Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Бауыржан, Рахымжан, Кәкімжан

Бұл үшеуі үш тараптан. Ә дегенде бәрі де «жан» болғандықтан үшеуі ағайынды екен деп қаласын. Тіпті де олай емес. Үшеуі үш жақта туған.

Ал өмірде үшеуі кіндіктес екені рас.

Ол былай.

1956 жылы Батыр Бауыржан армиядан біржолата босап, Алматыға келді. Қазіргі Қабанбай көшесі мен Фурманов көшесінің қиылысында, үш қабат үйдің екінші қабатында Бәукеңнің екі-ақ бөлмелі, құрқылтайдың ұясындай ғана пәтері бар. Бәйбішесі Жамал ханым «Лениншіл жас» газетінің редакциясында қызметкер.

«Лениншіл жастың» бас редакторы Аба'й Бейсенбаевтан басқа қызметкерлерде үй жоқ. Сонда жас журналистер Кәкімжан Қазыбаев, Саттар Бөлдекбаев, Хайдолла Тілемісов, т.б. осы ұядай үйге келіп паналайды.

Бауыржан Момышұлы келген соң олардың саны көбейе түседі. Әлгілерге үй-жайы жоқ мен де келіп қосыламын. Бәріміз осы үйдің балаларындаймыз.

Шіркін, көңіл кең болса, үйдің тарлығы ештеңе емес екен ғой.

Сонда бәрімізден гөрі естиярлы, байсалды, әрі қаламы ұшқыр Кәкімжанға Бәукең мынандай талап айтады.

— Араларында Ұлы Отан соғысының нағыз батыры жүр. Ешқайсың көрмейсіңдер, сезбейсіңдер. Неғылған журналиссіңдер?! Журналист жұрт білмегенді ен алдымен білетін, соны көпшілікке алдымен жария ететін жаршылар емес пе? Есінде болсын, қасқыр мен журналисті аяғы асырайды. Ал сендер жүрмейсіңдер, көрмейсіңдер, кеңсе құмарлар.

Ә дегенде Кәкімжан Қазыбай баласы ішінен: «Бәукең өзін айтып отыр ма? Қай батырды айтып отыр?» — деп қалады.

Кісінің не ойлап отырғанын қандай бір қасиетімен біліп қоятын Бауыржан Кәкімжанға:

— Жоқ! Сен ойлағандай емес. Менің атым алдақашан әлемге әйгілі. Мен Рахымжан Қошқарбаевты айтып отырмын.

Рейхстагқа бірінші болып ту тіккендердің бірі сол! Тап соны!

Жаз соны! — дейді.

Кәкімжан Қазыбай баласы батыр ағасының бұл тапсырмасын (бұйрығы десе де болады) мүлтіксіз орындап шықты. Қошқарбаевты тапты. Ешкім білмейтін, қатардағы қарапайым жұмысшы болып жүрген Қошқарбаев.

Журналист өз геройын тапты. Бірақ геройдың өз айтқаны әлі жеткіліксіз. Майдангерлердің ішінде де асыра сілтеп айтатындары болады. Енді Кәкімжан шындық материалдарын іздеудің қиын жолына түседі.

Нәтижесінде «Лениншіл жас» газетінде Рахымжан Қошқарбаев туралы үлкен очерк жарияланады.

Әне, сөйтіп туған халқы өз Батырымен табысады.

Бірақ Сталин мен партияның «сценарийі» бойынша Рейхстагқа түңғыш ту тіккендер әлдеқашан белгілі болып, оларға Кеңес Одағының Батыры атағы баяғыда беріліп қойған. Біреуі орыс Егоров, екіншісі грузин Кантария. Солай болуға тиіс. Неге екенін ішің білсін.

Ал сол екеуінен де бұрын, бас көтертпес сұрапыл, нөсерлеткен оқтың арасынан, ысырат көпірінен өтіп барып, Рейхстагқа ту тіккен қазақ Қошқарбаев пен Булатов есепке алынбайды. Өйткені олар «сценарийге» ілінбеген.

Кәкімжан Қазыбай баласы «алтын шыққан жерді белден қаз» деген қағидаға жүгініп, алғашқы очеркін тын деректермен, фактілермен толықтырып, Қошқарбаев туралы кітап та жазды.

Бірақ Мәскеу селт етпеді. Бауыржан бастаған ел азаматтары ЦК-ға хат та жазды. Республика басшылары Мәскеуге жазды.

Мәскеу селт етпеді.

Рейхстагқа ту тігілген Жеңіс күнінен бері елу төрт жыл өтті. Сонда барып, Президент Нұрсұлтан Назарбайдың Жарлығымен Рахымжан Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Бұл да болса, Тәуелсіздіктің арқасы.

Әйтпесе Мәскеу көнбейді.

Қуанышқа қол жетті.

