Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жомарттың кілемі

(Төрт актылы, сегіз картиналы)

ҚАТЫСУШЫЛАР:
Жомарт — жас батыр.
Несібелді — кілемші, сұлу қыз, Жомарттың жары.
Гауһартас — жезтырнақтардың әйел патшасы
Аяз — Гауһартастың әрі ақылшысы, әрі қолбасшысы.
Анапия — Несібелдінің дос қызы.
Дариға — атақты кілемші кемпір.
Қанікей — Жомарттың шешесі.
Құралай — Дариғаның немере қызы.
Ораз — жиһанкез батыр, Анапияның күйеуі.
Қамаси — жас ақын, Құралайдың жары.
Қадырбек — хан баласы, батырсымақ.
Балшылар: (жауырыншы,құмалақшы, қобызшы). Қыздар, бірінші, екінші жезтырнақтар, әйелдер, тағы басқалар.

БІРІНШІ АКТ
Бірінші картина

Орман алаңы. Төңірегі гүл майсалы кішкене ғана мөлдір кел. Несібелді, тағы басқа қыздар, құрбы-достары. Олар қынама қамзолдарын шешіп, білектерін сыбанып, бояулы жіптерді суға шайып алып жүр. Бәрі қосылып әндетеді.

Шебер қолдар ұстай алар
Көктен түскен күннің нұрын,
Күн нұрынан ою салар
Құлпыртатын кілем түрін.
Шебер қолдар ептілікпен
Тоқи білсе, жетсе жігер,
Қылдан нәзік алтын жіптен
Жер бетіне кесте тігер.

Анапия. Қараңдаршы, орманның қалай тынғанын,
Күнде кешке осы уақта,
Батар күннің шапағына
Көзімді алмай, құмарлана қараймын.
Қараңдаршы, Несібелді,
Қасыма кел, жоғары шық.
(Қасына шақырып алады.)
Көремісің әнеки?
Несібелді. О не?

Анапия.
Көрмеймісің көлеңкені.
Бірте-бірте ұзарып
Алысқа бой созуын.
Сен де бірге қосыла ұшып
Орман, тауды бірге аралап шыға алсаң,
Ертеңіне көргеніңді көп әңгіме етпес пе ең...

2-қыз. Бәріміз де соны қалар ек.

Несібелді. Мен де солай істеймін.
Міне жұмдым көзімді,
Тек қатты жұму керек.
(Көзін қатты-қатты жұмған, қиял серпе сөйлейді.)
Осы кезде шудасы ұзын желкілдеген,
Басқан ізі білінбеген,
Жер мен көктің арасында
Бұлт сияқты қалқыған
Сары атанға мінем де
Жоғарылай жөнелем.
Қараңдаршы, биіктемін орманнан,
Қара жолдың керуеніндей тізіліп
Шұбырған бұлттай түйелер,
Тербеле басады бәрі де.
Әнеки, әр түйеде бір қыздан,
Сендер екенсіңдер.
Енді міне түйелерге қанат бітті,
Бұлттардан да жоғары астық,
Төңірегіміз мидай жазық, тамаша!
Кідіртетін мүдір жоқ...
Тек жел ғана суылдайды.

Анапия. Несібелді, қолыңды бер,
Қатарласа ұшайық...

(Жел ысқырады. Қыздардың киімдері желкілдейді, бұлар ұшып келе жатқандай.)

Несібелді. Қаласам күн батады,
Қаласам таң атады...

2-серік қыз.
Сол үшін де кілемшісің өзгеше,
Қолдан салған оюыңмен,
Кейде күнді батырып,
Кейде жарқыратып шығарасың."

Анапия. Тоқта... тоқта...
Біз қай маңда ұшып келеміз?

Несібелді.
Ұшқан жоқпыз қазірде,
Тұлпарға мініп толықсып,
Қарлы таудың шыңдарында,
Ойната шауып келеміз.
Жоғарылап секірсе,
Араласар жұлдызға,
Төмендесе шың басып,
Жануарлар заулайды.
Ағызыңдар, достарым,
Тежемеңдер тізгінді.
Соңымызда бір жігіт,
Отты қамшы қолында,
Астына мінген тұлпары
Атылған садақ оғындай,
Табаны жерге тимейді, .
Бізді қуып келеді.
Қайсымызды кездеді екен?
Тоқтатыңдар аттарды!

Барлығы. Тоқтайық! (Барлығы да тоқтағандай.)

Несібелді. Беттеріңді көрсетпеңдер. (Барлығы да шумақ жіптермен беттерін жасырады.)

Несібелді. Міне, өте шықты қасымыздан. Кімнің жүрегін жаралады екен?

Анапия. Кімнің жүрегі қатты соғады, тыңдайық.

Осы кезде сахнаның сыртынан топ аттының дүбірі естіледі, бірте-бірте жақындап келеді. Олар аттарын ойнақшытып, қыздарға келіп тоқтайды.

Жомарт. Армаңыздар, арулар.

Несібелді. (сәл ғана басын иіп). Бар болыңыз, құрбылар. (Қыздар тәжім етіседі.)

Жомарт. Шөлдеген соң бұрылып ек! Өз қолыңнан су ішейін.

Несібелді сырлы тостағанымен көзеден су әпереді. Жігіт қолын созғанда төгіп жібереді. Бәрі де таңданыса қарайды. Екінші рет тағы да сөйтеді. Жас жігіт мазақ болғандай, ашу шақырғандай. Қолы қылышының құндағына барып қалады. Несібелді үшінші рет ұсынып тостағанды береді. Жігіт ішеді.

Жомарт. (тостағанды қайтып беріп). Неге төктің екі рет, мазақ еткің келді ме?

Несібелді
Жоқ, құрбым, мазақ емес.
Сен ыстықсың, су суық.
Ұзақты күн аң қуып,
Алқыныпсың, батырым.
Демін бассын деп едім.

Жомарт тілі байланғандай қатып қалған. Екі көзі алдындағы сұлуда. Телміре қарайды. Содан соң атынан секіріп түсіп Несібелдінің дәл жанына келеді.

Жомарт (көзін Несібелдінің көзінен айырмай).
Екі көзі жалын атқан,
Тең құрбыдан ақыл асқан.
Іздеп едім бір сұлу.
Жаңа таптым, сол сүйерім сен екенсің.
Теріс көрсең тентек деме, аруым.

Несібелді.
Тіпті асығыс айтып салдың, жас батыр!
Көрмей жатып қол созғаның
Қорқытқандай мені де,
Әлде өзің мазақ етемісің?

Жомарт.
Сорғалаған лашынға
Мүлтсіз қадау оғымды,
Машығым еді қашаннан.
Бірақ сенің тапқырлығың
Сүр жебемнен шапшаң соқты.
Мен ойланам дегенше
Бұрын аттың, сұлуым.
Шарлап жүріп шар-тарапты
Көріп едім талайды,
Көз сүзген емен біріне.
Бар жазығым осы ғана.
Тым дөрекі көрмесең
Орамалыңды сұраймын.

Несібелді.
Жалынды сөзің жанымның
Шыңдап келеді ерлігін,
Енді мен де емін-еркін сөйлесем.
Шарлап жүріп шартарапты
Маған көзің тоқтаса,
Қалауыңды қолайсыз да демейін.
Бірақ...
Бір шабуыл үстінде
Кездесе кетіп тосыннан,
Орамалымды ұсынсам,
Жаудан түскен жесірдей,
Алдына берік өңгеріп,
Оп-оңай алып кетпексің?..

Жомарт. Бұл, қолыңды қағам дегенің ғой?

Несібелді. Жоқ, қолыңды қақпаймын, ең әуелі танығым келеді өзіңді: қайдан шықтың, қайда барасың, мені сүйген батырдың аты-жөні кім болмақ?

Жомарт.
Айтайын: Атымды елім Жомарт дейді,
Ал өнерім — батырлық.
Астымдағы тұлпардың
Көк тасқа тисе тұяғы,
От шығады бұрқылдап.
Жарқылдаған жалыны
Қоқан менен Хиуадан,
Бұхара мен Пекиннен де көрінеді.
Қайда қырғын соғыс болса,
Ортасында мен бармын.
Жөнім осы, ақ ару.

Қыздар (біріне-бірі).
Жомарт!.. Батыр Жомарт!

Несібелді. Атағыңды естіп ем,
Желмен бірге кең далаға жайылған
Атыңды да естіп ем,
Ақындардың ән, жырында аталған.
Ерлігіңді ел көшкенде үлкендер
Балаларға ертек етіп айтады.
Сол Жомарттың қалағаны мен болсам
Бақыттымын, батырым.
Ал екеуміз жарастық,
Қол ұстастық, той жасадық, қосылдық,
Содан арғы өмір не?
Нелер туралы сөйлесерміз,
Қандай жайды сырласармыз?

Жомарт (таңданғандай).
Түзге шықсам аң аулаймын,
Жау киліксе соғысамын.
Үйде болсам екеуміз
Тәтті отырып махаббат жайын шертеміз.
Бәрі де қымбат емес пе?

Несібелді.
Махаббат жалғыз сөз емес.
Ол туралы мәңгі айтуға болмайды.
Сен сияқты садақ тарту,
Өте шебер найза ойнату о да келмейді қолымнан.
Жаугершілік, соғыс жайын сөйлеуге
шешен емен оған да...
Менің өнерім кілем тоқу...
Көп жасаған кілемші — аналардың алдында:
Сүйіп шыққан күйеуім.
Болады деп кілемші
Тәңірі атымен ант ішкем...
Саған батыр, жар болмайды екенмін

Жомарт (азап көргендей).
Қылышыма қыным тар,
Қамшымның да өрімі улы.
Сенен өзге қорласа,
Жонынан қан жосар еді.

Несібелді.
Ренжіткім келген жоқ.
Сонда да айттым амалсыз...
Мені өлтіру оңай, батыр,
Бірақ ешкім жеңе алмайды жанымды,
Өйткені берген антым
Өз еркімнен күштірек.
Менің ерім — мен айтқан әнді айтады.
Менің ерім — маған қосылып кілем тоқиды...

Жомарт.
Қош бол, сұлу, ұмыт мені,
Мен де ұмытам
Аңғалдықпен алдыңда айтқан бар сөзді.
Ал берген суыңа тәңірі ырза болсын.

(Жолдастарымен жөнеп кетеді. Қаны қашқан Несібелді аяғын әрең басып тұр.)

Анапия (қыздарға).
Ұрыңдар мені желкелеп,
Демім бітіп, түйіліп, тұншығып барам.
Ұрыңдар! (Несібелдіге.)
Несібелді, байқадың ба батырды,
Қалай саған тесілді.
Көзінен шыққан жалыннан,
Сені жанып кете ме деп қорқып ем.
Ол саған сүйініп те, күйініп те қадалды.
(Қыздарға.) О, қыздар, тұншығып барам түйіліп,
Желкелеңдер, ұрыңдар!

Екінші қыз (қыздарға).
Жерге тимей табаны,
Тартылған садақ оғындай
Өте шыққан жігіт осы деңдер,"
Дұрыс-дұрыс... (Несібелдіге қарап.)
Қараңдаршы, қыздар, бетінде
тамшы қан қалмапты.
Көзі ғана шоқ атады жұлдыздай.
(Несібелдіге.)
Несібелді, тұншықбашы, тіл қатшы!
Бірдеңе деші!

Несібелді (жан даусы шыққандай). Қыздар, сүйемін Жомартты, сүйемін!

Жомарт кеткен жаққа тұра жүгіргендей. Бірақ осы кезде шапқан аттың дүбірі жақындап кеп қалады. Сахнаға аты ақ көбік бола терлеген Жомарт қайта шығады. Несібелді оған құлашын жая ұмтылғандай, денесін билей алмай сүрініп кетеді, қыздардың қолына құлайды.

Жомарт. Күтемісің мені, ақ ару?

Несібелді. Күтем, батыр Жомарт, күтемін.

Жомарт. Атыңды айт ендеше, ең алғашқы кілеміме оюлап соны тоқиын.

Несібелді. Несібелді.

Жомарт. Сүйем сені, Несібелді, орындалады тілегің, өзім тоқып тартатын кілеміммен бірге күт!
(Шауып кетеді.)

Қарауытып көлеңке басып барады. Көл тарапынан қоңыр жел еседі. Андағайлап жұлдыздар көрінеді. Несібелді қыздарымен орманды бетке ұстап жүріп кетеді.

Шымылдық

Екінші картина

Үлкен киіз үйдің іші. Түн. Әртүрлі құлпырған кілемдер, қоржындар ілінген. Бұлардың түсі үйде жанған шырағдандармен құлпырып көрінеді. Ортада бітуге жақындаған кілемнің өрмегі, айнала жатқан бояулы жіптер. Кілемнің үстінде қарт Дариға, қасында талшыбықтай, жаңа бойжеткен немере қызы Құралай.

Дариға (кілемнің түгін сипап). Жақындат жарықты, қарашығым Құралай, түн даланы емес, көзімді басқан сияқты. Жақындат. (Сипалап.) Қалтыраған көне қолдар, әлсіздігін елемейді. Ескі әдеті бойынша тыпырлайды, тынбайды. Қайдасың, бармысың?
Құралай. Бармын, әже. Былай қояйын ба, жоқ алдыңызда ұстайын ба? (Ширақты жақындатады.)

Дариға.
Жақынырақ, тағы да жақынырақ.
Болды... болды... Енді, қызым, тыңдай бер,
Айтқанымды жүрегіңе тоқып ал:
Мына жерге иір-иір мүйізін сал арқардың,
Ал мынасы мойны болсын...
Ұқтың ба?.. Біткен кезде айтарсың,
Не шыққанын қолыммен сипап танырмын...
Былайырақ, ақ жібек пен
ақ түбіттей бұлт жаса,
Арасынан ойдым-ойдым мөлдіреген
Көк аспанның көрінуін де ұмытпа.
(Бұрылып.)
Бұлттар жылжып, жүзіп келеді, ұқтың ба?
Мына жерде таңғажайып,
Шұбар қанат, cap бауыр
Бір кішкене құс отыр,
Бар дүниені тілсімдейді үнімен,
Бар әлемді таңдандыра сайрайды.

(Құралай ойнақшып тұрып, бұлбұлдай безек қақтыра ысқырады. Дариға күлімсіреп тыңдайды.)

Дариға. Бұл не құс па сайраған, тағы да сен бе алдаған?
Құралай.
Мен ғой, әже.
Кейде мен я жартастың артында,
Я орманның ішінде,
Я болмаса арасында шалғынның
Taп осындай сайрасам,
Жыршы құстар қосыла маған сайрайды,
Шыңда жүрген арқар да, даладағы киік те,
Үрікпестен келіп мені тыңдайды.
Ол ғана ма,
кей уақытта саңқылдасам бүркіт боп,
Қиядағы қыран құстар
Таудан төмен шүйіліп,
Дәл қасыма келеді де,
Қайқайып қайта зымырайды.
Олар да бірге саңқылдап, тіл қатады тіліме.
Ренжіме, әжетай,
Үйретсең де қаншама!
Кілемші болар сиқым жоқ.
Менің сырлас, менің әндес құстарым,
Бұл кілемге сыймас-ты,
Бәріне орын тимес-ті.
Олар әрі биік, әрі кең көкті ғана сүйеді.

Дариға.
Құралай, бір кездерде, тіпті ертеде
Мен де өзіңдей болғанмын.
Аспан құсы, жердегі аң,
Сүюші еді үнімді.
Бірақ құстар ұшып кетті,
Арқар, киік ұстатпады, .
Тек түсімде көргендеймін...
Бұлдыраған сағымдай өтіп кетті қалмастан.
Соның бәрін енді бүгін..,
Саусағымның саласынан,
өнерімнен табамын.

