- 02 сәу. 2020 00:00
- 207
Жағалдың тапқырлығы
Отызыншы жылдары құрылған Қарақұм — Сағыз өндірісі мекемесінің қаражатын талан-таражыға салды деген жаламен айыптап, сол мекеменің бастығы Таушаев Жағал он жылға сотталады. Сот процесі Арал қаласында жүргізіледі. Соттың үкімі бойынша айыпкер тиісті жерге шағым арыз беріп, шағынуына жетпіс екі сағат қана уақыт беріледі. Ол осы уақыттың ішінде арыз беріп үлгеруі керек. Кеш қалса арыз қабылданбайды деп көрсетіледі. Бірақ халыққа қадірменді, абыройлы Жағалды ауданның белді басшылары бір ай кепілдікке сұрап алады.
Кепілдікке шыққан соң Жәкең соттың үкімінің көшірмесін алып, Алматыға Жоғарғы сотқа жүгінуге кетеді.
Ол кездегі жолаушылар поезы әрбір разъезд бен станцияға тоқтайтын «Максим» поезы. Сол поезбен үш тәулік жол жүріп барады. Орыс тілін өте жетік білетін Жәкең қолындағы адресімен ешкімнен сұрап әуреленбей-ақ, Жоғарғы соттың кеңсесін тауып алып, соттың кабинетіне кіріп барады.
Төрде соттың төрағасы отыр екен. Кескін-қияпаты келіскен қазақтың кәдімгі моңғол бас азаматы. Амандық-саулықтан кейін Жәкең қолындағы сот үкімінің көшірмесі мен шағым арызын береді де, өзі тыныш отырады.
Соттың төрағасы үкімді байыптап оқып, әр жерін қарындашпен белгілеп, басын шайқап көп отырады. Шамасы үкім бұзылуға жатпайтын болып заңды жазылған болуы керек. Бір уақытта соттың төрағасы тағы да басын шайқап:
— Қатпа болған түйеге ойсыл қара не қылсын-ай! — деп
Жағалға қарайды. Мұнысы оның ісің ауыр, қолымнан келмейді дегені еді.
Сол кезде Жәкең орнынан ұшып тұрып:
— Қатпа болмаса, ол түйе ойсыл қараны не қылсын-ай! — деп жауапты бірден сарт еткізеді.
Төраға енді қайтып тілге келмейді. Жағалдың қолына үйінің адресін жазып береді де:
— Үйге бара беріңіз. Мен көп кешікпей жетемін, — деп Жәкеңді үйіне жібереді. Артынан өзі де келіп Жағалмен жақынырақ танысады. Үй егесі қазақтың сөз тыңдауға құмар және әңгіме тарихты көп білетін құймақұлақ кісі екен. Екеуі біріне-бірі сай келіп, небір шырын әңгімелерді қозғайды. Танысады, біліседі.
Бір жетінің ішінде істі Қызылордадан алдырып, оны қарап, көтерілген мәселе дұрыс емес, жала деп тауып, Жәкеңді ақтап жібереді. Сот қашан ақтағанша, Жәкеңді өз үйінде сақтайды.
Ақталып қайтып келген Жәкең армысың айта келген аға-інілері мен замандастарына Жоғары сот төрағасының қазақтың көне әңгімесі мен шежіресін көп білетінін, тілмар шешен екенін, жүрегі таза, кіршіксіз адал азамат екенін көп әңгіме етіп айтып жүріпті.