Бірақ бұл күнді Бауыржан да, Рахымжан да, Кәкімжан да көрмеді. Бұл Жарлықты оқымады.

Жарлық хабарын біз алыста-алыста, сонау Талдықорғанның ар жағында, Ақсу ауылында, Мамания мектебінің алдында тұрғанда, бір кезде осы мектепте оқыған Кәкімжан Қазыбай баласына арналып, мектеп қабырғасына ескерткіш тақта қағылып жатқан кезде есіттік.

Ел болып, жұрт болып қуанышқа бөленді. Той үстіне той болды, «Бұл әйгілі мектептің қабырғасына не үшін Кәкімжанға ықта ашылып жатыр? — деген кейбір күдікшілерге Аспан өзі .аян берді. Қошқарбаев атын алғаш рет алты алашқа танытқаны үшін, жалынды журналист болғаны үшін, журналистердің ұстазы болғаны үшін, кейіннен белгілі жазушы болғаны үшін, адамгершілігі, азаматтығы биік болғаны үшін екеніне көпшіліктің көзі жетті.

Мамания мектебін бітірген белгілі коғам қайраткері жалғыз Кәкімжан ғана емес, әрине. Бұл мектепте Алаш көсемдерінің бірі Мұхамеджан Тынышбаев, үлкен ағартушы Біләл Сүлеев, ақиық ақын Ілияс Жансүгіров оқыған.

Сірә, олар тұрғанда Кәкімжан тақтасы жалғызсырамас. Жаңағы жайсаңдар мен жақсыларға арналған тақталармен қатар тұрса тым жарасар. Басшы азаматтар мұны да ойласар.

Ал Кәкімжан Қазыбайұлы олардың алдына түсіп кету себебі — әдеп сақтамағандықтан емес, дәл қазір оның туғанына жетпіс жыл болып тұр ғой.

Кәкімжан журналистік аса ауыр жұмыстардан, партиялық, мемлекеттік қызметтерден сәл мойны босаған шақта көркем шығармалар жазды. «Ызғар», «Сұрапыл», «Аманат», «Құпия құты» т.б. роман, повестері оны жазушылар қатарына қосты. Құлашы енді-енді кеңінен жайылып келе жатқан шақта оқыстан дүние салды.
Ертеде Сырымға бір би айтыпты дейді:

Қарадан — хан,
Айырдан — нар,
Жоқтан — бар болдың.
Сыры неде? —
деп.
Сонда Сырым батыр:
Қарадан хан болсам,
Халқым қалаған шығар.
Айырдан нар болсам,
Атам жараған шығар.
Жоқтан бар болсам,
Тәңірім қараған шығар, —
деп жауап қайтарыпты.

Бакалы дегем кішкентай ауылдан шыққан қара бала кейін ЦК-ның хатшылығына дейін өссе, өлермен еңбегімен, таудай талабымен, жайсаң, мінезімен жұртқа ұнаған шығар.

Туған жерінде, қарапайым халық ез ұлының жетпіс жылдығын атап өткенде, Мамания мектебінің алдында тұрғанда маған осындай ойлар келді.

Қазақ халқынан шыққан ірі тұлғалардың, бірі — Ұзақбай Құлымбетов еді. «Халық жауы» атанып, атылып кетті. Сол «халық жауы» деген қаһарлы сөзден сескенбей, шынайы махаббат сезіммен Кәкімжан сол «халық жауының» қызы Орыншаға үйленеді. Әр азаматқа тағдыр осындай адал жар бұйыртсын. Орынша да осы Маманиядан түлеп ұшқан. Мамания — шын махаббат мекені. Білім ордасы.

Маманияны жұрттың бәрі біле бермес. Әсіресе кейінгі буын. Бұл өлкеде Маман деген бай еткен екен. Осыдан жүз жыл бұрын сол бай мектеп салдырыпты. Қазақта байлар аз болмаған. Бірақ оларды қазір кім біледі? Өтті-кетті. Мыңғырған малды, байлықты о дүниеге бірге ала кеткен жоқ. Ешкім олардың басына алтыннан ескерткіш соққан жоқ.

Ал Маман байдың аты қайта тірілді.

Бізде қазір байлар бар ма? Бар ғой. Бар болса мектеп салдырғаны бар ма? Естімедім. Оқымадым.

Ендеше Маман байдың ісі соларға сабақ. Дүние өткінші. Бірақ Маман сияқты өлмеймін десең, жүдеу тартқан ауылға қол ұшыңды бер. Тозған мектебін жөндеуге көмектес, Анаң. ғой. Өзің бай бола тура, Анаңның көйлегі жамау-жамау жыртық болса, байлығыңмен батпаққа батып қаларсың.

Мамания мектебінің алдыңда Кәкімжан Қазыбайұлына ескерткіш тақта қағылғанда осындай да ойлар шарпып өтті.

Мамыр, 1999 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама