Көктөбедегі кездесу
Екі бөлімді драма Шыңғыс Айтматовпен бірлесіп жазған
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Досберген Мұстафаев — совхоздың агрономы
Алмагүл — әйелі, география пәнінің мұғалімі
Мәмбет Абаев — тарих пәнінің мұғалімі
Әнуар — әйелі дәрігер,
Өсіпбай Татаев — оны Иосиф Татаевич деп атайды, ғылым докторы
Исабек — журналист жазушы.
Гүлжан — әйелі, актриса
Aйша апай — мұғалима, мектеп-интернаттың бұрынғы директоры
Орман жұмыскері
Шофер
БІРІНШІ БӨЛІМ
Алыстан заңғар қарлы жоталардың сілемі шалынады. Июль айының орта шені. Жайсаң көктөбенің басы. Сахна түкпірінен байқалатын шатқалды жақпар тастардың етегімен тау өзені ағып жатыр. Күн сенбі. Түс ауған шақ. Оң жақта төменнен төбеге шығатын жол бары белгілі. Жаздың бабына келген кезі. Түс ауып бара жатқан мезгіл. Қаулап еркін өскен шөптердің тұмса қалпына қарағанда мал аяғы түгел бұл араға адам да сирек келетін тәрізді. Әріріекте таспен таласып қисық-қыңыр біткен қарағаштар көрінеді. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс... табиғат көркінен басқа көзге шалынар дәнеңе жоқ.
Бірақ бүгін осы жерде өзгеше бір тіршілік нышаны байқалады. Өйткені Досбергеннің қалауымен біздің кейіпкерлеріміз бұрынғы мектептес, майдандас достар бас қосқан. Өсіпбайдан яғни Иосиф Татаевичтен басқасы сейіл-серуенге арналған қарапайым жұпыны киімде. Әрдайым өз дәрежесіне лайық сірескен галстук, қыры сынбаған киімде жүретін Өсіпбай ғана. Анда-санда бұрап қоятын мойнына асып алған транзисторына дейін бар. Әйелдер жағы әлі көрінбейді. Олар кейінірек келеді. Оған дейін еркектер шатыр құрумен әуре.
Мәмбет.(шатырдың бір бұрышын тартып жатып). Досберген, сәл солға таман. Әй, Өсіпбай... Иосиф Татаевич, сен сол орныңнан қозғалма.
Иосиф Татаевич. (галстугін жөндеп). Ал, қозғалмадық ендеше. Ескертетінім, — тек мені не Өсіпбай немесе Иосиф Татаевич деп атағаның жөн болар, жарқыным. Екінің бірі.
Мәмбет. Егіздің сыңары болсаң да мұның оңайға түсе қояр ма екен. Бала күніңде Өсіпбай едің, бүкіл соғыс бойы Өсіпбай болдың, маған, қазір де Өсіпбайсың. Бірақ сені барлық жерде мәртебеңді көтеріп Иосиф Татаевич дейтін болған соң солардың ізімен баяғы...
Иосиф Татаевич. Ресми жағынан келгенде дейсің ғой, солай ма?
Мәмбет (күліп). Жоқ, ресми деген сөз бе екен, халықтың құрметін айтам да...
Досберген. Дәреже дауын кейін шеше жатарсыңдар. (Шатырдың әр бұрышын зерлей қарап тұрған Исабекке.) Сен тым қыңыр тартып кеттің, жолдас. Мұның ақберен журналистің атына лайық емес, бауырым. Көрдің бе, қисайтып жібердің.
Исабек. Мен бар ғой өзі, ғафу етерсіз, әрине. Құдай сендердің бәріңді түгел глазамерден құралақан қалдырғанына мен кінәлі емеспін. Как раз мен тура ұстап тұрмын. Бүлдіріп жатқан өзің.
Мәмбет (мән бере). Глазамер дегенің біз қолдана алмайтын құрал екені рас. Бұл жағынан саған қайдан жетейік.
Иосиф Татаевич. Мына бұрыштың жібі қысқалау ма деймін. Қазыққа жететін емес, енді қайттік?
Досберген. Ғылым докторының галстугін жалғаудан басқа еш ылаж жоқ.
Иосиф Татаевич. Жоқ, мұның онша сыпайылыққа жатпайды, жолдас агроном.
Мәмбет. Ay, тарта бермесейші енді, Өсіп... то есть Иосиф Татаевич! Жіптің қысқалығы оңай шаруа, қазығы мықты болса болды. Әңгіме қазықта. Қыбыр етпей, тұрған-тұрған жерінде қазық орнын белгілеңдер.
Исабек. Ал белгіледік. Баста енді. (Балғаның кезегі келгенде әрқайсысы тұрған жерлерінде қазық қағады. Бауларын байлап шатырды тұрғызады.)
Мәмбет. Міне, көрдіңіз бе, бір шаруаның беті бері қарады деген осы.
Иосиф Татаевич (керіліп). Уф... Бұл иттің мұнша машақаты барын бұрын-соңды білсемші.
Досберген. Бақсақ, бұл бақандай төрт жігіттің бітірген жұмысы. Сабаз, біздің бабаларымызды айтсайшы. Әлі есімде, шешем марқұм балаларын шұбыртып жүріп-ақ киіз үйді бір өзі тігіп, бір өзі жиған. Шатыр дегенің киіз үйге қарағанда мүлік боп па?
Мәмбет (шатырға айнала қарап). Тамамда, жұтынып шыға келген сияқты.
Исабек. Онан да ғылым докторының галстугі аман қалғанына шүкіршілік етіңдер.
Иосиф Татаевич. Бұл да болса бір олжа (айнала қарап). Мына жерің жұмақ қой, жаным-ау? Неткен ғажайып, төңірек тамылжып тұр. Жоқ, бекер келмеген болдық. Құт-береке дегенің осындай-ақ болар. Біраз биікке шығыппыз-ау, самолетпен қарап тұрғандаймын.
Исабек. Әй, рас айтасың осындай жер жаннатын бала күнімізде қалай аңғармағанбыз.
Мәмбет. Кезінде аңғармағанымыз аз ба біздің.
Досберген. Ау, ол кезде мұндай транспорт болды ма? Ауылдан азанда шығып, бұ жерге жеткенше күн бататын. Қазір машинаға мінсең болды, бір сағаттың ішінде жетіп келесің, айта беретін жиырмасыншы ғасырың осы.
Иосиф Татаевич. Да, жігіттер біздер тамаша уақытта өмір сүріп келеміз. Досберген, бері қарашы, анау жазықта жатқан қай ауыл екен?
Досберген. Ау, ол біздің совхоз ғой. Соның үстімен келгені жоқпыз ба бүгін?
Иосиф Татаевич. Ә, солай екен ғой. Япырай сол жердегілер осы тұрған бізді көре ме екен, әй?
Досберген. Исабек айтсын, мұның құдайдан еншісін алған глазамері бар ғой. (мәз болып күледі, Исабек үндемейді.)
Мәмбет. (Иосиф Татаевичке). Бізді қайдам, Исабек екеуің ауыл адамының көзіне шалына бермейтін биіктесіңдер ғой.
Исабек. Мәмбеттің қыршаңқы тілі қалмайды.
Досберген. Мұның айтып тұрғаны дұрыс. Мен болмағанда екеуің де өз беттеріңмен келіп Көктөбені бақытқа бөлемес едіңдер.
Иосиф Татаевич. Қызмет, қызмет бабы, жігіттер. Достарымен бірге серуен салып жүруді кім қаламайды дейсің. Бірақ соған...
Исабек. Қала адамдарының да жайын ескеру керек. Мына сен Досберген болсаң агрономсың, мына Мәмбет балаларды оқытады. Ауылдағылардың бос уақытында қисап бар ма. Сендердің осы тірліктеріңе кейде әрі қызыға, әрі қызғана қараймын. Біздер дегенде дөңгелек қуалаған тиын тышқандай дамыл жоқ.
Мәмбет. Оның рас, қуалағанда да шаң ілестірмейтін болуың керек, бірінен соң бірі шығып жатқан мақалаларыңды оқуға біз де үлгіре алмаймыз.
Иосиф Татаевич. Қолынан келген қонышынан басады жігіттер, бұлай мұқатудың реті келмес.
Исабек. Міне жөн білетін адамның сөзі. Бұған не айтасың.
Мәмбет. Жеңілдім, жолдас журналист.
Иосиф Татаевич. Белгілі жазушыны журналист дегенің онша жарасып тұрған жоқ. Тым болмаса журналист международник десейші. Мысалы, Москвада журналист-международник дегендерге бас иіп тұрады. Оның реті де бар. Біздерде бұл саладағы адамдар өте сирек... Сонан келіп...
Досберген (бөліп). Құдай ұрып... көрдіңіз бе мен де байқамай журналист деп қойып едім. Осы сауатсыздық-ақ түбіме жететін болды.
Исабек. Қойыңдаршы, жігіттер, мына Мәмбет болмаса әңгіме менде емес... Ескі дүние тарихы, Орта ғасыр тарихы тақиясына тар келіп жүргендей кейде әдебиетке келіп килігетінін қайтерсің.
Мәмбет (күліп). Саған еліктеп жүрген жоқпын ба, өзің-ақ айтшы? Солай емес пе?
Иосиф Татаевич. (транзисторын бұрап). Ол жағын енді былай қойып... өзгелер не айтар екен енді соны тыңдайық.
Транзистор... облыстың басқа аудандарында аздағам бұлт шығады, кей жерлерінде жаңбыр жауады.
Исабек. Ал керек болса.
Бәрі аспанға қарайды.
Досберген. Қорқатын дәнеңе де жоқ. Шатырды не үшін құрдық? Сосын бар ғой бұл синоптик дегендерің барып тұрған суайттар!
Исабек. Өз басым түнге қарай жаңбыр сәл-пәл сіркіресе қарсы болмас едім. Киіз үйде немесе шатырда жатқанда жаңбырдың сыбырлы сырына не жеткен. Бүкіл дүниені ұмытып алыс әлемге қиялдап кетесің...
Мәмбет. Есіңде бар ма, Исабек?
Енді ойласам арман бір —
Алты қанат ақ орданың,
Туырлығын сабалап,
Жауар еді ақ жаңбыр,
Төгер еді таудан нұр.
Текеметтің су болған
Құныға жұтып хош иісін,
Ертегіге елігіп,
Сан ойларға беріліп,
Көзімді алмай ошақтағы
Қара жусан шоғынан
Жатар едім алдында
Айым туып оңымнан
Жұлдызым туып солымнан.
Қиялымды ақ киізге ораған
Беу жан ана, сол отауға,
Қары көшкен Алатауға,
Естен кетпес күндерге,
Ақ жаңбырлы түндерге
Қалай,
Қайтіп оралам?
Исабек:
Киіз үй де жоқ сондағы,
Сен де жоқсың,
Тау — әні!
Ақ жаңбыр да баяғыдай
Сатырлатып жауады, —
(бәрі үнсіз, әркім өз ойымен әуре. Сөзді Исабек бастайды.)
Қаншама жылдар өтті. Отыз ба, одан да көп-ау, аяйсың, амал қанша.
Мәмбет. Оған қай заман. Мектептің әдеби үйірмесінде сен осы өлеңнің тас-талқанын шығаратының есіңде ме? Ойпырым-ай сол кезде сенің білмейтін сөздерің жоқ еді... «Бұрынғы өтіп кеткен, қарғыс атқан феодалдық дәуірдің киіз үйін көксеу, аңсау» — деп суырыла жөнелгеніңде зәреміз зәр түбіне кеткен.
Бәрі келеді.
Исабек. Балалық не дегізбейді. Бәріміз бала едік қой... Уақыт, заман... таз тақырға өскен жауқазындар емеспіз бе. Сен онан да, кейін қалай бауырласып кеткенімізді айтсайшы. Арамыздан қыл өтпейтін татулық болды... «Бәріміздің ортамыздағы ең талантты сол» дегенді өмірі аузымнан тастаған емеспін.
Иосиф Татаевич. Иә, жігіттер, кейде тағдыр дегенге табынуға да тура келеді. Дәл осылай болады деген үш ұйықтаса кімнің ойында бар еді. Әрине, түптеп келгенде жел тұрмаса қамыс басы қимылдамайды, яғни без причины нет следствие...
Досберген. Тәңірі тілеуіңді бергірлер, бүгінше данышпандықтарыңды қоя тұрыңдаршы. Онан да қазір мына фудзияманың басында қатындарымызды қалай қарсы алудың қамын ойлайық.
Исабек. Көктөбені Фудзияма деп жүрген Алмагүл ме?
Досберген. Енді кім деп едің?
Исабек. Ой, азаматым-ай! Географ әйелі бар адамның арманы бар ма екен?
Досберген. Тап содан айдарымнан жел есіп жүргені шамалы. Ауылдағы мысықтарға шейін ат қойып алған. Топонимика деген бір пәле шығарды, түсінсем бұйырмасын. Экскурсияға сүйреп оқушылардың да ығырын шығарады. Көпке дейін мұнысына тілім келмей жүрді. «Фудзияма» дегеніңіз айтуға оңай емес екен. «Әй, өзіміздің толып жатқан тауларымыздың аты бұйырмады ма саған» десем де болар емес. «Фудзияма» дегеннің ғажайып мәні бар, ол киелі, қасиетті тау деп оттайды.
Иосиф Татаевич. Мұның сырын былтыр мен Японияға барғанда білдім. Алыстан Фудзияманың өзін де көрдім. Ғажап!
Исабек. Мен бар ғой өзі... мұның мынадай мағынасы бар. Әрбір таза буддист өз өмірінде ең болмағанда бір жолы фудзияманың басына шығып құдаймен тілдеседі. Сол киелі тауда өзінің игі істерімен, кінәрат, кінәсін айтып, бүгінгі тілмен айтсақ құдайға есеп береді екен.
Досберген. Дін дегенде қызық-ау өзі. Дінді уағыздаушылардың шығармайтыны болсайшы бұл.
Мәмбет. Әңгіме мұнда дінде, діндарлықта емес. Дін деген бұл жерде желеу ғана. Түп-тамырына қарағанда бұл адам баласы өмірінде тым болмаса бір рет өз ар-иманымен бетпе-бет келіп өзіне өзі жан-жүрегін жайып салуды аңсаудан туған құбылыс. Күнделікті пендешіліктен бір сәт қол үзіп өзімен өзі сырласуын мұрат тұтқандықтан болса керек.
Исабек. Фудзиямаға тек өзімен өзі сырласу үшін ғана шықпайды, құдайға мінажат етіп табыну үшін шығады. Құдай дегеніңіз шырқау биікте. Адам атаулыңыз оған құрт-құмырсқа сияқты өрмелеп азаптанып жетеді. Сөйтіп өзі жасаған бар қылмысын жалбарынып жайып сап кінәсінен ақталады. Адам баласынын өмірге деген ынтызарлығымен бірге ұлылығы да осында жатыр.
Мәмбет. Сенің құдай туралы байыптауың «құдай көкте, адам жерде» деп құлдық ұрған орта ғасырдағы көр сауат шаруаның ұғымынан айнымайды екен. Ал құдай дегенің сайып келгенде тек қана атау, құдай сол өзіңнің арың — сол арыңның алдында есептесу ғана болса қайтесің? Әркімнің бір құдайы болса ол өзінің ары. Мүмкін, адам баласының өзің айтқан өмірге ынтызарлығы да жасаған кінәларын өзіне өзі кешіруге дәрмені жетпеуден туған шығар.
Исабек. Мен бар ғой өзі... ғафу етіңіз, бұл жайында идеалистер былай деген...
Иосиф Татаевич. Өздерің қызық екенсіңдер, ой... қайдағы бір жоқты қоздырып сендерге не болған. Немене, сонда отыра қалып құдайға табынуымыз керек пе? Кешіріңіздер, бұл жерде отырғанның бәрі атеистер.
Досберген. Сөзге сәл ғана қонақ беріңіздер. Естеріңізде ме, бәріміз майданға кіргенде біздің арамызда құдайды ең алдымен ауызға алған Сабыр болатын. Вислаға жеткенде бір жазған өлеңі бар еді ғой, білесіңдер ме? Ал соған дейін, мектепте оқып жүргенде бәріміз қосылып шырқайтын әнді өзі бастаушы еді ғой. Тексті былай еді!
Кәне, құдай, бермен қара,
Түкірейін тұмсығыңа, —
ар жағы есімде жоқ, әйтеуір осылай кете беретін.
Мәмбет. Балалықтың бос сандырағы да.
Исабек. Мен бар ғой өзі... Кешіріңіз бұл сандырақ емес. Сол кездегі белгілі ақынның өлеңі болатын, әрі тірі, бұл күнде қартайған.
Досберген. Жоқ, менің айтайын деп отырғаным бұл емес, басқа. Сабырдың Вислада жазған өлеңін айтам. Ол құдай туралы болатын. Мен оған ол кезде түсіне қойған жоқпын. Бірақ байқаймын, сол, бір нәрсеге көзі жеткен соң жазды. Сенің есіңде қалған жоқ па Мәмбет? Былайша айтқанда...
Мәмбет. Дәл айтуым қиындау болар, ал мағынасы «сенің құдайың бар, ол арың, арыңа сенсең ол құдайыңа сенгендігің...» деп келетін ұмытпасам.
Исабек. Менде бір жерде осы өлең жазулы. Бұған енді не дерсің? Азған ақын, тозған талант. Жарқ етті де жоқ болды. (Ойланып үнсіз қалады.)
Иосиф Татаевич. (өз бойына жат нәзіктікпен). Ал маған оның махаббат жайлы жырлары ұнайтын. Әрбір жолы жүрек қылын шертіп, ән-әуез іздеп тұратын... (Пауза. Кенет серпіліп, қатқыл үнде.) Бәріне, бәріне өзі кінәлі.
Ауыр үнсіздік басады. Осы сәтте төменнен бұларға жақындай берген әйелдер үні келеді.
Досберген (серпіліп.) О, біздің ханумдар ғой мыналар. Келді деген осы, кәне қарсы алайық. (бәрі орындарынан тұрып, солай қарай беттейді.) Әй, мықтыларым-ай, жеттіңдер ме.
Алмагүл, Әнуар, Гүлжан қолдарында тағам салған сумкалар.
Шофердың қолында самауыр. Жігіттер көмекке ұмтылады.
Гүлжан (кінәлай әзілдеп). Ылғи бор кемік маубас, төменге түсіп қарсы алуды да білмейді бұлар.
Исабек. Кешірерсің қымбаттым, шатыр құрудың әуресімен қол босамады. Хош келіпсіздер, фудзияманың басындағы әрбір қадамдарыңыз қызғалдақпен көркейсін, үлбіреген синьориталар. Хор қызындай ханумдар, сіздерге арналған парсы патшасының шатырын сұлу сәулелеріңізбен жарық етіп бізді бақытқа бөлеңіздер! Мархабат!
Досберген. (шофердың қолындағы самауырды алып шетке шығарып). Сен қазір ауылға тарт, біздің үйге Айша апай келу керек, сол кісіні осында әкелесің де кейін апарып тастайсың, ұқтың ба? Біз ертеңге дейін осында боламыз. Мүмкін ертең кештетіп қайтармыз, түсіндің ғой.
Шофер. Жарайды. (Басын изеп шығып кетеді).
Досберген (қолында самауыр, шатырды иегімен нұсқап, әйелдерге тағзым етіп). Уа, ұлы мәртебелілерім! Сіздердің тапсырмаларыңызды уақтылы орындағанымды хабарлауды өзіме зор бақыт санаймын. Шадыман шаттыққа құрылған шатырларыңыз дайын.
Иосиф Татаевич. Пай, пай, пай. Сенің ділмар екеніңді баяғыдан білмегеніме қайранмын.
Әнуар. Сонша суырылып жатқандарың бір шатыр. Бұдан мықты іс бітірсеңдер қалай күмпілдер екенсіңдер.
Мәмбет. Бәйбіше сын мәселесін тежей тұрайық.
Исабек. Әнуар ханум, сын жағынан өз байыңыз да ешкімнен кенде соғып тұрған жоқ.
Гүлжан (айнала сүйсіне қарап). Апыр-ай, рахат болды-ау. Бар дүние алақандағыдай көрінеді екен.
«Көк теңіздің ортасында Фудзияма — Көктөбе
Сонша биік — ұқсайды өзі аспанға барар өткелге.
Шыңын оның мекендейді — сенсең егер аңызға
Күйбең пенде тірлігінен ада дана абыздар.
Осы өлең кімдікі еді өзі, ұмытып қалыппын.
Алмагүл. Жапонда да ақын бар.
Гүлжан. Мұның ақыл болар ма, Алмагүл. Фудзияманың басы да осындай-ақ шығар.
Исабек (миығынан күліп). Фудзияманың басына шыққан адам, өзгеге айтпас ең құпия сырын ақтаратынын білемісің, ханум? Фудзияма деп атайтын себебі сол.
Гүлжан. Құдай алдында жан-жүрегімді жайып салуға қазір дайынмын. Алдымен, еркек атаулы, өздерің бастап көріңдерші, табандарың тұрар ма екен. Солай емес пе, келіншектер.
Алмагүл. Әлбетте, алдымен байларымыздың әуселесін көрейік, қаншалықты қадір-қасиеті бар екен.
Әнуар. Сен де баласың-ау, Алмагүл, шетінен тесік дорба, осыларда не сыр, не құпия бар дейсің.
Досберген. Бізді тым жерлей бермеңіз, Әнуар. Уақытында көрерміз. Бірақ Гүлжан Исабекке қосылғанша соңынан қанша жігіт жүгіргенін жасырып қалмаса болды.
Гүлжан. Оның жарасы жеңіл. Керек десең күні бүгінге дейін соңымнан қалмай жүгіріп, аһ дегенде ақ жалын атып жүргендерді көзінен тізіп шығуыма болады.
Алмагүл. Е, бәсе, сөйтіп сазайын берші осылардың.
Исабек. Мәмбет те біраз уағыз айтып көзімізді ашып еді, ендігісіне тәуекел, қандай қиын-қыстау болса да бел будық.
Әнуар. Өмірі бала оқытумен келе жатқан қасқа емес пе, айналасындағылардың бәрін баласыну мұның бойына сіңген науқас. Көзіне көрініп, қолына түскеннің бәріне ақыл айтып отырмаса ішкен асы бойына сіңбейді. Оған таңданбай-ақ қойыңдар.
Иосиф Татаевич. Мынау Әнуар не дейді, Мәмбет-ау.
Мәмбет. Айта берсін, өмір бойы бала оқыту да оңай емес.
Досберген. (бәрінің сөзін бөліп.) Уа, достар, мына Фудзияманың басында сендерден жасыратын сыр жоқ. Құдайдан да, сендерден де ештеңе бүкпеймін. Менің философиямның заңғар биігі тұрмыс адамды билейді деген қағида. Олай болса құдайдың жәрдемімен алдымен ішіп-жеп тойып алайық, содан кейін барып өзімнің ойым да, бойым да жете бермейтін, әлгі немене еді, высокий материяларыңды талдауға кірісерміз. Әйелдер дастарқанды қамдағанша, еркектер қауымы ана өзенге барып қол жуып қайтайық.
Иосиф Татаевич. Міне, сөздің тазасы. «Табиғат аясында апетит ашылады» деген екен бір данышпан, жүріңдер ендеше.
(Еркектер кетеді)
Гүлжан (кекете). Осынша ақылды сөздерді бұлар қайдан біле береді, жаным-ау.
Әнуар. Еркек атаулының әйелдердің алдында ақылды көрінуге бар жанын салатын әдеті емес пе, соларды қойшы, онан да арамыздағы ең атақты өзің, дастарқанның қара жұмысына араласпай-ақ қой.
Гүлжан. (тақпақтап). Қайдағы атақ, көкірек күпті, ой тұман, орындалған арман жоқ. «Сусыған дүние баянсыз!» япырау, осы кімнің сөзі еді?
Алмагүл. Сонша сарнап не көрінді?
Гүлжан. Жәй, әншейін.
Әнуар. Байың жазушы, өзің айтулы актриса, одан артық не керек.
Гүлжан. Бұл жерде байдың шаруасы жоқ. Өнер адамы әркім өзіне өзі жауап береді.
Алмагүл. Өнерге қатысы жоқ адам дәнеңеге жауап бермейді демекпісің.
Гүлжан. Қойшы, қайдағыны айтпай. Менің ойымдағы басқа, өз басымның дерті, өз жанымның өрті. Дездемонадан бастап Мария Стюарттан әрі Клеопатрадан бір-ақ шығу еді арманым. Олардың жан-дүниесін халыққа жария еткен өмірдің өкініші болмас еді. Өйткені, адам трагедиясының шыңы солардың басында. Кейде бүгінгі өмірдің сыр-сипатын ұғу үшін адам баласы алысқа, өзінің өткен шалғайына зер салады. Бірақ, театрдың онымен ісі жоқ. Мен трагедияда ойнап бір сілкінгім келеді. Қазіргі пьесаларда не бар, көріп жүрсіңдер, оның несін айтайын. Өмір болса өтіп барады. Міне биыл отыз сегізге келдім. Ойнап жүрген рольдерімнің бәрінің өнерге үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Сонда мен не бітірдім дей алам. Жұрт осылай болу керек деп ойлайтын шығар. Жоқ, жоқ, жоқ. Осының бәрі ойыма оралғанда кейде жынданып кете жаздаймын.
Алмагүл. Мұның енді сәл артықтау. Сен туралы айтып жатады, жазып жатады. Гүлжан дегенді бүкіл ел біледі, сыйлайды, республикаға еңбегі сіңген артистка дегенді көрінгенге беріп жатқан жоқ қой. Өнерде қол жеткенге тоқмейілсімеу жөн шығар. Бірақ мынауың тым асқақтағандық-ау деймін.
Гүлжан. Міне, көрдіңіз бе, көзі ашық, көкірегі сара деген сен де мені түсінбейсің. Ал, айтып жатыр, жазып жатыр, одан не шықты. Менің алар асуларым, шығар шыңдарым қайда. Ел есінде қалар бір образ жасамай құралақан кеткенім бе сахнадан.
Әнуар. Бұл өмірге сенің де өкпең бар екен-ау? Мына мен сияқты ауданның ауруханасында, үлкен-кішісіне қарамай, ертеден қара кешке «аузыңды аш, көзіңді жұм, тіліңді шығар, деміңді шығарма» деумен құдайдың құтты күні өмірің өтіп жатса көрер ем. Оның үстіне байың миғұла мұғалім болса.
Гүлжан. Айналайын Әнуар, біз бір-біріне шалғай, екі дүниеден, екі тілде сөйлеп тұрмыз. Шыным сол. Екі тілде. Білгің келсе, сен өзіңе де, халыққа да пайдалы іс атқарып жүрсің. Сен өз ісіңнің маманысың, солай ма? Мен ше, мен де сондай өз ісімнің маманы болғым келеді. Мен өмір атаулының көздеген мұрат-арманын айтып тұрмын.
Әнуар. Арман деген алдамшы кімде ғана жоқ дейсің...
Жігіттер келе жатады.
Алмагүл. (Исабекке.) Әй, жазушы жолдас, мына әйеліңнің қайғы-қасіретіне қалай шыдап жүрсің? Әйелің арманынан шығатындай бірдеңе жазбаймысың?
Исабек. Пайғамбар да туған жеріне жат деген бар емес пе. Жазу жағынан бұдан аяғаным жоқ...
Гүлжан. Сенің жазып жүргендерің...
Исабек. Айта бер, айта бер. Есіңізге тағы бір салайын, ханум, менің еңбектерім уақыт талабынан туады.
Гүлжан. Сенен кім талап етсе сол талап етсін бәрі бір шама-шарқың публицистикадан аса алмайтыныңа әлдеқашан көзім жеткен.
Исабек. Әлбетте, мен классик емеспін. Біздің ханум үшін айта берсең классик жоқ.
Иосиф Татаевич. Енді қайттік ағайын? Сені мақтап жүрген сынға сенейік пе, жоқ әлде, мына жан жарыңның сөзіне сенейік пе?
Гүлжан. Абзалы, әркім өзіне өзі сенгенге не жетсін.
Мәмбет (айызы қанып). Ал керек болса, Гүлжан, енді шамалы аясайшы жұртты.
Исабек. Мүсіркемей-ақ қой, бар айтқаны сенің ойыңнан шығып отыр.
Досберген. Жолдастар, жолдастар! Жергілікті ғана маңызы бар майдан басталмай тұрғанда кәне, дастарқанға бет бұрыңдар-ау, отырмаймысыңдар енді.
Исабек. (қуанып). Осыдан ақылы болмас.
Бәрі дастарқанға айнала отырады.
Алмагүл. Әрине, үйдегідей бола қоймас, о жағын кешірерсіңдер, дегенмен самауырымызды ала келдік.
Гүлжан. Онда тұрған дәнеңе де жоқ. Нағыз рақаты осы. Табиғаттың мына көркіне не жетсін.
Исабек. Бұл пікіріңізді қолдауға даярмын. Мынадай поэзияға толы төбе тұрғанда, үйде тығылып отырғанның өзі қылмыс. Солай емес пе, жігіттер?
Досберген. Табылған сөз. Ал енді дастарқан басының ажары үшін тамада сайлау міндеті тұр. Шығыс әйелдерінің теңдік алуының тағы бір жарқын көрінісін әлемге айғақтау ниетімен дастарқан тағдырын Гүлжанға тапсырсақ деймін...
Гүлжан. Ау, Алмагүл тұрғанда маған ыңғайсыз болар, өзі не айтар екен?..
Алмагүл. Жо-жоқ, мұндайдың жөн-жобасын сен молырақ білесің, бастай бер.
Иосиф Татаевич. Қадірін білген адамға тамадалық та осал қызмет емес.
Гүлжан. Қызықсаң қидым саған.
Иосиф Татаевич. Ойбай, о не дегенің, төреңізге құлдық, бас шұлғимыз да отырамыз өзіңізге.
Гүлжан. Болсын ендеше. Бұл рольді де ойнап көрейік.
Исабек (кекетіп). Мүмкін талантыңның тағы бір қырын көріп қалармыз осы жолы.
Гүлжан. Мына ешкі бастың мені кекеткен түрін қара, мың жерден кекетсең де менің аузымнан Исабек данышпан деген сөзді естімей кетерсің бұл дүниеден.
Исабек. Халық айтса болды, қалып айтпайды.
Гүлжан. Тапқан екенсің ақымақты.
Исабек. Сенің мінезің осы отырғанның бәріне мәлім. Не десең де, жұрттың құлағы үйренген.
Досберген. Ay, ағайын, былай енді. Тамада тағына мінді, ал кетеміз.
Гүлжан. Неден бастасам екен? Алдымен құйып алыңдар. (Бәрі біріне-бірі құйып, тамақ ала бастайды).
— Маған сухойдан...
— Мынау да жаман емес...
— Тамаша екен.
— Шарап мінеміз бе, жоқ ақжорғаның өзімен тайпалтамыз ба?
Төменнен машинаның үні естіледі.
Досберген. Мынаусы не тағы. Бүгін-ертең бұл жаққа қарай шыбын ұшырмаңдар деп едім ғой.
Исабек. Мынауың тамаша екен. Бүкіл Көктөбе сенің меншігіңде ме еді?
Досберген. (әзілдеп). Территория совхоздікі болса, бұл төбе менің меншігім емей, кімдікі? Кешіріңіздер, әйелімнің еншісі екен ғой. Фудзияма деген осы кісінің ашқан географиялық жаңалығы. (Машина жаққа қол бұлғап.) Әй, қайда, қайда барасың, қайт кейін, қайт дедім ғой саған, мынау қайтеді-ей. (Жанында шофер, ақ шашты қартаң әйел келе жатады. Бұл Айша апай.) Ойбай, масқара болдым-ау, Айша апай ғой. Ура-ура!!! Байқамай қалғаныма кешірерсіз. (Бәрі де орындарынан тұрып Айша апайды қарсы алады).
Айша апай. (ентігін зорға басып.) Аман-сау бармысыңдар, айналайындар. Түу, жүрегі құрғыр қағып кетті-ау қартайды деген осы. Оның үстіне Досбергеннің айқайынан шошып, басқа біреулердің үстінен шықтық па деп қорқып кеткенім.
Досберген. Бұл енді менің есерсоқтығым болды, кешірерсіз, Айша апай. (Шоферге.) Рақмет, жігітім. (Шофер кетеді.)
Исабек. Міне дастарханның ажары енді кірді... келгеніңіз мұндай жақсы болар ма, Айша апай.
Айша апай. Сендер үшін мен жердің түбіне баруға даярмын ғой, бала-бауырларым-ау. Алқа-қотан отырып бас қоспағанымызға біраз замандар болды-ау шамасы...
Иосиф Татаевич. Бері, бері төрге шығыңыз. Жайғасып отырыңызшы, Айша апай, сізбен көріскеніміздің өзі қаншама ғанибет.
Айша апай. Рақмет, Өсіпбай. Қарап отырмын, әлі баяғы қалпың.
Исабек. Айша апай, мына Гүлжан деген сыпайы келіншек біздің үйдегі келініңіз болады. Басқаларын өзіңіз танитын шығарсыз.
Aйша апай. E, айналайын-ай, бала-шағаларың аман ба? Бұлай жүзбе-жүз көріспегеніміз болмаса, сыртыңнан жақсы білемін. Анда-санда телевизордан да көріп қаламын.
Гүлжан. Сіз туралы көп естігенмін апа, шүкір, бүгін өзіңізді көріп отырмын. Көңіл тазада, құтты қонақ келеді деген осы.
Айша апай. «Бәріміз жиналып осылай баратын болдық, келіңіз» деп Алмагүл телефон соққанда, жүрегім жарылып кетер ме екен деп едім.
Досберген. Бұл идеяның иесі алдыңызда отырған мына мен боламын, апа.
Айша апай. Оған күмәнім жоқ, айналайын. Машина жіберіпсің, рақмет. Әйтпесе бұл жерге жете алам ба, сендердің үйлеріңе дейін автобуспен келгенмін, құрысын адам деген сыймайды. Демалыс болған соң ба, әйтеуір ығы-жығы. Бәрін айт та, бірін айт, өздеріңді көргеніме шүкірлік етіп отырмын.
Мәмбет. Енді қай жағынан алсақ та орта толды деген осы.
Иосиф Татаевич. Жолдас тамада, рұқсат етіңіз.
Гүлжан. Сөз жолдас Татаевқа берілді.
Исабек. (сыбырлап). Әркімнің атағын да, лауазымын да жариялап отыру керек.
Гүлжан. Ондай да салты бар ма еді. Сөз институт директоры, ғылым докторы (Исабекке сыбырлап). Қай ғылымдікі еді өзі.
Исабек (сыбырлап). Тарих, тарих. Соны да ұмытып қалғансың ба?
Гүлжан. Қазір ғылым дегеннің саласына сан жетпейді, қайсы бірі есте қалушы еді...
Досберген. Бірақ ол шұбырындыға Өсіпбай кірмейтін шығар. Құрықты членқорлыққа салғалы жүрген жоқ па осы күні.
Иосиф Татаевич. Жарайды, қойыңдаршы енді. Мен ешкім де емеспін. Айша апайдың алдында Өсіпбаймын. Бітті шаруа. Бұдан былай мені Өсіпбай деп атауларыңды өтінемін.
Мәмбет. Сені түсінудің өзі қиындап кеткен екен. Біресе былай ата, біресе олай ата деуің қай бұлтағың.
Иосиф Татаевич. О жағын кейін, менің айтайын дегенім мынау...Бүгін біздің бәріміздің бас қосып отыруымыз үлкен мейрам, жолдастар! Мұндай бас қосуды жеңістің жиырма бес жылдығында бастаған мен едім. Мыналардың бәрі болды, ол кезде, Айша апай, сізді іздестіріп таба алмадық, бір жаққа кеткен болуыңыз керек. Міне, бүгін, Досберген мен Алмагүлдің дастарқанының басында қолыма тиген мүмкіншілікті пайдаланып, мектеп қабырғасында бізге, осы отырған жігіттерге берген тәлім-тәрбиеңіз үшін, шын жүректен алғыс айтқым келіп отыр. Қазір республикаға еңбегі сіңген үлгілі ұстаздың бірісіз. Біздер болсақ өзіңізге белгілі, өте маңызды істермен шұғылданып жүрміз.
Досберген. Әй, сенің маңызды ісіңнің бұл жерде қажеті не? Одан басқа еске алатын ештеңе жоқ па бізде.
Иосиф Татаевич. Егер ғылыми советте біреу дәл сен сияқты киліксе, «жалтырат табаныңды» деп қуып шығар едім.
Бәрі күледі
Мәмбет. Құдай сақтап ғылыми совет емес, Көктөбенің басында отырғанымызға шүкіршілік. Кешірерсің, Өсіпбай менің есіме бір жайлар түсіп отыр. Келіншектерге айтам. Алтыншы класқа көшкен жылымыз, Айша апай тарихтан беретін мұғалім Ерден Хасеновичке күйеуге шықты да кетті. Туған апамызды біреу алып қашқандай қызғаныш дегенде шек жоқ. Өз басым бұл кісінің күйеуінің сабағына баруды да қойдым. Ол үшін талай сыбағамды да алдым. Еркек пен әйелдің арасында махаббат болады деген ол кезде түсіме де кіріп шықпайтын. Біз бұл кісілердің махаббатын өзімізге жасаған опасыздық деп ұқтық. Әй, балалық-ай!
Гүлжан. Ол кісі қазір бар ма?
Айша апай. Жоқ, Сталинградта опат болды.
Иосиф Татаевич. Аса мейірбан адам еді марқұм.
Айша апай. Бәрі де өтіп кеткен дүние ғой. Бірақ, өзі де қиналып жүрді. Балалар бұртиып сырт айналып кететін көрінеді. «Ау, мынау боқмұрындарыңа айтсайшы, маған сәлем беруден қалып барады. Кінәм қайсы менің» дегені әлі күнге дейін есімде.
Исабек. Ол кездегі Айша апайды көрген жігіттің шарқ ұрмасқа шамасы жоқ. Бала болсақ та бекер қызғанбадық-ау деймін.
Мәмбет. Көрдіңіз бе, Айша апа, «қыздың соры сұлулығы, түлкінің соры қызылдығы» дегенге сонда көз жетті ғой.
Иосиф Татаевич. Сондықтан да мен осы тосты, Айша апа, сіздің аналық әзиз жүрегіңіз үшін, адамгершілік биік парасатыңыз үшін, денсаулығыңыз үшін алып жіберемін.
Айша апай. Рақмет айналайындар, көп жасаңдар.
Исабек. Мен сіздің балаңызды көрдім ғой. Алғашында танымай қалдым, дырдай жігіт боп өсіпті.
Айша апай. Әкесіне тартқан ба екен?
Исабек. Аузынан түсіп қалғандай.
Айша апай. Үйлі-жайлы болды, қазір Қарағандыда. Екі немереміз бар. Келінім де жақсы бала болып шықты. Іші-бауырыңа кіріп тұрады. Көзім тіріде өзім асырап, тәрбиелеп берем, баланың көбі жақсы деп құлақтарына құйып отырам. Біздер болсақ, соғыстың кесірінен тілеуіміз кесіліп қалды. Жолдасым марқұм майданға аттанарда «баламыз біреу-ақ» деп арман қып кеткен-ді. Жалғызыңды көзіңнің қарашығындай сақта, бұдан айрылсаң біздің жер бетіндегі тамырымыз тартылып, жұлынымыз үзілді дей бер, одан қалған тіршілік тұл-түнек деп еді. «Егер де немере көргенше тірі болсаң, өзіңді бақытты сана, ештеңеге өкініш айтушы болма» дегені және бар. «Кітаптарымды балам үшін сақта, менің балама бұдан артық қалдырар мұрам жоқ» — деп қайта-қайта тапсырды. Оралмасын сонда өзі де білген екен марқұм. Бәрі де, бәрі де болды ғой, махаббат та, шаңырақ та жарасты. Тек баяны аз болды. Демек тағдыр солай... Сендерге, жастарға қарап қуанам да, бекер өмір кешпеппін деп көңілге медет санаймын.
Гүлжан (Исабекке). Әй, жазушысымақтар, әдебиетті саудаға салудан басқа кәсіптерің бар ма, Цейлон сапары, Мали сапары, тағы басқа сапарларың жайлы кез келген справочниктен оқуға болатын шатпақтармен әуресіңдер. Оны және туынды дейсіңдер-ау, тумай туа шөккірлер.
Исабек. Мұнымен не айтқыңыз келіп еді?
Гүлжан. Жан-жүйеңді билеп, жүрек тебірентер шығармаң қайда? Ақпанның алай-түлей боранындай арпалысқан адам тағдыры қайда? Қит етсе «Біз Шекспир емеспіз, біз Шекспир емеспіз» деп шыға келесіңдер. Бұл әрине, өнердің жалына жармасқан дарынсыздың дәрменсіз дәлелі ғана. Шекспир болмасаң да өз бойыңа шақ шындықты айтуға шамаң келе ме? Сенің кітабыңның бетінде жүрегіңнің өртіне оранып шыққан бір ой қашан болады.
Исабек. Сен, жарқыным, театр сахнасында тұрған жоқсың, Фудзияманың басында былай ойнама.
Гүлжан. Әлбетте, бірақ сен де әдебиетпен былай ойнама. Менің жарам жеңіл. Сендердің қолдарыңнан ойымдағыдай дүние туса соны ойнау үстінде, сахнада өліп кетуге даярмын. Ал сен ше? Сен өз еңбегіңнің адалдығына басыңды беруге бел байлай аламысың?
Исабек. Мен оған бар өмірімді бағыштаған адаммын, соның бәрі сен үшін шығар, байқа, менен аулақ.
Алмагүл. Гүлжан саған не болды?
Гүлжан. Мен өнердің өресін айтып тұрмын. Тек бұра, бұза түсінбеңдер.
Мәмбет. Өз басым, Гүлжанның айтқанына қосылам.
Исабек. Қосылғанда қандай, мұндайға сен әрдайым даярсың. Сынау мен мінеу кімнің қолынан келмейді.
Мәмбет. Әңгіме сынауда да, мінеуде де емес. Бүкіл адам баласының тарихында әр ұрпақтың кешкен өмірі, опық пен өкініші, жеңісі мен жемісі аралас жолы әдебиет пен өнерде ғана өз өлшемін табады. Сол таразыға біз де түсеміз. Бізден де келешекке қалар үлгі-үрдіс, шүкір, баршылық. Қалай өмір кештік, не үшін күрестік? Бізден кейін қалай болу керек? Осының бәріне жауап беретін тек қана әдебиет пен өнер.
Әнуар. О, жаратқан, мынау тағы да жұрттың көзін ашып, уағыз айтуға кетті.
Исабек. Әдебиет жайлы осы жылы сөздеріңе рақмет. Бірақ осынша жүкті тек қана әдебиет арқалап шығады дегеніңіз артықтау сияқты. Біздің тағдырымызды тарапқа салар одан да басқа тарихтың құбылыстары барын ұмытпау керек. Әдебиет деген не? Оның қолынан не келеді?
Мәмбет. Біздер бала емеспіз ғой Исабек. Бізді өкшелес ұрпақ алдында жалаң қабат шығарып сала қоятын әдебиеттің маған керегі жоқ. Біз өткен кезеңнің өз ұлылығы бар емес пе? Мысалы, мына отырған Айша апайдың шашы күнге ағарған жоқ, әр тал ақ шашында әрқайсымыздың тағдырымыз бар емес пе? Өз басым осы кісінің бейнесі әдебиетте жайдақ жаршы емес, бар болмысымен, жан-жүйесімен көрінсе екен демекпін. Өзіміз жайлы айтар шындық аз ба. Мәселе сонда жатыр ғой, жаным-ау. Өйткені келер ұрпақ қадір-қасиетіңді бағалай отырып, қателігіңді бетіңе басуды да біледі. Өзің мойындап кетсең үлгі болмаспысың, келешек қамы, сенің қателігіңді қайталамауда жатқан жоқ па...
Гүлжан. Міне азаматтың, еркектің әңгімесі деп осыны айт. Құдайды, көз алдыңда, осы Фудзияманың басында бар деп қояйық — сол құдайдың алдында тек шындықты, тек шындықты ғана айтайықшы. Құпияның құлпын, сыр сандықтың кілтімен ашайық. Сізден бастадық Иосиф Татаевич.
Иосиф Татаевич. Мені Өсіпбай деп атаңдар деген өтініш айтқаным бар емес пе.
Гүлжан. Ғафу, ғафу, өзіңізден басталсын Өсіпбай. Қызмет дәрежесі жағынан да сенен жоғарғысы жоқ екен.
Иосиф Татаевич. Әңгіме дәрежеде емес, өзі былай ғой жолдастар. Мен осы, жаңа ғана сөйлеген сияқты едім, сондықтан...
Алмагүл. Жоқ, Айша апайдың аңсап отырғаны басқа.
Иосиф Татаевич. Ендеше былай, баяғы өзіңіз аттандырған майдан сапарынан бері талай-талай замандар өтті. Алдымен артиллеристер дайындайтын училищеде оқыдық, содан кейін соғыстық, ақыры аман-сау оралдық... қысқасы осы.
Әнуар. Мұның бәрі жалпылама сөз. Сен басқа жаққа тартып кеттің. Әркім өзі туралы, өзінің тыныс тірлігі жайлы айтсын деп отырған жоқпыз ба?
Айша апа. Ие, ие маған содан артық жырдың да, сырдың да керегі жоқ. Өз қолыңнан ұшқан балапанның, азамат болып, ат арқасына мінгендегі қуанышына не жетсін...
Иосиф Татаевич (галстугін жөндеп). Сонда тек өзім туралы ғой...
Мәмбет. Неге қиналып отырсың?
Иосиф Татаевич. Жоқ, әңгіме онда емес. Мен білетін рауаяттарда мұндайда сөзді тамаданың өзі бастап, басқаға бағыт-бағдар сілтеуші еді...
Исабек. Онда мен-ақ бастайын. (Бәрі де «тамада», «тамада» деп шулап қоя береді.)
Гүлжан. Ә, ә солай ма, аңдығандарың мен, іздегендерің шындық болса қиналар жәйім жоқ, бастадым ендеше. (Айша апайға.) Апай, сіз де келініңіздің кім екенін білгеніңіз абзал.
Айша апай. Өй, айналайын, сөйтші.
Гүлжан. Сонымен актрисамын. Мені жұрттың бәрі біледі. (пауза.) Соғыс кезі, тұрмыс ауыр, әке-ағалар майданға кеткен. Қырық төртінші жылы он төрт жасымда тігін фабрикасында істедім. Сонда жүріп өмірімде бірінші рет ұрлық жасадым.
Исабек. (намыстанып). Мынау не деп кетті. Басқа бір жөні түзу сөз түспеді ме аузыңа...
Гүлжан. Бөлме сөзімді. Мен үшін намыстанбай-ақ қой... Шындықтан артық жөні түзу не болушы еді. «Сенің сахнадағы ойыныңда шындық шамалы» деп сынағаныңда мен үндемеймін ғой. Өйткені шындықты суға, өмірді дуға айналдырып жазуға өзіңнің етің әбден үйренген. Сен жазып, мен ойнай алмасам әңгіме басқа. Ал дәл қазір өзім туралы бар шындықты айтуға правом бар шығар.
Айша апай. Өй, айналайын, қысылма бәрі өзіміз ғой...
Гүлжан. Ол ұрлықты мен жетіскенімнен жасаған жоқпын. Шешем ауырып жатты, өзімнен кіші інім бар. Карточкаға алған нанның жәйі белгілі. Бір күні әкемнің қаралы қағазы келді. Майданда опат болыпты. Көршілер көңіл айтып келе бастады. Оларға дәм ауыз тигізуге жағдай шамалы. Ешкімнен көк тиын қарыз, қос уыс дән ала алмайсың. Содан кейін келдім де ішімнен екі еркек көйлекті киіп фабрикадан шықтым. Ертеңіне базарға апарып сатып, соның ақшасына келгенінше картошка, ұн, аз ғана май алып әкемнің жетісін бердік. Осы кезде ойлап кетсем сол екі көйлек тәніме кірпікшешендей қадалып тұрғандай болады. Кейде түсіме енгенде шошып оянамын. Егер осы Фудзияманың басында әділет құдайы бар болса — кешіре гөр осы қылмысымды деп жалбарынамын бүгін.
Исабек (ызаланып.) Тағы, тағы да, тағы да қандай ұрлық жасадың?
Гүлжан. Керек болса оны да айтам... Жасымнан өнерпаздар үйірмесіне жақын жүрдім. Соғыс бітісімен театр училищесіне түсіп, оқып жүргенде мына сұмырайға кездестім.
Исабек. Мәссаған. Жұрттың бәрінің байы мендей сұмырай болса, құдайына күнде бір қой шалып отырар еді.
Гүлжан. Мен сен үшін қой түгіл, тышқан мұрнын да қанатпас едім.
Досберген. Ay, ағайындар, ағайындар! Бұл жерде сендерден басқа жұрт бар екенін ұмытпаңдар!
Гүлжан. Кешірерсің Досберген, шегініске жол жоқ, айтып болайын. Бұл оқуын бітіріп газетке мен театрға орналастым. (Пауза.) Сонда барып, сонда барып ешбір құдай кешпейтін, кешірмейтін ұрлығымды жасадым. Оны өзім де кешпеймін, құдайдан да кешірім сұрауға бетім жоқ. Ол кінәм «әзір басымыз жас, бала қайда қашар» деген мына жауыздың тілін алғандығым, сол бір қарғыс атқан түні жасаған ұрлығым... Міні содан бері, содан бері...
Исабек. Сен өзің мас болып қалған екенсің!
Гүлжан. Иә маспын, қанымды қарайтқан өз уыма өзім мас болып тұрмын. Айша апа, сіз анасыз сіз өз балаңыз ғана емес, көпке ана болдыңыз. Өзі ана болмаған адам, майданда балаларын жоғалтқан аналардың ролін қан жыламай қалай ойнамақ. Бақсам майданда баласын жоғалтқан ана менен әлде қайда бақытты екен. Өйткені онда еміренген аналық сезім болды ғой. Ал мен болсам, өз қолымнан, өз қолымнан... Неге ғана, неге ғана... Кешіріңіздер, кешіріңіздер, құдай үшін кешіріңіздер... (Булығып шығып кетеді).
Исабек (қипалақтап). Мен бар ғой... оқасы жоқ кейде мұның осындай мінездері болып тұрады. Оған мән бермеңіздер, мен қазір өзім әкелем. (Кетеді.)
Айша апай (өкінішті). Обал-ай, байқамай әп-әдемі отырыстарыңның шырқын бұздым-ау.
Мәмбет. Сіз қысылмаңыз апай, о не дегеніңіз, әңгіме сізде емес, Гүлжан ақ көңіл, ашық мінезді адам. Күйініп жүріп шынын айтады, шынын айтып, тағы күйінеді.
Айша апай. Иә, солай екен ғой өзі.
Иосиф Татаевич. Әркімнің бір арманы бар деген осы. Баланың барына не жетсін, бірақ қазір соны тәрбиелеу де оңай емес.
Досберген. Дұрыс айтасың, сәби күнінде бір сәрі, ал қазіргі жастарды түсіну қиын. Өмірі сен естімеген, үш ұйықтасаң түсіне кірмейтін бірдеңелерді соғып отырғанда есің шығады. Бір нәрсе дей бастасың, «осы ақылың да жетер, тойдық» деп ауызыңды аштырмайды.
Алмагүл. Неге солай екенін ойлаған күнің болды ма? Мүмкін олар сенен үлгі тұтар қасиет көрмейтін шығар? Олардың бойынан сен нендей жақсылық байқайсың? Өз басың қандай ақыл бере аласың? Өзара сөйлескенде олардың көңіліне қонар, ойын байытар қандай жаңа информацияларың болады?
Досберген. Қайда сілтеп барасың, жаным-ау. Мынау аяқ алысыңа қарағанда ұзамай ерлі-зайыпты адамдар да бір-бірін жаңа информациялармен байытып отыру керек дегенді шығарарсың.
Алмагүл. Шығару емес, дәл осындай жәй ең алдымен ерлі-зайыпты адамдардың арасында мықты болуы шарт.
Иосиф Татаевич. Кешіріңіз, әрине, ерлі-зайыптылардың бас иері алдымен махаббат.
Алмагүл. Әрине, махаббат немесе жаңа менің байым айтқан бірін-бірі жаңа информациямен байытып отыру.
Досберген. Ұқсам бұйырмасын... сонда біз екеуміз қалай болғанымыз? Мен сияқта қарапайым агроном, өз басым сені жаңа информациямен байытып жүрмін дей алмаймын.
Алмагүл. Мен де қарапайым мұғалимамын. Бірақ күндердің күнінде бұл туралы саған да айтар болармын.
Досберген. Көрдіңіз бе, Айша апай, бұл заманның әйелдері қалай-қалай қиғыстайды. Шіркін, дүние-ай, феодализм кезіндегі әйелдер қарасын көрсетпей кетті-ау. О заманда байың айтты, бітті шаруа.
Әнуар. Өйтіп зарламай-ақ қой, Досберген. Әлі де сендерді шама-шарықтарыңа қарай еркелетпей жүргеміз жоқ.
Мәмбет. Бізді неге еркелететіндеріңді білуге бола ма? Жаңағы шама-шарқы дегеннің шегі бар ма?
Әнуар. Бар, неге болмасын.
Досберген. Ғылыми-техникалық революцияның шалқып тұрған заманында әйелге бай болу оңай емес екен.
Мәмбет. Бәрінен өзіңмен өзің болу қиын.
Алмагүл. Бұл сөзіңді құптауға болады.
Иосиф Татаевич. Өзіңмен өзің болу деген не деген сөз? Мәмбет екеуің тағы не бастап отырсыңдар?
Алмагүл. Онда не тұр? Бұл қым-қиғаш стандартизацияның туғызған проблемасы. Социологтардың бүгінгі бас қатырып отырғаны осы.
Иосиф Татаевич. Ал сендерге не жоқ, солай-ақ болсын дейік, немене көрінгеннің көрпесін өлшеп жүру керек пе? Болары болды, бояуы сіңді. Тарихтың тегершігі кері айналмайды. Сендер не десеңдер, о деңдер, не болу керек, сол болады.
Мәмбет. Ау, бірақ адам әрбір тарихи процеске өзінше ой жүгіртіп, байыппен қарамас па.
Әнуар. Сен осы тарихқа байыппен ой жүгіртіп қараудан басқа қолыңнан не келіп жатыр. Одан не бітірдің. Тарих болса өз бетімен кете береді, сен болсаң сол баяғы мектебіңнің қабырғасынан әрі ұзамайсың.
Досберген. Айша апа, қазір осылардың бәрін Фудзияманың басынан қуып шығайын ба? Немене, сендер осында айтыс ұйымдастырып данышпандықтарыңды дәлелдеу үшін келдіңдер ме? Айша апай екеуіміздің миымызды ашыттыңдар ғой, тәйт әрі, ақылдарыңды бастарыңа шайнап жақ.
Айша апай. Қой, қой олай деме, Досберген. Бұлардың сөзіне мен де ұйып отырмын.
Досберген. Жо, жоқ, бұлай болмайды. Бұл жерде хозяин мен, бұлар қонақ. Қонақ екенсің іш, же, көңіл көтер. Не боп барады өзі. Біреуі өзара керілдесіп тайып берді. Енді біреулері ғылыми-социологиялық көкпарға түсіп жатыр. Мына, мен сорлы, әйелім информациямен байыта қоймайтын қасқа, далада қалуым керек пе? Көне алмаспын бұған. Кешіріңіздер, аналарды сүйреп әкелейін. (Кетеді.)
Айша апай. Әй, балапандарым! Баяғы бала күндерің есіме түсіп, бүгінгі қалыптарыңа бойым үйренбей отыр. Бәрі өзгерген, ие, уақыт деген өз өкіміне көндіреді.
(Пауза)
Әнуар. Жолдас директор, Өсіпбай жарқыным, былай шығып шамалы әңгімелесейікші, бәрібір сенің қабылдау бөлмеңе біздің қолымыз жетіп жатыр ма?
Иосиф Татаевич. Сол да сөз боп па екен? Менің есігім кімге болса да әрдайым ашық. Ал сен дегенде қақпа алдына шығып қарсы алуға даярмын. Бірақ, бәрібір, сен келмейсің ғой... кеттік.
Әнуар. Мәмбет! Мақсуда Мәскеуден оралғанда тапа-тал түсте екеуі қол ұстасып кетті дерсің. (Мәмбет басын изеп күледі, Татаев, Әнуар шетке шығады.) Өсіпбай, сен енді Мәмбетке қол ұшын берсең нетті. Қалаға көшкім келеді. Кейде президиумда отырған өзіңді телевизордан көргенде ішім удай ашиды. Алыстағы алдамшы сағымдай бар өмір босқа өтіп барады. (Пауза.) Сонау бір кеш есіңде ме? Мен институтты бітіріп бара жаттым. Сен болсаң Мақсудамен қалдың. Барған соң Мәмбетпен кездестім. Әттең сол кезде ғой сенің бірауыз жылы сөзін болғанда... қойшы әйтеуір, бәрі өтті де кетті, оны еске алғаннан не пайда?
Иосиф Татаевич (кісімсіп). Вот именно. Үйдің мызғымас мүлкіндей әлдеқашан орны-орнымызға мелшиіп тұрып қалғанбыз. Бұл тірлік неге бұлай болды екен? Өмір өкінішке толы. Амалың қанша? Тағдыр, тағдыр... Әнуар.
Әнуар. Әлбетте, әлбетте, жалпы ол да, сен де бір-біріңе дегендей... менің айтайын дегенім ол емес еді, онан да бір бет қыңырлығынан көк тиын пайда жоқ екендігіне Мәмбеттің көзін жеткізу керек. Мұның қолынан бәрі келетін адам.
Иосиф Татаевич. Келгенде қандай. Осының орнында басқа біреу болса әлдеқашан академияда отырар еді. Бірақ сенің түсінуің керек — бұл қазір тоқырап қалған адам. Әрине, бір мектепте завуч етіп орналастыруға ұсыныс жасап көруіме болады. Ал, одан әрі аса алмайтыны есіңде болсын. Өзің көріп отырсың, не бәрі орта мектептің мұғалімі ғана. Соған қарамай кең ойлап, кесек турағысы келеді, неткен менмендік десейші. Өз басым арғы бергіні түсінетіндіктен, оның үстіне бала күнімізден бірге өскесін шыдап отырмын. Ал менің орнымда басқа біреу болса, бірге отырмақ түгілі мұнымен сөйлеуді өзіне ар санар еді.
Әнуар. Қайт дейсің енді. Ем қонбайтын Дон-Кихоттың өзі. Бірақ әңгіме мұның басында да емес. Аңғарып отырған шығарсың... Ашығын айтпай оның несін сенен жасырам. Қанша айтқанмен сенен бүккен сырым болған жоқ қой. Қайткен күнде де осы мектептен тіптен, осы ауданнан бізге кету керек. Байқаймын Алмагүл мен Мәмбеттің арасында бір пәле бар. Оны іштей сезем. (Жылайды.)
Иосиф Татаевич. Қой, қайдағыны айтпа, ол мүмкін емес. О не дегенің? Сендей әйелдің көзіне шөп салу деген... оның енді әбден көзің жетті ме? Сен деген, көрік десең көрік... Қой, олай емес шығар, ә?
Әнуар. Білмеймін... білмеймін. Әйтеуір бағана Алмагүл «ерлі-зайыпты адам бірін-бірі информациямен байытып отыру керек» дегенді бекер айтқан жоқ. Мәмбеттің де теориясы осы.
Иосиф Татаевич. Бұл жағын Досберген сезе ме?
Әнуар. Жоқ, ол бейхабар, байқатпайды ғой. Тек мен өзім ғана сезем. Құдай үшін саған ғана айтып отырмын. Тісіңнен шығара көрме, беті аулақ...
Иосиф Татаевич. Менің ішімде түлкі тұншығып, арыстан арам өлім жата береді. О жағынан қам жеме. (Бұлар дастархан басына келеді.)
Aйшa anaй. Өсіпбай айналайын, сұрауға бата алмаймын. Осы сенің үйіңдегі келін қайда?
Иосиф Татаевич. Айтуға менің де есімнен шығып кетіпті, келініңіз Мақсуда — химик, диссертациясының шаруасымен Мәскеуге кеткен. Екі баламыз бар, үлкені биыл институттың үшінші курсында, қызымыз тоғызыншы класта оқиды. Шүкір, өмірге әзір өкпем жоқ.
Айша апай. Бәрі қайырлы болсын, жақсы екен, жақсы екен...
Иосиф Татаевич. Әзірше бір ғылыми институттың директоры болып жүріп жатырмын. Жұмыс әрі жауапты, әрі күрделі, сонысымен қызық. Бірақ жақында жоғары жерге шақырып кеңескендей болды, шамасы ұзамай қызмет бабынан бір өзгеріс болатын сыңайы бар. Өмір талабынан кенже қалғың келмейді — демек диссертацияны да қорғап алдық... (Гүлжан, Исабек, Досбергендер келеді.)
Исабек. Кезінде бір данышпан «Семейный сценаны — капитальный ремонт любви» — деген екен, ақыры солай болатын шығар, кешіріңіздер, ағайын.
Гүлжан (ақ жарқын). Назар аудармаңыздар, біздің өмірімізде капитальный ремонт деген жиі болып тұрады.
Әнуар. Ой, қойыңдаршы, әлдеқашан ұмытып кетті ондай әңгімені...
Гүлжан. Дұрыс, дұрыс сондай-ақ болсын. Кәніки, онан да жұмысымызға кірісейік. Фудзияманың басындағы сырласуды жалғастырайық... Кәне, ендігі кезек кімдікі еді?
Иосиф Татаевич. Онан да көңіл көтеріп, ән салып, еркін отырмаймыз ба? Сондай ойынның керегі не?
Гүлжан. Ә, мынаң қара, тапқан екенсіңдер! Маған бәрін айтқызып алып, өздерің сүттен ақ, судан таза боп шыққыларың келіп отыр екен ғой, жоқ болмайды, ағайындар, мен оны ойын деп бастаған жоқпын, баста келістік пе солай, бітті шаруа. Ендігі кезек сіздікі, жолдас Өсіпбай, жолдас Иосиф Татаевич, құлағымыз сізде.
Иосиф Татаевич. Ay, бұл немене, тергеу ме?
Гүлжан. Беті аулақ, бірақ жолдастарыңызды да сыйлаңыз.
Айша апай. Ойынға айналдырмаңдаршы енді. Өсіпбай айналайын, жаңа тым тәуір бастап айтып келе жатыр едің...
Иосиф Татаевич. Жарайды, тек сіздің құрметіңіз үшін ғана Айша апа. Сонымен ғылым докторымын. Мен мұнда үй ішім, қызметім жайлы айттым. Енді өзі белгілі ғой, так, диссертация қорғалды, жұмыс жүріп жатыр дедік. Әйел де қорғаудың қамында, өзім жаңа бір еңбегімді жарыққа шығарудың әрекетіндемін. Оқымысты болған соң, еңбегіңнің уақтылы шығып тұрғанынан зиян жоқ.
Әнуар. Ойбай-ау, оның не зияны болушы еді. Мына Мәмбетке «айналаңа қарасайшы жарқыным, олардың ақылы сенен асып бара жатқан жоқ, басы екеу емес» дедім ғой мен талай рет. Біз білетіндердің қаншамасы диссертация қорғады! Дәнеңелері кеткен жоқ, қағанағы қарық, сағанағы сарық жүріп жатыр. Сол мұның қолынан да келеді. Бірақ кежегесі кейін тартып баспайды. «Мен ғылымда шабақ аулағым келмейді» деп шіренеді. Сенің шабақ, шортаңыңда жұрттың несі бар, керек тақырыпқа жаздың ба бітті.
Иосиф Татаевич. Тақырып өз алдына, оның актуальды жағын ойлay керек, материал жинау да оңай емес, ең бастысы қателеспеуде жатыр.
Мәмбет. Осы әңгімені бекер қозғадың, Әнуар.
Әнуар. Қойдым, қойдым, мектебіңнен айрылма. Өле-өлгенше у-шудың ортасында, біреудің балаларын оқытумен кет. Өзіңнің де, өзгенің де жанын жегідей же де жүр. Бұл дүниеден атың да, затың да белгісіз боп кетсін. О бастан кеткен бір қателік, енді жөнделмейді.
Алмагүл. Меніңше Мәмбет дұрыс айтып отыр.
Әнуар. Әрине, әндерің әлдеқашан жарасып жүр ғой.
Алмагүл. Өмірде әркімнің өз орны бар. Мәмбет біреудің баласын оқытып тәрбиелейді. Ал, Өсіпбай болса «республикамыздың оңтүстік аудандарындағы еңбекшілер арасындағы интернационалдық тәрбие» жәйлі диссертация жазады. Айтпақшы, неге оңтүстік аудандарда? Сонда батыс, шығыс, терістік аудандардағы интернационалдық тәрбие басқа әдіспен жүре ме? Осы жағы маған түсініксіздеу.
Иосиф Татаевич. (қызынып). Басқаша әдіс бар деп ешкім айтпаса керек, тек ғылыми-зерттеу жүргізілген аудандар көрсетілген.
Aлмагүл. Ғылыми-зерттеу дедің ә? Мен диссертацияңды оқып шықтым. Көбіне, өткізілген жиындардың есебі, газет мақалаларынан баяндау, қай ұлттан қанша қыздың қай ұлтқа шыққанын -интернационализмнің шырқау биігі дегенді дәлелдеуге тырысыпсың. Ол да сөз болып па, содан басқа тағы не бар еді?
Досберген (әйеліне). Ay, қайда-қайда кетіп барасың шынымен дауласқың келіп отыр ма? Шырағым-ау, Өсіпбай соған ғылыми дәреже алды ғой... Әрине өзі үшін... Байқап, байқап сөйле. Немене, Өсіпбай жалғыз деймісің... қой, әрі, о не дегені... доғар әңгімеңді...
Иосиф Татаевич (Досбергенге). Сен де көңірсітіп барасың, алдымен өзің доғар әңгімені. Бұл пікіріңе түп-тамырына дейін қарсымын. Мен бұл саладағы бүкіл тәжірибені саралап, салмақтап шықтым. Интернационализм дегеніміз — коммунистік құрылыстағы ең маңызды принциптің бірі.
Мәмбет. Оған не дау бар. Екі жердегі екіден төрт шығуы қандай ақиқат болса, бұл да сондай ақиқат. Әңгіме сенің ғылымға қаншалықты үлес қосқаныңда болып отырған жоқ па?
Иосиф Татаевич. Сол ғылым төңірегіндегі жұрт та, бірдеңе түсінетін шығар, бауырым. Шынтуайтына келгенде пікір айтатындай сен кім едің? Бұл мәселеде сенің не шаруаң бар?
Мәмбет. Шаруам болғанда қандай. «Өзіңнің де, өзгенің де жанын жегідей жеп у-шудың ортасында біреудің балаларын оқытумен кет» деп біздің әйел жаңа ғана айтты ғой. Мен тарихтан сабақ берем. Мен бірақ қай соғыстың қашан, кіммен болғанының дерегін баяндау емес, ең алдымен адам баласының тарихы, өткен жолы бүгінгілердің өміріне сабақ болуына бар күшімді салам. Мен, интернационалдық ынтымақ, елдіктің, бостандықтың, бірліктің, терезесі теңдіктің бірден-бір түп қазығы екендігін ұғынғанша, адам қауымы қаншама қиын кезең, ауыр жолдардан өткенін оқушыларым да, тыңдаушыларым да терең түсінсе екен деймін.
Иосиф Татаевич. Жетер, жетер сен мектепте сабақ беріп тұрған жоқсың. Оны біз де білеміз. Бәрі де айдан анық.
Мәмбет. Дәл сен ойлағандай ғана сабақ беріп жүрсем менің құным көк тиын. Жоқ, бауырым, мектепте шын мәнінде ұстаз болу оңай шаруа емес. Әрбір істің өз мұраты, өзінің қат-қабат математикасы бар. Өз басым бұл жағын толық меңгердім деп білемін. Осыған орай өзгелердің де өнерді қалжаға, ғылымды саудаға айналдырмай өз ісінің қат-қабат математикасының сыр-құпиясына жеті жүйрік саңлақ болғанын қалар едім.
Әнуар. Қойшы әрі, өз басыңды жарылқадың да, енді біреуге ақыл айтуың қалды ма?
Мәмбет. Сен бар ғой енді...
Иосиф Татаевич. Әй, осы бұдан бұрын айтсаң қайда қалдың? Мен еңбегімді барлық достарыма жібердім, бір де біреуі «мынауың былай екен» деген жоқ. Сонда өзің неге үндемей қалдың? Ғылым жолында жора-жолдастық деген болмайды, келіп ғылыми советте неге сөйлемедің, қазір, міне енді...
Мәмбет. Тоқта, тоқта! (Пауза.) Бұған кінәлімін, мойындаймын. Тек бұл сапар болса ғана жарасы жеңіл ғой. Бірақ осы үндемей қалудың арқасында талай күнәхар болған жоқпыз ба? Басқаны былай қойғанда, міне, бәріміз де бас қосып отырмыз...
Исабек. (жедел бөліп.) Мәмбет, босқа арамтер болып керегі не? Түймедейден түйе көруге құмарлығың-ай сенің. Құдай-ау, түкке аспайтын дүниеге сонша қызыл кеңірдек болатын несі бар. Өмір деген заулап өтіп барады. Бәріміздің де барар жеріміз белгілі, солай емес пе. Өзіңнің де, жаныңда отырған ағайындардың да көңіліне қарасайшы. Ойбай-ау, бұл жерде диссертация деген де әңгіме боп па, оны шешетін ғылыми совет деген бар. Білгіштердің бәрі сонда, айдалада отырып, бізге не жорық...
Мәмбет. Меніңше, осылай өзара достар бас қосқанда ақтан жарылып сөйлескеннің зияны жоқ деп ойлаймын.
Исабек. Олай болса ендігі кезек менікі.
Досберген. Уа, жоғары мәртебелі интеллигенция, жетер енді интеллектуалдық дау-шарларыңды жиып қойыңдар. Послушайте меня, создателя материальных благ, потому что без меня Вы никто, пустое место. Да, не смотрите так на меня! Айналайын Айша апа, ойнап айтам, бұлардың дау-далбасы әшейін әңгіме, оған көңіл бөліп ренжімей-ақ қойыңыз, біздің бәріміздің, бәріміздің баяғы достық ықыласымыз сол қалпы. Сіз біздің өмір бақи сүйікті ұстазымыз болып қала бересіз. Ал енді өзім туралы кеттім, Айша апа. Көріп отырсыздар, мына мен бас агрономмын. Менің коммунизмім — өзімнің үйімнен басталады. Бала-шағаның қарны тоқ па, киімі бүтін бе, дендері сау ма, шаруа бітті. Маған тек соғыс болмаса болды. Ешкімге өтірік айтпаймын. Қызмет бабында ешкімді алдамаймын, ұрлық жасамаймын, өзімнің адал еңбегіммен жүріп жатырмын, маған сол да жетеді.
Айша апай. Міне сөздің сұлтаны, өз еңбегіне қанағат еткенге не жетсін.
Досберген. Тұрмысым жаман емес. Жеке меншік үй болса жасаулы, машинамыз да бар. Менің дүние жинағаным әйеліме онша ұнамайды. «Тым құнығып барасың» дейтінді шығарды. Онсыз бола ма? Ay, агроном болған соң өзіне лайық қонағы бар, ең ар жағы шетелден делегациялар келгенде біздің үйден бастайды, солардың алдында совет агрономына жұпыны көрінудің де өзі ұят емес пе, ол дүниеқорлық емес, көзі ашық адамға мұның ар жағында саясат жатыр.
Алмагүл. Досбергеннің осы саясатының арқасында біздің үйдің іші мебель магазинінен айнымайды.
Әнуар. Молодец, Досберген. Азамат деп осыны айт. Өмірдің рақатын мықтап көріп отырған Досберген сияқтылардың денсаулығына бір алып жіберейікші.
Гүлжан. Маған Досбергеннің барын білтелемей, ағынан жарылып, ақтарыла айтқаны ұнап отыр. Өзі туралы жалтарған да жоқ, жасырған да жоқ, жәйіп салды.
Досберген. Жаным-ау, несін жасырамын?
Айша апай (ойланып). Ие, уақыт өткен сайын, адам да өзгере береді екен-ау. Қараптан-қарап отырып таңқалам... Әлі есімде Сабырдың достарының ішінде ең болбыры, да аңқауы да осы Досберген болатын.
Досберген. Оған таңданатын не бар, Айша апа-ау, өмір талқысы бәріне үйретеді. Дүниенің ең ебедейсіз мақлұқаты аюдың өзі де бір түйір қант үшін циркте кешке дейін билейді ғой. (Бәрі күледі.)
Исабек. Па, па, па мынауың шықты енді, это образно! (Айша апа Досбергенге екі ойлы қарап қалады.)
Досберген. Әрине, күлкі үшін айтам, Айша апа. Аю өз бетімен кетсін, менің жөнім бір басқа. Досберген сияқты ақ көңіл, аңқауларға мына Исабектей данышпандар мәз болып күле берсін, мейлі, бәрібір мені бұлар бағалап, түсініп жатқан жоқ.
Мәмбет. Сенің осы бір көзге ұрып тұратын аңқаулығыңды да түсіне қою оңай емес шығар.
Айша апа. Айналып кетейіндер. Сендерге қарап отырып қуанышымда шек жоқ. Біресе дауласып, біресе ойнап-күліп отырғандарыңа мың қатта шүкір, өйткені менің бар өмірім, тағдыр-таланым сендермен сабақтасып жатыр ғой. Мен педтехникумды бітіріп интернатқа тәрбиеші боп келгенде он сегізге толған жоқ едім. Ауыл балаларына арналған қаладағы жалғыз интернат болатын. Онда мына төртеуі екінші класта оқитын. Айта берсе талай хикаялар болды ғой...
Гүлжан. Міні, міні сол жағын айтыңызшы, апай. Әйтпесе бұлардың бәрі періште болып көрінгісі келеді.
Айша апай. Бұларға қарағанда ол кезде періште жолда қалады. Ғажайып балалар еді. Соғыстың басында мені директор етіп тағайындады. Құрысын, не қиындық көрмедік, кәдімгі қырық екінші жыл, соғыстың қан сапырып тұрған кезі, бір күні бесеуі қаздай тізіліп, қол ұстасып келіп тұр, ие, не? «Біз майданға аттанамыз» демесі бар ма. Жаным шығып кете жаздады. «Бұл қай сұмдықтарың, он жетіге биыл келдіңдер, алдымен мектеп бітіру керек емес пе» десем бұларға сөз қонудан кетіпті. Өздері әбден бел буған. Менен бұрын военкоматқа барып келіпті.
Исабек. Айша апай, осы жағын баса айтыңызшы. Сондай оқиға болған десем, Гүлжан осы күнге сенбейді. Бұл инициативаны ең алдымен бастаған мен едім ғой, есіңізде ме, Айша апа.
Айша апай. Жаңылмасам, бәрін бастаған Сабыр болатын.
Гүлжан. (күліп.) Суайттығың көрініп қалды-ау.
Исабек. Бірақ енді өзі...
Иосиф Татаевич. Оған таласпай-ақ қой. Бастаған Сабыр болатын.
Исабек. (Мәмбет пен Досбергенге). Әй, сендер неге айтпайсыңдар бірдеңелерің кете ме? Исабек еді десеңдерші.
Мәмбет. Дей алмаймыз. Өсіпбайдың тілімен айтқанда моральдық правомыз жоқ. Онанда сөзді бөлме.
Айша апай. Әңгіме кімнің бұрын бастағаны емес қой, қазір онда не тұр? Бәрі де бір класта оқиды. Бір бөлмеде тұрады. Менің кабинетіме бесеуі бірдей кірді. Соның алдында Сабыр келіп бесеумізді бүгінгі сабақтан босатыңыз тығыз шаруамыз болып тұр деген. Содан кейін бәрі бірге келіп: «Апай, сізден бір үлкен өтініш болып тұр» — деді, «Ал, айта қойыңдар, не боп қалды сонша?» — «Біз военкоматқа барып едік қайтарып жіберді. Мектеп директорынан өз еріктерімен майданға аттануларына қарсылық жоқ деген оның үстіне бесеуіңді де бір әскери бөлімге жіберу жәйлі өтініштеріңді көрсеткен қағаз алып келіңдер деді». Жүрегім тас төбеме шықты, есімнен танып қалдым. Енді не демекпін, аранын ашып жатқан ажалға бар дейін бе, әлде басқалар бара берсін сендер қалыңдар дейін бе? Әбден сасқанымнан «ертең келіңдер!» деп шығарып салдым. Жалғыздан-жалғыз әрі ойлап, бері ойлап, енді қайттім? Әлі буындары бекімеген бала. Шетінен опат боп кетсе, не ғылам? Әлде жарымжан боп оралса не бетімді айтам? Есебін тауып балаларды майданға жібермеңдер десем бе екен? Бұлардың Отанға деген пәк махаббаты мен ыстық ықыласының бетін қайтарып, жігерін құм қылғаннан не пайда табам? Қойшы әйтеуір әрі толғанып, бері толғанып басым дал болды. Болмаған соң кешке райкомға барып бәрін баяндадым. Енді қайтем деймін ғой баяғы. Райком секретары «Балалар өзіңіздікі, өзіңіз шешіңіз» деп қарап тұр. Ертеңіне бұлар да келді. Қағазын жазып военкоматқа жібердім. Шығарып салуға өзім бардым. Қызыл вагонға бесеуін мінгіздім. Қарасам кетіп бара жатқандардың ішіндегі ең жастары осылар... «Құдай-ау, мені не қара басты, мұным не?» — деп өзімді өзім жерлеп таң атқанша жылайын. Кейін Сабырдың атасы келгенде қорыққанымды көрсеңдер. Терезеден қарасам түйелі біреу келіп түсіп жатыр. Сабыр оның жалғыз немересі болатын. Сабырдың әкесі ауылдағы бірінші тракторист еді, оны кулактар тракторымен қоса өртеп жіберген. Енді немерем қайда деп шал қырғынды салады-ау. Оған не деп жауап берем деген сайын, үрей жоқ, қалшылдап барам. Сөйтсем әлгі шал балаларды шығарып салуға үлгіре алмадым деп кешірім сұрауға келіпті... Мұндай да адал жандар болады екен. Бұрын құдайға сенбесем де сол күннен бастап «осы кеткен жас жауқазындарымды аман-есен үйіріне қоса көр» деп жалынбаған, жалбарынбаған құдайым жоқ. (пауза.) Енді міне, сол көз жасыммен сұрап тілеп алған бала-бауырларым, тек бақытты болыңдар. Әрдайым абыройдан айырмасын, сендердің отбасы, бала-шағаларың аман болсын!..
Исабек. Айша апайдың мына ғажап ниеті үшін, өткен күндеріміздің шұғылалы сәулесі үшін алып жіберейік. (Бәрі соғыстырып ішеді.)
Айша апа. Сендерді көрсем болды, есіме Сабыр түседі. Өзі бір жалын атып тұрған бала еді ғой.
Исабек. Құдай үшін, сөзіңізді бөлгеніме кешірім сұраймын, осы бір сәтті пайдаланып, бір тост айтып жіберуге рұқсат етіңіздер... Айша апай бізді майданға аттандырғанда бір класта оқыған бес бала едік. Соның бірі біздің ішіміздегі ең талантты, ең парасатты, бәрімізден оқ бойы озық болатын. Әдейі асырып айтып отырған жоқпын, жасы бізбен түйдей құрдас болса да, ақылға дегенде әкеміздей еді. Сондықтан, жолдастар, арамызда жоқ болса да мына Айша апайдың алдында сол Сабыр үшін бір алып қояйық.
Айша апай. Бағы жанбаған бейшара болды ғой, естуіме қарағанда ішіп кеткен көрінеді.
Исабек. Қанша дегенмен күні бүгінге дейін соның бұрынғы талантты шағына табынбай жүре алмаймын.
Айша апай. Бұлардың мектептегі балалық кезі қызық еді. Өзіміздің қабырға газетіне Сабыр да, Исабек те номер сайын өлең жазатын. Бір жолы, ұмытпасам жетінші ноябрь мерекесінің алды, Сабырдың өлеңінің астына Мергенов Исабек деп өзінің атын жазып қойыпты. Ал, айқай болсын.
Исабек. Ол да балалықтың бір түрі, кешіріңіз, әрине, шынына келгенде әдейі бізді шатастыру үшін мына Өсіпбай сияқты қулардың істеп жүргені, қазіргі тілмен айтқанда, провокационные происки...
Өсіпбай. Әй, бауырым, жалаңнан аулақ, бекер шатпа жұртты.
Мәмбет. Соны кім жазса де сенің мінезіңді білетін адам жазған.
Исабек. Жоқ, жоқ, олай емес, ағайын, ең алдымен менің ақындығымның одан төмен екендігі жұрттың бәріне аян-ды. Оны өзім де мойындайтынмын. Сабырдың серпіп сілтеуі деген бөлек, асқақ жататын. Кейде арсы-гүрсі төгіп тастаушы еді-ау. Арамыздан қыл өтпейтін. Орын жетпегенде егіз қозыдай бір кроватта жатып та жүрдік. Солай емес пе, Айша апай.
Айша апай. Ол кездегі татулықтарыңа жұрт қайран қалатын.
Исабек. Білген адамға біздің буынның тарихы тамаша. Мына әйелдеріміз оның көбін түсіне бермейді... содан әлгі жерде артиллерия училищесін бітірісімен бізді майданға жіберді. Бәріміз де батареядамыз. Армияның артрезервінде тұрған кезіміз... енді сол жерде тұрғанда... не айтайын деп едім құдай-ау есімнен шығып кеткенін қарашы.
Иосиф Татаевич. Мүмкін, менің сендерден қалып қоям деп госпитальдан қашып шығып қуып жеткенімді айтайын деген шығарсың.
Исабек. Иә, иә, ондай да болған. Бір-бірімізден айырылып қалсақ арам өлетіндей көретінбіз. Қайтсек те бірге болғымыз келетін.
Мәмбет. Иә, майдан дегенің бұрынғыдан да бауырластырып жіберді ғой. Сондықтан да оқ жауып тұрғанның өзінде өз басымызды ойламай бір-бірімізден айрылып қаламыз ба деп, қорқатынбыз... Осы күні ойлап отырсам бәріміздің ұйтқымыз Сабыр болған екен. Оның бізден гөрі ерте есеюі былай тұрсын, тіпті кексе кемеңгерліктің сыңайын танытатын. Қазақ, қырғыз тілінде шығатын дивизияның газетінде редакторлыққа шақырғанның өзінде бізді қимай зорға кетті. Сонда неге екенін білмеймін, өзімізден-өзіміз ойсырап жетімсіреп қалдық. Содан ба, құдайдың құтты күні есебін тауып бізге бір соғып кетеді. Соған қарамастан Сабырдың екі ұлттың газетіне редактор болғанына іштей мақтанып жарыла жаздап жүрдік. Аман-сау жеңіске қолымыз бір жетсе, ертең республикалық газеттің редакторы өз ортамыздан шығады, жауынгер, айтулы ақын, бұл болмағанда кім болады деп талай бөскен күндеріміз де болды. Балалық па, аңқаулық па кім білсін, әйтеуір солай сілтеуші едік.
Исабек. Бәрі дұрыс-ау, бірақ кейбір жағдаяттарды ұмытып кетіп отырсың. Мысалы Сабырдың майданда жазған өлеңдерінің болмашы жерінен ілгешек іздеп өзеуреп отыратын кім еді? Ақынжанды адам төрелікті алдымен сенен іздесе, сен келіп...
Мәмбет. Айта бер... айта бер...
Досберген. Ay, жолдастар, ағайындар, бұл немене, қайда отырғандарыңды білесіңдер ме? Менің дастарқанымның үстінде Фудзияманың басында...
Айша апа. Қой, балалар, өткен күннің көзіне кіреуке түспесін. Әсіресе майданнан жазған хаттарыңды айтсайшы. Бәрін де жылап отырып оқушы едім. Сабыр ылғи «Аса қадірлі Айша апа, Өсіпбай, Исабек, Мәмбеттің аман-саулығын хабарлауға рұқсат етіңіз. Шайқаста бұлар талай фашистке қан жалатты. Мен де сондаймын» деп жазар еді. Бір жолы Исабектің «бүгін төрт фашисті жайраттым, апа» деген хаты келді. Қорыққаным сонша: «балапаным-ау, өзің аман қалғаныңа шүкір» дедім ішімнен. (Бәрі күледі.)
Досберген. Әй ешкібас, мынауың не? Апа-ау, менің жанымда Қобыланды да, Ер Тарғын да болған жоқ, осы Исабек болатын. Ондай қайратын өзім көрген жоқпын. Қайдағы төрт фашист? Мүмкін сен оларды бізден ұрланып жүріп өлтірген шығарсың?
Гүлжан. О бейбақ, жөргегіңнен қағынып, сол кезде-ақ сорлы сұмпайының қамытын киген екенсің ғой...
Исабек. Сендер қызық екенсіңдер, тылдағылардың рухын көтеру үшін жазғанымды неге түсінбей отырсыңдар. Шынтуайтқа келгенде біздің снарядтар жүздеп, мыңдап жайпап жатты. Неужели солардың төртеуі менің еншіме тимейді.
Мәмбет. О баққұмарлық, тарихтың тегеурінінің тетігі қайда жатыр!
Иосиф Татаевич. Дегенмен сен Исабек инсапты жігіт екенсің. Мынау есісіңмен жүзін өлтірдім десең де жұрт сенетін түрі бар.
Айша апа. Қойыңдаршы, Исабекке бәрің бірдей шүйлікпей, сол хаты құрғыр қайдан есіме сап ете қалды... бірақ енді ол да түсінікті. Өйткені ол кезде маған күш-қуат берген де сендердің хаттарың ғой. Кейде газеттен Сабырдың майданнан жазған өлеңдерін оқығанда шүкір, майдандағы балаларым тірі екен, міне өлеңмен сәлем жолдап жатыр деп төбем көкке талай жеткен. Сол кезде газеттен қиып алғандарым әлі күнге дейін сақтаулы. Ішінде сенің де өлеңдерің бар Исабек.
Исабек. Ой, Айша апай-ай, кезінде болды ғой біраз нәрсе, бірақ, әсіресе әлгі... Әттең... оны еске алғаннан не пайда қазір...
Айша апа. Білем, білем, амал не, осы күнге дейін соның анығына жете алмай-ақ қойдым. (Пауза.)
Исабек. Өтіп кеткен соң, қанша айтқанмен ой да сергімейді, бой да сергімейді...
Иосиф Татаевич. Өткенді көңірсітіп керегі не осы?
Мәмбет. О не дегенін, өткенді ұмытқанда қайда қоясың? Қалай ұмытасың, ерте ме, кеш пе бәрі бір осы әңгіме айтылуы керек еді. Несін жасырамыз, Сабырдың тағдырына осы отырған төртеуміз де ортақпыз.
Иосиф Татаевич. Мұны не пиғылмен айтып отырғаныңа түсінбеймін. Білетінім сол — өз арым таза. Әдебиеттің білгірі де, дүлдүлі де осы Исабек екеуің. Сабырмен кейде айтысып, кейде аспанға көтеріп өлеңін жатқа соғып жүретін сендер болатынсыңдар.
Мәмбет. Өсіпбай, сен ол бұлтағыңды қой, сен де бермен қара Досберген. Оның өлеңдеріне бәріміз де бас изеп, құлшына тыңдап құлдық ұрдық па, ұрдық. Өтірік пе осы? Ол әрбір жазған жолын бізге көрсететін. Енді не жазар екен деп күтіп жүретінбіз. Мүмкін біз болмасақ ондай ақын тумас па еді, кім білсін. Өйткені, ол өзінің ақындық құдірет қуатын алдымен біздің тез талқымыздан өткізетін. Дәлірек айтқанда мұзбалақ ақынның топшысын қайрайтын жартасы, талантын шыңдайтын жалыны біз болатынбыз. Ол біздің рухымызды ту етті.
Иосиф Татаевич. Әлбетте, албырт жас кезіміз, арамызда Сабыр болды, оны жалған дей алмаймын. Бірақ ат құйрығын кесіп айтарым, әлгі өзіне пәле болып жабысқан поэмасын мен құптамаймын. Неге ол жұрттың бәрінен ақылды, аспаннан түскен философ болып көрінгісі келді. Ол тегін емес. Ондай өлеңдер менің ой дүниеме де, жан сезіміме де жат.
Мәмбет. Мен саған жаныңа жат дүниені жақсы көр деп отырған жоқпын ғой. Білгім келері — бірақ нәрсе. Ол — Сабырдың басын көлеңке шалғанда бәріміздің әп-сәтте тайқып шыға келгеніміздің себебі неде? Әрине, адам болған соң, күн сайын қан кешіп, қазаға сүрініп жүрген соң бір қателесті-ау дейік. Бірақ біз онымен бірге өстік. Оның жан сырын бізден артық білетін кім бар еді. «Қолына қару алмаса туған ағам маған жат...» деген өлеңді жазған сол ғой. Осындай жырларымен, өзінің өрт мінезімен бізді баурап алған жоқ па еді. Ол болмаса мүмкін сол баяғы оныншы класымызда оқып қала бермес пе едік. Мүмкін сол Сабыр болмаса бүгін дәл осы жерде, майданда өйтті майданда бүйттік деп лепіріп сен де көкірегіңді былай соғып отырмаған болар едің.
Иосиф Татаевич. Сенің осы не айтқың келеді, жарқыным? Ал оны кейін босатты, ақтады, енді не керек. Қазір арақтан басқа ағайыны жоқ, бор кемік болып шыққанына кім кінәлі?
Мәмбет. Бұндай сөзге қалай аузың барады, о не дегенің?
Иосиф Татаевич. Мен өзімнің беріп отырған бағамның дәлдігіне де, әділдігіне де кәміл сенемін.
Мәмбет. Міні, міні көрдің бе, сен кеше майданда бүгін бар, ертең жоқ, қай жерде қылжиып қалатынымызды білмей жан таласып жүргеннің өзінде, қайткенде жақсы көріну, қай жағы пайдалы екенін екі елі есіңнен шығармаушы едің.
Иосиф Татаевич. Әй, сен не деп көкіп барасың? Өзің қайда болдың сонда, әділет шындықты айтуға құмар болсаң сол кезде тіліңді біреу суырып алып кетті ме? Осыдан кейін менің дәл сенің өз басыңа күмәнім бар. Кәне, мықты болсаң ақталып көрші. Ақталшы кәне, факті, маған факті керек. Штабқа барып Сабырдың үстінен өзің жеткізбегеніңе кім кепіл бола алады. Енді келіп бүгін өзіңді бейкүнә періштеге балап, жұрттың бәріне қыр көрсетіп айыпкер іздейсің. Сөзге келгенде сорлы емессің, бірақ оның сенің ақтығыңа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ay, баяғыда өтіп кеткен оқиға, шұқылайсың келіп, шұқылайсың келіп, мүмкін өз кінәңді біреуге аударудың тәсілі шығар бұл да. Олай емес деп дәлелдеп көрші кәне. Дәлелдеші егер түп қазығына таяп айтсам, мен сендердің бәріңе де, Мәмбет саған да, Досберген саған да, Исабек саған да күмәнім бар. Естеріңде болсын бұдан аулақпын, өйткені өзімді өзім білем.
Мәмбет. Сенің бәрімізге де күмәндануға хақың бар. Біз бір-бірімізге соның ішінде саған да күмәндіміз. Неткен сұмдық, бірақ сұмдықтың ең көкесі Сабырды алып кеткенде бәріміздің үнсіз қалғанымызда жатыр... Біздің қара бет, масқара болған жеріміз сол. Сол үнсіздікті өз басыма өлгенше кешірмеймін. Мен сен сияқты жұрттың бәріне күмәнданғым келмейді. Маған Сабырға жала жапқан адамның кім екенін, неге өйткенін білсем болды... Білген күнде де ол адамға не істерім беймәлім. Тек осы өмірден тыныш кетер едім.
Досберген. Адам болғандағы түріміз осы болса жетіскен екеміз. Шетімізден күнәкәр иттен жаралған болып шықтық қой. Ойпырым-ай, не деп кеттіңдер! Енді қалай күн көрдік... Ал әңгіме былай, өткенді қайта-қайта айтып шашыңды жұлғанмен, одан Сабырға тиер көк тиын пайда жоқ. Сабырға менің жаным ашымай ма, ашиды. Поэзия дегеннің менің мұрныма исі де кірмейтінін өздерің білесіңдер... Сабырдың өлеңдері, енді дұрыс қой, бір кездегі мені мазақтап әлгі не деуші еді, эпиграмма дегеннің талайын жазды. Одан Исабек те, Өсіпбай да құр қалған жоқ. Исабекті «сөйлеп кетсе автомат, ұйықтап жатып мақтанад» десе, Өсіпбайды «Асхананың бөрісі, мектептің жаяу серісі» — деп қатыратын. Мені де оңдырмайтын, үстіңнен дәл түсіп жатса қалай ренжисің, мен мұның бәрін айтып отырғаным, жолдастар...
Исабек. Тоқта, тоқта, алаламай айт, айтқыш болсаң, мына Мәмбет те сыбағасын алған. Есіңде ме, «Әділет деп Мәмбетім еңірейді, көз алдында тұрса-дағы көрмейді» деуші ме еді?
Досберген. Талай сілейтті ғой. Шынында да Сабыр өзіне қандай сенсе, бізге де сондай сенетін. Бет-жүзіне қарамай басып салатын. Достыққа бәрі жарасады екен ғой. Әлде, сол, еңсеміз түсіп жүргенде көңіл көтерсін деді ме, кім білсін... Айтып-айтпай немене, болар іс болды, бояуы сіңді, құр бекерге маңдай төбелегеннен не пайда, онан да давай замнем, вопрос для ясности.
Алмагүл. Жоқ, жоқ кешір, Досберген, абзалы мына біздер отырғанда бұл әңгімені бастамауларың керек еді, өздерің жеке кездескенде бір сәрі. Ал енді бастаған екенсіңдер онда...
Гүлжан. Алмагүл дұрыс айтады. Енді сендердің әйелдерің бір кездері араларыңда не болғанын білмей қоймайды... Оның үстіне отырған жұртты сыйлау керек. Бізді былай қойғанда Айша апай қандай ойда отырғанын кім білсін, бесеуіңнің бәрің тірі, өлген ешкім жоқ, сендер бірің туралы өлген, жоғалған адамдай айтып отырсыңдар... Сонда сендер жәйлі біз не ойлауымыз керек? Бұл не деген сұмдық. Жо-жоқ, былай қалдыруға болмайды, онан да ақиқатына жетуді қарастырайық.
Мәмбет. Оның ақиқатына жетсе өзімді ең бақыттының бірі дер едім.
Исабек. Жалғыз сен емес бауырым, бәріміз де сол.
Айша апа. Ұзын құлақтан естуіме қарағанда Сабыр майданда бір поэма жазады, сол үшін айыпталып сотталады, кейін бейкүнәлігі анықталып ақталады. Бірақ оның неден басталып, қалай болғаны сендерге ғана мәлім. Тек айтарым, сендердің бесеуің де маған қолымның бес саусағындай бірдей қымбатсыңдар. Сабырды соғыс кезінде жастар соншалықты жақсы көретін. Оның өлеңдерін өзінің антындай жатқа соғатын. Жуырда интернаттың қырық жылдығына байланысты мектеп музейіне материалдарыңды жібер деген хатыма «Аса құрметті Айша апа, мені ұлы Отан соғысында қаза тапқан дей салыңыз! Сабыр» — деп қол қойыпты. Бұған не айтарсың. (Пауза.) Бұл неткен жұмбақ? (Пауза.)
Исабек. Осы жұмбақ төңірегінде көп ойландым... Біз майданға Батыс Украинада түстік. Фашистер біздің шабуылымызды тоқтатуға бар күшін салып бақты. Бірақ тегеуірінге шыдамай шегініп бара жатты. Ұзамай шекараға жетеміз - Отан азат болатынын бәріміз де білдік. Соғыс дегеннің бөлек заңы, бөтен ережесі болады, адамның ой-сезімін де бағындырып өзгеше сергек серпін туғызады. Сол кездегі Сабыр тамаша жалынды жырлар жазды, ол туындылар жаңа Айша апай айтқандай бүкіл жастардың, біздің туымызға айналды. Мына алдарыңызда отырған пақырыңыз да сол бір күндері төгіп-төгіп тастады. Менің жазғанымның бәрін де Сабыр өз газетінде жариялады. Енді сол майдан жырларымды таңдамалы шығармаларыма енгізгелі отырмын. Онша көп емес, үш томдай болып қалар, юбилей дегеннің де төбесі көрініп келеді. Айта беретін елу «жылдарымның жемісі осы» деп, оны да кімнің дұрыс қарсы алғысы келмейді дейсің.
Гүлжан. Тірі болсақ көре жатармыз... Сонымен Сабырдың жағдайы не болды?
Исабек. Қырғын шайқаспен мемлекеттік шекараға жеттік-ау әйтеуір. Отан басқыншылардан мәңгі бақи босады деген қуанышта шек жоқ. Содан кейін... бұл менің жеке өз басымның пікірі, байқаймын Сабырдың мінезі өзгеріп сала берді. Бір жолы өзінің жігерлі жырларына ұқсамайтын, тіпті Сабыр жазды деуге келмейтін өлең оқыды. Ол кесел боп жабысқан поэмасының бас жағы болатын. Дәл қазір есімде жоқ, бірақ мағынасы «қан қазадан жирендім, шайқастан да жалықтым, азат болды Ұлы Отан. Енді, тағдыр, қанат бер, Алатауға ұшамын», — деп келеді де әрі қарай кете береді. Сондай бір мұң-зарға толы дүние...
Алмагүл. Онда не тұр, адам баласына тән сезім толқыны емес пе, аңсау, арман, сағыныш...
Исабек. Сабыр ет, Алмагүл, мұның төркіні тегін дүние емес.
Мәмбет. Осы өлеңді неге жазғанын сол кезде өз басым түсінген жоқпын... рас, өз жерімізді жаудан азат еттік, бірақ шайқас онымен аяқталған жоқ қой. Тарихтың таразысында Европа халықтарының тағдыры тұрды. Оларды фашизм шеңгелінен азат етуге құдірет күші жететін тек біз ғана болдық. Отанына шексіз берілген парасатты ақын-азаматтың осыған түсінбеуі қалай? Өз поэмасының рухына жат жылаймандықтың қайдан пайда болғанына таң қалдым? «Бағзы заманнан тарих соғысқа соғыспен жауап беріп келеді. Сен осыны түсін, Сабыр, соғыс мұраты — жеңіс» — деп талай айттым.
Гүлжан. Немене, сонда саған қарсы дәлелі болды ма?
Мәмбет. Қайдан болсын, тек бір жолы, «осының қаншама өмірді қыршынынан қиып, қаншама қан қазаға душар ететінін байқайсың ба», — деді. Мен тұрып, «оған не дау бар, қаншама қырғын болса да тарихтың бізге қойып отырған бір-ақ талабы бар — ол жеңіс салтанаты» — дедім. «Дұрыс айтасың, бұл ақиқатты мойындаймын», — дей тұра сол алғашқы бағытта поэмасын жаза берді. Қолы қалт етсе соның үстінде, ұйқысы да, күлкісі де азайды. Тіптен көз алдымызда қартайып бара жатқандай болды... Поэмасы, «Дабыл үні өшкенде» деп аталатын.
Қалса бір сәт дабыл үні үзіліп,
Өре тұрып әруақтар өрімдей,
Жұрт көзіне көрінбей,
Маған қарай шұбырады тізіліп.
Көмегім жоқ, қол қысқа,
Көрсете алман көздеріңе таңдарды,
Қандай сөзбен жұбатармын
Кеше алапат соғыста,
Опат болған жандардың
Ажал бәрін теңгерді.
Зор адамды, пендені,
Қараға да, ханға да,
Жақсыға да, жаманға.
Бөлмейді ешкім өлгенді.
Келсе алдыма жиылып,
Өтінсе егер қиылып,
Не айтармын оларға —
Жақында емес, жат та емес,
Кім деп енді сапарға!
Асық етіп адамды —
Атып ойнар әлде біреу бар ма екен?
Қайғы-зарға қамаулы —
Адам деген әлде сорлы аң ба екен?
Сендірем бе,
Көндірем бе уәжіммен
Бірі қалмай маған келген күнде де.
Келіп кетер не бар менің сөзімнен
Жүргендерге енді басқа дүниеде.
Осылай кете береді кәдімгі өз жан-күйінің толғағы. Қан кешуден жаны түршіккен адуын ақын адал жүректің, тағдыр талантының жанын қинаған сауалына жауап іздейді. Әр жаңа тарауы бітісімен бізге әкеліп оқитын. Кейде бәріміз — кейде екі-үшеуіміз бас қосып қаламыз. Дауыстап оқуға жаны құмар еді. Тыңдаушылары барына мәз болып рақаттанатын...
Әнуар. Бет алдына шұбырта бермей, ақыры не болды, соны айтсайшы.
Мәмбет. Қысқа қайыратын бұл қылжақ анекдот емес.
Исабек. Қысқа қайыру талантпен қарындас.
Мәмбет. Қысқа шығармадан алған ақша күрмеуге келмейді деуші едің бір кезде сен!
Исабек (қысылып қалып). Дәл осы жерің орынсыз, достым! Керегі не сондайдың...
Мәмбет. Сөзімді бөле берме, немесе өзің айт. Даусың дірілдеп, көзің жасаурап, Сабырдың өлеңдерін алдымен мақтайтын сен болатынсың.
Исабек. Айналайын өзің бастадың, енді өзің аяқта. Мен мақтасам, ақын Сабырдың өлеңдерін мақтадым, оның жөні бір басқа.
Мәмбет. Бір басқа дегеніңе жол болсын! Бірге өстік, бірге соғыстық, бәріміздің тыныс, тірлігіміз ортақ емес пе еді. Сөйтіп жүргенде сенің оған шындықты бетіне басып айтуға батылың жетпеді.
Исабек. Біз де хабардар болайық, жарқыным. Сен қай шындықты айтып қарық қылып едің?
Мәмбет. Мен өз ойымды одан ешқашан бүккен жоқпын. Шамам келгенше сақтандыруға тырыстым. «Мына поэманың идеялық өресіне қарсымын. Қаншама тамаша жазғаныңмен өзіміз азаптағыларды азат етушілер бола тұрып, қаза тапқандардың бәріне жоқтау айтып, қара жамылып, зар шегуіміз дәл қазір орынсыз, орынсыз емес-ау, ағаттық, адасқандық», — дедім. «Олар бостандық үшін жанын пида етті, енді біз бүгін күрестен бас тартып, соларды жоқтап қол қусырып отыруымыз керек пе» дедім!
Алмагүл. Адам қашан да болса өлгендерді аза тұтады.
Мәмбет. Жеңіске жеттік, аза тұту аз болды ма? Ол кезде соғыс әлі аяқталған жоқ. Әлем өмір мен өлім үшін арпалысып жатты.
Исабек. Әрине, Сабырдың поэмасының идеялық күңгірттігі былай тұрсын, түп-тамырымен қате болатын.
Мәмбет. Мұны бүгін айтып отырсың ғой, ол кезде мақтағанда аяқ-қолын жерге тигізбеуші едің. Ол сенің сөзіңе құдайдай сенетін, ақыры сол мақтауың орға жықты.
Исабек. Мақтадым, одан қазір де бас тартпаймын. Өлеңдігін алғанда сирек кездесер шырқау шабыттың жемісі болатын. Жасырмаймын, жан жүрегіммен қуандым. Ал ашығына келсе Сабыр екеуіміздің достығымыз сен сияқты төбелеспен аяқталып, артынша штабқа жүгірген мен емес.
Мәмбет. Ақыры еске салғаның мұндай жақсы болар ма. Осыны сен айтатыныңды біліп едім.
Исабек. Көзі ашық әулиелігіңді басыңа шайнап жақ. Өз арым таза, бітті. Сен не болсаң ол бол, онда ісім жоқ.
Досберген. Шамалы былай айқай-шусыз бола ма. Бүгін бәріңе бірдей не жау тиді? Немене сонша? Қайда отырғандарыңды ойласаңдаршы? Жоқ, жігіттер, бұл...
Айша апа. Мәмбет, Сабырға қол жұмсауға қалай дәтің барды.
Мәмбет. Болары болды, Айша апа, бәрі сол поэманың кесірінен. Блиндажда Сабыр екеуіміз ғана отыр едік. Ерегісе келе «Ақыным, сен адал, әділ жолыңнан адастың» дедім. «Өнерде салулы capа жол жоқ, әр ақынның жүрегі өзінше жол табады — өлшемің өзіңе» — деді ашуға булығып. «Олай болса сен барып тұрған қара басыңды ғана ойлайтын қорқақ, су жүректің өзісің» дедім. Сұп-сұр болып алды да жағыма тартып-тартып жіберді. Шыдайын ба мен де сілтеп қалдым. Төбелес басталып кетті. Сосын, сосын жалт бұрылды да алды-артына қарамастан кете барды. Қуып жетіп, «екеуіміз бүгіннен бастап жаумыз, ертең біреуміз оққа ұшсақ, жүрегіміз селт етпейтін болсын!» дегенді айтпақшы да болдым, оның реті келмеді. Ұзақ жылдар көріспей кетуіміздің басы сол күннен басталатынын мен онда қайдан білейін. Төбелескеніме әсте өкінбеймін, сондағы айтқан ауыр-ауыр сөздеріме өкінем. Қан майданда жүріп қайран ақын бүкіл адам баласының басына түскен тауқыметтің салмағын сезген екен. Сондай адал досымның бет жүзіне қарамай балағаттап, сонша кінәлауға қалай аузым барды екен десейші. Бақсам, ол адам атаулыға тән ақиқаттың мәңгі құпиясынан сыр шертпек екен. Оның кілтипаны да көп, кешегі қырыстық көрінетін ақындық асқақ құдіреті де сонда жатыр екен. Амал не, оның бәрін кеш, соғыстан кейін, ұқтым. Сол екеуміз шекісіп қалғаннан кейін көп ұзамай оны қолжазбаларымен алып кетіп, ұзақ жылдар үйірінен айырмағанда мүмкін мына біздер дәуіріміздің ұлы ақындарының бірімен замандас атанар ма еді кім білсін!
Исабек. Тамаша! Әрі ырғап, бері ырғап отырып ақыры бір байламға тірелдің-ау сен де. Сабырдың сол поэмасындағы негізгі ойдың өзегі түптеп келгенде теріс демейсің ғой, солай ма? Деме мен кезінде оның өлеңдерін «дауысым қалтырап, көзім жасаурап» бекер мақтамаған екенмін. Ақын жүрегімен ақын әруағын сонда аңғарған боп шықтым ғой...
Мәмбет (бөліп). Сен түлкі бұлтаққа салғанды қой. Өзің жаңа ғана «Сабырдың поэмасының идеялық көмескі күңгірттігі былай тұрсын, түбірімен қате болатын» деген жоқсың ба? Мен өзімше талдай отырып түп-тамырын тануға тырыссам, сен қиғаштай келіп килігесің де, тағы өз пайдаңа қарай тартасың. (Пауза.) Әңгіме Сабырды терең толғандырған рухани қат-қабат қайшылықтың, сол кездегі ішкі сырын осы төртеуіміздің біріміз ұқпағанымызда жатыр. Толғаныс үстіндегі рухани қайшылық суреткердің қылмыс, кінәсі емес, оның шынайы шындықты іздену жолындағы диалектикасы. Өтелмес өкінішім де — осыны кезінде аңғармағандығым.
Исабек. Байқаймын, сен бүгін біраз сырғыдың. Бұл қай қырың көрсетіп отырған. Менің адалдығыма күмән келтіруге қандай правоң бар. Жаным-ау, штабқа тұра жүгірген мен емес шығармын.
Мәмбет. Әрине, сен емес, мен, мен жүгірген.
Шымылдық.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Алғашқы отырыстан өзгеріс жоқ. Әңгімені тағы да Мәмбет бастайды.
Мәмбет. Сабыр сол пәлеге ұшырайтын күні штабқа барғанмын. Дивизия командирі «Сенің қолың жақсы, наградаға ұсынылғандардың документтерін толтыруға штабқа барып көмектес» деді. Кешке дейін сонда болдым. Тізімнен басқа дәнеңе жазған жоқпын. Блиндажға түн ортасында келдім. Сендер ұйықтап қалыпсыңдар. Екі күннен кейін Сабырды барлық қолжазбаларымен арнаулы бөлім алып кетті дегенді бір-ақ білдік. Оңай дүние емес екенін бірден түсіндім. Қанша дегенмен соғыс уақыты, немен бітерін кім білсін, жедел әрекет жасап, бір есебін тауып қол ұшын берейік дедім. Өзара кеңестік. Бөлім командирінен бастап әрі қарай ізденейік дегенімде, алдымен сен, Өсіпбай, Исабек, сен де, Досберген, сен де — үшеуің қосылып алып мені үгіттедіңдер. Сонда сендерге құлақ асқаныма осы күнге дейін өкінемін. Бір қылмысым болса сол «Армияның уставы бойынша ізденуге болмайды, керек десе өздері шақырып сұрайды, ізденем деп қайта кесір тигізіп аласың, анау болмайды, мынау болмайды» деп тоқсан тоғыз дәлел айтып көндірдіңдер түге. Сонымен бәріміз қыбыр етпей үнсіз қалдық. Сабырға сол жолы іздегенде көмегім тиер ме еді, жоқ па, білмеймін, бірақ... (Пауза.)
Досберген. Маған сөздің тазасы керек. «Сабырдың сол өлеңдері жайлы дәл қазір не ойлайсың» десе «өзіңнің де өзгенің де басын ауыртпа» деп қараймын да отырам. Соғыстан кейін бейбітшіліктен басқа ән салған жоқпыз. Бейбітшілік сақталса болды! Анау-мынау солқылдақтығыңның маған көк тиынға керегі жоқ. Поэзия дегеніңмен өмірі көрші қонған емеспін. Өз басым ол кезде үндемей қалғанымды жөн санадым. Шақырып алып сұраса әңгіме басқа, онда да оңдырып ештеңе айта алмас едім. Кім білсін, бірдеңе дер едік те.
Иосиф Татаевич. Өйттім-бүйттім деп көкірек қаға алмаймын. Көбісі есімде қалмапты, басы-қасында болған жоқпын. Өз басымның қатысы шамалы. Бірақ, Сабыр да періште емес, демек бір пәлесі бар, әйтпесе тегіннен-тегін айыптап сүргінге салмаса керек.
Алмагүл. Ay, оны кейін ақтап жіберді ғой.
Иосиф Татаевич. Оның бәрі кейін, ол кезде кейін дейтін ұғым болмайтын.
Мәмбет. Баяғыдан бері сенің мұндай қаныпезер адам екеніңді білсекші...
Иосиф Татаевич. Не десең о де, мен заманның адамымын, ешкімді де жекпе-жекке шақырмаймын, өзгеге қиянатым жоқ, атағым да, абыройым да өз еңбегімнің арқасында келген. Сыйлайтыным тәртіп, демек ойланудың өзі, ойдың өзі тәртіпке бағынсын, керек десең өлеңге де тәртіп керек. Ал енді мен қаныпезер адаммын ба, басқамын ба, ол өз алдына мәселе. Менің бір білетінім — сол оқиғаның кезінде штабқа барған мен емес, мына сен болатынсың.
Исабек. Мәмбет, бар пәлені бастаған сен, саған күдігім бар деуге аузым бармайды. Әрине, бірақ сол штабқа барғаның ойыма оралған сайын өзіме өзім жауап таппай қиналамын.
Мәмбет. Ол бір маған тағдырдың басқан таңбасы да.
Исабек. Білмеймін, білмеймін.
Айша апа. Басым зеңіп кетті-ау, сендерді тыңдап отырып аң-таң қалам. Бірге өстіңдер, майданда бірге болдыңдар, ал біріңнің басыңа іс түсіп еді, оны бұрын-соңды білмеген, көрмеген адамдай әркім бастарыңмен әуре боп қала бердіңдер, мұндай да болады екен, ә?
Исабек. Сабырға қол ұшын бермеді екен деп ойламаңыз, Айша апа. Мен өз басымды алайын, ана жақтан келісімен-ақ қолынан жетектеп отырып редакцияға орналастырдым. Ішіп жүріп одан шығып қалды. Тағы да бір редакцияға апарып тықтым. Одан да кетті. Радиоға телідім, ем қонбады, не керек тайғанақтай берді.
Гүлжан. Осының бәрін бірінші рет бүгін естіп отырмын. (Исабекке.) Сабыр туралы осы уақытқа дейін неге бір ауыз сөз айтпадың?
Исабек. Оның саған айтатын несі бар?
Гүлжан. Ay, бірге өскен достарың емес пе? Балалық базар, талай сырларың ортақ болды ғой. Енді өз дегендеріңе қолдарың жетіп жүрген достарысыңдар. Олай болса Сабырды бүгін осында неге ертіп келмедіңдер.
Исабек. Сен не айтып отырсың? Ол әбден маскүнем боп біткен адам. Әйелі әлдеқашан кетіп қалған... Ең ар жағы қызы да жуырда күйеуге шыққан тойына шақырмапты! (Паузадан кейін.) Бәрібір арқан салып сүйресең де ол мұнда келмейтін еді.
Иосиф Татаевич. Бәріне өзі кінәлі. Жалғыз сол ма, оралып келгендердің талайлары екі білекті сыбанып еңбекке араласып ел қатарында жүріп жатыр. Кімді кінәлайды, кімге өкпелейді, тарихқа ма? Үлкен тарихи кезеңдерде өзіне лайық қателігі болмайтын ол қандай тарих? Өмір деген оңай дүние емес. Әңгіме соның қым-қиғаш қиындығын жеңе білуде. Мұндайда өз бетіңді, атыңды жоғалтпас үшін, биік сана, қайтпас жігер керек. Ол ше? Табансыз талант, жігерсіз адам, жоқ болды да жүре берді.
Гүлжан. Болдыңдар-ау деймін, енді маған құлақ асыңдар.
Досберген. Бұған да шүкір. Ал енді тамада кетті. Ура!
Гүлжан. Әлгіден бері Сабыр хикаясын бар зейін-зердеммен тыңдап отырдым. Байқағаным соғыстың сұмдығын көзімен көріп жүрген Сабыр мұң-зарға толы поэма жаза бастайды. Соғыс атаулы адам баласына апат, солай емес пе? (Пауза.) Бірақ «жауды өз ордасында талқандамай тынбаймыз» деген ұранмен бара жатқанда мұндай жырлар былайша айтқанда соғыстан бас тартқан болып танылуға мүмкін. Солай емес пе? (Пауза.) Менің өз әкем майданда қайтыс болды, сол кезде мұндай өлең оқысам мен де дәл осылай ойлауым ғажап емес. (Пауза.)
Алмагүл. Менің екі ағайым да қыршын кетті. Бірі лётчик, екіншісі танкист еді. Әрине, әңгіме қазір олар туралы емес. Мен де бастан-аяқ тыңдап отырмын. Енді осы оқиға неге былай болды деген сауалға битарап қалу мүмкін емес. Алдымен басын ашып алайық. Егер Сабырдың поэмасы не газетте, не журналда басылмаса, радио арқылы берілмесе сонда...
Исабек. Еш жерде жарық көрген жоқ. Сырты көк, қалың дәптер болатын. Оны бәріміз де білеміз.
Алмагүл. Демек, өзінің күнделік дәптері ғой? Небәрі күнделік дәптер ғана. Ақын адам айналасындағы көз көрген оқиғаны өзінше бағалап, өз топшылауын жазуға қақысы бар ғой. Менің осы түсінігім дұрыс па? Ендеше қателесуі де мүмкін.
Исабек. Мүмкін бе, мүмкін емес пе деген не сөз? Білгің келсе былай. Ол сол поэмасындағы идеядан Вена қаласына кіргенше бас тартқан жоқ, ақыры айдалып тынды.
Алмагүл. Бірақ майдан даласында өз қаруын тастап, жауынгерлік борышынан бас тартқан жоқ қой. Ол өзінше сезген, түйгенін жыр дүниесінде ойлап...
Иосиф Татаевич. Оның тағдырын шешкендер басқаша ойлаған болар. Айналып кетейін-ау, ойлап-ойлап дейсің, алдымен қалай ойлауды білу керек қой. Біздің бар ойымыз да, жігеріміз де түгелдей жеңіс жолына жұмсалды, сондықтан да жеңіске жеттік...
Досберген. Өйтіп күйе жақпа, Өсіпбай. Сабыр сені мен менен кем жауынгер болған жоқ. Венаның түбінде бір журналистің Сабырдың бізге жазған хатын әкеп бергені есіңде ғой. «Штрафной батальонға сұранып едім. Қабылдамады, хош болыңдар» деп екі-үш ауыз-ақ сөз жазыпты. Сол хатты неге жібергенін білесің бе? Себебін ойлаған күнің болды ма?
Иосиф Татаевич. Күнәсін қанымен ақтағысы келген де. Бірақ штрафнойға да жібермеуінің өзі тегін емес. Ол — сенбеді деген сөз.
Гүлжан. Бірақ өз басы сендерге сенді ғой. Ал сендердің біреуің бұғып жүріп бүлдіргенсіңдер.
Әнуар. Құдай үшін қойыңдаршы енді. Сен де емессің, сен де емессің, мүмкін сендерден басқа біреу көрсеткен шығар, оны кім біледі, ондайлар аз ба?
Исабек. Әй, қайдам оған енді...
Мәмбет. Дивизия бойынша біздің тілге түсінетін, Сабырды былай қойғанда осы төртеуімізден басқа ешкім болған жоқ. Өлеңді түсінетін адам оқиды ғой, соған қарағанда...
Гүлжан. Мен байқап отырмын, жолдастар, бәрің де бейкүнә сәби, ақ қанатты періште болып көрінгілерің келеді. Не десеңдер, о деңдер, Сабырға жасағандарың — барып тұрған жауыздық. (Пауза.)
Исабек. Сен асыра сілтеп кеттің-ау.
Иосиф Татаевич. Мен мұндай формулировканы қабылдай алмаймын. Бүкіл қауым мүддесі үшін жасалған әрекет — еш уақытта жауыздыққа саналмайды. Сендер мені өз басын ақтап отыр деп ойлап қалмаңдар. Мен жауыздыққа барған жоқпын, бара қойған күнде айтарым әлгі.
Гүлжан. Мына сөзіңе қарағанда кез келген жауыздықты ақтауға болады ғой.
Иосиф Татаевич. Айтарымды айттым, қайтып аларым жоқ. Әркімнің өз принципі бар.
Досберген. Ay, ағайындар маған да жандарың ащысын да, сорлы басым, мына жын соғып кеткен Фудзияманың басына сендерді неге әкелдім екен. Әп-әдемі Көктөбеге қайдағы жапонның айдарын таққан сен қатын. Сондықтан да мыналар бізде қонақта отырғанын окончательный ұмытты. Әлгі будданың құдайы дей ме, сонымен сырласамыз деп не таптыңдар кәне? Жоқ, жолдастар, мұндай қысыр таласпен ешкімді жарылқамайсыңдар. Бәрін де ұмытайық, дұрыс айттым ба, Айша апа?
Айша апа. Бұл да жөн. Сендер бәрібір қазір бұл тас түйінді шеше алатын түрлерің жоқ, өздеріңді де, өзгелерді де бекер қинамай-ақ қойыңдар.
Досберген. Кәне, кәне, ішіп-жеп, ойнап-күліп дегендей, мына таза табиғаттың рақатын көрмейміз бе? Қазір костер дайындаймын. Көктөбенің басындағы костердің жалыны бүкіл әлемге бір-ақ көрінетін болсын. Тамада, тамада, кәне құйдық, таңдай кеуіп барады.
Бәрі де серпіліп қалады, ыдыстарға құяды. Мәмбет палаткаға қарай беттеді.
Алмагүл. Ойбай-ау, самауырым әлдеқашан сөніп қалыпты ғой. (Мәмбетке ере, іле-шала.) Сабыр туралы осы уақытқа дейін бір ауыз сыр айтпағаның не?
Мәмбет. Мұның бар хикаясын Досбергеннен біледі деп жүрмін ғой. Шынына келгенде мұндайды айтудың да өзі оңай емес екен.
Алмагүл. Бәрібір ең алдымен осыны тек сен, сен ғана айтуың керек еді маған. Міні қазір, қазір басым айналып, жүрегім бір түрлі суылдап... әттең қонақ иесімін, әйтпесе қазір таяр едім осы жерден... Білем, білем Сабырды сатқан сен емес! Саған сенем, саған сенем. Жоқ, жоқ сен емес, сен емес.
Мәмбет. Менің дәлелім жоқ қой, дәлелім жоқ. Сабырға сол кезде қол ұшын бере алмадым, енді, ендігімнің бәрі бекер...
Әнуар (жәйімен Иосиф Татаевичке). Мәмбеттің жаңағы әңгімелерінен кейін... сен енді оған көмектеспейтін шығарсың, ә?
Иосиф Татаевич. О жағынан қам жеме, бәрі де Мәмбеттің өзіне байланысты, келгісі келе ме, бітті. Бір-ақ, оның бойындағы қыңырлық пен надан намысқойлығы жібермейді. (Пауза.) Әй, Әнуар, Әнуар, қалаған теңізіңнің жағасында өзіңмен қол ұстасып серуенді салып жүрер ме еді... Сен сияқты әйелмен... Әттең дүние жүрегіңді жәйіп салып дегендей. Амал жоқ, амал жоқ, аяқ тұсаулы, қол бұғауда. Мұрша, мұрша келмейді.
(Шатыр жанында.)
Алмагүл. Жоқ, Сабыр алдында арың таза. Білемін, білемін, сен емес. Жүр, жүр, аналарға барайық. Ана самауырды ала жүр. Кәне, кетті Мәмбет. (Мәмбет самауырды әкеледі де, шатыр жаққа беттейді. Алмагүл дастарқан басына келеді.)
Досберген. О, Айша апа, несін айтасыз, Сабырмен бірге талай қызыққа баттым ғой. Атамаңыз деймін. Өлеңдері барлық газет-журналдарда басылып жатты, талайын әнге салып айтып жүрді жұрт. Әсіресе қыздардан көп хаттар келетін. Оқып үлгіре алмайсың. Сізден жасыратын не сыр бар. Өзім Сабыр болып талай қыздарға хат жаздым... Сабыр оған күлетін. Ойдой, талай махаббат жалынына жылындық қой! Хат арқылы ойбай, бәрі де хат арқылы. Ең азабы әрбір хаттың аяғына бір-екі ауыз өлең жазу шарт. Бұл жағынан менің қоқ етпейтінімді өзіңіз білесіз. Ондайдан әйтеуір, обалына не керек, Исабек құтқаратын. Ол кезде бұл да өлеңді бұрқыратып жүретін.
Айша апа. Исабек тым тәуір жазатын, бекер тастап кетті.
Гүлжан. Шынымен тым тәуір ме?
Исабек. Жасында өлеңді кім жазбайды дейсіз? Ол да ізденудің бір жолы. Ақырында өзімді байсалды да, құдіретті прозадан бір-ақ таптым. (Мәмбет келеді.)
Гүлжан. Осы айтып тұрғаныңа өзің сенесің бе?
Исабек. «Әйеліңе қадірің жоқ етіңді көреді, ағайынға қадірің жоқ бетіңді көреді» дегендей, Айша апа, оның үстіне қаламдас жолдастарың да қызғаншақ, күншіл.
Гүлжан. Бәрі түсінікті. Әйелің мойындамайды. Айналаңның бәрі Сальери. Күнделікті әнің ғой.
Исабек. Неге болмасын? Әр Моцарттың өз Сальериі бар. Табиғат о баста солай жаратқан. Пенде болған соң баяғы пендешілік...
Досберген. (бөліп). Осы сен ет жағына қалай едің ей?
Исабек. Әкеле бер.
Досберген. Қазір, қазір. (Кетеді.)
Исабек. Жасыратыны жоқ, Айша апа, тірлік ету де, жұмыс істеу де күннен күнге қиындап барады. Хабарыңыз бар, өзім Азия-Африка жазушыларының конференцияларына белсенді қатысамын. Әсіресе басқа мемлекеттерді аралаудан алған әсерлерім жеке кітап болып шықпай ма, содан бастап, ашық дұшпан, жасырын дұшпан дегендерден аяқ алып жүре алмаймын. Құрысын, адам ығыр болады екен... «көршінің қуанышына көршінің қаны қашса одан қайыр күтпе» — деп бекерге айтпаған ғой, апа.
Айша апа. Ондайға назар аударып қайтесің. Жұмысыңды істеп жүре бер, ешкімге зияның тимесін.
Исабек. Жұмыс жағына мықтымын-ау, бүкіл жан-жүрегім соның үстінде. Ұйқысыз түндерде қисап жоқ. Бірақ мына күншілдік дегеніңіз сор болды. Кітабым шыға қалса болды мықты деген жазушыларыңыздың өзі бүкіл еңбегімді халтура деп жар салады. Бәрін жоққа шығарады. Бұған не айтарсың? Амал жоқ, ізіңді аңдыған сальеризммен бар мүмкіншілігіңді пайдалана майданға шығысың. Қаныңмен жазғаныңды халтура десе өзіңді халтурщик десе, қалай шыдарсың?
Мәмбет. Есіңізге сала кетейін. Сальери Моцартты еш уақытта халтурщик деп атаған емес. Ол Моцарттың данышпандығын жылап отырып мойындаған адам. Сөйтіп жүріп данышпанды у беріп өлтірсе де — одан аса алмады, мұратына жете алмай өмірі қорлық, күйзеліспен өтті. Жылап жүріп зорлық жасайтындардың ақыры солай бітпек.
Исабек. Ай, Мәмбет-ай, құдайым қазіргі Сальерилерден сақтасын де онан да. Ана Сальери маэстро. Ол ерке азамат, зұлымдықты өз қолымен істеді. Ондайларды құрметтеу керек. Бұл кездегі сальерилер ше? Өзі емес, біреулер арқылы түбіңе жетеді. Жиналыс сайын бетіңді тырнатады, газетке жаздырады, қолма-қол өлтіре алмайды, жүйкеңді жегі құрттай жеп өлтіреді.
Мәмбет. Байқаймын, саған нан табу да оңай емес екен, бауырым.
Исабек. Дұрыс айтасың, кейде кірпік қақпай шығатын түндерім болады.
Мәмбет. Ой соңындасың ғой баяғы? Не ойлайсың?
Исабек. Ой баяғы біреу — сұм тірліктің қамы. Өмір шіркін заулап өтіп барады. (Пауза.) Айтпақшы, Айша апа, соғыс жылдарында Сабырдың өлеңдері басылған барлық газет, журналдарды сізге өзім тауып берем. Менде бәрі бар. Ең ар жағы майдан газеттеріне дейін табылады. Оның шығармаларын тіс-тырнақтап жүріп, мендей жинаған адам жоқ. Енді бәрін бір жинақ етіп баспаға ұсынайын деп отырмын. Осыған орай сізден бір өтінішім бар, Айша апа. Әлгі өзіміз оқыған мектептің музейін жабдықтаған кезде Сабырдың қатарына менің де шығармаларымды қоярсыз.
Айша апа. Қам жеме, бұл өтінішіңді ескерем.
Мәмбет (Исабекке). Оның қажеті не? Соққы жеген жанның қасында, «мұратыма жеттім, төрт құбылам түгел» деп салтанат құрып тұрғың келе ме?
Исабек. Сен де соғасың-ау. Мен мұнымен екеуіміздің рухани тамырлас жатқанымызды дәлелдемекпін. Осындай қыңыр ойлар саған қайдан келеді? (Пауза.) Cay емессің, Сальери екеніңді мойындауың керек.
Мәмбет. Сонда сені күндеп жүрмін бе?
Исабек. Ол да ғажап емес.
Мәмбет. Жоқ, бауырым, қауіпсінбей-ақ қой, өйткені сен Моцарт емессің.
Алмагүл. Осы жақында мен бір журналдан мақала оқыдым. Сонда Сальери туралы қызық пікір айтылған. «Әрбір істің өз Моцарты, өз Сальериі бар, сондықтан әрдайым тек қана данышпанды қолдап, екінші жағын есепке алмау қиянат. Күн мен түннің алмасуы, ізгілік пен зұлымдықтың арбасуы тірлік тетігі тәрізді. Адам қауымы тек данышпандар қауымы ғана болуы мүмкін емес» дейді.
Исабек. Мм... пікірі қызық екен. Тауып алып оқитын дүние.
Мәмбет. Олай болса Гений мен Злодейство проблемасын қайда қоямыз? Автор бұл тарапынан бір жаңалық ашпай ма?
Алмагүл. Аша қоймаған. Бірақ мақала авторының айтуынша, бәрібір адам атаулының Сальерисіз күні жоқ болса, оның күншіл күйбең тірілігіне де, бейбақ халіне де, шегер азабына да адамгершілік аянышпен қарау керек дейді.
Гүлжан. Ғажап екен. Түсінсем бұйырмасын. Сонда немене «қызғанышпен күншілдіктің құлы жасасын» дейміз бе?
Иосиф Татаевич. Бұған таңданатын не бар? Өмірде әркім өзі үшін күреседі. Адам дүниеге екі қайтара келмейді, бір келді ме, білгенін істейді, өзгеден кем болмауға тырысады. Немене данышпан атақ абыройдың ұшар шыңына шырқап бара жатқанда ол етекте мәз болып қарап тұра беруі керек пе? Жоқ, кешіріңіздер, ол өзі үшін күреске шығады, қозы жауырын жебемен шың басындағы данышпаныңызды тартып жіберіп, төңкеріп түсіреді. Сальеридің өзін танытар өмірдегі орны осы.
Гүлжан. Адал, ақыл айқасы емес, баяғы бақастық, баяғы зұлымдық.
Иосиф Татаевич. Айналып кетейін, Гүлжан, мен бұл жолы да өз көзқарасымды қорғап, өз принципімді ұстап қала берем.
Исабек. Өткен жылы Цейлонда болғанда бір будданың монағымен шайқасқаным бар. Мен оған «егер жер бетінде жамандық жойылып, тек қана жақсылық қалса, өмір атаулы өрісін жоғалтады, бәрі бітеді» дегенімде жұмған ауызын аша алмай қалды.
Мәмбет. Мүмкін жамандық пен жақсылықтың күресі біткен күнде болар.
Исабек. Әрине, әрине. Содан кейін Пакистанның жазушыларымен кездескенімде...
Гүлжан. Ал басталды. Аравияда пәлен жазушының аузын аңқитып кеттім, Сенегалда сілтідей тындырдым, Индияда үнін шығармадым, Египетте есеңгіреп қалды, Қамбоджада қайран бопты, не керек, мұның жеңбеген жазушылары шамалы. Соған қарағанда осымен сөйлескендердің көбісі жарымес-ау, деймін.
Қолында ожауы Досберген келеді.
Досберген. Уа, құрметті қонақтар, тоқтының еті де жақындап қалды. Ұзамай бүгінгі Фудзияма басындағы адамдардың аңсаған арманы орындалады.
Айша апа. Күн де біраз боп қалды... Ал енді мен жүрейін.
Досберген. Айша апа, мыналардың менің миым жете бермейтін талас-талқысы басталмай тұрғанда бір-екі ауыз сөз айтып қалайын. Бүгінгі күннен тапқан бас олжам, өзіңіздің ортамыздан табылғандығыңыз. Көктөбенің басында тағы да сіздің келгеніңізге рақмет айтып, әрине, машинамыз төменде күтіп тұр. Асықпаңыз, сөз арасындағы әңгіме ғой, не, сонымен көп жылғы ұстаздық еңбегіңізді еске алып, сіздің денсаулығыңызға тартып жіберуге рұқсат етіңіз. Түлектеріңіздің кім болғанын өз көзіңізбен көріп отырсыз... Опасыз адам болғым келмейді. Бойымызда не жақсы қасиет болса бәрі сіздің еккен ұрығыңыз. Міні, сіздің ұлы жүрегіңіз, ұзақ денсаулығыңыз үшін кеттім.
Иосиф Татаевич. Шын жүректен айтылар алғысымыздың бәрі сізге арналады, Айша апа. Қаншама ғажайып адамдар тәрбиеледіңіз. Ана есебінде, ұстаз есебінде қалай мақтансаңыз да жарасып жатыр. Басқасын былай қойғанда мына отырған Исабек Мергеновты алайық, мұны қазір кім білмейді! Мәмбет болса республикамыздағы белгілі мұғалімдеріміздің бірі, сөз арасында айта кетейін астаналық бір мектепке баратын уақыты да жетті. Досбергеніңіз мынау, бас агроном, өз мамандығының шебері... қонақ жәйлілігі өз алдына.
Досберген. Эх, достарым, бұл өмір емес, пейіш қой. Өзіңді ұмытып кетпе, Өсіпбай. Бес минуттан кейін академик, тіпті одан әрі қайсысы еді... Сен әлі министр болып қарамай кетіп жүрме.
Иосиф Татаевич. Күле тұр, күле тұр. Айша апа, сізден бір өтінішім мынау. 7 ноябрьде біздің үйде болыңыз. Осы Фудзияманың басындағылардың бәрі де сол күні сізбен бірге болады деген үміттемін. Мақсуда қуанып қалады, ол өзі тамаша әйел, келініңізді айтам.
Айша апа. Баруына барайын, бірақ менен де бір өтініш, сол күні бесеуіңді бірге көрсем деп едім.
Иосиф Татаевич. Оған құлдық, мен дайын...
Досберген. Оның реті келе қояр ма екен, Айша апа. Сабырмен өзім сөйлестім ғой. «Өткеннің бәріне салауат, үй-жайыңды бәрін дайындап берем, ауылға жүр, бірге болайық» деп қаншама жалындым... қолын бір сілтеп құлақ асқан жоқ.
Айша апа. Айналып кетейіндер, мен де енді жүрейін. Сендерге бәріне рақмет. (Пауза.) Мен бір кезде ойлаушы ем... Өзім көз ашқалы Совет өкіметімен бірге жасап келген адаммын. Бес жасымда әкемді де, шешемді де басмашылар көзбе-көз өлтіріп кетті. Детдомға алындым, оқыдым. Хат танып, кітап оқи бастағаннан көкірек көзі, бүкіл әлемнің есігі ашылғандай болды. Сол жылдары, өзімше, көп ұзамай жұрттың бәрі білім алады, содан кейін бұлақ суындай мөлдір мұң-мұқтажсыз, мәдениеті саналы өмірдің салтанаты басталады деп ойлаушы едім. Сөйтсем, өмір деген иірімі мен толқыны арпалысып, екі иығын жұлып жеп ағып жатқан адуын өзен екен. Қарап отырсам, білетіндерің де мол талас-тартыстарың да орынды... Біздің де таласымыз осы реуіштес — дүниеде не жақсы, не жаманның төңірегінде болатын. Адам баласы әділет пен ақиқатқа ежелден ғашық боп туған. Оның бар сыр-сипатын аңсауда шек болмайды. Бәрін таптым, бәріне жеттім деген күні... (Пауза.) Бәрібір мұны Сабырдан артық айта алмайсың. Сол өлеңі журналға жарияланғанда онша байыбына бара қойған жоқ едім. Бірақ есімде қалыпты. Кейін жылдар өткен сайын мән мағынасына түсіне бастадым. «Қайткенде адам қалады адам болып?»
Исабек. «Мәңгі талас, мәңгі дау».
Айша апа. Мәңгі талас, мәңгі дау,
Қайткенде адам қалады адам болып?
Қан сасыған соғыста да сол сұрау —
Қайткенде адам қалады адам болып?
Ұрандаған жорықта жорықта да сол сұрау —
Қайткенде адам қалады адам болып?
Тура ажал кеп, қорыққанда да сол сұрау —
Қайткенде адам қалады адам болып?
Мәмбет. Жаудан қашып жасығанда сол сұрау —
Қайткенде адам қалады адам болып?
Жауды жеңіп тасығанда сол сұрау —
Қайткенде адам қалады адам болып?
Кім бізді осы дау-таласқа қалдырған,
Қашан болсын шыға келер алдыңнан.
Айтыңдаршы,
Қайткенде адам қалады адам болып?
Гүлжан. Жап-жас кезінде қалай айтқан, ә?
Алмагүл. Лермонтов ше?
Исабек. Соғыс, бауырларым, соғыс. Соғыс дегенің дүние танудың ең ауыр мектебі.
Гүлжан. Бірақ сол ауыр мектеп жұрттың бәріне бірдей сабақ бола бермеген сияқты.
Исабек. Бұл сапарда сен жалғыз мені ғана мұқатып отырған жоқсың. Айнала қара, мен жалғыз емеспін, әр нәрсенің орны бар.
Иосиф Татаевич. Босқа арамтер болмай-ақ қой, Исабек. Өз басым шыбын шаққан құрлы көрмеймін. Ал, әлгі өлең жағына келсе қалай деуге болады? Бұл өлеңде мәселе тым абстрактно қойылған. Ең алдымен уақыттың нышаны жоқ, екіншіден әңгіме қайдағы, қандай адам туралы болып отыр?
Мәмбет. Бұл өлең маған осы болмысымен қымбат. Бүкіл адам баласына ортақ ой. Біздің әлеуметтік биігіміз, өткен жолымыз, бүкіл адам баласының атынан сөйлеуге мүмкіншілік беріп отыр. Тарихта бірде-бір қоғам біздер өткен ауыр жолды басынан әлі кешірмегені бәріңе аян...
Әнуар. Лермонтов кім? Қайдағы бір Сабыр деген кім? Сыпайылап айтқанда тапқан екенсіңдер кімге теңеуді.
Мәмбет. Әрине, сен үшін ол қайдағы біреу, ал мен үшін тағдыры тамырлас, өзі бауырлас.
Исабек. Сен, өйтіп Сабырды өз меншігіне айналдырма, өзгелерге бәрібір, күйзелетін де, қиналатын да жалғыз сендей-ақ о не дегенің?
Досберген. О қасқа құдай-ай, сендерге не болған осы? Тағы да Сабыр, аттап басудан қалдық қой, кит етсе бар әңгіме Сабырға келіп тіреледі де жатады. Әй, оған да бір шамалы тыныштық берсеңдерші. Басқаны қойғанда, Айша апаны сыйласаңдаршы. Қоштасып кеткісі келіп отырған адамның аузын аштырмай қойдыңдар ғой.
Айша апа. Жо-жоқ, Досберген, айналайын, Сабырдың дұрыстығын да, бұрыстығын да талдап жатпаймын, ал енді күні бойы Сабырды ауыздарыңнан тастамай, қайта-қайта еске алғандарыңның өзі сендердің оны қимайтындарыңа дәлел. Дегенмен ол әлі бізбен бірге... (Орнынан тұра беріп.) Отыра беріңдер, отыра беріңдер, жо-жоқ...
Бәрі. О не дегеніңіз?
— Бәріміз шығарып саламыз.
— Онсыз бола ма?
— Көп-көп рақмет, Айша апа!..
Айша апа. Сау-саламат болыңдар, отыра беріңдер, қозғалмаңдар, қозғалмаңдар, өзім, өзім жәйімен төмен түсем... мен де жетісіп тұрған жоқпын. (Паузадан кейін.) Ана болып оның тағдыр-таланына таласып ешкімнің есігін қақпаппын. (Пауза.) Мені, қарт коммунист есебінде жұрттың бәріне үлгі етіп президиумға отырғызады, сөз сөйлеймін. Жо-жоқ, бүгіннен бастап маған тыныш тірлік тұл, сендерге де тілейтінім, берер ақылым сол... Ал, сау болыңдар енді. (Кетеді. Әйелдер оны шығарып салуға беттейді. Пауза.)
Исабек. Айнала қараңдаршы, қас қарайып келе жатқанда неткен ғажап. Түн жамыла бастағанда тау құдіреті өзгеше көрінеді.
Мәмбет. Ие, құдірет десең, құдірет.
Досберген. (стакан коньяк әкеліп). Бері қараңдар, бауырларым. Турасын айтсам сендердің жаяу көкпарларыңның кесірінен күні бойы дұрыстап іше де алмадық. Кәне, келіңдер, әйелдер жоқта баяғы солдаттарша әкесін танытып бір-бір тартып жіберейік. Әй, адам сияқты көңіл көтерейікші. Осы таудың басына бекер түнеп қалып отырмыз ба? Әндетіп айқай-шумен әлемді басқа көтерейік. (Досберген бутылка коньякты бөліп құяды. Бұлардың у-шуына тау жаңғырығады. Досберген жабайы адамның даусына салып мәз болады, оған бәрі күледі.)
— Кәне күштеріңді көрейін тас лақтырып көріңдерші. Мен бастадым, мен жасымда қой бақтым ғой, сондағы ең жақсы көретін ермегім осы болатын, ал кеттік.
Исабек. Тас домалатқанда не тұр? Ал біз де кеттік, қайсысымыз мықты екенбіз, көрейік.
(Иосиф Татаевич пиджагын, галстугын шешіп, екі білекті сыбанып кіріседі. Төменде тастар дыбысы.)
Әнуар. Құдай ау, мыналар не ғып жатыр? Мұнысы несі?
Гүлжан. Тас лақтырып, күш сынасып жатыр. Өздеріне жан кіре бастапты. Қаланың адамдары бой жазғысы келеді де.
Исабек. (тасты лақтырып). Бәрібір маған жете алмадың, Өсіпбай. Шүкір, күш деген бар екен өзімізде.
Иосиф Татаевич. Әй, жігіттер, мына әйелдер куә болсын, осал емеспіз ғой әлі, кәне көрсетейік шамамызды.
Мәмбет. Былай, былай тұрыңдаршы жігіттер, менің көз әйнегім осы жерге түсті. (Жер сипалап іздейді.) Түк көрмеймін әлгі қай жерге түсті.
Иосиф Татаевич. Шалғайға оралмай, әрі, әрі жаным.
Досберген. Көрдің бе, мынау тауық көз интеллигентті. Ал кеттім.
Әнуар. Қойыңдар, байқаңдар, тастың астында кейде жылан жатады.
Иосиф Татаевич. Жылан дейді, тапқан екенсің қорқатын адамды. Ендеше жыланымен қоса, мә, әне кетті, мә тағы да...
Гүлжан. Міне, азамат, мен де көрейінші.
Досберген. Ал, әйелдер кетті жарысқа. Кәне, сендердің де халдеріңді байқайық. (Бұлар да майда-шүйде тастарды лақтырған болады.)
Әнуар. Галстугың қайда қалған, Өсіпбай?
Иосиф Татаевич. Қайда қалса, онда қалсын. Үйде екі жүзден асасы бар.
Мәмбет. Алмагүл, мені шатыр жаққа апаршы дәнеңе көрмеймін. (Алмагүл Мәмбетті палаткаға алып кетеді, басқасы тас лақтырумен әуре.)
Алмагүл. Көз әйнегіңді жоғалтып алғансың ба?
Мәмбет. Біреу басып кетіп сындырып алмаса, азанда тауып алам ғой.
Алмагүл. Қолыңды бері әкел. (Мәмбетті тоқтатып.) Әне, анау аспанға шапшып жатқан жалынды көресің бе?
Мәмбет. Иә, көрдім, көрдім, о немене?
Алмагүл. Пионерлердің костері. Сол жерде пионер лагері бар.
Мәмбет. А солай екен ғой... тамаша, бұл өзі ғажап. Айнала тастай қараңғы түнерген тау, алдында жалыны жағаласа атып жатқан от ойраны. Алма өзі... біздің ғой пионер кездеріміз баяғыда...
Алмагүл. Жалыны сөніп, оты өшкені қашан... Біздің де түріміз мынау.
Мәмбет. Осындайда бір ой түседі. Анау костердің айналасындағы балаларды айтам-ау, алдарында не күтіп тұрғанымен ісі жоқ, әндетіп, улап-шулап билеп мәз-мейрам болып жүр. Ертең олардың ортасынан біздей адамдар шығуы мүмкін ғой. Араларында сендей бір Алмагүлі болып, оны мен сияқты бір бейбақ жақсы көріп жер сипап қала беретін шығар. Кім біледі, Өсіпбай мен Исабегі де болар. Өзінің Гүлжаны, мүмкін Сабыры да өсіп келе ме әлде.
Алмагүл. Сабыры болса тағдыры да басқа, достары да сендердей емес басқа болса, бағы жанарда... (Пауза.)
Мәмбет. Өз басым саған өкпелемеймін. (Пауза.) Сабыр бар ғой осы күнге дейін менен қашады. Соның бәрі кейде түсіме енеді. Сонда мұздай терге түсіп оянам... Үрейден шошып оянам... Иә, өтті, кетті, оралмайды, шинель тозды, етік те қалды... сол қазір есімде де жоқ.
Алмагүл. (күліп). Сенің шинель, етігіңмен жүргенің әлі көз алдымда. Оны сен аңғармаған да шығарсың. Институтты бітірген соң бірінші мұғалімдер конференциясына бардым. Сен менің алдымда бір-екі қатар ілгері отырдың. Әлсін-әлсін маған қарап қоясың. Біреу сезіп қоя ма деп қысылып отырдым... Сен қараған сайын жүрегім жылып қоя береді. Маған сонда жұрттың бәрі екеуімізді аңдып отырғандай көрінбесі бар ма.
Мәмбет. Ол күнді білем. Үзілістің кезінде сені іздеп тым болмаса бір стакан лимонад алып берейін деп едім.
Алмагүл. Соны неге істемедің?
Мәмбет. Батылым жетпеді, ұялдым. Жап-жас қыз, айнала қоршаған жас жігіттер, ал мен болсам...
Алмагүл. Неге сонда сен келіп... құдайым-ау, стакан лимонад, небәрі бір стакан лимонад.
Мәмбет. Әңгіме онда емес... сонан кейін сенің із-түзіңді жоғалтып алдым. Көп жылдардан кейін Тянь-Шаньнан оралып келгенде мектепте сені кездестірдім. Сөйтсем, сөйтсем менің майдандас досымның әйелі болып шықтың. Тағдыр, тағдырға талас жоқ.
Алмагүл. Мен қазір анау костер айналасындағы балаларға қызыға-қызғана қараймын. Олар өз арасында Мәмбеттің бар екенін, Алмагүлдің бар екенін сезбейді, біле қалса оларға да жеңіл емес. Мүмкін қуанар да. Жүр шатырға апарайын. (Екеуі кетеді, дауыс естіледі.)
Досберген даусы. Мен қыз-жартастағы жабайы адаммын,үңгірден басқа мекенім жоқ.
Иосиф Татаевич. (даусы). Жабайы адам болғанға не жетсін. Бар бостандық сонда, қолыңа түскен әйелді арқалап үңгірге алып кете бересің...
Әнуардың даусы. Сенің үңгірің, үңгірің қайда деймін.
Исабектің даусы. Жасасын, жабайы жартастың адамы, жасасын бостандық!
Гүлжанның даусы. Байқа, байқа, Исабек, есіріп жүріп жардан құлап жоқ боларсың...
Сәуле сөніп, қайтадан жарық болады. Ертеңгілік шақ. Көктөбенің етегіндегі өзен бойы. Досберген, Мәмбет, Иосиф Татаевич, Исабек жуынып жүр.
Иосиф Татаевич. (ренжіп). Былай болмайды, жігіттер, жасыратыны жоқ, сендерге ренжіп қалдым.
Исабек. Қайдағыны айтпашы, Өсіпбай. Таза ауада тамаша дем алдық, көңіл көтерді одан артық не керек.
Иосиф Татаевич. Ол жағын қойшы, ол өз алдына. Біз осы еркекпіз бе, жоқ па? Әйел жарықтықтың теңдігінен зорлығы басып бара ма, қалай? Айналып кетейін ата-бабам «қойныңдағы қатыныңа сенбе, астыңдағы атыңа сенбе», деп басынан өткен соң айтқан екен ғой. Кеше осынша еркек отырып, әйелдердің алдында аузымызға келгенді оттап масқара болдық, ертең қоңыраулатып ала жөнелсе сонда көрерсіңдер қызықты.
Исабек. Несін қоңыраулатады, не айттық сондай-ақ?
Иосиф Татаевич. Дегенмен мұндайда ауызға сақ болу керек. Шүкір, кеше біздің әйел болмады. Әйтпесе қолқамызды суырып қолымызға ұстатып кететін сол еді. Рахатқа сонда бататын едіңдер.
Исабек. Өйтіп, құдайға күпір болма, Мақсуда байсалды адам.
Иосиф Татаевич. Әрине, сендерге солай. Кісі қатыны қыздай көрінетін әдеті емес пе. Оның тозағына мен қуырылып жатырмын ғой. Сондықтан бірдеңені білетін шығармын.
Досберген. Мұның енді тым асыра сілтеу, Өсіпбай.
Иосиф Татаевич. Ойпырым-ай, сендер жетісіп жүрген шығарсыңдар. Белгілі ғой, майданнан көзіміз қарауытып келді. Кездесті бәрі Қыз Жібек көрінді, үйлендік. Балалы-шағалы болдық. Қызмет дәреже және бар. Қит етсең, сіздің моральдық жағыңыз деп бастайды. Қайда барасың? Басқа елдерде от басы, ошақ қасына ешкім көсеу жүгіртпейді. Үйленесің бе үйлен, ажырасасың ба ажырас. Тек өз ісіңе мықты бол. Ал бізде ше, ә десең мә деп, жүген құрығыңды сыпырып алып қоя береді.
Досберген. Ие жолдас директор, ғылым докторы, көрген күнің күн емес екен. Жағдайың тым нашарлап кетіпті.
Иосиф Татаевич. Алдымен сен өз қамыңды ойласайшы. Айдарыңнан жел есіп жүргендей о несі ей?
Досберген. Жел еспегенде немене? Қарақұсымнан біреу құдық қазып жатыр ма?
Иосиф Татаевич. (есіне түсіп кетіп). Менікі әшейін жәй әңгіме.
Досберген. Не көңірсітіп отырсың. Өшіңді менен алмақсың ба, қай қылығым үшін?
Иосиф Татаевич. Ғафу, ғафу, Досберген. Дұрыс айтасың, өш алу емес, сендей достың алдында күпті жүректің жүгін жеңілдету ғой баяғы...
Мәмбет. (айқайлап). Әй, жігіттер, міні, міні әйнегімді таптым әйтеуір.
Иосиф Татаевич. Қайырлы болсын. (Мәмбетті нұсқап). Таң атпай жынымды келтірмесі бар ма мынаның. Көзімізді ашар-ашпастан «жігіттер, түсімде Сабырды көрдім» — деп тағы сырнайлатып келеміз, тағы да майданда, тағы да өлең оқып мәз боп жүр екенбіз дейді. Нельзя же так. Кеше күні бойы бір-бірімізді шабақтап бақтық. Ну любили, любим, ну что же из этого, жолдастар, былай бір шаманы білу керек қой.
Мәмбет. Немене сонша? Бара-бара түс көруден де қорқатын болғанымыз ба?
Исабек. Сен осы мінезіңмен адамның қанын ішесің.
Мәмбет. Бірақ түсімде шынымды айтып қоям ба деп қорқатындар болады.
Исабек. Бұл қай тұспалын сонда?
Мәмбет. Тұспалым емес, әттең айтар едім, бірақ дәйекті дәлелім жоқ.
Исабек. О жағына басыңды қатырмай-ақ қой. Сол іздеген адамың ақыр түбінде өзің болып шығып жүрме.
Мәмбет. Кім біледі, ол да ғажап емес, әйтеуір бір адам мойындау керек қой, сол бір адам осы төртеуіміздің біріміз.
Досберген. Менің миыма кірмей-ақ қойды. Кешеден бері жоқ жерден шатақ шығарып, факті жоқ, дәлел жоқ, айдалада бір-бірімізден сезіктеніп соншама арамтер болғаннан не пайда таптық осы?
Иосиф Татаевич. Былай өзі, жай ақылға салып көрейікші. Мен кеше тарихи кезең жайлы бекер айтқан жоқпын. Өзіне тән қатесі болмайтын ол қандай тарих?
Мәмбет. Сол тарихи қателіктің құрбаны өзің болсаң бұл ойыңды өмірі айтпас едің.
Иосиф Татаевич. Менің білетінім...
Мәмбет. (бөліп). Біздің тарихымыз өз қатесін өзі жөндеді. Әділдігі де, ұлылығы да осында жатыр. «Өмір мені өгей баласындай көреді» деуге Сабырдың ешқандай правосы жоқ. Бәрі орнына келді. Қай жағынан алсаң да осы өзіміздей азамат.
Иосиф Татаевич. Дұрыс, менің де айтып отырғаным сол ғой. Оның өкпелеуіне ешқандай объективтік себеп жоқ.
Мәмбет. Жалпы объективтік себептен басқа, жалқы субъективтік себеп дейтін бар емес пе? Жеке басқа ол да жеңіл жүк емес. Одан түскен жара асқына келе қай жарға соқтырарын кім білсін. Енді міні соған себепкер, күнәкар өзіміз екенін анық біле тұра, біреуіміздің мойындағымыз келмейді. Біздің өмірден алған ұпайымыз түгел, «ол болса ішіп кетті, талант еді, өшті, бор кемік жігерсіз екен, бәріне өзі кінәлі» деп шіренеміз. Сабырдың түбіне жеткен өзіміз, сөйтіп отырып оны айыптаймыз. Бұған қаның қалай қайнамас.
Исабек. Сен бар ғой, осы сен, или великий актер, немесе бар ғой... барып тұрған бейбақ сорлы адамсың. (Пауза.) Жан-жүйеңде ине шаншар саңлау жоқ түнек, нағыз қара жүректің өзі екенсің. Тек қана мектеп оқытушысы, ақ көңіл аңқау болып көрінгің келеді, ал шын мәнінде ішіне кездік айналмайтын қызғаншақ, болғанды көре алмай, бүкіл әлемге өтіңді шашуға даяр тұрасың. Сен ауру адамсың, саған емделу керек.
Досберген. Ал енді, осы жерде біреуің аузыңды ашсаң менен жақсылық күтпеңдер. Бүйткен Фудзиямасын қарғыс атсын, желкелеріңнен ұстап тұрып, арттарыңнан бір-бір теуіп, қуып шығам. Немене, менің тұз-дәмімді тәрік етіп, дастарқанымды таптап кімді басынғыларың келеді? Қатыным байғұс дені сау қонақ келеді деп бір жеті әбігерге түсіп дайындалады, сендер болсаңдар келіп алып, итше ырылдасасыңдар. Қайсыңның кім екеніңде ісім жоқ, бәріңе түкіргенім бар, немене сонша! Мен жай ғана агрономмын, өз ісіме өзім берікпін, жұрттың бәрі солай болса екен деймін. Ау, былай адам дегенді сыйлау керек қой. Болмайды екен, высокой материяларыңмен қоса тайып тұрыңдар бұл жерден.
Мәмбет. Сені ренжітейін деген жоқ едім, Досберген. Кешірерсің, ғафу ет енді... қойдым...
Исабек. Досеке, сабаңа түс. Сенікі жөн.
Досберген (сағатына қарап). Уақыт та онша көп қалған жоқ. Ұзамай машиналар да келеді. (Күліп.) Ұмытайықшы бәрін де, жігіттер. Өй, енесін... то есть онан да былай адам сияқты уақыт өткізіп дегендей, алдын ала келісіп алайық. Осы сәттен бастап Сабыр туралы сөз бітті. Онан да әйелдеріміздің көңілін аулап, ойнап-күліп отырайық. Тағы да кеңірдектесіп кетіп масқара болармыз.
Иосиф Татаевич. Міні, сөздің тазасы.
Досберген. Айнала тау, тамаша ауа, осының рахатын көріп дем алу керек қой.
Исабек. Жексенбіде бұдан артық не керек адамға?
Досберген. Жүріңдер шатырды жинастырайық. (Сахна айналады. Әйелдер тағам дайындап жатыр. Самауыр түтіні шалқиды.)
Гүлжан. Жан-жағынан жауапқа ала бастағанда өздері де қатты састы. Біз де аяған жоқпыз-ау деймін. Байқұстар Айша апайдан жаман қысылды. Шынымен иттік жасаса, өздеріне де сол керек.
Алмагүл. Айналып келгенде сол иттікті жасаған біреуіміздің байымыз-ау деймін...
Гүлжан. Дұрыс айтасың, Алма.
Әнуар. Ол да мүмкін. Әне, өздері де келе жатыр. Жарайды енді демалыстарының шырқын бұзбайық. Ұзамай кетейік деп отырғанда, қайта-қайта керегі не?
Мәмбет. Уа, ханумдарға жалынды сәлем.
Исабек. Көктөбедегі көрікті аруларға бас идік.
Алмагүл. Ойпырым-ай, таң атпай тілдерінің тәттісін қарашы.
Әнуар. Келіңдер, келіңдер, қалай ұйықтадыңдар, жаураған жоқсыңдар ма?
Досберген. Біз тоңа қойған жоқпыз. Спальный мешок дегенің рақат. Өздерің қалай?
Гүлжан. Шатырдың іші жылы болды. Ұйқы жағына өкпеміз жоқ.
Иосиф Татаевич.. Әлгі неме еді, маса жағы ше? Мазаларыңызды алған жоқ па? Сіздердің денелеріңіз деген тым нәзік...
Гүлжан. Жо-жоқ, мұндағы масалар сыпайы, мәдениетті болып шықты.
Мәмбет. Сіздерге, Гүлжан, біраз комплимент айтқымыз келіп еді.
Гүлжан. Масаларға байланысты ма, оларыңа рақмет.
Мәмбет. Аттап бастырмайсың-ау, осындайда Исабекке жаным ашиды. (Иосиф Татаевич транзисторын бұрайды.)
Диктор даусы. Шолпан планетасына ұшырылған автоматикалық станция адам баласына табиғаттың талай құпияларын ашуға мүмкіндік береді... Бізге сыры жұмбақ планетаның...
Досберген. Өшір әрі, космос дегеніңнің маған көк тиынға керегі жоқ. Бәрібір мен оған барып жер жыртып, егін екпеймін. Егін шықпайтын планетаның кімге пайдасы бар.
Исабек. Космостың құпиясын зерттеуден, Досберген, еңбек ақталады!
Досберген. Ақтала ма, жоқ па, оны менен неге сұрамайды? Мен де құр алақан адам емеспін. Жоспар дегеніңізді жыл сайын орындаймын. Бар өмірімді соған бағыштаған адаммын. Демек менің, менің де пікіріммен санасу керек. Тым болмаса сұрамай ма... керек кезінде жаңбыр жаудыр, артық болып баратса алып кет. Маған керек ғылым осы. Тамшыға зар болып, көк атаулы күйіп бара жатқанда жаныңды қоярға жер таппайсың, немесе нөсерден көз ашпай егін тамыры шіріп жатқанда бүкіл дүниені, аспандағы құдайыңмен қоса жібересің...
Алмагүл. Ауа райын меңгеру үшін жер шарының төңірегіндегі құбылыстарды білу шарт. Сондықтан космосты зерттеу қажет деген ұғымға кейін өзің де келесің.
Исабек. Байқап отырмын, Досберген, сенің психологияң қолма-қол саудагердің кәсібі. «Маған жаңбыр бер, маған ананы бер, маған мынаны бер» бұл да сөз бе екен. Біздің қарапайым еңбеккерлеріміздің ерлігі қиындықтарды бірінен соң бірін қирата жеңе отырып, қым-қиғаш, қиын-қыстау жағдайда қиналмай еңбек етуінде жатыр.
Досберген. Ал мен ондай Еңбек Ері болғым келмейді. Өз ісімнің егесі, құдірет құдайы болсам жетті. Қиналуыңның да, қиындығыңның да бетін көргім келмейді.
Исабек. Өмір онсыз болмайды ғой.
Досберген. Саған бәрі оңай болады да, маған неге болмайды.
Исабек. Немене, сенің ойыңша жазушылардан ештеңе талап етпейді деймісің. Мына сен сияқтылардан жағымды образ, заманымыздың толыққанды кейіпкерін жасап көр! Ең ар жағы қарапайым қиындықты жеңетін еңбек ері болғың келмейтін сенен қандай жағымды образ шығады?
Мәмбет. Сонда қалай, еңбек ері болу жұрттың бәріне мақсат па?
Иосиф Татаевич. Әйтпесе адам жер үстінде неге өмір сүреді.
Әнуар. Әрине, ерліктен асқан не мұрат бар?
Исабек. Әңгіме искусство жайлы болып отыр. Біздің тілмен айтқанда, бүгінгі күн тақырыбына арналған шығармадағы типтік жағдайдағы типтік ситуация деп атаймыз.
Мәмбет. Типтік ситуация дегенің не сонда? Шығарманың ішінде не болу керек, не болмау керек дегенді алдын ала біліп отыру ма? Ондайдың қай жері искусство?
Иосиф Татаевич. Сенде бар ғой, Мәмбет, жұрт сияқты ұғыну, түсіну деген жоқ, қит етсе байланыса кетесің. Немене, осы әдетіңді бір жақсылық, ерекшелік деп ойламайсың? Жоқ, бауырым, қандай жағдайда болмасын тәртіп, тәртіп керек. Ойдың өзін тәртіппен ойлаған жөн. Мені не десең о де, ерік өзіңде. Мен еш уақытта алған жолымнан адаспаймын. Ал сенің позицияң маған тым солқылдақ көрінеді. Міні қазір Исабек Дергеновтың кітабын сынап отырсың, онда сенің нең бар?
Әнуар (күйеуіне). Соншама білгір болсаң, өзің неге жазбайсың. О несі-ей, маған.
Иосиф Татаевич. Әңгіме онда емес, искусство дегеннің негізгі мақсаты не? Әділдікке, тазалыққа, шындыққа, табандылыққа, үлгілі мінезге, ерлікке тәрбиелеу. Мен өз замандасымды қай салада болмасын тек қана ерлік кейіпте көргім келеді. Міне, біздер кешегі соғыста бастан аяғына дейін болдық осының өзі жастар үшін еліктеуге үлгі емес пе?
Мәмбет. Бәрі дұрыс, құптаймын, бас ием — искусство адамды биік парасат, өнегелі өреге баулу керек. Бірақ, өнер қайткенде сол мұратына жетеді. Әрбір жазушының шебер жұмбағы сол. Жаңа сен көзінен тізіп айтқан қасиеттердің бәрін бір сөзбен қорытқанда — адамгершілік, тек қана адамгершілік. Өнер атаулының берер тәрбиесі де, ұсынар үлгісі де көздеген мұраты да осы ғана. Ал сенің, менің бұл пікірімнен қандай солқылдақ позиция көріп отырғаныңды түсінбеймін. Осыған орай бір ақынның:
«Жарты білім, жарты ақыл,
Тас жармайды, түбі басты жарады:
Менікі жөн, сен тіліңді тарта тұр
Деп тарихтың жағасынан алады».
дегені еске түседі.
Исабек. Білеміз, білеміз, түсінікті. Өткен жылы Гвинеяда болғанымда...
Гүлжан. Исабек...
Исабек. Өнерге деген менің өзімше көзқарасым бар мысалы.
Иосиф Татаевич. Көзқарастың тым көбейе бергенінен өмірге де, өзіңе де пайда шамалы, жігіттер.
Досберген. Міні, әділ сөз. Ұзаққа бармай-ақ осы отырған өзімізді алайық. Осы қарғыс атқан төбенің басына не іздеп келдік деймін өзіме өзім? Өткенді еске алып, бүгінге шүкірлік ету ме? Әлде, қалай өмір кешу керек, тірлігіміздің мәні не деп бас жоқ, көз жоқ қызыл өңеш бола беру ме? Онда не тұр? Бізге бұл таластың керегі не деймін? Адам адам болғалы іздеп келе жатқан шындықты осы төбенің басында отырып біз ашпақпыз ба?
Мәмбет. Ау, біздер де адамбыз ғой, шындықты іздеу, іздену бізге де тән осалдық емес пе.
Алмагүл. Фудзияманың басында тек ішіп-жегенге мәз болмай, өмір жәйлі, өнер жәйлі біраз жерге бардық, рақат. Демек аңсау, армандау рухы бізден әзір ұзамапты. Соған қарағанда әлі жаспыз-ау деймін.
Иосиф Татаевич транзисторын бұрайды. Көңілді музыка үні шалқи бастайды.
Досберген (төменге қарап). Мына біреу қайдан келе жатыр. (Солай қарай беттеп, айқайлап.) Әй, қайда, қайда барасың? Төменде машиналар келіп пе, байқамадың ба? (Орман жұмысшысы шығады.)
Жұмысшы. Жаңа бір машина келді. Бұл жерде неғып жүрсіздер?
Досберген. Бұл қай сауал. Дем алып жүрміз.
Жұмысшы. Қашаннан бері? Осында түнеп шықтыңыздар ма?
Исабек (жәймен). Қайдан пайда болған тип...
Досберген. Түнде де осында болдық. Сенің онда не шаруаң бар еді?
Жұмысшы. Сұрағаныма қарағанда, шаруа болғаны ғой!
Әнуар. Қарай гөр өзін! Тауды қызғанып жүргеннің бірі болмасын? Түрін жексұрынның.
Мәмбет. Соншалық не боп қалды? Өрт шыққан жоқ, тауыңыз орнында.
Иосиф Татаевич. Әй, шырағым, инабатты адамдармен кездескенде сәлем беруді де ұмытқансың ба?
Жұмысшы. Сәлем беру неге ұмытылсын. Бірақ кейде оған мұрша болмайтын да жайлар кездеседі екен.
Иосиф Татаевич.. О не дегенің, кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білемісің өзің?
Жұмысшы. Білгенде неғылам?
Досберген. Әй, жігітім, бері қара бері, мұндағы қожайын мен. Шаруаң болса менімен бітір. Мен совхоздың бас агрономымын, бұлар менің қонақтарым.
Жұмысшы. Сізді білемін ғой, бұл аймақта сізді танымайтын кім бар?
Досберген. Сен неге менімен бұлай сөйлесесің, қайдан жүрсің өзің?
Жұмысшы. Мен мына совхозданмын. Қайбір жетіскеннен келіп тұр дейсіз. Демалыс, қалаға барып қайтайын деп шығып едім, осы тұстан өте бергенімде төменде милиционер тоқтатты. «Мотоциклді былай қой, куә боласың» деп қарап тұр. Сөйтсем бір әйел өліп жатыр екен. (Бәрі «өліп жатыр, бандиттер шығар» деседі.) Жоқ, қайдағы бандит! Тас тиіп өлген. Мына жар қабақта өтетін жол бар ғой, соның үстінде. Басына тиіпті, қызыл-ала қанға боялып жатыр.
Исабек (үрейі ұшып). Не дейді... Бірақ, біздің онда неміз бар... (Пауза. Бәрі үнсіз ойланып қалған.)
Досберген. Не шатып тұрсың өзің... Адам сияқты ашып айтсайшы, қашан, қандай жағдайда өзі?
Жұмысшы. Ерігіп келді дейсіз бе. Бәрі сіздерден!
Иосиф Татаевич. «Бәрі сіздерден» дегеніңе жол болсын? Не айтып, не қойғаныңды білемісің, жарқыным?
Досберген. Тұра тұрыңдар. Әуелі анықтап алайықшы. Сен өзіңнің көрген-білгеніңді жөндеп айтшы, жігітім. Сөз аяғын суға жіберме.
Жұмысшы. Мен не білуші ем? Қой фермасындағы Ерден шалдың кемпірі кеше совхоз орталығына кеткен екен, келеді деп түнімен күтіп отырса, таң ата кемпірдің өзі жоқ, аты бос келіпті. Шал тұра іздейді. Келсе кемпірі мына етекте жол үстінде өліп жатыр. Өзіміздің учаскедегі милицияға хабарлап шақыртқан. Есінен танып қалған шалды ауруханаға алып кеткен. Төменнен дауыстарыңызды есіткен соң сіздерге мені жіберді. Тергеушілер ауданнан келмек. Ұрыстыңыздар ма, қайдам, әйтеуір айқайласып жаттыңыздар.
Әнуар. Осы керілдесудің түбі жақсылыққа соқпайтынын өзім де біліп едім.
Мәмбет. Тоқтай тұршы, мынаны тыңдайық.
Исабек. Содан кейін.
Жұмысшы. Ар жағы белгілі, учаскелік милиционер қаладан тергеуші экспертиз келгенше сіздерді орындарынан қозғалмасын, соны барып ескерт деді.
Пауза. Ұзақ үнсіздік.
Иосиф Татаевич. Бізге ондай бұйрық беруге қандай правосы бар? Біз мына Фудзияманың басындамыз, өлген адам төменде, кездейсоқ ажалға тап болғаны да.
Жұмысшы. Фудзи-судзиіңізді мен білмеймін, сіздерге жеткіз дегенін айтып тұрмын.
Мәмбет. Жарайды, солай-ақ болсын. Участковой бізге неге ескертеді? Мүмкін жар құлағаннан опат болған шығар?
Жұмысшы. Оған ұқсамайды. Айнала қарадық, ондайдың нышаны жоқ. Жол үстінде он шақты тастар жатыр. Жұдырықтай-жұдырықтай кәдімгі жалаң тастар. Соның бірі тура басына тисе керек.
Мәмбет. Осы жерден шамалап, өліктің қай тұста жатқанын көрсете аласыз ба?
Жұмысшы. Шамасы осы тұс. (Бәрі де орындарынан тапжылмайды. Мәмбет кешегі тас лақтырған жерге барады.) Міні, осыдан тұп-тура үстінен түседі.
Мәмбет (жәйімен). Енді түсінікті...
Иосиф Татаевич (жұлып алғандай). Несі түсінікті? Жұрттың атынан тұжырым айтуға қандай правоң бар.
Мәмбет. Мен ешқандай тұжырым айтып тұрған жоқпын. Тек өз ойым ғана...
Жұмысшы. Байқауымша бәріңіз де заң-законға жеті саналы адамдарсыздар... Уақытты бекер өткізіп қайтесіздер? Онан да мен сіздердің аты-жөндеріңізді жазып учасковойға тапсырып жолымнан қалмай кете берейін. Өздеріңіз милиционерді осында күтіп түсінісе жатарсыздар (пауза бәрі де үнсіз Иосиф Татаевичке.) осындағы ең үлкен бастығы сіз болуыңыз керек, кәне өзіңізден бастайын. Кімсіз, қайдан, фамилияңыз?
Иосиф Татаевич. Сұраққа жауап беру былай тұрсын, жалпы мен ештеңені білмеймін, білгім де келмейді.
Жұмысшы. Мен сізге дәнеңе деген жоқпын ғой... Тек қана фамилияңызды сұрап тұрмын - кімсіз сонда?
Иосиф Татаевич. Сізге мен айттым ғой деймін! Онан да басқаларынан сұраңыз.
Жұмысшы. Ерік өзіңізде...
Исабек. Ресми тұрғыдан қарағанда тергеуге алуға сіздің ешқандай правоңыз жоқ. Жұрттан жауап алатындай сіз кімсіз өзіңіз?
Жұмысшы. Ау, жаңа айттым ғой, Лесхоздың жұмыскерімін. Осы тұстан өтіп бара жатқанда милиционер ұстап сіздерге жіберді...
Досберген. Жарайды, болды... Сен, жігітім, төменге түсе бер. Сұраған адамға өзіміз үшін өзіміз жауап береміз. Кім екенімізді, мұнда неғып жүргенімізді бәрін айтамыз.
Жұмысшы. Өздеріңіз біліңіздер, маған бәрібір. Ал тұр, түстеріңіз енді маған таныс. (Кетеді.)
Досберген. Ал енді қайтеміз. Ақылдасайық.
Мәмбет. Не ақылдасатыны бар. Қалай болды, солай айтамыз.
Иосиф Татаевич. «Солай айтамызың» не сенің? Жұрттан бұрын неғып белсенді бола қалдың? Мұның ақыры неге соғарын білемісің? Қандай шырғалаң, қандай әңгімеге душар болатынымызды ойласаңшы. (Пауза.) Осы қараң қалғыр Фудзиямаға қандай түлен түртіп шығарды екен мені.
Досберген. Болар іс болды, өзіңді-өзің шабақтағаннан пайда жоқ. Енді қайтеміз, сол жағын ойланайық, милиция келгенше бір амалын табайық.
Иосиф Татаевич. Ендеше былай, ақылдың да, айланың да керек жері осы, бәріміздің де қызмет орнымыз, үй-жайымыз, балаларымыз бар. Сондықтан бар жауапкершілікті біреуіміз ғана мойындап, қалғанымызды аулақ ұстайық даудан.
Исабек. Немене, сен есіңнен адасқансың ба? Бұл не дегенің? «Үй-жайымыз, балаларымыз бар», ал сонда баласы жоқ, адамдар қайтпек керек?
Гүлжан (ызалы). Қалай, қалай аузың барады! Ол өз басымның қасіреті! Неткен пасық жандар еді. (Жылайды.)
Алмагүл (құшақтап жұбатып). Гүлжан, қойшы айналайын, солардың сөзі не? Өзі не? Құлақ аспа. Сондай да сөз бола ма екен... (Күйеуіне.) Әй, Досберген сен неғып мелшиіп қалдың, үй иесі емессің бе, бірдеңе десейші.
Досберген. Не қыл дейсің үй иесі болғанымнан пе пайда... Менің ойымша өзім былай... қарсы болмайсыңдар ғой. Біз тас лақтырғанымызда арамызда әйелдер болған жоқ.
Әнуар. Одан не шығады?
Досберген. Қайдан білейін.
Гүлжан. Не деген масқара! Не деген сұмдық!
Иосиф Татаевич. Былай ендеше. Менің жасаған қателігім осы таудың басына шыққандығымда болып тұр. Бірақ, мынау істі шиеленістіргім де келмейді. Бұл оқиғадан өзімді аулақ ұстау үшін аудандық милицияға жауап беріп әуре болмаймын. Министрмен келісіп алмай бірде-бір адамға жауап бермеймін. Сендерге беретін уәдем, аялдамай, бірден қалаға тартып кетем де, бәріміздің жағдайымызды жеңілдетуге кірісем.
Исабек. Туу, әбден миым ашып кеткен бе... (сағатына қарап.) Енді қайтсем екен, екі сағаттан кейін аэропорттан шет елден келетін қонақтарды қарсы алуым керек екен-ау.
Әнуар. Ойбай-ау, менің бүгін дежурством бар екен ғой. Аурухананың жәйі белгілі, орныңда болмасаң тағы пәле. Мен де кетуім керек...
Гүлжан (басын шайқап, сыбырлап). Не деген сұмдық! Не деген сұмдық! Біздің кесірімізден төменде бір әйел өліп жатыр, ешқайсысыңның онымен істерің жоқ, ешқайсың мойындағыларың келмейді. Тым болмаса барып тізе бүгіп кешірім сұрауға парасаттарың жетпейді! Өлетін адам өлді. Сендер болсаңдар суға батып бара жатқан кеменің көртышқанындай бет-беттеріңе қашасыңдар! О, жаратқан, не боп кеткен! Неткен су жүрек, сұмпайы, ұсақ жандар!
Исабек. Тоқтат енді, өшір үніңді! Сенің сарнауыңды тыңдайтын уақыт жоқ. Ал мен кеттім, өзің біл, жүретін болсаң жинал жылдам.
Иосиф Татаевич. Тише, үрей, үрейден аулақ. Тағы да айтарым: мен қалаға жетісімен жағдайды жеңілдетудің қамына кірісем. Кеттік Исабек, машина төменде күтіп тұр.
Исабек. Гүлжан қимылдасайшы енді тезірек.
Гүлжан. О сұм тағдыр, енді қайттім, сақтаған сыбағаңның түрі осы ма еді?
(Иосиф Татаевич, Исабек, Әнуар, Гүлжан төмен түсе береді.)
Досберген. Бітті. Кеттім! (Солардың ізінше кетеді.)
Алмагүл. Досберген, сен қайда барасың?
Досберген. Менің де, менің де тығыз шаруам бар. (Жүгіре басып кетеді.)
(Пауза)
Алмагүл. Міні, Фудзияманың басында жалғыз біз қалдық... Сабырды сенің сатпағаныңа әлдеқашан көзім жетіп еді... (Пауза.) Бүгін қарашы, мұндай да ауыр күн болады екен-ау...
Мәмбет. Мүмкін мұндай күнсіз, өмірдің де мән-мазмұны тым арзан шығар...
Досберген көрінеді.
Алмагүл. Досберген келе жатыр. Шүкір, бұл да Сабырдан аман екен ғой. Жаратқан, адастыра көрме...
Шымылдық.