Эссе және өлең-жыр байқауының 2020 жылдағы алғашқы жеңімпаздары анықталды
Bilim-all.kz және Bilimland.kz сайттары бірлесе ұйымдастырып отырған Эссе және өлең-жыр байқауының 2020 жылдағы алғашқы жеңімпаздары анықталды.
2020 жылдың қаңтар айындағы өткен екі аптаның (байқаудың 18,19-апта) қорытындысы бойынша назарларыңызға үздік екі туындыны ұсынамыз!
18 апта аптаның қорытындысы бойынша кезекті жеңімпазы: dias7a
Ана
Жүрегі жақсылықтан жаратылған,
Анашым, ақ жүректі дара тұлғам.
Алладан асыл жанды сұрағанда
Ең алғашқы үш орында ана тұрған.
Ананың махаббаты шектеле ме?
Анаңа ешқашанда өкпелеме!
Ана алдында қарызың өтелмейді
Үш арқалап апарсаң да Меккеге де.
Бала деп теңіз терің тамшылады,
Саған жетпес әлемнің бар шуағы.
Баланың аяғына кірген тікен
Ананың жүрегіне шаншылады.
Балаң өсіп, өмірге ұшарында,
Бағып-қағып шыдайсың құса мұңға.
Тоғыз айдай көтеріп құрсағыңда
Өмір бойы аялайсың құшағыңда.
Баланы өсіресің, өрлетесің,
Көтересің, тигенше жерге төсің.
Бесігіңді тербету арқылы сен,
Бар әлемді махаббатпен тербетесің.
(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)
Кезекті жеңімпазды құттықтаймыз!
19 аптаның қорытындысы бойынша кезекті жеңімпазы: Айгүл Өтеміс!
Тіл - ар өлшемі, ұлттың өміршеңдігі
Шіркін, төбе құйқаңды шымырлатып, жылы сөйлеп жыланды інінен еріксіз шығаратын, тас жар алмаса да бас жаратын, сүйексіз болғанмен сүйектен өтетін қасиетіңнен айналдым, тілім! Ұлттың сүйенетін тамыры да, асыл ойдың қайнар бұлағы да өзіңсің, тілім! Сол тамырыңның тереңге жайылуын қалап, қайнар бұлағыңның иненің жасуындай болсын ластануын қаламаған, қайран қазағым-ай! Соншама жыл тар жол тайғақ кешуде де аяғыңды шалыс баспай, туған елінің күйі үшін, тілі үшін, діні, ділі үшін боз інгендей боздаған қайран қазағымның ерен еңбегін тайға таңба басқандай білсем нұр үстіне нұр. Ата-бабадан қалған аманатқа қиянат жасау кешірілмес қылмыс.
Қазағымның сөнбейтін алтын күні – ана тілім. Елдігіміз бен бірлігіміздің туы болып саналатын қасиетіңнен айналдым, құдіреттім! Ұшса құстың қанаты талатын сары даланы сақтап қалуда жан-жігерін аямаған ата-баба рухымен дарыған сендік құдірет алпыс екі тамырымда соғып тұрғаны баға жетпес бақыт. Құндағымнан ананың әлдилеген үнінен сәби денеме сіңгенің өмірлік азық, рухымның ұшар биігі, ұлтымның өміршеңдігі.
Сенің өн бойыңа жан бітіріп, оны ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келуі, қашанда көзінің қарашағындай қастерлеп біздерге аманаттаған ата-баба рухына сан мыңдаған алғысымызды білдіреміз. Тәуелсіздігіміздің тұғыры болып саналатын тілімнің тілінгенін көру жүрекке үскідей қадалады.
Шіркін, «Етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда?», - дейді қариялар. Айдың, күнің аманында, егемендігін алған, ұшса құстың қанаты таларлықтай ұлан-ғайыр жері бар, тәуелсіз ел жұртының өз ана тіліне жаны ашымауы мүмкін емес. Дей тұрғанмен, қызыл тілді қызыққа айналдырған қуыс кеуде жандардың сиқын көріп олай айта алмайсың. Мұндайларды көргенде, К.Г. Паустовскийдің: «Туған тіліне жаны ашымаған адам – жәндік» деген сөзі еріксіз ойға оралады. Қазақ тілінің тамырына балта шапқысы келетін қуыс кеуделерді өз тілінде сөйлеуді қор, шет тілде сөйлеуді зор санайтындар деген ойға тоқталасың. Шырықты бұзар шұбар тілдің шырылын басу үшін шырылдаған жандарымыз да аз емес арамызда. Ана тілі дегенде іші бауыры жидіп, етегі жасқа толатын ізгі жандарды көргенде шүкіршілік дегеннен басқа не айта аласың?
Бекасыл әулиенің кітабында «мен күн емеспін жұрттың бәрін жылытар, мен құл емеспін ата тегін, тілін, дінін ұмытар!», - деп жазғанындай қазақ елі ата-тегін ұмытатындай құл емес. Елін сүйетін өр рухты халқым бүгінгі таңда аңсаған тәуелсіз күнге жеткен. Ал сол тәуелсіздіктің астарында қасықтай қаны қалғанынша аянбаған, ұшса құстың қанаты талатын сары далаңды жаудың аяғына таптатпайын деп қыршынынан қиылған жастың арманы, тілерсегі қиылғанша қыңқ етпеген қара қазағымның төккен тері, жанының садағасы жатыр. Небір тар жол, тайғақ кешуде де аяғынан шалыс баспай, ұлтым деп боз інгендей боздаған ұлт жанашырларымның жан арманы, болашақтан үміт күткен қазағымның тілегінің орындалғанын көру көзге еріксіз жас келтіреді.
Бүгінгі күнде тәуелсіз қазақ елінде үш тұғырлы тіл деген жаңа қағида орын алған. Әлемдік өркениеттің көшіне қолтық тіресу үшін қазақ тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін меңгеру қолға алынған. Өскелең ұрпақтың білім ордасында аталған шет тілдерін меңгерудегі талпыныс баршамызды қуантады. Әрине, әлемдік даму үдерісінен шет қалуға болмайды. Алайда, таяқтың екі ұшы болатыны сияқты, әр нәрсенің жақсы яки жаман тұсы болады. Бұл болып жатқан үдеріске мық шегедей мықты болуымыз керек. Яғни, менің айтпағым, тіліміздің тағдырына аса ұқыптылықпен қарауымыз ләзім. Өз балаңның өзегіңнен тепкені жүрекке қанжар сұққанмен бірдей. Өзге тілде сөйлеуге талпыныс, әрине, заман ағымына сай елдердің дамуына түрткі. Бірақ өз тілімізге деген махаббат өшпеуі тиіс, тіліміздің қыр-сырын ашуға, оның өміршеңдігін сақтау әр қазағымның борышы, ана тілді өзге тілмен шұбарламауы тиіс. Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашпай қоймайтындығын, сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейтіндігін түсінген өр тұлғалы қазағым! Халық үшін өзге тілде сөйлеу қауіпті емес, өзге тілде ойлау қауіпті.
Адам баласы өз анасын қалай сүйсе, өз ана тілінде солай сиюі де парыз екені заңды дей отыра, Қадыр Мырза Әлиевтің:
«Анат тілің - арың бұл,
Ұятың болып тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!» - деген өлең жолдарын тайға таңба басқандай санамызға сіңіруіміз керекті. Ана тілі – арымыздың айнасы. Олай болса, тілді шұбарлау – арды шұбарау, сана-сезімнің мөлдір бұлағын лайлау, барып тұрған сорақылық. «Бас мүлгісе, аяқ сүрінер» деген бар.
«Тілімізді кіршіксіз таза ұстап, қыз жасауындай жайнатуға тиістіміз» деген ұлы ғалым Шоқан Уәлиханұлы. Десе дегендей, тілімізді қастерлеу, оның беделін арттыру, жүрегі ұлтым деп лүпіл қаққан қазақтың санасынан ойып тұрып орын алуға міндетті қасиет деп ойлаймын.
Өтеміс Айгүл Сәкенқызы (Алматы қаласы, Алатау ауданы 26 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі).
(Автордың орфографиясы мен пунктуациясы сақталған)
Кезекті жеңімпазды құттықтаймыз!
Сыйлықты алу үшін bilimland.kz сайтымен байланысуыңызды сұраймыз!
Ескерту! Құрметті қатысушылар, өлең енгізу барысында, ілмектер өрісіне bilim2019 ілмегін (қатесіз, тырнақшасыз, пробелсіз) міндетті түрде қосыңыздар (кері жағдайда сайысқа қатыспады деп есептеледі.)! Ілмек үтір арқылы қойылады. Мысалы: bilim2019, туған жер, ел, ... деп. Одан бөлек, авторы деген ұяшықты бос қалдырып, авторы өзім дегенді де (жазудың үстіне басу керек) басыңыздар.
Эссе енгізу барысында сайыс2019 деген бөлімді таңдауды ұмытып кетпеңіздер.(кері жағдайда сайысқа қатыспады деп есептеледі.) Авторы деген ұяшықты бос қалдырыңыздар.
Барлық талаптармен Қаламгерлер сайысы сілтемесі арқылы өтіп, толығырақ танысуға кеңес береміз.
Алдыңғы жеңімпаздар: қорытынды