Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жылап аққан тамшылар

Айдай жүзi албырап, наздана күлiмсiрейдi. Көзiн жыпылықтатып, кiрпiгiн қағып-қағып қояды.

— Есiмiң Елана ма, жоқ әлде Елена ма? — деймiн аузыма қапелiмде жiбi түзу сөз түспей.

— Елана, — дейдi сызылып.

— Ел... ана...

— Иә, Елана.... Неге бұлай қойғанын айтсам, күлмейсiз бе?

— О, не дегенiң!

— Әкем марқұм «ел анасы болсын!» деп ырымдап қойған екен!

Айтуын айтқанымен, соған өзi ыңғайсызданатын сыңайлы. Жүзi алабұртып кетті. «Бекер айттым-ау! Түсiнсе жақсы...» дейтiндей сұраулы кейіппен үрпие қарайды.

— Қазақ өзi ырымшыл халық қой. Ырым... Ырымдаған дұрыс қой... — деймiн өзiмше маңғаздана.

Ол көңiлiн күптi еткен ойларын ысырып тастады бiлем, езуiн сәл жиырып:

— Сізді сыртыңыздан егде тартқан адам шығар деп ойлаушы едiм. Жап-жас екенсiз ғой!.. — дедi көзiн төңкере тастап.

— Қайдағы жас, жаным-ау! Мұқағали ағамыз айтпақшы, «солай да солай қарағым, отыздан асып барамын!» — дедiм әндетiп.

— Ту, тым қартайып кетiпсiз ғой! — Жылы жымиды — Сiз елге танымал адамсыз. Мен де шығармаларыңызды қызыға оқимын. Қаламыңыздың ұшында адамның жан дүниесiн баурап алатын керемет бiр құдiрет-күш бар. Сезiммен ойнай аласыз!.. Әсiресе, «Жансезiм» деген әңгiмеңiздегi ана бiр қыздың бейнесi көз алдымнан кетпейдi... Кере...ме...ет, — дедi дауысын созып, — тағдыры маған өте ұқсас...

— Шын айтасыз ба?

— Шын айтам. Не, сенбейсiз бе, маған?!

— Жоқ, айналайын, әншейiн әзiлдегенiм ғой.

Ол қайыра тiл қатпады. Қас-қабағы салыңқы тартып, жүзін мұң торлай бастады. Не болғанын түсiне алмай, мелшиiп отырып қалдым. Тiлiм байланып қалғандай аузымнан сөз шығар емес.

— Мен қайтайын! — дедi ол орнынан көтерiлiп. — Ұмытып барады екем... Бiтпейтiн бiр шаруамен бiр жерге баруым керек едi!..

«Бiтпейтiн ол не шаруа?» деп сұрағым келiп оқтала бердiм де, «тықақтағандай болмайын, ренжiп қалар» деген оймен тiлiмдi тiстей алдым.

— Көрiскенше күн жақсы, аға. Сау боп тұрыңыз!

— Жақсы, жаным!

Ол бұрылып жүре бердi. Мен артынан қадала қараймын. Аяғын асыға басып қарасы көрiнбей кетсе де, есік жаққа телмiре түсемін. Көңiлiм астан-кестең, ойым алай-дүлей. «Көк дөнендей жүйткiген қайран көңiл-ай!.. — деп қоям қиял құсымды қияға ұшырып. — Шама-шарқыңды шамалай тұра аспандағы айға қол созатының-ай!..

Неткен ғажап жан!.. Күннен жаралған сияқты... сәулесiн шашып... күлiмдеп тұрады. Көрiк қандай... көз тояды... Сымбат қандай... сылаң қаққан!.. Айдын көлдей мөлдiреген қарақат көзiн айтсаңшы!.. Тұп-тұнық-ау, тұп-тұнық!..

Мұрнындағы меңi... Ақ тамағындағы қос қалы... Әй... әй...Тұла бойына тұнған ерекше бiр сиқырлы сұлулық бар-ау!.. Сұлулық...

Жымиысы... Сыңғырлаған күмiс күлкiсi... Қимыл-қозғалысы... Қылығы... Киген киiмiне дейiн… өзiне жараса қалғанын қарашы! Шiркiн-ай, десеңшi!»

* * *

Ол менiң жұмыс орныма әрненi бiр сылтауратып жиi келетiн болды. Мен де оны тағатсыздана күтiп отырамын. Именшектей басып келедi. Көп сөйлемейдi. Жай ғана езу тартып жымиып қояды.

Келген сайын қысылып-қымтырылатынын байқаймын. Бәрi түр-түсiнен анық сезiлiп тұрады. Бiрақ ештеңе сездiргiсi келмейдi.

Мен оны есiк алдына дейiн ғана шығарып саламын. Одан әрi баруға жүрексiнемiн, артық ауыз сөз айтуға батылым жетер емес. Жүрiс-тұрысынан ешқандай секем алмасам да, басым бiр пәлеге ұшырап қала ма деген қауiппен жақындай түсуге бiртүрлi жүрегiм дауаламайды.

— Көрiп жiбермейсiң бе?.. — дейдi қызметтес досым Қуат қутың қағып, — Әй, ынжықсың ғой. Мен болсам, баяғыда-ақ...

— Ой, сен де айтасың-ау! — деймiн жақтырмағансып.

— Қазiр қай бiр таза қыз бар дейсiң! — дейдi ол өзеурей түсiп. — Мектептен-ақ бүлiнiп шығады. Сенбесең, давай, бәс тiгелiк. Мына қыз саған қайта-қайта неге келiп жүр дейсiң?! Бала-шағаң бар екенiн бiледi. Яғни, бiрдеңе дәметiп жүр ғой!..

Қара қарға сияқты қарқ-қарқ етiп қарқылдап күледi. Не дейiн оған?! Мүмкiн, ол бiрдеңенi бiлiп айтатын шығар!.. Әйтпесе, расында да, алты аласы, бес бересi жоқ бейтаныс қыз неге келе бередi?!

Шым-шытырық шырықсыз ойлар шақшадай басты шарадай етiп, шырмауықша шырмайды. Қанша ойланып-толғансам да, шешiмiн таба алмай дал боламын: «Мүмкiн ол, шынында да, бiрдеңе дәметiп келiп жүрген шығар. Қуат айтпақшы, мен обалды ойлап, қиянат жасап жүрген жоқпын ба, өзi?! Жо... жоқ... Не ойлап кеттiм... Елана... желпiетек қыз емес... Атама...»

* * *

Күн артынан күн сырғып, ай артынан ай жылжып өтiп жатты. Жаздың жаймашуақ күндерiнiң бiрiнде жұмыс бөлмемде қаннен-қаперсiз жазу жазып отырғам.

«Сәлеметсiз бе, ағай?» — деген дауыстан селк ете түсiп, жалт қарасам, Елана екен. Қаракөк костюм, қысқа юбка киiп алыпты. Сұлу сымбатына жарасып-ақ тұр.

— Бүгiн менiң туған күнiм, — дейдi күлiмсiреп.

— О... оо... Құтты болсын!

— Рахмет!

— Нешеге толдың?

— Қыздың жасын сұраушы ма едi?!

— Е, солай екен ғой!.. — деймiн түк бiлмегенсiп. — Атап өтпейміз бе?

— Ендi, қалай?! — дейдi күмiлжи тiл қатып. — Жатақханаға жүрiңiз!..

Бұндай сөз күтпегендiктен болар, қапелiмде не айтарымды бiлмей, сасыңқырап қалсам да, ойымды тез жиып:

— Туған күн адам өмiрiндегi ең бiр қасиеттi күн ғой. Жақсы жаным... — дедiм көп ойланып жатпастан.

Екеумiз сыртқа шығып такси ұстадық. Жол бойы ләм-мим деп тiл қатыспасақ та, бiр-бiрiмiздi қас-қабағымыздан ұғысып келемiз. Жатақхананың жанынан түсiп қалдық та, iшке ендiк. Екiншi қабаттағы аядай ғана бiр бөлменiң есiгiн ашып:

— Кiрiңiз! — дедi.

Табалдырықтан аттай бере «бұнда не iздеп келдiң?» деген сауалдар жаналқымнан ала түскендей болды. «Қыздың өзi қиылып тұрса, бас тартып жын қағып па?! — деймiн жiгерiмдi жанып. — Неде болса бүгiн...»

Бөлме iшiн көзбен шолып шықтым. Қол кiлемi iлiнген оң жақ қабырға жақта ескi темiр төсек тұр. Оған жалғас кішкене қоңыр шкаф қойылған. Еденге жыланның қабығындай алаша төселген. Бәрi тап-таза, жып-жинақы. Терезе жақта iлулi тұрған айнаға тақай бере сопаң еткен өз бейнеме көзiмдi қысып қалдым. Неге, не үшiн қыстым, оны өзiм де анық ажырата алмаймын. Әйтеуiр, iшiм бiрдеңе сезетiн сияқты...

