Жайлауы келісіп бейғам жатқан бала батыр Бидас...
Жайлауы келісіп бейғам жатқан бала батыр Бидастың Майтабан қолбасшы бастаған сарбаздармен Асаталасат атты Күлегеш аждаһаға не себепті аттанғаны жайлы
(Ертегi-повесть)
Ертегi айтарлықтай тым ертеде де болмаған.
Оқиға әдеттегi ертегiлердегiдей баяғыда емес, америкалық оқушы қыз Самантаның бiзге келетiн жылы, киiктiң құралайын шомылдыратын айы, демек, балақандар ваннасы кезеңiнде, ал есепке салғанда, мамырдың дәл он сегiзi күнi таңертең сағат жетiден отыз екi минут өткенде басталып, аждаһаның қытығы келетiн кезiнен есептемей-ақ, өзiңнiң де көзiң жетер, сабалақ Сарбастың қолында сағаты болған, ал амал не, дәл сол сәтте батырлардың мүлде сағатқа қарарлық мұршасы болған жоқ, Бидас батыр, Сарбас сабалақ, жайбасар Майтабан, әже, Сұңқар мен сұлу Суырдың Бетпақдалаға ғажап жеңiспен салға мiнiп оралғанынан бастап-ақ есепке тартатын болсақ, шiлiңгiр шiлденiң жиырма төртiнде, түскi сағат он екiден жетi минут кеткен кезде бiтедi. Айтып отырған соңғы мерзiмiмiзде инедей де қате жоқ. Өйткенi осы ертегiнi оқып шықсаң болды, өзiң де оны жақсы түсiнетiн боласың. Сол минутты бүкiл ел болып, жан-жануар, хайуанаттар мен аң-құс, өсiмдiктердiң бәрiн қосқанда, қысқасы, не керек, жердiң асты-үстiндегi тiршiлiк атаулы түгелдей тағаттары таусыла күткен. Сарғайып күткен уақытты жұрт қалай ұмытушы едi? Сонымен оқиғаның басынан бастайық... Ал, оқушым, жеп отырған наныңды былай қоя тұр...
Бетпақдалаға алдымен темiр адамдардың, содан кейiн Асаталасаттың келуi. Жалғыз Құралай
Бетпақдаланы ана-киiк мекендейтiн едi. Қыста жүнi аппақ, ал жазда қоңыр тартатындықтан, жұрт оны Жезкиiк деп атап кеткен болатын. Жезкиiктiң анасы, апасы, сiңлiсi, балалары, балаларының әкесi, жездесi, бөлесi, атасы мен әжесi, үйiрлестерi, көршi-қолаңы, не керек, даланың сәнiн келтiрiп жүретiн көп әулеттерi бар болатын. Әулеттерiнiң барлығы бас қосып, бiр табын болып Бетпақдалада емiн-еркiн өмiр сүрiп жүрген едi. Шөптiң шүйгiнiн жеп, бұлақтың мөлдiрiнен iшiп, тақырларда аунап-қунап, сүзiсетiн кезде сүзiсiп, үйездейтiн кезде үйездеп, айтатын несi бар, «қой!» дейтiн қожа, «әй!» дейтiн әже жоқ, бейғам да емiн-еркiн ғұмыр кешiп жатқан-ды. Осылай мамыражай ғұмыр кешiп жүрген кездерiнде темiр мылтығы, темiр доңғалақты машиналары, темiр жүректерi бар темiр адамдар келiп, ой, айтары жоқ, бұларды алағай да бұлағай қуғын-сүргiнге салған. Бетпақдаланың ақ шаңдағын шығарып, олай да қуған, бұлай да қуған. Темiр адамдар көзге түртсе көргiсiз тастай қараңғы түн ортасында бұлар өмiр бақи көрмеген де бiлмеген жарқыраған от шашып, көздерiн сол жарыққа шағылыстырып алдаған. Сол темiр кiсiлер бұның жарақаттанып қалған апа, сiңлiсi, балалары, балаларының әкесi, ағайын-тума, ауылдас, көршi-қолаңы бар, қойшы, әйтеуiр, көптеген тума-туыс, ағайын-жекжаттарын темiр машинаның жәшiгiне салып, Жезкиiктiң аяғы жетпейтiн бiр жаққа алып кеткен едi. Сол кеткеннен киiктiң бiрде-бiреуiнен не хат, не хабар жоқ, телеграмма да жоқ. Әйтеуiр, ізім-қайым. Содан Жезкиiк болса, салдыраған ылғи темiр пәлелерден қашып, бетiнiң ауған жағына — Бетпақдаланың бiр түкпiрiне лағып кеткен болатын. Бүкiл Бетпақдалада жалғыздан-жалғыз қалған. Балалары да жоқ, балаларының әкелерi де жоқ. Ешкiм жоқ. Жезкиiк маңырап, ботадай боздап жүрiп, даланы олай да кездi, бұлай да кездi, бiрақ ешкiмдi де таба алмады. Сонан күз, күзден кейiн қыс болған. Қыста қалың қар түсiп, онан кейiн қар аралас жаңбыр жауды. Шөптiң бәрi болсын, болмасын мұздың астында, Жезкиiк тоңып, қарны ашты. Сонда да кiндiк қаны тамған жерiн тастап еш жаққа кетпедi. Оның үстiне алысқа жол бастайтын балаларының қошқар тұмсық, ай мүйiз әкесi тағы жоқ. Жалғыздан жалғыз бейтаныс жаққа сапар шеге алмай, Бетпақдалада қыстай берген едi. Сексеуiл мен дүзгеннiң томарын кемiрiп, қар жастанып, мұз жалап, әйтеуiр, күн өткiзген.
Жезкиiктен әл кетiп, әбден қалжыраған кезде қайтадан көктем шыққан. Қарындары қабысып, қабырғалары сай-сай болып, тiрсегi майысып қалған Жезкиiкке көктем шыққан соң бiрте-бiрте әл ене берген. Бiр күнi суылдаған ақ селеудiң түбiнде шуақтап маужырап жатқан кезiнде iшi бүлк ете қалды. Жезкиiк елең ете түстi, iшi тағы да бүлк ете қалды. Сонда Жезкиiк жүрегi алып-ұшып, жер-көкке сыймай қуанып кеттi. Қуанып кеттi де, бүкiл Бетпақдалаға: «Жарандар-ау, жалғыз киiктен ұрпақ қалатын болды! Менiң бөпем бар! Бөпем! Сары далада киiктер сайран салатын болады әлi! Шүйiншi! Қуаныңдар, тiршiлiк атаулы! Киiктер әлi даланың сәнiн келтiретiн болады! Шүйiншi! Алақай! Алақай!» — деп жар салғысы келiп тұра шабады. Тап сол кезде iшiндегi бөпесi:
— Апатай, қатты жүгiрмешi. Менiң тұла бойым ауырып қалады, — дейдi. Сонан Жезкиiк бөпесiнiң айтқанына құлақ асып, қатты жүгiрген жоқ. Жайменен тұрып, жайменен жайылып, жайменен ғана жататын болды.
Бiр күнi бөпесi:
— Апатай, менiң жарық дүниеге шығып, сенiң iзiңе ерiп асыр салғым келедi. Даланың қандай екендiгiн көргiм келедi, — дедi.
Сонда апасы оған:
— Балам, асығуға болмайды. Мамырдың он алтысы болсын. Дәл сол күнi көресiң жарық дүниенi. Сен дүниеге келген соң, екi күннен кейiн көктен нұр жауады. Ол сен тәрiздi балаларды шомылдыруға арнайы жауатын нұр, балапандардың ваннасы. Сен шомылмаған салтақ-салтақ күйiңде Бетпақдалада қалай жүресiң? Ұят емес пе? — дедi.
— Не, жуынбаса болмай ма? — дедi апасының iшiнде жатқан аңқау бөпесi.
— Болмайды. Салтақ-салтақ болып жүру — жұрттан ұят. Өйтiп киiк атын масқара ететiн жағдайым жоқ, балам. Шыда, — дедi апасы. — Киiк деген қашанда мұнтаздай тап-таза болып жүруi керек. Әйтпесе ол қайдан киiк болушы едi.
Сонда бөпесi:
— Жарайды, онда, — деп келiстi.
Бөпесiнiң жарық дүниеге келетiн мерзiмi жақындаған соң, Жезкиiк адам аяғы баспайтын қиянға, тек селеулерi суылдап, жусан иiсi бұрқыраған тып-тыныш алыс түкпiрге кетiп қалды. Сол межелi жерiне шаршап-шалдығып жеткен күнi Жезкиiк қалың жусанның арасында тұмсығын бауырына тығып, бөпесiнiң бүлкiлдегенiн қызықтап, әлсiн-әлсiн оянып, шала-шарпы көз шырымын алып шықты. Ертеңiне тұрса бар ғой... Ертеңiне...
...Қысқартып айтқанда, мынадай сұмдық оқиға болды. Алдымен төбе құйқаны шымырлататын қатты ысқырық естiлдi. Сонан кейiн күннiң көзiн қап-қара бұлт жауып, айналаның барлығы тастай түнек болды. Қара түнекте аласапыран дауыл соқты. Жер солқылдап, теңселiп аяқ астында тұрмай кеттi. Аспанда жарқ-жұрқ найзағай ойнады. Бұл не дейсiң ғой ендi, жеп отырған нанын былай қойып, ертегi оқып отырған оқушым. Бұл ма? Бұл...
...Айтатын несi бар, бұл су iшуге келе жатқан Асаталасат деген аждаһа болатын. Өзi сұмдық ашқарақ. Туу бойына «Асат!» деп аузын ашыпты. Анасы дайындап қойған қырық құнан қойды асатыпты, оған тоймапты, отыз өгiздi асатыпты — тоймапты. Өзiне дайындап қойған бәтеңкесiн, шұлғауын, жөргек пен жаялығын, тiптi түбегiне дейiн асатып жiберген екен, оларға да тоймай: «Асат!» — деп тағы да аузын арандай ашыпты. Сонда Күлдiкөмеш Күлегеш деген әжесi басын шайқап: «Болмады. Болмады. Шырағым-ай, түрiң жаман екен, келешегiң оңса болар едi», — деп таңдайын қаққан екен. Ертеңiне ағасын, бiр апта өткен соң әкесiн, бiр айдан кейiн өзiнiң таңдайын қағып, басын шайқап отырған әжесiн көмейiне тастап жiберген жалмауыздың нағыз өзi болатын. Тамақты көп жейдi, содан кейiн таңдайы кеуiп шөлдейдi. Бұдан екi ай бұрын Көк теңiздi сiмiрiп салды — қанған жоқ. Бүгiн сүйретiлiп, танауы шуылдап Бетпақдаладағы Көкшулан теңiздiң суын iшуге келе жатқан бетi болатын. Манағы шуыл — сол. Айтатыны тек «Асат!», жүрген жерi тек аласапыран аласат болған соң, Асаталасат атанып кеткен.
Ештеңе түсiнбеген Жезкиiк баяғыдай темiр бiреулер келiп қалған екен деп, тағы да безiп қаша жөнелдi. Зымырап отырып терең сайға түсiп кеттi де, аяқтары әбден ырқына көнбей дiрiлдеп, әл-дәрменi сарқылып, өкпесi өшкен соң ғана амалсыздан бұғып жатып қалды.
Алапат дауылдан өсiмдiк атаулы бастарын көтере алмай, жермен-жексен болып жабысты да қалды. Сексеуiл, дүзген атаулы түбiрiнен қопарылып, аждаһаның аузына қарай қаңбақ болып ұша жөнелдi.
Өзендер әдеттегiдей Арқаға қарай ағып жатқан ағысын тастап, астаң да кестең терiс — өрге қарай сарылдады. Бұл не дейсiң ғой тағы да, нанын жемей, аузын ашып отырған оқушым. Бұл Бетпақдаладағы Көкшулан теңiзiн лебiмен тартып бiр ұртына тастай салған Асаталасат аждаһаның әлегi. Аждаһа суды ұрттап алды да:
— Мынауың азғантай екен ғой. Бұған да шөлiм қанбайтын болды-ау, түге, — деп езуiн жалап, таңдайын тақ-тақ еткiздi. Таңдайын тақ-тақ еткiзгенде найзағай ойнап, күн күркiрегендей болды. Жер қасқыр көрген лақтай дiрiл қақты.
Сонан кейiн мойнын созып жiберiп, Қоғалы өзендi, Қоғалы өзеннен кейiн Дарқан дарияны, Дарқан дариядан кейiн Мыңбұлақты кезек-кезек сiмiрiп-сiмiрiп салды. Сiмiрiп салды да, жан-жағына қарады. Ендi iшетiн су таба алмай, таңдайын тағы да қағып, екi езуiн жалады.
— У... у... уф! Әлi шөлiм қанатын емес қой,— деп аспанға қарады. Жетi көзi бар болатын. Бiр көзi қара бұлтқа, бiр көзi ала бұлтқа, бiр көзi қазбауыр бұлтқа, бiр көзi шарбы бұлтқа, бiр көзi ақша бұлтқа, бiр көзi шуда бұлтқа, ендi бiр көзi түйемойын бұлтқа түстi.
«У... у... уф! У... у... уф! У... у... уф!» деп, жетi бұлтты да кезек-кезегiмен жұта салды. Жұта салып тамсанып жан-жағына тағы да қарады. Ендi жұтатын ештеңе таппаған соң ашуланып, екi таудың арғы жағында көрiнбей жатқан құйрығын бұлғап тастап керi бұрылды да, қарнын сүйретiп кете барды. Сол кезде құйрығы қағып кеткен Жетiқарақшы шоқ жұлдызы боздаған күйлерi жерге сау ете түстi.
Аспанның асты, жердiң үстiнде бiр тамшы су қалмады. Өсiмдiк атаулы қурап, сола бастады, жан-жануар атаулының таңдайлары кеуiп, ауыздарын бақадай ашты.
Бұдан екi күн бұрын терең сайда айы, күнi толып дүниеге келген Жезкиiктiң бөпесi — Құралайды анасы нұрдың суына шомылдырайын десе, көктен бiр тамшы су тамбай қойды. Сардалада асыр салып ойнайын десе, бөпесiнiң үстi салтақ-салтақ. Далада салтақ-салтақ болып жүру ұят. Құралай шомылмаған соң бойын көтере алмай сол жерде жатып қалды. Жезкиiк болса жыл сайын тап осы күндерi жауатын нұр суын әрi күттi, берi күттi, болмаған соң Құралайды шомылдыратын бiр шәугiм су iздеп басының ауған жағына лағып кеттi.
Сұңқар. Жетi көздi жалмауыз
Осы ұшы-қиыры жоқ Бетпақдала деп аталатын шетсiз де шексiз далада Сұңқар мекендейтiн. Сұңқардың ата-бабасы, ата-бабаларының бабаларына дейiн осы далада туып, өркен жайып өскен-дi. Сондықтан да ол ұшқыр болғанмен, ата-бабасының мекенжайын тастап ешқайда кетпейтiн. Атам заманнан ешкiмге тәуелсiз, зеңгiр көктiң асты, сары даланың үстiнде емiн-еркiн өмiр кешiп келе жатқандықтан өр де тәкаппар болатын. Үстiн әлсiн-әлсiн сылап-сипап, қолы сәл босаса болды, қауырсындарын тарап отырады. Қомағай да емес, азғантай асты қанағат тұтады. Тазқара тәрiздi өлексеге де үйiрсектiгi жоқ едi. Оның ең бiр бақытты сәтi — көкке шығып алып, аспай-саспай сабырмен самғап қалықтап жүрiп, жердегi тiршiлiктi жайбарақат барлау болатын. Сол самғаған сәттерiнде сары даланың төсiнде жосып жүрген киiктердi, шалқасынан түсiп ұйықтап жатқан дәу баланы, қанаттары дiрiлдеп, көмейi бүлкiл қағып ән салып тұрған Бозторғайды, iнiнiң аузында жан-жағына жалт-жұлт қарап тiп-тiк шаншылып тұрған бойжеткен сұлу Суырды, әлдеқандай шөптiң сынығын сүйреп бара жатқан құмырсқаны ап-анық көретiн. Көретiн де, осы бiр қайнаған тiршiлiктiң әсем жарасымдылығынан тоят тауып, әрi қарай сабырмен самғай берушi едi.
Бүгiн Сұңқардың ғұмырындағы есiтпеген ерекше күн болған-ды. Далада ақырзаманның қалай орнағанын өз көзiмен көрдi. Көрдi де, iшегiн тартып, жағасын ұстады, тұңғыш рет тұла бойын қорқыныш биледi.
Сол кезде Сұңқар әдеттегiсiндей шырқау көкке шығандап шығып алып, жайбарақат самғап серуендеп жүрген-дi. Кенет оңтүстiк жақтан күнге шағылысып жарқ-жұрқ етiп жылжи ағып келе жатқан өзендi көзi шалды. «Бұрын бұндай өзен жоқ едi ғой?» деп таңырқады да қанаттарын қағып-қағып жiберiп, солай қарай ығысты. Жақындап келгенде бiлдi, жалтыраған өзен емес, жоталанған тiрi тау екен. Сасық иiс әлемдi үйiтiп, Сұңқардың өкпесiн қапты. Сол тiрi сасық тау ирелеңдеп Бетпақдалаға ентелей енiп келедi. Сап-сары терiсi майлап қойғандай, күнге шағылысып жарқ-жұрқ етедi. Жылжып өткен iзi кең арна, терең ор болып қалып барады. Басы далаға толық ендi, құйрығы әлi көрiнер емес. Әлгi тiрi мақұлық келдi де: «Таңдайым кеуiп қалды-ау», — деп, аузын арандай ашып жiбергенде, үстiңгi ернi бұлттардың арасына сiңiп кеттi. Бетпақдаланың маңдайына бiткен жалғыз Көкшулан теңiздiң жағасына жақын келiп, әлгi жер жаһанға сыймай тұрған басын суға малып жiберiп, теңiздi «у... у... уф!» деп ұрттай салды. Ұрттай салды да: «Мынауың азғантай екен ғой. Бұған да шөлiм қанбайтын болды-ау, түге», — деп басын шайқап-шайқап тастады. Сонан кейiн мойнын созып жiберiп, Қоғалы өзендi, Қоғалы өзеннен кейiн Дарқан дарияны, Дарқан дариядан кейiн Мыңбұлақты кезек-кезек сiмiрiп-сiмiрiп салды. Сiмiрiп салып, жан-жағына қарап едi, ендi iшетiн су таба алмай таңдайын тақ-тақ қақты. Таңдайын тақ-тақ қаққан кезде күн күркiрегендей, жер сiлкiнгендей болды. Екi езуiн жалады. Екi езуiн жалап тұрып: «У... у... уф! Әлi шөлiм қанатын емес қой», — деп аспанға қарады. Жетi көзi бар екен. Бiр көзi қара бұлтқа, бiр көзi ала бұлтқа, бiр көзi қазбауыр бұлтқа, бiр көзi шарбы бұлтқа, бiр көзi ақша бұлтқа, бiр көзi шуда бұлтқа, ендi бiр көзi түйемойын бұлтқа түстi. «У... у... уф! У... у... уф! У... у... уф!» деп жетi бұлтты да кезек-кезегiмен жұта салды. Жұта салып тамсанып, жан-жағына тағы қаранып едi, ендi жұтатын ештеңе таппаған соң ашуланып, көрiнбей жатқан құйрығын бұлғап тастап, керi бұрылды да, қарнын сүйретiп кете барды. Құйрығы қағып кеткен Жетiқарақшы шоқ жұлдызы сау етiп жерге түстi. Мұны көрiп тұрған Сұңқар ышқынып жетi қат көктiң алыс түкпiрiне сүңгiп кетпегенде, бұл күндерi әлгi тiрi таудың iшiнде тыпырлап жатқан болар едi. Шамалы тыпырлап жатқан соң оны аждаһаның шойын ерiтетiн домна пешiндей жанып тұрған асқазаны қорытып жiберер едi, әрине. Бiздiң бағымызға олай болмады. Олай болмаған себебi, Сұңқар серiппедей қанаттарын қатты-қатты сермеп, атқан оқтай зулаған күйi көкке сiңiп кеткен-дi. Сол жақта қалықтап жүрiп көзiн жұмып, басын шайқады. Жүрегi дүрс те дүрс соғып тұр едi. Iшегiн тартып, жағасын ұстады. Таңданғаны сондай:
— Ой, жалмауыз! Осы ғұмырымда бұндай жалмауызды көрсем бар ғой, көзiм шықсын, — деп таңдайын қағып, басын шайқады.
Сасық мешкей таудың мына қомағайлығынан Сұңқардың жүрегi айнып кеттi. Дала болса тулақ сүйреткендей — өң де, түс те жоқ, қақырап қала барды.
Жаһанда жалғыз жұмыртқа
Сардалада емiн-еркiн ұшып-қонып жүрген Жезкиiктiң көршiсi Бозторғайда да ешқандай алаң болмайтын. Тамағы тоқ едi, уайымы жоқ едi. Жемсауын толтырып алып, емiн-еркiн әнiн шырқап алаңсыз жүрген-тұғын. Оның үстiне бүгiн қуанышқа кенелген. Қуанышқа кенелетiн себебi, алты бiрдей жұмыртқалы болған. Жұмыртқалары көденiң түбiндегi астына мамық төселген жұп-жұмсақ ұяның iшiнде әп-әдемi болып, көздiң жауын алып, самсап жатыр. Бозторғайдың шаттанатын себебi, жақын күндерде осы жұмыртқалардан өзiнен аумайтын бiрнеше шақалақ балапан шықпақшы. Сары далада құйтақандай торғайлар не бiтiредi дейсiз ғой. Оның мәнi мынада. Маужырап тәттi ұйқыға шомған тым-тырыс далада сiмерленiп таң бiлiнбекшi. Сонда бозторғайлар өз жұмыстарына кiрiспекшi. Жұрттың бәрiнен бұрын тұрып, көкке көтерiлiп алып, шырқай жөнеледi. Далада жан-жануарды оятатын гудок та, радио да, сағат та, теледидар да жоқ екендiгiн балалардың бәрi бiледi. Егер Бозторғай оятпаса, жұрттың бәрi де жұмыстарынан қалып қояды, бастары iскенше ұйықтай-ұйықтай, әбден жалқау болып кетедi. Бозторғайдың шырылын естiсе болды: «Оһ, таң атып келе жатыр екен ғой», — деп дүр сiлкiнiп алады да, әркiм өз жұмысына кетедi. Мәселен, бұлдырық майда тас терiп, жемсауын бұлтитып толтырып алуға аттанады, торала қаз балапандарына балауса шөп жұлып беруге кiрiседi, құмырсқалар көздерiн уқалап илеулерiнен шығады да, кешегi соқпақтарына түсiп, шұбыра жөнеледi. Тағысын тағыдай.
Егер бозторғайлар көп болып жан-жақтан шырқай жөнелген болса, дала дегенiңiздiң о шетi мен бұ шетi бiрдей күмбiрлеп сайрап кетпей ме? Ғажап! Бүкiл дала әнге кенелiп, ендi-ендi бозамықтанып, алтын нұрға малынып күмбiрлеп тұрғанда, зәре-құты қалмай жер астына тығыла түсетiн көртышқаннан басқа кiм ұйықтап қалушы едi?
Жуық арада бұл алты жұмыртқадан шықпақшы қызылшақа алты балапан күзге қарай кәдуiлгi Бозторғай болмақшы. Бiр бозторғайға тағы да алты бозторғай қосылып сайрағанда, даланың қалай әнге толып кететiнiн көз алдыңа елестетiп, құлағыңды тосып көршi өзiң. Естiдiң бе? Әдемi емес пе? Қандай ғажайып десейшi! Айтары жоқ ғажап симфония! Бұның перзенттерi даланың бүкiл тiршiлiгiне сән беретiн болғандықтан, ана Бозторғай қуанбағанда, кiм қуанады? Әне, Бозторғайдың жүрегi алып-ұшып тыным таппай сайрап жүргенi сол.
Бозторғай ұйықтап қалса бiттi, даладағы тiршiлiк атаулы да түп-түгел тоқтайды. Өйткенi ешкiм де уақтысында оянбай қалады. Даланы таң қылаң бере дүр сiлкiндiру тек қана бозторғайдың мiндетi. Сол парызын әбден түсiнiп, машықтанып алған Бозторғай атам заманнан берi бiрде-бiр рет ұйықтап қалған емес. Егер далада бозторғай көп болып, олардың барлығы да ертеңгiсiн тұрып, жаппай сайрайтын болса, әрине, ешкiм де жұмысынан қалмайды. Ал егер ешкiм жұмысынан қалмаса, жұрттың бәрi де мамыражай, жеген — тоқ, iшкен — қанық. Дала дегенiң мамыр мейрамындай құлпырып тұрады. Үлкендердiң «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады» дейтiнi, әне, сол. Есiмiзде сақтау үшiн: «Қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп бөлек жазып қоялық. Ыждаһатты балаға не тұрады — жаттайды да алады.
Күнi ертең алты бiрдей бозторғай шығатынын, алты бiрдей бозторғайдың даланы күмбiрлетiп жiберетiнiн ойлаған ана Бозторғай көкке шығып алып, көмейi ашып, жағы талғанша сайрай бердi, сайрай бердi. Шөптер оянып бастарын көтердi, құмырсқалар илеулерiнен шығып керiлiп алды да, жұмыстарына кеттi, неше түрлi көбелектер қалбаң-құлбаң гүл аралап, нәр жинауға кiрiстi, жылқылар қыл құйрықтарын суылдатып бұлғап тастап, өрiске бет алды. Құлыншақтар «Алақайлап!» тұра шапты. Бәрi, бәрi оянды. Жұртты түгел оятып, iсiн бiтiрген Бозторғай көңiлi жайланып, балапандарының жарық дүниеге тез шығуы үшiн ұясына қонып, тағы да жұмыртқаларын бауырына басуға кiрiстi. Жұмыртқалардың iшiнен шиқылдаған нәп-нәзiк үн құлағына келдi. Сол үндi естiгенде Бозторғайдың жүрегi бұрынғыдан да бетер алып-ұшты.
Осы кезде ғаламат аласат басталды да кеттi. Тып-тыныш маужырап тұрған дала ала топалаңға айналды. Дауыл Арқадан Оңтүстiкке қарай екпiндей соқты. Құм борады. Өсiмдiк атаулы жерге жабысып жатып қалды. Ал дүзгендер мен сексеуiлдер түбiнен қопарылып, әбжыланның көмейiне қарай қаңбақша домалана жөнелдi. Өзендер әдеттегi ағысынан жаңылып, ақ шуда толқындары бұйра-бұйра болып аты жоқ, жөнi жоқ, терiс қарай ақты. Дала арыл да гүрiлге толып дөңгеленiп кеттi. Аузың ашылып, сонда бұл не нәрсе дейсiң ғой, оқушым, тағы да. Бұл Бетпақдаладағы жалғыз Көкшулан теңiздi лебiмен тартып бiр ұртына тастай салған Асаталасат аждаһаның әлегi. Ашқарақ аждаһа суды ұрттап алды да:
— Мынауың азғантай екен ғой. Бұған да шөлiм қанбайтын болды-ау, түге, — деп езуiн жалап, таңдайын тақ-тақ еткiздi. Онан кейiнгi алапатты осы ертегiнi оқып отырған адамдардың бәрi бiлетiн болғандықтан, несiн айтамыз.
Әйтеуiр, аспанның асты, жердiң үстiнде бiр тамшы су қалған жоқ. Өсiмдiк атаулы қурап, сола бастады, жан-жануар атаулының таңдайлары кеуiп, ауыздарын бақадай ашты.
Ештеңеге түсiне алмаған Бозторғайдың жүрегi лүпiлдедi, тұла бойы қалтырап, көзi жыпылықтап кеттi. Сөйткенше болған жоқ, ұясымен бiрге көтерiлiп, қап-қара тұңғиыққа зымырап бара жатыр едi. Жұмыртқаларымнан айырылып қаламын ба деп қорыққан бозторғай ұяға тырнақтарын қатты қадап, бауырына баса түстi. Сол сәт көз алды бұлдырап, есi ауып кеттi. Қанша ұшқанын да, қай жерде қанша жатқанын да бiлмейдi. Бiр заманда ептеп көзiн ашса, жүз жыл жасаған сексеуiлдiң түбiрiндегi қуыста жатыр екен. Тұла бойы түте-түте, қауырсындары сабалақ-сабалақ. Жоғарыға қараса, сексеуiлдiң өзi жоқ, тек томары ғана сорайып тұр. Тырнақтарына қараса, ұя жоқ, уысында жалғыз-ақ жұмыртқа қалыпты. Бозторғай бiраз мәңгiрiп жатып, есiн жинаған соң, қайтадан ұя жасамаққа әуелеп ұшып, мамық iздеп едi, даланың сықпытын көрiп, қатты шошыды. Ана қиырдан мына қиырға дейiн тiрi жан жоқ, жым-жылас, дала жып-жылмағай. Ұя жасайтын бiр тал жұмсақ шөп, бiр түйiр мамық таба алмады. Бозторғай: «Ендiгi күнiм не болады?» — деп ойлап, көзiнен жас тамшылап қатты қамықты.
Ендiгi қалғанын бiреу алып кетер деп, қайта ұшып келдi де, жаһан далада қалған жалғыз жұмыртқасын жалма-жан бауырына басып жата қалды. Сонан кейiн iшегiн тартып, жағасын ұстады. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледi», — деген осы. — Жалғыз жұмыртқа болса да, аман қалғанын айтсайшы», —
деп басын шайқады. Бозторғайдың айтқанын да бөлек жазып қоялық. Кiм бiледi, бәлкiм, ықтиятты балалардың естерiнде қалар.
«Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледi».
Бейғам жатқан Бидас батыр Асаталасат атты тажалға не себептен аттанады?
Осындай алақиғаш оқиға болып жатқан кезде, Бетпақдаланың алыс түкпiрiнде Бидас деген батыр жайлауы келiсiп, қарнын сипап қойып, бейғам жатыр едi. Бидас Алматының №86 мектебiнiң төртiншi сыныбын тәмамдап, Әлима апасы екеуi жайлаудағы қарт нағашысының үйiне демалуға жақында келген. Дәудiң тамағы тоқ, көйлегi көк, оның үстiне ешқандай да уайымы жоқ болатын. Бiр ұйықтаса, жетi күн ұйықтайды, қырық күнде бiр су iшедi. Ешкiмнен қорықпайды. Қарнын сипап қойып, жұлдызды санап жата бередi. Жайлауға келгелi берi жұлдыз санаумен жатыр. Өйткенi тап осы кезде далада Бидас атқаратын ешқандай да жұмыс жоқ едi. Қозы-лақтар өздерi жайылып қайтады. Шөп болса әлi пiсiп үлгермеген.
Сонан кейiн, жасыратын несi бар, есеп сабағынан онша болмайтын. Шамалы нелеу... едi. Көбiне «үш». Кейде... Екi тоқсанда, кейде үш тоқсанда бiр төрт. Күн бұлт болса, демалады, ашық болса бiттi — жұлдызды ана шеттен бастап, мына шетке дейiн санай бередi. Бiр, екi, үш... мың үш жүз қырық төрт... Жұлдыз бiр миллионға жеткенде, ұмытпас үшiн башпайларының арасына бiр бөрененi қыстырып қоя салады. Сонан кейiн екi миллион бiр мың алты жүз жетпiс екi... Он миллион сегiз мың екi жүз он жетi... Тағысын тағыдай. Таң атқанша санайды, таң атып, жұлдыздар семген кезде қояды да түн бойы қайтадан санап, есеп үйренедi. Ұйқысы келсе, ұйықтайды, су iшкiсi келсе, суын iшiп алады. Оянса болды, тiсiнiң арасын бөренемен шұқылап, шырт түкiрiп тастап, шалқасынан түсiп жұлдыздарды санап жата бередi. Бiресе алады, бiресе қосады, бiресе көбейтедi, бiресе бөледi. Арасында қарнын сипап та тастайды.
Бiрiншi сыныпқа әлi бармай, есi кiрiп болмаған кiшкентай кезiнде бiр тауды екiншi тауға шағып ойнайтын едi. Бiрде солай ойнап отырған жерiнен апасы ұстап алып, қатты ашуланып кеттi де, құлағынан аямай тартты-ау келiп. Тартатын себебi, таудың тастары шақ та шұқ соқтығысқан кезде, аспанда күн күркiреп, гүрс те гүрс найзағай ойнады. Шаң-тозаңнан күннiң көзi бiрнеше ай бойы көрiнбей қалды. Мына алапаттан үрiккен жан-жануарлар дегенiңiз бас сауғалар жер таба алмай, тым-тырақай босып кеттi. Құстардың барлығы аспанда у да шу. Құлағы удай ашыған соң, жоғары қараса, өзiнiң Әлима апасы.
— Ойбай! Құлағым! Құлағым ауырды, апа! Құлағымды жiбершi! —
деп байбалам салды. Көзiнен бырт-бырт жас шығып кеттi.
Апасы құлақты бiрден жiбере қоймады. Жiбермейтiн себебi, тым қатты ашуланған екен. Екi көзi қып-қызыл, ерiндерi дiрiлдеп кеткен. Даусы қатты.
— Таста тауларды! Таста деймiн!
Апасынан қорыққан Бидас екi тауды екi жаққа лақтырып жiбердi. Құлағы сонда да босамады.
— Тастадым, апа, жiбершi, — дедi дәу.
— Бұдан былай тауға тимейтiн бол, — дедi апасы. — Тау сенiң ойыншығың емес. Ол — аң-құс, жан-жануарлар мен өсiмдiктердiң мекенi. Жұртты бостырып жiбергенiңдi көрмей отырсың ба? Қаншама өзен ағысынан айырылды, қаншама көл сарқылып қалды, орман атаулы жапырылды. Хайуанат атаулы безiп кеттi. Құлағыңды екiншi рет таумен ойнамайтын болсаң ғана жiберемiн. Әйтпесе бар ғой, айтпады деп жүрме, жұлып аламын. Сендей тентек баланың маған керегi жоқ.
— Ойбай, апа! Ойнамаймын! Тауға тимеймiн! — дедi Бидас.
— Екiншi тимейсiң ғой?
— Екiншi тимеймiн... — деп, тағы да қайталады жыламсырап.
— Уәде ме?
— Уәде!
— Жарайды, онда.
Шешесiне берген сол уәдесiнен кейiн Бидас таумен ойнамайтын болған. Таумен ойнамайтын болған соң, ермек қайда? Аяғының башпайларына қыстырып қойған бөренелерден бiреуiн алады да, тiсiн шұқып жатып, жұлдыз санайды. Санайтын жұлдыздарды қалың бұлт басып, көрiнбей қалса, ұйықтайды. Ұйқысы ашылып кетсе, қарны, аяғы, өкшесi, кейде шекесi қышиды. Сол қышыған жерлерiн қасиды. Басқа ешқандай да жұмыс жоқ.
Күндердiң күнi жоғарыдағыдай оқиға болды. Дауыл соқты, найзағай ойнады, жер солқылдады, бiреу Көкшулан теңiздi ұрттап, Қоғалы өзендi, Дарқан дарияны, Мыңбұлақты сiмiрiп, қара бұлт, ала бұлт, қазбауыр бұлт, шарбы бұлт, ақша бұлт, шуда бұлт, түйемойын бұлттың бәрiн бiрiнен кейiн бiрiн жұтып кеттi. Ол кезде Бидас бiр апталық ұйқыда жатқан едi, оянған жоқ. Әбден ұйқысы қанған соң «у... у... уһ!» деп керiлiп қалғанда, қол-аяғы төрт-бес төбенi тегiстеп жiбердi. «Көрiп қалған жоқ па екен?» деп жан-жағына қарап едi, үйдiң сыртында ешкi сауып отырған болу керек, апасы көзге түспедi. Әлгi қирап қалған төбелердi жалма-жан орын-орындарына жинастырып қоя сала, бетi-қолын жуайын деп iздесе, жер мен көкте бiр тамшы да су қалмаған. Өсiмдiк атаулы сарғайып жатып қалған. Аспанда шөкiм бұлт жоқ. Жердiң реңкi адам танымастай мүлде өзгерiп кеткен екен. Бидас ештеңеге түсiнбей: «Бұларға не болған?» — деп таңырқады да, құдық қазуға кiрiстi. Әп-сәтте қырық құлаш құдық қазып тастады — су көрiнбедi, алпыс құлаш құдық қазды — су көрiнбедi, құдықты тоқсан құлашқа жеткiзгенде барып, сызаттап дымқыл бiлiндi-ау, әйтеуiр. Тағы да он құлаш қазған соң су жылымықтады. Сол кезде Бидас лебiмен «Уф!» деп тартып қалып едi, бiр ұртына су толды, екiншi рет тартып қалып едi, су екiншi ұртына толды. Шөлi қанған соң, башпайларына бөрене қыстырып, бiр бөренемен тiсiн шұқып жатып алып, жұлдыз санауға кiрiстi.
Дәудiң шөлi қанып, көңiлi жайланып, жайбарақат жұлдыз санап жатқан кезiнде ащы да зарлы дауыс естілді.
— У... у... у! У... у... у! У... у... у!
Әлгi дауыс барған сайын зарланып төбе құйқасын шымырлатып барады. Басын көтерiп қараса, аяқ жағында тұрған Қасқыр екен. Бидас Қасқырды ұнатпайтын.
— Әй, соншама ұлып, саған не болды? Iшегiң үзiлiп кетер, — дедi әукесiн көкке созып шоңқайып отырған Қасқырға.
Сонда Қасқыр:
— Бәке-ау, құрыдық қой. Құрыдық, — дедi де, әрi қарай ұли бердi.
— Қалай құрисың? Сартылдап тұрған тiсiң, шоқтай жанып тұрған көздерiң, бiлемдей-бiлемдей аяқтарың анау. Күнi-түнi аңдығанын қойшы. Соншама не күн туды басыңа? Сондай-ақ немене, қойшының қойы таусылып қалып па?
— Ойбай, көкетай! Онан да өткен сұмдық. Сiздiң жатысыңыз болса мынау. Асаталасат деген аждаһа келiп, су атаулының бәрiн түп-түгел сiмiрiп кеттi ғой. Шөлден өлетiн болдық. Бетпақдаланың
о шетi мен бұ шетiн аяқтарым талғанша кездiм, алайда бiр тамшы да су таба алғаным жоқ. Таңдайым мiнекей мынау, кеуiп қалды.
Қасқыр аузын арандай ашып жiберiп, таңдайын көрсеттi. Шынында да, аппақ болып кеуiп қалған екен.
— Маған не дейсiң ендi?
— Анау ынсапсыз пәлемен жекпе-жекке шығып, бiздiң сыбағалы суымызды алып берсейшi. Асаталасатқа сенен басқа адамның әлi келмейдi. Амалын өзiң таппасаң, бiттiк. Құрыдық түгелдей! Құрыдық! — дедi де ұли жөнелдi. — У... у... у! У... у... у!
— Сен құрымайсың! Құрымайтын себебiң, зорлықшылсың. Бiреудiң малын тартып жейсiң. Бар! Жөнiңдi тап! Зорлықшыл озбырларға болыса алмаймын! — дедi Бидас.
Қасқыр шыр ете қалды:
— Ойбай-ау, батырекесi, менде, әйтеуiр, азу десең азу, көз десең көз, аяқ десең аяқ бар. Ит пен тазының суын тартып iшсем де, бiр амалын табармын. Шеттерiнен қаталап жатқан момын қойларды айтсайшы, қошақандарды айтсайшы... Обалдағы-ай. У... у... у! Ойласам болды, iшiм удай ашиды.
