Жаратқан осылай жазып қойғандай...
... Біздің тұқымға үш қыз берсе, бір ұл. Үш ұл берсе бір қыз. Не ұл жалғыз, не қыз жалғыз. Артық-кемін Жаратқанның өзі реттеп отырады. Байкөбекке тоқалдан ғана бір қыз бес ұл берген екен, ұлдың екеуін артық деп артына ұрпақ қалдырмады. Ысқаққа артық-кемі жоқ үш қыз, бір ұл берген. Маған екі қыз, үш ұл беріп еді, Жаратқан есебінен жаңылды ма, бір қыз, бір ұлды өзі алып кетті. Қалғанына да шүкір деп Дәкең екеуміз қарқ боп отырмыз. Қазаққа ұл қымбат па, қыз қымбат па? Ұлы не, қызы не, сірә, адам қымбат шығар. Түркі ішінде эпикалық халық бола тұра ХХ- ғасырда он миллионнан аса алмай шаршадық. Ғасыр басында Мысырмен, Түркиямен бірдей, бәсеке едік, кәзір Мысырда 70 миллион араб, түріктер де 70 миллионнан асып отыр. Өткен ғасырдың алғашқы елу жылында нахақтан 10 миллион қазақтан айырылып едік, соның сексен пайызы еркек кіндікті болғанда артындағы ұрғашы жұрт баланы күлге аунап тапсын ба?.. Бұл жазмыштан, Жаратқанның өлшемі мен есебінен тыс зұлмат, көктен емес, көршілерден келген топансудай апат. Қымс етсе тарихқа жабамыз. Немене, тарихтың бетіне қазақ осы мөлшерден аспасын деп жазып қойып па? Тарихты зорлап бізге әкеліп таңатын да көршілер. Мұны да біз тәуелсіздік алғаннан бері ел болып түсініп, есептеп жатырмыз... Жә, өткенді ұмытуға болмас, бірақ оны еске алып өкси бергеннен енді ештеңе шықпас... сонымен... Ұл қымбат па, қыз қымбат па?.. Еврей жұрты тек қыздан туған ұрпақты ғана тұқымға санайды. Мейілі қыз қазаққа тисе де, шүршітке шықса да. Ағылшын лордтары үш ұрпақтан соң жиеннен бауырына бала салып тұқым жаңартады да оған нағашының аты-жөні мен бүкіл атақ-дәрежесін, титулын береді. Италияндық француздан әйел алып, одан туған бала ұл болса, оның ұлтын француз деп жаздырады. Керісінше, француздар да осыны жасайды. Қазақта: « Үйдің мықтысы ағашынан, жігіттің мықтысы нағашыдан» дейтін мәтел бар. Бұл да тегін емес. Ата-бабасының ерекше қасиеті кейінгі ұрпақта үш буыннан, болмаса жеті буыннан соң қайталайды екен. Нағашыдан буын санап жатпайды, кейде жетесізді «нағашысы нашар еді» деп кемітіп жататынын жиі еститінбіз.Қазақтың тексізге қыз бермейтіні, тексізден келін түсірмейтіні осыдан қалса керек. Түбін қуғанда бұл генофондыны таза ұстаудан туған дәстүр. Ұл қашанда анасына, қыз әкесіне тартады, қыздың қашанда әкесіне жақын, ол қартая қалса ерекше қамқор болатыны да осыдан. Қыз байқұстың ұзатыларда сыңсуын көбіне әкесіне арнайтыны да рас. Өзі қартайса байды да, баланы да ұмытып, түсінде әкенің қарашаңырағында, өңінде соны сағынумен күн кешетін көрінеді. Осының бәрі ғылыми тұрғыдан да дәлелденген құбылыс. Қазақ келін түсірсе ағайын, ауыл-аймақ қана тойлайды. Қыз ұзатылса оның дақпырты алты арысқа жеткен. «Отыз күн ойын, қырық күн той» деген ауыз әдебиетіндегі аңыз қыз тойынан қалған мақтаныш. Оған шақырылмаған жекжаттың өкпесі өмір-бақи өшпеген. Қыздың жасауын ел болып көтерген. Қыздың тойына өнер саңлақтары: әншілер, күйшілер, балуандар, атбегілер, шешендер келген, осының бәрі қыз әкесінің, ру-тайпаның атағын шығару үшін ұйымдастырылатын. Халық әндерін, Біржан-сал, Ахан-сері, Үкілі Ыбрай, Мұхит, Салқара, Сегіз-Сері секілді халық композиторларының творчествосын зерттеген өнер сыншылары: авторлар пәленге ғашық болыпты, түгенге ғашық болыпты десіп жатады. Бекер. Мұның бәрі арнау. Ұзатылар қыздың аужары. (Халық әні деп жүрген «Арман-ай» Ахан-Серінің Ақтоқты ұзатылғанда шығарған аужары). Ойына не келсе соны айта салатын мұндай жорамалдар толып жатыр. Тіпті солай болғанның өзінде сұлуды жатқа қимағандағы өкініші.
«Басынан Жыландының құлағаным,
Кекілін кербестінің сылағаным, Кетті деп Балқадиша естігенде Құшақтап құс жастықты жылағаным.»
дейтін Аханға сенуге болар. Сенбейтін бір қиянат: «Дегенге Балқадиша, Балқадиша, Күйеуің 85те шал Қадиша» дейтұғын кейінгі бір пысықайлардың қосқан «жаңалығы». Балқадишаны айттырған күйеуі онсегіздегі жігіттің төресі болған деседі. Ыбырай қызын шалға беретін сасық байлардың бірі еместі. Ахан келе жатыр дегенде: төрің төсенішті, түндігің түрулі болсын, қыз-бозбаланы қамап ұстамаңдар деп рулы елге бұйрық беретін болған. «Бір түгіл екі жеңгең келіп отыр, рұхсат бізден сізге бар Қадиша» дейтұғын Ахан сөзі осыдан туған. Совет өкіметі Ыбырайдың мал-мүлкін тәркілеп, өзін Итжеккенге жер аударып жіберген. Кейін ұлдары елге қайтып келіп, Абраев деген фамилиямен әртүрлі мекемелерде,тіпті совет,партия ұйымдарында да қызмет атқарды. Көзі тірі туыстарын біле тұрып Балхадишаны шалға тиді деу алдымен ағайынды қорлау, қазақтың әдетінде жоқ қызды қорлау. Ата-ананың рұқсатынсыз байға тиіп кеткен қыз теріс бата алып, қайтып төркінін көре алмай, туған жердің топырағына да симаған. Себеп, қыз қылығы бір ғана әулетті емес, бүкіл ел-жұртты қызықтан құр қалдырып, қарғысқа ұшыраған соң туысқандық санаттан шығып қалса керек. Ел арасы бүлінбесін, ағайын арасына сызат түспесін деп қаймана қазақ түгілі Біржан, Ахандар да бұл салтты еш бұзбаған екен. Түркіде әйел жұрағатын қазақтай қадір тұтқан халық кемде-кем, бүгінде басы-көзін тұмшалап, қапырықта да қымтану біздің ғұрпымызға жат дәстүр, тегі шығыстан келген қылымсу мен қызғаныш еді, енді батыстан келген гендерлік саясат дегенге ұшырап отырмыз. Еркіндік, бостандық қазақтың қыз-келіншегінен басқа жұрттың ұрғашы атаулысына бүйырмаған салт, түбі бұл тиым деген тәртіптен шықса керек, өйткені әйел жүрағатын жүгенсіз қоя берсе, дамбалын басына киіп, жалаңаш борбайын жұрт көзінше күнге қақтаудан қашпайды. Егер әдепсіз, жабайы болса, түркілер бағы заманның өзінде әйел затын өлгенде де денесін алтын мен күміске, үлде мен бүлдеге бөлеп жерлемес еді, ел билігіне тартып, «қатын» деген титул бермес еді. Демек, гендерлік саясат деп қиғылық салатындар дамбалын басына жеткізе алмай жүргендер. Демек, Еуропа рухани жағынан түркілердің жыл санауға дейінгі болмысына жете алмағаны. Демек, Джеймс Червардтың: «дүниежүзілік цивилизация түркілерден басталған» дегеніне талас болмаса керек. Ес біле бастағаннан біздің көргеніміз жетім қыздардың тойы болды да есерсоқ кезімізде көп қызықтардан құр қалдық. Естігеніміз қыздың сыңсуы мен аңыраған ананың дауысы, сүйегі Итжеккен мен Еуропада шашылып қалған әке сорлыны есіне алған да ешкім болған жоқ.»Әйел мен еркек тең праволы» дейтұғын саясатты сылтауратып, үкімет қыз-келіншектер мен жесірлерді көпе-көрінеу айдап апарып ер адам шыдай алмайтын ауыр жұмысқа салды. Мұның төркіні «тең право» емес, «добровольное рабство» екенін қарапайым халық сезбей де қалды. Алдымен ФЗО деген қыз салығы шықты, ФЗО оларды станокке апарып байлады, біразы шахтаға дейін жетті де қайтып ел бетін көрген жоқ. Бір ағамыздың: «жақсы қыздарымызды жатқа бердік те жұрттың торшолақтарын жиып алдық» дейтіні осыдан. Сөйтіп, жігіттерге келген жұт бойжеткендерді де айналып өткен жоқ. Кезінде жүз түтіндік бір ауылда жоқ дегенде қаратайдың жүз қызы бар еді, солардың екеуінің ғана тойына куәгер болдым, қалғанының қайда кеткенін күні бүгінге ешкім білмейді. Іздеп келмеген соң, іздеп бармаған соң солардың өмірде болған, болмағаны кімнің қаперіне кірді дейсің? Енді ғана заман өткен соң, тіршіліктен ешбір рахат көре алмаған сорлылар елес боп, сағыныш боп ойға оралады. Тірі болса ендігі олар кемпір шығар. Бірақ менің есімде тек бойжеткендер ғана қалыпты... Отбасына алғашқы мұң қызбен келеді екен...
... Ойда жоқта үйге танымайтын үш адам кіріп келгені. Тегін келмегенін ішім сезіп тіксініп қалдым. Жүздері жылы, бірақ жүрістері суыт, жымиып отырса да іштерінде бір жұмбақ бар сияқты. Жастауы Амантай Біртанов деп танысты, егделеуі Кершайыз Мырзалиев, Жамбыл облысы Луговой ауданының әлеуметтік қамсыздану бөлімінің бастығы екен. Түбі екеуі де «нахал», әлде маған солай көрінді ме, шай қайнап, дастархан жайылғанша бүкіл шаруасын тындырып тастағылары келді. Сыртыңыздан білеміз, білген соң да қызыңызға құда түсе келдік, «танымасты сыйламас» деп біз де бөтен жұртқа ұрына бермейміз десті. Жек көріп қалдым. Ішімнен, осылар тезірек кетсе екен деп отырмын. Кеткен соң да көңілім құлазып, әлгілер қуатымды тонап кеткендей орнымнан тұрғым келмей қалды. Жүрегімде лүпіл жоқ, кеудем мұздай секілді. Бір кезде Дәкең келіп:
— Енді нағып отырсың? — дегенде ғана селк етіп, тұла бойым шымырлап қоя берді — Нағыл деуші едің? — Есің дұрыс па?! Не бар, не жоқ деп бір жауабыңды бермедің бе?!
— Қызымның өзі біледі деп құтылдым. — Самал сөзін бермесе, құдалар мұнда келмейді. Сен Самалды ойладың ба?..
Ойламағанда ше! Оқуды бітіргені биыл ғана. Қызметке де жаңа ғана орналасқан. Балам да бір күні бой жетеді-ау, ол да бір күні осы үйден кетеді-ау деген үш ұйықтасам ойымда жоқ еді. Сеземін, шешесі білетін сияқты, қызым оған айтқан да болар. Алғаш рет баламды шешесінен қызғандым. Ол шешесінен көрі мені жақсы көруші еді ғой... Аяқ-астында мен айдалада қалдым да төрт қабырғаға сия алмай далаға шыға қаштым. Жылағым келген. Жылай қалсам көз жасымды Дәкең көрмесін дегенім еді ғой...
... Алматының ауасы қырық градустан асып өртеніп тұрған. Жасөспірімдер театрының алдындағы сабалақ самырсынның астына келіп отырдым. Бір кемпір бетіме бежірейіп бір қарады да кішкентай немере қызын жетелеп орындықтан тұрып кетті. Немересі бордай аппақ, көзі қарақаттай керемет сүйкімді екен. Көлеңкеден ұзағанша қайта-қайта жалтақтап, мына неме қайдан келді дегендей маған қарай берді. Тура Самалымның кішкентай кезін елестеткен...
...Санаторийде емделіп жатқанмын. Дәрі-дәрмекке жолатпай Марат мені қымызға қамап тура алты ай ұстады. Күндіз қызметтен босай алмай Дәкең күн қайта үш жасар Самалды жетелеп келіп тұратын. Келгендері қуаныш, шұрқырап табысамыз да кетерінде шыр-пыр боламыз: «Папам қалып кетті ғой, папам қалып кетті!» деп Самалым шырқырап мұқым тауды басына көтеретін. Көк белдеу мұқыр автобус бел асып кеткенше қызымның дауысы құлағымнан кетпей, арттарынан қуа жөнелгім кеп тұрады. Бейтаныс кемпірдің аяғын әпіл-тәпіл басып, артына жалтақтай берген екі жасар немересі Самалымның сол бір кезін есіме салғаны... Екі ай бойы Ақмолада, әжесі Дәулеттің қолында болып еді. Алматыда баспана болса да жоқ, Тастақтың көрінген босағасында көшіп-қонып жүріп аурушаң боп кеткен соң амалсыздан «командировкаға» жібергенбіз. Әжесі жарықтық балажан, қайырымы мол, құстың сүтін тауып бермесе де барын баланың аузына тосып, тығыншықтай қылып қайтарған. Өз балаларын дәл осындай бақты ма екен, көзім жетпейді. Туған анам Күләштан кейін маған жақсылық жасаған, иманды болғыр, марқұм енемдей сірә бір пенде болмаған шығар-ау. Абылай мен Әлихан дүниеге келгенде ұрпақ жалғасы деп қатты қуандым. Бірақ екеуінің де тәлім-тәрбиесіне араластым деп мақтана алмаймын. Екеуінің де азабын көтерген Дәкеңнің өзі болды...
... Айналдырған жау алмай қоймайды. Ақыры өзім бас болып, Сәкен, Әкім, Жолдасхан, Дәкең болып Самалды Құланға (бұрынғы Луговой) апарып салдық. 420 шақырым жолда менің көз алдымнан үш жасар Самалым кетпей қойғаны. «Папам қалып кетті» деген дауысы да құлағымда. Қазақ салтында қызды әкесі шығарып салмайды. Соны біле тұра неге ере жөнелгенімді өзім де білмеймін. Кейін, қоңырау сылдыр ете қалса есікке жүгіретін болдым: ар жағында үш жасар Самалым келіп тұрғандай көрінетін, ол менің көңілімде күні бүгінге сәби болып қала берді...
Бұрын да Әкім екеуміз Жамбылға бір ізбен барып, бір ізбен қайтатынбыз. Енді Сарыторпақты шаршатып ай сайын Жамбыл қайдасың деп тайып тұратын болдым. Алматы мен Жамбылдың арасы 520 шақырым. Жеткенше Самалымды көремін-ау деп асығамын. Жеткен соң Үш жасар Жұлдызды көріп көңілім орнына түседі. Естай әлі жасқа тола қоймаған, танауы тершіп ұйқтайды да жатады. Бірде Самалды шақырып алып: — Мынаның дені сау ма, неге мыңқиып ұйқтай береді дегенім бар. «Нормальный ребенок! Нехватало еще мыңқайған! Выдумывает!— деп қызым шамырқанып қалды, біраздан соң бөлмеден шықсам Самалым жылап тұр екен: «Папа, неужели он мыңқайған?» дейді. «Баланың қадірін балалы болғанда білерсің» деп қазақ тегін айтпаған екен де, осыдан кейін Самал: «папа, мен сені тағы да сағынатын болдым ғой» деп кемсеңдемейтін болды. Керісінше, мен балаларды сағынып, Серкемерге шаба жөнелетінді шығардым. Кішкентай кезінде Жұлдыз бен Естай біздің қолда өсті. 520 шақырымдағы ендігі менің ермегім екі бала болды. Бірде Жұлдыз, бірде Естай, кәдімгідей әңгімелесіп отырып ұзақ жолдың таусылғанын да білмей қаламыз...
Кеше ғана жол бойы гүл теріп, жыла қонып жетіп едік, (әсіресе көзден де, көңілден де кетпейтін көктемнің шуағы, көк жүзінде қалықтаған бозторғайдың шырылы.) ертеңгісін тұрсақ Саркемерді қар басып қалыпты. Қасымда кішкентай күрегімен тырпылдап Жұлдыз жүр еді: «Ата, үйге қайталықшы, мұнда қар өседі екен, мен тоңып қалдым ғой» дегені. «Үйің сенің осы емес пе» деген сөз көмейімде тұрды, бірақ сәбиді өзімнен алыстатқым келмеді. Енді бірде Естай екеуміз Жамбылдан боранды күні шықтық. Қордай асуы алай-түлей. Жол көк мұз. Жылдамдықты сәл тежеп, болмаса газды абайсызда басып қалсаң құйын дауыл құла торпақты ұршықша иіріп, сай түбіне бірақ лақтыратын түрі бар. Сай түбінде тоңқайып жатқандар да бар, шалқайып отырғандар да бар. Естай 520 шақырым құйрық баспай менің қыр желкемде қаздиып тұрады да қояды. «Ата, тағы да мәшине, тағы да мәшине» деп сай түбіндегі қар астында қалған көліктерді санап келеді. Менде зәре жоқ, мен де жетпіс жеті атамды санап келемін: біреудің баласын жетекке алатын не сорың бар еді деп өзімді өзім боқтап келемін, жан қысылғанда жанымнан артық көретін немеремнің әке-шешесі бары есіме түскендей. Әйтеуір ес кетіп, жан шыққанда Ешкіліге де жеттік-ау. Төбеде боран, етекте жер қара, тым-тырс: кең дүниеге шығып алған соң қу жанды сақтап қалған желкемдегі немерем екен-ау деп тәубеме келген болдым... Әлгінде ғана «біреудің баласында нең бар еді» деген күпір көңіл Аллаға рахмет айтып, Естайды құшақтап, бетінен иіскегенде көзімнен жас шығып кетті. Дәл осы сәтте Нұржан мен Самал, Шәкең мен Күлекең көз алдымнан жамырап өткендей болды. Солардың қимас жандар екенін сезіндім...Жалғыз қызым жатқа кетті ме деп жүрсем, іргемде Дулатия дейтұғын жалпақ елдің жатқанын білмеппін, сол адамдар арқылы Дулатия дейтұғын жалпақ елмен табыстым, жаңа жұрағат таптым...