Елім, саған айтам, елбасы, сен де тыңда!
Камал СМАЙЫЛОВ
ҚАЗАҚСТАН. XXI ҒАСЫР
Біз аса бір асулы да айтулы кезеңде тұрмыз. Бұл асуда екі ғасыр кездеседі. Ғасыр ғана емес, мыңжылдықтар тоқайласады, екінші мыңдық үшінші мыңдыққа жол береді. Адамзат тарихында мұндай оқиға өте сирек, яғни мың жылда бір-ақ рет болады. Ғасырлардың ауысуы да жүз жылда бір болатын оқиға.
Сол белеске шығуға санаулы ғана саты қалғанда біз сол шынар биіктен не көрер екенбіз? Сол белестің арғы бетінде не барын, келе жатқан XXI ғасыр қандай болатынын, бізді нендей істер, қиындықтар мен қызықтар күтіп тұрғанын болжағымыз, елестеткіміз келеді. Президент Н.Назарбаевтың соңғы кітабының «XXI ғасыр қарсаңында» деп аталуы тегін емес. Өте дәл, тура айтылған.
Иә, XXI ғасыр келіп жетті. Екі ғасыр айырығы ғана емес, екі мыңжылдықтың тоғысқан.тоқайласқан қырқасы ғой бұл! Осыдан он жыл бұрын мен «Ғасыр қырқасында» деп аталатын кітап жазған едім. Оның алдында «XXI ғасырға саяхат» деген кітап жариялаған болатынмын. Соның екеуінде де адамзаттың тарихында аса сирек ұшырасатын, кез келген ұрпақтың үлесіне, несібесіне тие бермейтін оқиғаның төңірегінде біраз болжамдар мен топшылаулар айтқан едім. Өмір шапшаң өзгеріп жатады. Ол болжаулардың бәрі ойлағандай бола бермейді.
Бұл — бос қиял, бекер арман емес, нақты болжамдар.
Қазақстан жері миллиард адамды асырай алады
Әлемдегі 186 елдің ішінде Қазақстан жер көлемі жағынан 7-орын алады (алда-Ресей, АКДІ, Қытай, Австралия, Үндістан, Канада).
Біздегі шабындық пен жайылым көлемі 162 миллион гектар болса, миллиардтан аса адамы бар Қытайдағы жайылым 234 миллион гектар екен. Айырма алшақ емес. 150 миллион халқы бар Ресейдің жайылым-шабындығын екі есе орайды. Австралия жеріне жақындайды. Онда 150 миллион қой бар ғой. Осыншама жайылым-шабындықтың өнімділігін көтеру, жем шоп мөлшерін көбейту — адамның қолындағы нәрсе екенін өмір көрсетеді. Жердің құнарын арттыру жер иесінің қолынан келетін іс екенін анау Сауд Арабиясы, Араб Әмірлігі, Израиль сияқты топырағы сусыған құмның ортасында отырған елдердің үлгі-тәжірибесі көрсетіп отыр. Олар кұмды құнарлы топыраққа айналдырып алды.
Қазақстан даласы оның қасында құнарлы өлке, құм емес, майлы топырақ. Араб елдеріне қарағанда Қазақстанның ауа райы егінге жайлы ғой, аптаған-қуырған ыстық жоқ. Қанша жұтаң, сараң болса да сол жайылымның екі гектарынан бір қойды асырайтын жем шөп алуға болары сезсіз. Сонда біздің жайылым (жазда) мен шабындық (қыста) жерлерімізде елу миллион қой ұстауымызға әбден болады.
Әрине, арманды шындыққа айналдыру оңай емес. Біз бұл жерде қазақ даласы жайылымының қой мен жылқы үшін сонша қолайлы да құнарлы екенін, оның мүмкіндігі, дұрыс пайдаланса шексіз екенін айтамыз.
Тағы бір жолы — тыңда жыртылған 25 миллион гектар егіннің 10 миллионын босатып, жайылым-шабынға қалдыру. Сол жерде қосымша 20 миллион қой, 5 миллион ірі қара бағуға болады. Жылқы ұстауға шек жоқ, тек ерік берілсін. Жер асты суларын мал жемін беруге жұмсаса, тағы да 10 миллион қой ұстар едік.
Ауылдағы, алыс аудандардағы қазақтардың басты жұмысы да, тұрмысы да қойға байланысты. Қойсыз өмірі жоқ. Амал қанша, соңғы жылдары ірі шаруашылықтар ыдырап, орнына құрылған ұсақ шаруалар малға ие бола алмай, тұрмыс тауқыметіне шыдамай, қолындағы бар малды сойып, сатып жіберді. Сөйтіп, бұрынғы 36 миллион қойдан 9 миллион ғана қалды. Сонша қолда тұрған қазынадан айырылған обал!
«Осынша қой керек пе бізге? Қойды санамаңдар, түгендемеңдер, олардың пайдасынан зияны көп», — дейді басшылар.
Түркияда 60 миллион халық 170 миллион қой өсіреді. Оның анасы көп, мынасы көп демейді. Ал біздің елде кемі 50 миллион қой (соның өзінде Түркиямен салыстырғанда үш есе аз), 10 миллион ірі қара, 2 миллион жылқыны ұстауға әбден болады. Ол — ол ма, сарқа пайдаланса, казак жерінің шөбі мен жемі 80-100 миллион малды асырауға молынан жетеді!
Қазір егінжай аумағын 30-40 миллион гектарға жеткізуге болады. Eгic көлемі жағынан Қазақстан Үндістан, Ресей, АҚШ, Қытай, Канададан кейінгі 6-орынды алады. Бізде суармалы, құнарлы жерлер — бәрін қосса, 50 миллион гектар болады. Тыңайтқышы жеткілікті болса, топырақты жанашыр қолмен он десе, егінжайды таза ұстаса, мүмкіндігінше су берсе, онда дақылдың бір гектарынан 50 центнер (жұрт 80-100-ден алады) өнімді еркін алуға болар еді. Оған топырақтың күші жетеді. Сонда 50 миллион гектар жерден бір жылда 250 миллион тонна астық алар едік. Бір адамға бір жылға 250 кг азық қажет деп есептесек, сонда біздің даламыздан жиналған астық бір миллиард адамға жетеді екен! Бұл — егер шындап, ақылмен қолға алса, аса алыс қиял емес! Ол фосфор тыңайтқышы (Қаратауда жетіп жатыр), топырақты аудармай өңдейтін техника, асыл дән тұқымы, арам шөпке қарсы химикат, аздаған су болса, әбден орындалар нысана.
Қазақстан топырағының ғажайып мүмкіндігін (егер су мен тыңайтқыш берсе, еңбек сіңірсе), оның дүние жүзінде болып көрмеген өнім бере алатынын тәжірибе талай көрсетті. Күрішті Азия елдерінің көбі өсіреді, мол өсіреді. Олардың басты тағамы, наны. Ал сол күріштің дүниежүзілік рекордты өнімі Қазақстанда жасалған. Сыр жағасында алынған. Ыбырай Жақаев күріштің бір гектарынан 170 центнер өнім алған. Демек мұндай өнім алуға болады ғой, ертегі емес қой! 170 емес, 100-120 центнерден алса да, күрішті әлде қайда көбейтуге болар еді. Сонда миллиард адамға керекті нан-ұнның жартысын бидай мен тары берсе, жартысын күріш пен жүгері дәні (оны да көбейтуге болады) береді. Тарының жер жүзілік рекорды Қазақстанда: Ш. Берсиев бір гектардан 201 центнер дән алған. Ғажап! Әдеттегіден 5-6 есе көп!
Жердің нәрі, топырақтың қаны — су. Бізде суландырған жердің көлемі 2-3 миллион гектардан аспаған кезде аз жерден бap өнімнің-түсімнің үштен бірі алынатын. Егер сол суармалы жер көлемін үш есе, бес есе көбейтіп, 10-15 миллион гектарға жеткізсе, содан түсетін бағалы өнім кемі жарты миллиард адамның жеміс-көкөніс тағамын қамтамасыз етер еді.
Біз түгел дерлік өз жерімізден ететін, аяғында Обьқа, содан онсыз да суы мол Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын Ертістің суын аз ғана пайдаланамыз. Сондай-ақ Жайық, Еділ, Сыр, Ертістің екі жағалауында қаншама мың гектар құнарлы жерді суландыруға болар еді!
Тянь-Шань, Жоңғар Алатауындағы мәңгі мұздықтардың сарқылмас суынан әлі де мол нәр алуға болады. Оңтүстік Қазақстанда жарты миллион гектар, Жетісу аймағында миллион, Шығыс Қазақстанда (Зайсан, Сауыр, Тарбағатай аймағы) бір миллион гектар суармалы өңір пайда болады.
Жер бетіне нәр беретін бір көз — жер астында жатыр. Ғалым-гидрологтардың болжауынша, құлазыған қазақ даласының астында, астарында тұтас теңіздер жатыр екен. Олардың көлемі 70 Балқаш көлеміне пара-пар. Анау Тұран ойпатын жапқан теңіз сол қалпында жер астына түсіп кеткен сияқты. Ана Қызылқұмның асты, мына Іле ойпатының астары тұтасқан теңіз, толған су екен. Жер астынан жылына 120 миллиард текше метр су алуға болады. Сол суды (120 текше километр) пайдаланып, 150 миллион гектар егісті, миллион гектар шабындық пен жайылымды суландыруға болар еді. Бұл да миллиард адамға жетер тамақты қамтамасыз етуге қосар үлес.
Қазақстан қазба байлықтары 10 триллион доллар!
Ата-бабамыздың қыруар күшімен. найзаның ұшымен қорғап, тұтастығын сақтап қалған қасиетті жеріміз қазына-байлыққа бай да жомарт болып шықты.
Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен. Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді. Қазақстан қазба-қазына байлық жағынан дүние жүзіндегі ең бай деген он елдің ішіне кіреді. Нақтылап айтсақ, 6-орын алады. Бұл — ғажап. Геологтар айқындаған деректер бойынша, Қазақстан әлемде, әлемнің 186 елінің ішінде аса маңызды деген қазба байлықтар қорынан мынадай орын алады: вольфрам, уран, барий қорынан дүние жүзінде 1-орын; хромит, күміс және мырыштан 2-орын; марганец қорынан 3-орын; мыс мөлшерінен 4-орын; рудасынан 5-орын; алтыннан 6-орын; темір рудасынан 7-орын; қалайы мен никельден 8-орын (бұл біздің дерек); көмір мен газ қорынан 9-орын алады. Ал мұнай қоры жөнінен Қазақстан әлемде мұнайға бай Парсы елдері, Латын Америкасы, Ресей, АҚШ-тан кейін 13-орын алып отыр. Бұл — ғаламат байлық.
Жер бетіндегі бор мен хромиттің үштен бірі, марганец пен уранның төрттен бірі, темір рудасының оннан бірі — біздің жерімізде жатыр. Сөйтіп, Тәуелсіз Қазақстан әлем қауымдастығына, XXI ғасырға осындай ғаламат қыруар қазына байлығымен кіргелі отыр. Жаға ғасырдағы казак елінің қуатын да, канат қағысын да анықтайтын осы байлық. Мәселе соларды дұрыс игеріп, байытып, тиімді сатуда болып отыр. Әлемдік базарда бос орын жоқ.
Бізге жәрдемдесеміз деп келген шетелдіктер дайын жатқан қымбат қазына-байлықтарға ұмтылып, қол салып жатыр.
Жезқазған мен Балқаштың мысы, Бақыршық, Васильков пен Ақбақай алтынына, Соколов-Сарыбай рудасына, Дөң хромитіне, Қаратау фосфоритіне, әрине, бәрінен бұрын Теңіздің мұнайы мен Қарашығанақ газына қол салулары тегін емес. Олар да майлы жілікті жақсы көреді.
Каспий жағасындағы құрлықта 2,2 миллиард тонна, ал су астында (шельф) 4,5 миллиард тонна мұнай қоры жатыр. Осы жерден жылына 100-150 миллион тоннаға дейін мұнай шығаруға болады.
Сол Каспий мұнайын алыс елдерге жеткізудің жолдары ойластырылуда. Оның бірі — Ресей арқылы Новороссийскке дейін, Қара теңізге жеткізу, екінші жолы — Түркия арқылы Жерорта теңізіне жеткізу. Ол — ол ма, Қазақ жері арқылы құбыр тартып, сонау Батыс Қытайға дейін апаруға, мына жақтан Ресей құбырына қосылып, Балтық жағасына жеткізуге болады.
Ертең Парсы шығанағы секілді қазына қазаны болатыны сөзсіз. Сонымен бірге, мұнай жүрген жерде жанжал да жүреді. Соның бетін аулақ қылсын!
Иә, шикі мұнайды көбейткен, басқа елдерге сатқан дұрыс қой Бірақ ертең мұнайдың өзі емес, оның дайын өнімдерін сатқан әлдеқайда тиімді де өтімді.
Арал аймағында да үлкен мұнай «теңізі» бар, оның. қоры 350 миллион тонна, қазіргідей жылына 3,5 миллион тоннадан алса, 100 жылға молынан жетеді. Осы жерде 100 миллиард текше метр газ жатыр.
Оған жалғас Оңтүстік Торғай ойпаңында мұнай мен газдың мол көмбесі бар деп отыр барлаушы геологтар.
Мұнай барда газ да бар. Қара шығанақ — жаңа ғасырдың еншісіне тиер мол кен ордасы. Оның қоры 1,3 триллион текше метр. Аса бағалы табиғи газ Шу — Сарысу аймағында, Зайсан — Алакөл өңірінде молынан жатыр.
Бір байлық тағы бар. Ол — көмір. Көмір қоры 200 миллиард тоннадан асады. Ежелгі Қарағанды, Екібастұзға Обаған, Торғай, Дегелең қосылып, қазіргідей жылына (соңғы кезде азайған) 100 миллион тоннадан алатын болса, кемі 500 жылға жетеді. Бұл ғажап қазына! Көмірдің отын ғана емес, химиялық шикізат есебінде бағасы да, қажеті де арта береді.
XX ғасырда Қазақстанның қуатын нығайтып, даңқын шығарған оның баға жетпес түсті металдары еді. Ұлы Отан соғысы кезінде жауға атылған он оқтын тоғызы Қазақстанның қорғасынынан құйылып, мысымен қапталған. Жаңа ғасырда да күрделі де нәзік техника, электр-электроника өркендеген сайын түсті металдар да қажет бола түседі. Олардың ішінде бүкіл дүниежүзілік саудада қымбат та қат болып тұрған — мыс. Қазақстан мыс қоры жағынан дүние жүзінде төртінші орын алады. Мыс Жезқазғанда (Анненск, Жыланды), Балқаш маңында (Саяқ пен Ақтоғай), Жезкентте, Бозшыкөлде, Шилісайда бар. Ондағы мыстың сапасы жоғары. Шетелге енді арзан мыс емес, кабель, сым күйінде сататын болсақ...
Сондай-ақ қорғасын мен мырыш Қаратау мен Жоңғар Алатауында азайып еді, енді Жәйрем даласынан кенінен ақтарылды. Шығыс Қазақстанда бірі сарқылып жатса да, екіншілері ашылып жатыр.
XXI ғасырда қазақ жерінің қойнауында олардан басқа қаншалық сирек болса, соншалық қадірлі металдар да аз емес!
Жана ғасырға қарай осы қыруар байлықтарды қолында ұстап, қолымен алып отырған өңірлер-өлкелер алдымен өрлеп-өркендеп, сол ел тұрмысын жақсартып кете алады.
Сары арқаның қазына көздері — Жезқазған — Балқаш — Жәйрем, мұнай мен газдың қыруар байлығын жинаған Каспий — Жайық өңірі, вольфрам мен молибден, түрлі түсті металдарды, алтын мен уранды талай жыл өндіре беретін қазына сандығы — Сарыарқа мен Кенді Алтай, фосфоры санымен де, сапасымен де әйгілі Қаратау, аса сапалы темір рудасының қоймасы Костанай, көмірдің кайта түлейтін ежелгі ордалары Қарағанды мен Екібастұз, ашыла бастаған Торғай-Обаған бассейні, алтын мен ураны мол Көкше өңірі, газ бен алтыны бар Іле-Шу аймағы, никельді Кемпірсай, вольфрамды Қайрақты, молибденді Көктің келі, хромитті Ден кені, барийі мол Индер бойы... Өздері де көгеретін, бүкіл Қазақстанды да көгертетін осылар.
Қазақ жерінің шын мәніндегі алтын қоймасы енді ғана ашыла, ақтарыла бастады. Семейде Бақыршық, Көкшеде Васильков, Жамбыл жеріндегі Ақбақай — әлемдік тұрғыдан Қарағанда аса ірі алтын ордалары. Енді алтынды өндіріп қана қоймаймыз, езіміз өңдейміз. Әзір жылына 30 тонна, ал ертең 100 — 120 тонна таза алтын алатын боламыз. Сөз арасында айта кетейін, алтынның бір килограмы — 100 мың доллар.
Бұрын айта алмайтын, күш-қуатын сезіп жүретін бір қазба байлық бар. Ол — уран, ұран рудасы. Қазақ жері оған да бай екен. Бұрын Кеңес Одағындағы бар уран рудасының 50 пайызын осы Қазақстан беретін. Енді дүниежүзілік деңгеймен өлшегенде Қазақстандағы уран қоры — 900 мың тонна, бүкіләлемдік қоры 3,5 миллион тонна, демек әлемдегі уранның төрттен бірі бізде. Ол руда негізінен Созақ жерінде (бар уранның 80 пайызы), Маңғыстау маңында, Қордай алқабында, Атбасар, Көкшеде өндіріледі. Шикі руда аса қауіпті емес, оны байытып, ядролық отынға айналдыру керек.
Сонымен, Қазақстанның қазына байлығы құнды. Қазір табылған, ашылған, есептелген қазба байлықтың барлық құны 3,7 триллион доллар болады екен. Геологтардың есебінше, барлық болжамды қазына-байлықтар 10 триллион долларға барады. Нақты сезіну үшін бір дерек келтірейін. Осы байлық әр адамға шаққанда жарты миллион доллардан келеді екен. Бірақ бұл әлі жер астында жатқан қазына. Оны алатын да, пайдаланатын да XXI ғасыр адамдары болады. Есте болсын: африкалықтардың да жері бай, елі кедей екенін ойлап қояйық.
Қазақстан төрт мұхитқа тікелей шығады
Кең-байтақ жерге кең тараған жол керек. Қазақстанның даласына жан беретін қан тамырлары — темір жолдар. Бізде әзір темір жол тапшы, батыстан шығысқа дейін бір өмілдірік жол, терістіктен түстікке қарай бір тартпа жол бар. Жана ғасырда жаңа жолдар болуға тиіс. Картаға қарап отырсаң, ол жолдарды қай жерлерде. қалай салу керек екені бірден көзге түседі. Ең алдымен Қызылордадан Құмкөл арқылы (әдейі осы үшін ғой) Жез-қазғанға, одан әрі Арқалыққа жол тарту қажет. Одан әрі Ақтөбе — Арқалық — Қарағанды жолы салынбақ. Сосын Павлодар — Баянауыл — Қарқаралы; Қарағанды — Қарқаралы — Курчатов — Семей; Зайсан — Алакөл жолдары орнайды. Олар қажет.
Қазақстан екі ұлы құрлықтың арасында жатыр, екеуін қосатын дәнекер. Енді темір жолдын бір желісі шығысқа, Алматы — Достық — Алшаньхоу жолы әрі қарай жалғасып, сонау Жапон теңізі жағасына Ланьюнган портынан бір-ақ шығады. Сөйтіп, 2500 километрлік жол Еуропа мен Азияны Тынық мұхит жағалауымен жалғастырады. Бұл Транссібірден 1500 км төте түседі.
Әлемдегі аса ірі темір жол желісі — Трансазияабелдеу жолы іске кіріседі. Сонау Қытайдан — шығысында, Тынық мұхит жағасындағы Ланьюнган портынан бастау алып шығатын темір жол Қытай жерімен Ланьчжоуды басып Алшаньхоу — Достық өткелінен Алматыға келеді. Одан батысқа бет алып, Ташкент — Теджан (Түрікмения) арқылы Сараксты басып Мешхедке (Иран) жетеді. Одан дайын жолға қосылып, Иран мен бір-бірімен тікелей де төте байланыстыратын, Атлант мұхитын (Жерорта теңізінен) сонау Тынық мұхитпен (Жапон теңізі) жалғастыратын біртүтас Азия аралық темір жол болады. Еуропадан Тынық мұхитқа жүк жеткізу сонда, Үнді мұхиты арқылы өтетін су жолынан 20 мың, ал Транссібір жолынан 12 мың километр қысқарады екен... Ол темір жолдын бір желісі сонау Парсы шығанағынан бір-ақ шығады.
Еуропа мен Азия арасында, Еуразия континентінің дәл ортасында тұрған Қазақстан дүниежүзілік қарым-қатынасқа еркін араласу үшін арзан теңіз жолдарына шығуға тиіс. Жаңа ғасырда айналдырар үлкен шаруаның бірі — осы. Мұхиттармен арамызды бөліп тұрған ең жақын көршіміз Ресей арқылы — Еділ өзенімен
Балтық теңізіне шығамыз. Содан сәл бұрылып Солтүстік Мұзды мұхитқа өте аламыз. Еділ — Дон каналы арқылы Қара теңізге, одан әрі Жерорта теңізіне қатынас жасаймыз. Демек онымен Атлант мұхитына жол ашылады. Трансазия темір жолы Жапон теңізіне дейін барады. Онымен, демек, Тынық мұхитқа шығамыз.
Иран арқылы Парсы шығанағына жеткен жол Үнді мұхитына шығарады. Сөйтіп, Қазақстан тікелей су жолы болмаса да, құрлық жолдарымен әлемнің төрт тұсына — төрт мұхитқа: Атлант, Тынық, Үнді, Солтүстік Мұзды мұхиттарға шыға алады.
Ал Қазақстан екі алып құрлықтың дәл ортасында, Батыс пен Шығыстың арасында жатқандықтан, аспаны көбіне ашық (бұлттарды жел қуып әкетеді), жері жазық казак даласында алып аэропорттар салынса, Қазақстан — әуе жолдарының да оңтайлы торабына айналады. Алматы мен Астананың, Қарағанды мен Семейдің, Атырау мен Ақтөбенің аэропорттарына сонау Еуропадан, анау Африкадан, алыс Америкадан Қытай мен Жапонияға, Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жолаушы таситын лайнерлер ондап, жүздеп келіп, ұшып өтіп тұратын болады.
Онымен қатар елдің ішінде Алматы мен Астана, Жамбыл мен Қарағанды, Шымкент пен Ақтөбе, Алматы мен Семей араларында шағын да шапшаң, сағатына 200 — 250 км алатын жолаушы пойыздары сырғитын болады.
Автомобиль жолдары да дами түсері сөзсіз. Әлі де болса сапалы жол жүйесі жетімсіз. Өндіріс жанданып, қазына-қазба ошақтарын қаулату үшін араларын осы заманға лайық (күн сайын көбейіп бара жатқан шетелдік нәзік-кінәмшіл машиналар үшін) тегіс жолдармен жалғастыру қажет.
Сол автомобиль жолдары көрші елдерге шығып, тікелей жолаушы мен жүк жеткізе алатын болады. Алдымен Қытай мен Пәкістан арқылы Үнді мұхитына дейін (сол жерде саудагер қолын жуады) жетуге болар еді. Өзбекстан мен Түрікмения арқылы Иранға, одан әрі Түркияға дейін де автомобильмен баруға болады. Батыс бағыттағы жолдар өз алдына. Ендігі бір жаңа көлік — су жолы да ұлғаяды. Каспийдегі Ақтау порты арқылы Иранға дейін кеме қатынасы тұрақты орнайды...
Каспий — Арал каналы салына ма?
Алдағы ғасырда аса бір қауырт та катерлі іс өз шешуін күтіп түр. Ол — Каспийдің тасып, деңгейінің көтерілуінен сақтану жолы. Ғалымдар оның астындағы мантия қабатынын қозғалып, жоғары жылжуынан болып отыр дейді. Екінші бір болжам Каспий мен Аралдың арасын ж:ер астымен жалғастырып, қосып жатқан аңғар арна бар деседі. Мұны оныншы ғасырда айтқан екен. Каспийдің суы көтеріліп, қазіргідей жылына 24 см көтеріле берсе, онда 2002 жылы Атырау қаласы, облыстың көпшілігі, Маңғыстаудың біраз жері су астында қалатын қаупі бар. Аралдың суы азайып бара жатыр, соған шұғыл шара қажет.
Неде болса жаңа ғасыр Каспий мен Аралдың бір-бірімен байланысқан-байланған мәселесін шешіп шығуға тиіс. Ол үшін Каспийден Аралға дейін жер бетімен ашық канал (кей жерде кұбыр болар) тарту керек деген ұсыныс қойылып жүр. Оның ұзындығы 280 км. Ол Каспий — Ұзбай — Сарыкамыс — Арал бағытымен жүрмек. Ол каналмен суды 65 метр биікке көтеріп шығару қажет. Орта Азия елдері біріксе, басқа жұрт көмекке келсе, орындалып қалар жоба бұл. Ал Ертіс — Қарағанды каналының суы 420 метрге көтерілген. Ұзындығы 500 км-ге созылған. Соны да салған кезінде.
XXI ғасырдың ендігі бір үлкен ісі — Сібір өзендері суын Орта Азияға бұрып әкелу. Обь суының 5-6 пайызын ғана алатын ол каналдың Сібірге де, Солтүстік Мұзды мұхитқа да еш зияны жоқ. Каналдың ұзындығы 2600 километр. Болашақта оны колға алуға, орындап шығуға Орта Азия елдерінің шамасы жетпесе де, оған Ресей араласып күш қосуы мүмкін. Тегін емес, содан түсетін пайданың есебінен. Осы ұлы жобаны жүзеге асырып, ұлы құрылыс салынар болса, алдымен Қазақстан мен Орта Азия елдерінде 50 миллион гектар жерді суландырып, құлпыртып жіберуге болар еді. Жайық — Көшім каналын толығырақ пайдалануға, Еділ — Жайық каналын салуға болар еді. Осы маңнан (топырақ құнарлы, күн райы қолайлы аймақ қой) тағы бір миллион гектар құнарлы жерді суландыруға болады деседі. Ертіс — Қарағанды каналын жалғастырып, ол Жезқазғанға жеткізіледі...
Бұл суға катысты құрылыстар.
Ал мұнайға байланысты мынадай ғасыр құрылыстары болмақшы. Атырау — Құмкөл құбыры (ұзындығы 1200 км, құны 2 миллиард доллар), Қарашығанақ — Оңтүстік Қазақстан газ құбыры да салынуға тиіс.
Жаңа ғасырдың күрделі оқиғалары Каспий жағасында өтетін болады. Каспийдің статусы әлі анықталған жоқ. Теңіз бе, көл ме деген талас толастар емес. Ресей — оны бөлуге болмайды дейді, Әзірбайжан, Қазақстан, Түрікмения, Иран өзара бөлісіп аламыз деп отыр. Нақтылы істер басталды да.
Каспий мұнай өнімі консорциумы Новороссийск қаласына тартылған кұбырдың бойымен қатарластыра жаңа желі салады. Ол енді Шешен жеріне соқпай тура кететін болады. Сол жерді тіке тарту керек. Екіншіден, Қара теңіз жағасында Ново-российскімен қатар Коропоткин деген жерде терминал салынады (кұны 500 миллион доллар), одан кейін Коропоткин — Комсомол насос станциясы (кұны бір миллиард доллар) салынбақ... Каспий мұнайын Иран арқылы шетелдерге шығарудың жолы да қарастырылып жатыр. Ақтау теңіз портынан танкерлермен Иранға жеткізетін мұнай көбейеді. Оның есесіне Иран Парсы шығанағындағы терминалдардан шетелдерге біздің атымыздан мұнай сататын болады. Сөйтіп, шетелге шығудың тағы бір жолы ашылмақ.
Жаңа ғасыр — электр ғасыры. Бізде электр қуатының мол, ғаламат көздері бар. Көмір қоры қыруар! Мұнай мен газды да қуатқа айналдыруға болады. Су күшінен алар қуат та бар. Солай бола тұра, бүгінде бізде электр қуаты жетіспей-жетпей отыр. Ресейге Екібастұздың энергиясын береміз де, Қырғызстаннан әлдеқайда қымбатқа (саудада туыстық жоқ электр қуатын сатып аламыз. Осыдан құтылу қажет.
Ол үшін жаңа ғасыр басында сол желіні Ақадырдан Алматыға дейін, енді бір тарауын Жамбыл — Шымкентке апарып, жоғары кернеулі электр жүйесін тарту керек. Өзі сонау Екібастұздан келіп тұрған желі. Соны әрі жалғастырса ғана болды. Оған қосымша күш беру үшін Екібастұзда жаңа жылу электр станциясын, Оңтүстік Қазақстан (Балқаштың батысында) энергия алыбын салу қажет. Сөйтіп, Қазақстан өз электр қуатымен өзін толық қамтамасыз етіп шығады. Сонда елімізде жеткілікті өндірілетін электр қуатының бағасын да ептеп, біртіндеп арзандата беруге болады. Бағаның арзандауы осылай, осыдан басталар еді. Бар бағаны қымбаттатып тұрған да осы электр қуаты, мұнай мен газ емес пе? Оған қоса XXI ғасыр басында Қазақстан-мың басқа аймақтарда да жаңа қуатты электр станциялары салынатын болады. Ақтаудағы аса қауіпсіз де зиянсыз реакторы бар атом электр станциясы салынады. Басқа жерлерде де жер астында істейтін АЭС-тер орнауы мүмкін...
Марсқа адамды Дегелең двигателі алып ұшады
Қырық жыл бойы зардабын шеккен ядролық полигоннан енді майда табамыз, ондағы тұрған ғаламат күрделі техникалық жабдықтарды өз игілігімізге жаратуымыз керек. Сол мақсатта Курчатов қаласында алтын-ақша бұйымдар жасайтын (печатные платы) үлкен зауыт салынатын болады.
Ондағы ғылыми-зерттеу мекемелерін ядролық ыдырау әсерін биологиялық-медициналық тұрғыдан зерттейтін орындарға айналдырады.
Бұл қалада жер астында да, үстінде де тұтасып жатқан ғылыми-зерттеу лабораториялары бар. Оларда ядролық қуат күшімен қалай қиратып-жоюды ғана емес, сол апаттан қалай қорғануды, атом салған зардаптан адамдарды қалай құтқару жолдары мен әдістерін бақылап-талдайтын қорытындылар мен ұсыныстар жасайтын ғалымдар істейді. Сол жер астындағы бір лабораторияда ешкім көрмеген ядролық двигатель (реакторлар көп қой, бұл жалғыз) тұр. Ол ядро қуатымен ұзақ, тіпті тоқтаусыз жұмыс істей алады. Қазір АКШ пен Ресейдің ғалымдары Марсқа ұшу мәселесімен шұғылданғанда осы двигатель назар аударады. Сонау Марсқа ұшып барып кайтып келуге 500 тәуліктей уақыт кетеді. Соған таусылмайтын қуатты осы ядролық реактор ғана бере алады. Демек ертең, сол XXI ғасырда Марсқа ұшатын кемені Дегелеңнің қала солай аталар) ядролық двигателі алып ұшады.
Қазақстан өндіріс қуатының тағы бір саласы бар. Ол — кешегі Кеңес Одағынан қалған алып қорғаныс өнеркәсібі. Оның ішінде елуге жуық аса жаңа техника, жаңаша технологиямен (кеңестік қорғаныс техникасы әлемде озат болған) жабдықталған, сонша білімді де тәжірибелі кызметкерлері бар зауыттар болатын. Бір кезде олар орта қашықтыққа ұшатын СС — 20 ракеталарын, су астында жарылатын ядролық миналар мен снарядтарды, катерлі қару-жарақ, радиобайланыс құралдарын жасайтын. Бұл зауыттар енді Қазақстанның қолында.
Балқаш көлінің жағасындағы Сарышаған радиолокациялық полигонында ракеталарды алыстан көріп басқарып, бағыттап отыратын станциялары енді еларалық, бүкіләлемдік бір байланыс орталығы ретінде пайдаланылады. Қазақстан баяғыдан ғарышқа ракета ұшыратын аса қуатты алаңымен танылған. Аспанда айналып жүрген 4 мың спутниктің көбісі казак жерінен, Байқоңырдан жіберілген. Төбемізден бәрін көріп, бәрін естіп, ездері хабар жеткізетін байланыс спутниктері шыққан үясы Қазақстанға ез хабарларын алдымен жеткізеді.
Кеше «Галс», «Жарық» спутниктері арқылы телехабар таратқанбыз. Енді «Интелсат» жүйесі бүкіл елімізге телехабар жеткізбек.
Байланыстың жер бетімен, турасын айтқанда, жер астымен тартылатын бір ғажап желісі бар. Ол — оптикалы-талшықты байланыс. Оның бір кабелімен бірнеше мың хабарды катар таратуға болады. Сапасы аспаннан жеткен жүйедегіден әлдеқайда жоғары.
Бүкіл елдер бірігіп, жер шарын орап өтетін осы оптикалы-талшықты байланыс желісін тартпақшы. Алғашқы бөлігі Жапония мен Еуропа арасына тартылады. Ол Қазақстан жері арқылы өтеді. Соның. көмегімен әлемдік байланыс жүйесіне «тегін» қосыламыз. Жердің оңтайлы орналасуы деген осы да...
Бізде ғылымның — биология, химия, физика, астрономия сияқты салаларында дүние жүзі назар аударатын жаңалықтар бар. Олар одан әрі көбейе беруге тиіс.
XXI ғасыр қазағының рухани-мәдени деңгейі, мазмұны қандай болуы керек деген сұраққа жауап беру киын, бірақ қажет.
Ол казак — тәуелсіз елдің азаматы, жанашыры. «Мен тәуелсізбін» деп кеудесін ұрмайтын, «Мен сондаймын» деп мақтана бермейтін, бар ісін үндемей тындыратын, елін жайғастырып, жерін жарастыратын азамат. Оның жүрегі таза, пейілі ақ, арманы асқақ. Ол — іскер де білгір. Ол өзінің тарихын білетін, ұлттың мәдениетін, әдебиетін, өнерін сүйетін, халық дәстүрін бойына сіңіретін, ата салтын қадір тұтатын халық перзенті. Ол көрші халықтармен байланыс, қарым-қатынасын үзбей, әлемдік рухани байлықтан нәр алуға барынша ұмтылатын, сан өнерді игере алатын, ғылым мен техникадан барынша хабардар болатын азамат.
Оның. ішкі сараны таза, жан дүниесі бай. Топырақ өңдейтін, кен өндіретін, құрылыс жүргізетін, егін суаратын, астық өңдейтін, күріш жинайтын машиналарды елімізде жетілдіріп шығару жаңа ғасыр үлесінде.
Жаңа ғасырда жаңаша техника алға шығады. Электрондық есептеуіш аспаптар, компьютерлер, роботтар мен микропроцессорлар Қазақстанда көптеп шығарылуға тиіс. Оған қажет заттың, шарттың бәрі бар бізде. Осындай нәзік техника жасағанда біз мына Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің үлгі-өнегесін алсақ, олардан кем түспейтін дүние-өнімдер жасай алар едік. Біздің қыздардың саусақтарының икемділігі де, көздерінің жіті қырағылығы да тайланд-тайвань қыздарынан еш кем түспес. Әрине, біз түрлі түсті теледидарлар мен бейнемагнитофондар, компьютерлер мен есептеуіш машиналар шығарудан Жапония мен Оңтүстік Кореяны басып оза алмаймыз, біз ол бейтаныс іске кірісеміз, сосын қуып жетеміз дегенше, олар одан әрі жылжи береді де — еш жеткізбейді. Жапондықтар енді табиғи көрініс беретін керамикалық экраны бар теледидарларды шығара бастады ғой. Демек? Демек біз де сондай күрделі нәзік бұйымдарды игеруге ұмтылуымыз керек.