— Сенiң жаның неге осы қошақандарға аши қалды?
— Ауыл аралас, қой қоралас ағайын болған соң, бүйрегiмiз бұрады да ендi, Бәке-ау. Оның үстiне қошақандар деген кiшкентай ғой.
— Апам ешкiммен төбелеспе деген. Саған бола құлағымнан айырылатын жайым жоқ, — деп дәу оң жамбасына аунап түстi.
Қасқыр екi күн, екi түн жортып отырып айналып дәудiң тұмсығының алдына қайта келдi.
Шоңқиып отырып алды да, былай дедi:
— Бәке-ау, жер жаһанның барлығы қараң болып жатқанда, тағатыңыз шыдап, қалайша жайбарақат жатасыз? Қалайша жұлдыз санайсыз? Жұлдыз дегендi алатын жау жоқ, оны жайшылық кезде де санауға болады. Халқың шөлден қырылатын болды. Бiр қарекет жасасаңызшы. Бiреу суыңды тартып алса да, мыңқ етпей жата бересiз бе?
— Әй, Қасқыр! — дедi Бидас басын қайта көтерiп. — Сен ғой ешкiмге жазығы жоқ момын шопанның ешкiмге жазығы жоқ момын қойын тартып жейсiң. Рас па?
Рас болған соң қайтсiн, Қасқырдың аузына су кетiп, үндей алмай қалды.
— Туғалы өзiңнен кiшiге көрсеткенiң ылғи зорлық-зомбылық пен озбырлық. Киiктi де, қоянды да, ешкi-лақ болсын, қой-қозы болсын, жалпы әлiң жететiн аң атаулының бәрiне тарпа бас саласың. Сенiң ойлап тұрғаның олардың қамы емес, қара басыңның қамы. Кеудеңде жаның барында жоғал! — деп маңдайынан шертiп кеп қалғанда, Қасқыр көздi ашып-жұмғанша қаңбақ болып домалады да кеттi.
Бидас Қасқырға ашуланып, ендi сол жамбасына аунап жатты да: «Адамға тыныштық бермейдi ғой, мүлде. Нешеу болып едi өзi?» — деп бұрқылдап, жұлдызын әрi қарай санай бердi. Жұлдызды әрi санады — жетеуi жоқ. Берi санады — жетеуi жоқ. Ақыр соңында миы айналып кеттi де: «Осының бәрi Қасқырдың кесiрi-ау. Ертең қайта бастап санармын», — деп қоя салды.
Тiсiн бөренемен шұқып жатса, алдына Түлкi келiп тұр. Түкең құйрығын бұлғап майысып, көздерiн төңкерiп тастап тiлге келдi.
— Батыр Бәкесi-ау, — дедi ол. — Сiз мұнда жұлдыз санап жатқаныңызда, халқыңыздың басына күн туды. Жұлдыз санағаныңыз, әрине, дұрыс. Жұлдыздарға сiз ие болмағанда, кiм ие болушы едi. Алайда айналадағы жұрттан хабар алдыңыз ба? Тышқандар iндерiнiң iшiнде, тауықтар тауық қораларында қаталап өлгелi жатыр. Мен сорлыда тыным бар ма. Солардың есен-саулығын тiлеп, күнi-түнi жортып табаным тозды. Тажалдың туған баласы, Күлдiкөмеш Күлегештiң жиенi Асаталасат деген пәле келiп, жарық күнiмiздi қараңғы етiп кеттi, Бәкесi. Нанбасаң өзiңiз басыңызды көтерiп, жан-жағыңызға назар салыңызшы. Бетпақдалада бiр тамшы су қалмады. Менiң де таңдайым кеуiп, тiлiм аузыма сыймай тұр. Мiне. Мiнекей.
— Сен қанша тауық пен қанша балапанның ажалына жеттiң?— дедi Бидас Түлкi зарлап болмаған соң басын көтерiп.
Түлкi шоршып түстi.
— Ойбай, Бәкесi, ол не дегенiңiз. Мiне — иман, мiне — жан. Нәр сызбағаныма бiр күн болды. Тiсiме бiр шүрегей тисе, арам қатайын. Тамшы су таба алмай қаталап жүрген Түлкiнiң тамағынан көк сiңiр шүрегей өтушi ме едi? — дедi ол құйрығын бұлғап тастап.
Бидас:
— Басқаға сенсем де, саған сенбеймiн! Бар! Жөнiңдi тап! Апам маған ешкiммен төбелеспе деген! Саған бола жұрттың жағасын жыртатын жайым жоқ. «Фу!» деп үрлеп жiбергенде, Түлкi: «Ойбай! Мына жатыпiшер қайтедi», — деп, шыр көбелек домаланып аспанға ұшты да кеттi.
Ендi Бидас оң жамбасына қайта аунап түстi де, ұйқыға кiрiстi. Екi күн, үш күн... бес күн ұйықтады. Ендi бiр күн ұйқысы қалғанда, мұрны жыбырлаған соң түшкiрiп келiп жiбердi. Екi түшкiрдi, үш түшкiрдi... бесiншi түшкiргенде барып көзiн ашты. Ашты да, мұрнының үстiнде тұрған тышқанды алып тастайын деп қолын созғанда, бойжеткен сұлу Суыр артқы екi аяғына тiк шаншылып тұрып, сөйлей жөнелдi. Сөйлегенде бүй дедi:
— Дат, батыр!
— Датың болса, айт! — деп, Бидас бiр көзiн сығырайтып қана ашты.
— Ата-бабамыз жер астынан мекен тепкен Суыр деген халық едiк, тақсыр! Тiрi жанға пәлендей залалымыз жоқ. Жаттың өрiсi мен мекен-жайына сұғанақ та, көршi-қолаңмен алакөз де емеспiз. Барды қанағат тұтқан бауырласыңыз боламыз...
— Қысқартып айтқаның дұрыс болар. Мен әлi бiр күн ұйықтауым керек...
— Қысқартып айтсам, не пәле бола қалғанын бiлмеймiн. Алдымен алапат дауыл соқты. Жер қаңсыған есiк тәрiздi сақыр-сұқыр еттi. Дәу ағаш бөшкенiң iшiнде құтырған бұқа жүргендей күн күркiредi. Жүз, жүз елу жыл жасаған сексеуiл мен дүзгендер пәтперек болып аспанға ұшып кеттi. Су атам заманғы бағытынан жаңылып, езуi көпiрiп құтырынып өрге қарай тасыды. Сонан кейiн әп-сәтте бүкiл Бетпақдала қаңсыды да қалды. Таңдайға тамызарлық тамшы су қалмады. Жердiң үстi де сүрен аттағандай, асты да сүрен аттағандай. Таңдайға басып, талғажау етер ештеңе қалмады. Өсiмдiктiң тамырын кемiрiп, жүрек жалғайтын едiк. Одан да нәр кеттi, қаңсып қурай бастады. Сан мыңдаған суыр iнiнен шыға алмай жатқан жерлерiнде әл-дәрмендерi құрып қалды. Мен солардың атынан сiзге жiберiлген елшi боламын. Жазықсыз жандарға жақсылық етiңiз! Iнiмiзге ылғал, өсiмдiк тамырына нәр жүгiртiңiз.
— Сендердiң кәкiр-шүкiрлерiңе бола бiр күнгi ұйқымды тастап жүремiн бе сол? Жер астының жай-жапсарын бес саусағындай түгел бiлетiн өздерiңнiң көртышқан деген туысқандарың бар. Соған жүгiнiңдер, — деп дәу ендi сол жамбасына аунап түстi де, қалған ұйқысын бiтiрiп тастауға кiрiстi.
Сұлу Суыр:
— Көртышқан өз қара басынан өзге ештеңе де ойламайды. Одан бiзге инедей де қайыр жоқ, — деп шырылдап едi, оны есiткен дәу болмады, танауы желпiлдеп бiрден ұйқыға кеттi. Алайда ұзамай дәудiң қайта оянуына тура келдi. Оянатын себебi, тап құлағының үстiнде қанаттарын дiр-дiр қағып Бозторғай шырылдап тұр едi. Бидас: «Тағы да бiр таңның атқаны-ау», — деп ойлап ұйқысын бiрден аша алмай, бозторғайдың даусына елiтiп әрi жатты, берi жатты. Бозторғай болса сол көкке қадалып iлiнiп қалған жерiнде қалт етпей тұрып алып, шырылдай бердi, шырылдай бердi.
— Әй, саған не болды соншама? Ояндым ғой, төмен түс! Қанатың талады, — дедi Бидас жайменен бiр көзiн ашып Бозторғайға қарап.
— Апат болды! Сұмдық! — дедi Бозторғай көзiнен жасы сорғалап. — Бетпақдалада бұрын болып көрмеген ғаламат болды. Алдымен дауыл соқты, сонан кейiн найзағай ойнады, найзағай ойнағаннан кейiн, найзағайдан кейiн... — дедi түкiрiгiне шашалып, — қайтадан дауыл соқты. Аспан айналып жерге түстi, жер шыр көбелек айналып аспанға ұшып кеттi. Бiр тажал келдi де, Бетпақдаланың бүкiл суын ұрттап, өзен, бұлақ, бұлттарымызға дейiн жұтып алып, қарнын сүйретiп кетiп қалды.
— Мен оны қалай бiлмегенмiн? — дедi Бидас.
Дәудiң танауының үстiнен әлi кете алмай жүрген сұлу Суыр шыр ете қалды:
— Ол кезде сiз ұйықтап жатырсыз, батыр-екесi. Бiзде сiздi оятарлық ахуал болмады.
— Иә, солай екен ғой. Әйтеуiр-ау, неге бiлмей қалдым деймiн. Әлгi Қасқыр мен Түлкiнiң айтқандары шын болды-ау өзi... Иә. Содан кейiн?!
— Адам естiп, көз көрмеген алапат болды. Биыл алты жұмыртқа тауып, бауырыма басып жатып ем... — Бұдан былай Бозторғайдың иегi кемсеңдеп кеттi. — Сол алты жұмыртқадан... Сол алты жұмыртқаның iшiндегi балапандарымның даусын естiп... ертең таң сыз бере жарып шығады ғой деп жүрегiм лүпiлдеп қуанып отыр едiм... Әлгi тажал келiп... Не болғанымды бiлмеймiн. Ештеңеге түсiнбей қалғаным. Мүлде ес жоқ. Қайда барып, қайда түстiм. Қанша жаттым. Бiлмеймiн... Жарық түскен соң қарасам, уысымда бiр жұмыртқа қалыпты, әйтеуiр. Сол жалғыз жұмыртқамнан балапан шығып едi... Соған бiр тамшы су таба алмай, Бетпақдалада бармаған жерiм, баспаған тауым қалмады. Ендi сол жалғыз балапанымнан да айырылатын болдым... Шөлдеп өлетiн түрi бар...
— Әйтеуiр-ау, қырық құлаш құдық қаздым — су жоқ, алпыс құлаш құдық қаздым — су жоқ, тоқсан құлаш құдық қаздым — су жоқ, тағы он құлаш қазғанымда әрең жетiп едiм-ау. Су неге құрып кеттi десем, аждаһа тартып кеткен екен ғой. Немене өзi? Соның жекеменшiгiндегi су ма екен? Содан басқа су iшетiн жан баласы құрып қалып па? Залымның iстеп жүргенiн қарашы, а? Апама айтайын ба осы? — деп Бидас ашуланып, екiншi көзiн де ашып, орнынан тұрып отырып, тiсiн қайрады. Тiсiн қайраған кезде бiр таудың тасын екiншi таудың тасына соққандай айнала сатыр да сұтыр, қашыр да құшыр болып кеттi. — Өзiнiң залымын қарай көр. Ең болмаса балапанның аузына тамызатын бiр тамшы да су қалдырмағаны ма?
— Сөйттi ғой. Сөйттi, — деп Бозторғай онан бетер шыр ете түстi.
— Ол рас. Рас деп тұрмын ғой. Рас, — деп сұлу Суыр жыламсырады.
Бидас орнынан тұрып, құдығына барды. «У... у... уф!» деп жiберiп, құдығынан су тартып алды. Алған суын алақанына толтырып, бозторғайға ұсынды. Бозторғай ол суды өзi де iшпей, «Алақайлап!» жападан-жалғыз қалған балапанына тездетiп жеткiзуге ұша жөнелдi.
— Бозторғайдың айтқанында титiмдей де жалғандық жоқ, — дедi бiреу. Қараса, Бидастың алдында көзi мөлдiреп Жезкиiк тұр.
— Сен неғып жүрсiң? — дедi оған дәу.
— Босқыншылыққа ұшыраған жай бар, — дедi Жезкиiк. — Ел шетiне жау тигенде, қалайша тыныш жата аламыз? Бәрiмiз де саған мұңымызды шағуға келгенбiз. Егер ел қамын ойлайтын ұл екенiң рас болса, бүгiннен бастап ұйқың қашады, батырым. Ел басына күн туған шақта ер қара бастың қамын жасап, өз жанының ғана тыныштығын бағып бейғам жатпас болар. Мен — анамын! Менiң зарым да бiр, бозторғайдың зары да бiр. Жүрген жерлерi сықыр-сықыр, жөтелсе ауыздарынан қорғасын бүрiккен, түшкiрсе темiр түскен темiр адамдардан теперiш көрiп, Бетпақдаланы кезiп азып-тозып бошалап жүргенiмде, бiр перзенттi болып едiм. Сол Құралайым — алтынның үзiгi, гауһардың сынығы, мыңғырған мыңдардан қалған жалғыз тұяқ едi. Егер осы бағытымызбен құрып кетер болсақ, сардаланың киiксiз сәнi бола ма? Ол да бiр өлiкке айналмас па? Маған — перзент, далаға киiк керек. Сол перзентiм дүниеге келгелi әлi жуусыз. Бiздiң балаларымыз шомылсын деп, тәңiрiнiң көктен арнайы төгетiн нұры бар едi. Ашқарақ тажал сол нұрды да тамтығын қалдырмай сiмiрiп кеттi. Талай-талай тiршiлiк өрген мынау Бетпақдалаға аяқ бастырайын десем, перзентiм жуусыз. Жуынатын су жоқ. Адал далаға лас перзенттiң аяғын қалай тигiземiн? Маған су тауып бер, батыр. Құралайымды адалдайын. Бөпем дүниенi харамдамасын, пәк сәби ең алғашқы адымын адал аттасын.
— Ойбай, олай болса, құдығымнан су алып берейiн. Шомылмаған перзенттi далаға қалай жiбересiң. Оның дұрыс. Шомылдыр. Бөпе шомылдыратын суды қалай да табам? — деп, Бидас жалма-жан солай қарай жүре берiп едi, Жезкиiк оның жолын бөгеп, басын шайқады.
— Менiң перзентiм тұңғыш рет тек нұрдың суымен ғана шомылуы керек. Әйтпесе, адалданбайды. Құралайым адалдансын десең, нұрдың суын тауып бер! Ол нәр жалғыз қалған менiң тұяғыма ғана емес, тiршiлiк атаулының бәрiне керек. Бәрi де зәру. Жан-жағыңа қара, айналаңа көзiңдi дұрыстап сал. Сонда сен өсiмдiк атаулының шөлден қаталап, бастарын көтере алмай шеттерiнен сұлап жатқанын көресiң. Ол ол ма. Жас ұрпақтың өркен жаймай, бұл Бетпақтың ертең-ақ қу медиен, қу далаға айналатынына көзiң жететiн болады. Бейкүнә балапандар қыршынынан қиылғалы тұр, батырым. Қол ұшын бер.
— Балақандар мен балапандарды ешқашан ренжiтуге болмайды, — дедi Бидас. — Балақанға керегi нұрдың суы болса, мен қазiр бұлт ұстап, сенiң Құралайыңды шомылдыратын су сығып берейiн.
Аспанға әрi қарады, берi қарады. Бiр шөкiм бұлт жоқ.
— Әуре болма. Бұлт атаулыны да түгелдей аждаһа жұтып кеттi, —
дедi Жезкиiк.
— Солай ма? Бұлтты да жұтқаны ма? Өй, залымын-ай өзiнiң. Балақандар шөлдеп қалар, оларды шомылдыру керек-ау деп ойламағаны ма сонда? Ендi қайттiк? Әй, мыналарың шынымен-ақ жалмауыз екен ғой.
— Аждаһаны тауып аласың да, өзiмiздiң суымызды қайтарасың, — дедi Жезкиiк.
— Апам ешкiммен төбелеспе деген. Төбелескенiмдi көрсе, құлағымды бұрап-бұрап жұлып алады, — дедi Бидас.
— Бәлкiм, суымызды ұрыс-төбелессiз-ақ қайтарар. Балапандар шөлдеп қалды десе, түсiнбей ме екен? — дедi сұлу Суыр.
— Әй, бiлмеймiн-ау, — деп басын шайқады Жезкиiк. — Мына iсi түсiнетiн аждаһаның iсiне ұқсамайды.
Сонан Жезкиiк пен Суыр екеуi әрi ойланып, берi ойланып, Әлимаға барып мұңдарын шақты. Апасы бұларды аяп кеттi де, баласын шақырып алып, былай дедi:
— Шырағым, елдiң елдiгi қашанда азаматтың мойнында. Жұрт саған ат басын тiреп келiп отырса, сенi азамат деп танығаны. Ендi сен бала емессiң, азаматсың. Халық сенген соң, бұдан былайғы жерде балалық қалды. Зәбiр көрген жазықсыздарға араша түсу —
азаматтық парыз. Сыналатын кезiң туды. Бұрын «тиме» десем, жазықсыздарға «тиме» дедiм, балалықпен шалдуарлық жасап, кiшкентайларды зәбiрлеме дедiм. Ал мына ашкөз сұмырайдың жазығында шек жоқ. Ол мешкей бүкiл тiршiлiктi қараң қылып кеттi. Қаншама тiршiлiк қурап, дала қаңырап қалды, жан-жануар қаталады. Осы жолы әрекет етпей қалдың екен, бүкiл үрiм-бұтағымызға қауiп, бұдан әрi тiршiлiктiң жалғасуы екiталай. Тiршiлiкке қиянаттан өткен жауыздық жоқ. Мына жазық-жапасыз бейкүнә жандардың сөздерiн жерге тастама. Осыларды бастап жолға шық! Аждаһа дегенмен, ол да анадан туған болар. Жай-күйiмiздi түсiндiрiп, сұраңдар. Бәлкiм, суымызды ұрыс-керiссiз қайтарар. Сен жазықсыздардың жоғын жоқтайсың, тiршiлiк үшiн күресесiң. Сондықтан да сенiң сапарың — ақ сапар! Бар, балам! — дедi. — Тартынсаң, елiңе қарабет боласың. Шегiнетiн жер жоқ. Осылармен бiрге бол. «Жалғыз жүрiп жол тапқанша, көппен жүрiп адас».
«Көп тiлегi — көл» деген. Бәлкiм, көпшiлiктiң тiлегi қабыл алынып, жолдарың болар. Олжалы ораларсыңдар.
«Жүк ауырын нар көтередi, ел ауырын ер көтередi», шырағым.
Ел салмағын көтерсең, арманың жоқ. Жатпа. Орныңнан тұр. «Жатқанға жан жуымас».
Жезкиiк пен бойжеткен сұлу Суыр «Алақайлап!» қуанып кеттi. Бұлардың жүрекжарды дауыстарын естiген Бозторғай да ұшып келiп, әуелеп «Бозторғай» әнiн шырқай бастады.
— Жол алыс әрi қауiптi. Бидастың жалғыз өзiн жiберуге болмайды, — деп, Жезкиiк алдыңғы аяғымен жер тарпыды.
— Болсын, болмасын мен қалмаймын. Тiрi жанмын. Әйтеуiр, бiр пайдам тиер, — дедi сұлу Суыр тiп-тiк шаншылып тұрып. — Сендер жер астын бiлмейсiңдер. Бәлкiм, сондай кiлтипанға мен керек болармын.
