Рух пен намыстың төресі
ЕРТЕРЕКТЕ бір кітаптан оқығаным бар: «Адам — ат. Ал заман, қоғам сол аттың иесі. Тізгінді қалай тартады — ат солай бұрылады, солай жүреді».
Негізінде дұрыс айтылған ой. Адам бағынуы керек. Қоғамның заңымен жүру керек. Қоғамның заңымен жүрмей, әркім ойына келгенін істесе — ол анархия. Дүние содан бүлінеді.
Бәрі дұрыс. Заң дегеніміз — ноқта. Заңды орындау керек.
Ал енді қоғамды да билеушілер бар ғой. Сол билеуші ақылды, парасатты, барынша әділ, турашыл болса — қоғам бақытты. Топтастау болса ше? Өктемшіл, өркеуде зұлым болса ше? Онда коғам, оның ішінде адам, яғни «ат» бақытсыз.
Бауыржан Момышұлының туғаннан келгенге дейінгі кезеңі драма мен трагедияға толы. Ол да кәдімгі «ет пен сүйектен жаралған» адам. Ол да нәресте болды. Бала болды. Ауыл мектепсіз еді. Көршілес орыс мектебіне барып оқыды.
Орысша оқып білім алған қазақтар аз емес. Толып жатыр. Бірақ солардың көбі қазақ болып қала алмады. Түрі қазақ. Ділі, тілі бөлек. Мұндайлардың тек имандылары ғана болмаса, көбісі «Мен қазақпын!» деп қасқая тұрып айта алмайды. Айтуға намыстанады.
Осы таяуда ғана Парламенттің Мәжіліс палатасында бір вице-министр орысша баяндама жасады. Мейлі дедік. Соңынан оған депутаттар сұрақ қойды. А. Айталы қазақша бір-екі сұрақ берді. Вице-министр тағы да орысшалап тіл қатты. Мен шыдай алмай:
— Құрметті баяндамашы, баяндаманы орысша жасадыңыз. Мейлі дедік. Ал енді қазақ тілінде берілген сұраққа орысша жауабыңыздың жолы болсын. Мұныңыз қалай? — дедім.
— Бұл менің сорым, — деді вице-министр мұңайып.
Бұл тектес жоғары лауазымдардың көбі дерлік осы пошымды шекпеннен шыққандар.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып керегі не?
Айтайын дегенім: Бауыржан Момышұлы да әліппені орысша бастаған. Бүкіл қызметі орыс тілінде өтті. Бірақ ол НАҒЬІЗ ҚАЗАҚ болып қалды.
Ол орысша сөйлегенде оның асқан шешендігіне, ой жүйесінің, логикасының жампоздығына, биік білімділігіне ең зиялымын деген орыстардың өзі таң қалып, таңдай қағар еді.
Бірақ ол орысша оқыған басқа көптеген қазақтар сияқты қазақ тілінен безінген жоқ.
Оның орыс достары өте көп еді. Ол орыстың ұлы классик ақын-жазушыларын піріндей сыйлады. Ол соғыс кезінде, одан кейін де Илья Эренбург, Константин Симонов, Александр Фадеев сияқты ірі тұлғалармен дос болды. Ол туралы орыс жазушысы Александр Бек «Арпалыс» атты роман жазып, әлемге әйгілі болды. Рас, ол атақты кітаптың бір авторы (соавторы) Бауыржан Момышұлының өзі.
Ол адамның ұлтына емес, ақыл-парасатына, адамгершілігіне қарай бағалайтын. Сондықтан оны ҰЛТШЫЛ, тек қазақты ғана сүйген десек, жала жапқан боламыз. Ол Кубаға барды. Фидель Кастро, Рауль Кастромен туыстасты. Ол алыстағы чех жазушысы Шадеймен ағайынша хат алысып тұрды.
Ал өз халқын, өз қазағын ағынан жарыла, жанындай жақсы көрді. Оның өткенін, қазіргісін, болашағын ойлап, қайрат қылды, күресті.
Бауыржан Момышұлы сонау сұрапыл соғыс жылдарының өзінде, майдан даласында, снаряд пен бомбалардың аждаһадай ысқырығының астында блиндажда отырып, Қазақстан басшыларына хат жазудан шаршамады.
Сонда не жазды? Өз басының қамын ойлап, арызданған бір сөз жоқ. Бәрі де халық қамы. Ұлттың мүддесі. Ұлт тарихының, ұлт рухының, ұлт тілінің, ұлт санасының, ұлт сауатының, Ұлт ар-намысының, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің қамы.
Белуардан қан кешіп жүріп, соғыста майдан басқарып жүріп, ол қол астындағы солдаттардың бірде-біреуінің шығын болмауын ойлады. Солдаттарды аямай, ажал аранына атакалап айдап салып, майдан алаңын қасапханаға айналдырған командирлерді аяусыз сынап, ақымақ деді.
«Кез келген шығынның орнын толтыруға болғанымен, бірақ адам шығынының орны толмайды», — дейді Бауыржан Момышұлы.
Шынында да жұтаң мал қырылса орны толады. Үй құласа, қала қираса, қайтадан соғылады. Ал адам орны толмақ емес. Бұған оның көзі жеткен. Осы соғыстың алдында ғана, 1932-33 жылдар қырғыны, 1937 жылдар қасапханасы болып өткен. Оны жас Бауыржан көзі көрген. Ет бауыры езілген. Өзегі өртенген.
Сол сойқаннан тірі қалған әрбір қазақтың аман болуы Момышұлы үшін басты арман. Снарядтың өтінде, бомбалардың бетінде тұрып, Бауыржан Момышұлы Қазақстанның тұтқасын ұстаған басшыларға ұлтын аманат етіп тапсырады. Ұлттың ділін, тілін, салт-санасын бұздырмаңдар, жас ұрпақты жасқаншақ ет-иендер, батырлыққа, батылдыққа, адалдыққа тәрбиелеңдер деп өтінеді.
«Жеңіске тек рухтың күштілігімен ғана жетуге болады», — дейді Бауыржан Момышұлы. Ол халықтың, ұрпақтың рухы сынбауын армандайды.
«Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді» деген даналық сез қазақтың рух туралы, жауынгерлік болмыс туралы биік философиясы. Оны басқалардан кездестіре бермейсіңдер» дейді Бауыржан Момышұлы.
Рух туралы осындай озық философиясы бар халық туралы «кейбір шешен сымақтар»: «Біз мал едік, қараңғы едік», — дегенде менің ашу-ызам келеді, — дейді Бауыржан Момышұлы.
Мұны ол сонау соғыс жылдары айтты. Ал өз халқы туралы мұндай қорлау сөзді дәл қазір айтып жүргендерді қара жер қалай ғана. көтеріп жүр десеңізші!
«Октябрь революциясына дейін казактың екі-ақ пайызы сауатты еді», қалғандары су қараңғы дегенді біздің зиялы дегендеріміз, билік басы дегендеріміз күні кешеге дейін өз баяндамаларының өзегі етіп айтып келеді. Әлі күнге дейін айтатындар бар. Ал Бауыржан Момышұлы сол соғыс жылдарының өзінде: «Кенесарыдан оның көзқарасының Маркс көзқарасымен сәйкес келуін талап етуге болмайды», — деп айдай әлемге жар салды.
Осыдан кейін Мәскеу, Мәскеудің Қазақстандағы қолшоқпарлары Бауыржан Момышұлын қайдан жақсы көре қойсын. Бүкіл кеңестік идеология, күллі үгіт-насихат бір жақ. Бауыржан Момышұлы бір жақ. Ноқтаға басы сыймаған деген осы болады.
Бауыржан Момышұлы сол кезде айтты:
«Егер біздер казак халқының барлық жақсы дәстүрлерін керегі жоқ деп қуалайтын болсақ, ата-бабаларымыздың кім екенін білмейтін болсақ, мұның өзі пайда бере қояр ма екен?» — дейді.
Өткенді жермен-жексен ету—болашақ ұрпақты мәңгүрттікке алып баратынын Бауыржан Момышұлы бұдан алпыс жылдай бұрын айтып қатаң ескертті.
Қоғам, қоғамның тізгін ұстарлары мұны ескермеді. Енді соның зардабын өлердей бастан кешіріп, тіпті мына тәуелсіз деген заманның өзінде «мемлекеттік тіл» мәселесімен әуре-сарсаңбыз.
Бауыржан Момышұлы Тәңірге, Тәңір берген Тағдырға сенген адам. «Егер, тағдыр жазып мен бүгінге дейін тірі жүрсем, алда тағдырдың маған қаншалықты рахымды болатынына көзім жетпейді», — деп жазды ол отыз үш жасында.
Тағдыр оған алда әлі қанша өмір беретініне көзі жетпегендіктен де халқының мүшкіл халін ойлап, 1943 жылы 8-наурызда Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа майданнан хат жазды. Сонда ол мен жауды жайратып жатырмын, мен атақты батырмын демейді. Республика басшысына халық тағдырына араша түсуді аманат қылады.
«Үлкенді сыйлау, парыз бен ар-ұятты қасиет түту, қоғамдық тәртіпті мүлтіксіз сақтау, заңға мойын ұсынушылық, адамды бәрінен де ардактау адам бойында адамгершілік, Отанға, елге, халыққа, үй ішіне, адамға, өмірге деген сүйіспеншілік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелейді. Өнегелі тәрбие алған адам Отанға берілгендік, әділдік, тәртіптілік сияқты жауынгерлік қасиеттердің негізін бойына сіңіреді».
«Асық, шілік, жасырынбақ ойнау; жарыс, күрес, ақсүйек ойнау жастарды ептілікке, шеберлікке, айлакерлікке, мергендікке, ширақтыққа, табандылыққа... тәрбиелейді.
Қазақ халқының өткен тарихындағы барлық жақсы дәстүрлер бүгінгі таңда кайта салтанат құруға тиіс. Халық даналығының алтын қазынасы біздің жетістігімізге айналып, біліміміз бен тәжірибемізді байытып, істерімізге қолғабыс жасауға тиіс».
Бауыржан Момышұлы Төрағадан өз басына кек тиын сұраған жоқ. Ұлттық асыл қасиетті қалай аман сақтап қалуға болады — соны сұрады. Жас ұрпақтың келешегін уайымдады. Ал дәл сол кезде, 1943 жылы мына мен үшінші сыныпта оқушы едім. Соғыстың сормаңдай балаларының бірі едім. Асық ойнасақ мұғалім ұрсатын, бригадир: «е, асықта басың қалғыр» деп қуалап жұмысқа салатын.
Ал Бауыржан Момышұлы болса, Үкімет басшысына балаларды шынықтыр, шират, шымыр ет деп отыр.
Ол енді соғыс кезі дедік. Ал дәл қазір ше? Бауыржан Момышұлының осы өсиеті осы күнгі, 2000-жылғы Үкіметке де өте-мөте катысты. Осы кезде әскерге шақырылған жастардың сексен-тоқсаны солдат болуға жарамсыз екен. Әсіресе ауылдық мектептерде спорт, дене шынықтыру сабақтары жоқтың қасы. Соның «жемісі» әлгі. Әскер қатарына жарамайды.
Ғасырлар бойы ат үстінде өскен халық, Тайбурыл, Байшұбар, Қарақасқа, Құлагер, Абсент сынды тұлпарлар есірген халық биыл Сиднейдегі олимпиадалық ойындарға бір ат қоса ал-май пұшайман болды. Спорттың бокс, күрес сияқты бірен-сараны болмаса, басқа түрлерінен жарытып, жарамды ұл-қыздарымызды да қоса алмадық. Немене, сонда қазақтың ұл-қыздары, футбол, волейбол, баскетбол ойнай алмай ма; коньки, шаңғы тебе алмай ма, мылтық ата алмай ма, суда жүзе алмай ма, жүгіре алмай ма — неткен қорлық! Спорттың ең тағдыр шеш саласын карт комсомол басқарып келе жатқанына қырық жыл болды. Ұлттық спорт қаперіне кіріп-шықпайтын, ұлттық намыс дегенді сезбейтін, ұлттық гимн ойнап, жалауы көкте желбіреуін көксемейтін адамды алмастыратын ақылды бір азамат елімізден табылмаған-ау, сірә!
Кеңсай зиратында жатқан Бауыржан Момышұлының сүйегін сырқырататын парасатсыз, парықсыз іс болды.
Есітер құлақ, түсінер жүрек, пайымдар ақыл-ой болса, Бауыржан Момышұлы айтуындай-ақ айтты. «Көкпар, бәйге, аударыспақ батылдыққа, ептілікке, бұлшық етті шынықтыратын, құмарлықты оятар, есеппен тәуекелге бел байлауға, тіпті өзінің ары мен атағы үшін өлімге бас тігуге дейін баратын дәстүрлі ұлттық спорттық ойындар... Біздің шоқынғандар бұл игі дәстүрлерді күні өткен нәрсе деп қарап, жауынгерлік қасиетті тәрбиелеу ісіне қолдануға менсінбей, елемей, тіпті күні бүгінге дейін өткен председательдің үстелінде отырған, мемлекеттік тұрғыда отырған, мемлекеттік тұрғыда ойлай алмайтын адамдар қудалап келді».
Бауыржан Момышұлының ұлт, ұрпақ тағдырына байланысты осы хатына Нұртас Оңдасынов жауап берді ме, бермеді ме — оны біз білмейміз. Бірақ ақиқат айтады: бұл хат тек Оңдасыновқа ғана арналмаған. Мемлекет, Үкімет тізгінін ұстайтын келешек басшыларға да арналған.
«Тәрбие жұмысындағы осындай сорақы жаңсақтықтың салдарынан жастардың кейбір бөлігі адам танымастай әдепсіз, жеңіл ойлы, нашар, ебедейсіз, қопал болып өсіп келеді; тіпті су жүрек, қажырсыз, бас қамын ғана ойлайтындар ұшырасады».
Бауыржан Момышұлы бұл қасіретті жазғалы бері жарты ғасырдан әлдеқашан асып кетті. Осы дерт асқындамаса, азайған жоқ. Демек Бауыржан өсиеті ел қамын, болашақ қамын ойлаймын десе,ҰЛT НАМЫСЫН қорғаймын десе, адамдарды аздырмай, тоздырмай, асылдандыруға аса зер салғаны керек-ақ қой. Дәл қазір мал тұқымын асылдандырайық деген сөз жиі айтыла бастады. Ал адам тұқымын, ұлт нәсілін асылдандырайық деп ешкім жақ ашпайды.
Жәрмеңке жарысында 51 пұт кірдің тасын көтерген Балуан Шолақ қайда?!
Күресте әлем чемпионы атанған Қажымұқан қайда?!
«Аузы түкті» дұшпандарын лактайын бақыртқан Иманжүсіп қайда?!
Олар қиялдан жасалған ертегілердің кейіпкерлері емес; олардың көзін көргендер бірен-саран болса да әлі де бар ғой. Осындай асыл сүйек дарабоздарды туғызған қазақ халқы орнында, өз Отанында отыр ғой. Халық асылдарды туғызбауы мүмкін ғой. Тек оларды іздеп тауып, баулу үшін басшыларда иман, ықылас, ыждаһат, намыс болуы керек.
Бір ағайыны Бауыржанға:
— Осы сенде бәрі бар. Атағың таудай. Не арманың бар? — депті.
— Ай, көке-ай, арман шіркін толып жатыр ғой, — деген екен Бауыржан. Көкесі:
— Апырай, ә, — депті де қойыпты.
Орындалған арман — бақыт.
Орындалмаған армандар — күйік.
Бауыржан Момышұлының даңқы КСРО шеңберіне сыймай, әлемді аралап кетті. Елі оны Халық Батыры деп атады. Ал қызыл диктатура Батыр деген атақты оған көзінің тірісінде қимады. Қимағаны былай тұрсын, оны құдалады:
— Ұлтшыл, — деді.
Ұлтшылдығы — патриоттығы, Отансүйгіштігі, ұлт сүйерлігі.
— Басына ноқта салдырмайды, айтқаныңа көнбейді, айдауыңа жүрмейді, — деді қызыл диктатор.
Бауыржан Момышұлы Өкіметтің өтірікшілдігінен жеріді. Конституцияда бәрі әдемі: одақтас республикалардың бәрі тең праволы, бәрі мамыражай. Ал шындығында барлық республикаларды, барлық ұлттарды жаппай орыстандыру саясаты жүрді, байлықтың бәрін Мәскеу тартып алды. Қазақ емес, қырғыз емес, татар емес, башқұрт емес, «кеңес халқы» деген шықты.
Бауыржан Момышұлы берік тәртіптің адамы. Тәртіп бұзған жайы жоқ. Ол заңға мойынсұнған жоқ. Бірақ Заңның өзі өтірікші болса — не шара?
— Момышұлы семья бұзар, партиядан шығар! — деді қызыл диктатор.
Ешкімнің ошағын ойрандаған жоқ. Бірін бірі қалаған жандар. Бірақ қызыл диктатордың шаш ал десе, бас алатын жандай-шап, құлақкесті құлдары, күншілдер Бауыржанның соңына шам алып түсті дейсің.
— Бауыржан қоғамнан тысқары тұрған адам, коғамнан тысқары тек айуан ғана болады, — деп кеңірдектерін соза, қызыл диктаторға жағымпаздана айқайлады.
Бауыржан ондайлар туралы:
— Менің жауларым көп. Жау тауып алуым оңай. Бірақ байыбына барсақ, олар маған жау да емес. Мен олардың өздерімен емес, олардың бойларындағы мерезбен күрестім, — деді. — Мұнымды аз ғана адамдар болмаса, көбісі түсінген жоқ. Әгәраки, рухани көр соқырлар мені жау санаса, мейлі, солай-ақ болсын. Олардың әуеніне төңкеріліп, мен өзімнің ақ жолымнан қайтпақ емеспін. Мен құдайдан жаудың шіріктерін емес, ірілерін тіледім. Бірақ тағдыр маған достардың алыптарын, дұшпандардың бақа-шаянын бұйыртты. Ал нағыз жауларды мен соғыста ғана көрдім.
Міне, Бауыржанның кредосы, ғұмырының мақсат-мұраты, мық шегесі.
1944 жылы ақпанда, Бауыржанның ез тілімен айтқанда, Алматыда шамалы күн кесел ханада жатып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінін сол кездегі хатшысы Әбдіхалықовқа ҚАЗАҚ TIJ1I туралы хат жазыпты. Басталуы былай:
«Тіл маманы болмасам да, Алматыға келгелі орталық «Социалистік Қазақстан» газетін оқып, кейбір, кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе-жортып қарап шығып, күннен-күнге ұлғайып, шым-шытырық «шүршіттенуді» көзбен көре, құлақпен ести отырып, дәтім шыдамай жазамын деп отырғаным тіл мәселелері туралы».
Осыдан 56 жыл бұрын жазғандары айна-қатесіз дәл қазіргі — 2000 жылдағыдай. Дәл қазір «Тіл — Тіл!»—деп айқайламаған патриот жоқ. Тіл туралы күнде дерлік бас қосқан үлкенді-кішілі жиналыс болады. Тіл мыңқ етпейді. Айырмашылығы сол: қазір «Тіл, Тіл!» — деп айқайласаң, ешкім сені сөкпейді. Ал Бауыржан Момышұлы алғаш зор даусымен, ер даусымен айқайлағанда ол жалғыз еді. Өкіметтің қылышынан қан тамып тұрған кез еді.
Сонысы үшін де Халық Батыры бола тұра, Бауыржан Момышұлы өзінің 50 жылдығын тойлай алмайды.
60 жылдығын қызыл диктаторлар Жуалыда жасырын өткізді.
70 жылдығы жетім қыздың тойындай болды.
80 жылдығын Жуалы емес, Жамбыл облысы емес, Оңтүстік Қазақстандағы Түлкібас ауданы жақсылап-ақ өткізді. Бірақ оны Бауыржан көре алған жоқ.
Енді міне 90 жылдығы. Елі дайындалып жатыр.
Бауыржан Момышұлының баяғыда жазған мына елеңін оқып отырып, енді-енді: апыр-ай, көріпкелі бар, әулие екен ғой демеске әддің жоқ:
Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде, —
Деп жылдар қайран казак мен өлгенде.
Ұрпақ айтар сексен мен жүздігімді,
Тарихтың түкпірінен сөз келгенде.
Өзі туралы осылай деп еді. Айтқаны келді. Жыл өткен сайын, жылдар өткен сайын Бауыржан шыңының басы Хан-Тәңірідей, Бұланайдай биіктеп барады.
Өсетін елдің, өркен жаятын елдің ұрпағы Бауыржан өсиетінен ғибрат алар, ұлттық рухы биік жақсылар мен жайсаңдар көбейер. Сонда Момышұлы аруағы еміренер де тебіренер, ұрпақтарын желеп-жебеп жүрер. Әумин!