Өз қылығымнан өзiм ыңғайсызданып, Еланаға көз киығымды саламын. Ол ештеңе байқамаған сыңайлы, ыңылдай әндетiп, дастарқан жасап жүр. Көңiлдi. Қимыл-қозғалысы да ширақ. Теріс қарап тұрса да сұлу мүсiндi сымбатына сұқтана қалғанымды сезе қойды бiлем, әндетуiн тас тиып:

— Осы бөлмеде тұрып келе жатқаныма бес жылдан асты. Жападан жалғыз... — дедi тұрған орнынан қозғалмастан. — Қиын екен!..

— Иә... — дедiм сөзiн қостаған болып.

— Дастарқанға келiңiз! — Ол үстелге «Бибiгүл» шарабын әкелiп қойды. — Мынаны ашып құя берiңiз!

— Қасқалдақтың қаны ғой бұл...

— Бiлмеймiн, әйтеуiр, қан толтырады дейдi ғой!.. — Күлімсірейді.

Қызметтен шаршаңқырап шықсам да, көңіл күйім көтеріңкі. Қарным ашыңқырап қалыпты. Қыз алдында әдеп сақтап кеседегi күрең шайды жаймен ұрттап қойып, iшiм-жемдi шымшып алып отырмын.

— Бұл тосты сен үшiн, сенiң бақытың үшiн алайық! — деп қоям стақан соғыстырып.

Ол көп сөйлемейдi. Үнсiз жымияды.

— Мынаны сенiң әдемiлiгiң үшiн аламын! — деймiн де, оның алған-алмағанына қарамастан стақан тола шарапты аузыма төңкере саламын.

Аздан соң денем жiпсiп, өзiмдi еркiн сезiне бастадым. Байқаймын, қызыңқырап қалған сияқтымын.

— Сен маған қатты ұнайсың!

— Сiз де...

Өз құлағыма өзiм сенбей, еңсемдi тiктеп, көзiне тура қарадым. Ол күлiп жiбердi де, ойнақшыған отты жанарын тайдырып әкеттi. «Қылықты қызсың-ау! — деймiн iшiмнен. — Сендей қызды көрмей жүрген жiгiттерде де көз жоқ-ау!..»

Орнымнан жаймен көтерiлiп, сыры кете бастаған сары үстелдiң үстiнде тұрған магнитафонды қостым. Бөлме iшiн сазға бөлеп, әсем әуен әуелей жөнелдi.

Көктем қандай шырайлы, шұғылалы,

Мың құлпырып қызғалдақ құбылады.

Бақытты жан екеумiз бар әлемде,

Ешкiм сырын бiлмейдi мұның әлi...

Тұла бойым шымырлап өттi. Толқындай буырқанған әсерлi әуен сезiмдi арбап, жанды баурап, тамыр-тамырларымды қуалай ағып, тәнiме шым-шымдап жайылып бара жатқандай. Еланаға қарадым. Үстелдiң үстiн жинастырып жатыр екен. Тақап келiп аппақ бiлегiнен сипалай ұстадым.

— Билейiк!

— Қазiр, жинастырып алайыншы!

— Жоқ! — деймiн өктемси сөйлеп. — Содан соң...

Ол үнсiз жымиған күйi еркiме көнiп, сол қолын оң иығыма арта жеңiл қозғала бастады. Бос ұстасам айырылып қалардай аш белiнен қос қолыммен қапсыра құшақтап алдым. Ыстық демi бетiмдi шарпып, бойға шуақ шашатындай.

— Аға, қатты қыспаңызшы!

Дауысы қатқылдау шыққанымен, жүзi жайдары, қас-қабағы жадыраңқы. Қылдай ұзын кiрпiгi қой көзiн көлегейлей жыпылық қағады. Ернiне көзiм түстi. Үлбiреп пiскен бүлдiргенге ұқсайды. Көзiм тұнып, қызығып кеттiм. Ойыма Қуат досымның «осы қыз сенен бiрдеңе дәметiп жүр» деген бұралқы сөзi сап ете түстi. «Расында да, солай шығар!.. Әйтпесе, бұнда менi неге ертiп әкелдi?! Тағы да... жалғыз өзi...» Одан әрi ойланып жатуға шыдамым жетпедi. Ернiнен сүйіп алғым келіп басымды ие берiп едім, ол мойнын бұрып әкеттi де, құшағымнан сытылып шығып үстелге қарай жүрдi.

— Осы еркектер қызық, сәл күле қарасаң...

Дауысында зiл жоқ. Екi иығы селк-селк етiп, қысыла күлiп бара жатқан сияқты. Не iстерiмдi бiлмей состиып тұрып қалдым. Бетiм дуылдап кеттi. «Ұят болды-ау! — деймiн iштей қуыстанып. — Ұят болды!.. Ай...»

— Мен қайтайын! — дедiм сопиып тұра берудiң ретiн таппай.

— Тамақ дайын боп қалды, аға.

— Рахмет, жаным!

— Ренжiп қалдыңыз ба?

— Жоқ, неменеге... Қайта сенi ренжiтiп алдым-ау!

— Мен сiзге ренжiмеймiн ғой.

— Ақылдысың-ау!..

— Ақымақ деп ойлаушы ма едiңiз?!

— Жоқ, жаным! Ақымақ мен шығармын...

— Мен сiздi олай деп ойламаймын.

— Ақымақ болмасам...

Елана мырс етiп күлiп жiбердi. Мен де ерiксiз езу тарттым.

— Қой, қайтайын!

Ол қайыра жақ ашпады. «Қалыңыз!» деп те қолқалай қойған жоқ. «Ұрлық қылған жерде көп тұрма!» дегендей қарамды тезiрек батыруды ойлап, асығыс қоштастым да, адымдай басып сыртқа шықтым.

Жер-дүниенi қараңғылық тұмшалап, бауырына басып алған. Ауада сыз бар. Салқын самал жүзiмдi аймалап, қойны-қонышыма ойнақтай енiп, кәнiгi ұрылардай тiнтiп-тiмiскiлейтiн сияқты. «Бұл жүрiсiм не? — деймiн өзiмдi-өзiм күстаналап. — Салтанат бiлсе... не болар едi?! — Жылан жорғалап өткендей жон арқам шымыр ете қалды. — Балалар ше?!. Ақымақпын ғой. Иә... Ендi қоямын бәрiн... Тиямын бәрiн... Нәпсiнi де... басқасын да... Құрысын бәрi... Құрысыншы!..»

* * *

Уақыт сынаптай сырғып, өмiр өзенi өз арнасымен ағып жатты. Қабағынан қар жауған қаһарлы қыс кетiп, жүзiнен жылылық лебi ескен жылауық көктем келдi. Ағаштар бүршiк жарып, Жер-Ана бусана балбырап, терлеп-тепши түскендей. Қар жiпси ерiп, арық-арықты сағалап су аға бастады.

Елананы көрмегелi де екi-үш айдың жүзi болды. Жылы жымиып келiп тұрушы едi, көптен берi ат iзiн салмады. Анда-санда телефон соғушы едi, хабарласқан жоқ. «Көңiлi қатты қалған-ау!» деймiн ойлаған сайын. «Барып, кешiрiм сұрасам ба екен?!» деп те қиялдап қоямын. Оған еркектiк намысым жiберер емес. Басымнан мүлде ысырып тастағым келсе де, сұлу бейнесі көз алдыма елестеп, ойыма орала бередi. Түнде түсiме кiредi. Жаным жай таппай, аласұрам. Жүрегi құрғыр әлдененi аңсап, iздейтiн сияқты... «Қой, iс насырға шаппай тұрғанда ат құйрығын кесiсейiн!» деймiн кейде теңiздей толқыған көңiлiмдi сәйгүлiкше ауыздықтап.

«Иә... Ұмытуым керек!..» деген кесiмдi оймен хабарласпауға бел байладым. Көңiлiмнен мүлде өшiруге тырыстым. Қандай құдiрет екенiн өзiм де бiлмеймiн, күн өткен сайын суынудың орнына ынтызарым арта түстi. «Бiр көрсем-ау!..» деген ой-арман анда-санда қылаң берiп, арсыз көңiлге шоқ тастап қояды. «Жоқ, болмайды!» деймiн өз нәпсiме өзiм қылбұрау салып.

Санам сарсылып, жаным ойсырап, екiұдай күй кешiп жүрген күндердiң бiрiнде Елана өзi келдi. Қуанғаным соншалық — орнымнан қалай ұшып тұрғанымды өзiм де бiлмеймiн. Әй-шай жоқ, бас салып құшақтап, бетiнен сүйе берiппiн.

— Жыл құсындай ұшты-күйлi көрiнбей кеттiң ғой, — деймiн қуанышымды жасыра алмай. — Сағындырдың ғой!..

Көзiне көзiм түсiп кеткенi. «Мынау не айтып тұр?» дегендей үрпие қарайтын сықылды. Шегiншектей берiп, аузыма құм құйылғандай үн-түнсiз тұрып қалдым. Өз қылығыма өзiм ыңғайсызданып, қуыстанып барам: «Өмiрi қыз көрмегендей, соншама өбектеп не көрiндi маған?!» деймiн iштей булығып. Бет-әлпетiмдегi өзгерiстi байқады ма, жоқ әлде өз жаңалығын жеткiзуге асықты ма:

— Барлық пәннен минимум тапсырып бiттiм. Диссертация қорғайтын күн де алыс емес, — дедi жайнаң қағып.

— Оо...о... Атап өтетiн-ақ жаңалық екен!

— Атап өтейiк!..

— «Пинараға» барсақ қайтедi...

— Қарсы емеспiн. Азын-аулақ ақшам да бар.

— Жоқ, мен өзiм... Қыз балаға ештеңе алдырмайтын әдетiм бар!..

— Жақсы әдет екен! Дегенмен, қуаныш менiкi ғой!

— Сенiң қуанышың — менiң қуанышым. Кез келген қыз баланың жүзiндегi күлкiнi көрсем, қуанып қаламын!..

Ол маған отты жанарын тура қадады. Қысылып-қымсыну жоқ, iшiп-жеп барады.

— Жақсы, аға!

Екеумiз Төле би көшесiнiң бойымен жүрiп отырып «Пинара» мейрамханасына келiп кiрдiк. Адам көп. Күтушiлер зыр жүгiрiп, келушiлерге қызмет көрсетiп жүр. Бөлмелерi алакөлеңке. Темекi түтiнi қолқа қауып, арақ пен сыраның иiсi аңқиды. Шеттеу тұрған бос орындардың бiрiне жайғаса бергенiмiз сол едi, қасымызға көкшіл көйлек киген бойжеткен жетiп келдi де:

— Не әкелейiн? — дедi сызылып.

— Әзiрше «Бибiгүл» шарабы мен кәуап әкелсеңiз болар! — дедiм. — Таза алма шырыны болса...

Ол көп күттiрген жоқ. Айтқанымызды алып келiп, үстелдiң үстiне қойды.

— Алғашқы тосты сiздiң жан дүниеңiздiң мөлдiрлiгi үшiн алайық! — дедiм кiшiрек екi стақанға толтыра шарап құйып.

— Рахмет!

Мен қағып саламын. Ол стақанға ернiн тигiзедi де, қоя салады. Көп сөйлемейдi, үнсiз жымияды да қояды.

— Диссертацияңыздың тақырыбы қандай? — деймiн әңгiмеге тартып.

— Қазiргi қазақ әңгiмелерi ғой.

— О... оо... Жақсы екен! Кiмдердiң шығармаларын...

— Негiзiнен Мұхтар Мағауин, Сайын Мұратбеков, Тынымбай Нұрмағамбетовтердiң...

— Қалай екен?

— Жақсы ғой. Өзiме ұнайды.

— Шетел жазушылары ше?

— Достоевский мен Чеховты ерекше жақсы көремiн. Толстойды, Буниндi, Мопассанды, Киплингтi және өздерiн-өздерi өлтiрген жапонның бес жазушысын қайта-қайта оқимын. Ғажап қой!..

— Хемингуэй мен Маркестi ше? — деймiн мен де бiрдеңе бiлемiн дегендей.

— Олар да жақсы жазушылар. Бiрақ өзім онша ұната қоймаймын. Сiз жақсы көресiз бе?

— Мен... мен... сiздi жақсы көремiн. Сiз бiлсеңiз ғой!.. — дедiм қолынан жаймен сипалап.

— Сiз... Сiз ше?.. Сiз бiлесiз бе?

— Ненi...

— Жай әншейiн...

Осылайша әңгімелесіп ұзақ отырдық. Кеш қарая бастаған уақытта:

— Аға, шаршадым, қайтайықшы, — дедi. Мен қарсы бола қоймадым.

Орнымыздан сылбыр көтерiлiп, сыртқа шықтық. Алматы қара жамылғандай, қабағын түйiп, түнере түскен. Көше көңiлсiз. Салқын самал ғана көңiлiңдi желпiгендей, тамағыңды қытықтап, ерекше бiр күйге бөлейдi. Қаракөк аспанда жамыраған жұлдыздар бiрдеңе сезетiндей-ақ жымың қағады. Такси ұстап, ол тұратын жатақханаға келдiк.

— Кiрмейсiз бе? — дедi қарсы алдыма тұра қалып.

— Рахмет, жаным. Кiрсем, шықпай қалуым мүмкiн!..

— Онда кiрмей-ақ қойыңыз!

— Жақсы, жаным!

— Рахмет сiзге!..

Басын көтере көзiн тiктеп бiр қарады да, ернiмнен сүйiп алды.

— Көрiскенше күн жақсы, аға!

Ол бұрылып кеттi. Мен аң-таң күйде аңырып, саусағымның ұштарымен ернiмдi сипалап тұрып қалдым.

* * *

Күмiс күн күлкiсiн тиып, қабағын шыта еңкейiп барады. Болар-болмас сәуле шашырайды. Бөлме iшi алакөлеңке. Тырс еткен дыбыс жоқ, тылсым тыныштық. Жұмсақ креслода шалқая түсiп, газет оқып отырғам. Үстелiмнiң үстiндегi ақ телефон шошынған нәрестедей шыр-шыр етiп шырылдап қоя бердi. Құлақшасын көтерiп:

— Ало! — деуiм мұң екен, ар жақтан:

— Сәлеметсiз бе, аға! Қалыңыз қалай? — деген дауыс естiлдi.

Бiрден таныдым, Елананың жүрек тербер назды дауысы.

— О, жаным!.. Қал-жағдайың қалай?

— Жақсы, аға!..

— Жаңа ғана ойлап едiм, жасың ұзақ болады екен!

— Құлағыңыз шулаған жоқ па? — Сықылықтап күледi.

— Жоқ, шулаған жоқ... Оң көзiм тартып едi!

— Қуанасыз ғой!..

— Қуанттың ғой!..

Ол үнсiз қалды. Мен не айтарымды бiлмей абдырап қалдым. «Тағы да бүлдiрдiм-ау!» деген суық ой сумаң етiп суырылып шыға келдi.

— Не жаңалығың бар? — дедiм аз-кем үнсiздiктен соң сөзге шақырып.

— Диссертациямды жазып бiтiрдiм!

— Бұл үлкен жаңалық қой, атап өтпесе болмас!

— Атап өтейiк... Келмейсiз бе?!

— Барайын!..

— Аға!.. — Дауысы жарықшақтанып шықты. Қобалжу байқалады. — Сiзге... сiзге бiрдеңе айтайын деп едiм!..

— О, не?.. Айта ғой!

— Жо... жоқ... Келген соң... Келсеңiзшi!..

— Жақсы, жаным! Мiне, мiне... шықтым...

Телефон құлақшасын орнына қойып, үстелiмнiң үстiнде шашылып жатқан қағаздарды тез-тез жинастырып, үстi-басымды қағып-сiлкiп, жүгiре басып сыртқа шықтым.

Күн қызуы әлі де қайта қоймаған. Аспан шайдай ашық. Аяқ астынан жаңбыр себезгiлеп өттi де, лезде тына қалды. Алақанымды тосып та үлгермедiм. «Алланың нұры ғой, бұл!..» дедiм өзiмше жақсылыққа жорып.

* * *

Елана менi жылы жүзбен қарсы алды. Бетi жылтырап тұр, майлап алған сияқты. Желкесiне қарай түйiп алған мойылдай қара шашының бiр уыстайы ақ маңдайына төгiле түсiп, көркiне көрiк қосқандай онан сайын сұлуландырып жiберген.

— Келгенiңiз қандай жақсы болды!..

— Охо, бәрiн жайнатып тастапсың ғой! — дедiм дастарқан басына жайғаса берiп.

— Сiз сияқты сыйлы қонақтар күнде келiп жатқан жоқ қой!

— Ниетiңе рахмет, жаным!..

— Ренжiмеңiз, құр шай боп қалды.

— Болады, жаным.

— Сонда да...

— Ештеңе ойламашы!..

— Ойламаймын ғой. Бiрақ та… — Аз-маз кiдiрiп, сөзiн қайта жалғады. — Ойыма түсе бередi. Бiз жоқшылықты қатты тарттық... Сегiз баланың үлкенi едiм... Соның салдарынан университетке де жай түстiм. Сегiзiншi кластан соң педучилищеде оқыдым. Оны бiтiрген соң ауылда мұғалiм болып екi-үш жыл қызмет iстедiм. — Ол ұзақ әңгiмеге кiрiскен сыңайлы, шай құйып қойып, самбырлап сөйлеп отыр. — Университеттi қызыл дипломмен бiтiрдiм. Қызық қуып қыдырыстағаннан гөрi кiтап оқығанды жақсы көретiнмiн. Көп уақытым Алматының кiтапханаларында өттi. Содан да болар, ұстаздарымның қолқалауымен аспирантураға түстiм. Өмiрдегi барлық арманым орындалғандай болды. Тақырып алып, ғылыми еңбек жазуға бар ынта-жiгерiммен кiрiсiп кеттiм. Мақсатым ғалым болу едi. Тұрмыс құру, бала сүю туралы онша көп бас қатырғаным жоқ. Ендi... былай... ойладық қой! Бiрақ... жiгiт таңдап дегендей... — Күлдi. — жүрiп қалдық. Менiң қиялымдағы жiгiт кездеспедi. Небiр сырбаз-сылтаң жiгiттер жүгiрдi ғой. Мен сорлы соның бiреуiне қайырылмадым. Қарамадым. Иiлмедiм. Алғаш танысқанда бәрi жақсы көрiнедi де, келе-келе сол шiркiндердiң, әйтеуiр, бiр жерлерi ұнамай қалады... Өзiмнiң көркiм мен сымбатыма сенушi едiм... Жiгiт, күйеу жолда жатқандай көрiнетiн. Ендi ойлап қарасам, соның бәрi бекер екен!.. — Сәл тыныстап, ауыр күрсiндi. — Талай жiгiттi жылатып жiберiп едiм...

— Әлi-ақ, маңдайы жарқыраған бiр жiгiт кездесер. Бақытыңды табарсың! — деймiн көңiлiн аулаған болып.

— Әй, қайдам! — Ол тағы күрсiндi. — Жасың келген соң, жалғыз жүрудiң өзi қиын екен. Жаман ыңғайсызданамын. Елдiң бәрi күле қарайтын сияқты... Оның үстiне шалдар қутыңдап, сөз айтатынды шығарды. Олардың ойы белгiлi ғой!..

Iшiм қылп ете түстi. Өзiмнен-өзiм қуыстанып, қысылып барамын. Кiнәлi адамдай жақ ашпастан бедiрейiп отырмын. Жүзiне тура қарауға да батылым жетер емес.

— Жо... жоқ... — дейдi тұнжырай түсiп, — Оларға көнетiн мен емес. Арымды таза ұстауға о бастан ант еткем... Менiң сiзге айтайын дегенiм... осыдан бес-алты ай бұрын Ержан есiмдi бiр жiгiтпен танысқам. Момын жiгiт. «Жақсы көремiн! Үйленейiк!..» дейдi. Алғашында қылжақ қылып уақыт өткiзу үшiн ғана сөйлесiп жүрушi едiм, артынан ойландым... Жасым болса отызға таяп қалды... неменеге бұлданам. Шалдардың қушыңдауы анау... Онан да осы жiгiттiң етегiнен ұстайын деп ойлап, меселiн қайтара қоймадым. Тұрсам тұрармын, тұра алмасам байға тидi деген атым бар, бала туып алармын. Әйтпесе қуарған қу томардай жалғыз қалар түрiм бар... Сiз күлмеңiз... жан адамға ашпаған жан сырымды айтып отырмын.

— Күлiп отырған жоқпын, айналайын!

— Бала туып алсам ба деп те ойлағам. Бiрақ... байсыз бала туу қиын екен!..

Ол ауыр күрсiндi. Терең ойға шомғандай жүзi солғын тартып, қас-қабағы түйiле түскен. Жәудiреген жанарынан мөлдiреген жас тамшылары сырғып түскендей болды. Маған бiлдiрмегенсiп саусақтарының ұшымен жайлап сүртiп қояды.

— Сiз қалай ойлайсыз? — дедi сәлден соң басын көтерiп алып. — Мен сол жiгiтке тұрмысқа шығуға келiсiмiмдi бердiм.

— Жақсы көресiң бе, өзi?

— Қалай десем екен! Былай жаман жiгiт емес сияқты.

— Жалпы, өзiң бiлесiң ғой. Әлi де ойланып көрсеңшi!..

— Ойландым, аға. Көп ойландым. Тәуекел. Бiреудiң ашынасы, болмаса тоқалы болғаннан гөрi өзiм құралпы жiгiтке тұрмыс құрайын деп шештiм. Сыйласа болды да... Жiгiт таңдайтын жастан асып кеттiк қой!.. — Жүзiне қан жүгiрiп, сәл езу тартқандай болды. — Ендi маған мұндай жiгiт кездесе ме, жоқ па?.. Жалғыздықтан жалықтым!.. Шаршадым...

— Өзiң бiлесiң ғой, жаным!

— Жарайды, аға... Басыңызды ауыртып жiбердiм-ау!..

Орнынан жаймен көтерiлдi. Терезе жақтағы кiшкене үстелдiң үстiнде тұрған магнитафонға үнтаспа салып, қосатын тетiгiн тырс еткiзiп басты да, маған қарай жүрдi.

— Жүрiңiз, билейiк!..

Бөлме iшiн сазға бөлеп, әсем әуен қалықтады. Бетон қабырғалар да қосыла ән шырқай жөнелгендей. Алақаным алақанына тигенде демiм шықпай қалғандай әрең қозғалдым. Бойым балқып, көңiлiм шалқып, ерекше бiр күйге енiп барамын.

Махаббат деген қандай-ды?

Қарасаң көзiң қанбайды.

Сағынған жанға жете алмай

Қаншама гүлдер,

Қаншама гүлдер сарғайды?..

Әуен құйқылжып, ән төгiлiп тұр. Елана да шыдай алмады бiлем, тамағын қырнап алды да, ақырын ғана қосыла кеттi.

Ғашықсыз өмiр өмiр ме?

Егiлме, жаным, егiлме.

Көктегi Күнге қол созған

Не дерсiң мынау,

Не дерсiң мынау көңiлге?!

Дауысы сыңғырлай шығады. Мен оны аш белiнен құшақтап, бауырыма қыса түсем. Қос қолын мойныма артқан күйi жеңiл тербеледi. Көзiне көзiм түстi. Күлiм қағады. Жүзі алаулап тұр.

— Иә, көңiл жүйрiк қой! Не дерсiң, жаным?! — деймiн сынай қарап.

— Не дермiз?!

— Неткен әдемiсiң!..

— Аға!.. — Көзiн тайдырып әкеттi. — Мен де сiздi жақсы көремiн. Ұзақ iздеген... қиялымдағы жiгiт... сiз сияқты едi. Бiрақ өзiмнiң бақытым үшiн бiреудiң бақытын аяққа басқым келмейдi. Мен үшiн басқа бiреудiң шаңырағы шайқалғанын қаламаймын. Өйтiп бақытты бола алмасымды да сеземiн. Құдайдан қорқам!..

«Неткен ғажап жан!.. — деймiн бiр сәт ойға берiлiп. — Ақылды-ақ... Құдай бәрiн бiр басына үйiп-төгiп бере салған. Бақытты-ақ болатын қыз!»

— Мен қайтайын! — дедiм ойымды оқыс iркiп.

— Қайда?

— Үйге...

— Сiз... Сiз бiлесiз бе? — деді ойлы жанарын тура қадап.

— Ненi?

— Адамды өлтiрмей миын қалай алатынын.

— Жоқ...

— Шынымен бiлмейсiз бе?..

— Шынымен...

Ол күлiмсiредi. Мен үнсiз ойланамын. «Ненi жұмбақтап тұр екен?..» деймiн iштей.

— Мен еркiн өскен ерке қызбын. Ойыма не алсам, соны iске асырмай қоймаймын! — дедi көзiмнен сыр оқығандай. — Бүгiн сiздi жiбермеймiн... Айтайын деген құпия сырым бар!..

— Қалауың болсын, жаным!..

— Мен қазiр... — Не ойлағанын бiлмеймiн, құшағымнан жылжи шығып, жиналмай қалған дастарқанға қарай жүрдi.

Мен мойнымды сәл бұрып, терезе жаққа көз салдым. Қап қараңғы. Түнек. Түк көрiнбейдi. Жаңбыр жауып тұр. Әйнекке тырс-тырс тиген тамшылар айғыз-айғыз iз тастап, қыздың көз жасындай жылап ағады.

Жүрегiм сыздап қоя берді.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама