Кәрсен Аралбай
Уақыт керуені тоқтаған емес, тоқтамақ емес, бірде жылдам, бірде баяу бірақ үнемі алға жылжып бара жатады. Ал осы уақыт керуенінің із өкшесіне үңілсек, тарих қойнауында, тауарих қатпарында қалған талай айшықты белгі, айтулы белестерді көрер едік. Уақыт керуенінің сан ғасырлық жолына көз жіберсек, өткен күндер елесі тіріліп, өткен заман дүбірі құлағымызға жетіп, өткен дәуірдің куәлері көңіл алаңына дүркіреп келіп, күбірлей тіл қатып, шеру құрып тұра қалар еді.
Біз өткенді көп елемей, өгейсіретіп келгенімізді бүгін жасыра алмаймыз. Біз төл тарихымызға көп қайырылмай, шеттетіп тастағанымызды бүгін бүркемелей де алмаймыз. Біз — бұрынғымызға мойын бұрмай, тәкаппарси тәптіштенгенімізді енді-енді ғана ұға бастаған ұлтпыз. Өткеннің бәрі опасыз, бұрынғының бәрі былғаныш, баяғының бәрі баянсыз деп тамырымызды отатып, бабамыздан бездіртіп, тегімізден алыстатып келген өктем саясат, озбыр идеология, пәрменді биліктің уысынан шыға алмаған бишара халімізді әлі де аңсайтын күндеріміз, әлі де іздейтін, іздеттіретін әдетіміз бен азғырушыларымыз баршылық. Бірақ күннің көзін ешбір пенденің алақанымен жаба алмайтыны қандай ақиқат болса, өткен заманның бүгінмен өзектес екені, ертеңмен сабақтас екені сондай шындық. Жетпіс жыл бойы жетімсіреткен шешен шежіремізге, тылсым тарихымызға көңіл бөлмесек, әрі кінәліміз, әрі кінәсізбіз. Кешіккенімізді шын сезінсек, жоғалтқанымызды тез табуға тырысайық.
Жеті атасын білмеген жетесіздіктен жетпіс жеті атасын білмеген тексіздік жаман. Елгезек көңіл мен ұшқыр қиял алдағыны қанша болжағыш болса, сол болжағыш көңіл мен арманшыл қиял енді өткенімізге қайырылта білсе, тарихымызды қопарта білсе, көп жоқтың орны бәлки толар ма еді. Көп олқымыз бәлки теңесер ме еді. Көп шаламыз бәлки бүтінделер ме еді?
Әр халықтың өз тарихы бар. Өз талан-тағдыры бар. Осынау ұлан байтақ даланың ұлы иесі, алып қорғаушысы — ата қазақтың күрделі тарихы, күресті жолы, күре тамырлы өмір-ғұмыры болғанын соңғы жеті-сегіз жылда әжептеуір біліп те, танып та қалдық.
Халқымыздың тарихы мән тарихи кезеңдерінде кездесетін талай ақтаңдақтарға бұрын мән берілмесе, шынын айтсақ, мән бергізбесе, бүгін сол ақтаңдақтардың пердесін ашып, тылсымын сыпырып тастау үшін жапатармағай ұмтылғанымызды да жасырмағанымыз жөн. Осындай айғайшыл, байбаламшыл кезеңде өзгенің қамынан өзінің бабын артық көретін өзімшілдігіміздің оза берерін де, өзімдікі дегенде шабан атымыздың алдына қара салмай оза кетерін де ескергеніміз дұрыс-ау.
Қазақ — елім дегенде етігімен су кешер ер халық. Қасиеті кеңдігінде, кемелдігінде, еркіндігінде, елдігінде. Осы қазақтың күншіл, қызғаншақ, бақас өзімшілдігі — қасіреті екені де рас. Тарих қойнауына үңілгенде кешегінің бар көрініс-бейнесін бояу-бедерімен, аяныш-өкінішімен, қуаныш-қайғысымен, ерлік-ездігімен, батырлық-баянсыздығымен, қайсар-қаһармандығымен, кісәпір-опасыздығымен жақсысын асырмастан, жаманын жасырмастан түгел ашып беруді парызды мақсат етудің орнына көбінесе өз лағымызды теке қойғыш атүсті жылпың-жылпостыққа құрық созып жүргеніміз қатты қынжылтады.
Мен Түйте Жарылғап батыр жөніндегі мақаламда былай жазғам: "Аулы көшіп кеткен көне жұрттың орнынан қоламтасы өше қоймаған жерошақ таппақ түгіл бүгінде біз сол ауыл қонып өткен бейбіт мекен, шалқар қонысты да таба алмайтын халдеміз ғой. Сондықтан да ши түбінен немесе күл астынан тауып алған күйелеш ешкі асығын сақа қып, сақылдай күліп ала жөнелетін бала мінезінен аулақ болайық. Жоқтан бар, топырақтан қар жасау — шындыққа қиянат істеу, әділетті сойылға жығу ғана. Ендеше қылыш ұстағанның бәрі батыр емес екенін, қамшы ұстағанның бәрі би емес екенін естен шығармаған абзал. Шын батыр — халық перзенті, ұлт мерейі. Шын би — халық қамқоры, ел тірегі. Батырын бір ауыл емес, бар ауыл, бар өлке білсе ғана сол батырдың аты елден елге кетеді. Ұрпақтан ұрпаққа жетеді.
Жерге тамған қаны ел көкірегінде шоқ боп маздар атақты билер, даңқты батырлар бүгінде туған жерге қайта оралды.
Олар — Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билер. Олар — Абылай хан, хан Кене. Олар — Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Шапырашты Наурызбай. Олар — Тарақты Байғозы, Әлтеке Жидебай, Түйте Жарылғап, бүгінгі Кәрсен Аралбай".
Алдаспанның жарқылынан от тұтатып, найзасының ұшқынынан найзағай ойнатқан Аралбай бабамыздың ұрандаған дауысы ғасырлар қойнынан жаңғырығып шығып, жер түбінен дүбірлетіп жетіп ұрпақтарының құлағына ғана емес, жүрегіне құйылып жатқанына қасиетті даласы, киелі топырағы куә!
Ел болса ер туғызбай тұра алмаған,
Туғызған Аралбайды қыран далам.
Үш мәрте үш жеңіске көкпар салған
Алыпты ол ер дауысты бір алладан.
Қарамай қас дұшпанның аз, көбіне,
Бас ұрмай өз ханына, өз бегіне.
Кәрсеннен дана туған өр Аралбай
Үзеңгі серік болған Қазбегіңе.
Аралбай бабамыз 1670 жылдардың бас кезінде Жиделі Байсын жерінде, Қаракесектің Тәңірімбердісінің бес Назарының бірі — Алданазардың шаңырағында нәресте іңгәсімен шыр етіп дүниеге келіпті.
Осы арада 17-ғасырдың екінші жартысындағы тарихи кезеңге аздап тоқтап, мәлімет бере кетсек дейміз. Әңгімені сәл әріден бастайық.
Шыңғыс империясы құрылған кезде тарихи жылнамаларда арығ ғүн немесе арғү, кейіннен қазіргі атауымен арғын аталған үлкен тайпалық одақ, арабша Мәуреннаһр өлкесін яғни Әму мен Сыр өзендері арасындағы құдіретті қалалары көп құнарлы қонысты қысқы мекен еткен. Шыңғыс хан өзінің төрт баласына еншілеп жер бөліп бергенде, осы Мәуреннаһр өлкесі Шағатайдың иелігіне көшкен екен. Арғындар сол кезде-ақ өздері Жиделі Байсын деп қастерлеп атаған Әму мен Сырдың арасындағы қыстауларынан жаз жайлап сайын Сарыарқаны басып өтіп, Мұз теңізге дейін барып қайтып тұрған.
Арғындардың қазақ хандығының қалыптасу, өсу кезеңіндегі еңбегі өлшеусіз мол. 15-ғасырда Орталық Азияда Дәулет шайхының ұлы Әбілхайыр билеген аса мықты хандықтың үш астанасы болған деседі. Оның бірі — Ібір-Сібірдегі Шамқай тура мекені, екіншісі Ұлытаудағы Ордабазар кенті, үшіншісі Сыр бойындағы Сығанақ қаласы. Хандықтың қол астындағы ең беделді арғын елін Ақжол би атанған Қотан ұлы Дайырқожа басқарса, тағы бір мықты қыпшақ жұртына Қобыланды батыр ықпал еткен көрінеді. Әлдебір пәнәйі себеппен ағайынды екі елдің арасына алауыздық кірш, сайын далада Ақжол мен Қобыланды оңаша кездесіп қалып, қыпшақ батыры арғын биін қапыда өлтіріп кетеді. Содан ел арасына бүлік кіреді. Сүттей ұйыған тыныштық бұзылады. Екі оттың ортасында қалған Әбілхайыр хан әділ билік айта алмайды. "Қанға қан", жанға жан тілеген арғын жағына үш құн алып бітіс! — деген солқылдақ шешім тастайды. Сол заманда арғын ұлысының сұлтаны болған әз Жәнібек ұлысымен түгел Әбілхайырдан бөлініп кетіп, Жетісудағы үйсін тайпаларымен одақтасады. Арғын, дулат бірігіп Әбілхайыр ұрпағымен ұзақ жылдар бойы айқасып өтіп, ақыры өз Жәнібектің баласы Қасым ханның кезінде қазақтар бүкіл Сарыарқаға ие болады.
Ал осы Қасымның баласы Хақназар ханның тұсында Еділ мен Жайық арасын мекендеген Ноғай ұлысы дағдарысқа ұшырап, Орманбет ханы өліп, он сан ноғай қайғырып, Ордың қара ағашы жанып, ноғайдың басымы Қап тауына қарай ығысып, қалған бөлігі қазақ құрамына кіреді. Сөйтіп қазақтың үш жүзі құралады.
Ең бірінші хандықтың ту тіккен жері — Жетісу болғандықтан, сол өңірдің Ұлы жүз аталатыны, Қасымның кезінде өзбектен босаған жер — Орта жүз аталатыны, ал ноғайлы келіп қосылғандықтан батыс өлкенің Кіші жүз аталуы осыдан. 1635 жылы дербес мемлекетін құрып, өз туын көтерген Жоңғария қазақ даласына осы 17-ғасырдың бас кезінен-ақ шабуыл-шаңдуынын көбейткен.
Ақыры жылжи-жылжи Алтайды алып, Ертісті құлдилап, Есілді бойлап, Тобылды жайлап, Жем мен Жайыққа жылжып, 1730-40 жылдары Еділ бойына құба қалмақ қоныстанады. Ал 17-ғасырдың екінші жартысында қазақтың Сібір өңіріндегі жеріне Ресей патшалығы ендеп кірсе, асыл Алтай, сайран Сарыарқа, жәннат Жетісу Жоңғар ойраттарының иелігіне көшеді. Жаз жайлау сөйтіп көзден бұлбұл ұшады.
Бір ғасырдай уақыт ішінде бұрынғы ата қонысқа жете алмаған қазақтың құтты мекеніне айналған Жиделі байсында Қаз дауысты Қазыбек, Қанжығалы қарт Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, қаржас Бұқар жырау тәрізді қазақтың атақты ұлдарының кіндік қаны таматыны да сондықтан. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Шыршық бойы ата қонысымыз еді. Мейрам Софы бабамыздың бейіті сол өзеннің бойында қалды деуінде осындай сырлар бар.
Біздің қасиетті бабамыз Аралбай да Сыр бойының сол жағасында егін егіп, бақша салған, мал қайырған қоныстарда Қуандық, Сүйіндік, Қаракесек балалары қатар отырғандықтан Мейрам алқабы аталған өлкеде дүниеге келген. Сол кездегі әдемі дәстүрмен баланы біраз жыл бауырына басқан Ерназар бабамыз он жасар Аралбайды Бұқардағы Көкалдаш немесе Көкілташ медресесіне оқуға береді. Күні кеше ғана Қазан төңкерісіне дейінгі қазақ -оқымаған надан халық деп санап келген идеологияны түбегейлі өзгерткен кейінгі жылғы зерттеулер халқымыздың небір зиялы азаматтарының сонау ерте заманда-ақ Бұқара, Самарқантта оқып, шариғат заңын да, тарихат ілімін де игергенін анықтап отыр. Бұқардағы он екі баб ғылымнан хабар беретін Көкілташ медресесін тәмамдаған тобықты Әнет бабаны, Қаз дауысты Қазыбек биді, қаржас Бұқар жырауды атасақ, әлгі тұжырымымызды растайтын айғақ болар еді. Аралбай бабамыз да осы Көкілташтан жүзіп ішпесе де, кәусарынан сусындағанын тілге тиек етіп, болашағына өмірлік нәр, жан дүниесіне ғұмырлық іңкәр тапқанын мақтана айтуымызға болады.
Ұлттық дәстүр-ғұрыптың өнеге үлгісін мол қамтыған қазақ халқының саналы бала тәрбиесі мен сол замандағы ілім-білімнің сан саласын қамтыған медреселік дәріс Аралбай бабамыздың абыройлы азамат, арқалы шешен, білікті би, намысты батыр боп өсуіне, қалыптасуына үлкен ықпал жасаған.
Жиделі Байсынға үйірілген қазақ руларының ішінде сол кезде ең көбі Қаракесек болған деседі. Бес Мейрамның өлі де бір-бірінен ірге ажыратпай, шек айырыспай бірге көшіп, тұтаса қонып отыратынын жар еткен тарих жылнамалары әсіресе Қаракесек арасының аса татулығына, ынтымағының молдығына қатты сүйініш білдіреді.
Бес Бошаннан тарайтын аталары Сұраулы мен Абыз шөбере ағайын боп келетін Аралбай мен Қаз дауысты Қазыбекті тетелес ғұмыр бірге өсіріп, біте қайнастырып жіберген. Қазекеңнен бес-алты жас кіші болса да, Аралбай бабамыз атақты бидің ең жанашыр туысы, ақылдас досы, үзеңгілес серігіне айналған. Алғаш медреседен ауылға келген кезде кітап, қауырсынын қолынан тастамай оңаша отауда ұзақ-ұзақ отырып қалатын туысқанына жігітшіліктің қызығына бөккен Қазыбек талай іздеп келіп, ойдағы тойға, қырдағы қынамендеге, бауырдағы билікке ертіп кетпекші болғанда Арекең,
— Жасанған жаудай жұт жетсе,
Ілесіп байлық кетпес пе?
Жең астынан пара өтсе,
Биіңнен билік кетпес пе?
Биліксіз биде бел болмас,
Биі жоқ жерде ел болмас,
Шәкіртке ұстаз аталған
Азамат ханнан кем болмас.
Менің жөнім — шәкірттің тілін сындыру, санасына ілім сіңдіру болса, Қазеке, басқа мұратты онша қаламаспын, — деп көбіне көп жекелене берген көрінеді.
Әрине ойы терең, айтары орамды, реті келгенде көмейден жыр шумақтары құйылып кететін Арекең бірте-бірте ат үсті тірлікке де дағдылана бастайды. Ара-жігі бөлінбей, шоғырлана қоныстанған Арғын, Қоңырат, Дулат жұртының төскейде малы, төсекте басы қосылған соң той-дүрмегі көбеймей қайтсін. Сондай бір ұлы жиын, үлкен қызықшылықта жиырмадан енді ғана асқан Аралбай бабамыз Қазекеңді әрі қатты таң қалдырып, әрі мейлінше сүйсінтіп, болашақ ұлы бидің көңіл қуысынан мәңгі орын алған екен.
Аңыз — дерек былай өрбиді.
Әлгі тойға ағылып Арғын, құйылып Қыпшақ, Қоңырат, дүрілдеп Дулат келген ғой. Әрине жарыс бар жерде намыс қызатын әдет ертеден белгілі.
Ауыл арасындағы айғайшыл бәсеке емес, жұрттың жығасы жығылар намыс бәсекесі қызбасын ба. Дулат жағы алқақотан дөңгеленген көптің ортасына атақты түйе балуанын шығарып, Орта жүзге оқшырая қарап: бәйгені шаппай бер! дейтін ыңғай танытқан екен. Жауырыны әлі бір рет жерге тимеген түйе балуанға қарсы біразға дейін Арғын, Қыпшақ, Қоңыраттан ешкім шыға қоймапты.
Елдің ерге, ердің жерге қарайтын нағыз қысылтаяң кезеңін бастан кешірген Қазыбек жан-жағына шыдамсыздана көз жүгіртіп қиналып тұрғанда, Аралбай жігіт кеудесіндегі киімді сыпырып тастап, ортаға шыға берген ғой. Тәжірибиесіз жастың асығыстық жасағанына риза болмады ма, әлде түйе балуанның қолтығына кіріп кеткен талдырмаш інісін аяды ма, Қазекең қаз дауысты қаңқылдата шығарып, артынша ауыр күрсінген екен деседі.
Бірақ... қасиетіңнен айналайын Аралбай бабамыз түйе балуанның астынан кіре беріп, омыраулай көтеріп алып, шыр айналдырып тұрып, жерге алып ұрған ғой. Сонда әрі қабырғасы сынып, әрі намыстан жарылып, түйе балуан жылап жіберген екен.
Бота жүн шекпенін жалаңаш денесіне жамыла салып, алқалап дүрліккен жұрттың арасынан сытылып шығып, Аралбай жігіт оңаша ұзай бергенде, Қазекең соңынан қуып жетіпті.
— Ерледің, Аралбайым, ерледің. Намысты қолдан бермедің! Сиқырың бар ма? Тылсым не? Ғажапты мұндай көрмедім! — деп мән-жайды сұрапты.
— Қазеке, менің жұлдыз болжайтыным бар ғой. Түйе балуанның жұлдызы — қыдырма жұлдыз екенін сезетінмін. Ал менің есептеуім бойынша қыдырма жұлдыз айдың бірінде жерде, төртінде төбеде, жетісінде желкеде болады.
Балуан шіркін талтүсте жұлдызының қай тұста екенін аңғармай, қарама-қарсы отырып қалды.
Жұлдызына қарсы келген адам қашанда жеңілетін ғадаты. Соны білдім де, тәуекел еттім. Тылсым сыры осы, — депті. Қазекеңді Аралбай бабамызға біржола құлатып, тізелеске айналдырған бір оқиға 1702 жылы болған екен. Сол жылы әз Тәуке хан Күлтөбедегі Ханабад сарайында үш жүздің игі жақсыларының басын қосып, мемлекетіндегі дауды шешуге ыңғайлы, шеттен келген жауды жеңуге қолайлы, халықты басқаруға икемді, жұртты ұйыстыруға оңтайлы бол сын деген талаппен үш жүзді басқаратын үш төбе би сайлауды ұйғарады. Ұлы жүздің көп Дулаты арасынан Төле биді шығарғанда, Орта жүздің алты арысы — тау суындай арынды Арғынның Қаз дауысты Қазыбегін алқалап төбесіне көтереді.
Кіші жүз жұрты да көп созбай Әлімнің Төртқарасы — Әйтеке биді ыңғайлайды. Орта жүз баласы түгел дөңгеленіп, ертең әз Тәуке алдында алқалағанымызды атаймыз, сол үшін бүгін баталасып, бәтуаласып қоялық деп ақбоз атты құрбандыққа шалып он екі қанат ақ орданы оқшау тігіп, отыз бес жасар Қаз дауысты Қазыбекті құрметтеп төрге отырғызыпты. Астау-астау ет келеді. Табақ-табақ мүше тартылады. Белгілі дәстүрмен асату басталады. Әппақ қардай құйрық пен сарыала қазыға алақаны толып, Қазекеңнің аузына қарай созыла ұмтылған жүндес қолдың білегінен Аралбай кенет шап беріп ұстап, алақандағы май мен етті өз алақанына аударып сапты. Аударып сапты да ішінен шеңгелдің темірден де қатты, бізден де өткір екі-үш тікенегін суырып-суырып алыпты. Дүниедегі ең жаман қасиет — күншілдік! Дүниедегі ең айықпас дерт — қызғаншақтық қой. Ол ілгері талпынам, асқақтап өсем демейді. Күншілдік, бақастық асылды өлтірем, жақсыны қаралаймын, жанғанды өшірем дейді. Жетсе, іштен шалады, жетпесе балтырдан қабады. Әлгі бірігейік, іріленейік, бәтуаласайық деген ағайынның арасынан да бидің беделін көре алмай, өзіне қонбаған бақ өзгеге де бұйырмасын дейтін жауыздық ниетпен ертеңгі төбе бидің төрдегі басын көрге сүйретпек болған ғой. Қазекең тағы да Аралбайға қатты қайран қалыпты. Кейін екеуі оңашаланған кезде: — Суала жаздаған суатымды көлшіттің-ау, қанатым! Үзіле жаздаған қуатымды өршіттің-ау, құйрығым! Көріпкелің бар ма, қалай білдің? Қарғыс қолды желкеден қалай ілдің? — депті.
— Оу, Қазеке, онда тұрған не бар. Қаскөйдің көзі сұғанақ, қолы үркек емес пе, қимылы қорғалақ, ісі бүркек емес пе. Таныдым да тап бастым, — деп жауап беріпті. Әрине Аралбай бабамыз көбіне-көп ел шетінде, жау бетінде үнемі жүрген еді деп айта алмаймыз. Алайда қазақ елін жан-жағынан тықсыра бастаған алакөз дұшпандарға қарсы алты үйден бір сарбаз шығаратын жаугершілік заманда қолға найза ұстап, атқа ер салып, маңдайды оққа төсеп, майдан даласына оның талай кіргенін білеміз. Сондай бір қанды жорықта Арекеңнің бір ерлігі аңыз боп ғасырлар қойнауынан жетіп отыр. 18-ғасырдың басындағы Жетісуда өткен қазақ-ойрат шайқасының бірінде екі жақтың да бетпе-бет келіп, бірін-бірі ала алмай текетірес түсіп, қалжырап тұрған шағы екен дейді. Әлде бір тұстан, әлдебір айла-амалдан, әлде бір шарасыз үрейленуден сәл жаңсақтық, сәл шалағайлық танытып алса, жығасы жығылып, туы құлап, жігері жасып, жер тезек күйге түсерін білген екі қосын жан аямай қидаласып жатқан шақта "Алаш! Алаш! Алаш!" — деп озандаған бір дауыс бүкіл майдан даласын, бүкіл қызыл қою мұнар бүркеген жер мен аспан арасын тітірентіп алып кеткен ғой. Қазақтарға әлгі ұран тәңір даусындай естіліп, бойына толқындатып қайрат-күш құйыпты. Әлгі жер дірілдетіп, тау жаңғыртқан дауыс ойраттарға жаналғыш әзірейіл үніндей сезіліп, зәре-құтын қашырыпты. Содан есінен танған жоңғарды жігерленген қазақ дендеп алып кетіпті. Қуып, қырып кетіпті. Артынан арқаланған сарбаздар, әруақтанған қолбасылар "Алаштап!" аламанды үркіткен, ағайынды рухтандырған Аралбайды таныпты. Аралбайды әспеттепті. Қашанда ерлік күште емес, рухта болатыны аян. Ерлік білекте емес, жүректен туатыны ақиқат. Ерлік бар кезде емес, тар кезде, сын сағатта туатыны ақиқат. Арекеңнің үш жүздің "Бұқар!" "Құндыз!" "Тұлпар!" ұрандарының бірін де атамай, халқына ортақ, әрі асқақ "Алаш!" ұранын аспандата үш шайқаста үш-ақ мәрте көтергенін, сол үш шайқаста қазақтардың жеңіс туын желбіреткенін аңыз-дерек жеткізеді.
1715 жылғы Аякөз бойындағы өткен қазақ-ойрат соғысында екі жерінен ауыр жарақат алған Аралбай бабамыз одан кейінгі айқастарға қатыспапты. Жарасына киіз күйдіріп басып, төсек тартып жатқан Арекең немере інісі Ер Таңыбайды шақырып алып, өзінің алтын балдақты алдаспанын өсиеттеп тапсырған деседі.
— Біздің әулеттен бұдан былай жасанған жауға қарсы қару ұстап қол бастар ту иесі өзің бол, Таңыбайым! Менің болжалдық, алғырлық озан-ұраншыл қасиетімнің киесі де өзің бол, бауырым! — деп сенім артқан ғой. Содан бастап Таңыбай бабамыз сұрапыл күштің де, жау тайсалтар сестің де иесіне айналып, батырлығын хас дұшпанына танытып, атағын еліне жайған екен. Екі ұлы бабамыздың әруақтарын ұрпақтары мәңгі-бақи ұмытпастығы айғақ.
Аралбай, Таңыбай, Бес Назар, Кәрсен-Керней, Қаракесек, әріге үңілсек — Арғын, Алаш ұрпақтары бабалардың ерлік ісіне, елім деп соққан жүрек тынысына бас июі парыз. Осынау өгіз терісі — талыстай ұлан-байтақ жеріміздің — тауымыз бен даламыздың бөлінбей, бөлшектенбей бүгінгі күнге тұтас жетуі, қазақ ұлты бүгінгі тәуелсіздіктің көк байрағын желбірете көтеріп, аман-есен жер басып, тілін, дәстүрін, салтын сақтап қалуы аталарымыздың арқасы, бабаларымыздың батырлығы мен даналығының нәтижесі. Мен Аралбай бабамыздың батырлығынан гөрі байсалдылығын, көсемдігінен гөрі көрегендігін, шешендігінен гөрі парасаттылығын баса айтқым-ақ келеді. Бірақ баба өзімдікі болғандықтан тым ашылып-шашылып кетуге әддім жоқ. Сонда да ел мен елдің, ру мен рудың арасындағы дау-дамайдың, араз-құраздықтың халық тұтастығына сына боп енерін сезген Аралбайдың халық бірлігі үшін сол ұлан даласының батыры да, биі де, қазысы да, бүтіндеушісі де болып, үлкен қимыл, батыл әрекетке баратынын қайталап айтып жатпайын. Өйткені ол азаматтықтың шыңына жеткен, бір өзінде көрегендік, кемеңгерлік, имандылық тәрізді алуан қасиет тоғысқан күрделі тұлға. Өйткені Аралбай бабамыздың "ұстаса қашағанның ұзын құрығы болғанын, ызаланса ұзын буыршынның бұта шайнар азуы" боларын көрген Қаз дауысты Қазыбектің өзі қатты сыйлап өткен ғой. Сондықтан да шамамен 18-ғасырдың отызыншы жылдарының соңы мен қырқыншы жылдардың басында қайтыс болған Аралбайды қасиетті Түркістанда жерлеуге Қазыбек бидің көп әсері тиді-ау деген жорамалымды жасыра алмаймын. Жақсының арты әрқашанда жақсы болмағы шындық. Ұрпағы өсіп-өніп, көркейіп көбейіп ұлы бабасының 325 жылдық мерекесін атап өтіп, ас берді. Аралбай бабамыз қазақ еліне қайта оралды. Ұрпақтары, ұлты оны мәңгі ұмытпайды. Бүгінгі еске алу рәсімдері ұлы бабаларымыз бен алып аталарымызға деген құрметтің басы ғана. Арекеңнің жаңғырып тірілген аты жүректерге мәңгі орналассын деген тілекпен ұрпақтары оған ескерткіш орнатты. Ендігі бір түйін ой — Аралбай бабамыз туралы рухани қазынаны құнттап жинап, бастырып шығарып ел игілігіне айналдырсақ, Қаракесек Аралбай өз атына көше, ауыл берсек сонда ғана өз үрім-бұтағымен қайта түлеген бабамыз қазақ елінен өз орнын ойып алады.
Өйткені:
Ел болса ер туғызбай тұра алмайды,
Ер тумай ұлттың басы құралмайды,
Ұрпағы өсіп-өнген бабамыздың
Алашым! Алашым! деп ұрандайды.
Ғасырлар төтеп беріп азабына,
Оңынан туды күні, оралды айы.
Қауышты бүгін міне қазағына
Қаракесек Кәрсеннің Аралбайы.
1998 жыл.