Жазықсыз тамған қан
Тарбағатай тауының жотасынан созылып түскен әрбір салалардың арасы сарқырап аққан бұлақ. Жағасындағы көгал жер тығырықтарда ақбоз үйлі ауылдар. Біз бұл ауылдарды аралап, біріне қонып, біріне түстеніп жүріп, бүгін бесінші қоналқаға Мәсәлім деген бидікінде едік. Менің еріп жүрген кісілерім бұл көрген сый-құрметке мен де ортақ едім.
Түсе сала қымыз құйылып 3-4 қабаттап салынған таза көрпеге отырған соң, аяғымызды көсіліп жастыққа жантайыстық. Үй иесі: «Малға бата қылыңыз» деген соң, далаға шығып, бес күннен бергі әдетімізше бір тай, бір қойға бетімізді сипап, келіп отырдық. «Осымен сегіз тай болды ма, әлі алдымызда неше тай, неше қой жатыр-ау» деп төменірек отырған бір отағасы төрге қарап күліп қойып, кейбірімізді жымың еткізді.
Кеш болды. Әлі ішіліп жатқан қымыз, желініп жатқан ет. Қымыз шекені қыздырған соң, жастыққа шалқиып жатқан мырзаларымызға әңгіме - ермек керек болып, біреуді біреу түрте сөйлеп қалжыңдасу басталды.
Мәжілісіміздің ақсақалы Құрбан қажы:
— Балалар, құр қалжың неге керек, газеттерің, қисаларың болса, оқыңдар! — деді.
Газет дегенге үй иесі ынтасыз болғандай:
— Біздің бұл қытай елі әзір ондаймен үйірлігі жоқ; біреу ондайды айтып отырса құлаққа кіргізбей, домбыра шертіп, яки бір іске айналғымыз келеді, — деді.
Бұл сөзге біздің мырзалар да қарап отырмай, тұс-тұсынан өздерінің орыс елі болып, оларға қарағанда ашық, пікірлілігін көрсете, ондай-мұндай айтқан болса да, айтушының көңілі үшін тана таңдалғаны білінген соң ұзамай тоқтасты. Біреуімізден «Бақытсыз Жамал» кітабы табылып, үйдегілер енді соны тыңдауға айналысты. Өзгелері тыңдағанмен не жақтырды, не жоқ. Манаты ақсақал Құрбан қажы түгел оқытып естіген соң:
— Құрғыр осындай әдеттердің қате екені рас-ау, бала күнімде осындай қыз алып қашқан бір жігітті тас теңдеп түйеге асқыза өлтіртті осы Мәметек деп маған қарады.
Мен оны қалайша өлтіргендігін сұрап, ескі қазақы мінездерді жаза жүруге көңілім бар екенін білдірген соң, бір қолымен таситын тарта - тарта, көсілген аятын жинаңқырап Құрбан қажы сөзге кірісті.
— Балам, бұл көріп жүрген елің Мәметек атанды. Мәметек осы күні мың шамалы үй; үштен біріміз Қытайға қараймыз. Мәметек ішінде ең жуаны Атантай атанған міне біздер; қалмақ қатыннан туған жіңішкесі - Ешке деген ел. Сол Ешкенің менімен адас Құрбан деген жақсы жігіт болды. Біз көрдік: қып-қызыл нарттай, жігіттің төресі еді, жанып тұрған өрт еді. Сол жігіт пысықтық қылып, менің әкемнің ағасы Тана бидің қылышынан қан тамып тұрған кезінде, інісі Шаланың Мүни деген қызымен көңіл қосып жүріпті.
«Дұғай-дұғай сәлем де ақ Мүниге,
Сағынғанда зар болдым бір көруге.
Екі ортада сары бел, сары жон бар,
Әттең ат шыдамайды зар желуге!» -
деген өлең сол Құрбандікі.
Оларласты деген жерде, біз Терісайырықта отырамыз, арасы 35 шақырым. «Сары белі» өзің көрген тау той. Ақ Мүни десе ақ Мүни, кісі жұтып қоярдай сұлу да еді өзі. Әлгі оқыған «Жамалдарындай» бұл екеуінің де серттері қатты болса керек.
Бір күні кешке Құрбан барса Мүнидің ауылындағы жартаста әрі отырып, бері отырып, таң атуға айналған соң, отырған жерінен бір тасты алып қыздың тұсына лақтырыпты. Қыз да ұйықтай алмай жатады екен: үйге тиген тастан дал ада Құрбан тұрғанын сезіп, тысқа шығып жолыққан екен десуші еді.
Мәметек мың үй болса да, әлі осы күнге дейін бірінен-бірі қыз алыспайтын әдет бар. Оның үстіне Мүни күйеуге беріліп қойылған қыз. Құрбанның ешкелігі тағы бар. Құрбанға Мүниді алудың жалғыз-ақ жолы: алып қашып, елден-жерден безіп кету еді Құрбанды жастық дерті буғанда шыдатпады. Әке-шеше, бауырларын мұндағы Мәметектің талау-талқысына тастал, Мүниді бір түнде жабықтан шығарып алып, жол тартты. Құрбан бұл істі істерінде Ешкенің басты адамдарға білдірген жоқ, өзінің туысқандарына да ақылдacпапты. Ақылдасса: «Жуан атаның баласы өлтірмей тыныш таппайды, малмен құтыла алмаймыз» — деп қорқу айтатынын білген.
Тананың хан болып тұрған заманы, інісінің қызы үшін Ешкені қалай тентіретем десе де, қолынан келеді. Тананың сол сырт ызғарының өзіне шыдай алмай, туысқандары һәм Ешке болып қуып барып, Қалбаның арғы бетіндегі Матай ішінен сүйіп қосылған екі жасты алып келді.
Ешке басымен інісінің қызына қол созғанға Тана бидің сүйегі сырқырап, Құрбанды өлтіртпей ашуы тарқайтын болмады. Екеуін де өлтіріп, Мүни үшін Ешкеден құн мен айып алмай бітпеймін деп жатып алды.
Қыз бен жігіт кісенде бір ай жатқан соң, жұрт жиылыс жасап:
— Бұларды қайтушы еді? — дегенде Тана би:
— Екеуін де өлтіріп, айтқанымды қыламын, — деген сөзінен айрылмайды.
Ешкелер Мүни үшін құн тартпауды ойлап, Құрбанды өз қолдарынан өлтіргелі, көзін тартып байлап топқа келді.
Кешегі өзекті Шилібастау дейді, соның ат шапқан, өзіміз отырған қырына жұрт жиылған еді. Менің сонда 16-дағы кезім бе екен... әкемнің қасында жүрмін. Тас теңдеп, түйеге өзін асқалы жатқанын біліп Құрбан қолы байлаулы, көзі тартулы, кісенімен өзектегі біздің жұртқа қарай ойбайлап қашты:
— «Жұртым-ау! Қаныма ортақ болмасаңдаршы, мені тым болмаса, өлтірем деген елдің қолына берсеңдерші! Енді Мүниді өлтірмеңдер», - деп зар илеп жалынғанын естіп тұрдық. Кісі жанталасқанда мықты болып кетеді екен ғой: асамыз деген сүйрелеген жігіттерге бой бермей, арпалысып бақырып жатты. Мұны көріп менің әкем Кенжемырза Тана бидің қасына шауып барып:
— «Асылғанды кесетін, түйілгенді шешетін, бұрын бұндайға ханнан қалған үлгі, қарадан қалған жол бар ма?» — деп еді. Тана би үндемеді.
Сонда Тананың қасында мына Төртуыл елінің сол кездегі Әлібек дейтін әкімі бар, о да үндемеді. Бір-екі ақсақал бұрын мұндайдың бәрін өлтіргендік жолын айтты. Әлібек, Тана екеуі бірден үндемеген соң әкем:
— «Қаны жұқса, өздеріне жұқсын, жүр, балам, былай кетейік», — деп мені тізгінімнен ұстап, топтан шығарады.
Ауылға қарай жүрдік. Қалай ауылға біз де жүрдік, Құрбанды да асып, түйені желдіртіп жіберді. Сонда түйенің басын жетелеген өзінің туған атасы Олжеке, айдаған Ережеп дейтін кісі. Осы күні екеуінің тұқымы да оңбай кетті. Сонда күн күйіп кеткен секілді, қызарып көрініп, қараңғылық түскендей болды.
Тас теңдеп, түйені желдіртіп жүргенде, әкем таты шыдай алмай, жібін қиып жіберейін деп қайта шауып барса, Құрбан аятын бір иіріп жиып алып, қайғы сылқ түсіріп жібергеннен жаны шыққандығын біліп қимай қайтты. Мойыны сала қарыс ұзарып, беті топыраққа боялғаннан барбиып ісіп, көзі қызарып шарасынан айналып шығып кеткен екен, көргенде жүрегім тіксінді деуші еді әкем.
Кешегі өзің көрген бейітке Құрбанды апарып қойысты деп ақсақал сөзін тәмәмдады.
1915