Құралай. Мен бар ғой, әже, дүниежүзін аралап барлық құстармен көрісуді, тілдесуді ойлаймын.
Дариға (күліп.) Пай-пай, сенің тілің дамыл таппай жұмыс өнбес, Құралай. Мына мүйізді бітіру үшін неше жіп керек? Соны айтшы.

Құралай. Алты жіп.

Дариға. Жеті де шымшық... Жеті жіп керек.

Құралай. Иә, жеті. (Кебеженің үстіндегі ішікті әжесіне жабады.)
Жамыл, әже, түн суық.
Қар жаумаса неғылсын.
Жел де сыртта тоңғандай.
Біздің үйді ықтап жүр.
От жағайын ба, ас ішемісің әже?

Дариға.
Жоқ, қозым... Егер алып бере алсаң,
Жұмысқа бөгет жасайтын
Көп сөйлейтін тіліңді жұтып қояр ем.
Құралай (еркелеп). Осынша неге асығасыз әже?

Дариға.
Жастық шақта бәріміз де солай ек,
Өміріңді сарқылмастай көресің,
Бүгін бітпесе, ертең бітер дейтінбіз.
Аямаушы ем уақытты.
Енді ше? Асығамын,
Бұл жалғаннан өтер күннің, мезгілі тым таяу тұр.
Бітелмеген дүниенің тесігі
Көбейіп кеткен тәрізді.
Дариғадай әжесінің, төсенбеген кілемін
Жастар да көп сияқты.
Е.. не деп отырмын... Бәрібір сен ұқпайсың.
Рас, әже, мұндай әңгіме миыма менің қонбайды.

Құралай. Одан да қызық ертек айтшы, тыңдайын...

Дариға. Айтайын қызым. Сен ысқырып құстарға тыңдатқанына мақтанасың. Аз күймен ажалды жеңуші де болған. (Құралай таңдана қарайды.) Оның атын Қорқыт дейді, балам.
Қорқыт ата өлмеске бел байлапты жасынан,
Жеңемін деп ажалды ант айтыпты тәңірге.
Күндерден күн өткенде
Үйеңкіден қобыз жасап алыпты.
Құлағын баптап бұрапты.
Тау қойнында өте заңғар
Бір шың тасқа шығыпты.
Төңірегіне қарап алып түйіліп,
Аңыратыпты қобызын.
Толқыған сайын сол кезде
Қобызшыға қосылып
«Өлмеймін» депті сұңқылдап.
Сонда тәңірі қаһар етіп
Бас имеген Қорқытқа аңдатыпты ажалды,
Ажал кейде боран болып ұмтылып,
Кейде бұлт боп шабынып,
Ақырында нажағайдай атылған...
Ажал кейде жезтырнақ боп,
Саусақтарын сылдырлатып,
Бүрмек болып ұмтылған.
Дарымаған сонда да.
Қорқыт күйі серпіп кейін лақтырып,
Жолатпапты маңына.

Құралай.
Жезтырнақ кім, адам ба, әже?

Дариға.
Біз сияқты сөйлейді.
Айырмасы: саусақтары темірден
Жүрген жері өлім сасиды,
Аңсайтыны адам қаны...
Кәсіптері мекерлік пен сиқырлық...

Осы кезде үй сыртынан ит даусы естіледі. Абалап жақындай түседі. Біреу осында келе жатқандай. Құралай есікке бара бергенде ақ сақалды қарт кісі көп кіреді.

Құралай (қорқып қалған). Әже, жезтырнақ! (Іргеге барып тығылады.)

Дариға (басын көтеріп бұрылып). Кімсің келген?

Қарт (даусы қалтырап). Көпті көрген жиһанкезбін.
Кілем жинап жүр едім.
Атағыңызды естіп сізді іздеп келдім.

Дариға.
Құтты болар сапарың,
Мені іздесең алжаспаған екенсің.
Құралайжан, ас әзірле қонаққа,
Тағы бір шырақ тұтандыр.
Бармысың, қайдасың?
Құралай іргеден шығады. Шал кілемге үңіліп қызыға қарап отыр.

Қарт (кілемге қарап отырып).
Сүзісіп тұр екі арқар,
Шамданыпты барынша...
Мынандай жуан еменді шыбықтай иген, еңкейткен,
Дауыл да әбден зор екен.
Осынша ғажап жұмысты әйел қолы істеді деуге сияр ма? (Кемпірге қарайды.)

Дариға (күлімсіреп). Осыған қарап таңдансаң, әлі шырақ, жас екенсің, мезгілсіз ағарыпты сақалың. Күйін сүйсең Қорқыттың, бұдан да асылды жасарсың.

Қарт (жәй). Шеше, көзіңізді көрмейді деп естіп ем. (Бетіне үңіледі.) Таныдыңыз сонда да. (Сақалын сыпырып алып.) Сақалым міне қолымда, сыпырып алдым бетімнен. Мына төнген ағарған қас. О да қолдан жапсырылған. (Қасын алады.) Бүкірейген белімді де жазайын. (Бойын жазып найзадай тіктеледі.) Мүгедек шал таяғын да лақтырдым. (Таяғын лақтырып жібереді.)

Құралай (таңдана, үрейлене). Әже, әже!!!

Дариға. Қорықпа, қызым, дауыстама! Жаман оймен келмеген болар.

Белгісіз адам тоны мен басындағы тымағын да шешіп тастайды. Біз өзімізге таныс Жомарт батырды көреміз.

Жомарт.
Қадырлы ана,
Жастығымды дәл таныдың, көрмей-ақ.
Жат көзіне шалынбасқа,
Шал күйіне түсіп ем.
Соғысқа киер аспапты,
Асынбаймын әзірше...
Мен сізге кілем тоқуды үйренгелі келдім.
Дариға. Шын ба, батыр?

Жомарт. Шын, шеше. Қабыл етсең қиналмай, Жомарт батыр кілемші де болады.

Дариға (Жай даусын созып). Жомарт!.. Алдамаймысың? Бері жақында. (Жомарттың бетін сипайды, қадала қарайды.) Дұрыс... дұрыс...

Жомарт екенсің... Құралай, қонағымыз қымбатты екен, қасиеті үшін тағы бір шырақ жақ! (Қуана.) Айтпақшы, Жомарт туралы ел айтатын өлеңді үйретіп ем ғой, саған да. Есіңде ме, Құралай?

Құралай (қуана қарап сыбырлап). Жомарт, Жомарт! (Сыңсып қана әндетеді.)
«Тұлпары жүйрік желден де,
Семсері кескір жайдан да.
Шүйіліп жауға төнгенде
Жанады оттай майданда...»
(Жомарт күліп жібереді.)

Дариға. Балам, неге кілемші болғың келді, сұрамаймын себебін... Бүркіттен көзің қырағы алыстан жауын болжайтын. Отырғанда үңіліп, жіптен жіпті айырып қарайып қалмайсың ба? Осы арасын ескертем...

Жомарт. Шеше, қараңызшы тағы да, менің көзім болдырмайтын көз.

Дариға (көтеріліп, батырдың көзіне шырағданды жақын ұстап қарайды). Енді саусақтарыңды әкел. (Жомарт қолын береді. Дариға саусақтарын үлкен мейіріммен сипап отыр. Оның алақанына өз қолын салады.) Қолың қандай отты еді. (Тізесіне сүйене отырады.)

Ұстаңқырап отырсам ұзарар ма екен өмірім... Өткір көзің шоқ шашып жұтынып тұр бар өнерді білуге... Үйретейін, балам... Үйретейін. (Басын көтеріп.) Құралай, тағы бір шырақ жақ. Бүгінгі түн қайырымды түн... Ұлы тәңірі иген түн. (Жомартқа). Батыр, ертеңнен бастап кipiceміз.

Шымылдық

Үшінші картина

Дариғаның үйі. Жаз шығар мезгіл. Бітуге айналған кілем. Жомарт шетінде тоқып отыр, Дариға қасында ақ киіздің үстінде төсекте жатыр.

Жомарт.
Шеше, мына жерін байқаңызшы,
жаңа салған өрнегімді,
сезер ме екен қолыңыз.
Айналасы балдырғандай қарағай.
Дөңгелек тау ортасы,
Сол ортаға мөлдіреген көл салдым.
Кешкі қоңыр самал желмен
Көл бетінде күлкісіндей сұлудың,
Майда толқын ойнайды.
Айтқандарым дұрыс па екен,
Көріңізші, шешежан.

Дариға.
Қорғасындай қолым ауыр,
Өз бетіммен көтере алман, құлыным.
Саусақтардан жан кеткен.
Қара тастай мұздап барады...
(Жомарт еңкейіп Дариғаның қолын ұстайды, үрлеп жылытады.)

Жомарт.
Шешежан,
Бізді тастап кетпеңіз.
Ішімдегі ыстық демімнің барлығы да
сіз үшін.
(Қолын үрлейді.)
Жан берейін қолыңызға деміммен.

Дариға. Жақсы айттың, балам. Өте жақсы айттың. Жан бере көр қолыма.
(Жомарт тағы да үрлей түседі, одан соң Дариғаның қолын, кілемнің үстіне салады. Қарт ана сипап қарайды, бетінен қуаныш сезіледі)

Дариға.
Тамаша, балам, тамаша.
Қолым ғана емес, жаным да сезеді.
Биік екен өнерің...
Қарағайлар қандай жас,
Жапырағынан жаудырап нұр тамып тұр
шетінен...
(Сөзін тоқтатып сипалай түсіп тағы да күлімсірейді.)
Иә... иә... Мына жерін айтпап ең ғой...
(Жомартқа бұрылып.) Бұ да қызық тамаша екен...

Жомарт. Не сездіңіз, шеше? (Күлімсірейді.)

Дариға. (қолын алмай).
Жар басында жарын күтіп сағынған
Туған айдай сұлу қыз тұр.
Толықсыған ақ жүзіне
Батар күннен қызыл шапақ нұр төгіпсің...
Рас па, балам?

Жомарт (қулана). Рас, шеше!

Дариға.
Бері жақында, Жомарт. (Сыбырлап.)
Қанша уақыт бірге тұрдық.
Баламнан да қымбатсың...
Көз жұмуға, одан қайта оянбасқа
жақынмын...
Сырыңды айтшы анаңа?
Неге келдің, қалай таптың мені іздеп?
Себебі не, кенже ұлым?...
Мына қыз кім кілемдегі сені күткен,
сарғайған?

Жомарт. (Даусы қалтырап).
Бұл қыз менің сүйген қызым,
Бірінші рет кездескенде-ақ
Жүрегімді билеген.
Кілемші бол, сонда ғана жар етем деді.
Қарсыласар құдірет таппай бойымнан,
Сізді таптым алыстан.

Дариға.
Көп жасасын, сүйген қызың, шырағым,
Ақылды екен жұрттан асқан,
Бақытың үшін туыпты.
(Сөзін бастағанда көтерілген, соңғы сөзін айтқанда тұрып кетеді. Оның алдында тізесінен, басын ие Жомарт отыр. Анамен батыр қол ұстасқан.)
Құралайға аға бол!
Аңсағанда шақырып ал қасыңа,
Көзіне көзің түскенде
Мен сияқты шешеңді де есіңе ал.
Әжесі үшін де маңдайынан сипай жүр.
Балапандай Құралайым,
ағасының алдында
Алуан-алуан әнші құстың әуезін
Сайрап жүрсін қамықпай.
(Осы кезде су әкелген Құралай іргеде тыңдап тұрады.)
Келмеді-ау, Құралай...
Сүйер едім маңдайынан соңғы рет.

Құралай
(қасына жүгіріп келеді). Келдім, әже.

Дариға (бетінен, көзінен сипап).
Ессіз болма, жылама...
Қоштасатын мезгілде жыламас болар.
Жылама...
Мезгілімен таң атпақ,
Мерзімімен күн батпақ,
Жыл құсы да уақытымен келіп, кетеді...
(Елеңдеп.)
Естимісің ән шырқайды құстар да.
Үніңді қос, қарғашым...
Ақырғы болсын тыңдауым.

Құралай сыңсып қана әндетеді. Кей жерінде ысқырып құстай шырылдап кетеді. Екі көзден аққан жас бетін жуып барады. Ошақтағы оттың қызыл жалыны батырдың бетіне түсіп құлпырта көрсетеді. Жомарттың көзі жанған шоққа тесіліп қарап қапты. Дариға жай отырған, кем-кемнен жастығына басын қойып көз жұмады. Сол орнында қозғалмай қалады. Дариға ән тыңдап жатып жан тапсырады.

Құралай.
Жомарт, әжем үзілді ғой.
Жомарт (жаймен).
Сабыр ет, үндеме...
Қасына отыр, бауырым.
Әзіз ананың ақ шашынан сипайық,
Өзі тоқыған соңғы кілеммен бетін жабайық.

Құралай көзден жасын ағызып, сыңсып қана жылайды. Қарт анасының мойнынан құшақтап, шашынан сүйеді. Жомарт кілеммен бетін жабады.

Жомарт. Жылама, жаным Құралай... Енді сен бала емессің, үй иесі үлкенсің. Жылама...

Құралай. Жомарт, енді сен де кетесің, солай ма?

Жомарт. Иә, Құралай, мен де еліме қайтамын.

Құралай. Мен қайтемін?

Жомарт. Саған арнап кісілер жіберемін. Олар сені күнге, желге тигізбей көшіріп маған әкеледі. Ағаңмен бірге боласың. Біздің елде сен көрмеген құстар бар, сен білмеген қыздар бар. Дос боласың бәрімен. Бәрін де өзім ертіп жүріп көрсетем...

Құралай. Жомарт, кілем тоқи алмаймын, өнері жоқ қолымның... тірі жанға керегі жоқ мен өлмей, әжем неге өлді екен?
Жомарт. Олай десең ренжимін, сәулешім. Мендей бауыр ағаңа керегің қалай болмас-ты? Мен үшін сен де қымбатсың. Кілемші болса барлық ел, өзге өнерші қайдан шығар еді?

Құралай жылаған бойымен бетін Жомарттың бауырына басады. Жомарт құшақтап тұрып шашынан сипайды.

Шымылдық

ЕКІНШІ АКТ

1-ИНТЕРМЕДИЯ

Тоғай шеті, көк шалғынның арасы. Әріректе қара жол көрінеді. Бүктелген кілемге жантайып жолаушы Жомарт жатыр. Ол басын көтеріп қарап қояды. Ажары ұйқыдан есеңгірегендей.

Жомарт (қарап қойып). Үш күн, үш түн нәр татпай, ауыздығы алынбай ашығып қапты жануар. Оттай түссін тағы да... (Керіледі) Менікі не қажыған? Шынымен-ақ болғаным-ау үйкүшік. (Күлімсірейді)... Көзім неге бұлдырайды? Ұйқы басып бара ма? Жоқ, ұйқы емес... жай тұман. Қарауытқан тұманнан күлімдеген дидары анық көрініп, шақырғандай сүйгенім... Естілмей ме әні де?.. (Көзін жұмып, құлағын тосады. Бірте-бірте басын жерге салған. Қозғалмайды. Ұйықтап кетеді. Пауза).

Қалыңнан шыққан, әлдеқандай адам тектес бірдеңелер. Үстерінде сауыт, бәрі де алтынмен апталған, жарқ-жұрқ етеді. Қолдары ұзын, саусақтары темірден, тырнақтары иілген шегедей, сап-сары. Көздері жалман қағады. Қимылдары шапшаң, дауыстары шиқылдай шығады. Іштерінде басқаларынан тұлғалы, биік бастап жүрген біреуі бар. Ол Аяз. Аяздың сақалынан оқтын-оқтын түтін шығады бұрқылдап. Жомартқа сыбдырларын білдірмей, жақындап келеді. «тсс... тсс» деседі әр жерден. Бұлар батырды қоршап алған. Біріне-бірі қарайды. Бір жезтырнақ батырдың бас жағында жатқан шумақ арқанды алып Аязға береді. Аяз арқанды алған, одан жерге жата қалып әлдеқандай кәрі тамырды шұбалтып суырып алады. Кейін шегін дегендей қалғандарына ишарат етеді. Олар серпіледі. Аяз тамырды сақалынан бұрқылдап шығып жатқан қалың түтінге ыстап алады да, одан соң сол тамырды Жомарттың бетіне жақындатып сығады. Тамырдан әлдеқандай сұйық бірдеңе тамады.

Аяз. Енді оянбайды. Байлаңдар!

Жомартты лезде шырмап байлап тастаған ондаған қолдар көтере жөнеледі. Екі жезтырнақ батырдың найзасын, екі жез тырнақ кілемді әкете бастайды. Аяз кілем көтергендерді тоқтатып, жазып көрсетуге әмір етеді. Жазылған кілемнен біз — Жомарттың жібекпен салған, Дариғаға баяндаған суретті оюларын көреміз, айналасында жазу бар. Аяз кілемге таңдана қарайды. Одан соң қайта бүктеледі. Аз ғана ойланған Аяз кілемді өзі көтеріп кетеді.

Төртінші картина

Жезтырнақтар хандығының сарайы. Темірден жасалған колонналар. Сол жақта алтын тау, өзінен кертіп баспалдақ салған. Жоғарыда алтын тақта ескі заманның идолы сияқты алтынға бөленген жезтырнақтардың қатын патшасы Гауһартас аяғын айқастырып отыр. Екі қолын тізесінің үстіне салған. Ұзын, ауыр қастарының дәл ортасына қадалған тас жалт-жұлт етеді. Қолындағы жүзіктер мен мойнындағы көп моншақтар да сондай жылтылдайды. Осындай асыл тастарды аяғына дейін тағып тастаған. Төменде жезтырнақтар, олардың алдында оқшауырақ тұрған Аяз. Қолы байлаулы Жомарт алтын таудың бірінші басқышында тұр.

«Гауһартас» дейді жезтырнақтардың бірігіп шыққан үндері. Гауһартас жабылған көзін ашпайды, ол ұйықтап отырған сияқты.

«Гауһартас» дейді жаңағы дауыс қаттырақ естіліп. Ең жоғарыда темір шарлардың ортасында қалғып отырған тағы бір әйел шошып оянғандай көзін ашып алады.

Шарлардың ішінде жалын ойнағандай лапылдап көрінеді. Әйел қолындағы темір балғалармен шарларды шапшаңдата ұра бастайды. Әлдеқандай ән тектес үн естіледі. Патша қатын көзін ашқан жоқ, әлі қалғып отыр. Аяз баспалдақтармен жоғары шығып қасына барады.
Аяз (тақтың қасына жақындап). Біз, бір батырды тұтқынға алдық. Айдап келдік алдыңа. Аты Жомарт, талай рет тісі өткен.

(Патша қатын көзін сәл ғана ашып, батырды қасына келтір деп ишарат етеді. Жомарт қасына барады. Гауһартас жезтырнақты ұзын қолын баяу көтеріп Жомарттың мойнына салады. Гауһартас сөздерін бөліп-бөліп ыңылдап сөйлейді.)

Сен өлесің... Өлім алдында тілек сұра... Жалғыз-ақ тілек...

(Жомарт үн қатпайды. Жезтырнақтар естігілері келгендей тауға жақындай түседі.) Егер тілегі жоқ болса... (Гауһартас темір қолдарымен батырдың мойнынан сығады.)

Жомарт. (даусы қатты шығады). Кілемім қайда?! (Гауһартас қадала қарайды.) Өзіме бер, құшақтап тұрып өлемін.

Гауһартас (Аязға қарап көтеріле). Кілемі бар ма еді?.. Алдыма неге жаймадыңдар!

Аяз. Көрмесең де болар еді, падишам. (Жезтырнақтар қозғалысады.)

Гауһартас. Көруіме татымай ма?... Жаман ба?...

Аяз (жәй). Жақсыдан да жақсылау.

Гауһартас. Келтіріңдер... Тез!

Шарлардың даусы үдей естіледі. Аяз тез қимылдап төмен түскен. Қатты ысқырып жібереді. Колонналардың сыртынан кілемді әкелгендер жайып тастайды. Кілемге көзі түскеннен-ақ әйел ұшып тұра келген, о да төмен түседі. Кілемнің үстінде еңбектеп жүріп құмарлана қарайды. Оюларды айнала еңбектейді. Одан соң ишаратпен Жомартты төмен түсіргізеді. Қасына алады.

Гауһартас. Кілем!... кім тоқыған?... Жазулар не?... Кім үшін?... (Жомарт кілемнің үстінде жатыр. Үн қатпайды. Патша қатын Жомартқа төнеді.)

Гауһартас. Айт деймін, кім тоқыған бұл кілемді? (Жомарт үндемейді). Айтпаса... әперіңдер маған от! (Аязға қарайды. Аяз лаулаған жалын әпереді. Патша қатын кілемді өртеуге айналады.)

Жомарт. (Әлсіз сыбырлап). Айтайын.

Гауһартас (жалынды лақтырып тастайды. Жомартқа еңкейіп). Кім тоқыған?

Жомарт. Meн.

Гауһартас (өз құлағына өзі сенбегендей). Кім дедің?

Жомарт. Мен.

Гауһартас (оң қолын көтерген ұзын тырнақтары бүріп тастайтындай Жомартқа тесіле қарайды.) Өтірік... Алдайсың... батыр... кілем тоқымас болар, кәне... көрсет...

Жомартқа шумақ-шумақ алтын жіптерді лақтырып тастайды. Семсермен батырдың қолын байлаған арқанды қырқып жібереді. Жомарт алтын жіптен тамаша түйіндер түйіп, патша қатынның өзіне қайта лақтырады. Бәрі де тынып қалғандай, жым-жырт Гауһартас түйінге таңдана қарайды.

Гауһартас. Солай... солай... Әрі батыр... әрі кілемші... Біз батырды өлтіреміз. Шеберлерді сақтаймыз... Істетеміз... Еңбегінен алтын... қазына жинаймыз... (Аязға). Айтшы бұл кім?... Батыр ма?... Жоқ кілемші ме?...

Аяз. Батыр!

Гауһартас. Жоқ, тоқушы... кілемші... (Қаһарлы). Көрмейтұғын соқырдың... Шыжылдаған темір сұғып жоғалтыңдар бір көзін Аяздың.

Аяз. Мейлің, болсын, дегенің.

Гауһартас. Неге... кілемді жасырдың... менен?

Аяз. Көрсетпеуім, саған да, маған да, бәрімізге де тиімді еді.

Гауһартас. Кетіңдер... Аязды да әкетіңдер!... Орындалсын әмірім...

Жезтырнақтар Аязды алып шығып кетеді. Гауһартас, Жомарт шарлардың жанындағы әйел үшеуі қалған.

Гауһартас (Жомартқа). Маған... қара... көзіме... тұр... (Жүгіріп келген шарды ойнайтын әйел батырды қолтықтап тұрғызады.) Қара... айналаңа... (Тез үстем дауыспен сөйлеп кетеді.) Жарқыраған алтын мен зер, жалтылдаған қымбат тастар, кілемдер — бәрі менің, бір өзімнің байлығым. Бәрін де құлдар жасаған... Құлдарымның құдіреті жердің бетін жеңіп алып, (тырнақтары жез қолын жазып) уысыма сыйғызуға жетеді. Сен де мендік боласың, қалаймысың? (Жомарт үндемейді. Гауһартас шар соғатын әйелге.) Үндемей ме... Үндемесін... Еркек солай болу керек. Аяғын шеш... (Әйел Жомарттың аяғын шешеді.) Қара... қара маған... көзің... ернің... барлық тұлғаң бұдан былай менікі... Сен мендіксің... Қалаймысың?...

Жомарт үндемейді. Гауһартас батырдың мойнын аймалап аузынан сүйіп алады. Ашулы Жомарт патшаны бөріктей көтеріп алған, лақтырғысы кеп тұрады да, қатты итеріп жібереді. Шар ұратын қатынның жан даусы шығады.

Жомарт (жәй). Өлтіре бер, сескенбеймін. Кілемші ғана емеспін, қылышынан қан сорғалар батырмын!

Гауһартас (құлағаннан көтеріліп). Өлтіру ме... жоқ... сүйгім келед... көндіремін... дегеніме... Сен де мені сүйесің...

Гауһартас тез қимылдап Жомартқа екі қолын бірдей созады. Екі көзі шоқ атады. Қатын патша жыландай арбап, батырды тілсімдеп тұр. Шар ұратын қатын өз орнына барған, баяғы әнге ұқсаған темір даусы жиі-жиі естіледі. Гауһартас батырға енді қолын созғанда, оның жеңінен екі рет будақ-будақ шыққан түтінді көреміз. Айнала қарауытып, түнере түседі. Зуылдап жел соғады, сыртта найзағай шатырлағандай. Жомарт бір орында қатып қапты. Гауһартас Жомарттың сыртынан шығып, темір тырнақты қолымен батырдың басынан сипайды. Батыр тілсіз тұр.
Гауһартас. Көтер қолыңды. (Жомарт көтереді.) Түсір қолыңды! (Жомарт қолын түсіреді.) Бұрыл маған. (Жомарт бұрылып тұрады.) Сен... мендіксің... Менен енді... кетпейсің... Мен үшін ғана тоқисың... (Шар ұратын әйелге.) Алып кет! Апар...

Қатын тілі байланған Жомартты әкетеді. Гауһартас жатады. Кілемнің үстіне құлап түскен. Тағы да әдемі оюларды, суреттері жалмаң қаға қарайды. Жазылған жазуды, бәрін де танығысы, білгісі келеді. Жомартты әкеткен әйел қайтып келеді.

Гауһартас (әйелге бұрылып). Бар... Аязды шақыр!

Әйел шығып кеткен. Сәлден кейін бет-аузы түтіккен, бір көзін бойлаған Аяз жезтырнаққа сүйеніп, теңселе басып әрең кіреді.
Қасына келген Аязға Гауһартас бетін де бұрмастан сөйлейді.

Гауһартас. Мынаны сен... оқи аламысың... (Кілемнің жазуын қолымен көрсетеді.)

Аяз (еңкейіп қарайды, тізесіне баса жазудың үстіне құлайды. Жалғыз көзін жазуға қадап тұрып оқиды): «Сарғайдың ба мені күтіп сүйгенім, мен де саған ынтықпын...»

Гауһартас. Қайта оқышы.

Аяз. «Сарғайдың ба мені күтіп сүйгенім, мен де саған ынтықпын...»

Гауһартас. Сағынады, сарғаяды... Адамдарда... махаббат бар... Ері... жары... туысқандық... достық... бар... Бұзу керек... бәрін соның... Барлық өрнек... ою... сызу... менің... ғана атымды жазсын!

Аяз.
Гауһартас, алаң болма батырға,
Кешікпей тұрып қанын төк.
Құлдар аз ба асыл кілем тоқитын...
Бар дүниенің бар базарын билеуге
Соларың да жетеді...
Сөйтіп-ақ сен төрт бұрышын жаһанның
бетіндегі елдерімен, тау, тасымен,
көлдерімен уысыңа аласың.
Түсін маған, Гауһартас,
құлдығыңа көнбейтін,
жас батырдың жанын ал.

Гауһартас (тездете сөйлеп кетеді). Мынандай кілем тоқитын кім бар біздің құлдарда? Жезтырнақта кімім бар? Жоқ!... Бұл кілемді жүрегінде махаббаттың оты бар Жомарт қана тоқыған. Қайтсем де көндіремін, қаратамын өзіме!

Аяз. Ол көнбейді, Гауһартас, тоқымайды сен үшін. Я өледі... Я жеңеді. Батыр құлың болмайды. Қатер, қатер!

Гауһартас.
Адамзатта бірақ күш бар,
Оның аты — махаббат.
Махаббатын сөндірсең
аяғыңа бас ұрмайтын...
табаныңды жаламайтын
батыры да болмайды.
Аяз, саған айтар әмірім:
(Кілемді көрсетіп.)
Мына қызды әкел тауып,
осы қызда үлкен қауіп,
өлтіремін өз қолымнан...
(Жәй, бөліп-бөліп.)
Сонда өшеді махаббаты батырдың...
Сонда көнеді дегеніме,
сонда мені сүйеді.

Аяз. Содан соң?

Гауһартас. Содан соң ба?!
Бар өнерін бір мен үшін салады...
Алтын, жібек, күміс, зерлі жіптермен
құлпырған кілем бетіне
Менің атым жазылады...
Сонда... сонда бәрін
(Қолын созып, тырнақтарын жазып.)
уысыма аламын...

Аяз.
Айттым түгел сезгенімді...
Өзің бастық қатер жолға.
Қалған көзімді тағы алсаң да айтамын.
Қой деймін, Гауһартас.

Гауһартас.
Орындатам... Орындайсың!
Әкел байлап сұлуды.
Осы қызды өз қолымнан өлтірсем...
Жомарттың да батырлығы өледі,
Енді жауап қайтарма!
Ұқтың ба?!
(Аяз сәл ғана бас иеді.)

Шымылдық

ИНТЕРМЕДИЯ

(Перденің алдыңғы жағында)

Аяз және екі жезтырнақ жолға шығуға әзірленуде. Әр түрлі кілемдер, солардың бірі — Аяздың қасында жатқан Жомарттың кілемі.

1-жезтырнақ (болашақ ролін пысықтағандай),
Кілем, кілем,
асыл кілем!
Кімге керек қымбат кілем?
Алыңдар!
Аямаңдар алтынды,
Судырата төгіңдер.

2-жезтырнақ.
Кілеміміз байларға да,
хандарға да лайық.
Теріңе жай қонақ келсе,
Көшіңе жап ел көшкенде.
Алмаған қалар арманда (Аязға).
Айтыңыз, ұлы басшымыз, өнеріміз жарай ма?
(Жеңін сыбанады, тырнақтары көрініп қалады.)

Аяз (салмақпен) Жасыр, жасыр қолыңды. Саудыраған тырнақтарды көрсетпе, айтпап па едім әлденеше ие бол деп қолыңа! Жасыр сұмпайы, жасыра біл. Адамдармен кездескенде қанға назар салмаңдар. Ит сияқты тіміскілеп, тілдеріңді жалақтатып, қан иісіне мас болсаңдар аяман!

Егер адам өздері үшін, олжа үшін соғысса оның жөні бір бөлек. Онда қорықпаңдар, аянбаңдар... Онда талқан етеміз. (Жақындай түсіп.) Ал егер адам өзгелер үшін соғысса, достары үшін қару асса ше?.. Онда қарсы келмеңдер. Ондай кезде жеңдірмейді... Қашыңдар, талай рет сен иттерді құтқарғам... Қайдағы лас оқпаннан, сасыған ескі құдықтан шығарып алдым қолымнан. Бәрі сендердің ақымақтықтарың еді. Адамдарды бірін қоспай біріне өлтіріңдер жекелеп. Шаршаған, ұйықтаған кезін аңдыңдар. Ұқтыңдар ма, ессіздер!? (Екі жезтырнақ бас иеді.) Ал енді кілемдерді атандарға жабыңдар, күлдірлетіп қоңырауларын, қара жолмен ырғалып, саудагердей жөнейміз. Қозғалыңдар!

(Қараңғыланады.)

ҮШІНШІ АКТ

Бесінші картина

Жомарттың ақ ордасы. Кереге басында батырдың қару-жарақтары, жолбарыстың терісі, арқардың мүйіздері ілінген. Ескі сауыттары, садақ, қорамса толған оғы, қылышы да ілулі. Төрдің алдында қобызшы шал, оның қатарында ақ киізге құмалақ жайған шал отыр. Одан да төменірек бір шал шала күйген жауырыннан көзің айырмай қарайды. Сол жақта бір топ әйел ішінде Жомарттың шешесі Қанікей. Бәрінің көзі үнсіз, тілсіз тұнжыраған атақты балшыларда. Олар әлі үн қатар емес.

Қанікей (даусы қалтырап).
Сөйлеңдер балшылар,
жасырмай сөйлеңдер!
Жомарт жалғыз менікі емес,
Баласы еді үш жүздің...
Екіталай күндерде қабағына қар қатып,
Кірпігіне мұз қатып,
Отан үшін жас жанын
салмаушы ма еді ортаңа...
Аяп па еді сендер үшін шыбынын?
Үш жүзге мәлім үш балшы
неге түйілдіңдер?
Ащы демей, ауыр демей айтыңдар,
Шиырға салмай,
бұлдырлатпай сөйлеңдер.
Жауырыншы (жауырынға қарап отырып).
Рас айтасың, Қанікей.
Жас жолбарыс батыр Жомарт
Шешесінің қуанышы,
Қазағының сүйеніші еді.
Жоғалтқалы Жомартты,
Қандатамын еліңді,
Шаңдатамын жеріңді деп,
Жау да бойын көтерді.
(Жауырынды көтере қарап.)
Міне, міне,
жау жасағы жүйрігі мен жігітін,
Батыры мен балшысын
Жинап жатыр таңдаулы.
(Үрейлене.)
Бізді шаппақ, бізді!

(Аз пауза. Жауырыншы сүйекке қадала қарап қалған, көзін жұмып отырып қайта ашады, қайта қарайды.)
Кәрі досым, көріпкелім алжыпты!
(Ашулы жауырынға.)
Көрсет деймін Жомартымды, жауырын!
(Тағы жоғары қарайды.)
Көрінбейді, тым болмаса бұлдыр да жоқ.
(Жауырынды сындырып, төмен үңіліп отырып қалады.)
Қанікей (даусы қалтырап). Я, ақсарбас!
(Құмалақшыға көзін төңкеріп.) Құмалақ не дер екен?..
Құмалақшы (ырғалып алып).
Қиналып тұр құмалақ,
Айналасы түгел тұйық бірдеңе.
Бар дейін десем көрінбейді.
Жоқ дейін десем жоғалмайды.
(Құмалақтарды жинап алып, тағы жайып
тастайды, көзін жүгіртіп қарайды.)
Жаңағысы тағы да...
Бұлдыр-бұлдыр, тым буалдыр...
Таңдайыма таңба түсті,
Тілім бүгін күрмелді.
(Басын шайқайды. Қобызшыға ауыр бұрылып.)
Қобыз еді мықтымыз.
Сен сөйле, Қойлыбай.

Қобызшы Қойлыбай (селк етіп басын көтеріп алған. Қобыздың құлағында сылдырмақтар салдыр-салдыр етеді. Қоңырлатып бастаған ащы безілдетіп тоқтайды.)

Үш күн болды сарнағалы мен бейбақ.
Сарылып-ақ іздедім.
(Қобызын сілкіп, сылдырлатып.)
Арқандап сайтан айдаған,
Шідерлеп жынды байлаған,
Жын атасы ер Қойқап
Таппай қайтты таулардан.
(Taғы сылдырлатады.)
Жетпіс батпан темірді
Тон орнына жамылған,
Иығына үкі тағынған,
Жыланнан қамшы ұстаған,
Таудан гүрзі өңгерген,
Көз ашқанша жердің жүзін айналған,
Таппай қайтты Ертіс те
Осынша кең жалғаннан.
(Тағы да сылдырлатады, күңіренеді.)
Маңдайының қалы бар,
Арқасының жалы бар,
Өз дегені болмаса,
Бой бермейтін жануар,
Қызыл көзді айдаһар
Құмды, құзды аралап
Болдырып кепті таба алмай.
(Тынып қалып, күрсініп тағы сөйлеп кетеді.)
Ертеден кешке селкілдеп,
Шудасы желмен желкілдеп,
Қара бурам, айбыным
Хабарсыз қайтты орманнан.
Су ішінде су пері,
Сұмырайға мінген қу пері
Көл, дарияны аралап,
Көрмей кепті батырды!
(Қобызын сылдырлатып тоқтаған. Ауырлаған басын әрең көтергендей Қанікейге қарайды.)

Қанікей! Қайғың ауыр, қарағым, мен де өзіңдей қасіретті. Жомартты енді көктен іздейін. Үш күнге маған мұрсат бер!

Қанікей (дірілдеп). Рұқсат... рұқсат... Бәріңе де рұқсат... Тек іздей көріңдер...

Басы қобызшы болып құмалақшы, жауырыншы үшеуі де баяу басып шығып кетеді.

Қанікей (көкке қарап). Я тәңірі, жалғызымды бір өзіңе тапсырдым. Жомартым саған аманат! (Қолын созады.)

Әйелдер (олар да қолын көтерген бір дауыспен). Я, тәңірі!.. (Осы кезде сырттан ат дүбірі естілген. Үйдің жанына келіп тоқтайды. Үйдегі әйелдер құлақ тіге, қуана тыңдасады.)

1-әйел. Жомарт болар. (Жүгіріп шығып кетеді.)

2-әйел. Болса болар. (О да шығады.)

Қанікей. Я жасаған, қуанта көр. (Басқа әйелдер де шығады.)

Я жасаған, көрсете көр,
жарылсын жүрегім, жарылсын...

О да тұрады. Осы кезде қылыш, садақ асынған үш жас батыр кіреді. Оларға ере әйелдер де келеді. Қанікей тоқтап қалады.

1-батыр. Жомарт батырдың үйі осы болар, шеше?

Қанікей (ұмтыла басып). Иә шырағым, осы. Қуанта келдіңдер ме, ерлерім, білемісіңдер қозымды?.. (Даусы дірілдеп кетеді.)

1-батыр. Білуші едік, шешеке, іздеп жүрміз таба алмай... Өзіңізде қандай хабар бар?

Қанікей (басын шайқайды). Көп жыл өтті, хабарсызбын. Өзің кімсің? Болып па едің жасағында баламның? Ең соңғы рет қай жылдары көріп ең?

1-батыр.
Үш жыл өтті біз көргелі.
Жасағында болмасақ та
сарғайып жолын күтіп ек.
Қайтпаған соң, денеге сауыт жамылып,
белге семсер тағынып,
Іздеуге шықтық аттанып.
Келген болса батырмен көрісейік деп едік,
келмеген болса, шешеке,
Жомартыңның орнына
Үшеуміз де балаңбыз.

Қанікей. Кімсіздер? Өзің кімсің, (бірінші батырға.) жас қонақ?

1-батыр. Бір уақытта балаңыз, жаралап кеткен жанымды.
Қанікей. Кек алғалы жүрмісің?

1-батыр. Жоқ, шеше.
Жомартты қашан көргенше,
Қатарында тұрғанша
Айығар емес бұл жарам.
Аз да болса, сергісін десең бойымды
Маған да туған ана бол.
Құшағыңа ал, жатсынба.

(Бас иеді.)

2-батыр (бірінші батырды көрсетіп). Мына жігіт бір туғандай досым еді. Ес білгелі жазылған емес жұбымыз! Сондықтан маған да ана боласыз.

(О да бас иеді.)

3-батыр.

Мен сізге сыртыңыздан қанықпын.
Менің шешем саған да шеше болар деп,
Жомарт талай айтатын.
Енді міне өз үйімдемін.
(О да басын иеді.)
Қанікей (аң-таң).
Біреу еді құлыным...
енді міне үшеу болды...
Қадамдарың құтты болсын, ұлдарым..,
Бұ да тәңірінің игені шығар.
Қалыңдар осында, бір ұяда болайық,
Жомартымды бірге күтейік.

(Омырауын ағытып, құлашын жаяды.) Келіңдер, омырауымды иіскеңдер. Бәріңе де шешемін.

(Әйелдер қуаныса қарап тұр. Бірінші батыр Қанікейдің алдына барып, еңкейе беріп дулығасын алғанда ұзын бұрымдары жерге түседі.)
Әйелдер (қорқып кеткендей). О, тәңірі... (2-батырдың, 3-батырдың да бас киімдерін алғанда ұзын бұрымдарын көреміз.)

Дауыстаp.
Үшеуі де қыз!!!
Мазақ ете келген ғой!
(Қанікей мелшиіп қарап қалған.)
Несібелді.
Шеше, неге үндемей қалдың?
Қызға көңілің толмай ма?
Мен де сүйем балаңды.
Сарғайсам да, сағынсам да көре алмай,
Атқа қондым кең далаға сия алмай...
Ең алғашқы кездескенде
Жомартпен Аққудай қалқып жүр едім,
Мұңсыздардың бірі едім,
Енді міне (Қолына қарап.)
Ақ денемді күн шалды,
Жүрегімді от шалды,
Уәделі күндер өтті, әлі жоқ.

Қанікей (кірпігін қақпай қадалып). Не деп едің батырға?

Несібелді.
«Рас болса сүйгенің,
Кілемші бол өзімдей.
Сонда сені жар етем» дедім,
Ол: «айтқаныңды істеймін,
Келгенімше күт», деді,
Соңғы сөзі осы еді.
Енді өзіңмен бірге күткелі келдім.

Қанікей (қадалған көзін алмаған. Сәлден кейін бетінен қаны қашып сұрланады. Көздері бұрынғыдан да үлкейіп ашу жалынын шашқандай. Өз бетін өзі бір жосып тастағанда, тырнақтарының ізінен қан көрінеді. Жәй, бірақ зәрлене, тістене сөйлейді).
Тіпәй, тіпәй, жүзі қара, (қолын көтеріп.)

Әрі жүр.
Халқын қорғар батырдың
Семсерін тасқа түсірген,
Балам деген ананың
Жарық күнін батырған,
Кесепат қыз, арман жүр!
Жүзін сенің қара болсын!
(Несібелді қара тастай қатып қалады. Ана бетін
басқа жаққа аударып.)
Мұның бәрін білгенде,
Ойлап нем бар Жомартты!
Қан жұтып нем бар осынша.
Қалың елін торлаған жауға қалдырып,
Мына жүзі қара үшін,
Қайрылмай кеткен артына,
Бала да менен садаға!
(Несібелдіге.)
Сен қыз емессің, сиқырсың.
Сорым үшін туған сұмдық екенсің.
Кет, пәлекет, кет!

Несібелді.
Тоқтаңыз, шеше, тоқтаңыз!
Әрбір сөзің қызыл шоқтай қадалып
Жүрегімді... жандырды.
Міне асынған көк сүңгім,
Алғыр жүзі суғарылған аждаһаның лебіне.
Қайта оралып анасына келгенше,
Жоқтатпасқа Жомартты
Сертпен астым бойыма.
Қанша қалың жау келсе де жұмсай бер...
Тек, күйінбе, махаббатты қарғама...
Жар іздемес, теңін таппас,
Тас жүрек ұл тудым деп
Еліңе уәде беріп пе ең,
Сеніп пе еді соған жұрт?!
(Құралайға.) Сен айтшы, Құралай,
Жомарт мені сүйгеніне өкіне ме?

Қанікей.
Керек емес бөгде куә..,
Балама ғана сенемін!
Тірі болып көріссе,
Азабың үшін тарттырған
Алар еді басыңды.

Құралай.
Шеше, қате айттыңыз.. Қате.
Жомартты мен жақсы білем,
үш жыл ұдай бірге тұрдық, туыстық.
Тоқып болып кілемін,
Күн астына жайғанда,
Құлпырып кетті жер беті.
Төмен түсіп бір айналып таңданбай,
Құс өтпеді төбеден.
Данышпан әжем Дариға
(Даусы дірілдеп.)
Көп жасаған әзіз әжем,
Өлерінің алдында сипап көріп кілемді,
О да сүйді Жомартты...
«Көп жасасын Несібелді...» деді.
Кетерінде батыр Жомарт —
«Ағаң болам, Құралай,
алдырамын қасыма.
Шешемнің қызы,
жарымның досы боласың» деп аттанған.
Аңсап келіп алыстан
(Несібелдіні нұсқап.)
Жеңешеммен табыстым,
досы болдым жан қияр.
Жомарт теңін тауып сүйіпті...
Көзіңді аш, шеше, рақым ет!
Ана деп іздеп кеп тұрмын.
Бөгде көрме, жылатпа...

Несібелді.
Жасыма, Құралай, жылама.
Тыңдамаса, аямаса амал не?
Аттанамыз, жүріңдер...

Анапия.
Несібелді, енді қайда бармақсың?
Аузыңнан аты түспейтін,
Жомартыңның шешесі алдыңда тұр бетпе-бет.
Туған шешең жау қолынан өлген соң
Ат жалын тартып мініп ең,
Байлап едің тал беліңе ақ алмас.
«Қорғаймын деп ең Жомартымның анасын»...
Түсінер, шыда, қарғамас...
(Әйелдер жылайды.)
Шеше, назар салып қарашы,
Осынша жұрттың көзі жас.
Әрі қызың, әрі батыр келінің
Несібелді жылап тұр...
Мынадай ыстық жас тамса,
Балқыр еді қара тас...
(Пауза. Содан соң Қанікей жақта жанған
оттың жалынына қолын күйдіре тұрып сөйлейді.)

Қанікей.
Бойымдағы ашу дағын
Жалын жусын жандырып.
Жан күнәсін от тазартсын күйдіріп.
Алас... алас, от алас!
(Қолын аспанға жайып.)
О, тәңірі, қайырымды жүрегімді
қайтарып бер өзіме.
Әйелдер (олар да қол көтеріп). О, тәңірі!..
Қанікей (ілулі тұрған баласының дулығасын алған).
Келіңдер, (құшағын жаяды.)
От тазартқан қолыммен құшақтайын бәріңді,
(Әуелі Несібелдіні құшақтап, омырауына басады.
Басына дулыға кигізеді.)
Батырым бол, панам бол...

Шымылдық

ИНТЕРМЕДИЯ

Перде жабық. Аржағынан сөйлеген, күлгендердің шуы естіледі. Анапия мен Ораз жүгіре басып шығады. Ораздың киімі қазақтан өзгеше: орта ғасырдың гравюрасы сияқты. Белінде семсер, басында дулыға, маңдайына жыға қадаған.

Ораз.
Несібелді дегенде алқынбайтын жүрек жоқ.
Дәмесі бар жігіттер келіп жатыр жан-жақтан.
Бірі болып солардың мен де түсем сынына.
Сертінен қойған қашпаймын.

Анапия.
Жекпе-жектен жеңілген
Жасағында жігіт болып қалады.
Разымысың осыған?

Ораз.
Ер серігі тәуекел.
Тәуекелге түйінбей сынау қиын бақытты.
Жекпе-жекте ұтылып,
Жасағында қалғанда қанша өкініш болар ед?

Анапия.
Өкінбесең болғаны.
Бірақ батыр қыздан жеңіліп
Болып қалсаң арзандау
Басқасы бар деп ойлама.
Біз де осалдан емеспіз.
Opаз (жайдары, әзілдей).
Жоқ, жоқ. Олай деме, сұлуым.
Сүрінбейтін тұяқ жоқ.
Кейде жықсаң кей кезде
Жығылып та жүресің,
Күш атасын сыйлай ма?!
Ұтыла қалған күнімде
Теріс айналып кетпеңдер.
Бір кәдеге жарармын.

Анапия (күліп).
Ескерткенім, шын айтамын,
(Жақындап жаудырап қарайды.)
Жиһанкез батыр ол күнде
Кете алмайсың бұл жерден.
Биік заңғар таулармен
Түпсіз терең өзендерді көрмейсің.
(Күледі.)

Ораз (күліп).
Жел ойнайды бетінде
Толқындармен алысып.
Мынау тұрған жарық күн де
Соған барып шомылады.
Желкендерді көтеріп
Талай жүзіп өтуші ек.

Анапия.
Қалай еді, ақ дедің бе шаштарын?
Басқа тілде сөйлейтін
қыздарды да көрмейсің,
зар боласың жете алмай,
жасақтан шығып кете алмай.
(Тағы да ызаландырғысы келгендей күледі.)

Ораз.
Шаштары сары алтындай,
Көздері терең теңіздей
Не бір түрлі сұлулары болады.

Анапия.
Иә, иә, мен де соларды айтамын.
Жекпе-жектен ұтылсаң,
Жіпсіз байлап қоямыз,
Айтқанымызды істейсің,
Ығымызда жүресің.

Ораз (о да күліп).
Ұстаспай жатып жықтым демей, ең әуелі...
Анапия (бөліп кетіп).
Несібелді ұттырмайды, сенемін.
Мүлт кетпейді найзасы.
Беттесіп кеп шапқанда
Қарқыны да өзгеше:
Толқынындай өзің айтқан теңіздің.
Жолында не тұрса да
Жуып-жайып кетеді.

Ораз.
Ендеше мен де өкінбен жығылсам,
Несібелді маңында
Жәй жүрсем де арман жоқ.

Анапия.
Арманың жалғыз Несібелді ғана ма?
Ораз.

Жоқ, ол ғана емес.
Топтарын да сүйемін.
Жекпе-жекке күш сынау ол өзіне бір бәйге.
Ал, (күлімсіреп.) көзбе-көз тұрған өзің де,
Бір батырға өмірлік жар болуға
Күмәнім жоқ жарайсың! (Жақындап.)
Айтшы, теріс пе?

Анапия (жүре, ойнақылана). Кім білсін... Мен де сайыста сынасармын. (Күліп шығып кетеді.)

Ораз. Не десең де еркіңде. Бәріне де ырзамын. (Күліп о да кетеді.)
Қашып Құралай шыққан. Оны қуған орта бойлы, домбырасы үкілі Қамаси. Қуып жетіп белінен ұстайды.

Қамаси.
Мақтанып ең жүйрікпін деп,
Сонда да жетіп ұстадым.

Құралай (итереді). Іздеп келгенің мен емес қой, қоя бер!

Қамаси.
Онда не тұр?
Торымды саған тастадым,
Қашып едің ұстадым.
Амалың бар ма осыған?

Құралай (күліп).
Кім көрінген дәме еткен,
Есіл Несібелді-ай десейші...

Қамаси.
Менің нем кем, бұлбұлым?

Құралай.
Кездескенге көз сүзіп,
Таңдамай торын тастайтын
Көлеңкеңмен жарысып,
Қаңбақ көрсе қуатын
Неңді құнды демексің?...

Қамаси.
Қата, қата...
Жетпей айттың, Құралай.
Сайысқа ертең шыққанда...
Батыр қызды жыққанда
Домбырама сөз берем,
Күймен айтам сырымды.
Сонда естірсің
Жүрегімнің қағысын.

Құралай (қасақана қатты күліп).
Қағысуға шыдамай,
Қалбаңдап жерде жатқанда
Аяғыңнан сүйремесем неғылсын?
(Күлкісін тоқтатып). Жекпе-жекке шығарда,
Ант етесің батырлардың салтымен.
Еріксіз жеңілсең...
Батыр қызға жігіт боп
Жасағында қаласың. Оны білемісің?

Қамаси.
Білемін.
Несібелді тобында,
Сен сияқты бұлбұл қызбен бір болсам
Өкінбеймін оған да... (Жайдарлана.)
Сайраған тәтті үніңе
Домбырадан күй қоссам,
Күнде тербеп балқытсам,
Өзің де теріс көрмессің...
(Күліп қолын созады.)

Құралай (шегініп, күлімсіреп). Тәңірім сақтасын. (Жүгіріп кетеді. Қамаси тағы да қуа жөнеледі).

Еңсегей бойлы, имектеу келген Қадырбек шығады. Үстінде зерлі тон, қалпағы да сондай, етігі оймыш-оймыш көк салы жүгірткен. Қолында алтын балдақ. Ол жан-жағына қарап алып әлдекімді қолымен шақырады. Саудагерше киінген жалғыз көзді Аяз шығады.

Қадырбек.
Салты өзгерек болса да
мына қызды ұнаттым. Алтынға келсе аямай,
үй ішімен қоса сатып алар ем.
Бірақ оған баспайды.
Жұмбақты сойыс қана шешеді...
Қан баласы қағыспай кетсе мін болар,
Майданына түсемін. (Жалтақтап.)
Тыңдаушы жоқ па маңайда?!!
Аяз (о да қарап). Ешкім жоқ мырзам, айта бер.

Қадырбек.
Жұрт алдына шыққан соң
жеңуім керек қалай да.
Жығылып жатсам шаңға аунап
сүйектен кетпес мін болар.
(Аязға сыбырлап.)
Қусын, сен саудагер,
талайды бастан өткізген.
Ақылын тап, амалда,
Жолын үйрет жығудың...
Бөктіремін алтынға.
Мә, әзірге ала тұр.

(Қолындағы алтын жүзігін лақтырып тастайды.
Аяз қағып алып қалтасына салады.)

Аяз. Өстеріңді өзім-дағы біліп ем.

Қадырбек. Қалай білдің?

Аяз. Ойлағанын кісінің көзіне қарап білуші ем. Мә, ендеше! (Кең шапанын ашып жіберіп, күндей жарқыраған қалқанын ұсынады. Тез-тез сөйлейді.)
Күнге қарсы жақта бол,
Сәулеге көзі шағылса
батыр қыз сені көре алмас,
қадай алмас найзасын.
Түсіріп қал сол кезде.

Қадырбек (қалқанды күлімсірей алады). Мә, тағы да. (Аязға бір қалта алтын тастайды. Аяз оны да қағып алады. Екеуі екі жаққа кеткен. Сахна артынан күлкі шу күшейе естіледі. Перде ашылады.)

Алтыншы картина

Ауыл, жайлау. Әріде қатар тігілген үйлер. Күткен қалың жұрт. Ішінде Несібелді, Ораздар да бар. Перде ашыла бергенде күлкі басылады. Көпшілікке сәл ғана бас иіп амандасқан Қанікей кіреді. Ортада екі от жанып тұр.

Қанікей. Батыр қызым, Несібелді, әзірмісің сайысқа?

Несібелді (ұшып тұрады). Әзірмін, шеше.
(Алдына барып маңдайын сүйгізеді.)

Қанікей.
Талаптылар, ортаға шық.
Жеңілгенің қызыма дос болам деп,
жасағында қалам деп
ант бересің алдымда.
Кәнеки шығыңдар.
(Үш батыр ілгері шығады.)
Тәңірі алдында орындауға шартымды,
от әулие ортасынан өтіңдер...
Тәу еткен сайын жалынды
Естіртіп елге «ант!» деңдер.

Ораз (оттан өтеді.) Ант! Ант! Ант!

Қамаси да отқа жақындап қалған, кілт кідіріп қалады. Жұрттың көзі Қамасида. Ол найзасын тастап, домбырасын алған. Құралай мен

Несібелдіге барып тоқтайды.

Қамаси (домбырамен жырлап кетеді).
Несібелді, тыңда-тыңда,
Көңіліңді бөл айтқан сырға.
Найза орнына домбыра алдым,
Кезегімді бердім жырға.
Келген күннен ауды көңілім
Жаным сүйген бір сұлуға.
Сол сұлуға қанат қақтым,
Жәрдемші бол қосылуға.
Жасағыңда қалайын мен,
Бір шығайын жортуылға.
Сүйген қызым — Құралайын,
Қусыруға қолым дайын.

(Басын иеді. Тыңдаушылар қостай күліседі.)

Құралай (ойнақшып). Әй жоқ, шәй жоқ, бұл не қылған лап ету. Естімеймін, көнбеймін. Өлеңі болса міндеті, өзім де олқы емеспін.

Қамаси (қысылып). Сен де мендей сүйеді деп сеніп ем...

Құралай. Сүйсе ше?.. Өсте ме екен ұялмай... Ойлану, толғану деген болмас па?..

Несібелді.
Тентек болма, Құралайым, бұлбұлым.
Жырмен айтса сүйгенін
Шынымен сырын шерткені.
Ән мен жырда опасыздық болмас-ты.
Махаббат та майдан сияқты
Батырлықты қалайды;
Сен де қашпа ерліктен.

Құралай (Қамасидың домбырасын жұлып алған жырлап кетеді).
Сүйемін дедің, қыраным,
Сол сөзге де мен тұрамын.
Үніңнен қоңыр жел есті
Тыңдай да тыңдай тынамын.
Әзіл үшін аз ғана
Жел сөз айтып сынадым,
Қайғырма оған, қынжылма
Сарқылмай ағар бұлағым.
Бір бұрайық қосылып
Домбыраның құлағын.
Бір жағайық қосылып
Махаббаттың шырағын.
Жүрегім менің сен үшін,
Не көрсем де шыдадым!

(Домбыраны Қамасиға ұстата беріп, Қанікейдің омырауына барып бетін басады.)

Дауыстар
Жарайсың, Құралай?
Көп жаса, бұлбұлым!
Жақсы жауап!

Қанікей (нұрлана күлімсіреп). Қамаси қарағым, сен де кел. (Қамаси барады. Оны да құшақтайды.) Көп жасаңдар, шырақтарым. (Екеуін де сүйеді.)

Ораз (оттарды аралап, тәубе етеді). Ант! Ант! Ант!

Қанікей. Орын ашыңдар ортадан, сайыс басталсын!

Несібелді мен Ораз сайысқа шығады. Бұл атқа мінбей-ақ жаяу семсерлесу, өнер, айла, күш арттырып ету ойыны болса да шет емес. Қараушылар таңданыса қарасады. Несібелді мен Ораз бірінен-бірі асырады өнерін. Екеуінің соғысы күншығыс халықтарының барлық сайыскерлік қасиетін көрсеткендей. Ең ақырында көз ілестірмей қимылдаған Несібелді Оразды састырып шегіндіре бастаған. Қолындағы семсерді қағып түсіреді. Ораз тұрып қалады. Қошеметтеген дауыстар дуылдай естіледі. Несібелді өз семсерін Ораздың омырауына сәл тақап.

Несібелді (жәй). Ұтылдың, Ораз!

Ораз. Жеңдің, Несібелді, жеңдің!

Анапия (Ораздың қолынан жетектеп). Өзім демеп әкетейін, батырым.

Ораз. Рақмет, сұлу.

Несібелді. Ораз, ренжіме ұтылдым деп, менің күшім батыр күші Жомартымнан ауысқан.

Ораз (күлімсіреп). Өзім де соны байқадым.

Анапия. Қол беріңдер татулыққа мәңгілік (Екеуі қол алысады).

Қанікей. Несібелді, қуан, жаным! Жасағыңа мыңға татыр бір өзі, Ораздай арыстан қосылды.

Несібелді (Анапияға). Анапия, туды әкел. (Анапия туды. әкеледі.)
Жомарттың туы мына ту,
Батырым өзі келгенше
Сен ұстайсың, Оразым.

Ораз (туды сүйіп).
Аманатың қадірлі.
Қиянатқа бермеймін!
Несібелді
Біткен жоқ қой әлі сайыс,
Тағы кім еді талапты,
Шықсын бері ортаға!

Ортаға қалқаны жарқыраған Қадырбек шығады. Несібелді қалқанға тесіле қарап алады да байқап басып о да жақындайды. Қадырбек лып етіп күнге қарсы жаққа шығып кеткен. Қалқанның жарығы Несібелдінің көзіне түк көргізбейді. Осы кезде Қадырбек соғып жібереді. Несібелді бар күшімен қағып жіберіп, өзі теңселіп қалады. Сүрініп қалған Қадырбек қайта көтерілгенше:

Ораз, Анапия, тағы басқалар. Несібелді, Несібелді! — деседі.

Осы дауыспен Несібелді шапшаң қимылдап есін жинап алған, енді ұруға келген Қадырбекті дарытпайды. Дулығасын милығына түсіре киіп көзін көлеңкелейді. Қадырбек тағы да күнге қарсы жаққа шығуға беттейді. Несібелді бөгей береді. Қадырбек енді өзі орнын тауып ұмтылғанша күннің көзін бұлт басады. Мезгілін жібермеген Несібелді көз ілестірмей атып барып Қадырбектің қалқанын ұрып түсірген. Оның артынша абдыраған жігіттің өзін де шалқасынан түсіреді. Екі жезтырнақ және авансценада тұрған Аяз да селк ете қалады.
Аяз. (Қадырбек құлағанда). Ақымақ!

Несібелді (қасына да бармастан). Тұр, батыр, сайыс бітті! (Өз тобына кетеді.)

Қадырбек (тез тұрып Несібелдіге жүгіріп барған, кіжіне). Алдап соқтың, аңдатпай қаптың аяқтан.

Несібелді (бұрылып қарайды, терең мысқылмен). Сен сияқты қуыс кеудеден осындай ащы дауыс шығады деп ойламап едім, ғажап екен!

Қадырбек.
Қатынға ерген қараң қалмақ! (Көпке.)
Осыған батыр ерер ме?!?
Тоқтатыңдар сиынуды сиқырға!
Ей, жігіттер, келіңдер,
қосылыңдар хан ұлының тобына!
Қатынмен болсын қатындар,
еркекпен болсын еркектер!

Несібелді.
Қарқылдаған қара қарға болдың ба?!
Антын қайда ант атқыр?!

Қадырбек (ызамен қарқылдай күледі.) Ант па?! Батыр менен қатынның арасына ант жүрмес, жүргенменен дарымас! Ха-ха!
(Ораз қылышын жалаңаштап тұра ұмтылған. Несібелді ұстайды.)

Несібелді.
Сабыр ет, Ораз сабыр ет.
Бұл сияқты асыл болат семсерді
Исі сасық арам қанмен арамдау
Күнә болар өзіңе.
Қара бетті қарғыс атсын, от атсын!
Қор боп өтсін дүниеден.
Бар киімін, қаруы мен жарағын
Сыпырып қазір алыңдар.
Жалаңаш кетсін, жалаңаш өтсін жалғаннан.

(Жігіттер әне-міне дегенше Қадырбектің бар киімін, қаруын тонап алады. Сидиып жалаң аяқ, жалаң бас қалады. Өзінде зәре жоқ, бірден қағады.)

Қанікей.
Ей, енді сен де адамбысың? Жоқ!
Тұлғаң, түрің келсе де
Қосылмайсың санаққа!
Ар-ұяттан арылғансың біржола,
Қарақұс шоқып көзіңді,
Жүрегіңді құрт тессін.
Ит жеркенсін жаламай арам қаныңды,
Жоғал жауыз, жоғал!
Осы кезде қалтырап тұрған Қадырбек зыта жөнеледі. Аязға оқтығысып қалады.

Қадырбек. (Аязға). Алдадың мені, суайт!

Аяз. Ақымақ әрқашан өзін-өзі алдайды.

Қадырбек. Асықпа, сыбағаңды берермін!
(Жүгіріп кетеді.)

Аяз (ілгері шығып).
Сайыс бітсе күш сынасар.
Саудагерге кезек тисін, жарандар.
Арып келдік алыс жұрттан,
Пұлымызды көріңдер.
Жарын күткен батыр қыздың
алдына мүлкімізді жаямыз.
Кім біледі, қайғы тартқан жүрегіне
сапарымыз ем болар,
Тек сәтімен келген болайық!

Ораз. Қамаси, мына қара сақалдың қылжақтағысы келе ме, қалай?

Аяз.
Кілемші қыз батыр болса,
қару асса бойына
еркектер де бар шығар
жаулығын тартқан әйелдің.
Қымбат мүлік кілеміміз әкелген.
Көріңдер, көріңдер.

(Екі жезтырнақ бүктелген кілемді ортаға әкеледі.)

Қанікей.
Байқап сөйле, саудагер,
Қотыр тілің өз еркіңе көнбесе,
Мен жұлдырып тастармын!

Несібелді. Ашу етпе, шеше. Сайтан мен саудагер бір балшықтан жасалған емес пе?..

Аяз (әзілдегенсіп).
Тәңірінің берген мінезі:
Ойыма келген сөзімді
Білдіріп алам әрқашан.
Кінәлі болсам кешіңіз.
Жайыңдар кілемді, жайыңдар!

(Жезтырнақтар Жомарттың кілемін ашады. Несібелді ұмтылып барып жазуға қадалады. Құралай да төнеді).

Құралай.
Несібелді... бұл кілем...

Несібелді
(тез бөліп кетіп дауыстап оқиды).
«Сарғайдың ба мені күтіп, сүйгенім,
Мен де саған ынтықпын»...

Құралай.
Жазғаны ғой Жомарттың. (Аязға).
Бұл кілемді қайдан алдыңдар?

Аяз.
Қытайдан сатып алғанбыз,
Енді сатуға әкелдік.

Несібелді.
Қытайдан? Жомарт қайда?
Сендер ме оны өлтірген?

Аяз
(тез өзгере қалып қуанғандай.)
Қанша уақыт сарылып,
Іздегенім сенбісің.
Тапқаным ба, рас па?
(Алдына тізесінен тұрып сөйлейді.)
Жұмсап еді мені Жомарт әдейі,
Сүйгеніме кілемімді жеткіз деп.
Арманым жоқ, орындадым әмірін.
Ханым Жомарт, ханшам сенсің, батырым.
(Жолдастарына қарап.)
Бас иіңдер тізелеп,
Қаншамыздың алдында!
(Аналар айтқанын істейді.)
Хан тілегін істейміз,
Несібелді, бізбен бірге жүресің,
Қосыласың жарыңа.
Қанікей.
Хан дедің бе Жомартты?
Аяз.
Иә, хан дедім.

Қанікей.
Жарын ғана айта ма?
Жоқ анасын да ойлай ма?

Аяз. Ілгерірек сені де ойлап жылаушы еді, күте-күте өшкен шығар деуші еді. Осы күні көп айтпайды, өлді деп санайды шешесін...
(Несібелді кілемге маңдайын төсеп отырып қалады, Кенеттен қараңғылана бастайды. Құралай Анапияны жетектеп оңаша алып шыққан, үрейлене, сыбырлап сөйлейді.)

Құралай.
Анапия, көремісің.
Күн кенеттен қарауытып барады...
Қарашы, әне құстар қашты шырылдап,
Боталар да боздап тұр. (Айнала қарап.)
Жылқылар да тұяғымен
Жер сабайды пысқырып.
Жел үрлемей шайқалады
Ағаштардың жапырағы,
Көремісің, Анапия, қарашы.

(Екеуі де қарайды.) Жезтырнақтар жүрген жерде осындай болады деп әжем айтушы еді.

Анапия. Жезтырнақ деймісің?

Құралай.
Иә, Анапия...
Қолдары ұзын, саусақтары темірден.
Қан иісіне мас болады,
Қанды көрсе бассалады
дейтін әжем Дариға...
(Аяздарға бұрылып.)
Мынау келген саудагерлер емес.
Байқау керек қолдарын,
Қан көрсетіп сынайық...

Анапия.
Не деп тұрсың, Құралай?
Айрылдың ба есіңнен?!
Жезтырнаққа Жомарт қалай хан болмақ?

Құралай.
Тоқтай тұр үндемей! (Қамасиға.)
Қамаси мұнда кел.
(Қамаси жүгіріп келеді. Қарауыта береді.)

Қамаси (қуанышпен).
Бұл не деген бақытты күн, бұлбұлым?
Хабары келді Жомарттың,
Кілемі қандай тамаша.
Несібелді сен болып,
Бола қойсам мен Жомарт,
Неменен хабар берер ем?
Қанша баптап қақсам да
Домбыра даусы жетер ме?
Жоқ, жетпес еді, Құралай?

Құралай. Тоқта, сен осыларға шынымен сенемісің?

Қамаси. Сенбегенде ше? Жомарт арнап жібермесе, сонша жолдан келер ме?.. Кілем Жомарттікі деп өзің айтқан жоқсың ба?..
Құралай.
Рас, айттым...
Әлі де айтам,
Танып тұрмын кілемді
Лоблығады жүрегім...
Адам емес мыналар.

Қамаси. Енді кім?

Құралай. Жезтырнақтар.

Қамаси. Кімдер дейсің?

Құралай (даусын созып). Жезтырнақтар!

Қамаси (сақылдап тұрып күледі). Сөзіңе болайын, бұлбұлым... Сауыт киген үстіне батыр қыз дейді-ау сені де. (Күледі.) Қайдан келсін ертектегі жезтырнақ? Қорқыту үшін баланы «тырнақтары темірден кісі қанына өш болады» десетін. Сенермісің соған да? (Күліп құшақтайды.)

Құралай. Күлме, Қамаси, күлме! Естимісің ботам да қорқып боздап тұр.

Қамаси (тағы күлімсіреп). Шын белгісін жаңа таптың... Бота боздаған сайын үрке берсең, жаның қалмас кеудеңде.
Көрдің бе Несібелдіні:
Көңілі тола қуаныш,
Hұp ойнайды бетінде,
Жарығы мен жалынның.
Қарап отыр кілемге,
Көрдің бе әні қасиеттеп
Жазуынан сүйгенін... (Күлімсіреп.)
Сен де сондай қадірлей біл еріңді.
(Өзіне тартып құшақтайды.)

Несібелді.
Шеше, күндікке қарап отырмын.
Қараумен көзім тояр ма?..
(Кілемді нұсқап.)
Міне жазған сәлемі.
Оқумен көңілім тынар ма?..
Қайдасың, саудагер? (Аязға қарап.)
Шерлі жүрек шемен боп,
Тарылған кезде тынысым,
Осындай хабар жеткізген
Сені кімге балайын?
Тәңірімбісің, кімімсің?..
Қайта айтшы. Жомартымды қандай елдің ханы дедің?

Аяз (құлпыра).
Ағашы гүл төкпейтін,
Күнінен жылу кетпейтін,
Өзенінің суы бал,
Теңізі терең тербелген,
Таулары бұлт өңгерген,
Біздің елде хан дедім.

Ораз. Қандай теңіз айтқаның? Қандай жерлерге кемемен қатынайсыңдар?

Аяз (жақтырмай). Теңіздің аты көп, көп жерлеpгe қатынасамыз. Оның несін сұрадың?!

Ораз. Атын айтшы теңізің мен еліңнің?

Аяз. Теңіздің аты Терең, Күншуақ дейміз елімізді.

Ораз (сезіктенгендей). Иә, дұрыс атадың. Meнің болған жерім екен. Ал мұнда қай жолмен келдіңдер?

Аяз (Несібелдіге қатал дауыспен).
Сенбейтін болсаң батыр қыз.
Кетуіме әмір ет,
Кілемімді аламын да тартамын,
Келген жолым белгілі,
Адаспай табам онымды.
Әйтпесе, қылжағын тоқтат сарбаздың.

Несібелді.
Ренжіме, қонағым,
Қадірлім сенсің бүгінгі...
Қанікей. Баламның тіршілігі не, қандай жұмыстар істейді?

Аяз.
Күнде ертемен әділдік айтады еліне.
Күнәлыға жаза кесіп,
Жазықсызды ақтайды.
Содан кейін соңына ертіп көп жігіт
Аттанады серуенге.
Құс ұшырып, ит жүгіртіп,
аң аулайды далада.
Қайтып келіп кілем тоқиды балаңыз.

Қанікей (бөліп кетіп). Сиына ма тәңірге, от жана ма үйінде?

Аяз. Әрбір айдың басында өзі бастап жігіттерді от жағады. Ай біткенше өшірмейді сол отты.

Қанікей (қадала.) Олай емес. (Несібелдіге). Несібелді, қара сақал бәрімізді алдап тұр. Тілеу отын әйел жағар қашан да!...

Аяз (ызалы). Шеше, ол біздің елдің ғұрпын істейді.

Қанікей. (о да ызалы).
Жылады деп ең баламды
Ойлап мені сағынып.
Жаумысың деп қорқамын
Еңірете келген шешесін!

Аяз (асықпай кілемді бүктейді, салқын сөйлейді.)
Олай десең амал не?..
Өлтірген болсақ балаңды
Мұнда келіп неміз бар?
Қызық іздеп, қыз аңдыр
Жас емеспін толқыған..,
Жол бейнетін тартқанда,
Тарығып жүріп тапқанда
Бұл емес еді күткенім....
(Несібелдіге.)
Қалың жаудан сескенбес,
Жекпе-жекте жеңгіш қыз
Сен не дейсің мұныма?!
Қажыған қарт пен еріккен жасқа сенемісің!
Жоқ Жомарттан келген маған еремісің?
(Жезтырнақтарға қарайды.)
Жүріңдер, кеттік!

Анапия. Ал, кілемді қайда әкетпексің?

Аяз. Кімге қалдырам? Ханды ұмытқан ханымға ма?

Несібелді.
Шеше!
Жомарттан аяп жанымды,
Мұнда қалып кім болам?
Я көрермін Жомартты,
Арманыма жетермін,
Я алданып елеске,
Елсізде жаудан өлермін.
Бәріне де ырзамын,
Бел байладым баруға.
Ақ жолымды тапсырамын тәңірге...
(Кілемді жинап алып үйге беттейді. Аязға).
Түн етсін, ертеменен жүреміз...

Аяз (нық). Жол жүруге түн жеңіл, кідірмейік онша ұзақ.

Несібелді. О да дұрыс... қазір...

Қанікей (Ораз бен Анапияға). Торлағанға тұрмайтын қыз жүрегі осы деңдер! (Несібелдіге, қатал).
Тобыңа кірген батырдың
Ант алып ең бәрінен,
Сені тастап кетпеске...
Енді өзің сағым қуып кетпексің,
Қиямысың соларды?!
Несібелді (кідіріп).
Тастамаймын... Қайтып келем...

Ораз (бөліп кетіп).
Несібелді, біз де бірге кетеміз.
Бастай берсін еліне.
Жасаққа енген батырлар
Ханымына ереді,
Ханына бірге барады.

Аяз. Маған Жомарт құралды қол әкел деген жоқ, сағынған жарымды жеткіз деген. Хан әмірін екі етпен, өзгелеріңді ертпеймін!

Анапия (Несібелдінің аяғын құшып жалынып). Барма, Несібелді, барма. Жеке кетпе барсаң да. Неге жалғыз жүр деп тұр? Сескенеді жүрегім, Құралай маған бұлардан...
Құралай. Үндеме!

Аяз.
Сырлары кілең жасырын,
Сыбыр-күбір бірдеңе...
Хан әмірін орындадым,
Енді босқа бөгелмен!

(Ол Несібелдінің қолынан кілемді алмақ болады. Несібелді оны оңай қағып жібереді.)

Несібелді. Жоқ, кетемін, жалғыз кетемін.

Несібелді.
Жоқ, кетемін, жалғыз кетемін.
Таңдар басқа жолым жоқ.

Несібелді еркін басып үйіне беттейді. Осы кезде қара ағаштың тасасынан аңдып тұрған Қадырбек бүкшең басып тұра ұмтылады. Ол қылышпен шабуға айналғанда, шапшаң қимылдаған Аяз қолынан ұстап қалады, мойнынан сығып жібереді. Жансыз Қадырбек сылқ өте түседі.

Аяз (жәй Несібелдіге). Көрдің ғой, батыр қыз, әлі де шегің бар ма? Қорғаушың өзім боламын. Өзіме сенсең, күшіме де сен.

Несібелді жезтырнақтар тобына қосылып кете бастайды.

Қанікей (Несібелдіге жақындап.) Қош бол, қызым. Ақырғы рет анаңа бір қарауды да көпсіндің бе?

Несібелді (жәй). Кешір, шеше. Басым мең-зең, ессіздеймін. Я жанымда, я бойымда ерік жоқ, кешіре гөр.

Қанікей (бір орында қатып қалған, жәймен).
Көрсең есен құлынымды сәлем де...
Шешең сорлы тірі де...

Несібелді мен жезтырнақтар жүріп кетеді, олар көзден де ғайып болды. Осы кезде Анапия арттарынан жүгіpe басып айқайлайды.

Анапия (қатты дауыстап). Кідіріңдер аз ғана! Бұрыла кетіңдер!

Аналар қайта көрініп, бірнеше қадам жақындап тоқтағанда Анапия өз сапысын кеудесіне ұрып жібереді. Қан шапшиды. Қанқұмар жезтырнақтар өздерін ұмытқан, жеңдерін түріп, тырнақтарын арандатып қанға ұмтылады. Түрлері де өзгеріп кеткен, қан исіне қалжырап мас болған сияқты.

Құралай. Жезтырнақ!

Қамаси (дауыстап) Жезтырнақтар!

Қанікей саспай бұрылып қарайды. Жезтырнақтар Анапияның қасына келген, бір шегініп, бір ұмтылады. Тілдерін жалақтатады. Аққан қанды жалап та алады. Несібелді аң-таң сілейіп тұр. Жезтырнақтардан өзін әрең билеп ұстаған Аяз ғана. Ол кілемді құшақтап құлаған Несібелдінің қолынан кілемді алады да, қыздың бетін етегімен бір желпіп, қаша жөнеледі. Оның орнында түтін ғана қалады. Анапия тәлтіректеп әрең тұр. Кеудесінен атқылаған қан тоқтаған. Ораз Анапияны көтеріп алады. Жердегі қанға тұмсықтарын тыға иттей тіміскіленген жезтырнақтар.

Құралай мен Қамаси олардың тырнақтарын суырып алады.

Құралай. Тырнақтарын жұлу керек. Сонда қуаттары қалмайды дейтін Дариға әжем. (Жезтырнақтар есін жинаған. Дәрменсіз сүмірейіп тұр. Есін жинаған Несібелдіні қарт ана барып демеп әкеледі.)

Несібелді (күшін жиып алған. Найзасына асылып тұрып жезтырнақтарға сөйлейді): Барам дедім сендермен, әлі де барам қалмаймын. Енді не айтасыңдар, жезтырнақтар?

1-жезтырнақ. Батыр, Жомарт сені әлдеқашан ұмытқан. Біздің әйел патшамыз Гауһартасқа үйленген. Сені әкел деп тапсырған Жомарт емес, Гауһартас.

