Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Денсаулық сақтау жүйесіндегі мейіргер мамандығы

Қызылорда медициналық жоғары колледжінің
мейіргер ісі негіздері пәнінің оқытушысы
Кемелбаева Гулаим Сапарбековна

Қоғамымыздың құндылығы — «адами капитализмді» дамыту денсаулықты сақтау және медициналық білім беру саласындағы реформалармен тығыз байланысты. Қазіргі кезең қазақстандықтардың денсаулығын сақтауға және нығайтуға жауапты медицина қызметкерлеріне жаңа міндеттер жүктейді. Азаматтардың денсаулығын сақтау саласындағы мемлекет саясатының негізгі принциптері — медициналық көмектің профилактикалық бағыттылығы, оның баршаға қолжетімділігі және көмек сапасын көтеру екенін есте сақтайтын болсақ, осы мақсаттарды іске асырушы, негізгі қозғалтқыш күші — мейіргерлер.

Мейіргер қызметінде ұйымдастырушылық, ғылыми-зерттеушілік және оқытушылық міндеттерді орындау қажеттілігі қалыптасты. Жеке даралық принцип негізінде пациенттің медициналық проблемасын шешуге бағытталған мейіргердің жаңа моделі немесе жаңа класы дүниеге келді. Пациент күтімінің сапасын жақсартуға негізделген еңбекті ұйымдастырудың түрлерін дамыту — мейіргерлік тексеру, мейіргерлік диагноз қою, күтім және бақылау жоспарын құру, нәтижесін бағалау мен өзгеріс енгізу. Мейіргер ісінде ғылыми ізденіс іс-шаралары жүргізіле бастады. Шетелдік және отандық тәжірибе негізінде мейіргер ісі медицинаның дербес бір саласы болып қалыптасуда.

Қазіргі уақытта мейіргер бейнесі түбегейлі өзгерген, ғылыми тұрғыдан және тәжірибеден алсақ қазіргі мейіргер өз бетінше мейіргерлік шешім қабылдап, жоспарлап, нақты мейіргерлік күтім көрсететін, жаңа технологияларды меңгерген, сондай-ақ науқастың еміне байланысты мейіргерлік ой-пікірін толық білдіре алатын дәрігердің тең құқылы серіктесі ретінде қабылданады. Сондықтан бүкіл әлемде мейіргер ісі мамандары тек негізгі техникалық және мамандандырылған білімімен тоқталмай, сонымен қатар бакалавр, магистратура және докторантура деңгейінде білімін игеруде.

Әрине, бүгінгі күні мейіргерлер дайындау ісіне жаңа, жоғары талаптар қойылуда. Жаңа модельдегі мейіргердің рөлі мынадай жеті бағытта анықталып отыр.

— Емделушінің күтімін ұйымдастырушы мейіргер;

— Емделушінің күтімін орындаушы мейіргер;

— Емделушінің ықыласын қорғаушы (адвокат);

— Педагог (консультант) мейіргер;

— Зерттеуші мейіргер;

— Лидер (көшбасшы) мейіргер;

— Медициналық бригаданың белсенді мүшесі ретіндегі мейіргер.

Дүниежүзілік қоғамдастықта мейіргерлердің бұл рөлдері маман ретінде қызмет етуде. Ал біздің қоғамымызға мейіргерлердің осы қызмет түрлері біртіндеп еніп келуде.

Қазақстанның Болон процесіне енуі мейіргерлік істегі білімнің, кәсіби стандарттардың, біліктілердің Европалық деректерге сәйкес болуын қажет етеді.

Қазақстан Республикасындағы 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің қызметкерлері Финляндияның JAMK және Lahti қолданбалы ғылымдар унивеситетіндегі әріптестерімен бірлесіп, мейіргерлерге білім беру жүйесін жетілдіру жөнінде «Жол картасын» жасады.

Осыған орай фин және отандық мамандар үшін «Мейіргер ісі» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриаттың білім беру стандарты құрылды.  

Мұндағы басты мақсат медициналық қызмет көрсетуде мейіргерлердің рөлін көтеріп, олардың жауапкершілігін арттыру. Сонымен бірге, мейіргерлердің қызмет істеу дербестігі мен өкілеттігі кеңейеді. Жасырары жоқ, дәрігерге күн сайын бір сұрақпен келетін науқастар баршылық. Дәрі-дәрмек алу немесе сараптама қорытындысын білу үшін де келіп жатады. Енді мұндай мәселелердің барлығын мейіргерлер шешеді. Қажет жағдайда ғана дәрігерлер қарайды. Бұл медицина мамандарын басқа қырынан тануға мүмкіндік береді. Клиникалық тұрғыда ойлау қабілеті болсын, жоспар құруда болсын жан-жақты дүниені меңгере білуі тиіс. Осылайша денсаулық сақтау саласында мейіргерлердің  жаңа үлгісі қалыптасуда.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама