Жоғалып табылған қыз
— Нұрила, а, Нұрила!, — деп қонақ бөлмеден шақырған ақсақалының дауысынан асханада кесе-шәйнегін жинастырып жүрген кейуана селк ете түсті. Қолындағы ыдысты қоя салып, қабырғалас бөлмеге емпеңдей ұмтылды. — Не болды, жазған-ау, сонша айқайлап, шошып кеттім ғой!, — деп алшалғышына қолын жүре сүртіп есіктен көрінді.Басында оюлатқан қазақы тақия, түйе жүн жеңсізінің өңірі екі жаққа жайылып кеткен қария жазу үстеліне облыстық газетті айқара ашып салып бар ынтасымен төніп тұрды. Бәйбішесі жанына жақындап:
— Төке, о не? Не жазыпты сонша?!, — деп үстел шетінде жатқан
көзілдірікті мұрын үстіне іле салып, қосыла үңілді. Қай бетіне қарау керегін нақты білмесе де, жарының көңілін аударған газет бетіне.
— Мына суретке қарашы!, — деді күйеуі басын көтермеген қалпы.
— Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай түрлі — түсті етіп шығарған ба, «Жетісуды».
— Ие, менің саған көрсетіп тұрғаным, мына бала ғой. Қарашы!, — деп енді газеттің екінші бетін әйеліне қарай бұрды.
— Гимнастка ғой! Қандай әдемі!, — деп Нұрила көзілдірігінің ілмегінен ұстап, газетке қадала кетті.
— Нұрила, сен жақсылап қарасаңшы! Біздің Жәниядан аумайды екен, — деді енді бәйбішесімен бас түйістіре суретке қайта қарап.
— Ие, шынында, — деп әйелі енді көзілдірігін көтере түсті.
— Дөңгелек жүзі, бота көзі, тәмпіш танауы..., — деп Төкең термелеп барады.
— Шашы да, — деді әйелі, — кекілінің төгіліп тұрғанына дейін аумайды-ау, аумайды...
— Әй, «осы біздің Әлия емес пе?», — деген ой келіп тұр маған, — деп бағанадан бергі көңілдегісін ақтарып салды. Ері не айтса да мақұлдай жөнелетін Нұриланың жүрегі шым ете түссе де:
— Қойшы-ей!, — деп қалды, өзі қалай қарсы айтқанын да байқамады. Газетті жарының қолынан жұлып алып терезенің алдына жақындады. Сенбегендей қайта үңілді.
— Талдықорғандағы жетім балалар үйінен екен. Көркем гимнастикадан облыстық байқаудың жүлдегері көрінеді, — деп Төкең әйеліне газеттен оқып үлгергенін мәлімдей бастады.
— Ләйлә Табылдиева дей ме?!
— Иә, аты –Ләйлә екен.
— Жетімдер үйінде жүріп мынандай жетістікке жеткенін қара. Ақылды қыз болды ғой!, — деп Нұрила суретке сүйсіне қарап тұр әлі. Кезінде талай талантты шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз мына өнерлі өренге қызыға, мұғалімнің көзімен қарап, тамсанды.
Ерлі-зайыптылар споршы қызға қарап мәре-сәре болып жатқанда сырттан кенжетайлары – Жәнияның енгенін де байқамады.
— Апа, не болды газеттен бастарыңызды көтере алмай қалыпсыздар ғой?, — дегенде барып бұрылысты.
— Әкең «Жетісудан» бір гимнаст қызды көріп саған ұқсатып тұр, — деді бейғам ғана анасы. «Саған ұқсатып тұр», — дегенге елең еткен қыз жандарына жүгіріп келіп:
— Қане?!, — деді газетке ұмсынып.
— Міне, қарашы, алғашында сен екен деп қалдым, — деді әкесі.
— Кекіліне дейін саған ұқсайды!, — деді шешесі қызды тіпті қызықтырып.
— Берші...берші..., — деп анасының қолынан газетті ала салып диванға жайып жіберіп үңіле кетті.
— Апа! Әке! Мынау Әлия емес пе?!, — деді дауысы дірілдей шыққан қыз. Өзінің сыңарын іздеп жүретін баланың жүрегі тарсылдап қоя берді газетке қараған сайын. Әкесі орынтақтан атып тұрып диванда жайылып жатқан «Жетісуға» қайта үнілді.
— Бұл бала балалар үйінен екен. Болса болар. Жоғалып кеткенде мүмкін біреу тауып алып балалар үйіне тапсырған шығар, — деп топшылады, қызының қолындағы газетке тағы қарап.
— Сендер не деп жатырсыңдар, әй!, — деді перзентін жоғалтқан ана жүрегі елжіреп суретке қайта үңіліп жатыр.
— Ойбай, құлыншағым-ай, кім білсін. Биыл он үш жылға кетті ғой, із-түзсіз болғанына. Мына бала нешеде екен?, — деп жарына қарады, әдеттегісіндей бәрін сол біледі дегендей.
— Әкеліңдер бері», — деді әке енді тізгінді қайта өз қолына алып.
— Биыл оныншы сынып оқушысы көрінеді...
— Үш жаста жоғалды, содан бері он үш жыл болды. Біздің Әлия да осындай он алтыға толар еді. Айтпақшы, ол екеуміз жастымыз ғой!, — деп Жәния тақылдап есептеп шықты.
— Мынаны ағаларың мен апаларыңа хабарлап, іздеу салалық, — деді Нұрила жүрегі алып-ұшып.
— Талдықорғандағы нөмері екінші балалар үйінен депті. Суретті түсірген – Советбек Мағзұмов дейді. Осы балалар үйіне барып сұрастырайық, — деді әкенің де көңіл түпкірінен үміт оянып. Үстіндегі түйе жүн жеңсізді бір шешіп, бір киді. Толқып тұрып:
— Нұрила Әлиядан айырылып қалған күн есің де ме?!, — деді бәйбішесіне.
Газеттен гимнастка қыздың суретін көргеннен жүрегі елжіреп, жан дүниесі толқып отырып қалған ана жауап беруге асықпады. Сол азапты күнді есіне алғандай бір уақытта барып:
— Әрине, Төке! Есінде ме дегенің не? Мен сол күннен бері жыл емес, күн санап жүрген жоқпын ба?! Жәнияның әр қылығына, әр ісіне қараған сайын Әлиямды еске алып, «ол бар болса бүйтер еді, сүйтер еді екеуі, биыл мынасыншы сыныпқа өтер еді, мынандай жасқа жетер еді», — деп іштей өзімді өзім жеп өмірім өтіп жатқан жоқ па! Басқа балалардың қызығы бір төбе де, Әлиямның қайғысы бір төбе. Көңілім әр күн, әр сағат сайын соны жоқтап келеді. Тек ешкімге білдіргім келмейді. Соның осы жағдайға ұшырауына дүние қуған өзімді кіналаймын.
Сені де аяп кетем кей — кейде «Әлиямның еті тірі еді, аман болса бір жерден шығар еді», — дегеніңде», — деп жанарынан жас парлап, өксіп-өксіп жіберді.
— Маған Әлия жақын бір маңда бізге көрінбей жүргендей болып әрдайым көңілімді алаңдатып жүреді, — деген отағасы жанына диванға келіп жайғасты.
— Бағана сен балалар үйінен дегенде жүрегім бүлк етіп, суретіне қайта қарағанда Жәниядан аумайтынын байқадым. Әкесі, іздейікші, осы біздің қызымыз!, — деп ерінің қолынан ұстап алып өзінің жүрек тұсына жақындатып:
— Қарашы, жүрегім сезіп тұр. Соғуын тыңдашы!, — деп жарының жүзіне сондай бір жалынышпен қарады.
— Әрине, іздейміз. Он үш жылдан бері мен де оны іштей іздеп, қайда барсам да сол құралпылас қыз балаға телміре қарап, егіздеріме ұқсастық іздеп жүремін. Сен жылай бермесін деп айтпайтынмын. Алладан сыңарына амандық тілеймін!, — деп Төкең қолын әйелінің иығына салып, бауырына тартты.
— Апа, мен тәтем мен ағама газеттің атын, номерін жазып, суретін Ватсаппен жібердім, — деп бөлмеге Жәния қайта кірді телефонын қолына ұстап.
— Ағаңның қолы ұзын ғой, сол таппаса зейнеткерлерді кім тыңдасын, — деп анасы мемлекеттік қызмет істейтін ұлын мақтанышпен еске алды.
2
«Төлепбергеннің егіз қыздарының біреуі жоғалып кетіпті!», — деп ауыл дүр сілкінді екі кештің арасында. Етектегі шағын елді мекенге күн таудан асса болды қараңғы түседі.
— Әсима апа егіз қозысын көзінен таса қылмаушы еді, қалай айырылып қалды екен?
— Төкең мектептің жоғарғы сынып оқушыларын жинап алып іздеуге шығыпты.
— Нұрила тағы Қытайға тауар алып келуге кіріп кетсе керек, әлі келмепті.
— Түнге қалып қырға шығып адасып шибөріге таланып қалмаса жарар еді», — деген алып-қашпа әңгіме ауыл ішін шарлап кетті. Жақын ағайындары Төлепбергеннің үйіне келе бастады. Олар аңырап отырған Әсима кемпір мен әжесінің етегіне оралып, бауырына жабысып көзі бақырайып жылап отырған егіздің сыңары – Жәнияны көрді. Егіздерді ажырата алатындары:
— Е, Әлия ма жоғалып кеткен?, — деп жатты.
Төлепберген бастаған мектеп балалары мен ауыл ересектері таң бозарғанша аяқ жетер жердегі ой-шұқыр, сай-тоған, қыр-белес, орман-тоғай атаулыны түгел сүзіп шықты. Бала ұшты — күйлі жоқ! Сұрағанға Төкең: «Таңертең шешесі жолға шыққанда екеуі де әжесінің жанында қалыпты. Одан кейін Әлияның қай кезде үйден сытылып шығып кеткенін ешкім байқамаған. Еріп кетті дейтіндей сырттан ешкім келмеген. Үлкендері ертемен сабақта. Тек түске қарай ас ішерде тіршіліктен босаған апам іздеген ғой. Ол кезде Жәния үйде ойнап отырған екен», — дейді түрі қарайып.
Ертесіне аудандық ішкі істер бөлімшесіне хабар берілді. Әлияның суреті аяқ жетер жерге ілініп, хабарласу үшін аудандық ішкі істер бөлімшесі мен ата-анасының телефоны қоса жазылып іздеу жарияланды.
Үш күннен соң Қытайдан тауар арқалап жеткен анасы Нұрила Әлиясының ізін де таппай көз жасын көлдетіп қала береді. Сол жоқтан балдырған ізім-қайым жоқ болды. Көрдік деген, бір жерден бала тауып алыпты деген пенде болмады. Бақыттарына орай, жаманаттан да хабаршы болмады. Әке мен шешенің баласына іздеу салып хабар жолдамаған жері қалмады. Егіз қозыдай екі қыздың екі жасқа толған күндерінде түскен суретін үлкейтіп төргі бөлмеге іліп қойды. «Тірі жүрсе бір табармыз», — деген үмітпен жылдар өтіп жатты.
— Ойбай, несін айтасың балаларды ұрлап алып кетіп дене мүшелерін сатады екен...
— Шетелге бала сатып ақша табатындарға ауылдағылар да делдал болады екен...
— Солай ұрлап кетпесе бір хабары шығар еді де...
— Ит-құс жесе екі алақаны мен табанын қалдырады екен. Балалар сай-саланы тінтіп шықты, сүйек табылмады ғой, — дегендей сөздер алғашында гулеп барып басылды.
Ауылдағылар әрқайсысы өз балаларынан айырылып қалардай болып қорқып, сақтықпен жүрді.
«Уақыт– емші», — деген рас екен. Жылдар жылжи келе ел ішінде егіз қыздың жоғалған сыңары жайлы еске алушылар азайды. Желкілдеп өсіп келе жатқан Жәния ғана сыңарын ұмыттырмайтын. Ата-анасы да, жақын, ағайын-туыс та жүрек түпкірлерінде бір жерде жүр-ау деген үмітпен Жәнияның әр қылығын көрген сайын Әлияны еске алысатын. «Үмітсіз — шайтан», — деген рас қой.
Нұрила бауыр еті баласының не өлі екенін, не тірі екенін біле алмай жүрегі езіліп сүлесоқ жүрді. Сауда-саттық жайына қалды. «Күйігін жасырғанның көңілі жұбанбайды», — деген бар қазақта. Сол айтқандай Төлепберген мен Нұрила күйіктерін ішіне тығып, ал аналары – Әсима сол күйіктен өмірден өтті.
3
Әлияның үш жасқа аяқ басқан кезі. Анасы – Нұрила егіздерін енесіне қалдырып саудамен айналысып кеткен. Ол Қазақстан Тәуелсіздігін алған алғашқы жылдар еді ғой. Мектепте ұстаздық етіп жүрген Нұрила бірде үйге:
— Мен ертеңнен бастап Раушанмен бірге сауда жасауға шығамын, апа, — деді енесіне.
— Неге? Сені біреу мектептен қуып жатыр ма?! Саудасы несі, сартқа ұқсап. Тегімде саудагер жоқ, — деп кейуана шошып кетіп, біраз сөз айтып салды да, тігіп отырған ісін ашу үсті ысыра салды.
— Төлепберген екеуміз де осы мектепті сағалап келгенімізге жиырма жыл болды. Бір иініміз бүтінделіп, еңсеміз көтерілген емес. Бірді бірге жалғап келеміз, жалғап келеміз. Мойынымызды созып жақсылықтан үміттеніп ілгері қарағанымызбен кері кетіп барамыз. Соңғы жылдары айлықты да уақтылы бермейді. Олай тартсаң –олай, былай тартсаң – былай жетпейді» — деп сұңқылдап келе жатыр еді, енесі:
— Әй, шырағым, жөнін айтшы, неден кенде болып, неден тарығып жүрсің?, — деді жақтырмай.
— Апа, үлкен екеуі қатар өсіп келеді. Ертең-ақ Алматыға оқуға түсеміз дейді. Баяғыдай тегін жоғары білім алу жоқ, заман басқа. Егер жақсы балл жинай алмаса, ақылы оқуға ақша керек.
— Немене жинау керек?, — деді сауаты жоқ кейуана, жақтырмай сұрап.
— «Балл», — дегенді жинайды апа. Білімдерін солай бағалайды. Баяғыдай бес алды, төрт алды деген жоқ енді.
— Менің балаларым қалай бағаласа да үздік болады. Оқығыш! Сен ақыр заманды тақай бермей мектебіңе бар.
— Апа, мен деректірге айтып келдім. Ертеңнен бастап жұмысқа келмеймін деп. Тоқаң да келісті. Келер жетіде Раушанға ерем де Қытай асып тауар тасыймын!», — деп тұр не шайтан түрткенін өмірі тік қарап сөйлемейтін келіні.
— Бәрін өзің кесіп — пішіп қойыпсың ғой, байға да, енеге де билік бермей. Әдірәм қал, табыс табам дейді ғой! Қатын табыс тауып қарық қылғанды көрмеппін!» — деп кемпір етегін бір қағып орнынан тұрды да сыртқа беттеді.
Енесінің жақтырған-жақтырмағанымен ісі жоқ келін жолға жинала бастады. Сол сапардан сапар жалғасып, Жәркенттен – Қорғас, Қорғастан – Қытай асып Нұрила қапшығын арқалаған саудагер болып шыға келді. Бірден қолы жүріп, ісін дөңгелете жөнелді. Аудан орталығы, ауылдағы шағын маркет дүкендерге киім-кешек, ұсақ-түйек, ойыншық дегендерді қарызға қалдырып, тауары өткенде қаржысын жинап жүретін болды. Саудасы қыза келе тауар тасыйтын жүк көліктерін жалдай бастады.
Үлкен балалары Алматыға жоғары оқуға түсті. Шынымен әжелері айтқандай оқығыш екен, екеуі де мемлекеттік грантқа ілінді. Тамыздың ортасында «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан талапкерлердің тізімінің бел ортасында жүрді. Бұл – ата-ана ғана емес мектепке де абырой болды. Егіздері әжесінің етегіне жармасып үйде жүретін. Әкелері күн ұзаққа мектепте.
Сол жоғалатын күні Әлиясы жолға шыққан анасының соңынан бақыра жылап әрең қалған болатын.
— Қанша қалып жүріп мұндай ақымақтық көрсетпеуші еді. Сол жолы бір ерекше жылады. Әрең алып қалдым, — дейді әжесі.
Анасының дарбазадан шыққан бағытын көріп алған кішкентай қыз ойыншығын ұстаған күйі артынан ере жөнеледі. Оның қалай ілесе жөнелгенін әжесі де байқамайды. Үйлері ауылдың шетінде, үлкен жолдың бойында болатын.
Қақпадан шыққаннан томпаңдаған қалпы кішкентай аяқтар үлкен жолға – өзінің ең алғашқы сапарына бастады...
4
Сенбі күні Төлепбергенге ұлы Ерлан Алматыдан телефон шалды.
Көке,Талдықорғандағы екінші балалар үйі туралы білдім. Мекен-жайы, байланыс телефондарын таптым. Сенбі-жексенбіде әкімшілігі жұмыс істемейді екен. Құдай бұйырса, дүйсенбіге жұмыстан сұрандым, сонда тартып кетем.
— Алдымен телефон арқылы нақтылап алмадың ба?
— Телефонмен не біле аламын. Олар әр баланың өмірбаянын құпия ұстайды ғой. Сондықтан барып, басшыларымен бетпе-бет сөйлескенім дұрыс болар, — деді Ерланы.
— Егер нақ Әлия болса, дереу хабар бер, шешең екеуміз тез жетейік, — деп тапсырды әкесі.
— Меніңше, біздің Әлия. Үш жаста атын анық айта алмай, «Әлә», — деген шығар, содан «Ләйлә», — деп жазған ғой. Тауып алған баланың тегін «Табылдиева», — деп түсірген құжатқа.
— Мына жобаң ақылға қонады, ұлым. Тек әзірге анаңа айтпай тұрайық. Кім біледі бір кедергі болса жүрегі шыдамай, ауырып қалар. Онсыз да осы күнге дейін сол қыздың жоғалғанына өзін кіналап келеді, — деді әке.
— Жарайды көке, хабар менен болады, — деп аяқтады баласы әңгімесін.
Тоқберген сенбі-жексенбіні өткізе алсашы. Әшейінде зымырап өтіп жатқан уақыт, көкке күнді байлап қойғандай жылжымайды-ау, жылжымайды. Жексенбіде қонаққа шақырған жер бар еді оған да барғысы келмеді. Жүрегі күпті болып, көңілі алаңдап, үйден шыққысы келмеді.
Әйелі:
— Жүрсеңші, барып қайтайық. Көп болды ғой нағашыларыңды көрмегелі, — деп қоймаған соң амалсыз ерді. Онда да ойы онға, санасы санға бөлініп отырды. Қайтарда жанында сүйретіліп келе жатқан жарына жұбайы:
— Тоқа, саған не болған? Бір жерің ауырып жүр ме?! , — деді көз жанарына қорқыныш ұялап, үрейлене қарап.
«Ерлан жолға шығады. Иә, Аллам, бір өзің жар бола гөр! Адасқан құлынымды үйіріне қайыра гөр!», — деп атқызды дүйсенбінің таңын Төлепберген.
Түнде жастыққа бас қоярда «Ұлдан хабар жоқ әлі. Екеуміз сол балалар үйіне өзіміз барып қайтсақ қайтеді», — деп жалынғандай болған бәйбішесі азаннан үндемейді. Жәния мектебіне кетті.
Тоқберген ұлының қарындасын іздестіріп жатқанынан тіс жармады. Малдарды жайғастырып, мектеп жаққа барып уақыт өткізіп жүр. Бесінге тарта баласы хабарласты-ау!
— Көке, балалар үйін таптым. Басшысына жолықтым. Мені түсінген болды. Ләйлә Табылдиева басқа балалар үйінен ауысып келген көрінеді. Алдымен ДНК сараптамасын жасап барып, сіздің қыз ба, емес пе деп нақтылаймыз деді, — деп ұлы қысқа сөйледі. Өзі мінезі ауыр бала, жайшылықта да көп сөз айтпайтын.
— Қашан жасайды екен сараптамасын?
— Айтпақшы баланың бойында ерекше бір белгі бар ма еді дейді.
— Қандай белгі болуы керек?
— Бір жерінде қал, не тыртық дегендей..
— Мен нақты білмейді екем. Шешесінен біліп берейін, — деп Тоқаң сасқалақтап қалды. Сондай сауал болады деп күтпесе керек. Содан амал жоқ баласы екеуінің жоспарын жарына жайып салды.
— Бәсе, тымырайып жүрісіңнен біліп ем-ау, бірдеңе ойластырып жүргендеріңді. Ерлаш та хабарласпай қойды. Құдай-ау, бұлар хабары шыққан баланы іздемей ма, деп ем-ау!, — деп әйелдік сөзшеңдікке салына бастап еді:
— Әй, зарламай, Ерланға айтсаңшы, ерекше белгісі бар ма еді?, — деп ері зекіп тастады.
— Бар ғой, еңбектеп жүргенде аяғын күйдіріп алғанбыз...
— Жетісіпсің. Содан белгі қалып па еді?!
— Иә, балтырында тыртығы бар, егер жазылып кетпесе...
— Тыртықтың тегістелгенін естімеппін, орны бар шығар. Қайсы аяғында еді?
— Оң аяғында...
Тоқаң телефонды ала салып естіген мәліметтерін ұлына жеткізіп жатты. Тұтқаны қойған соң:
— Кішкентай кезіндегі суреттерін, метркесін де сұрапты, — деді жарқын дауыспен қызы табылғандай.
— Несін тексере береді, Жәнияны ала барамыз. Мен екеуіне бірдей көйлек әперем. Барғанда екеуіне бірдей етіп кигізіп, қатарлап қоямыз. Судың қос тамшысындай, егіз қозылардай болып тұрады қарақтарым, содан кейін менен тумады деп айтып, айырып көрсін, — деп Нұрила өз пайымын айтты еріне.
— Иә, саған қарап тұрған заң бар деген. Олар алдымен қаныңды салыстырады. Кәмәсия құрып арғы-бергі тарихыңды тексереді. Баланың қалай жоғалғанын, қалай балалар үйіне тап болғанына дейінгі жолды зерттейді. Содан кейін барып шешім шығарады. Үкіметтің тізіміне өтіп кеткен баланы қайтарып алу оңай дейсің бе?, — деп түсіндірді өз жобасын күйеуі. Жәния да сыңарының табылатынына қуанып, көңілі алып — ұшып, апасы екеуіне бірдей етіп алып қойған көйлегін киіп әке-шешесінің алдында айналып мәз.
Сәрсенбінің сәтіне үшеуі жолға шықты. Ерлан Талдықорғанның кіреберісінде күтіп алды. Төртеу түгелденіп төбедегі жақсылықтан үміттеніп балалар үйіне келді.
Ерланның шапқылауының арқасында балалар үйіндегілер де құлақтанып қалыпты. Басшысы жақсы қарсы алып өз дәрігерлерін қосып Төлепберген мен Нұриланы ДНК сараптамасын өткізуге жіберді. Жәния мен ағасы Әлиямен таныса бермек болып еді, оған тәрбиешілер рұқсат бермеді.
— Егер бала сіздердікі болмай шықса жүйкесіне әсер етесіздер. Біздің үйдің тәртібі бойынша іс нақтыланбай алдын-ала таныстыруға болмайды, — деді.
ДНК сараптамасын үш тәуілік күтуге тура келді. Ерлан қызметіне алаңдап, асығып Алматыға қайтты. Тоқаң әйелі мен қызын алып осындағы ағайынының үйінде үш күн үш айдай болып үмітпен өткізді.
— Көке, мен келдім, балалар үйіне жетіңіздер, бүгін сараптама қорытындысын айтатын күн, — деп ұлы түске таман хабарласып, шақырды. Үшеуі құстай ұшып жетті.
Балалар үйі директорының қабылдауына қолында үлкен конверті бар дәрігер кірді. Бәрінің көзінше конвертінің желімін ашты да, ішіндегі хабарламаны дауыстап оқыды:
— Беркімбаев Тоқберген Сәлімұлы мен Беркімбаева Нұрила Өскенқызының ата-аналық сараптамасы Табылдиева Ләйланың сараптамасымен 98 пайызға сәйкес келді. Құттықтаймыз!, — деп мәлімдеді.
— Ой, адасқан құлыным-ай!, — деп әкесі дауыстап жіберді қуаныштан.
— Жарығым-ау, адасқан аққозым-ау!, — деп анасы жылап қоя берді.
— Ерлан мен Жәния бірін-бірі құшақтап жанарлары қуаныш жасына толды.
Анасының әкелген көйлегін тәрбиешісі Ләйлә-Әлияға кигізіп ертіп келді. Егіз екі қыз қатарласып тұра қалғанда шынымен «Нұриладан тумады деп айтып көрсін жұрт», — дегендей болды.
Он үш жыл бойы бір балалар үйінен екіншісіне ауыстырылып, бір ауданнан екінші ауданға көшіп жүрген Ләйлә-Әлия қыз өз ата-анасын, бауырларын тапқанына сенер-сенбесін білмей көңілі толқып, жанарына жас үйірілді. Өзінің сыңарының барын да білмейтін. Жәниясын көргенде жан-жүрегі езіліп, ішкі сезімі ағыл да тегіл елжіреп, бақыттан басы айналып кетті.
Түстен кейін Әлия мен Жәнияның ата-анасы Балалар үйінің асханасында той жасап, сондағы бауырластары Ләйләсін ән-жырмен шығарып салды.
Он үш жылдан соң өзін адастырып алып кеткен жолдармен Әлия қыз бойжеткен болып туған жеріне, туған шаңырағына, өз әулетінің ортасына ата-анасымен, бауырларымен оралып келе жатты...