Бозторғай батыр баланың иығына келiп қонды.
— Әрине, қалмаймыз. Бәрiмiз де барамыз. «Жалғыз жүрiп жол тапқанша, көппен жүрiп адас» деген. Көпшiлiк жұмылып жатқанда жалғыз өзiм қалып мен не бiтiремiн, — дедi ол шырылдап. Әдетте Бозторғай көп мақалдап сөйлей бермейтiн. Әжесi бiр айтқаннан қағып алғанын көрдiң бе?
Сонда Әлима апа ойланып тұрып былай дедi:
— Жезкиiк шырағым, сен кiшкентай бөпеңдi әлi шомылдырған жоқсың, оның үстiне аяқтанбаған, отыққан да жоқ. Бөпеңнiң жалғыз өзiн айдалаға тастап қайда барасың? Анасыз жалғыз қалған перзенттiң күнi не болады! Сен бөпеңнiң қасында бол. — Сонан кейiн Бозторғайға қарады. — Ал, Бозторғай, саған да айтарым сол! Сен де сөйт! Жол аса қауiптi. Әлдеқандай қателiк болып, ең ақырғы Бозторғайдан айырылып қалсақ, далада қандай сән қалушы едi? Жұртты жұмыстарына кiм оятады? Халайыққа таңның атып келе жатқанын кiм хабарлайды? Асығыстық жасама, балапаныңа ие бол. Сенi iздеп шырылдап жатқан шығар. Ұяңа бар.
Бозторғайдың ұрты бұлтиып, еңсесi түсiп кеттi.
— Менiң Сұңқар деген көршiм бар, соған жағдайды түсiндiрiп айтып көрейiн. Бәлкiм, сiздермен бiрге жүрер, — дедi ол.
— Сұңқар еретiн болса, кәнекей. Бiраз шаруа тындырар едi-ау, —
деп ойланып қалды Әлима апа. — Хабар берсең, бершi. Ержүрек құс едi, жағдайды түсiнер. Бәлкiм, қол ұшын берiп те қалар.
Бозторғай болып жатқан мына жайды тездетiп Сұңқарға жеткiзбекке ұша жөнелдi.
— Маған да мынадай бiр ой келiп тұр, — дедi сұлу Суыр. Бiздiң күнбатысымызда, сары төбенiң арқа жақ етегiнде үш жүз он жетiге келген Майтабан Жайбасар деген қария бар едi. Қанша дегенмен, көптi көрген кiсi, соны хабардар еткенiмiз жөн болар. Жолға шыға алмас, бiрақ бiзден ақыл-кеңесiн аямас.
Өмiр бақи асықпай да үсiкпей жайменен жүретiн болғандықтан, кәрi тасбақаны жұрт «Жайбасар» дейтiн. Жүрген дыбысы ешқашан бiлiнбейтiндiктен, оны жұрт «Майтабан» дейтiн.
— Бұларың табылған ақыл. Үлкен кiсiнiң алдынан өтiңдер, — дедi Әлима апа. — Оған дейiн мен баланың киiм-кешегi мен жол азығын дайындай берейiн. Сөйтiп, достар жол қамына кiрiсiп кеттi.
Суларын қайтарып алуға аттанғалы жатқан мына хабарды Бозторғайдан естiген Сұңқар, суылдап лезде ұшып келдi. Келдi де, екi иығынан дем алып, аждаһаның Бетпақдаладағы Көкшулан теңiздi, Көкшулан теңiзден кейiн Қоғалы өзендi, онан кейiн Дарқан дарияны, Дарқан дариядан соң Мыңбұлақты, Мыңбұлақтан соң жетi бiрдей бұлтты қалай сiмiрiп салып, даланы қаңсытып кеткенiн көзiн жұмып, жағасын ұстап тұрып айтып бердi.
— Адам басына салмасын. Бұл жалғанда тап осындай мешкейдi көрсем көзiм шықсын. Әлi күнге дейiн жүрегiмнiң айнып тұрғанын қарашы. Бәтшағар-ой! — деп таңдайын қағып, басын шайқады. — Қалайда барамын. Қалмаймын сендерден.
Майтабан Жайбасар әже науқастығына қарамастан, жол бастайды
Бидас, Сұңқар, сұлу Суыр сары төбенiң арғы баурайында күнге қыздырынып жатқан тасбақа қарияға барды. Үшеуi жамырап сәлем бердi. Қарияның көңiл-күйi болмай, көзi кiртиiп отыр екен, басын шайқап, қабағын түйiп отырып, бұлардың әңгiмелерiн әбден қанығып тыңдап алды.
— ...Сол аждаһаға барып, суымызды қайтарып алуға аттанып барамыз. Сiз не дейсiз, қария? — дедi сөздiң түйiнiнде Бидас шамырқанып. Тiсiн қайрап-қайрап жiберiп едi, ана таудың тасы келiп, мына тауға соқтыққандай шақыр-шұқыр еттi. — Асаталасаттың азары өтiп тұр бiзге. Жезкиiктiң құралайы әлi шомылған жоқ. Бозторғайдың балапанының таңдайы кеуiп жатыр. Өсiмдiк атаулы түгел сарғайып қурап бiтуге келдi. Бетпақдаламыз өлiм алдындағы халде, қурап тұр.
— Бiлемiн. Тiрi болған соң, көре бередi екенсiң. Бәрiн де бiлiп жатырмын, қарақтарым. «Майталқан деген асым ба едi? Үш жүз он жетi келем деген жасым ба едi?» дегендей, кәрiлiк қиын-ақ екен. Отыз екi тiстен қалғаны мынау жалғыз азу. Көзi құрымағыр да
нашарлап... Осы сендер де бұлдырап әрең көрiнiп отырсыңдар. Дауыстарыңнан шырамытамын... Бұдан жетпiс екi жыл бұрын алған көзәйнегiмдi балалар ойнап жүрiп сындырып тастап... Зауыт осы бiзге арнап көзәйнек шығармай тастаған ба немене. Дефицит болды ғой, түге. Таптырмай жүргенi. Үлкейген кiсiден не сұрайсыңдар. «Iш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» дегендей, iш шiркiн Күлдiкөмеш Күлегештiң жиенi келiп-кеткелi берi бұрқан-тарқан қайнауын қайнап жатыр. Жай жатыс емес, бiлiп жатырмын. «Бiрлiк бар жерде — тiрлiк бар» деген.
Бiрлескендерiң жақсы болған. Қабағы қатыңқы екен деп маған ренжімеңдер. Кәрiлiк иектеп, оның бергi жағында мынау аждаһаның азары шымбайға тағы батып... Ойбай, белiм-ай. Кеше бiр сыздау жерде шуақтап қалып... сонан көзiм iлiнiп кетiп... суық алдырып алдым ба қайдам, белiмнiң көне құяңының қайта шыға келгенi. Алдырмай отырғанын көрмейсiң бе? Жұмылғандарың жақсы болған. «Жұмыла көтерген жүк жеңiл», әрине.
«Көппен көрген ұлы той» деген, сендерден қалмаймын. Барамын сол аждаһаға.
— Балапандардың аузына тамызатын су таптырмай жатқанда, жайбарақат жата аламын ба. Балапандарымыз қаталап өлетiн болса, келешегiмiздiң де су қараңғы болғаны да. Пайдам тиер, тимесе далаға тастап кетпессiңдер. Әлгi киiмдерiм қайда? — деп қаймалап жанында жатқан тостаған сауытын үстiне жауып алды.
— Шамасы, жол ұзақ. Үлкейген кiсiге ауыр болар, әже. Бiзбен бiрге барамын деп әуре болмаңыз. Ақыл қоссаңыз, мына пәледен қалай құтылудың амалын айтсаңыз, бiзге сол да жетедi. Қалған жағын өзiмiз көрермiз. Әуре болмаңыз, — деп өтiндi Бидас.
— Ойбуй, шырағым-ай. Ел басына күн туғанда, ауруымды сылтауратып қалай жата алушы едiм. Қаусап тұрған кәрi жанды ендi қай кәдеме жаратады дейсiң. «Жаным — арымның садағасы, арым — елiмнiң садағасы».
Кәрi жаным кәделерiңе жараса мен разы. Бiлген ақылым болса, басына барып айтамын. «Қал» дегендi айтпаңдар, маған. Қолтығымнан демеп тұрғызып жiбершi.
Бидас жалма-жан демеп жiбердi.
Әже жайменен жылыстап жүрiп, өзi ғана бiлетiн әлдеқандай бiр шөп-шаламдарын қалтаға салып, аузын буып, қойнына тықты. «Қартайған соң оңсын ба, осы құрымағыр сыпырылып қалатынды шығарып жүр» деп белiн тостағанының сыртынан орамалмен буып алды.
Бұлар үйге келсе апасы жол азығын, Бидастың табаны қырық құлаш, биiктiгi жүз құлаш темiр етiгi мен сауытын, сексен құлаш алмас семсерiн дайындап қойған екен. Баласының қойнынан басын шығарып тұрған Майтабан Жайбасарды көрiп, көзi жайнап қуанып кеттi.
— Осылардың бiр кәдесiне жарармын деп жата алмадым, қарағым, — дедi тасбақа әже.
— Талаптарың оң болсын, әже. Бұрын бұл сапарға шығып көрмеген бала едi. Ақыл-кеңес берiп, жөн сiлтеп отыратын жанында өзiңiздiң болатыныңыз қандай жақсы. Жолдарың оңғарылсын, лайым зәбiр көрген жұрттың тiлектерi қабыл болғай. Абыроймен аман оралғайсыздар, — деп Әлиманың көңiлi босап, терiс қарап көзiн сығып алды.
Ауыр жол. Сары далада жалғыз сабылып жүрген Сабалақ Сарбас
Ертеңiне бозала таңнан Бозторғай шырылдады. Түнде сақадай сай дайындалып жатқан қуғыншылар лезде аттанып кеттi.
Сұңқар батыр баланың иығына мiнiп отыруды өзiне ар санады. Оның үстiне көзi қиядағыны шалатын ол: «Жол барлаймын, қауiп-қатер болса алыстан аңдайын», — деп әуелеп ұшып кеттi. Достар Сұңқардың онысына бiрауыздан келiстi. Басқалары жаяу.
Бетпақдаланың бүкiл суын бiр тамшы да қалдырмай сiмiрiп салған қомағай Асаталасаттың iшi ғаламат үлкейiп, жер дүниеге сыймай кеткен. Денесiн көтере алмай ыңқылдап сүйретiлiп кетiп бара жатқан аждаһаның iшi жер сызған. Асаталасаттың iшi сызған жер бульдозердiң бесеуi, жүк машинасының сегiзi, балаларды экскурсияға алып баратын автобустың жетеуi, алты ересектер, бес балалар велосипедi емiн-еркiн қатар жүрерлiктей кең арна болып қалған. Сол арнадан қия аттап шықпасаң болды, аждаһаның өзiне тұп-тура алып барады.
Әне-мiне қурап өлгелi жатқан шөптер бұлардың «аяқтарына iлiнбейiк» деп, жапырылып жамырай шуласады. Ағаштар болса «Жолдарың болсын!» деп, көлеңкелерiн ұзақтау түсiруге тырысады. Тастар: «Аяқтарына тиiп кедергi болмайық», — деп шетке қарай домалап түседi. Сонда Майтабан Жайбасар: «Көп тiлегi — көл» деген, тәубе, жолымыз болар», — деп күбiрлеп қояды.
Суыр бұлталақтап озыңқырап кетiп, соңына жалтақ-жалтақ қарап Майтабан Жайбасарды асықтырады.
— Әже, қаттырақ жүрсеңiзшi. Мына митыңмен биыл жете алмаймыз ғой мүлде.
— Әй, шырағым-ай. «Асықпаған арбамен қоянға жетедi» деген. Кеудемде жаным тұрса, осы аяңыммен-ақ Асаталасатыңа жетем әлi. Асықпа, «Бұрын барған ала ма, бұйырған ала ма?». Кiм бiлiптi...
Жүрiстерi өнбейтiнiне көзi жеткен соң Бидас Майтабан Жайбасарды оң қалтасына, Суырды сол қалтасына салып алды.
Жол алыс. Сұңқар сусылдап төбелерiнде ұшып келедi, өткiр жанары жарқылдап, алдарын барлап келедi. Бидас бала асығыс, апталық жердi бiр аттайды. Көк өзеннен аттап, Көгiлдiр таудан секiрiп келедi. Төбесiн күн жейдi, табанын тас қажайды. Қарсы алдынан ұйтқыған жел еседi.
Сөйтiп келе жатқандарында бiр шырылдаған дауыс естiлдi. Сол шырылдаған дауысты алдымен құлағы шалған — Суыр. Өйткенi ол Бидастың қалтасынан басын шығарып, жан-жаққа қарап келе жатқан. Болса да Жайбасар әженiң құлағы ауыр. Ал Бидастың оттай жанған екi көзi алда, екi жұдырығы түюлi, екi құлағының астынан жел шулайды.
— Жiгiттер! Жiгiттер!
Сұлу Суыр басын төмен салып жiберiп, тастың үстiнде шаншылып шырылдап қол бұлғап тұрған құртақандай сары құмырсқаны көрдi. Көрдi де, оны Бидасқа айтты. Бидас қара төбенiң арғы жағына салған аяғын керi тартып алды да, әлгi жәндікке қарады.
— Жiгiттер! Жiгiттер! Сәл сабыр етiңiздер!
— Уа, не болды? — дедi Бидас. — Кiмсiң өзiң? Алдымен жөнiңдi айт.
Сонда әлгi құйтақандай құмырсқа былай дедi:
— Бiз Бетпақдаланы ен жайлап, еркiн өскен құмырсқа деген халық боламыз. Әу бастан жан баласына жазығымыз жоқ, маңдай терiмiзбен жыбырлап күн көрiп жүрген жұрт едiк. Ата-бабамыздан түйiр дәндi жабыла сүйреп, жарты дәндi жара жеген шаруаның үрiм-бұтағынан саналамыз. Ұранымыз — бiрлiк, құранымыз —
тiрлiк. Аламанның ала жiбiн аттаған жерiмiз жоқ. Тiсiмiзге не тисе де — маңдай терiмiз. Жүрген сорабымыз бен жөнiмiздi бiлушi едiк. Құмырсқа атаулы халқымызды бауырына басып, өсiп-өндiрген қарт анамыз болатын. Тентектi тезге салып, сотқарды сабаға түсiрiп, аузымызды бiрлiкке, өзiмiздi тiрлiкке баулыған әрi ардақты, әрi аяулы ақылшымыз едi. Үлкен-кiшiмiз қалмай сол кiсiге қарыздар болатынбыз. Бiрiмiз қалмай қоғадай жапырылып қызмет iстедiк, бiрiмiз қалмай жатып — жастық, тұрып төсек болып едiк. Сол анамыздың туған күнiн тойлағалы дастарқан басына жиналған сәтiмiзде басымызға қара түнек орнады. Жер дүниенi солқылдатып трактор деген темiр келдi де, бүкiл отанымыздың астаң-кестеңiн шығарды. Илеу-пилеуiмiзбен ойран ботқа етiп араластырып жiбердi. Өрiп жүрген құмырсқа атаулыдан тiрi жан қалмады. Анамның қалай ғайып болғанын, ағаларым мен апа-қарындастарым, бауырларым мен туыс-жекжаттарымның қайда қалғанын бiлмеймiн. Аяқ астынан басымыз — бапан, аяғымыз — сапан болдық. Бәрiнен де ақ өлiм бұйырмаған анамды жоғалтқаным қабырғама қатты батады. Илеудегi бүкiл әулеттен қалған жалғыз —
мен. Неше күн, неше түн сабылып, бiр илеудегi құжынаған бiр мың екi жүз он жетi құмырсқадан бiрде-бiреуiнiң сүйегiн таба алмай қорлық көрдiм. Темiр таяғым тебендей, темiр телпегiм теңгедей болды. Табаным тозды, амалым таусылды. Ал трактор деген темiр болса әлi күнге дейiн жердiң астаң-кестеңiн шығарып солқылдатып жүр. Берекемiз кеттi, құтымыз қашты, батыр. Өзiңiзден бiр қауқар болмаса, бiз пақырдың күнiмiз күн болмай қалды. Күнiмiз — түн, түнiмiз болса да түн. Менi жалғыз тастап кетпеңiз, батырекесi. Әлсiзге қамқор, жапа шеккенге жар болыңыз. Қол ұшын берiңiз, бiз сияқты пақырға. Сапарларыңыз сәттi болсын, — деп жауап бердi әлгi құмырсқа. — Байқаймын, үлкен-кiшi жиналып, бiр талапқа мiнген тәрiздiсiздер. Жолдарыңыз болғай.
— Әләй болсын, — дедi Бидас. — Асығыспыз. Жол ұзақ. Тәптiштеп тұруға уақыт жоқ. Асаталасат деген пәле шығып... Бар нәрiмiздi сiмiрiп кетiп, сонан суымызды қайтып алмаққа барамыз.
— Ондай болса, мен де қалмаймын. Тастамаңдар менi де. «Жалғыз жүрiп жол тапқанша, көппен жүрiп адас» деген. Жалғыз қалғанда бiтiретiн дәнемем жоқ, — деп шыр-шыр ете қалды кiшкентай сары құмырсқа.
— Бiздiң сапарымыз қауiптi. Бетпақдаланың тандырын кептiрiп кеткен Асаталасат оңай жау емес. Мерт боларсың, — дедi Бидас.
— Бәрiбiр қалмаймын. «Көппен көрген ұлы той» деген, мен де барамын. «Тәңiрi жаратқан бөрiмiн, маңдайымнан көремiн».
— Ойбай, мына құмырсқаның пысығын-ай, — деп Бидас ойланып қалды. — Әжесi, мына әңгiменi есiтiп жатырсыз ба? Бұған не дейсiз?
— Ал, балам, ал. Құмырсқа жолдастыққа жарайтын жәндiк.
— Жарайды, онда. Мына жерге отыра ғой, — деп бала батыр оны саусағымен iлiп алды да, төбесiне шығарып қоя бердi. Сөйттi де апталық жердi бiр аттап, әрi қарай жүре бердi.
— Ендi қалайша жалғыздан-жалғыз қалып жүргенiңдi айта отыр, — дедi Бидас. — Жол қысқарсын.
Илеудегi туған күн тойы. Жайсаң Жауынқұрт. Темiр трактор
Сонда құмырсқа жыбырлап бала батырдың төбесiнен түсiп, құлағына келiп, болған жайды басынан аяғына дейiн баяндап берген едi. Ал оқиға былай болған.
...Құмырсқаның илеуi қобыр да қобыр, өйткенi илеуде тойға әзiрлiк қызу жүрiп жатқан. Осы қара шаңырақтағы бiр мың екi жүз он жетi құмырсқаның кәрi әжесi болатын. Бүгiн сол әженiң туған күнi.
Әже ең түкпiрдегi төргi тыныш бөлмеде не түрлi дәндердiң қауыздарынан үйiлген жұп-жұмсақ төсектiң үстiнде жатыр едi. Жейтiн тамағы оң жағында, iшетiн суы сол жағында. Ұйқысынан ендi оянып, кебiсiн кигелi еңкейе бергенде илеудiң iшi шу ете түстi.
Әже:
— Ойбай, бұ не, түге? — деп шошып кеттi. Байқаса, бұның оянғанын күтiп отырған балалары, келiндерi, немерелерi, шөберелерi, шөпшектерi мен неменелерi, не керек, өзiнен өрбiген барлық құмырсқа атаулы түгел екен. Олар бүгiн әдейi ерте тұрып алып, әженiң оянуын күтiп отырған болып шықты.
— Әже, туған күнiңiзбен!
— Әже, ұзақ өмiр жасап, бiзге басшы болып отыра берiңiз!
— Сiздiң арқаңызда илеуiмiз тереңдеп, азық-түлiк қоймамыз молая түссiн!
— Бүкiл құмырсқалардың татулығына қылау түсiрмейтiн адал да еңбекқор ұрпақ тәрбиелей берiңiз.
Бiрi етегiне жармасты, ендi бiрi мойнына, бiреуi тұла бойын жыбырлатып қойнына кiрiп кеттi. Бөлменiң шаңы шығып қобыр-қобыр болды. У-шудан әженiң көзi қарауытып, басы айналды.
Әжейдiң қартайғандығы соншалық, өзiнiң туған күнiнiң тап бүгiн екенiн де ұмытып қалған едi. Толқығанынан көзiнен жас шығып кеттi. Көзiн сүртпекке жан-жағын қарманып едi, орамалын таба алмады. Елу бес шөбересi жүгiрiп барып әженiң беторамалын әкелiп бердi. Әже дымқылданған көзiн сүртiп отырып:
— Бақытты болыңдар, қарақтарым. Бақытты болыңдар, — дедi. — Бетi-қолымды шаяйын.
Жиырма төрт немересi жүгiрiп кеттi де, жылы су құйылған құман алып келдi. Он алты немересi әженiң төсегiнiң алдына леген әкелiп қойды. Әже жуынып-шайынып болған соң, қырық келiнi оның бетiн сүртетiн сүлгi жеткiздi.
Сонан кейiн бәрi жабылып әжеге шай бердi. Әже шайға әбден қанып болған соң, тағы да: «Балаларым, бақытты болыңдар», — деп рақметiн айтты да, не түрлi дәндердiң қауыздарынан үйiлген жұп-жұмсақ төсегiнiң үстiне қайта қисайды. Құмырсқа әженiң қартайғандығы соншалық, бұл күндерi аулаға шығып, кiмнiң қалай жұмыс iстеп жатқанын да бақылай алмайтын болған. Күнге шығып шуақтауға да дәрменi жетпейдi, төсегiнде жата бередi. Ұйқысы келсе, ұйықтайды, ұйқысы келмесе, мүлгидi. Жиырма төрт немересi көрпе жапты, он алты немересi жүгiрiп жүрiп әженiң жан-жағын қымтады. Қырық келiнi аяқтарының ұштарымен жылыстап жүрiп ыдыс-аяқты жинастырып, әже жатқан бөлменiң есiгiн жайлап бекiттi.
Сонан кейiн туған күнге дайындық қызу басталды да кеттi. Алты жүз алты баласы отын тасыды, бес жүз он жетi келiнi қазан көтерiп, шай қайнатты, екi жүз алпыс алты шөпшегi шөпшек терiп, есiктiң алдын сыпырды, әлi ауладан шығып үйренбеген бiр жүз жиырма жетi немене қазан-ошақтың айналасында бауырсақ жеп, ойнап жүрдi.
Құмырсқалар әженiң туған күнiне арналған ұлан-асыр тойды түске дайындауға өзара бұрыннан келiсiп қойған. Оны әже бiлмейдi. Шайын iшiп алып, бөлмесiнде қайта ұйықтап жатыр.
Екi жүз қырық жетi шөбере болса илеуден шығып, бөлек жиналды. Жиналды да, оңаша кеңес құрды. Кеңес құру себебi, Сарбас Сабалақ деген шөбере кеше жем iздеп зырқырап жүргенде изеннiң жапырағында өрмелеп жүрген семiз жауын құртын көрiптi. Құрдастарының бұны Сарбас деп атауының себебi оның тұла бойы қара да, басы сары едi, сабалақ деп атауының себебi, балағында үрпиген түктерi болатын. Сонда Сабалақ Сарбас, болмаса Сарбас Сабалақ болып шығады. Бәрiбiр.
— Жiгiттер! — дедi Сабалақ Сарбас. — Жiгiттер! Берi қараңдар! Бiзге жұмыс табылды. Жауынқұртын көрiп келдiм. Құрт болғанда қандай! Түгiн тартсаң бар-ау, майы шығып тұр... — Осы жерге келгенде шұбырып кеткен сiлекейiн «У... у... у... ф!» деп тартып алып, едәуiр кiдiрiп қалды. — Айтары жоқ, тел өсiп жатқан семiз құрт. Қызығып кетiп изенге өрмелеп жетiп-ақ барып едiм, амал не, жалғыз өзiм не бiтiрушi едiм, жерге сүйреп түсiре алмадым. Шыдамай, тiстi осылай, мiнекей, былай, май бөкседен салып келiп жiбергенiм, жауынқұрты жиырылып тұрды да, сiлкiп келiп қалғанда, жерге томп ете түстiм. Миым аузыма түсiп, басым айналып кеттi. Содан басым айналып, қаңғалақтап өзiмiздiң сорапты әрең таптым. Сорапқа түсiп, илеуге әрең жеттiм. Сол құрт бар-ау, па, шiркiн, әжемiздiң туған күнiне нағыз таптырмайтын сыйлық! Әжем деген дән-пән мен шөп-шаламды күнде жеп жүр, айтпады демеңдер, мынау бiр үлкен кiсiнiң тiсiне жұмсақ ас. Жiгiттер, бiр ерлiк жасалық, — деп Сабалақ Сарбас жұтынып, аузын сүртiп қойды. — «Тәуекел де — тас жұт» деген, бұндай сәт туа бермейдi, тәуекелге бел буалық. Баралық сол құртқа!
Жұмыс таба алмай отырған ылғи сен тұр, мен атайын, ығай мен сығай шөберелер қоштай кеттi.
— Тәуекел, барсақ барайық!
— Кеттiк!
— Шынында да, әжемізге дұрыстау сыйлық тауып әкелуiмiз керек қой.
— Ол құрт сол жерде жүр ме екен өзi? — дедi бiреу. — Қанша жерден еңбек етiп сабылып барғанымызда, таба аламыз ба? Жер сипап қалмаймыз ба?
Сабалақ Сарбас өкшесiн көтерiп:
— Ұзамайды! Жауын құрты ерiншек болады. Бауырын ылғалға төсеп, шықты сорып жата бередi. Сол изеннiң ол жақ, бұл жағынан табылып қалар, — дедi.
— Олай болса, кеттiк!
— Кiдiрмелiк, жiгiттер!
— Тәуекел! Ал, баста!
Екi жүз қырық жетi шөбере жеңдерiн сыбанып, балақтарын түрiп алды да, тiстерiн сарт-сұрт еткiзiп, бiрiнiң iзiне бiрi түсiп зырқырай жөнелдi.
Жол бастап келе жатқан Сабалақ Сарбас артына қайырылып:
— «Тәуекел түбi — желқайық, өтесiң де кетесiң», — деп, жұдырығын түйiп, дауыстап жұртты жiгерлендiрiп қойды. Құп-құттай болып алып, өзi пысық, ә?! Оны қайдан үйренген? Сонан кейiн, шынында да, шөберелердiң аяқтары ширап кеттi.
Келсе, сол изен бұрынғы өсiп тұрған жерiнде өсiп тұр екен. Жауынқұрт жоқ. Сонда Сабалақ Сарбас изеннiң басына шығып, олай-бұлай көз салып, қолындағы сағатына қарап тұрып былай дедi:
— Жiгiттер, оның ұзап кетуi мүмкiн емес. Жан-жаққа тараңдар да, осы маңдағы қуыс-қолтықты түгел тiнтiңдер. Әсiресе шөптiң көлеңке бетi көзден таса қалмасын. Дәл бiр жарым сағаттан кейiн тап осы жерде кездеселiк.
Шөберелер тым-тырақай тарап кеттi. Сабалақ Сарбас болса тағатсызданып сол орнынан тапжылмаған күйi сағатына қарап тұр. Бiр сағат жиырма үш минуттан кейiн бiреуiнiң құмыққан даусы шықты:
— Құрдастар, мұнда жатыр! Сабалақ Сарбас, тез жет! Мұнда! Мұнда!
Бәрi дауыс шыққан жерге топырлап келсе, жауынқұрт изеннiң түбiндегi сап-салқын көлеңкеде ширатылып ұйқыны соғып жатыр. Жатар орнын тапқан. Жайлауы келiскен. Сарбас жұрттан озып, ептеп барып құрттың бөксесiнен тiстеп келiп қалды. Шошып кеткен жауынқұрт: «Бұл кiм, әй? Бұл кiм өзi?» — деп тұла бойын жазып, керiлiп-созылды. Сол кезде басқа құмырсқалар iске жабыла кiрiстi де, оны жатқан жерiнен жарыққа әп-сәтте суырып шығарды. Күнге шығып қалған жауын құрты болса олай бiр, бұлай бiр шоршып: «Қойсаңдаршы, әй, қойсаңдаршы», — деп әлекке түстi де қалды.
— Немене бұл? Мыналарың не деген жаугершiлiк, әй? — деп көзiн уқалап-уқалап жiберiп, бiлектерiн сыбанып, қаптап зырқырап жүрген құмырсқаларды көрiп, көзi алақандай болып шошып кеттi.
— Немене, ұйқы бермейсiңдер ме? Iндерiңе барыңдар!
— Әжемiздiң туған күнi болып жатқанда сенiкi не ұйқы? — дедi бiреуi.
— Туған күн деген немене? — деп ширатылып алды жауынқұрт. — Тапа-тал түсте босып жүргенше, көлеңкеге жатып алып ұйықтамайсыңдар ма?
— Әжемiздiң туған күнi неғылған ұйқы?
— Мынауың бiр ұйқышыл маубас қой өзi.
— Тұр, әй! Тұр!
— Туған күн тойының не екенiн барған соң көресiң.
— Жiгiттер, ұрыста тұрыс жоқ, ал ендi «ауппа!» деп бiр кiсiдей жұмылалық! — дедi сонда Сабалақ Сарбас.
Бұрыннан дағдыланып қалған шөберелер бiрден жұмылып, құрттың бұлғақтағанына қарамастан, иықтарына салып жiберiп, илеуге қарай ала жөнелдi. Жауынқұрт:
— Қойыңдар, әй! Бүйтiп ойнамаңдар! Туғалы туған күнге барып көрген емеспiн! Көлеңкеме барамын. Тастаңдар менi! — деп ирелеңдеп келедi. Шөберелер оған мүлде құлақ асқан жоқ.
Иықтарына жауынқұрт салған шөберелер илеуге кiрiп келсе, дастарқанның үстi сыңсып тұр, көз қамықтырады. Әженi төрге отырғызып қойып, бұларды күтулi екен. Жеуге жарамды нешеме шөптiң қиқымдары, селеудiң дәнi, бидайық, жусанның бүртiгi, өлген шыбын мен өрмекшi, ара, инелiк дегенiңiз тау болып үйiлiп жатыр. Алайда солардың бәрi тiрi жауынқұртқа қайдан жетсiн, бұлар көтерiп әкелiп, дастарқанның үстiне қойғанда отырғандар ауыздарын ашып, көздерiн жұмды, әженiң екi езуi екi құлағына жеттi.
— Қарақтарымның әжесiн қуантайын деп болып жүргендерiн көрмейсiңдер ме?
Әженiң үлкен баласы, қазiргi әке құмырсқа:
— Ал ендi дастарқанға отырайық. Сыртта жүргендерiн шақырыңдар. Қолдарыңды жуыңдар, — дедi.
Бәрi қолдарын жуып, құжынап дастарқан басына жиналды. Тым-тырыс, үнсiз томсырайып отыр. Егер илеуге шыбын кiрiп кеткендей болса, ызыңы естiлетiндей. Алайда бұл жерде тiрi шыбын жүрген емес. Илеуде қалыптасқан дәстүр бойынша, алдымен әже дәм ауыз тимей ешкiм де дастарқанға қол созбайтын. Әке құмырсқа әже құмырсқаға еңкейiп бiрдеңе дедi. Әже әке құмырсқаның демеуiмен буын-буыны сықырлап орнынан тұрды.
Бәрi құлақтарын тосты.
— Қарақтарым, әулеттерiм менiң! — дедi ол даусы дiрiлдеп. — Осыншама ұл-қыз өсiрген мен бақытты кемпiрмiн. Бүкiл дүниеде менен бақытты құмырсқа жоқ та шығар, бәлкiм. Бақыттылығым ең алдымен сендердiң арқаларың. Сендер мұншалық тату-тәттi, ауыздарың бiр болмаса, «бiр жеңнен — қол, бiр жағадан бас шығармасаңдар», маған мұнша ұзақ жасау қайда?
Жерде бiр дән жатса, оны иесiз тастамай, илеуiмiзге жабыла сүйреп әкелдiңдер, далада қауыздың бiр сынығы ұшып жүрсе, оны тастап кетпедiңдер. «Еңбек сүйгендi — елi сүйген» деген. Жұрттың бәрi бiздi құрметтейтiн болса, осы еңбекқорлығымыз үшiн құрметтейдi.
Илеуiмiздi иеленбекшi болып келген қандай жауға да бәрлерiң бiр кiсiдей жұмылып... жабылдыңдар. Бiздiң өсiп-өркендеп, жапырақ жайып, шұрық тесiк илеуiмiз онан әрi тереңдеп, онан әрi тарамданып бара жатса, ол ең алдымен сендердiң татулықтарыңның арқасы. «Төртеу түгел болса, төбедегi келедi, алтау ала болса, ауыздағы кетедi», шырақтарым!
Әрқашанда тату болыңдар. Ауыздарың бiр болсын. Кезiнде бiз де тату болғанбыз. «Әкесi татудың баласы тату» деген сөз содан қалған. Естiдiңдер ме?
Жарты қауызды жұртымызбен бөлiп жедiк. Сендер де солай етiңдер, шырақтарым. «Өле жегенше, бөле жеңдер».
Өмiрдiң сәнi — бiрлiк пен татулықта. Шырақтарым, сендерге ризамын. Менен ұлықсат. Тойларыңды бастай берiңдер!
Әке құмырсқа орнынан тұрды:
— Ал, халайық! Бүгiн осы отырған бәрiмiздiң анамыз...
Осы кезде аяқтарының астары дiрiлдеп, төбеден құм суылдап төгiлдi. Гүрiлдеген сұмдық дыбыс естiлдi.
Гүр-гүр! Гүр-гүр! Тр... тр... Гүр...р. Гүр...р...
Жер қалтырап қоя бердi.
Гүр-гүр! Гүр-гүр! Тр... тр... Гүр...р. Гүр...р.
Әже құмырсқа шетте отырған немене құмырсқаға иек қақты.
— Тысқа шығып, бiлiп келшi. Немене бұл?! Ол далаға жүгiрiп кеттi де, көзi атыздай болып келдi.
— Далада темiр... Дәу трактор келе жатыр. Жердi қопарып... Темiр...
Жер әрлi-берлi теңселiп, илеудiң iшi шаңытып кеттi. Жұрт мойындарын iштерiне сұғып, көздерiн жұмды.
Сөйткенше болған жоқ, илеудiң iшi аласапыран болып, асты үстiне шықты. Аспан айналып жерге түстi. Бiр мың екi жүз он алты құмырсқа әп-сәтте топыраққа араласып кете барды.
Сөйтiп Сабалақ Сарбас сардалада жалғыздан-жалғыз қалған едi...
Бастығын ғана бiлетiн тентек трактор
Сабалақ Сарбастың бұл әңгiмесi жолаушылардың еңселерiн түсiрiп жiбердi. «Темiрдi неге босатып жiбередi осы», — деп бұрқ еттi Майтабан Жайбасар. «Iн дегендi терең етiп қазу керек. Сонда оған трактор түгiлi, пәле де жолай алмайды»,— деп ақылғансыды Суыр. Бидас үндеген жоқ.
Сөйтiп келе жатқандарында бала батырдың төбесiнде ұнжырғасы түсiп мұңайып отырған Сабалақ Сарбас шыр ете қалды.
— Батыр аға, ананы қара! Қарай ғой! Бiздiң үйiмiздiң астаң-кестеңiн шығарған қара трактор, әне, әлi жер қопарып жүр!
Құмырсқаның айтқан жағына қараса, бiр дәу трактор әй де жоқ, шәй де жоқ, жердi сүзгiлеп жатыр. Көзi қып-қызыл, үстi-басы қап-қара. Күнi-түнi тынбай жұмыс iстеген соң тұмсығы мен табаны жалтырап тұр. Жан-жағына қарамайды, мықшыңдап «Тр...трлап» өлiмiн салады келiп. Ашулы Бидас жақындап келдi де, трактордың алдына темiр етiк киген аяғын қоя салды. Трактордың жалтыраған тұмсығы етiкке шақ ете түстi. Трактор: «Тұмсығым, ойбай! Ойбай, тұмсығым!» — деп мұрнын ұстап, сонда барып жоғары қарады. Аспанмен тiресiп тұрған баланы көрiп, ыршып түстi.
— Сен кiмсiң өзiң? — дедi ашулы Бидас.
— Тр... тр... Трактормын.
— Не iстеп жүрсiң?
— Тр... тр. Жер қазып жүрмiн.
— Неге қазасың?
— Тр... тр. Бiлмеймiн. «Қаз!» деген соң қазып жатырмын.
— Саған «Қаз!» деген кiм?
— Тр... тр. Бастығым.
— Бастығыңда бас бар ма?
— Тр...тр. Бастығымда бас бар. Менде бас жоқ. Аяғым бар, мiнекей, тұмсығым бар, жаңа ауырып қалды. Мотор деп аталатын iшек-қарным да бар.
— Бастықтың терiс айтқанын неге тыңдайсың?
— Тр...тр. «Тоқпағы күштi болса, киiз қазық жерге кiредi», аға. Менi жасап шығарған бастық. Бiз сияқты темiрге бастық айтса, бiттi. Бұйрық — заң. Бастықтың ешқайсысы да терiс айтпайды. Бастықтың ғана айтқанын қылып, айдауында жүремiн. Менде бас жоқ, жүретiн — аяқ, қазатын тұмсық бар, аға. Тр...тр.
— Өсiмдiктi танисың ба?
Трактор кекештенiп тұмсығын шайқады.
— Тр... тр. Жоқ. Танымаймын.
— Өзiңнiң не iстеп жүргенiңдi бiлесiң бе?
— Тр...тр. Бастықтың айтқанын iстеп жүрмiн.
— Сен өсiмдiк атаулының тамырын қопарып, құмырсқа атаулының илеуiн астаң-кестеңiн шығарып, тiршiлiктi таптап жойып жүрсiң.
— Тр...тр. Тiршiлiк деген не ол, аға?
Бидас: «Тiршiлiктi бiлмейтiн мынау қандай милау», — деп ашуланып, трактордың төбесiнен шертiп жiберiп едi, оның сайрап тұрған тiлi байланып, төбесi табанына жабысып, үнi өштi де қалды. Бидас үнi өшiп қалған тракторды анадай жерге лақтырып жiберiп, жүрiп кеттi. Сонда жоғарыда отырған сабалақ Сарбас шыр ете қалды.
— Тастамалықшы, аға. Тастамалық. Ол бiз кеткен соң жердi тағы қопарады. Оның жаны да, басы да жоқ. Не iстегенiн өзi де бiлмейдi.
Асығып келе жатқан Бидас бұл кезде апталық жерге кетiп қалып едi.
— Жарайды. Сенiң айтқаның болсын, — деп қайтып келдi де, тракторды жан қалтасына салып алды. Салып алды да, аждаһаның арна етiп кеткен iзiне қайта түстi.
Жерге төгiлiп түскен Жетiқарақшы. Сұлу Суыр жұлдыздан алқа таққысы келедi
Жер жаһанды көзге түртсе көрiнгiсiз қараңғы түн басты. Жолаушылар асығыс болғандықтан тоқтаған жоқ. Бидас адымын кең тастап күншiлiк жердi бiр аттап жүрiп келе жатты. Бiр сәт Сабалақ Сарбастың шыр ете түскен даусы естiлдi:
— Бидас аға, ана қара, жерде самаладай болып шам жанып жатыр! Шам!
Бидас қыраттан асып түссе, шынында да ойпаңда бiр шоқ шам сан құбылып самсап жатыр. Бiресе күлгiн, бiресе қызғылт түске боялып, сан құбылып жымың-жымың етедi. Алқап жап-жарық. Бидас өзiнiң үйi бар Алматының үстiнен түстiм бе деп, аң-таң болып, сiлейiп тұрды да қалды. Көктөбенiң басына шыққанда Алматы тап осындай болып көрiнетiн. Сол кезде сусылдап Сұңқар ұшып келдi.
— Мынау жерде шашырап жатқан шам емес. Жетiқарақшы жұлдыздары. Бұл жетi жұлдызды көктен құйрығымен қағып түсiрген әбжылан! Мен оны өз көзiммен көрдiм, — дедi.
— Солай ма? — деп қалтада жатқан бойжеткен Суыр сұлу басын шығарды. — Маған алып бершi, Бидас аға. Мойныма моншақ етiп тағып алайын.
Жетi жұлдыз бiрiмен-бiрi жарыса жамырап қоя бердi.
— Бидас аға, өзiмiздiң үйiмiз — зеңгiр көгiмiзге жеткiмiз келедi. Көрiп тұрсыз ғой, жерге түсiп қалған соң, көрнеу көзге көмескi тартып кеткенiмiздi. «Айқай, өз үйiм — кең сарайдай боз үйiм» демекшi, әркiмнiң өз үйiне не жетсiн. «Әркiмнiң өз үйi — өлең төсегi». Бiздi үйiмiзге жеткiзiңiз. Үйiмiзге... Жұлдыз болып жарқырап жанып тұрсын десеңiз, үйiмiзге жеткiзiңiз...
— Үйiмiзге...
— Зеңгiр көктегi өз үйiмiзге.
— Үйiмiзге...
Мына сөздi естiп, көңiлi босап жатқан Майтабан Жайбасар әже қалтадан басын шығарып, дымқылданып қалған көзiлдiрiгiн сүртiп кидi. Көзiлдiрiгiн кидi де, жерде шашырап, көмескi тартып, әнi-мiнi семгелi, тыпырлап жатқан жетi жұлдызға қарады. Қарады да:
— Ой, шырақтарым-ай, туған жер атамекендерiңнен айрылып, азарланып жатыр екенсiздер ғой. Айтатын несi бар, туған жер деген қиын, әрине. Қиын. Ендi қайттiм? — деп басын шайқады. —
Күлдiкөмеш Күлегеш аждаһаның тентек жиенiнiң жасап кеткен алапатын-ай, ә? Жердегi бүлiншiлiгi аз болғандай, көкте не шаруасы бар екен бұның, а? Жұлдыздарды жылатқаны несi?
— Маған алып берсiншi, әже, мойныма тағып алайын, әдемi екен, — дедi тағы да сұлу Суыр.
— Суыр шырағым, сабырлық жаса, — дедi әже оған бұрылып. — Жұлдыз — көктiң төл баласы, аспанның ажары. Жан-жануарсыз, көкмайса шалғынсыз жердiң сәнi болмайтындай, жұлдызсыз көктiң де сәнi жоқ. Жұлдызы жерге түскен соң, зеңгiр көкте не абырой қалады. Ол да бiр қу тақырға айналмай ма. Сен болсаң — жер перзентiсiң. Жердегi тiршiлiктiң қай-қайсысы да жұлдызға қолы жеткеннен кейiн астамсып кетедi. Астамсыған адам бар досынан айырылып, жалғыз қалады. Егер мойныңа жұрт тақпаған жұлдыз тағатын болсаң, дандайсисың да, бiздi тастап кетесiң. Бар достарыңнан айрыласың. Құралайды да, балапанды да ұмытасың. Жан жолдастарыңа қарамай, аспандап көкiрегiңе күпiрлiк енетiн болады. Әркiм өз орнын бiлуi керек, әркiм өз отанында тiршiлiк етуi тиiс. Бидас шырағым, қолыңнан келсе, жұлдыздарды өз орындарына жеткiз.
Сұлу Суыр мойнын iшiне тартып, үндемей қалды.
Бидас қандай амал жасарын бiлмей, бiраз ойланды. Ойланып-ойланып тұрды да, төбесiндегi Сабалақ Сарбасты, қалтасындағы сұлу Суыр мен Жайбасар Майтабанды жерге түсiрдi. Жұлдыздың бiреуiн оң қолына алды. Алды да, кейiн шегiнiп барып, жердiң төбесiн ойып дүңк те дүңк жүгiрiп келiп қолындағы жұлдызды көкке қарай зымыратып лақтырып келiп жiбердi. Жұлдыздың суылдап ысқырына ұшып бара жатқан дыбысы төбе құйқаны шымырлатты. Жердегiлер қорыққандарынан құлақтарын баса-баса қалысты.
— Рақмет, Бидас батыр! Жолдарың болсын! — дедi ол өз орнына барып, iлiнiп алған соң. Екiншiсiн де солай лақтырды.
— Рақмет, Жайбасар Майтабан әже! Талаптарыңа нұр жаусын! — дедi екiншiсi.
Үшiншiсiн де үйiне солай жеткiзiп салды.
— Мақсаттарың орындалып, Бетпақдалаларың суға қайта толғай! — дедi ол.
— Жолдарың жарық болғай! — деді төртіншісі.
Бесiншiсi:
— Қадамдарыңа гүл бiткей! — дедi күлiм қағып.
Алтыншысы:
— Түлкiден түңiлiңдер! — деп күңк еттi. — Абайлаңдар!
Жетiншiсi:
— Сауысқаннан сақ болыңдар! — деп сыңғыр ете қалды.
Жетi жұлдыз орындарына барып iлiне-iлiне қалған соң бұрынғысынан да бетер жайнап, самаладай болып мың құбылып жарқырай түстi. Жер жаһан құлпырып күндiзгiдей жап-жарық болып сала бердi. Жеп отырған нанын былай қойып, ертегi оқып отырған оқушы жолаушыларымыздың асығыс және не себептен асығыс екендiгiн бiледi, әрине. Бұлар кiдiрген жоқ, әрi қарай жүрiп кеттi.
Ал Жетi жұлдыз болса қуғыншыларға жымың-жымың етiп күлiмсiреп тұр. Бiреуге жақсылық жасаған адамның бойы жеңiл болмақшы. Бидастың аяғы жеңiлейiп сала бердi.
Сасық дауыл. Аждаһа да көрiндi ақыры
Бидас сол арнамен бiр апта жүрдi, көзге көрiнетiн аждаһа болмады, екi апта жүрдi, көзге көрiнетiн аждаһа болмады. Жолаушылар шаршады. Әже: «Тынығып, әлденiп алалық», — дедi сол кезде.
Бидас жолдың жиегiне шығып, апасының пiсiрiп салған нанын жеп, демалып алды. Майтабан Жайбасар әже қалтасынан әлдеқандай шөп алып, малжаңдай бастады. Суыр: «Ер азығы мен бөрi азығы — жолда», — деп бiр iнге кiрiп кетiп, мұртын сүртiп шықты.
Тек Сабалақ Сарбас қана бөрiктiң үстiнен түспеген күйi қол орнына пайдаланатын екi аяғын сыртына қайырып алып, тағаты болмай жан-жағына мойнын созып қойып, олай-бұлай кезiп жүрдi де қойды.
— «Жол атасы — жүрген» деген, неге отыра бересiңдер осы? — дедi ол бiр кезде қабағын түйiп.
Майтабан Жайбасар әже:
— Сарбас баламның айтқаны да дұрыс. Жүрiлмеген жол қайдан өнсiн. Өзiмiз сол жүрiстiң арқасында ғана нәпақамызды айырып, тiршiлiк етiп келемiз, — дедi. — Жас кезiмiзде күнiге отыз метрдей жер алатын едiк. Қазiр ол дәурен қайда...
Сұңқар терiс қарап, мырс еттi.
Қуғыншылар орындарынан қайта көтерiлдi.
Жолаушылар дамыл таппай, үш апта жүрген кезде, Сұңқар құлдилап келiп, Теңбiлтау мен Тарғылтаудың алыстан мұнартып тұрғанын айтып кеттi.
Тағы бiр апта жүрдi. Сол кезде Суыр мұрнын басып қайта-қайта түшкiрдi. Бидас та демiн ала алмай, терiс қарады. Өкпесiн қапқан сасық иiстен Сабалақ Сарбас кiрерге тесiк таппады.
Сонда Майтабан Жайбасар әже бала батырға:
— Мұрныңа иiс келе ме? — дедi.
— Бiр күлiмсi иiс әлемдi алып барады, — дедi Бидас.
— Олай болса, аждаһаға жақындағанымыз. Ол ашкөз найсаптың iшiнде не жоқ дейсiң. Балықтың нешеме түрi, жылан, бақа-шаян, шiрiндi шөп те, шiрiген темiр-терсек, талай өлексе, сынған велосипед, баланың жөргегiне дейiн қойыртпақ болып иленiп жатыр. Сасық иiс сол, — дедi. — Жақындаған екенбiз. Ендi үш күндiк-ақ жол қалды.
Айтқанындай, бұлар үш күн жол жүрген соң, кешқұрым маңдай алдарынан алапат жойқын дауыл соқты. Дауылдың екпiнi жаман. Кәрi ағаштар дiңгегiнен омырылып, қаңбақтай ұшты, майда тастар сатыр да сұтыр домалап жосыла жөнелдi, сапырылысып шаң борап, таяқ тастам жердi көру қиындап кеттi. Майтабан Жайбасар сауытының астынан басын шығарып, көзiн жыпылықтатып жан-жағына қарады.
— Жыра тауып алып, тасалай тұрмасақ болмайды. Бұл дауыл — аждаһаның лебi. Ендi тынбастан бiр күн соғады, — дедi. — Бәрiбiр жүре алмаймыз. Босқа шаршама, балам. Лебiн iшiне тартқан кезде жолды өндiрiп алармыз. Оған дейiн бас сауғалай тұралық. Сұңқарға айт. Жалмауыз неменiң жай-күйiн барлап қайтсын. Паналайтын жер қарастырсын.
Бидас Сұңқарға: «Алдыңғы жағымызды барлап көршi», — дедi, бет қаратпайтын дауылға сыртын берiп тұрып. Сұңқар мұз құрсанған тау шатқалының арасынан терең құз тауып келдi де, қайта ұшып кеттi. Қуғыншылар тездетiп барып сол құзға жайғасып алды. Дауылға қарсы ұшқан Сұңқар да жеттi бiр кезде, қанаттары талып, қатты шаршапты. Екi иығынан дем алып ентiгiп отыр. Екi көзi алақандай болып кеткен, көрген сұмдығын айта алмайды.
— Дауыл қанат қақтырмайды. Амал жоқ, шырқап көкке шығып кеттiм. Биiкке көтерiлгенде не көрдi дейсiңдер ғой. Айта көрме! —
Сұңқар көзiн жұмып, басын шайқады. — Әбжылан Теңбiлтау мен Тарғылтаудың арасындағы кең жазықта жатыр. Басын көрдiм, көзiм қанша өткiр болғанмен, құйрық жағына жетпей-ақ қойды. Iркiлдеген сап-сары iшi жалпақ жазықты түгелдей жауып тастаған. Қимылдауға да шамасы келмейтiн болуы керек, басын Теңбiлтауға қойып, қорылға басып жатыр.
Сұңқардың мына әңгiмесiн үнсiз тыңдаған Майтабан Жайбасар көзiн бiр жұмып, бiр ашып, ойланып-ойланып отырды да, былай дедi:
— Балаларым, алдымызда аса қиын жұмыс тұр. Өз өмiрiмiз ғана емес, бүкiл Бетпақдаланың тiршiлiгi бiзге байланысты болып қалды. Егер аждаһаның аузына түсiп қалатын болсақ, бәрi де бiттi дей бер. Мықтап тынығып, ұйқыларыңды әбден қандырып алыңдар. Аждаһа демiн iшiне тартатын кезде өзiм оятамын. Сонда мына дауыл арқамыздан соғады да, жүруiмiзге жеңiл болады. Ал жаталық.
Жұрт қарт әженiң айтқанын екi етпей, тынығуға кiрiстi.
Асаталасаттың адал қызметкерлерi. «Жау шапты, ойбай, жау шапты!»
Ертеңiне жолаушылар шаршап-шалдығып, арып-ашып келе жатқандарында, алдарынан қызараңдаған бiрдеңе көрiндi. Оны алдымен көзi шалып қалған Сабалақ Сарбас:
— Аға, бiреу келе жатыр, — дедi. Бидас жақындағанда таныды — Түлкi екен. Сабалақ Сарбас та жорықтарда талай кезiккен Түлкiнi танып, секiрiп-секiрiп түстi.
— Алақай, көбейдiк! Тағы бiр жолдас табылды. Алақай!
Түлкiнiң атын естiген кезде Бидастың қалтасында жатқан Суыр жақтырмай пысқырынып қалды.
— Бұл неме қайдан жүр өзi?
— Сәлеметсiздер ме? — деп сызылды қызыл Түлкi. — Бастарыңыз құралып, бiр жаққа сапарға шыққан адам бастаған хайуанаттарға ұқсайсыздар...
— Сондай шаруаның ретi болып қалды, — дедi Бидас.
Түлкi тұмсығын көкке көтердi.
— Тышқанның да иiсi шыға ма, немене?
— Ия. Тышқанның исi шығады! Бiздiң Суыр деген жолдасымыз бар! — деп жауап бердi Бидас.
— Ол өзi жолдастыққа жарай ма екен? Жердiң асты тас түнектен шыға бермейтiн сияқты едi...
— Жағдай солай болса, неге жолдас болмасын? Басымызға күн туғанда, кеудесiнде жаны бар тышқан бас сауғалап қалай жатады?
— Жайша... Былайынша айтқанымыз ғой. Болмашыға ашу шақырмаңыз, батырекесi. Бәтiр-ай, тышқанның иiсi шыққан соң, айта салып едiк... Сасыған неменiң де жолдастыққа жарап қалғаны-ау... Жай... Әншейiн... Былай... Соншама дүрлiгiп, қайда аттанып бара жатқандарыңызды бiлуге болмас па екен, батыр?
— Аждаһа жұтып кеткен Көкшулан теңiз, көлiмiз бен өзен, бұлағымызды, жетi түрлi бұлтымызды қайтарып алу үшiн бара жатырмыз. Жолдас болайық! Сен де бiзден бiрге жүр, — дедi Бидастың тас төбесiнде тұрған Сабалақ Сарбас. — Ебiң бар хайуансың. Бiзге қол ұшын бер!
— Ия, солай ма едi... Кезiнде менiң тiлiмдi алмай, ендi ылғи құрт-құмырсқа, бақа-шаяндардың айтқанына ерiп батырларың алжиын деген екен. Тапқан екен осы кезде жолдасты! Жолдасы тасбақа, Суыр мен құмырсқа болған адам оңар. — Түлкi мұрнын батырға тақап тағы иiскедi. — Жасырмай-ақ қой. Иiсiнен-ақ бiлiп тұрмын батырдың қойнында, суырдың жанында тасбақа да жатыр.
— Немене, саған су керек емес пе? — дедi Сарбас.
— Керек болса қайтемiн ендi? Амалым қанша? Бiз пақырдың қолымыздан не келушi едi. Менде болмаса, Асаталасатта бар. «Елде болса, ернiңе тиедi». Ағайында болса, бiздi де аластап тастамас. Соншама суды жалғыз өзiм не iстеймiн? Асаталасат аға бiр жалатса, жүрек жалғауыма жетiп жатыр.
— Туған жерiңе жаның ашымай ма? Бетпақдаланың қандай халге келгенiн көршi барып көзiңмен! Сондай озбырлық жасаған Асаталасат саған ағайын бола ма? — деп шыр ете түсті Сабалақ Сарбас. — Саған дүниеге келген iнiң керек емес пе?
— Тамағымның тойған жерi — туған жерiм. Ал iн керек болса, мына тырнақ сау болса, көрiнген жерден қазып аламын. Жалпы, Асаталасат аға тiрi тұрғанда iннiң не керегi бар? Бұл жалғанда аждаһаны жеңетiн бiреу бар дейсiң бе? Өңшең милау неме... — деп құйрығын бұлғап тастап кете бердi.
Сол кезде Суыр шыр ете түстi:
— Ойбай-ау, ана қуды қате жiбердiң-ау, батыр аға. Сөз саптауын көрмейсiң бе! Ол аждаһаға малай болып алған. Ұйықтап жатқан Асаталасатты оятайын деп кеттi.
— Суырдың айтқанының жаны бар, — деп басын шұлғыды Жайбасар әже. — Сымпылдаған немеден сақтанбаса болмайды.
«Батыр — аңғал, ер — әңгүдік» деген, сонда барып Бидас: «Солай ма едi?» — деп тұра ұмтылды. Бiрақ кеш қалған едi. Қараңғы қоюланып кеткен. Бұлар түлкiнiң қай тастың арасына сүңгiп кеткенiн бiле алмай қалды, қапелiмде жердiң жiгiне түсiп кеткендей, қу табылмай ізім-қайым жоғалды да кеттi.
Суырдың айтқаны айдай келдi. Өйткенi қуғыншылар ертеңiне орындарынан көтерiлiп аттана бергендерiнде, бажылдаған дауыстан шошып, кiлт тоқтап қалды.
— Ойбай, Асат аға, оян! Оян деймiн, Аласат аға! Жау шапты! Жау! Оян, аға!
Жарбақтап олай да ұшып, бұлай да ұшып, екi тауды басына көтерiп жар салып жүрген ала сауысқан болып шықты. Ана тау жаңғырығы мына тауға жетедi. Аспан асты астаң-кестең.
— Ойбай! Асат аға! Жау шапты! Жау! Жау! Жау! Оян! Оян! Асат аға! Асат аға! Асат аға!..
Амал жоқ, жолаушылар түнеп шыққан үңгiрлерiне қайтадан сүңгiдi де кеттi. Жаудың мүлде ойламаған жерден өздерiнiң араларынан шыққанына аң-таң болып тiлдерi байланып, бiрiне-бiрi қарайды.
Тек Сұңқардың көзi қанталап сымп етiп ұша жөнелдi де, сауысқанның iзiне түстi. Сауысқан ақ тiкеннiң арасына ұмтылды, ақ тiкен жабыла тырналап сауысқанды араларына енгiзген жоқ. Сауысқан қызыл шеңгелдiң арасына ұмтылды. Қызыл шеңгел қоңырауларын сылдыратып «Сауысқан мұндалап!» Сұңқарды шақырды. Сұңқар сатқын сауысқанды iлiп алды да, түте-түтесiн шығарды. Аждаһа болса: «Бұл не шу, а?!» — деп басын көтерiп бiр көзiн ашты, ешкiм көрiнбедi. Екi көзiн ашты, ешкiм көрiнбедi. Басқа көздерiн ашуға ерiнiп, қайтадан ұйқыға кеттi. Дауыл бұрынғысынан да екпiндей түстi.
Дамыл табар дауыл жоқ. Елшiлiкке трактор кеттi
Қанша ұйықтағандары белгiсiз. Әйтеуiр, сiбірленiп таң атып келедi екен. Қуғыншылар жолға шығуға қамданды. Сұңқар Бидастың қойнына кiрiп алды, құмырсқа төс қалтаның түбiне түсiп, Суырдың қасына барып жатты. Жан қалтадағы тасбақа сауытының iшiне басын сұқты да:
— Ал, балам, жүрелiк. Жолың болсын! Барынша абай болғайсың, — дедi. — Лептiң ағымымен Асаталасаттың аузына түсiп кетпегейсiң. Екпiндей бермей, өкшеңдi қадап жүр.
Бидас шатқалдан шықты. Жайбасар әженiң дегенiндей, дауыл арқадан соғып тұр екен, бала батырдың аяғы жерге аннан-саннан бiр тиiп дедектей жөнелдi. Оң табаны төбеге бiр тиедi, төбе жапырылып қалады, сол табаны төбеге бiр тиедi, төбе жапырылып қалады. Дауыл болса адамды әне-мiне жұта салардай ысқырынады келiп, жер болса дүңк те дүңк. Аспан айналып жерге түскендей. Сәскеге дейiн жүгiрдi, түсте жүгiрдi, ымырт үйiрiлiп, қараңғы қоюланғанша жүгiрдi, не керек, әйтеуiр, күнұзақ тынбастан жүгiрiп отырып, аждаһаның тастөбесi көрiнген кезде қалтада жатқан әже:
— Байқа! Келiп қалдық. Ендi асықпа. Паналайтын терең сай тауып ал, — дедi.
Бидас жердi қанша айналса да, ешқашан күн түспейтiн терең ұңғыл сай тапты. Жыраның тереңдiгi соншалық, күн түгiлi, аждаһаның лебi де келмейдi екен. Сайды жағалап жүрiп терең үңгiрге кезiктi де соған жайғасты. Үңгiрдiң iшi құлаққа ұрған танадай мүлдем тыныштық. Тым-тырыс. Оның үстiне көзге түртсе көргiсiз тас қараңғы. Бар болғаны салқын дым ғана еседi. Бидас үңгiрге кiрген соң, қалталарынан Сабалақ Сарбасты, Суыр, Майтабан Жайбасар мен тракторды шығарып қоя бердi. Басқалары шаршаған. Трактор болса қайта жөнделiп кетiптi, қалтадан шығу бойына «тр-трлап» тас қабырғаны сүзгiлей бастады.
Бидас тракторға:
— Әй, саған не болды? — дедi. — Қалай жөнделiп кеткенсiң?
— Ештеңе де болған жоқ, — деп тақылдап тұр трактор. — Жаны бар адамның жан қалтасында жатқан соң жаным қайта кiрдi. От алып кеттiм. Айтпасаңдар, қойыңдар. Бәрiн де естiп жатырмын. Сендердiң неге бара жатқандарыңды түсiндiм. Бастығым менi әу баста жер қазу үшiн жасаған. Жер қазбасам, тұра алмаймын. қазатын жер тауып берiңдер.
Онсыз да шаршап отырған Бидас трактордың мына қылығына ашуланып, төңкерiп қойды. Оның үнi сонда ғана өштi. Тыныштық орнаған соң, бәрi де тырп етпей жатып бiр мезгiл демалды. Демалып болған соң, Суыр орнынан көтерiлiп, тамақ iздеуге далаға кетiп бара жатыр едi, Майтабан Жайбасар әже оған: «Үңгiрден аттап шығушы болма. Шықтың екен, аждаһаның лебi тартып кетедi», — дедi. Суырдың амалы таусылып, қорыққанынан орнына қайтып келдi. Құмырсқа үңгiрдiң аузынан жарты дән мен шегiрткенiң оң жамбасын сүйреп әкелдi. Жайбасар әже сауытының астындағы қалтасынан әлдеқандай шөп алып, «Нәрленiп алыңдар», — деп ортаға қойды. Сұңқар болса: «Ала берiңiздер. Ала берiңiздер. Мен түстенiп алғанмын», — деп тастың үстiнде оқшау отырып алып, қауырсындарын тарауға кiрiстi.Тамақтанып болған соң Майтабан Жайбасар әже Сұңқарға:
— Аждаһаның не iстеп жатқанын тағы барлап қайт, — дедi.
Сұңқар ләм-мим деместен ұша жөнелдi.
— Аждаһаның басы бұрынғысындай Теңбiлтауда, құйрығының шегi-шетi көрiнбейдi. Өзi қорылдап ұйықтап жатыр, — деп келдi ол бiраздан кейiн.
— Дұр..р..ыс болған, — деп тасбақа шекесiн қасып бiраз отырды. — Дұр...р...ыс болған. Ал ендi берi жақындаңдар, мақсатымыздың ең бастысына келейiк. Суымызды аждаһадан қалай қайтарып аламыз? Елшi салсақ бере ме? «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» деген.
— Бiрiң аспан астын, бiрiң жер астын, бiрiң жер үстiн шарлап жүрген жандарсыңдар. Кәнекей, бұл дұшпанды қалай аламыз? Кiм не ойлап келедi?
— Сұрағанмен, суымызды өз еркiмен бермейдi. Тек қана тартып аламыз. Мен бұл жауызды жекпе-жекке шақырамын! — дедi Бидас орнынан ұшып тұрып, қырық құлаш алмас қылышын жарқ-жұрқ еткiзiп. Тастай қараңғы үңгiрдiң iшiнде найзағай ойнағандай болды. Суырдың көзi алақандай болып, қорқып кеттi.
— Асаталасат осал жау емес. Арандап қаласың. Сабырлық жаса, «Сабыр түбi — сары алтын», — дедi тасбақа. — Ақылмен әрекет етелiк.
— Қашанғы сабырлық жасай беремiз? «Шыдамның да шегi бар».
Сұңқардың көзi қанталап кеткен.
— Аспаннан түскен тастай шүйлiгiп келiп кезiн ойып ала аламын, — дедi де, қанаттарын дүр-дүр сiлкiп жiбердi. — Көзi ойылған соң, ол Бетпақдаланы қалай табады?
— Оның көзi бiреу емес, жетеу, — дедi Суыр.
— Мейлi,— деп айтқанынан қайтпады Сұңқар. — Неге жетпiс болмайды?!
— Мен аждаһа ұйықтап жатқанда бiлдiрмей үстiне шығып кетемiн де, құлағын тiстеп аламын,— деп құмырсқа қол есебiнде пайдаланатын алдыңғы аяқтарын сарт-сұрт еткiзiп, тiстерiн қайрап өткiрлiгiн тексерiп қойды.
— Мен жер астымен iн қазып барып шыңғыртып iшiн тiстеп алайын, — дедi Суыр. — Мына тiстерiм мен тырнақтарым сау болсын.
— Ол да тiрi жан. Алдымен елшi салып көрелiк. Бәлкiм, жiбiр, мұң-мұқтажымызды түсiнер. Суымызды қайтарар,— дедi ақыр соңында Майтабан Жайбасар әже.
— Тр...тр. Сонда мен қаламын ба? — дедi осының бәрiн естiп шалқасынан жатқан трактор. — Достық деген бұндай болмайды. Бiрге келiп, үңгiрдiң iшiнде тым-тырыс жата беремiн бе. Не пәле болса да сендермен бiрге көремiн. Менi аяғыма қойып жiбершi, аға. Сол аждаһамен өзiм-ақ барып сөйлесiп қайтайын.
Кеңесiп отырғандардың барлығы күтпеген мына оқиғаға аң-таң қалып, бiрiне-бiрi қарады.
Жайбасар әже Бидасқа: «Осы батырдың күшiн байқап көрелiк. Аударып қойшы» деп ымдады. Бидас тыраңдап жатқан тракторды табанына аударып қойды. Трактор «төбемнiң ауырып қалғанын қарашы» деп мұңайып, басын ұстап отырып, былай дедi:
— Тр...тр. Бiрiншi реттен, менi аждаһа жей алмайды, жолдастар. Аждаһа жалпы темiр жемейдi. Тр...тр. Екiншi реттен, менiң бойымда әбжылан қызығарлықтай су жоқ. Суы жоқ нәрсенiң әбжыланға түкке де керегi жоқ. Тр...тр. Үшiншi реттен, менiң кеудемде жаным жоқ. Асаталасатыңнан мүлде қорықпаймын. Аласат дегенiң мен үшiн кiм? Елшiлiкке менi жiберiңдер. Жұрттың суын берсiн. Өзiм барып сөйлесiп қайтамын. Тр...тр, — деп балшық болып қалған үстi-басын қақты.
Аң-таң Сабалақ Сарбас Суырға, Суыр Сұңқарға, Сұңқар Бидасқа, Бидас Майтабан Жайбасар әжеге қарады. Әже бiрден не дерiн бiлмей, көзiн жұмып бiраз отырып қалды. Шынында да, бұл өзi ертегiлерде болмаса, былайынша шындықта кезiге бермейтiн оғаш жай едi. Ол заман да бұл заман елшiлiкке трактор араласыпты дегендi кiм естiген. Әже ойланып-ойланып барып:
— Трактор шырағым-ай, аждаһа сен айтқандай оңай жау емес. Келiсiм дегендi бiлмейдi, сөзге түсiнбейдi. Ашқарақ та тоңмойын хайуан. Бiр өзiңнiң шамаң келмес, — дедi. — Бiрақ талабың таудай екен.
— Тр...тр. «Тәуекел де — тас жұт» деген бар, менi жiберiңiз, әже, — деп, трактор тағы да тақ-тұқ ете қалды.
— Қайтемiз? Қаны қарайып кетiптi. Ауыздығымен алысып тұр ғой мүлде, — деп Майтабан Жайбасар жолдастарына жағалай қарап шықты. — Бiз ұлықсат етпесек те ұрынатын түрi бар тiптi.
Суыр да, Сабалақ Сарбас та ләм-мим деген жоқ. Сұңқар темiр шаруашылығын онша түсiне бермейтiн, иығын қиқаң еткiзiп, қалыс қалды.
Бидас:
— Барса барып қайтсын. Алдымен елшi жiберiп, сөз салып көргенiмiз дұрыс болар. Жұртқа зорлық жасап жатқанын түсiнер, бәлкiм, — дедi.— Сұңқарға да пәлендей қауiп жоқ. Екеуi барса қайтедi.
Майтабан Жайбасар әже:
— Әй, қайдам. Әй, қайдам. Сол жалмауыз елшiнiң сөзiне түсiнсе болар едi, — деп ыңылдап отырып, ақыры келiстi.
Әже келiскен соң, трактор қолына ақ жалау ұстап, жермен кеттi, Сұңқар сымпылдап бiрден көкке самғады. Қалғандары жардың басына шығып, бұқпантайлап қарап жатты. Асаталасат аждаһаның тауды басына көтерiп ұйықтап жатқан қорылына жоғары өрлеп бара жатқан трактордың тырылы қосылып, айнала ың-жың болып кеттi.
Содан кейiнгi оқиға былай болды: үлкен қорыл тына қалды да, тырылдаған ғана дыбыс естiлдi. Өйткенi аждаһа: «Бұл не тырыл? Ұйқымды бұзған кiм?» — деп жан-жағына қараған едi. Сөйтiп бiр көзiн ғана сәл ашып, сығырайып қараған кезiнде трактор жанына келiп тоқтады да, бiрден сөз бастап кеттi. Трактор көлтек-сөлтектi бiлмейтiн тiк мiнез едi.
— Тр...тр, — деп тамағын қырнап алды. — Аса қадiрлi Асаталасат аждаһа жолдас! Сiз мынау Бетпақдаладағы тiршiлiктiң нәпақа етiп отырған жалғыз Көкшулан теңiзiн, Көкшулан теңiзден кейiн Қоғалы өзендi, Қоғалы өзеннен кейiн Дарқан дарияны, Дарқан дариядан кейiн Мыңбұлақты, Мыңбұлақтан кейiн қара бұлт, ала бұлт, қазбауыр бұлт, шарбы бұлт, ақша бұлт, шуда бұлт пен түйемойын бұлттың түгiн қалдырмай сiмiрiп кетiпсiз. Сiз келiп кеткен соң далада жалғыз тамшы да су қалмапты. Құдықтарға дейiн тартылып, жер кеуiп кетiптi. Киiктiң Құралайы туғалы жуусыз жатыр, Бозторғайдың сарыауыз балапанының аузына тамызатын бiр тамшы су қалмады. Тiршiлiк атаулының бойынан нәр кеттi. Дала тулақ сүйреткендей, қазiргi күнi күн емес, қаңыраған елсiз шөлге айналды. Сол даланы мекендеген тiрi аңдардың атынан елшi келiп тұрмыз.
— Елшiлерiң кiм? — деп тауды жаңғырықтырып аждаһа гүр ете қалды. Аспанда найзағай ойнап, жер сiлкiнгендей болды. Трактордың буын-буыны қалтырап, тiлi күрмелдi.
— Тр-тр. Тр...тр. Бидас батыр бар... Суыр мен құмырсқа... Жоғарыда Сұңқар тұр. Тасбақа әжем бәрiмiз... Бүкiл елдiң атынан суымызды қайтар деп айтқалы келдiк, аждаһа жолдас. Кiм-кiмге де қанағат деген керек. «Қанағат қарын тойғызады». Адамгершiлiк... жоқ, былайынша, сiздерше айтқанда, аждаһагершiлiк деген болады.
Мейiрбандық жасап, тiршiлiк атаулының суын қайтарсаңыз. Сусыз күнiмiз қараң...
— Су ма?! — Жартас жартасқа соғып, шақыр-шұқыр ете қалды. Аспан болса қаңғыр-күңгiр.
— Иә, су, аждаһа жолдас... Өзiмiздiң суымыз...
— Сенiң радиаторыңда жарты шелек су қалғанын бiлiп жатырмын ғой мен... Кәнекей... Берi келшi...
Аждаһа жұмулы жатқан екiншi, үшiншi, төртiншi көздерi мен аузын ашты. Бесiншi, алтыншы, жетiншi көздерiн ашқан жоқ. Сол кезде сырт жағынан алапат дауыл соқты да, трактор «тр...тр!» деп аждаһаның арандай аузына сүңгiдi де кеттi. Көмей жақтан салдыр да гүлдiр, пашыр да пұшыр дыбыс естiлдi. Асаталасат тракторды шайнап-шайнап жiберiп радиаторында қалған жарты шелек суын сорып алды да өзiн түкiрiп келiп қалып едi, бұлар паналап жатқан сайдың iшiне жиырма екi тонна екi жүз он жетi килограмм, қырық төрт грамм темiр-терсек сау етiп шашырап түстi.
— Қап! Обалдағы-ай! — деп басын шайқаған әженiң көзiнен жас шығып кеттi. Бидас тiсiн қайрап: «Әп, бәлем!» — деп жұдырығын түйдi. Суыр қорыққанынан бала батырдың қалтасына сүңгiп кеттi. Сабалақ Сарбас бөрiктiң үстiнде қолын артына қайырып теңселiп жүр.
— Ендi қандай амал жасаймыз, а? Не iстеймiз бұл тажалға?
Атқан оқтай суылдап Сұңқар келдi. Көзi қанталап, екi иығынан дем алып отыр.
— Көрдiңдер ғой, — дедi ол. — Болған жайды несiн айтамын.
— Бәрiн де көрiп жаттық, — дедi Бидас. — Айтпай-ақ қой.
Жалмауыз жетi көзiн бiрдей жұмып, қайтадан ұйқыға кеттi. Қорылдаған дыбыс тау жаңғырықтырып, дауыл соқты. Қуғыншылар қайтадан сайға түсiп, трактордан қалған бөлшектердi бiртiндеп жинап, көмiп, «Басы болмаса да, жақсы жолдас болып едi» деп, бейiтiне тас үйiп, темiр белгi қойды. Суыр суырылып сөз сөйледi. Сұңқар мүлгiп тыңдап тұрды. Жайбасар әже дымқылданған көзiн сүрттi. Сабалақ Сарбасқа: «Сен бiрдеңе демейсiң бе?» — деп иек қағып едi, ол қолын сiлтеп, терiс айналып кеттi.
Iс насырға шапты. Қуғыншылар суларын қалай қайырмақшы
Сонан кейiн әже үңгiрдiң iшiнде бiресе оң жамбасына, бiресе сол жамбасына аударылып, аһылап-үһiлеп тұяқ серiппестен үш күн, үш түн бойы көз шырымын алмай жатты. Ақыр соңында орнынан тұрды да, достарын қасына шақырып алып, аждаһадан суды қалай тартып алудың жоспарын айтты.
— Шырақтарым, — дедi Майтабан Жайбасар көзiн бiр ашып, бiр жұмып. Әбден-ақ шалдыққан екен, кiрпiктерi iлiнiп ұйқысы келiп-ақ отыр. Бiрақ осындай жағдайда ұйықтай алатын ба едi. Жағы айырылып кетердей мықтап тұрып есiнеп алды да, әңгiмесiн одан әрi жалғады.— Әрi ойлағанда, берi ойлағанда, менiң дiттеп тоқтағаным — жалғыз-ақ амал. Құлақтарыңды түрiп тыңдаңдар да, көкейге қона ма, қонбай ма, соны айтыңдар. Асаталасат аждаһа отқа күймейдi — басынан бақайшағына дейiн шылқыған су. Оны өздерiң бiлесiңдер. Суға батпайды — жалмауызды батырмақ түгiлi, балапандарымыздың да ауыздарына тамызатын бiр тамшы суымыз жоқ. Шамамыз да келмес, мен болсам, белiмнiң құяңын былай қойғанда, төрiмнен көрiм жуық үлкейген адаммын. Бидастың жалғыз өзiне әл бермейдi.
— Егер ол суымызды өз еркiмен бермейтiнi рас болса, мен оны жекпе-жекке шақырамын, — деп Бидас орнынан ұшып тұрып, қынабындағы қырық құлаш алмас қылышына жармасты. — Суымызды ала алмайтын болсақ, жер асып, су асып неге келдiк?! Елдiң бетiн қалай көремiн? Жезкиiк пен Бозторғайға не деймiн? «Жаным — арымның садағасы, арым — елiмнiң садағасы». Ұлықсат бер маған, әже.
— Бiр ертегiде оқығаным бар. Есiме жаңа түстi,— деп Сабалақ Сарбас кимелеп кеттi.— Алмас қылышыңды былай кесе ұстап аласың да, лебiн тартқан кезде аждаһаның iшiне қарай сүңгисiң. Сонда алмас қылышың жалмауызды екi бөледi де тастайды.
— Табылған ақыл! — деп сұлу Суыр секiрiп түстi.
— Iшi толған су ғой. Суға батып кетерсiң,— деген күмән айтты Сұңқар.
— Бұның бар күшi суда. Суын ақтарып алсаң, кәдуiлгi тулақ болады да қалады, — дедi ұзақ ойланып отырып Майтабан Жайбасар әже.
— Ең тынышы — бұл жауызды шауып турап тастаған! — деп тiсiн қайрап, семсерiн сығымдады Бидас.
— Бала батыр, сен қызбалыққа салынып арандай берме, — дедi әже. — Әр iстiң өз ыңғайы болады. Ыңғайы табылып жатса, қан төгiп қайтемiз. Қантөгiс десе бар-ау, ойпырмой, мүлде жүрегiм айнып кетедi осы. Ол да тiрi жан. Қанын төкпелiк. Қолымыздан келсе, зәбiрлемелiк.
— Ол бiздi зәбiрлеген жоқ па?! — деп орнына отыра алмай қалш-құлш еттi жас батыр.
— «Таспен ұрғанды аспен ұр» деген. Кешiрiмдi болған дұрыс. Түбiнде кешiрiмдiлiк пен кiшiпейiлдiлiк жеңбек, шырағым. «Оң қолың қылышқа жармасса, сол қолың араша түссiн» деген тағы бар. Асықпа. Ақылға салалық.
Онан да мына әңгiмеге құлақ сал. Баяғыда осы аждаһаның нағашы әжесiмен бiр төбенiң арғы баурайында ол, бергi баурайында бiз көршi тұрып едiк. Өзi менiмен құрдас едi. Барынша күлегеш болатын, пақыр. Кiшкентай сылтау табылса болды, болмашы нәрсеге де ыржалақтап күле беретiн. Апталап бiзге ұйқы бермейтiн де кездерi болған, жарықтықтың. Қолтығына әнтек шөп тиiп кетсе болды, бiр күн бойы өзiн-өзi тоқтата алмай даланы басына көтерiп, олай да, бұлай да аунап, iшек-сiлесi қатып шалқалап күлетiн де жататын. Сол күлге аунап күле беретiн мiнезiнен келе-келе Күлдiкөмеш Күлегеш әже атанып кетiп едi. Өле-өлгенше сол қасиетiнен арыла алмай-ақ қойған, топырағың торқа болғыр, пақыр. Асаталасат Күлдiкөмеш Күлегеш аждаһаның туған жиенi болса, бұл неге күлмейдi? Ең дұрысы, бұны қытықтап көрелiк, шырақтарым.
— Ай, бiлмеймiн-ау... Аждаһа күлдi дегендi естiсем, құлағым керең болсын, — деп, Сұңқар көзi қанталап дүр сiлкiнiп қойды.
— Таңғалатыны жоқ. Хайуанатта не қилы мiнез бола бередi, әрине. Мен де өз құлағыммен естiгенiм жоқ,— дедi Сабалақ Сарбас. Бiраз үнсiз отырып: — Бәлкiм, күлсе күлетiн шығар... үлкен кiсi өз көзiмен көргенiн айтып отыр ғой, — дегендi қосып қойды.
Суыр шаншылып тұра қалды:
— Мен барып, қытықтап қайтсам қайтедi?
Майтабан Жайбасар әже көзiн бiр ашып, бiр жұмып отырып:
— Сабыр, шырақтарым, сабыр, — дедi. — «Сабыр түбi — сары алтын». Асығып, аптықпаңдар. «Асықпаған арбамен қоян алады». Қытықталық. Алайда соның өзiне де дайындалып кiрiспесек, әлек-шәлегiмiз шығады. Аждаһа ойнайтын жау емес.
Ең ақырғы шабуыл. « Охо!.. хо!» да «Ха!.. Ха!..» «Алақай» да «Алақай!»
Бұлар түске дейiн тәжiкелесiп отырып-отырып, ақыры бәрi де бiр байламға келiп, ертеңiне ертемен жұмысқа жұмыла кiрiстi де кеттi. Жұмыс әп дегеннен қызу басталды. «Ол қандай байлам? Сонда ол қалай?» дейдi ғой жеп отырған нанын былай қойып, ертегi оқып отырған оқушы. Әскери құпия алдын ала жарияланушы ма едi, сiрә да. Шабуылдың құпиясын алдын ала жария етуге ешқандай да қақымыз жоқ екендiгiн бiздiң оқушылар да дұрыс түсiнер деп ойлаймыз. Әже жоспарының қалай жүзеге асқанын iс үстiнде көре жатармыз.
Сонымен, Сұңқар самғап ұшып кетiп, биiк те мықты ағаштардың қай жерде өсiп тұрғандығын Бидасқа айтып келдi. Бидас сол ағаштарды түбiмен қопарып екi қолтығына қысып алып, ұйықтап жатқан аждаһаның бас жағына жақындатып төбенiң астына жинай бердi. Асаталасат болса кезектi ұйқыға кеткен, қорылға басып сеспей жатыр. Бала батыр жеткiлiктi ағашты тасып болған соң, өзi, Майтабан Жайбасар, Сабалақ Сарбас, Суыр және Сұңқар сыятын сал буып дайындап қойды. Сабалақ Сарбас пен Суыр болса, күнi-түнi тыным таппастан, iн қазып, аждаһаның жалаңаш қолтығының астына жақындай түстi. Тырнақтары мен тiстерi мұқалып қалды, белдерi жiңiшкерiп кеттi, тұмсықтары балшық-балшық болды. Көздерi бозарған. Күндiз күлкi, түнде ұйқы көрмедi. Әбден шаршаған Майтабан Жайбасар әже iннiң аузында аузын ашып ұйықтап қалды. Сұңқар болса, кiрпiк қақпастан самғап, көкте аждаһаны бақылап жүр. Аждаһа қорылдап жатыр.
Күндердiң күнiнде ауыздары ағал-жағал, көздерi iлмиiп арып-ашқан Суыр мен белi үзiлуге келген Сабалақ Сарбас құмырсқа екеуi iннен шығып келiп:
— Бiттiк,— деп аузын ашып қатып ұйықтап жатқан әженi оятты. — Аждаһаның қолтығының астынан шықтық. Iркiлдеп су тамшылап тұр. Денесi сасуға айналған,— Суыр мұрнын басып, басын шайқады. — Ой, жаман-ау, иiсi жаман қолқамды атып кеттi.
— Бәрекелдi... Бәрекелдi... — деп, әже жатқан орнынан тырбаңдап әрең көтерiлiп көзiн сүрттi де, қолын сыртына қайырып тастап, олай-бұлай кезе бастады. — Жiгiт болғандарыңа. Бұларың дұрыс ендi. Азаматтық iс тындырдыңдар. Әйтеуiр, ақыры қайыр болғай. Бидасты шақыр.
Сұңқар тапсырылған жұмыстарын түгел тындырып тастап, үйiп қойған бөренелерiнiң көлеңкесiнде бiр аяғын екiншi аяғының үстiне салып, ендi жұлдыз санасам ба екен деген ойға кетiп, не iстерiн бiлмей тiсiн шұқып жатқан бала батырды шақырып келдi.
— Қалай? Дайынсың ба?
— Бәрi дайын, әже!
— Олай болса, Сарбас пен Суыр бiр күн мықтап демалып алсын. Сен де тырп етпей, тынық. Ең басты қиын жұмыс ендi басталады. Сұңқар, сен де үңгiрден ұшып шығушы болма.
Тас үңгiрдiң iшiнде тағы да бiр күн, бiр түн өлi тыныштық орнады. Тұяқ серiппестен жатқан қуғыншылар алдағы айқасқа әркiм iштей тiсiн қайрап дайындалып жатты.
Майтабан Жайбасар әже жұртты таң сыз бере оятты.
— Ал, жолдарың болсын, шырақтарым! «Талап тас жарады, тас жармаса, бас жарады», — деп бәрi де бiр ауыздан шу ете қалды. Үңгiрдiң iшi жаңғырығып кеттi.
Суыр шаншылып тұрып:
— «Тәуекел де — тас жұт», — деп шiңкiлдеп қойды.
— «Тәуекел де — тас жұт!» — дедi бәрi.
Құмырсқа қолындағы сағатына қарап:
— Әр минут қымбат. Тездетелiк, жолдастар. «Бiрлiк бар жерде — тiрлiк бар»,— деп аяқтарын бiр-бiрiне үйкендi.
— Бұнікi де рас-ау. «Бiрлiк бар жерде — тiрлiк бар», әрине,— дестi жұрт.
— «Талаптыға нұр жауар», — деп Сұңқар көкке самғай жөнелдi. Қуғыншылар оның соңынан қолдарын бұлғады:
— Талаптыға нұр жауатыны рас! Бекем бол! Достарының «Осында жата бер. Салқын тиiп қалады», — дегенiне қарамастан, Майтабан Жайбасар әже де ыңқылдап жүрiп белiн мықтап буып, көзәйнегiн сүртiп киiп, жолға қамданды.
— Ол не дегенiң, шырақтарым-ау. Осындай ұлыстың ұлы күнi кеудесiнде жаны бар адам жайбарақат жата алатын ба едi. Менi қанша жерден сүйегiн сүйретiп не үшiн келдi дегендерiң сонда? Көзiммен көрiп отырайын. Алып барыңдар. Ажалым жетпесе, оны көрермiн. Демiм бiтiп жатса, сол жерде, басында қалғаным. Бұндай бiрлiк күнiне жеткен менде не арман болушы едi.
Амал кәне, әженi де ала жүруге тура келдi. Бидас ептеп басып үңгiрден шықты. Үңгiрден шыққаны сол екен, аждаһаның iшiне тартқан лебi аяғын аннан-мыннан бiр тигiзiп дедектетiп ала жөнелдi. Жүз жасаған еменнен ұстап едi, оны бiр жұлып кеттi. Табанын төбеге салып едi, төбенi жұлып бiр кеттi. Зымырап құстай ұшып келедi. Табар амалы таусылған соң дереу жартасқа барып жабысты. Жартас дiр-дiр етiп, қозғалмай әрең қалды. Ендi жер бауырлап алдын ала үйiп қойған бөренелерiне еппен ғана жақындай түстi.
Суыр мен Сабалақ, Сарбас өздерiне жүктелген мiндеттерiн орындау үшiн аждаһаның тақыр қолтығына жеткiзiп қазып қойған iндерiне сүңгiп кеткен.
Бiр сағат кеттi — тым-тырыс. Екi сағат кеттi — тым-тырыс. Майтабан Жайбасар әженiң тағаты таусылып «әлгiлер аман болса неттi» деп, қолын сыртына қайырып төбенiң бергi баурайында олай да кездi, бұлай да кездi. Бидас болса, тастың арасынан баспалап аждаһаға қарап жатыр. Аждаһа бейғам. Қорылы сол қорыл.
Бiр кезде бұларды зарықтырып-зарықтырып барып аждаһаның бiр бүйiрi бүлк ете қалды. Сабалақ Сарбас пен сұлу Суырдың тақыр қолтыққа аман жетiп, қытықтай бастағандары. Асаталасаттың iшiндегi суы салдыр-күлдiр еттi де, қайта жатты. Майтабан Жайбасар әже: «Әп, бәрекелдi! Тағы да! Тағы да!» — деп жұдырығын түйiп, тiсiн қайрады.
Шамалыдан кейiн қайта бүлк етiп, «Ойбай, қытығым келедi. Қойшы осы»,— деп мырс еттi. Әже қуанғанынан көзi жайнап, белiн буған орамалын шешiп жiберiп, сауытын лақтырып тастады.
— Иә. Сәт! Сәт!
Бидас жер бауырлап жатып, ернiн тiстеледi.
— Әже, тоңып қаласың. Шапаныңды киiп ал. Әже деймiн...
Сонда барып әже: «Бәтiр-ай, шапанымды шешiп тастағанмын ба, немене»,— деп сауытын үстiне қайта төңкерiп алды.
Асаталасат мұрнының астынан:
— Қой, әй! Қойсайшы! Қытығым келедi. Мен бiр күлкiге осал аждаһамын. Қойсайшы ендi,— деп мiңгiрледi. Бiрақ аузын ашпады.
Сұңқар құлдилап келiп, Асаталасаттың тамағының астынан жыбыр-жыбыр қасыды.
Сол кезде барып: ;
— Охо...о...хо! Ха! Ха! Ха! — дедi тажал.
Асаталасаттың аузы арандай ашылды. Күн күркiредi. Екi таудың арасы жаңғырығып, аспан айналып жерге түскендей болды. Мына дауыстан шошып кеткен Бидас құлағын басты. Ол заман да бұл заман бұндай аламат дауыс естiсе, Бидастың құлағы керең болсын. Әже қорыққанынан сауытының iшiне басын тартып ала қойды.
Сол сәт Бидастың есi кiрiп:
— Уа, апа! Өзiң қуат бере көр! Ешкiмге жазық-жапасы жоқ бүкiл балапандар мен балақандардың тiлегiне! — деп айқай салды да, дайындап қойған барлық бөренелерiн қолтықтап тұра ұмтылып, аждаһаның арандай ашылған аузына сүңгiдi де кеттi. Бөренелердi тажалдың азуының арасына әр жерден тiредi де тастады. Одан ышқынып қайта шығып, бөренелердi қайта тасып, ақ тер, көк тер болып, тау мен аждаһаның арасында құйындай үйiрiлiп, көз iлеспей зыр жүгiрдi келiп. Аждаһаның аузы болса, жабылмай қарысты да қалды.
Майтабан Жайбасар әже мәз-мәйрам, аузын ашып аңқиып отыр. Қуанғанынан көзiнен жас тамып кеттi, көзiн сүрткен жоқ, қолын балаша шапаттайды.
— Иә, сәт! Тiршiлiк атаулының көз жасы мен тiлегiн бере көр. Иә, сәт!
— Охо! Охо! Охо! Әй, бұл кiм, әй? Ойбай, қытықтама деймiн! Шөлдеп қаламын! Қытықтама! Ха! Ха! Ха! Бұл қай жүгiрмек ажалымен ойнап жүрген! Охо! Охо! Охо! Ойбай, iшегiм-ай. Ха! Ха! Ха! Ха!
Аждаһаның арандай ашылған аузынан Көкшулан теңiз сау ете қалды. Кәдiмгi Бетпақдаланың Көкшулан теңiзi. Көкшулан теңiзден кейiн Қоғалы өзен, Қоғалы өзеннен кейiн Дарқан дария, Дарқан дариядан кейiн Мыңбұлақ төгiлдi. Майтабан Жайбасар әже қуанғанынан аспанға секiрдi. Секiрген кезде сауыты тағы түсiп қалды.
Аждаһа «Охохосы» мен «Ахахасын» баса алмай жатқанда, Бидас бiр жартасты аждаһаның оң жақ езуiне, екiншi жартасты сол жақ езуiне қыстырды да тастады. Аждаһа болса сонша күлгенiм ұятты, ендi аузымды жабайын десе, аузы мүлде жабылмайды.
Ендi аждаһаның аузынан алдымен қара бұлт, қара бұлттан кейiн ала бұлт, одан кейiн қазбауыр бұлт, шарбы бұлт, ақша бұлт, шуда бұлт, түйемойын бұлт бiрiнен кейiн бiрi қалқып шыға бердi, шыға бердi.
Көкшулан толқын туған жерiн сағынып қалған екен, аждаһаның келген iзiмен өзiнiң Бетпақдаласына қарай «Алақайлай!» жөңкiлдi. Қапастан әрең босанған бұлттардың барлығы өкпелерiн қолдарына алып бiрiнен кейiн бiрi тiзбектесiп Бетпақдалаға бет алып қалқи жөнелдi.
Таудың арасы болса ақырзаман орнағандай ызы-шу, қым-қуыт.
— Охо...хо...хо! Ойбай, iшiм-ай. Ха-ха-ха! Iшегiм түйiледi деймiн, әй! Iшегiм! Охо...хо...хо!
Жайбасар әже Сұңқарға:
— Сарбас пен Суырды тез жеткiз! Осы қытықтағандары болады. Бұл мешкейдiң туған нағашысы Күлдiкөмеш Күлегеш екенi рас болса, әлi үш күн күледi. Басы-көзiмiздiң сауында бұл арадан тез кетейiк, — дедi.
Сұңқар дереу Сабалақ Сарбас пен Суырды алып келдi. Олар келу бойына бала батыр дайындап қойған салын суға тастап жiбердi де, достарын жанына алды. Асау тасқынның үстiндегi сал Бетпақдалаға қарай құстай ұшты. Үш күн бойы жөңкiлгенше күлкiсiн әлi тыя алмай жатқан аждаһаның даусы естiлдi де тұрды.
— Охо...хо...хо! Ха! Ха! Охо...хо...хо! Ойбай, iшегiм-ай! Iшегiм қатты-ау, бұлай рақаттанып күлмеспiн. Ха! Ха! Ха! Ха! Ха! Ха!
Сұңқар халайықтан алдын ала «Сүйiншi!» сұрауға асығып ұшып кеттi.
Сүйiншi, халайық! Сүйiншi! Сарғалдақтар мен қызғалдақтар дестесi Көбелектер биi
Қуғыншылар сол жөңкiлгеннен жөңкiлiп отырып, Бетпақдалаға жақындады. Хабарды Сұңқардан естiп, бұлардың алдарынан ең алдымен шыққан Жезкиiк болды. Iзiне Құралайын ерткен ол тасқын судан жүзiп өте алмай жағалауда салмен жарысып шапқылады да отырды.
Содан кейiн Бозторғай ұшып келдi. Ол балапанымен екеуi бұлардың үстерiне қалбалақтап тұрып алып, жақтары талғанша «Бозторғай» әнiн шырқады келiп, шырқады... Аналы-балалы бозторғайдың дауыстарынан бүкiл даладағы тiршiлiк түгел оянды. Қурап жатып қалған шөптер бастарын көтердi. Сарғайып кеткен ағаштар бүршiк ата бастады. Судан нәрленген Бетпақдала көкорай шалғынға көмiлдi. Шалғын аждаһадан су алып бергенi үшiн үстiндегi елшiлерге бастарын иiп, бауырларын төсеп, қолдары жеткендерi аймалап шығарып салып жатты.
Бидастың анасы Әлима күндiз күлкi, түнде ұйқы көрмей, екi көзi төрт болып жолға қарап отыр екен, баласының маңдайынан сүйiп, мың түрлi гүлден десте-десте шашу шашты. Самал жел сол гүлдердi бүкiл далаға таратып алып кеттi. Қырда қызғалдақтар мен сарғалдақтар шешек атты. Құлпырған сан алуан гүл көздiң жауын алып, хош иiсi мұрын жарды.
Сары көбелек көк көбелектен шүйiншi сұрады. Көк көбелек етегiне сүрiнiп барып жасыл көбелектен шүйiншi сұрады, жасыл көбелек сұр көбелектен, сұр көбелек қызыл көбелектен, қызыл көбелек қуанғанынан бiр кебiсiн киiп, екiншi кебiсiн кимеген күйi ақ көбелектен шүйiншi сұрады. Қойшы, әйтеуiр, жер жаһанды көбелек жайлап кеттi. Мың сан көбелек күнi-түнi дамыл таппастан, қалбалақтап би билеп, ән салып сайрандап жүрдi де қойды.
Онан кейiн қаңырап қалған далаға ақ төс, қара тұмсық қарлығаштар ұшып келдi. Бетпақдала адам танымастай құлпырды. Тiршiлiк атаулының бәрi де у да шу, мез-мейрам. Дала түгел мейрамдады, жер жаһан жайнап кеттi.
— Су келдi, алақай!
— Су келдi!
— Шүйiншi, халайық! Шүйiншi!
— Су! Су!
Салдың үстiнде шiренiп тұрған Сабалақ Сарбас маңдай терiн сүртiп, дәл осы кезде сағатына қарады да:
— Он екiден жетi минут кетiптi-ау өзi,— дедi.— Мүлде сағатымызға қарауға да мұрсамыз болмай кеттi ғой.
Тасбақа әженiң көңiлi босап, орамалын алып, көзiн сүрттi:
— «Алтау ала болса, ауыздағы кетедi, төртеу түгел болса, төбедегi келедi» деген осы. «Қалауын тапса, қар жанады» деген тағы бар. Көрдiңдер ме, бәрiмiз күш бiрiктiрген соң, әйтеуiр, амалын тауып сыбағалы суымызды қайтарып алғанымызды. Қандай iсте де бiрлiк керек, шырақтарым, — дедi ол. — Бiрлiк жоқ жерде — береке де жоқ.
— Әрине, бiрлiк керек! — дейдi бiреу. Бидас: «Бұл кiм?» деп жан-жағына қараса — баяғы қызыл Түлкi. — Туған жерiмiзге су келiп, берекемiз кiрiп қалды ғой, түге.
Бидас сатқын қу түлкiнiң мойнын бұрап жұлып алғалы тұра ұмтылып едi, Майтабан Жайбасар әже:
— Қой, шырағым, қой. Бiлгенiң қайсы, бiлмегендi кешiрмесең. Кешiрiмдi болғайсың, — деп, жiбермедi. — Ел iшiнде бiр тентек жүрмей ме. Қайтесiң, жүре берсiн.
Қырық күншiлiк жерден арып-ашып келген Қасқыр тiршiлiк атаулының бұл аламан-асыр тойына «құтты болсын!» айтты.
— Сол күнгi даланы көрсең, шiркiн! Ой...бо...ой! Көзiңдi жұмып, таңдайыңды қағар ең. Өзiмiз көргенбiз. «Бозторғай» әнiн тыңдап, мың сан көбелекпен биге түскенбiз. Сабалақ Сарбас пiсiрген бауырсақтан да ауыз тигенбiз. Ертегi осымен бiтедi. Бiтетiн себебi —
суынан мақұрым қалған аждаһа тулақ болды да қалды. «Адам арыса — аруақ, ат арыса — тулақ» деген, тулақ болып қалған аждаһадан кiм қорқушы едi?
Қорықпа. Сен де ертегi оқимын деп, былай алып қойған наныңды асықпай-үсiкпей жайбарақат жей бер ендi, оқушым.