2-жезтырнақ. Мазақ етпек алдырып. (Қанікейге). Сені де балаң ұмытқан. Бүгінде Жомарт Гауһартасты ғана біледі. Ақ төсінен аймалап, ернінен сүйсе болғаны... одан басқа тілек жоқ.

Несібелді. Ораз, Қамаси, таңсәріден атқа қонамыз!

Шымылдық

ТӨРТІНШІ АКТ

Жетінші картина

Жезтырнақтар сарайы. Кілем тоқитын бөлме. Құрылған ермек. Жан-жақтық бәріне ілінген асыл кілемдер. Осының бәрі Жомарттың елігуі, кілем тоқуы үшін істелген. Бірақ батыр оған берілмеген. Құрылған өрмекке де отырмаған. Аяғында кісен, шетте ағаштан жасалған суреттей қимылсыз отыр. Әлдеқайда тесіліп қараған көзі де жансыз сияқты. Есіктің аузында найзасына асылған күзетші жезтырнақ мүлгіп тұр, құлап кететіндей. Төбедегі есік ашылғанда қалғыған күзетші есін жиып жоғары қарайды. Түсіп келе жатқан Гауһартасқа құлшылық ете табына бас иеді. Гауһартас жападан жалғыз. Жүгіре басып ермекке қарайды, одан Жомартқа тесіледі. Ишаратпен күзетшіні қасына шақырып алады.

Гауһартас. Жақындады ма ермекке, көңілін бұрды ма?

Күзетші. Жоқ. Көзін де салмады.

Гауһартас. Қараптан қарап отыр ма?

Күзетші. Бір орыннан мызғыр емес, тіл де қатпайды.

Гayһaртас (өзіне-өзі). Неткен берік, жасымайтын жан. Есін алсам да жүрегі әлсіремейді. (Күзетшіге.) Бері келтір!

(Күзетші қолтықтап әкеледі. Гауһартас батырды тілсімнен босатқандай батырдың басынан сипайды. Саусақтарымен екі көзін уқалайды. Жомарт ұйқыдан тұрғандай есін жинап алады. Көзін жыпылықтатып алдында тұрған Гауһартасқа қарайды.)

Жомарт (жәй). Сенбісің? Тағы да қинауға келдің бе?

Гауһартас.
Дегеніме көнгенше,
Кілем тоқып бергенше
Тоқтатпаймын қинауды.
Өзім де тартам азапты...

Жомарт (әлсіз дауыспен). Су... су бер! (Гауһартас су әпереді. Сіміріп тастайды.)

Гауһартас. Қол тимепті ермекке. Маған арнап жалғыз жіп те шалмапсың. Қашан тоқтар қасарысу?!

Жомарт. Көкірегімде жан барда елігеді деп ойлама!... Есімді алып тілсімдеп, торласаң да денемді, жүрегімді бермеймін. Жеңдірмеймін, көнбей мін. Су! (Тағы да ішеді.) Әйел емес айуансың!

Гауһартас.
Ал, сен кімсің, адамбысың?
Жоқ!
Берілмейтін, қызықпайтын сен ғанасың.
Адам емес, тассың сен.
(Жынданғандай өзіне-өзі, теріс айналып.)
Зәрем ұшад көзім түссе көзіңе,
Сені жеңбей, бас идірмей,
тең емеспін тәңірісіне адамның!...
Онда езімнің жеңілгенім...
(Тырнақтарын жазып.)
Тырнақтардан әл кеткені.
Жоқ! Жоқ!
(Қайта оралып Жомартқа қадала қарайды.)
Жомарт, қара маған!
Су орнына аққан қаннан,
Маздаған от-өрт жалыннан
Иіртемін жіптерін.
Жерді түгел жапқандай
Жалғыз-ақ кілем тоқып шық.
Бір шетінен бір шетіне жеткізіп
Гауһартастың атын жаз.
Бар теңіздің лағылы, гауһар, інжуін
Айналаңа үйейін...
Сол кілемнің үстінде
Екеуміз ғана жасайық.
Жер жүзінің тәңірісінің ері бол!

Жомарт.
Торлай ғой сен жердің бетін,
жүрегін немен жаппақсың?!

Гауһартас (сықылықтап күліп). Жерде жүрек болмайды, ессіз.

Жомарт. Тыңдап қара ендеше. (Жомарт сияқты Гауһартас та тыңдайды.) Естимісің ештеңе? Гауһартас. Жоқ! Жомарт.
Жердің алып жүрегі
Дамыл таппай соғып тұр.
Есітемісің дүрсілін? Есітпейсің!
Өйткені сенде жүрек жоқ! (Қызып.)
Ол кектенсе лақтырады тауларды,
Теңіздерді шайқайды.
Ол кектенсе сау қалам деп ойлама!
Онда көк те қалтырар,
Жарық етіп аспан жарылар,
Нажағайдың жалыны
Семсер боп тиер қолыма!
Сонда сені...

Гауһартас (көзі шатынап). Тоқтат! Тоқтат! (Кенеттен күлімсірейді. Әндеткендей.)
«Сарғайдың ба мені күтіп, сүйгенім,
мен де саған ынтықпын».

Жомарт (ызалы). Тоқтат! Жарға айтылған адам сөзін қорлама!

Гауһартас (қатты сықылықтап, әндете, мазақтай қайталайды). Сарғайдың ба мені күтіп, сүйгенім, мен де саған,..

Жомарт (есітпейін дегендей, өзі қатты әндетіп кетеді.)
Сенші сәулем, сүйгенім сен жалғанда,
Аңсарым сен ойда жалғыз қалғанда.

(Гауһартас тыңдайды.)
Сен менікі, мен сенікі болмасам,
Өтер едім өкінумен арманда.

Гауһартас. Доғар, естіртпе, Жомарт!
(Жомарт әндете береді. Ызалы Гауһартас өлеңнің соңы біткенше шыпыртқы қамшымен ұрып тұрады. Бірақ Жомарт оны елең де ететін емес, өз жүрегіне өзі беріле айтады өлеңді).

Жомарт.
Есіңде ме кездескенің, қарағым?
(Қамшы.)
Жүрегіме көзіңнен от қададың..,
Күт, сәулешім, сарғайсаң да күте бер.
(Қамшы.)
Бір сен үшін өлмей тірі барамын!
(Қамшы.)

Гауһартас (ұрудан шаршағандай. Болмаған соң.) Несібелді, Несібелді!

Жомарт (қалшылдап). Не дедің? Несібелді дедің бе? Атамап ем жалғыз рет естіртіп, қалай білдің? Осында ма жұлдызым?

Гауһартас. Осында. Алдырдым мен қасыма. Келе ме көргің? Есіт енді жасырмайын...
Жүгіріп баспалдақпен көтерілген. Ысқарады. Жоғарыдан кілемді құшақтаған Аяз түседі.

Жомарт. Несібелді қайда? Тағы да алдау, арбау ма?

Гауһартас. Арбау емес, тыңдай бер! (Аязға.) Сөйле Аяз.

Аяз. Бардым. Таптым қызыңды.
Жайып салдым кілеміңді алдына.
Аң-таң болып қарады да,
бұл кімнен деп сұрады.
Жөнін айттым:
Ол кім? деді қайталап.
Ұмытыпты атыңды.
Содан кейін ойланды да,
Сықылықтап көп күлді,
Күйеуі де бірге күлді қосылып,
«Сәлем айт ессіз батырға.
Еркек жалғыз сол ма екен де
Толған айдай толықсыған
Күйеуім тұр қасымда»

деп бірге тұрған жас батырдың мойнына асылды. (Жомарт аң-таң.) Нанбасаң міне, өзің көр. (Кілемді жая бастайды.) Күліп тұрған, мазақ еткен күлкісін түсіріп алдым кілемге. (Кілемді жаяды.) Қара, қара, дұрыстап қара. (Жібек кілем бетінен нұрлана күлімсіреп тұрған Несібелдінің кескіні бұлдыр көрінеді.)

Жомарт. Бері, бері. (Аяз жақындатады.)

Жомарт. Тағы да... (Аяз тағы да жақындатады.)

Гауһартас (мазақтай.) Қарап қал, адам, қарап қал. Көзің жетсін мазағына жарыңның.

Жомарт. Шешіңдер қолымды.

Гауһартас. Шеш. (Аяз шешеді.)

Жомарт (кілемді өз қолымен ұстап, Несібелдінің кескініне көз жібереді.)
Күлемісің... күлемісің сүйгенім.
Кім біледі осының да жөн шығар.
Дер кезінде жете алмадым,
Тарта алмадым сыйымды.
Тәңірі отының арасынан,
Ақ тілекпен өте алмадым кезінде.
Күлкің әсем нұр атып тұр,
Мұңсыз жанның кескіні бар жүзіңде,
Сүйгенім сен мұңсыз болсаң,
Онда маған арман не?
Бар сұрарым тәңірден
Саған бақыт емес пе?
Ұмыта бер Жомартты,
Қалауым тек бақытты бол, сұлуым...
Міне қолың (Үңіліп.)
Мұнысы несі? Қалқан бар ғой қолында?
(Аязға.)
Аяз, қолындағы қалқан не?..

Аяз. Жібек оюлардың құбылуы болар.

Жомарт.
Құбылу ма..,
Құтыла алмадым алдаудан.
Төңірегім торлаған бұлттай өтірік.
Гауһартас, арба, тағы, есімді ал!
Босқа мені қинама.

Гауһартас. Еркек. (Сықылықтап.) Батыр дейді-ау мұны да. Аяз, киімін кигіз әйелдің. Басына әкеп жаулық жап. Білезік бер қолына, моншақ тақсын мойнына. (Күледі.)
Сахна сыртынан ащы ысқырық естіледі. Гауһартас пен Аяз елең қаға тыңдайды. Жомарт та құлақ тосады. Есік қағылады. Аяз үрлейді. Үйдің іші жарық тарта бастайды. Ол кілемді жинап алмақ болғанда, Жомарт қатты қағып ұшырып жібереді. Аяз құлап түседі.

Жомарт
Жуыма!
Күле берсін сұлуым.
Семсерім болса қолымда,
Қасымда тұрып мазақ етіп жымиса
Қағар ем басын кеудеден.
Жуыма!
Көрейін тағы күлгенін!
Есік ашылған, төбеден екі жезтырнақ асыға басып түседі.

1-жезтырнақ. Гауһартас, айтатұғын арызым бар.
Гауһартас. Айта бер!

2-жезтырнақ. Айтамыз, бірақ бөгде жан естімесін. (Гауһартас оларды оңаша алып шығады. Екі жезтырнақ алма-кезек сыбырлап сөйлейді.)

1-жезтырнақ. Қалың жау қаптап келеді.

2-жезтырнақ. Бір батыр бастап келеді.

1-жезтырнақ. Бастаушы батыр қыз — Несібелді.

2-жезтырнақ. Жомарт деп салған әндері жерді дірілдетеді.

1-жезтырнақ. Қарқындары дауылдай, қайраттары ерекше. Қарсы тұрып болмайды, жапырып келеді, қамыстай. Мыңы бірдей соғысса, біреуі мыңға татитын. Бірліктері тым берік.

Гауһapтас (аптыққанын сездірмей).
Болды!.. Аяз. (Аяз келеді.)
Адамды жеңу, өлтіру,
Адамның ғана қолында.
Босат барлық құлдарды,
қолдарына қару бер,
Қамшылап жауға айдап сал.
Қират, қандат! (Жомартқа бұрылып.)
Құлақ ас маған кілемші,
босатам сені бұғаудан,
Қылыш берем қолыңа.
Қаптап келген қалың жауды
Таптап шық. Батыр деген атағыңды
қайратыңмен ақтап ал.
Әйтпесе ер емессің, қатынсың.

Жомарт.
Үркемісің, қорқамысың?
Жауыңның беті зәрлі ме?
Алмаспысың естерін,
құдіретің қайда мақтанған?

Гауһартас.
Аяз, тілін суыр, тілін!
(Аяз Жомартқа ұмтылады.)
Тоқта сабыр ет!
Әлі жазам ол емес!
Аяз, қарсы ал барып жауымды,
Жомарт жайын баянда.
Гауһартастың құлы де,
Отырса орнын, тұрса аяғын
жалайды де күшіктей.
Есітемісің әндерін. (Тыңдайды).
Жомарт дейді сөздері!

Жомарт (жұлқынып ұмтылады. Бірақ аяғындағы кісен шынжырмен темір қазыққа таңулы. Босана алмайды. Ыза боп айқайлайды.) Несібелді!.. Несібелді!.. (Гауһартас қолын көтерген. Одан соң Жомартқа сілтейді. Көлбеген қол Жомарттың бетін аймалайды. Одан соң басын сипайды. Батырдан әл кеткен, есінен айырылып тағы мелшиіп қалады.)

Аяз. Енді мұны өлтіру керек. Гауһартас!
Батыр кілем тоқи білсе,
жүрек сырын айта білсе жібекпен,
одан асар қатер жоқ.
Жердің жүзін көмкереді
тілсімнен берік оюмен.
Сығалар тесік қоймайды,
Қалдырмайды басар жол.
Тәкаппарлық тәңірісі осы,
кешікпей тұрып жанын ал!

Гауһартас.
Доғар енді, бос сөзді.
Сабыр етсең көресің.
Жеңбей тұрып Жомартты
Адамның биік алыбын,
асты деме күшімді.

(Жомартқа көзін қадап),
Құлдыққа бұл бас имей,
жүрегін әбден жоғалтпай
ашылмайды айдын жол,
ала алмаймын уысыма әлемді.
Тоқытпай қойман Гауһартастың кілемін.
Сонда менің құдіретімнің асқаны.

Аяз.
Сол айтқаның болар ма?
Жауды қайттің жоқтап келген батырды?!

Гауһартас.
Сауыты мен семсерін ал Жомарттың.
Дулығасын, қалқанын да алып кел.
Өзім білем аржағын.

Аяз (бөліп кетіп). Ұқтым, ұлы падишаһым... (Бас иеді.)

Сегізінші картина

Айнала дала. Ортада төбе. Coғыстың қызу сарыны естіледі. Тек соғысушылар көрінбейді, сахнада ешкім жоқ. Бір кезде әлі айығып болмаған Анапияны қолтықтай асыға басып Құралай кіреді.

Анапия (кідіріп).
Қолайлы екен осы жер.
Болмаса да семсер ұстар қуатым,
Қарап бойым сергісін,
Не болғанын өз көзіммен көрейін.
Кім біледі, қызу лебі ұрыстың
Бойыма қайта күш берер...
Найза алармын тағы да...

Құралай.
Отыра ғой ендеше. (Отырғызады.)

Анапия (құлақ тосып).

Құралай бұл қай өлең сыңғырлаған,
Сөзі қандай жақсы еді?

Құралай (қуана). Жомартқа арнап шығарған Қамасидың өлеңі. (О да тыңдайды.) Болдырғанға дем бергендей жалынды.

Анапия (қабағын шытып). Мынасы несі... тыңдашы! (Сырттан күрсіну, үрейлі айқай естіледі. Құралай төбенің басына жүгіріп шығып қарайды.)

Құралай.
Анапия, міне сұмдық,
Шегініпті біздің қол.
Ана қара бір жезтырнақ,
бөгелместен келеді.
Мінген аты от сияқты,
Қылышы да өте зор.
Жуыр емес маңына жан!
(Сахнаға бір жауынгер шығады.)

Жауынгеp.
Болар емес бір пәле.
Садақ оғы дарымайды бойына,
Қайта серпіп тастайды,
Семсерім сынды ұрып ем.
Қалай да осыны тоқтату керек!

Сахнаға Жомартпен соғыса шегінген Қамаси шығады. Оны бастырмалай келген Жомарт та көрінеді. Үнсіз, тілсіз, аруақ сияқты. Төбеге көтеріле түседі, маңайында қуанышты, маймылдай секірген жезтырнақтар.

Жезтырнақтар.
Сілте, Жомарт, семсерді!
Тапта, Жомарт, тоқтама!

Құралай (жан даусымен). Жомарт! Аға!

Қамаси Құралайға қараймын дегенше Жомарттың аты тұяғымен тарпып кетіп құлайды. Құралай Қамасиға жүгіреді. Көзі Жомартта. Ан-таң. Жақындап қалғанда көздеп тастаған найза қайта серпіліп, ұшып түседі, Құралай Қамасиды шетке шығарады. Сахнаға денесін қан басқан

Ораз екінші жақтан кеп шығады.

Анапия. Ораз, сұмдық Ораз! Жомарт бізге қарсы шығыпты! (Жомарт сахнадан екінші жаққа өте береді. Оның артынан Ораз да ұмтылады.)
Құралай (Қамасиды айналып). Анапия, көремісің аққан қанын. (Даусы дірілдеп Қамасиға.) Қамаси, көзіңді ашшы, қарашы маған,

жұлдызым... Тіл қатшы... (Басын көтереді.)

Қамаси. Ашайын көзімді.

Құралай.
Мені көремісің?

Қамаси.
Көрем, бұлбұлым.
Жезтырнақ түсінбеймін...
Ертек емес пе еді...
Ән шырқайтын, жыр айтатын...
Махаббатшыл,
Жас өмірді сүйетін,
Күнін, суын күзететін
Адам ғана деуші едім...
Жезтырнақтан қорыққандарға күлуші ем...
Сағындырған батыр Жомарт
Кім боп шықты ақыры.

Құралай. Қамаси жаным, өкпелеме Жомартқа. Кінәлама бауырымды. Жаңағы өткен Жомарт емес.

Қамаси (әлсіз). Енді кім? Құралай. Сауытын киген Жомарттың жезтырнақтар сиқыры... Байлайыншы жараңды. Тоқтар ма екен аққан қан. (Байлағысыкеледі).

Қамаси (жәй).
Әуре болма... байлама...
Сарқылғанша ағады.
Тоқтата алмайсың, бұлбұлым...
Жаным барда ақырғы рет сүйейін.
Сен де сүйші, тәтті өлейін қиналмай.
(Екеуі сүйіседі. Құралай басын сәл көтеріп
көзінен көзін айырмай қарайды.)
Бетіме неге тамады.
Көзіңде тола жас бар ма?
Жылама, жаным, жылама...
Жырымды тыңда одан да...

(Сөзсіз, әлсіз әні ғана естіледі. Анапия еңіреп тұр. Қамасидан көзін алмай қадалып, ән ырғағымен бірге ырғалып Құралай отыр. Ән әлсіреп барып үзіледі.)

Құралай. (Анапияға бір қолын көтеріп). Анапия... Жан тапсырды Қамаси. (Бетіне бетін басады. Көзі жасты.)

Анапия (еңкейіп). Бітелді ме жыр көмейі.

Құралай (көзі жасты).
Иә, бітелді жыр көмейі
Балапандай мәпелеген
Әзіз әжем өткен соң,
Шырылдап ем жетім қап.
Іздеп едім жаңа ұя.
Сонда тапқан сұңқарым,
Жүрегімнің жалынындай, Қамаси,
Сен де сөндің, көз жұмдың.
Жетім қалдым тағы да.
(Паузадан кейін).
Анапия, сен қасында отыра тұр,
Қыршынымның қылышын өзім алайын,
Қандырайын кек қанына қолымнан.

(Қамасидың қылышын алып атып тұрғанда Аяз да келіп қалған, кекті Құралай ертеден таныс жауға қырандай тап береді. Екеуі қылыштасып отырып сахнадан шығып кетеді. Кеткен жақтан қалжыраған Ораз шыққан, өктем ұмтылған Жомартпен қағысып келеді. Жомарттың аты оны басуға айналғанда жаңа жеткен Несібелді тез қимылдап, Оразды қорғап қалады. Мінбелеген атты семсермен шауып сүріндіреді.)
Несібелді. Жомарт! Жомарт! Аш көзіңді, таны мені! Мен Несібелдіңмін!

(Жомартта үн жоқ, сүрінген ат қайта тұрып ұмтылады.)

Жезтырнақтар (секіріп, ойнап).
...Сілте, Жомарт, семсерді!
Тапта, Жомарт, тоқтама!

(Несібелді бұл жолы ашына қарсы ұмтылып, Жомарттың атын шауып құлатады. Құлаған атпен бірге үстіндегі сауыт саймандар саудырап түседі. Жезтырнақтар шулай қашады. Несібелді аң-таң болып қарап тұр.)

Анапия. Бұл Жомарттың өзі емес.— Сауыты мен құралы.

Несібелді. Солай ма? (Қуана.) Ендеше қуан, жүрегім. Қайтадан жауыма тиемін. Жомартым міне, қасымда. (Сауытты жоғары көтереді. Әндетеді. Біз Қамасидың Жомартқа арнаған жырын естеміз.)

Жомарт, Жомарт, батыр Жомарт,
Бөгелмейміз сені таппай.
Соз қолыңды, өзіңе тарт,
Достарыңды алыстатпай.
Жомарт, Жомарт, қайдасың сен,
Есітемісің достар әнін?
Бұз қамалды, босан тезден
Жезтырнақтар ағыз қанын.

Несібелдінің даусымен асыға басып Қанікей де келген, қарт ана да бойына қару асыныпты. Ол Жомарттың сауытын, құралын көріп шошып кетеді.

Қанікей. Шыққыр көзім не көріп тұр?.. Іздеп келген жалғызым анасы мен жарына қарсы шауып өлген бе?

Несібелді. Қайғырма, шеше, күйреме. Балаң тірі, жарым аман! Көк найзаның ұшымен жол салып барып көреміз. (Сауытты көрсетіп). Мына жатқан сиқырдың алды жеңілген.

(Тағы да әндетеді.)
Сөз берілді, семсер саған.
Әділдіктің аңырат жырын!
Айтылсын сыр, айтылмаған
Қиянаттың байла тілін!
Жезтырнақтар мұнарасы

Қол-аяғы шынжырлаулы Жомарт. Шынжырдың шеті үлкен қара тасқа берік байланған. Соққан желмен жарыса естілген соғыстың гуілі, бәрінен де күшті батырлардың әндері өктем естіледі.
Жомарт, Жомарт, қайдасың сен

Есітемісің достар әнін.
Тағы да әнді соғыс дабыры басыңқырап кетеді. Жомарт әлі тілсімнен айықпаған. Достардың екпініндей соққан жел кем-кемнен сауықтырып келе жатқандай. Қайтадан жыр анық естіледі. Тыңдайды.

Сөз берілді семсер саған,
Әділдіктің жырла жырын!
Жомарт (көзін еркін аша алмай әнді қайталайды.)
Сөз берілді семсер саған,
Әділдіктің жырла жырын!
Несібелді! Несібелді!

(Бар даусымен айқайлайды. Кем-кемнен есі еніп,
Көзін ашады. Жауап қатқандай айқайлайды.)

Естимін үндеріңді! Ұғамын жырларыңды! (Желге рақаттана көкірегін төсеп.) Соқ жерімнің салқын желі, тазарт мені сиқырдан!

Ол мұнараның терезесінен төмен қарағысы келеді. Шынжыр еркіне жібермейді. Кектенген Жомарт кеудесін толтыра жел жұтып алып, бар күшімен қимыл жасайды. Тасқа байланған шынжырды тасымен суырып алады. Жел бұрынғыдан да қаттырақ соғады.
Батырдың төмен түскісі келеді. Бірақ өте биікте тұр.

Ол астына төселген асыл кілемнің бірін жыртып-жыртып, біріне-бірін жалғап байлайды да бір шетін төмен салбыратады. Ән бұрынғыдан да гөрі күштірек, жақынырақ естіледі.

Жомарт (мұнарадан айқайлайды.) Несібелді, Несібелді!
Алыстан дауыс. Жомарт... Жо... март!

Жомарт.
Екі көзім от боп жан,
Пердесін күйдір сиқырдың,
Жақындат маған алысты,
Жүрегім менің соға түс,
Жаныма жалын қоса түс
Жайрататын жауымды.
Тасқында, нөсер қайратым,
Қайта құйыл бойыма!
Қолымды қиған бұғаудың
Жұмсайын гүрзі орнына.
(Төмен түсе бастайды.)

Жомарт туралы ән тоқталмаған. Сахна қараңғыланады. Қайтадан жарық. Жезтырнақтардың алғашқы көрінген сарайы. Гауһартас жоғарыда тағында бірінші көрінгендегісіндей отыр. Төменде ешкім жоқ. Шар ұратын әйел оқта-текте бір соғып қояды. Сахна сыртында соғыс дауылы. Аптығып кірген Аяз Гауһартасқа барады.

Аяз. Бітті! Құрыды!
Адамзаттың әскері
Келіп қалды осында,
Талқандады темір менен құлдарды,
Талқандады тас қамалды, шыңдарды.
Батыр Жомарт шынжырмен ұрып жапырып,
Шыдатар емес мыңдарды!
Болар емес сиқырға! Жүр, қашайық!

(Гауһартас үн қатпайды. Аяз дауыстап.)
Неге үндемейсің, Гауһартас!
Тағы бір көзімді алсаң да,
Мені жалғыз қалдырма...
Сен құдіретті тәңірімсің.
Өзің құтқар, өзің өрте құлыңды...
Сенен өзге дәрменім жоқ жан сақтар,
Сенсіз жерде сусыз қалған балықпын.
Сүйеуім де, сенерім де өзіңсің.
Қорлама мені қуартпа!
(Сиынып маңдайын жерге тигізеді.
Қайтадан тұрады.)
Неге үндемейсің, Гауһартас?!
(Үрейлене қарап.)
Қарашы әне көлеңкеге,
Қара бұлттай басып келеді түнеріп.
(Жан даусымен.)
Гауһартас, Гауһартас!
(Қолын ұстайды. Шошып кетеді.)
Тас! Сұп-суық тас! (Бетін ұстайды.).
Тас! (Шар ұрған қатынға.)
Әй, тоқтат енді.

(Жүгіріп барып қолын ұстап тоқтатпақ болғанда, шар ұратын әйел үгітіліп ұсақ тас боп кетеді. Аяз кейін атып шығып.) Ал мен ше, мен бармын ба? (Өзін-өзі ұстап көреді.) Мен кіммін?!

Осы кезде Жомарт пен Несібелді екі жақтан бірдей кірген. Көргеннен біріне-бірі құшақ жая жүгіріседі.

Несібелді. Жомарт жаным!

Жомарт. Несібелді, жұлдызым!

Екеуі құшақтасып қатты сүйіседі. Осы кезде Қанікей де кірген. Жүрегі жарылғандай қуана қарап тұрып ұмтылады. Бірақ қастарына бара беріп өзін-өзі тоқтатады. Көзінде аналық мейірімнің шоғы жайнайды.

Қанікей.
Майдан әлі біткен жоқ,
Түспесін семсер қынапқа,
Жаудың бірін тағы көріп тұрмын.

(Биікте тұрған Аязға нұсқайды. Жомарт анасын құшақтайды. Қанікей баласының көзінен сүйеді. Көздері Аязда.)

Аяз (жорғалап төмен түскен.) Жақындап келеді. Несібелді қолындағы семсерін Жомартқа ұстата береді. (Аяз тоқтап қап.) Тоқтаңыздар! Тыңдаңыздар, жасырын бір сырды ашайын. Міне Гауһартас, келіңіздер қасына, көріңіздер қызықты.

Жомарт.
Өзі келсін еңбектеп,
бармаймыз оның алдына!
Түсір мұнда жыланды!

Aяз
(күліп). Оның қазір жаны жоқ.
Нанбасаңдар көріңдер.

Жомарт
(барып көреді).
Тас. Мен бұрында-ақ сезуші ем.
Несібелді, көрдің бе?
Өлтірмек болған жүректі
Мұздан суық тас екен.
(Кәрі ана жоғары шыққан. Тасқа ұзақ қарайды.)

Қанікей. Балға әпер маған! (Аязға қарайды.)

Аяз шарлардың жанында жатқан балғаны әкеп береді. Зәресі ұшқан, жапырақтай қалтырайды. Қарт ана балғамен тас суретті солқылдата соға бастайды. Ұрған сайын ұшқын шашырайды. Балға тиген сайын Аяз кішірейіп өшіп барады. Балға ен соңғы рет тиіп, тас сурет қаусап түскенде Аяз да тұманға айналып жоғалып кетеді. Қабырғалар құлап, жезтырнақтар сарайы қирай бастайды. Қарыңғылана түседі. Қайтадан таң атқандай нұрланады. Жезтырнақтар мекені жоғалған. Енді оның орнына жазық, жасанған, жарық даланы көреміз. Биіктеу қыратта Қамасидың қабыры. Айналасына гүлдер өскен.

Басында Құралай бұлбұлдай ысқырып тоқтайды. Одан соң Қамасидың домбырасын алады.

Құралай.
Жүгірген аң, ұшқан құс,
Тыңдамай өтпес сайрасам.
Қарайды бәрі сүйсініп,
Сен ғана жоқсың Қамаси...
Домбыраң менің қолымда,
Дірілдейді ішегі,
Жел сүйсе де аймалап.
Домбыраң бар да сен барсың,
Серігім болсын пернесі,
Әніңді содан табармын.
Жаз келген сайын жапырақ
Көгеріп күннен жан алар,
Сыбдырласар, сырласар
Сырыңды содан табармын...
Сағынған сайын сені аңсап,
Елестерсің көзіме,
Аруағың болар жанымда,
Жүрегіме жыр құяр,
Қосылып маған жырларсың.
Содан медет алармын.
Қамаси, соғыс бітті,
Жеңіс жетті жадырап,
Орындалды арманың,
Сарғайған достар табысты.
Жандырған қайғы оты өшті.
Домбыраңмен тойларын өзім бастаймын.

Домбыраны қаға жөнеледі. Домбыра үнін оркестр көтеріп әкетеді. Түкпірден Жомарт пенен Несібелдінің батыр жауынгерлері Құралайға қарай кілем төсеп келеді. Сол кілеммен Жомарт, Несібелді, Қанікей, Ораз, Анапиялар, тағы басқалар жоғарылап шығып келеді. Құралай қуана құшағын жайып тұр. Оған қарап Несібелді мен Жомарт құшағын жая жүреді. Ораз бен Анапия пердені жауып баратын көрерменге нұрлана қарап сөйлейді.

Анапия.
Азапты өмір артты қалды,
Жеңіс келді, той басталды.
Көздерден жас құрғады,
Жар менен жар, ана мен ұл қосылды.

Ораз.
Қайғы ұясы қара тасты қираттық,
Күл боп ұшты жаһаннан.
Жүректің өшпес жалыны
Лаулап маздап жанып тұр.

Анапия.
Жібек кілем төселді,
Жиналатын қонаққа.
Шақырамыз бәріңді,
Жүріңдер тойға, құрбылар.
Белдегі таққан семсермен,
Қолға ұстаған найзаны,
Бойдағы болат сауытты
Шешінбестен келіңдер.
Той осылай басталсын!

Ораз.
Тойдан кейін көтерілсін желкендер,
Теңіздерде емін-еркін жүзейік,
Аралайық бар жұртты.
Несібелді, Жомарттың
Табысқанын айтайық.

Анапия.
Тойдың қызық өткенін
Әлемге тегіс жаяйық!

Шымылдық


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама