Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Топырақ

Суыққа тоңып, ыстыққа піскен, ащы - тұщыны ішкен дегендей көпті керген қариямыз «Тәржіман» ақсақал 1331-інші номерінде жерді шарт жүгініп қолындағы мойыл таяғыменен жерді сабап, «Қазақ, қырғыз, башқұрттар - ау. Топырақ, Топырақ» деп сақалынан суы сорғалап бай - байлап отыр. Бұл бай-бай біздің қазақтың ақсақалдарының бай-байы секілді байларға басым сыйлы болсын, жарамсақтанып монтансыған бай - бай секілді көрінбейді, қолыменен ұстап, көзіменен көріп басынан кешірген ащы тәжірибені айтып, қарақтарым - ау, қапы қалма, - деп жақыншылықпен жаны ашыған бай-бай секілді көрінеді. «Топырақ, топырақ» деген бай - байын көшіріп жаздым.

С.М.Т.

ТОПЫРАҚ, ТОПЫРАҚ, ТОПЫРАҚ

1783-інші жылда Қырым хандығы мүлдем құрып, Россия ие болды. Бірақ Қырымның хандығы кетсе де халқы коп еді. Қырымда бір миллионға жақын татар, Россия даласындағы осы күнгі қырғыз, қазақтар секілді көшпелілікпен ғұмыр еткен жеті сан жанбойлық һәм басқа әр түрлі аталатұғын бір миллион шамасында ноғай бар еді. Араларында орыстың иісі де жоқ еді. Бүтін түсерлік жақсы жердің бәрі мұсылмандардың мал-мүлкі еді. Император Екатерина осы қалыпта тұрғызып еді.

Қараңыз. Қырымның суық қолға кіруіне, міне, 130 жыл болды. 130 жылымыз 65 жасаған бір ата, бір баланың заманы той, мұнымыз тарих жолында шиттей ғана аз уақыт емес пе? Сол аз уақыт ішінде өздерінің кең далаларында шалқып, тасып, толқысып толып тұрған бір миллион ноғай менен Қырымдағы татарлардан алты жүз мың жан жойылды, ізі де қалмаған. Қырым хандығының сімтірі болып қалған осы күні екі жүз мың шамасында Қырым жұрнағы бар. Есептегенде он бөлімнің тоғыз бөлімі жойылып, бір бөлімі қалған болады. Осы қырғын соғыс қырғыны емес, соғыста осынша жан қырылмайды ғой: және оба, тағұт қырғыны да емес, аурулар да сонша тұқым құрта қыратын мархабатсыз (қайырымсыз) емес қой. Бұл қырғын тіршілік қыла білмей, тіршіліктің қаруының, тіршіліктің білдірмей жұтынуының қырғыны. Ноғайлар көпше еді, Қырым халқы топырақ істеуді де, топырақтың қадірін де білмеуші еді. «Таңдағы тамақ тәңірден» деп жаңылыс ұғып жарым естеніп жүре беруші еді.

Ақырын-ақырын аяңдап арасына орыстар көшіп келе бастады: мүлік, алаң, орыс, немістер келіп орнықты. Тұрғын ноғай һәм татарлардың бірсыпырасы («Ауызы түкті жау келді, құтылу керек» деп) Түркияға қашып кетті. Үйде оңбаған түзде оңа ма? Түркияға барып та оңа алмай қырылды. Қалғандарды да топырақтың (жердің) тарылғандығынан сыйыса алмай қосыла бастады. Сөйте-сөйте жер-жердің бәрі сабаншы орыс пенен немістерге толып кетті. Қара құрттай қаптап малдың өрісін тарылтты. Өріс тарылған соң аяқты мал азайды, қырылды. Мал құрыған соң малменен күн көрген ноғай, татарлар да құруға бет алды.

«Топырақсыз дүниеде тұра алмас» деген айдай әлемге тегіс анық бір үлгі бар. Хайла қуаты да, шаруа қуаты да топыраққа тоқтайды ғой. Қырымның көшпелі халқы сондай болып тозды, бытырады жалғыз - ақ жоғарғы пәлелерден Қырымның таулық, бақтық бөліміндегі құшағынан жері, қолынан топырағы, қойнынан шөбі кетпегендері ғана құтылды.

Білесіздер, топырақ алла емес. Бірақ алланың жаратқан нәрсесінің ең оңдысы, ең қадірлісі, жанға саясы, жұртқа панасы.

Адам (F. С.) мақұлықтардың құрметтісі, артығы дейсіздер.

Құдай тағала адамды алтыннан жаратқан жоқ, баяғы жанға сая, жұртқа пана топырақтан жаратты. Алтыннан да топырақтың қуатымен болған нәрсе. Жанға қуат беретін, ғұмырға береке беретін, арысаң - ат, ашықсаң - тамақ болатын топырақ. Топырақ. Топырақ. Айтып-айтып келіп мынаны айтамын, шырақтарым. Бақ болсын, бақша болсын, қара бол сын, тақыр болсын, тас болсын қолға тиген топырақтан айырылма. Мойындарындағы парыз осы.

Қырым халқының қайғылы қара халдері қазақ, қырғыз, башқұрт, сендердің бастарында. Ғибрат алса алар еді, деп...

Бауырларым.

Аз демеңіз, көп демеңіз төрт қол, ауызыңменен тістеп жабысыңыз.

Мұнан елу жыл бұрын десятинасы он сомнан сатылған Қырым топырақтары, міне, бүгін үш жүз сом. Енді елу жылдан соң десятинасы мың сом болмағанда қайтеді!

1913


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама