Әрбір ауданнан бастап, облыс орталықтарында балалар ауруханаларын, республика астанасында балалар денсаулығының орталығын бірінші кезекте қолға алған жөн болар еді.

Сәбилер, заманның пысықай мінез-құлқын бойларына сіңірмей тұрғанда, қол жайып сұрауды білмей, көңілінің орталығын көздерімен ұқтырып тұрған кезде қамқорлық жасалмаса, қатігездік пен харамдықтан тауы шағылып, тістеніп өседі, ертең азамат болып жарытпайды.

Адамзат қоғамының тарихында ұрпақ, үрім-бұтағының қамын ойлаған халықтар ғана қалатыны, бүгінгі күннің құлқынына қызмет еткен мемлекеттер көзі тартылған теңіздердей із-түзсіз жоғалатыны — дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат.

Бұл қолында билігі барларды да, билігі жоқтарды да бүгін ойландырмаса, жүрек шешімімен іске жұмылдырмаса, біздің елміз, жұртпыз деп көкірек кергенімізден болашаққа берер нәр қалмас.

1989.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама