Жел өпкен ғұмыр...
ЖЕЛ ӨПКЕН ҒҰМЫР...
Естимісің? Біз жел өпкен ғұмыр кешудеміз. Капастағы қол, өзгенің қолына асығады, олардың ортасын жалғап тұрған жел жібін сұм өрт аймалайды. Сеземісің? Өзге өзгеге құштарлана самғайды. Тым жақынсың, алайда арада ащы түтін. Жабық терезелер болмағанмен, көзіміз байлаулы. Түсініксіз халде оянам, өзім мүлдем білмейтін және сүйетін адамыма шарасыз сыңғыр дыбыстарын жеткізе алмай азап шегем, ұмыту белгісі ретінде үздіксіз іздеумен, сенумен келем...(В.Лев)
- Жерге түсіп жатқан алтындай сары жапырақтарға үңіліп, саябақтағы орындықта отырған едім, қарындас, бір жеріңіз ауырып тұр ма деп, біреу жақындап келді, - деп бастады өз әңгімесін Әнель. Шыны керек осы сөзді айта бастағанда жанарында шоқ болып, бір жалын көрінді. Сірә, қуанышты кезі жайлы айтып жатыр деп ойладым да, ары қарай жалғастыруын өтіндім.
- Әнель, бұл алтын түстес жапырақтар сіз үшін өте қымбат секілді ме деп қалдым, толығырақ айтпас па екенсіз? Неліктен? – деп сұрағымды жаудырттым.
- Ол жағын өзім де білмеймін, жаным?!)))).
Сол күні менің жағдайымды сұрауға келген адам – ұзын бойлы, ақ құба келген Елдос еді. Мен оған ештеңе болмағанын, әншейін көңілімнің түсіп кеткенін айттым.
- Сөйтіп мұңаюға бола ма екен? Қараңызшы күннің күліп тұрғанын. Сіз де бір күліңізші. Сіздей сұлу аруларға күлген жарасады, - деді Елдос.
- Өзіңіз бір қалжыңбас екенсіз, - дедім де, ары қарай назар аудармай отыра бердім. Ол тұрды да ештеңе айтпастан кетіп қалды. Әрине, көңіл бөлмедім, ерігіп жүргендердің қатарына қостым. Бір кезде уақытқа қарасам, тым кеш болып қалыпты. Орнымнан тұрып саябақ ішінде жүріп бара жатқанымда, артымнан:
- Қарындас, қарындас тоқтаңыз! Қайда бара жатырсыз?, - деген дауыс естілді. Бұрылып қарасам, қасыма келіп отырған бейтаныс жігіт екен. Тоқтап күтіп тұрдым.
- Үлгердім ғой, әйтеуір! Жаңа ғана мұңайып орныңыздан тұрмастай болып едіңіз, енді қай жаққа жол тарттыңыз, қарындас - деп күліп тұрған әлгі жігітті көріп, бірден күліп жібердім. Ол болса қолындағы кішкентай қонжығын маған ұсынып:
- Қарындас енді есіміңізді біле аламын ба екен?!, - деді.
- Әнель. Бірақ бұныңыз не? – деп берген сыйыңынан бас тарттым (бірақ күліп жібердім).
- Әнель,күлкіңіз тым әдемі екен, сізге шынымен мұңайған жараспайды, өтінемін, мына сыйлығымды алыңызшы, - деп өтінді.
- Жақсы, тек сіз де есіміңізді айтсаңыз ғана, - деп мен де мұңымды ұмытқандай болып.
- Елдос! Менің есімім Елдос! - деп қайталады. – Танысқаныма қуаныштымын – деді соңында. Мен әншейін күлімсіредім.
- Үйіңізге бара жатырсыз ба? Үйіңіз алыста ма еді?
- Ия, үйге бара жатырмын. Жоқ, жақын.
- Уақытыңыз тығыз ба еді? Жүріп қайтсақ қайтеді? Кішкене көңіліңізді көтергім келіп тұрғаны, - деді маған. Менің уақытым негізі тығыз еместұғын, үйге де барғым келіп тұрғаны шамалы. Төрт қабырғаның ішінде қамалғанша, аздап серігіп қайтайын дедім де, ұсынысына келіскенді жөн көрдім. Сөйтіп:
- Жарайды, қайда барамыз? – деп төтеден сұрақ қойдым.
- Осы жерден алыс емес бір жер бар сол жерге барып қайтайық.
- Ол қандай жер екенін білсем бола ма?
- Жоқ, құпия. Қорықпаңыз өкінбейсіз, - деді.
Өмірі бұндай жағдайда болып көрмеген екенмін. Қайсысы болмасын қайда апарып, қай жерде қыдыртатындарын хабарлап қоятұғын. Бұл бейтаныс жігіт мені шынымен қызықтырды. Бейтаныс адаммен қыдыруға, онымен құпия жеріне баруға келіскенім жеңіл мінезділік танытты деп ойлайтын шығарсыз.(Күледі). Бастапқыда әншейін ерігіп жүрген адам шығар. Алла Тағаланың мұңымды ұмыту үшін жіберген жәрдемі болар дедім. Не болса, сол болсын, бір Алланың қолына тапсырғанды жөн көрдім. Алайда бейтаныс жігітім мені өзінің ерекше әрекеттерімен жаулап алды. Саябақта қыдырып жүріп, Елдос айтқан құпия жерге де келдік. Ол айтқан құпия жер саябақтың ішінде ешкім бара бермейтін шағын кафе екен. Жанды дауыс, лирика, романтика деп осыны айт. Кәдімгідей есте қаларлық жайт болды. Аз уақыттан соң үйге бару керектігін, кеш болғанын ұқтырдым. Елдос үйіме дейін шығарып салып, өз жолымен кете барды. Онымен қоймай хабарласатынын айтты, телефон нөмірімді сұрамаған еді.
- Кешіріңіз Әнель, сіз ол жігіт жайлы ештеңе білмедіңіз ғой. Үрей, қорқыныш болмады ма? Бұл жағдайды анықтап сұрап жатқан себебім, өз басыма көз жұмып бәріне көндігіп жүре кеткеніңіз, түсініксіз болып тұрғаны мен үшін?- дедім.
- Егер басыңда көп ауыртпалық үйілсе, олардан құту жолын іздейді екенсің. Мен негізі, өз сезімімді көрсете бермейтін адамдар қатарынанмын. Және біреудің мойнына асылып көз жасымды көл қылмаймын. Мені аяғанды ұнатпаймын. Ақ жарқын, үнемі күліп жүретінмін. Сол күлкінің ар жағында не тығылып жатқанын ешкім білмейтін де, сұрамайтын да. Күліп жүр ғой, өмірге өкпесі жоқ шығар бұл қыздың деп қоя салатын айналадағы достарым да, жақындарым да. Сондықтан өз проблемаларымды өзім шешуге тырысатынмын. Жасыма жетпей сезімге ерік бермей, ой – сананың тізбегінен өткізіп, бәрін саралап, баптап аяқ басатұғын едім. Дәл сол уақытта, бәріне қол сілтеген себебім, шаршағандық болар, - деді, алайда сол айтқан сөзінде сенімсіздік байқалды. Байқатпауға тырысса да, көрініп қалды.
- Сөйтіп жүріп, екі таңды атырдым, екі кешті батырдым. Елдостан хабар күттім. Күлкілі жағдай, неге күттім, ертеңімізге үміттендім мүмкін. Алайда, еш хабар болмады.
- Сөзіңізді бөлгеніме айып етпеңіз, сіз нөміріңізді алған жоқ деп едіңіз ғой. Сонда да күттіңіз бе? Бұныңыз өте қызық оқиға екен.
- (Күледі) Хм... Білмеймін. Ең қызығы... Әкем өмірден озған соң, жалғыз тыңдарманымнан айырылған соң, өлең жазуды қойған едім, қайтадан шабытым оянды. Қолыма қалам алып Елдосқа арнап өлеңдер де жаза бастадым, - деп Әнель қатты ойға шомылды:
- Бір өтініш, сол өлеңдеріңіздің біреуін оқып берсеңіз! Мүмкін айтпай жатқан бір сырды ұғармыз, - деп өлең оқуын өтіндім.
- Мақұл.
Бүгін ұйқымнан тұрдымдағы
Терезеге үңіле мен қарадым.
Түні бойы жауған жаңбырдың-дағы
Бір аяқталғанын қаладым.
Көңіл күйім болмады мүлде
Телефоным шырылдады бірде.
Үлгермедім, әттең, бұл шалған -
Белгісіз нөмір кім деп ойланам менде.
Кетпейтін ойымнан мүлде,
Күнде, түнде, таңда, кеште де.
Телефон шалатын үнемі, мүмкін,
Сен бе деп қаламын кейде.
Бақытым басымнан ауып кетердей,
Көңілімнің түскені сонша неге?
Сен болсаң егерде, жауап бергендей,
Телефон соқшы, нөмірімді қайта тер де.
- Бұл өлеңіз сол түні туындаған сияқты. Қателеспедім бе?
- Иә, сол күннің ертесінде тереземнен күн сәулесі төгілді. Менде бір ерекше сезім болды. Бұрыштағы үстеліме отыра кеттім бірдеңелерді жаза бастадым. Оқып берген өлеңім сол болатын.
- Ары қарай не болды? Елдос хабарласты ма?
- Сіз қалай ойлайсыз?
- Мен хабарласқанын қалар едім....
- Дәл солай болды. Тек алдыңғы екі күні ол шалмаған, тек үшінші күні жасырын нөмір қоңырау шалды. Жасырын нөмірді әдетте қабылдамайтынмын, қабылдасам дөрекі сөйлесетінмін. Жасырын нөмірмен хабарласқанды өз басым жақтырмайтын едім.
- Сәлем, қарындас танысуға бола ма, - деді бейтаныс адам арғы жақтан.
- Жасырын нөмірмен хабарласып тұрып не бетіңізбен танысайық дейсіз, - дедім қаталдық көрсетіп.
- Жасырын нөмірден телефон шалғанды ұнатпайтын болсаңыз неге жауап бересіз?,- демесі бар ма. Мен уақыт жоғалтпай-ақ телефонды қоя салдым. Содан кейін бейтаныс нөмір хабарласты.
- Сәлем Әнель, халың қалай? Қолың бос па?,- деді. Осы дауыс... осы дауыс... мен көп күткен, қатты естігім келген дауыс. Хабарласты... Елдос телефон шалды. Қуандым, қатты қуандым, бірақ көрсетпедім.
- Сәлем. – деп сұрадым.
- Таныдың ба? Мен Елдос қой, - деді жабырқаулы үнмен.
- Таныдым. Жақсымын, өзіңде бәрі жақсы ма?
- Жоқ, мына үш күн мен үшін үш жыл секілді болды. Үйіңнің қасында тұрмын шыға аласың ба? - деген Елдосқа сенбей терезеге қарауға асықтым. Қарасам шынымен де аулада дәл тереземнің тұсында есік жаққа қарап тұр екен.
- Қазір шығамын, күте тұр, - дедім. Далаға шыққанша жүз киім ауыстыратын мен 5 минут ішінде киініп, сыртқа шығуға асықтым.
- Ақыры хабарласқан екен ғой. Онымен қоймай үйіңізге сізді көру үшін үйге келді, не деген сүйкімдіііі?! - дедім таңырқап Әнельдің әңгімесіне. Бірақ оның мұңайған жанарлары ерте қуанба, бұл оқиғаның соңы емес дегендей болды...
- Ия, хабарласты.
- Нөміріңізді қайдан алыпты, сұрамадыңыз ба?
- Әрине, сұрадым, ол болса, іздесең бәрін табасың деп құтылды. Сөйтіп, кездесу соңынан кездесулер ұласып жатты. Бақыттан басым айналғаны соншалық, ертеңім жайлы мүлдем ой салмадым. Елдоспен әңгімелескенде де болашақ жайлы сөз қозғамадым. Тіпті ойлағым келмеді. (Ойға шомылып кетеді).
- Әнель, сіздер қазіргі уақытта бірге емессіздер. Солай ма?
- Солай. Негізі сол танысқан кезден бастап көп уақытқа созылмады. Алғашында әдемі, әсерлі басталған таныстығымыз, кейіннен кездесулермен ұласты. Алайда әдемі, әсерлі жағдайлар менің өмірімде көп болмайтынына етім үйреніп кеткен. Бәрібір түбінде бұл ертегінің соңы болатынан сезгенмін. Дәл солай болды. Үш күннен кейін хабарласты, бір аптадан кейін сүйетінін, менсіз бір күн өткізе алмайтынын айтты. Сөйтіп уақыттар өтті, айлар өтті. Қыздың жүрегін жаулаудың шебері екенін кейін түсіндім, әйтеуір кеш емес еді. Өзі жайлы айтқанды ұната қоймайтын. Бәлкім жасырғысы келген жайттары болды ма, өзі жайлы сұрағанымда:
- Ботақан, өзім жайлы айта бермеймін, уақыты келгенде біле жатарсың. Айта бермеймін дегенде, өзім туралы айтқанды ұнатпаймын, - деп қайырды.
- Бұл қалай болғаны? Ұнатпасаң да, маған айтқың келмейді ме? Сонда мен сен үшін кім болғанмын? Сен жайлы нақты ештеңе білмеймін. Ол тақырыпты тіпті қозғаған жоқпын. Сабырлық таныттым, өзің айтатын шығарсың дедім.
- Тоқташы. Қазір екеуміз де келеңсіз жағдайға душар боламыз. Айта алмаймын, өзім жайлы. Не айтамын?! - деп ашуға булықты.
- Неге? Қандай келеңсіз жағдай болуы мүмкін? Мен жайлы барлығын білесің. Сен жайлы мен не білемін? Ештеңе...,- дедім ренішімді білдіріп, - әншейін сен мені өзіңе жақындатқың келмейтін сияқтысың...
- Сен мені неге тындамайсың? Өзім жайлы сөз қозғау мен үшін, қиынның қиыны, білемісің? Ешқашан өзім жайлы айтқым келмейді. Танысқанымызға көп уақыт өткен жоқ. Және осы уақыт ішінде білу керек нәрселерді біліп үлгердің ғой, - деген кезде бұл әңгімемізді жалғастыру жөн емес дедім.
- Кеш болып қалды үйге баруым керек, - деп сыртқы киімімді алып есік жаққа кете бардым. Ол соңымнан жүгіріп:
- Ботақан ренжімедің бе? – деп сұрады. Сондағы ойын түсінбедім. Мені өзіне жақындатпайды және жібергісі келмегені қалай?! Елдоспен өткізген барлық уақыттың әдемі кездері жайымен қалды. Неге ертеңіміз жайлы айтпайтынын енді ұға бастағандай болдым.
- Міне жеттік, жарайды мен енді үйге кіремін, тоңып қалдым. Сау бол! – дедім. Оның еш ойы жоқ мені құшақтағысы келді. Мен артқа шегініп:
- Сау бол! – дедім-дағы үйге кіріп кеттім.
Сол түні ол маған хабарласпады, хабарласса да жауап бермес едім. Жағдайым ауыр еді. Өкпе-назым бар-тын. Ойланып барып істесем де, ойланбай істесем де, жолым болмайтын не деген пендемін өзім деп өз-өзіме ызалана бастадым. Түймедедейді түйедей қылған шығармын, алайда мені өзінен алыс ұстағаны маған ұнамады. Егер де шынайы жақсы көрер болса, алыстамауға тырысар еді ғой деген ойға келдім. Бірақ соңы не боларын білгім келді. Мүмкін ол сенімсіз шығар, соны білу үшін өзім жақын болуға тырысамын дедім. Осы жағдайдың туындауына өзім кінәлімін, себебі ол сезімін білдірген кезде мен үндемей қалатынмын. Сабырлыққа келіп, келесі күні Елдосқа өзім телефон шалдым.
- Сәлем, жаным, халың қалай?
- Сәлем, ботақан. Жақсы. Өзің ше?
- Жаман.
- Неге? Бірдеңе болды ма?
- Ия, сен хабараспадың.
- Ботақан қойшы, тағы да бастадың ба?
- Ештеңені бастаған жоқпын. Неге ашуланшақ болып кеттің? Ондайың жоқ еді ғой.
- Ашуланып тұрған жоқпын.
- Не істеп жатырсың?
- Қолым бос емес. Ертеңге дайындалып жатырмын.
- Ертең не бар еді?
- Астанаға кетуім керек.
- (үнсіздік).
- Жұмысқа шақырып жатыр. Бүгін кездесейік. Қалай қарайсың?
- Не үшін? Ертең кетесің? Бәрі осымен бітті ме?
- Неге олай дейсің? Қалайша бітеді, ботақан. Сені сүйемін ғой.
- Жарайды кездесейік, - дедім.
- Кешке хабарласамын, жарай ма?
- Жарайды.
Сөйтіп кеш болды. Елдос келді. Жалғыз емес еді. Жанында досы болды. Неге жалғыз келмегенін шыны керек ұқпадым.
- Танысып қой бұл Аслан, - деді. Аслан маған қол созуға ыңғайланып жатқан кезде.
- Неге жалғыз келмедің, - деп Елдосқа қарадым.
- Досымды жалғыз тастай алмадым. Сосын бірге алып шықтым, - деді. Өзіміз үнемі отыратын жерге бардық.
- Аслан біз сыртқа шығып келеміз. Отыра тұрасың ба? – деді
- Жақсы, жақсы. Мен өлең тындаймын ғой, - деді. Күлкілі әрине. Сыртқа шықтық.
- Ал, айта бер,- дедім.
- Нені?
- Ертең кетесің, сосын қашан келмек ойың бар. Әлде мүлдем келмейсің бе?
- Келемін әрине. Жағдай болып жатса, келемін ғой.
- Неге ертерек айтпадың? Сен бұны бұрыннан бері жоспарлап жүрдің ғой. Мүмкін сондықтан да мені жақындатқың келмеген болар.
- Жоқ қателесесің. Маған хабарласып тұрасың ба?
- Мен біреуге хабарласатын әдетім жоқ екенін біле тұра сұрайсың ба?
- Мен өміріңде ерекше адамдардың бірі шығармын деп ойлағанмын.
- Мен де солай ойлағанмын. Әдетте бір адам жайлы туындаған алғашқы пайымдау алдамшы болып келеді емес пе?
- Осы сенің тым дұрыс болғың келетініңді түсінбеймін. Қажеті қанша оның?
- Несі ұнамайды?
- Тым ішпыстырарлық болып көрінесің.
- Бұны қалай түсінсем болады? Менімен байланысты үзуге сылтау таба алмай жатқан сияқтысың ғой,- дедім күдіктеніп.
- Ол өзіңе байланысты, Әнель, - деді.
- Сонда қалай?
- Байланысымыздың жалғасы болғанын қалайсың, әлде дос боп қаламыз ба өзің таңда, - деп тіке айтқанда, төбемнен бір шелек мұздай су төккендей болды. Үндемей қалдым – дағы, үйге барар жолға бұрылып кете бардым. Ол әрине, артымнан келіп, қолымнан ұстай қалып:
- Тоқта, қайда барасың, мен сөзімді аяқтаған жоқпын.
- Ал мен үшін аяқталған секілді. Мен бәрін түсіндім. Қош бол!
- Тоқта деймін, үйіңе апарып тастайын, қараңғыда қалай барасың?! Қауіпті ғой.
- Жоқ, жаяу жүргім келіп тұр.
- Сен қазір менің көлігіммен апарып тастауыма көндігесің, немесе мен көтеріп, күштеп көлікке отырғызамын. Сенде таңдау жоқ. Жалғыз қараңғы түнде жүргеніңді қаламаймын- деді.
- Маған ендігі сенің не қалайтының маңызы жоқ, -дедім. Ол болса көтеріп алды.
- Жарайды, жарайды, болды отырамын. Түсір жерге, түсір деймін.
Сөйтіп үйге әкеліп тастады да, ғайып болды. Кейін мүлдем хабарласпай кетті. Осы кезден бастап жігіт қауымына сенуден қалдым.
- Менің бір түсінбегенім, сіздердің араңызда нендей жағдай болды?? Тек қана ол кісінің сізге өзі туралы айтпағанында емес қой?! Ол үшін ұрсысуға бол ма?
- Әрине ол үшін ұрсысуға болмайды. Мен өмірімді сол адаммен байланыстырғым келді. Мәңгілікке. Ол болса тек уақыт өткізу үшін жүрді.
- Сонда бұл оқиға осымен бітті ме? – дедім.
- Жоқ, кейін оның көп жылдан бері жүріп жүрген қызы бар екенін, сол қызға үйленгелі жатқанын білдім. Сонда ғана барлық жағдай белгілі болды. Бір ай уақыттан кейін ол сағындым деп хабарласқан болатын. Мен телефон номерімді өшір, ал мен жаққа жолды ұмыт дедім.
- Бұл оқиғаға неше жыл болды?
- Бір 10 жыл болды-ау дейм.
- Қазіргі уақытта өміріңізде не болып жатыр?
- Қазіргі уақытта өз бақытымды таптым. Анам өзіңді сүйгенге шық деген еді. Шыны керек басында солай жасадым. Бір жігіт мені ұнатып қалған екен. Көңілімді табу үшін барлық жағдайды жасады. Сөйтіп көп уақыт созбай сол жігітті Алла Тағала өзі жіберген болар дедім де, үйленейік деген ұсынысына келісім бердім.
- Бақыттысыз ба?
- Қалай айтсам екен... Ол кісіні құрметтеймін, үйнеіп қалдым, көз алдымнан жоқ болып кетсе, іздеуді шығардым. Ол-менің үйім. Бірақ сүйе алмадым. Қосылғанымызға көп болған жоқ. Уақыт емші ғой – болашақта сүйіп қалатыныма сенімдімін.
- Ендеше қазір неге мұңайып отырсыз?
- Мына саябаққа келмегелі 10 жылдай уақыт екен. Осы саябақта орын алған оқиғалар есіме түсіп кетті.....