Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шолпан өлді

Шолпан өлді... Октябрь таңы атқаннан кейін ояна бастаған қазақ қыздарынан шыққан жана талап, жас ақын Шолпан 1926 жылдың 28-сентябрінде жоқ болды. Аймақтық партия комитетінің әйел бөлімі шығаратын «Әйел тендігі» журналының 5 — 6 номерінде Шолпанның қысқаша кім екені айтылып, суреті басылды. Шолпанды қазақ оқушылары біле бастаған еді. Шолпан қазақ қыздарынан шыққан бірінші ақын еді. Кедей табының ақыны еді. Шолпан жыл құсы еді, жаңа гүлдеген қызғалдақ еді. Өсіп жетпей тез солды. Көктей солды.

Шолпанның жасы жиырма үште еді. Әке-шешесі Ақмола уезінің Нұрбай болысының қазағы. Кедей, нашар адамдар. Шолпанды 1918 жылы қазақ әдетімен Ал доңғар баласы Бөкей дегенге берген. Бөкей сүймеген адамы болғандықтан Шолпан совет заңының арқасында босанып шыққан, содан оқу іздеген. Ақмолада 1923 жылы коммуна мектебінде тәрбиеленуші болған. 1924 жылы Орынборға келіп, әйелдер мектебінде оқыған. Шолпанның өлеңі ең бірінші рет 1923 жылы «Еңбекші қазаққа» басылып шықты. Сонда-ақ ақын екені көріне қалған еді. Жыл сайын өлең кестесін әдемілеп келе жатыр еді. Не керек, көк шыбық жетпей қиылды!

Шолпан 1923 — 1926 жылғы жазған өлең жинақтарын өлер алдында маған жіберіпті. Жазған хатында:

«Өте нашарладым. Доктордың «елесін» деген күні жетіп қалды. Қош болыңыз! Шолпан батты деп есептерсіз... Өлімге берілген қарындасың Шолпан» депті.

Айтқандай кешікпей Шолпан өлді...

Сөзінің басында:

Үлгілі сөз,
Бола ма кез
Оқып, біліп жазбаса.
Алтын мен жез
Алынбас тез,
Еңбектеніп қазбаса.
Тіліңнен шығар,
Басқалар ұғар,
Көңілдің шерін қозғаса, -

депті.

Сүйдеген Шолпан еңбек жолында өлді. Қазақтың кедей әйелдерінің көңіл шерін жырлауға аласұрып ізденген Шолпан жетпей жоқ болды.

Қош, қарындас! Қош, жолдас!

1926 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама