Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қазақстан еңбекші төңкерісші жазушылар ұйымының басқармасынан

Қазақстан астанасы — Қызылордада Қазақстан еңбекші табының төңкерісші жазушылар ұйымының бес кісіден басқармасы құрылды. Басқарманың мақсаты — Қазақстанның еңбекші табының төңкерісші жазушыларын ұйымдастырып, бір жобамен әдебиет майданына шықпақ. Ұйымға кірген жазушылардың шығарғандарын бастырып тұрмақ және айлық журнал шығармақшы.

Қазақстанның төңкерісші жазушылар ұйымы өзін жалпы Кеңестер Одағының пролетариат жазушылар ұйымының бір бұтағы санайды. Кеңестер Одағының Москвадағы пролетариат жазушыларының басқармасымен қатынас жасап, әдебиет майданында бір нұсқамен әрекет қылады. Сондықтан Қазақстан еңбекші табының төңкерісші жазушылар ұйымы жалпы Кеңестер Одағының пролетариат жазушылар ұйымының жобасын қабыл алып, қолданады, ол жоба мына төменде жарияланып отыр.

Еңбекші таптың шын төңкерісші азаматы болып әдебиет майданына шыққандар, яки енді шығайын деп жүргендер, мына төмендегі жалпы жобаны қабыл алса, ұйымға кіреді. Ұйым ашылмаған жерде, 3 — 2 кісі болса, өздері осы жобамен ұйым ашып, ұйымға кіргендердің аты-жөнін (анкетін толтырып) жазып, тізімін орталықтағы басқармаға жіберу керек.

Октябрь төңкерісінен кейін Қазақстанның әдебиеті ілгерілеп, енбекші таптың төңкерісші жазушылары шыға бастады. Бірақ бұлардың көбі, әр жерде бөлек-бөлек жүргендіктен, тура жолға түсе алмай, «Алаштың» бұрынғы сандырақ соқпағына шырмалып жүр.

Кеңес үкіметіне, коммунизмге жау болған бұрынғы Қазақстанның «саясатшыларының» ескі күнәлары кешірілген соң бұрынғы «Алаштың» рухы сіңіп қалған адамдар түрлі пердемен, түрлі тәсілмен жазу майданына. әдебиет майданына шықты. Оқуы, білімі, тәжірибесі аз еңбекші таптың төңкерісші жазушылары оларды әдебиет майданынан қуып шыға алмады.

«Алаш» рухы сіңген жазушылардың қимылы соңғы уақытта күшейейін деді: олар өлең, жыр әңгімеден асып, қазіргі қазақ әдебиетіне сын жаза бастады.

Қазақ әдебиетіне «сын» жазғанда өздерінің сандырақ соқпағының сорабына салып, әр гүрлі еппен, өз базарларының нарқымен әдебиетке баға береді. Сондықтан Қазақстанның төңкерісші жазушыларына айқын жобалы бір ұйым жасау керек еді. Міне, ол ұйым енді жасалды. Қазақстанның еңбекші табының төңкерісші жас жазушылары енді тез қимылдап ұйым жасап, Қызылордадағы орталық, басқармамен хабарласып байланыс жасап, кірісулері керек.

Басқарманың істеп жатқан істері бұдан былай баспасөз жүзінде жарияланып тұрады.

Басқарма мүшелері: Сәкен Сейфуллаұлы,

Абдырахман Байділдаұлы,

Бейімбет Майлыұлы,

Феоктистов Николай.

Басқарманың уақытша адресі:

Қызылорда, Қазақстанның халық ағарту комиссариаты, басқарма хатшысы Сәкен Сейфулдаұлына.

1925 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама