Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Кеңестер одағындағы еңбекші тап жазушылары ұйымының сана (идеология) және көркем сөз туралы жобасы

1. Тегістік жолын қуған төңкерістердің тәуірі, тапқа бөлінген әлеуметті жойып, тапсыз әлеумет — коммуна әлеуметін жасайтын көшпелі дәуір. Бұл дәуір Ресейдегі болған Октябрь төңкерісінен басталып, еңбекшілер табының әкімшілігін — Кеңес үкіметін орнатты.

Енбекші тап осы әкімшілік ілім басшы болып, әлеуметті жаңадан жасап, тегістік жолына салып, коммунизмге көшіреді.

2. Тап тартысында, бұрынғы үстем болып әкімшілігін жүргізген байлар табын жеңіп алған соң, шаруашылық және саясат ретінде еңбекшілер табы төңкерісшіл — марксшыл қағидасын қолданатын болғанмен, тіршіліктің байлар реттерінде, басқа бұтақтарында әлі де бұрынғы байлар табының ықпалынан шыға алған жоқ.

Тап соғысы біткеннен кейін, шаруашылықты түзеу майданы туған соң, өнер-білім майданы туды.

Шаруашылықтың жаңа үнем саясаты (НЭП) жүргізілген соң бұл өнер-білім майданының мәнісі өте зорайды. Совет заманы басталып, шаруа көтерілуімен бірге өнер-білім майданында түрлі перде жамылған байлар табының азаматтары еңбекшілер табына қол қоя бастады. Міне осындай себептерге байланысты еңбекшілер табының қазіргі зор мәселелерінің бірі — өзінің тап өнерін, тап мәдениетін жасау.

Әлеуметті, бұқаралықты тәрбиелеу ретінде әдебиет зор құралдың бірі.

3. Еңбекші табының әдебиетін туғызып, оны өркендеткен Октябрь төңкерісі. Өйткенмен де еңбекшілер табының өнер-білім кем болғандықтан және талай заманнан салт заңы, өнегесі үстем болып қалған, төңкеріс таянған уақыттарда жұқпалы азғындыққа шалдыққан байлар табының әдебиеті, еңбекшілер табының әдебиетін ықпалынан босатпай келді. Бұдан былай да ықпалын жүргізуге мүмкіндік бар.

Міне, осындай реттер болғандықтан, еңбекшілер әдебиетінің мазмұны, дәні, идеология, мүсін ретінде де аламыш-құламыш болып жүрді. Қазірде, көбінесе, солай болып келеді.

4. Бұл күнде салмақты оймен, кең өлшеумен, шаруашылықтың жаңа саясатының тәсілдерімен әрбір ретте социал құрылысына негіз салына бастады. Ортақшыл партия қалың еңбекшілердің арасында құрғақ үндеуді қойып, тәртіпті, терең мағыналы үгіт, тәрбие жүргізуге кірісті.

Еңбекшілер әдебиетін де айқын, бір белгілі тәртіпке қоюға қажеттік туды.

5. Жалпы Кеңестер Одағының еңбекшілер жазушылар ұйымы (орысша құрастырылып айтылғанда: «ВАПП» — еңбекші таптың бір бөлімі, затшылық ережесімен ғана дүниені таниды).

Жалпы мақсаты—еңбекшілер әдебиетінің бұдан былай өркендеуі үшін бір тәртіп жасау. Бұл мақсатқа жету үшін, еңбекші әдебиетшілерінің суреттеу ретінде жалпы бір ғана жобасы болу керек—дейді.

Ондай жобаның айқын қияпаттануы, айқын мүсінденуі тәжірибе, іс жүзінде, идеология майданында әбден анықталмақ. Сондықтан жалпы Кеңестер Одағының еңбекші жазушылар ұйымы өзінің әрекетінің, ісінін негізіне мына төмендегі нұсқауларды тұтынады:

1. Тапты әлеуметтің, тапты қауымның көркем әдебиеті бір таптың белгілі мақсатына жету жолында қызметкер. Тап арқылы ғана, — жалпы адам баласына қызметкер. Сондықтан еңбекші халықтың құлқын, әлеуметін жасайтын, түпкі мақсатына қарай тәрбие беріп, нұсқау беретін әдебиет қана еңбекші таптың әдебиеті болып саналады.

2. Еңбекші таптың әкімшілігінің ұлғайып, нығайып, коммуна әлеуметіне бет алып бара жатқан дәуірінде еңбекші таптың әдебиеті тап әдебиеті бола тұрып, сол еңбекші таптың құлқын, санасын, сезімін тәрбиелейді. Әлеуметтің басқа табыстарын да өз ықпалына салады. Сөйтіп байлар әдебиетінің аяғының астынан ең ақырғы басқышын, ақырғы сүйенішін қағып түсіреді.

3. Еңбекші таптың әдебиеті байлар табының әдебиетіне өзін айқындап қарсы қояды. Байлар әдебиеті өзінің табымен бірге өлуге бет алып, тіршіліктен жырылып, ішкі дәнін қиялға кетумен бояйды, жеміссіз сәуегейлікке, құрғақ бақсылыққа кетумен бояйды, сыртқы мүсінді ғана мақсат қылады.

Еңбекші таптың әдебиеті оған қарсы. Еңбекші таптың әдебиеті өзінің жемісінің негізіне төңкерісшіл—марксшыл дүние тануды қолданады.

Жасайтын шығармасын қазіргі еңбекші таптың жасап жатқан шындығынан алады және тіршіліктің төңкерісшіл көркемдігінен алады. Еңбекші таптың өткендегі тартысынан, оның реттерінен алады.

Әрине, солай болған соң, еңбекші таптың жалпы жаңа тұрмыс жасауына, әлеумет тіршілігіне белсене қатынасқан жазушы ғана еңбекші таптың жазушысы болады.

4. Әлеумет алдында еңбекшілер әдебиетінің мәнісі зорайғандықтан бұл әдебиетінің алдында қазір бір үлкен мәселе көтеріліп тұр. Ол мәселе мынау төмендегі:

Еңбекші таптың тұрмысынан көбінесе кең суреттер жасау, зор маңызды, мазмұнды суреттер шығару.

Жалпы Кеңестер Одағының еңбекші жазушылар ұйымы бұл мәселені орындалады деп ойлайды. Соңғы бес жылдың ішінде, еңбекшілер әдебиетінде, жазушы-ақынның өзінің ғана көңіл сезімін, кейбір сырын жазуымен қатар, әдебиет негізіне оқиғаларды салмақпен толық баяндауы, оқиғаларды театр үшін суреттеуі қосылса, ол ілгері басқандықтың белгісі.

Міне, осымен қатар жазылған суреттердің мүсіндері де артық теңдікке, жабайылыққа, көркем суретшілік қуатын есепсіз жұмсайтындыққа бет алады.

5. Еңбекші тап әдебиетінің мазмұнының өзі көркем сөзге зат туғызады, өзіне өзі мүсін туғызады.

Мазмұн мүсінді туғызады, сонымен езі де сол мүсін арқылы суреттеліп шығады.

6. Қазіргі көшпелі дәуірдегі тап күресінің түрліше болуы — еңбекші таптың жазушысынан түрліше нұсқаларды қарастырып, бажайлап екшеуін күтеді. Еңбекші тап жазушысының алдына, бұл күнге шейінгі ескі әдебиет тарихының қара сөз, өлең-жыр ретінде жасаған мүсіндерін пайдалана тұру мәселесін лажсыз әкеліп қояды. Сондықтан біздің ұйым бір түрлі ғана көркем мүсіннің соқпағымен кете бермейді, құр мүсіннің сыртқы белгілеріне қарап, бұрынғы байлар әдебиетінің ағымдарынша, өзгелерден қашпайды. Әдебиет мүсіннің сыртқы белгілеріне ғана қарап жіктелуі де құрғақ қиялдықты әдебиеттің жасалу толғағына көшіру болады.

7. Бұрынғы үкімін жүргізген таптардың дәуірлеген уақыттарындағы екшеліп шыққан бір запы әдебиеттің көркем мүсіндерін, сол байлар әдебиетінің азған уақытындағы ағымдар әр түрлі бөлшек затқа жіктеп жіберді. Ол бөлшектеген заттардың бір белгі түрлерін ереже қылып салып, өзін онан да әрі уақтауын қазірге дейін қойған жоқ.

Міне, байлар табының осындай әдебиет ағымдары, еңбекші тап әдебиетін өзінін ықпалына түсіріп алып кетуіне, қауіп көп. Сондықтан еңбекші жазушылар ұйымы төмендегі түрлерге қарсы:

а) Жасалатын суреттің ұғынысын ауырлатып, уаққа бөлшектеген кестелі өрнекті қуғанға (иммажинизм) қарсы. Көрсетілетін бөлшектелінбей шығарылатын сурет әдебиеттің басынан ақырына шейін өсіп әлеуметшілікке тиісті мазмұнға қарай бөліп шығуын қуаттайды.

ә) Сөздің өз басын ғана бөліп алса, тербеу, өлшеу күйге салып, соны ғана мақсат қылып кеткенге қарсы. Өйткенде жазушы, көбінесе, әлеуметке ешбір мәнісі жоқ сөздің өзін ғана қуалап, шығарғанын көркем жасауға тырысады (футуризм), көркем сөздің өлшеу — тербеуі көбінесе мазмұнға қарай бірге өсіп, жасалатын суретпен бірге шығуын қуаттайды.

б) Байлар табының азған уақытында шыққан ауру — қиял мен ескен дыбысқа табынуға қарсы.

Көркем сөздің дыбыс реті, жасалатын суретпен, өлшеу-тербеу күйімен бірге шығуын қуаттайды. Көркем сөздің тұтастығы мен көздеген мақсаты, дәл мағынасы мүмкіндігінше өсіп, өзгергенін — бәрін тұтасымен алғанда ғана көркем сөздің тарихи ең зор шыңына жетуге болады.

8. Сонымен еңбекші жазушылар ұйымының мақсаты — байлар табының әдебиетіндегідей еңбекшілер әдебиетіне аламыш-құламыш болып кірген мүсінді баптау емес, ескі әдебиет мүсіндерін іс жүзінде меңгеріп алып, жаңа ережелермен мүсіннің үлгілерін, типтерін қарастырып, бажайлау, екшеу, сөйтіп, оған еңбекші тап мазмұнын кіргізу. Бұрынғы әдебиеттің көп тәжірибесімен қазіргі еңбекшілер әдебиетін жаңа оймен сынау. Міне осының бәрі орындалғанда еңбекшілер әдебиетінің тұтас біріккен толық, жаңа мүсіні жаратылады.

1925 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама