Жүректің терезесі
— Нағашым сұңғыла кісі ғой, айтқызбай түсінді. "Сағи, — деді нағашым, — сен менімен бiрге еріп Германияға жүр, онда менің дәрігер досым бар, сені анадан жаңа туғандай етеді".
Нағашымның айтуынша, оның әлгі неміс дәрігер досы аяқсыз туған балаға аяқ салған екен, онысы атақты футболист боп кетіпті. Тіпті аты аңызға айналған Пеле, Марадоналардың өзі әлгі баланың ойынына қарап отырып: "Егер мен ойнайтын команда осы бала ойнайтын командаға қарсы ойнайтын болса, мен сол күні алаңға шықпас едім, ірі есеппен ұтылып, жанкүйерлеріңнің алдында масқара болып жатқаннан гөрi, соның өзі дұрыс" деген ғой. Ал әлгі дәрігер қолсыз балаға қол салған екен, онысы атақты боксшы болып кетеді. Тіпті аты аңызға айналған Мұхаммед Әлидің өзі: "Егер мен қазір дер шағымда тұрған Мұхаммед Әли болғанның өзінде, осы балаға қарсы жекпе-жектен бас тартатыным анық" — дегенде, жанында отырған Майк Тайсон: "О, не дегеніңіз, Мұха, мен де соны ойлап отыр едім, мына балаға қарсы рингке көтеріліп, алғашқы раундтың алғашқы минөтінде-ақ еденде бүк түсіп жатқаннан гөрі, шаршы алаңға шықпағанның өзі артық қой" — деген екен.
Ал әлгі дәрігер мисызға ми салған екен, онысы бүкіл әлемнің ғалымдары бір ғасырдан бері шеше алмай жатқан есепті бес минуттың ішінде жаңқалап-жаңқалап тастап, ғылымның ең мәртебелi сыйлығын қолтығына қысқан күйі, үйіне қарай байпаң басып кете барыпты. Сонда осының бәріне есігінің алдында қарап тұрған әлгі баланың туған әкесінің өзі: "Ойпырм-ай, бүкіл әлемнің милы адамдары жабылып, бір ғасырдан бері шеше алмай жатқан есепті менің мисыз балам бес минуттың ішінде түте-түтесін шығарды-ау!" — деп таң қалыпты деседi. Нағашымның шешімін естігенде, шешем безектеп қоя берді: "Жібермеймін Сағиымды, Сағиым осы қалпында-ақ әдемі!" "Қайран, ана! — деймін ішімнен, — — әр анаға өз ұлынан асқан сұлу перзент болар ма?!" — Ақыры бәрі де нағашым айтқандай болды.
Нағашым: "Сен Германиядан қайтқанда, туған анаңның өзі де танымай қалатындай өзгересің", — дегенеді. — Үйге кіріп келгенімде: "Сағиға келіп пе едіңіз? — дейді шешем сызылып, — Сағи үйде жоқ еді?". "Апа, бұл мен ғой, — деймін, — мен Сағимын ғой!" Шешем сол кезде барып таныды: "Құлыным, даусыңнан таныдым ғой!" — деп келіп, мойныма асылды. Содан кейін де көп уақыт үйренісе алмай жүрді. Анадай жерден одырайып қарап тұрып: "Сағижан, сөйлеші", — дейтін. Сөйлеген кезімде барып: "Сағиымның даусы ғой, Сағиымның даусы!" — Әлгі жүз қыз қайда кетті? — деді Дәукен күліп. — Жүз қыз кеткен, бетін басып, бет-бетімен: "Ақымақпын! Ақымақпын! Сағидың осындай сұлу болып кететінін қайдан білейін? Ту, осы бар ғой, өмірі шешімді асығыс қабылдаймын да жүремше?! Ойланайын десем ғой сол кезде, солай деп неге айтпадым екен?!" — Оның орнын жаңадан жүз қыз басқан? — Бұлар да жүз бе еді? — деді Дәукен. — Жүз болмаса да сол тоқсан сегіз, тоқсан тоғыз болып қалатын шығар. Қыздар жүректің терезесін қағады. "Ақырын, қыздар, — деймін, — сындырып алуларың да мүмкін ғой". Бір қызығы бұл қыздар да бір ғана сөз айтатын. — Бұлар да сөйте ме? — Бұлар да сөйтетін. Бұл қыздар да алыс бір көкжиекке ойлы пішінде қарап тұратын да, баяу үнмен "Сағи" дейтін.
"Сағи, махаббат дүниесінің сырлы сезімі адам жүрегіне әдемі ән, әрге толы әлдиімен әсер етеді емес пе?! Ал егер осынау жанға жағымды әуен қыз жүрегін ғашықтықтың сазына бөлеп, әлдебір қиялдан кетпес нұрлы бейненің тұтқынына айналдырсаше? Күннің шұғылалы жарығында да, түннің ай дидарлы, күміс сәулелі тұнығында да сол бір бейне жаныңды мазалап, жүрегіңді тыныштығынан айырар сыңғыр қоңырау үніне айналып алса не болмақ?! Сол дидар көз алдыңда мәңгіліктің елесіндей болып тұрып алса не істерсің?! Күрсінерсің, күлерсің, бірде үміттің шырағын тұтатып, бірде көңіл-кемеңді сарыуайымның терең теңізіне батырып, арпалысқа түсерсің. Өз сезімін жалпақ жұртқа бар даусымен айқайлап жария етпесе де, сол бақытының өлшеміндей бағалы көрінген, арманының асылындай ардақты көрінген жанға сырын ашса, қыз-сезімге тағылар кінә қайсы?! — Қыз осыны айтып болып, енді жайлап қана бұрылып, даусы дірілге толып, баяу, тіпті сыбырға тән үнмен, бірақ әр дыбысы әуезге толы айшықты үнмен: "Мен сені сүйемін, Сағи", — деуші еді. Сонан-соң осы айтқанынан өзі шошып кеткендей, басын тәкаппарлана көтеріп алып: "Жоқ!", "Жоқ!" "Маған ештеңе де керек емес!" — дейді де, бетін басып, жылаған күйі аулаққа жүгіре жөнелетін. — Бәрі де жүгіре жөнелуші ме еді? — деді Дәукен. — Бәрі де жүгіре жөнелетін, — деді Сағи. Енді Сағи мен Дәукен үнсіз отырып қалды. Екеуі де жүгіре жөнелген әлгі қыздардың ендігі тағдырлары не болады екен деп ойлап отырғандай еді. Үнсіздікті Дәукен бұзды: — Енді осы жүз қыздың біріне неге үйленіп алмайсың? — Әй, аға-ай, — деді Сағи, — сол жүз қыздың қайсысы шын ішкі дүниеме ғашық, қайсысы шын жаным мен жүрегімнің сұлулығына ынтық, соны білмей басым қатып жүрген жоқ па? Жуырда тағы да Германияға жүретін шығармын. — Неге?— деп елең ете қалды Дәукен. — Қайтадан бұрынғы қалпыма түспекпін, — деді Сағи. Дәукен Сағидың бұрынғы қалпын көрмесе де, шошып кетті: — Қой, айналайын, балалық жасама, әдемі түріңді бүлдірме, — деді. — Ал егер жүз қыздың бірде-бірі жаныңда қалмаса қайтесің? — Онда білмеймін, ағасы, — деп Сағи басын шайқады.
Дәукен осы кездесуден соң, Сағиды көпке дейін көрмей кетіп еді. Бірде әлдебір танысынан: "Сағи үйленіпті ғой", — деген сөз естіді.
— Германияға бармапты ма? — деді Дәукен жұлып алғандай.
— Германияда не бар? — деді танысы.
"Бұл Сағидың бұрынғы өмірінен хабарсыз шығар" деген оймен Дәукен жауаптан жалтарып кетті:
— Ауырып қалмады ма? — дегенім ғой.
Әлгі танысы Дәукенге жақтыртпай қараған күйі кете барды. Сол көзқарасында: "Не деген іштар пенде едің? Сондай әдемі әрі ақылды балаға жақсылық тілеудің орнына. . . " дегендей ой жатыр еді. Дәукен келе жатырып ойланды: "Егер адамда шынымен жүрек терезесі деген терезе бар болатын болса, оны тек өмірі жүрек жамаумен өткен қарт профессор дәрігер ғана көре алар еді. Дәрігер жүректі ашып тастап шәкірттеріне былай дейді: "Қымбатты менің шәкірттерім! Адамда болатын жүрек терезесі деген мынау. Біз мұны еппен ғана былай алып қояйық. Мұны сындырып алсақ, ауыстырып салатын материал да жоқ". Егер дәрігердің алдында өте көрікті әрi сұлу қыз немесе сондай жігіт жатса, дәрігер: "Ойбой, мына байғұстың жүрек терезесін сындырып жібере жаздапты ғой. Бұл да махаббатпен әбден-ақ ойнаған екен, бірақ жүрек терезесі де соғұрлым көп қағылыпты", — дер еді. "Не де болса адамның жүрек терезесін бір ғана адамның, өзінің перзенттерінің әкесі немесе анасы болып, өмірлік серігіне айналар жанның қаққанына не жетсін?!" — деді Дәукен оттығына қол жүгіртіп жатып. Сонан-соң шылымын тұтатты да, әлгі ойлардың бәрін санасынан серпіп тастап, ширақ басып, жүріп кетті.