Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жастықта шалыс баспағын!

ҚР-ның жас ақыны: Тілеубекова Гүлсана Анарбекқызы

Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі - жетім балалардың жай-күйі. Анығырақ айтсақ: қарыны тоқ, киімі көк желіккен жастардың қызық қуып, соңынан опық жеп, өзгені де өкіндіріп жататыны. Бұлай деуім, болашағы бұлыңғыр дүниеге ойланбай араласып, ұлтымыздың менталитетіне мүлдем жат ойын-сауық ортасында қызық қуып, намысы мен ар-ұяттан жұрдай болған өрімдей бойжеткендер тым көбейді. Сәні мен сымбаты жарасқан осы бір арулардың «күнде қызық, күнде той» осы жүрісі мені қатты қынжылтады. Алабұртқан жастық шақты соңынан ертіп, еліктіріп әкететін беймәлім әлемнің шырмауына бір шарпылсаң, өмір жолының арнасы бұзылып, теріс жолға бастай жөнеледі.   

Жылап жүрсе қазақтың бір баласы,

Ішінде оның ашу, ыза наласы.

Болмас еді жетім деген сөз мүлде,

Өз баласын тастамаса анасы.

Ойнақтап жүріп от басқан бүгінгі бойжеткен-ау, сен— ертеңгі аяулы жар, асыл ана емес пе едің!? Жарық дүние есігін енді ғана ашқан бейкүнә сәбидің көз жасы. Обалы кімге?!! Сарыауыз балапан сынды сәби ауызын ашып, шырқырап тамақ сұрап, әркімге жәутеңдеп жатса, тірлігін сайранға толтырып жүрген тіршілік иелерінің өмірінде не мағына қалды?! Бірер күндік нәпаха үшін шаранасын саудалап, сәбиін сатқан жандардың ертеңгі күннен қайыр күтіп, әлдекімнен мейірім дәметуінің өзі бекер. Халқымыз бір күнін ойлаған әйелден без, ертеңін ойламаған еркектен без- деп айтудай-ақ айтыпты. Бірақ, мынадай сорақылыққа бұл сөздің өзі тым әлсіз. Бұл тоғышарлық пен қатігездіктің теңеуі жоқ. Амал қанша құлақ естіп, көз көріп жүрген бұл жайттар күнделікті өміріміздің ащы шындығына айналып отыр. Отбасы, ортасы, қоғам дұрыс тәрбие беріп баулыса, теріс әдет пен жат қылықтардан аулақ болар ма еді бәлкім.

Отбасы - тәрбиенің алтын діңгегі. Тамырына нәр берерде қоғам мен мектептен бөлек ата-ананың атқарар міндеті үлкен. Отбасы тәрбиесі жақсы болса- болашақта өз мақсатын айқындап, барлық істеріне жауапкершілікпен қарайтын, ойы ұшқыр,білімі терең сана-сезімі шынайы, өмірден өз орнын адаспай табатын тұлға қалыптасар еді. Отбасындағы теріс тәрбиенің олақтығы, ұлттың намысына, рухани өзегіне ұят келтіретін, тіпті балта шабатын, қатыгез, өзімшіл, ұрпақ қалыптастырып жатқандай. Оған күнделікті интернет желілері мен көгілдір экранда уағыздалып жатқан тексіздену мектебін қосып қойыңыз. Осыншалық теріс тәрбиені санасына сіңіріп өскен жас бойжеткеннің бағы жанып, сүйгенін тауып қосылғанымен болмашыдан шатақ шығарып, қит етсе тырнақ астынан кір іздеп, отбасын ұрыс-жанжалдың ордасына айналдырып, ақырында ажырасқанымен тұрмай, өзі тар құрсағын кеңейтіп тоғыз ай он күн көтерген перзентінен қалай құтыларын білмей, ауыр күнә арқалап жатады. Апарып тастар жетімдер үйінің бар екенін көңіліне медеу тұтады. Бар жауапкершілікті соған тапсырады. Сонымен бастысы, сәбиге қатысты бар міндеттен құтылдым деп ойлайды. Өмірге өзі әкелген сәбиіне деген бар мейірімі мен аналық махаббаты осымен шектеледі. Ал осы бір қателігі—жетімдер үйінде шырылдап қалып бара жатқан сәбиінің мәңгілік азабы ғана емес, тағдырына өкпелі тағы бір қатігез жүректің, мұңды жанның тағдыры емес пе?!                                                                                                                                                  

Осылайша, екі бірдей адам атын жамылған сауық пен мауық иелерінің жауапсыз жын ойнағы баланы бақытты шағынан айырып, жетімдер үйінде қалдырды да өз жолымен ары қарай жалғаса берді. Әлі қанша байғұс жетімдер панасыз қалып, жетімде үйін сағалар екен? Ата-ананың мейірім шапағатына бөленіп, салт-дәстүрімізді бойына сіңіріп,жайма шуақ күн кешер шағында, терезеге жалтақтап, есікке елеңдеп, жанарын мұңлы жас жуып, күрісіністі күн мен арманды түнді бастарынан өткеріп жатқан сәбилерге қарап тұрып жүрегім ауырады. Жәутең қаққан кішкентай періштелердің жан күйзелісін осы бір кішкентай мақалама сыйдыра алмаспын. Мүмкін, кеудемдегі сырымды көпшілікпен бөліссем, өзім де жеңілдеп қалам, бәлкім оқи қалса құрбыларыма да ой салар ма екен  дәме ғой менікі...           


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама