Әлиханның Семейге келуі
Кеше, жақын Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық үйіне» қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Семинаристер бір рет, гимназистер бір рет, куристер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер де бар. «Сегіздегі бала сексендегі шал да қалмай» дегендей, тойға бара жатқандай бөрінің де мерейлері үстем, еңселері көтеріңкі, жүздері жарық, көздерінен, қозғалыстарынан қуанғандықтары көрініп тұрушы еді. Бір-біріне жолыққанда қуаныштан аман - сәлемді де ұмытып сөздері: «Поезд қашан келеді деу ғана» еді. Бұлар кімді тосады? Бұлардың поезд келген, келмегеніне не ісі бар? Әлде «Генерал-губернатор келеді, даяр болыңдар» деп жандарал өмір берді ме? Онда осындай қуана ма? Онда жалмауыздың жалғыз көзінде маңдайы жарқырап қазақтарды жолдан былай тұр деп қойша иіріп сабап жүретін пристав, стражниктер қайда? Онда «жұмысқа керек» деп жиылған қазақтардың астарынан аударып алып жататын аттары қайда? Онда етектері далиып, мойындарына бір-бір сары жездерін салып алып ерсілі-қарсылы шауып жүретін болыс, ауылнайлары қайда? Жоқ, мұның бәрінен де 27 февральдан бері қазақтың арқасы босаған, аяғы шешілген. Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, (қайткенде алаш көркейер деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді.
Әлгі көше толы ағылған қазақтың бәрі «Бостандық үйіне» барып толды. Арналған кісілер халықты реттеп отырғызды. «Қарсы алу тойымыздың үлкені ертең Алаш қаласында болсын, және бүгінгі күн Ертістен қайық жүрмейді, поездан шаршап келген кісіні көп ұстамауға бүгін комитет кісілері һәм бергі жақтағы оқығандар қарсы алсын» делініп жұрт Алаш қаласында көріспек болды. Бірсыпыралар Әлихан келгенде құтты болсын айтуға һәм оның қылған қызметтеріне жүректерінің қалай риза болғанын білдіруге қандай сөз табудың қамына кірісті. Қозыбағаров һәм басқалар жас балаларға және қара халыққа Әлиханның өмірін, қылған қызметтерін сөйледі.
Сөйтіп отырғанда поезд тосып автомобильмен алып келуге жіберген екі кісінің (Мұстақым һәм Тарабаев) басы көрініп, күтіп отырған құрметті еріміздің келіп қалғаны білінді. Ал жұрт қадыр кісісін көргенде мұндай сүйсінбес. Әркім түрегеліп аяқбасқан жерінде қуаныштан бір-екі минут есінен айырылып па, әйтеуір дағдарыңқырап тұрды. Ғалихан жұртқа аман - сәлем қылып отырған соң, қара халық атынан Шынжы Мұсатаев келгеніне құтты болсын айтты. Онан соң комитет атынан Ахметжан Қозыбағаров сөйледі. Онан соң учительдер атынан Мәннен Тұрғынбаев айтты: «Сүйікті басшымыз! Еңбегің жанды. Ұлтыңыздың жандана бастағанын көзіңіз көрді. Өзінің оқытушы екенін жасырып жүретін оқытушылар мынау отырған. Бұрынғы келгендеріңізде дидарыңызды көрсетпей жауып қойған уақыт да болып еді. Жүзіқаралардан қорқып біз де бүйтіп көрініп алдыңыздан шыға алмаушы едік. Құдай бізді бүйтіп қарсы алуға жеткізді. Біз, оқытушылар, пікіріңізді жайып, еліңізді тірілтуге даярмыз. Жаса, біздің биік басшымыз! Сізді көрумен өзімізді бақытты санаймыз». Сонан соң жалпы жастар атынан С. М. Торайғыров келуін былайша құттықтады:
«Көш бастаған еріміз!
Қуанышта еліңіз.
Төбеміз көкке жеткендей,
Көкіректен бүгін кеткендей,
Сізді көріп шеріміз.
Еліңіздің бұл шағын,
Алаш туын һәм бағын,
Көзбен көріп төленді,
Көптен бергі теріңіз,
Алаш туын қолға алған
Қараңғыда жол салған
Арыстаным, келіңіз!»
Онан соң оқушылар атынан Аймауытов сөйледі:
«Қараңғыдан қан жылап қаңғырған күнде басынды алаш жолында құрбан қылған ағамыз, асқар беліміз!
Сізді көргендегі жүректің қуанышын тіл айтып жеткізерлік емес. Өміріңді жіберген жолың, біз, інілеріңе жағып қойған шам - шырақ.
Жасасын, сүйреген, алашың! Жаса сабазым!»
Онан соң басқалар тарапынан сол реттес сөздер айтылып болған соң Әлихан ағай тұрып жұртқа қарап аман - сәлем құттықтауды қабыл алғанын білдіріп, қысқа ғана сөйледі:
«Ағалар, інілер! Мені бұлай қарсы алғандарыңа рахмет! Бірақ ұғыну керек: бостандықты туғызған мен емес, орыс ерлері. Мен олардың жолында жолдастықта жүрген кісі. Жүз жылдан бері бостандық үшін атылған, асылған солар. Рахметті соларға барып айту керек. Бостандыққа қуансаңдар, мені басшымыз деп айтқандарың шын болса, міне, мен өле-өлгенше сендерге қызмет қылуға уәде беремін, сендер уәде бересіңдер ме бостандықтың жолымен болуға? Бостандықтың жолымен болсаңдар: бишараны жемеуге, партияны қойып, бірігуге, бас пайдасымен жұрт пайдасын бірдей көруге, барлық күндеріңді ғылым жолына, бостандық арқасымен көгеру жолына жұмсауға керек. Міне, бостандық болғалы осыларды қылып отырған шығарсыңдар. Осыларды қылсаңдар, бостандық өзінен-өзі сендерге түк әкеп бермейді».
Бұдан соң жұрт ертең Алаш қаласына барып, Әлихан мен Әлімханның Сибирь съезінде сөйлеген сөздерін тыңдамақ болып тарады.
Алаш қаласына «Әлихан сағат онда өтеді» дегенмен, сол уақытты аңдыған халық теңізі толқындатып, қайық аузына қарай ағылады. Алдыңғы ретте көңілі есіңкі аттылар қолында «күнім туды, күн астында мен де... мен де...» деп көкке қарап, көкірегін керген Алаш туы көзге бұрын түсуші еді.
«Көтерілген туым бар, көтеретін ерім бар...» дегендей қылып, көңілі босап, көздеріне жас алған отағасылар, ақсақалдар бір рет еді. Балапандарын шуыртқан үйректей шәкірттерін қатарлап алдарында, қолдарында түрлі түстегі ту алып бастаған мұғалімдер бір рет еді.
Мұғалімдік курс шәкірттері де туын желкілдетіп бір рет еді. Көріністің бәрін жазуға мұршасызбын, әйтеуір бұл көріністі көрген қазақ қаны еріксіз «құдая, бүгін алсаң да» дегенді түсіруші еді.
Міне, қайықтағы автомобиль Алаш туының астында Әлиханын тосқан халық ішіне кірді. Автомобильден түсіп, аман - сәлем көрсеткен соң, доклад оқитын үйдің алыстығына қарамай, халықпен бірге жаяу жүрді. Мұнымен Әлиханның қайда болса халықпен бірге екендігі, бұрын мың қайтара болса, енді бірнеше мың қайтара болып ойланды.
Алаш қаласында ең кеңі осы деп, тандап даярлаған үйге халық сыймады: көбі сөзін естуден бұрын көруге құмар еді. Сыймай есікке, терезеге үймелеген халық тілегіне қарай Әлихан докладын далада жасады. Алаш қаласының ақсақалдары келгенін құттықтап, ықыластарын көрсетіп сөздер айтқан соң, халықтың ықыласын қабыл алып айтқаны мынау:
«Халық! Бұлай құрмет көрсетулеріңе лайық еңбегім сіңді деп, мақтана алмаймын. Бұрын мұндай құрметпен қарсы алынып көргенім жоқ, сондықтан құрметтеріңе лайық жауап беруге тосырқап тұрмын».
Сонан соң Семейдегі ноғай комитетінің жіберген Муслимов пе Әкірам имам Әлиханның баяғыдан бері халыққа қылған құрметіне ноғайлар атынан рахмет айтып, келуімен халықты құттықтады.
Мұнан соң жалпы Сібір съезі һәм учредсобрание туралы Әлихан һәм соңында Әлімханның доклады басталды.
Бұл докладтар туралы басылды, һәм басылып тұрар. Сонда да сөздерінен менің ұққан қорытындым мынау:
Орыстың жері кең, бір шеті мен бір шетінің арасы 12 мың шақырымға барады. Бұл кең жердің әр жағына шашылып 105 тілмен сөйлейтін халқы бар. Бұлардың әр қайсысының күн көрісі, ойлауы, дүниеге, шаруаға қарасы әр түрлі.
Рух психологиясының басқалығына жабайы дәлел мынау: қазақпен қоныстас мұжық, жер бөлісі сызықтан қазақ малы аттап өтсе, онан үлкен кінә жоқ деп ұғады; қазақтың басын қағып тастауға даяр тұрады. Ал қазақтың жеріне мал түсе, оны үлкен кінә деп мұжық ұққандай ұқпайды.
Осындай тілі, жаратылысы, жаны бір-біріне бөлек халықтарға бір топ кісі қандай ақылды болса да бәрінің керегін біліп, бәріне лайықты заң жасай алмайды, лайықты заңды өздеріне - өзі ғана жасай алуға мүмкін. Заң жасауға сеніп, сайлап жіберген депутаттары халықтың өздерімен бір есеп. Бұл депутаттардың әр қайсысы «Заң ағашының» халқына келіспеген қисық жерлерін жонып, түзу ағаш шығармақ. Бұл «Заң ағашын» жонып түзулеп әр халыққа қолайлы қылып шығаратын орын - учредсобрание атанады.
Учредсобрание қазақтан барған депутаттар Россия патшасының автономия (ауыздықсыз) болуын қолдау керек. Автономия үш түрлі: 1) қаны біргелік; 2) жері біргелік; 3) шаруасы біргелік.
Қазақ жері біргелік автономияны қабылдап, Сібірге қосылғаны пайдалы. Қазақ болып жеке автономия сұраудың әзірге қолайсыздығы мынау:
1) автономияны жүргізіп әкетерлік кісіміз тіпті жеткіліксіз, қазақтың жалпысын тарих даярлаған жоқ. Қай күні жүргізуге қарап, Сібірден автономия сұрасаң, бөгет қылмайды: бұл Сібір съезінде жобаға кірілді.
2) Сібірмен қосылсақ, Россиядағы автономиялы халықтың бәріне сыбаға үлестіретін кең қазан - Думада елеулі боламыз, табақ жылдам таратылады, кезек ерте тиеді, себебі: Сібір автономиясында қазақ қосылып көптік бар, елеулі әскер бар, елеулі білім мәдениет бар, елеулі ішкі Россияға кететін шаруашылық нәрселері бар...
Бөлек автономия боламыз десек, надандықтан басқа түгіміз жоқ, бізге кең қазаннан сыбаға жылдам тие қоймас. Сыбағамыз Сібірдің шағын қазанынан жылдап тиіп отырар.
1915 жылдан бостандыққа дейін Россия Думасында, біз тұрсын мәдениетті Сібір сөзін сөйлеуге де 3-4-ақ кезек келді. Ол қараңғы уақыт болғанымен де, ғибрат алмауға болмайды.
3) Сібір Думасында якут, бурят басқа бұратаналармен қосылып, көпшілікті, яки, тең түсуді аламыз.
4) Қоныстас мұжық қазақтың жеке автономия сенің ішінде қалам демес, араларындағы қазақтар жерін оларға қалдырып кете алмас. Сібірге қосылуға мұжық даяр. Ал Түркістанмен бірге автономия алу қойны - қонышыңа тас толтыра, Ертіске сүңгумен бір есеп. Себебі: бізден қараңғылығы 10 есе, үлгі, үміт ете алмаймыз. Ташкент городской управасында сарттың гласныйлары, «обаға қарсы ем қылу халықтың құдіретіне қарсылық кінә болады, ем керегі жоқ» деп жасаған қаулылары автономия арбасына есек пен түйе жегіліп оңбайтындықты көрсетеді. Бұл заманда есек пен түйе жегіліп оңбайтындықты көрсетеді. Бұл заманда Бұхардың көзілдірігін қиіп, сарт көзімен дүниеге қарайтын кісілеріміз жалпының көбі десек те болады. Сондықтан жоғарғы Ташкенттік соқыр гласныйлары қазақтан жолдасты көп тауып, бүктеп отыруын болжауға көп әулиелік керек емес.
Осыны айтқанда бір қазақ қажысы мен бір ноғай молдасы мұсылмандықтан қозғап, ана әңгімеге рахаттанған жұрттың уақытын алып ренжітіп, жоғарғы сөздің тірі дәлелі болды. Жастар «пәленің алдында да аяттан дәлел салауатты, ер екен, білімді екен» деп қара халыққа айтқызғысы келгеннен басқа мақсаты жоқ молда мен қажыға көп ренжіп, Әлиханнан ұялып қана тоқтап тұрды. Солардың сонша соқырлығына жауап беріп түсіндірем деп азаптанған Әлиханды «есіл ер осының бәріне шыдайсың - ау, ұлтты сүйгенің - ау, жақсы кісі ит те, адам да өтуге шыдайтын көпір» мисалды - ау деп жастар бір жағы ғибрат, бір жағы Әлиханды аяды.
Басқалар турасындағы сөздерін екінші уақытта жазармын. Әлихан, Марсеков, Қозбағаров, Әлімбеков сайлау туралы қыздыратын сөздер айтып, жиылған жұрт ақырында:
— Алаш туының астында,
Куә болсын арамыз.
Көркейтуге алашты,
Құрбандық біздің жанымыз!
Былай тұрсын малымыз!
Алаш деген ел үшін,
Сарыарқаның жері үшін,
Бостандық берген ер үшін.
Төгілсін біздің қанымыз!
Аялмасын барымыз!
Жасасын, алаш, жасасын! –
деп көңілі босап, қуаныштан көздеріне жас алып тарады.
1917